Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып табылады. Егер Азаматтық кодесте өзгеше белгіленбесе, бұл тараудың ережелері барлық жеке тұлғаларға қолданылады.
Құқық қатынастарына қатысушылардың азаматтық құқықтары мен міндеттері болады, олар құқық қатынастарының обьектілері деп аталады. Азаматтық кодекстің 1-бабында азаматтық заңдармен реттелетін қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бөліністер болып табылады деп атап көрсетілген.
Азаматтық құқық қатынастарына Қазақстан Республикасының азаматтарымен қоса, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар қатыса алады. Шетелдіктердің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы» 2001 жылғы 10 қарашадағы заң күші бар Жарлығымен белгіленген.
Азаматтық құқық қабілеттілік дегеніміз: Қазақстан республикасы шегінде де, одан тыс жерлерде де мүлікті, соның ішінде шетел валютасын меншіктенуге; мүлікті мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркін шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзі немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бірігіп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәміле жасасып, міндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтің өзге де туындыларына интеллектуалдық меншік құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүліктік және жеке құқықтары болады; өз фамилиясы мен өз есімін, сондай-ақ, қаласа, әкесінің атын қоса, өз атымен құқықтықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асырады. Азаматтық құқық қабілеттілігі шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, тұратын жеріне және т.б. жағдайларға қарамастан Қазақстан Республикасының барлық азматтарына теңдей мойындалады.
Азаматтардың әрекет қабілеттілігі құқық субьектілігің екінші элементі болып табылғандықтан оған төмендегідей анықтама беруге болады. Азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болу және оларды жүзеге асыру, өзі үшін міндеттерді туғызу және оларды орындау қабілеттілігі (азаматтық кодекстің 17-ші бабы). Азаматтың толық әрекет қабілеттіліг кәмелеттік жасқа толғаннан кейін, яғни он сегіз жасқа келген кезден бастап пайда болады. Заң құжаттарында он сегізге толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап, толық көлемінде әрекет қабілеттілігіне ие болады. Азаматтардың әрекет қабілеттілігі дегеніміз азаматтың өзінің іс-қимылымен белгілі бір құқықтарға ие бола алу және сол құқықтарды іске асыра алу және белгілі бір міндеттерді атқару, алып жүре алу қабілеттілігі. Алты жасқа дейінгі балалардың әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылады. Сонымен бірге, жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін азаматты сот әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкін, соған байланысты оған қорғаншылық белгіленеді.