Қазақстандағы мұсылмандық оқу орындары мен ағартушылық қоғамдар



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата13.05.2020
өлшемі211,48 Kb.
#67744
  1   2
Байланысты:
42d327cf6de095518f14e5cae46631d2-1



Қазақстандағы мұсылмандық оқу орындары мен ағартушылық қоғамдар (ХІХ ғ. 

аяғы мен ХХ ғ. басы) 

 

С.О. Смагулова 

 

ХVIII ғасырдан бастап Қазақстан жерінің патша үкіметі тарапынан пәрменді отарлана 

бастауымен  қабылданған  әкімшілік  реформалар  тіл,  дін,  ағарту  салаларына  айтарлықтай 

өзгерістер  алып  келді.  Патша  үкіметі  орыстандыру  саясатын  өте  сақтықпен  жүргізіп, 

халықты  мектеп,  медресе  ашу  және  оған  қазақ  балаларын  тарту  арқылы  қызықтыруға 

тырысты.  Бұл  жаңа  өзгеріске  шынымен  де  бастапқыда  үрке  қараған  жұрттың  бойын 

үйретуде  қылы  сеніміне  кіріп,  оларды  патша  билігіне  қалтықсыз  қызмет  етуге  мойын 

бұрғызды.  Қазақ  даласына  миссионерлерді  жіберу  арқылы  оқу,  оқыту  жүйесін 

орыстандыру саясатын қолға алып, ислам дінін ығыстыруды көздеді.  

Мұсылман  дінінің  құралы  ретіндегі  араб  жазуын  орыс  әліпбиімен  алмастыру  арқылы 

ақырындап  орыс-түзем  мектептерін  енгізу  қолға  алынды.  Сөйтіп,  патша  өкіметі  отарлау 

үрдісі  барысында  ислам  дініндегі  Орта  Азия  мен  Кавказдағы  түркі  халықтарының 

өміріндегі  ықпалын  әлсірете  отырып,  оны  жоюға  тырысты.  Осы  мақсатты 

Н.И.Ильминский,  Н.Н.Остроумов,  А.Васильев,  И.Я.Яковлев  және  т.б.  миссионерлер 

жүзеге асыруға белсене кіріскен. Мәселен, Н.И.Ильминский өзінің миссионерлік әрекетін 

жазған хаттарында айқын келтіреді.  

Патша үкіметі қазақ арасында татар мәдениетінің таралып кетуінен қорықты. Себебі ХІХ 

ғасырдың  аяғында  Қазақстанда  татар  тілінде  басылған  әдебиеттер  кең  таралып, 

медреселерде татар тілінде жазылған оқулықтар көптеп оқытыла бастаған еді. Сондықтан 

Орта  Азия  мен  Қазақстанға  жіберілген  миссионерлерге  жергілікті  халықты  татар 

ықпалынан  арылтуды  міндеттеген  болатын.  Олар  орыс-қазақ  мектептері  арқылы 

мұсылмандар  арасында  христиан  дінін  уағыздауды  қолға  алып,  оқу  бағдарламасына  ар-

найы  дін  сабағын  енгізе  жүргізу  арқылы  жас  баланың  психологиясына  әсер  етуге 

тырысты. 

ХІХ  ғасырдың  ортасында  Қазақстан  территориясында  мұсылман  мектептері  мен 

медреселері  ашыла  бастады.  1870  ж.  16  наурыздағы  ережеге  сәйкес  мұсылман  оқу 

орындарына  қатаң  бақылау  орнатылып,  Н.И.Ильминскийдің  жүйесі  енгізілді.  Бұл  ереже 

бойынша мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту  міндетті  болды және мектеп 

пен  медреселерді  ашуға  орыс  тілді  мұғалімдер  болған  жағдайда  ғана  рұқсат  берілді. 

Ашылған оқу орындарында балаларын оқытқысы келгендер оқу бөлімінен арнайы рұқсат 

куәліктерін алуға тиісті болды.  

1877  жылы  Халық  ағарту  Министрлігі  қазақ,  башқұрт  және  татар  мектептеріне 

тағайындалған  инспекторларға  қатысты  жобаны  бекітіп,  онда  оларға  барлық  дала 

өлкесіндегі  мұсылман  мектеп-медреселерін  бақылау  жүктелінді.  Инспекторлар  өзінің 

қарамағындағы  әр  мектеп-медреселердің  оқу  үрдісі  жөнінде  министрлікке  мәлімдеме 

жазып, есеп беріп отыруға міндетті болды. 

Мұсылман  оқу  орындары  Халық  ағарту  министрлігінің  арнайы  рұқсатымен  ашылды, 

әрі  облыс  генерал-губернаторлардың  бақылауына  алынды.  Мәселен,  Жетісу  облыстық 

әскери  губернаторы  өз  қарамағындағы  барлық  уезд  басшыларына  мұсылман 

медреселерінде жиі қадағалауды талап еткен хат жолдаған [1]. Осының нәтижесінде 1879 




жылы  Қапал  уезінің  басшысынан  уездегі  екі  мұсылман  мектебінде  оқу  ережеге  сай 

оқылмай, орыстарға қарсы үгіт жұмыстары жүргізілетіні айтылған хабарлама түскен [2].  

Патша  үкіметі  шет  аймақтарды  саяси-экономикалық  түрде  отарлауды  «идеологиялық 

түрде  игеру»  жұмыстарын  жүргізу  арқылы  жүзеге  асыру  қажет  деп  шешті.  Ол  үшін 

Ильминскийдің  оқу-білім  жүйесі,  дін  арқылы  бірте-бірте  орыстандыру  саясатын 

қолдануға  болатындығын  түсінді.  Сонымен  қатар  бір  жағынан  мұсылман  халықтарына 

христиан дінін қабылдатуда мұсылман мектептерін пайдаланудан артық нәрсе жоқтығын, 

бұл істе татарларды қолдану аса тиімді екендігін білді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу 

арқылы  Ішкі  Ресейдегі  татарлар  православия  дініне  тартылып,  шоқындырылып,  аты-

жөндері  орысша  өзгертіліп,  оларға  шет  аймақтардан  әкімшілік  қызметтер  ұсынылды 

немесе  әдейі  оқытушы  ретінде  Халық  ағарту  министрлігінің  қарамағындағы  мұсылман 

оқу орындарына жіберілді.  

Түркістан  генерал-губернаторы  К.П.  фон  Кауфман  түземдік  мектептер  ашу  мәселесін 

қолға  алып,  онда  дәріс  беретін  оқытушыларды  даярлау  үшін  1879  жылы  Ташкент 

қаласында  мұғалімдер  семинариясын  ашып,  оған  орыс  балаларымен  қатар  қазақ 

балаларын да қабылдады. 

Патша  үкіметінің  қатаң  бақылауына  қарамастан  Дала  облыстарында  мұсылмандық 

білім  беру  жүйесі  бойынша  білім  алып  жатқандардың  қатары  жылдан-жылға  көбейді. 

Мәселен,  1886  жылы  Жетісу  облыстық  әскери-губернаторына  келіп  түскен  толық  емес 

материалдарға қарағанда облыста 7909 бала (6157 ұл, 1752 қыз) мұсылманша білім алған. 

Бұл балаларға 361 молда қызмет еткен [3, 160 б.].  

Ауылды жерлердегі мектептер көшіп жүргендіктен сабақ жаз айларында киіз үйлерде, 

ал  қыста  жер  үйлерде  оқытылған.  Оқу  мерзімі  5-8  жылға  созылып,  8  бен  17  жас 

аралығындағы  балалар  дәріс  алған.  Бұл  оқу  орындарындағы  басты  пән  құранды  жатқа 

үйрету болғандықтан «Иман шарт», «Шариғат ул иман» сияқты діни кітаптар оқытылды. 

Сонымен қатар көрсетілген мерзім аралығында шәкірттер жазуды, оқуды, есеп шығаруды 

меңгеруге тиісті болды. 

Ауылдық  мектептердің  халық  көп  орналасқан  елді-мекендегі  (қалалық)  мектептерден 

айырмашылығы  болды.  Ауылды  жердегі  мектептердегі  шәкірттердің  саны  10-12  ғана, 

тіпті  одан  да  аз  болып,  оларға  жергілікті  молда  дәріс  беретін  болса,  ал  қалалық 

мектептерде  50-60-тай  бала  оқып,  оларды  Ішкі  Ресейден  келген  татар  және  башқұрт 

молдалары оқытқан.  

Мұсылман  мектептері  оқу  орындарының  бастапқы  сатысы  болды.  Бас-  тауыш 

мектептен  білім  алған  балалар  оқуларын  медреседе  жалғастыра  алды.  Медреселерде  ірі 

Бұқара, Стамбұл, Қазан, Уфа, Қазан, Орынбор, Троцкі, Омбы сияқты ірі қалалардан оқып 

келген оқытушылар дәріс берді. Шәкірттерге араб тілі, дін, риторика, шығыс әдебиетімен 

қатар физика, химия, астрономия, ботаника, алгебра, геометрия сияқты пәндер тереңдете 

оқытылды [4, 54 б.].  

Медреселерде  ересек  балалар  оқыған  және  олар  емтихансыз  қабылдан-  ған.  Оқу 

қыркүйек айында басталып, мамыр айында аяқталды. Сабақтар аптасына 3-4 рет өткізілді, 

ал  қалған  күндері  шәкірттер  жеке  дайындалуға  тиіс  болды.  Ораза  кезінде  медреседегі 

сабақтар  бір  айға  тоқтатылды.  Жазғы  демалыс  уақытында  шәкірттер  үйлеріне  қайтып, 

ауыл балаларын оқытумен айналысқан.  

Ауылды  жерлердегі  мектептерде  қандай  да  бір  сауаты  бар  адамдар  дәріс  беріп,  оқу 

ақысын өздері белгілеген. Әр шәкірт оқу мерзімі аяқталғанға дейін мұғаліміне (молдаға – 

С.С.)  1-2  сомнан  ақы  төлеуге  тиіс  болды.  Көбіне  мектептерде  кедейлердің  балалары 

оқығандықтан молдаға оқу ақысын қарызға алып немесе оған жұмыс істеумен өтеген. Көп 

жағдайда оқу ақысы мал беру арқылы төленген. 




Түркістан  өлкесінде  генерал-губернаторлықтың  құрылуына  байланысты  мектеп-

медреселердегі  оқытушылар  қатаң  бақылауға  алынып,  оқу  ақысы  1893  ж.  1  наурыздағы 

бұйрық  бойынша  белгіленді.  Заң  бойынша  оқу  мерзімінде  бастауыш  мектептердің  әр 

шәкірті 3 сом 50 тиыннан, ал жоғарғы мектептің шәкірттері 7 сом ақы төлеуі тиіс болды. 

Оқуға  төленген  ақша  әкімшілік  тарапынан  тіркеуге  алынып,  жергілікті  басқарма 

штаттарын көбейтуге және өлкедегі мұсылман оқу орындарын тіркеуге жұмсалынды.  Ал 

мектептердің оқытушыларының алатын ақысы үкімет тарапынан белгіленді [5].  

Әр  облыс  генерал-губернаторларына  нақты  діни  орындар  мен  мұсылман  мектептерін 

анықтау  тапсырылды.  Мәселен,  1884  жылы  Түркістан  өлкесінің  генерал-губернаторы 

Н.О.Розенбах  облыста  нақты  қанша  мұсылман  мек  тептері  барлығын  анықтау  үшін 

арнайы  комиссия  құрып,  оларға  осы  мектептерді  бақылауға  алуды  жүктесе  [6],  ал  1887 

жылы  ол  министрлікке  мұсылман  оқу  орындары  үшін  Қазан  немесе  Орынбор 

округтеріндегідей инспекторлар тағайындау жөнінде ұсыныс түсірген [7].  

Нәтижесінде 1890 жылы Түркістан өлкесінің мұсылман мектептеріне арнайы инспектор 

тағайындалды.  Оқу  инспекторлары  облыс  генерал-губернаторына  және  Халық  ағарту 

министрлігіне жиі-жиі өз қарамағындағы мұсылман мектеп-медреселерінің жайы жөнінде 

мәлімдеме  жасап  тұрған.  Көп  жағдайда  мұсылман  оқу  орындарында  оқу  жүйесі  жиі-жиі 

бұзылып, орыс тілі сабағы оқытылмай, тек мұсылман дін және мұсылман жазу сабақтары 

өткізілген.  1887  жылы  қарашада  Ішкі  Орда  инспекторы  А.Е.Алекторов  50  оқушысы  бар 

қазақ мектептерін аралаған кезінде осы жәйтті анықтаған [8, 83-84 б.].  

ХІХ  ғасырдың  90-жылдарына  қарай  мұсылман  оқу  орындарының  саны  өсе  бастады.  Н. 

Сәбитовтің көрсетуінше, Жетісу болысында 1891 жылы 64 мектеп пен медреселерде 1251 

шәкірттер  болса,  ал  1895  жылы  74  мектеп-медреселерде  9086  шәкірт,  1897  жылы  88 

мектеп-медреселерде  12835  шәкірт  оқыған.  Ал  Сырдария  облысында  1892  жылы  1497 

мектеп пен 35 медреселерінің 20082 шәкірті, 1895 жылы 2409 мектеп пен медреселердің 

28898 шәкірті болған [9, 16–17 б.]. 

Мұсылман  мектептері  мен  медреселерін  Орынбор  мүфтилігі  де  тікелей  қадағалап 

отырды.  Мүфтилік  жоғарғы  билік  орындарына  арнайы  оқу  құралдары  мен  мұсылман 

әдебиеттерін  шығару  және  мұсылман  оқу  орындарын  осы  құралдармен  қамтамасыз  ету 

жөнінде  ұсыныстар  түсірді.  Сондай-ақ,  осы  оқу  орындарына  мұсылман  балаларын  тарту 

іс-шараларын ұйымдастырды.  

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасында жәдитшілдік 

қозғалыс  барысы  жандана  түсті.  Бастапқыда  Қырым,  Еділ  бойы  татарларының  арасында 

қалыптасқан  бұл  қозғалыс  кейіннен  Орта  Азиядағы  барлық  түркі  халықтары  арасында 

жалғасын  тапты.  Жәдидшілдіктің  ірі  өкілдері  И.Гаспралы,  Ш.Маржани,  А.Ибрагимов, 

М.Абдурашидханов,  М.Бехбуди,  Ф.Ходжаев,  т.б.  қоғамдық  өмірдегі  рухани 

тоқыраушылықты  сынға  алды  және  өздерінің  ағартушылық  бағыттағы  күрес  барысын 

патша өкіметінің отарлық  саясатына қарсы бағыттады. Жәдидтік қозғалыстың жандануы 

«жаңа әдісті»  мұсылмандық  медресе, мектептердің көптеп ашылуына алып келді.  «Жаңа 

әдісті»  жақтаушылар  жаңа  оқу  бағдарламасына  география,  тарих,  есеп,  жаратылыстану, 

орыс тілі сияқты пәндерді енгізуді қажет деп тапты. Жалпы, жәдидшілер «еуропалық оқу 

жүйесін»  оқытуды  қалады.  Бұл  «еуропалық  оқу  жүйесінің»  жобасын  ХІХ  ғасырдың 

соңында  Санкт-Петербург  университетінің  Шығыстану  факультетінің  оқытушысы 

Хұсайын  Файызханов  ұсынған  болатын.  Ол  жобасында  татарлардың  арасында  бұл  оқу 

жүйесіне  қарсылық  туындамас  үшін  шариат  сабағы  мен  араб  тілін  де  оқытуды  қалдыру 

мәселесін қойды.  

Х.Файзхановтың  жобасы  бойынша  медресе  10  сыныпты  (класты  –  С.С.)  болып, 

бастапқы  үш  сыныбында  барлық  оқушылар  түрік,  парсы,  араб,  орыс  тілдерімен  қатар 

география, геометрия, каллиграфия мен оқу мәнері сабақтарын өтуге тиіс болды. Одан әрі 

бұл  кластар  екі  топқа  бөлініп,  оның  біріншісінде  діни  сабақтармен  қоса  әдебиет, 

дүниетаным,  математика,  астрономия,  және  медицинаны  оқып,  меңгерген  дін 



қызметкерлері, ал екінші топта арнайы университете оқуын жалғастыруды көздейтіндерді 

даярлау көзделінді. Сонымен қатар медресе қазына және жеке азаматтардың есептерінен 

қаржыландырылады деп көрсетілді [10, 199 б.].  

ХІХ  ғасырдың  соңында  бұл  жоба  татар  медреселерінде  кеңінен  қолданылды  және 

Қазақстанда  ашылған  мұсылман  оқу  орындары  да  осы  жоба  тәртібіне  бағындырылды. 

Жәдидтік қозғалыстың көш басшыларының бірі Исмағұл Гаспринский оқу орындарында 

діни  сабақтармен  қатар,  жағрафия,  математика,  тарих,  биология  сияқты  пәндердің  аса 

қажеттігін  дәлелдей  отырып,  ескі  қадімшілдіктен  жаңа  жәдидшілдікке  көшуді  ұсынып, 

«Тәржіман»  газеті  арқылы  осы  жолды  насихаттады.  Ол  өз  идеясын  Ресейдегі  түркі 

халықтарының арасында таратып, жәдидшілдік қозғалыстың жандануына үлес қосты. 

Жәдидшілердің бұл пікірлері Түркістан өлкесіне кең тарап, қолдаушылыққа ие болды. 

«Жаңа  әдіспен»  оқытуға  қарсы  келушілер  қадімше  (ескіше)  оқытуды  жақтап,  түрлі 

жолдармен  күресіп  бақты.  Мәселен,  1911  жылы  Жұмағали  Арыстанов  «жаңа  әдістің» 

мұсылман  оқуына  қолданылуының  мүлде  қателігін,  бұл  бағытты  жақтаушыларды  ислам 

дінінен кері кетушілер деп кінәлаған  «Раддия» деген арнайы кітап шығарды [11, 215 б.]. 

Науан хазірет 1914 жылы Көкшетауда қыркүйек айында өткен жәрмеңкеде «жаңа әдісті» 

мұғалімдерге балаларын бермеуге үгіттеген [12, 125 б.].  

ХХ  ғасыр  басында  мұсылман  мектептері  мен  медреселеріндегі  оқу  жоспары, 

бағдарламалары жаңаша әдіспен қайтадан жасалып, жаңа оқу құралдары дайындалды. Оқу 

мерзімі  алты  жылға  белгіленіп,  жаңа  оқу  бағдарламасы  «Алты  жылдық  ибтидаия 

бағдарламасы»  деп  аталды.  Бұл  бағдарламада  мақсаты  мен  міндеттері  айқын  көрсетіліп, 

оқыту әдістемесі мынадай алты шарты белгіленді:  

1.  Мақсаты:  дінді,  көркем  халықты,  Отан  сүйгіштікті,  Отан  пайдасы  үшін  Отан 

балаларын жетілдіру (тәрбиелеу).  

2. Рухы: Отан және ұлтымызға һәм махаббат.  

3.  Беретін  мағлұматы:  тұрмыста  тәуелсіз  қарекет  ете  алу,  түрлі,  күнделікті  мәселелер 

алдында  абдырап  қалмау,  өзінің  ахуалы  мен  мұқтажының  талабына  жарата  аларлық, 

шетке шыққанда, өзін тәрбие айтып, алып кетерлік бір білімі ақтар.  

4. Оқылатын пәндер: 1. Дін. 2. Ана тілі. 3. Есеп. 4.  Орыс тілі. 5. Жағрафия.6. Табиғат 

тану. 7. Ұлт тарихы. 8. Отан тарихы. 9. Ашкал және рәсім. 10. Күй. 11. Гимнастика.  

5. Түйіні: тәуелсіздік (мустақилық).  

6. Оқу мерзімі – 6 жыл [13, 19 б.].  

Бұл  мұсылман  мектептері  мен  медреселері  қазына  мен  жергілікті  жердегі 

құрылтайшылардың есебінен қаржыланып отырды [9, 39 б.].  

Қазақстан  мен  Орта  Азияда  «жаңа  әдістегі»  мектептер  мен  медреселер  90-шы  жылдары 

ашыла  бастады.  Бастапқы  кезде  мұсылман  медреселері  Орынбор,  Омбы,  Троицкі, 

Ташкент,  Бұқара,  Түркістан  сияқты  ірі  қалаларда  ашылып,  қазақ  балалары  осы  оқу 

орындарында білім алды. 

1890  жылы  Орынборда  ағайынды  Хұсайыновтардың  қолдауымен  жаңа  әдістегі 

«Хұсайния»  медресесі  ашылып,  бастапқы  кезде  бұл  оқу  орны  ағайынды 

Хұсайыновтардың  сауда  фирмаларында  жұмыс  істейтін  қызметкерлерді  даярлауды 

көздесе,  кейінірек  «жаңа  әдісті»  мектептер  мен  медреселерге  оқытушы  даярлау  ісіне 

көшті.  1906-1907  жылы  медреседе  тригонометрия,  физика,  химия,  психология,  логика, 

гигена  және  медициналық  білім,  саяси  экономия,  сауда  ісі  және  бухгалтерия  сияқты 

пәндер оқытылды [14, 33–34 б.].  

«Айқап»  журналына  қырғыз  зиялысы  И.Арабаев  жариялаған  мақаласында:  «Медресе 

Хұсайния» дұрысында адамды жақсы заманға лайық білім беретұғын бір медресе. Мұнда 

Бұхарадан  он  жыл,  жиырма  жыл  жатып  ала  алмаған  араб  тілі  ғылымынан  артық  ғылым 

алынады. Хәмда Русияның гимназиясы секілді орта мектептерде оқыған бірқатар өнерлер 



мұнда  оқытылады.  Біздің  туземный  школдағы  7-8  жыл  оқыған  балалар  қатары  орыс  ша 

білім алып шығады»,  – деп келтіріле отырылып, қазақ-қырғыз балаларын  осы медреседе 

оқуға шақырған [15, 17 б.].  

«Хұсайния»  медресесінде  де,  Троицкіде  ашылған  «Расулия»  медресесінде  де  қазақ 

балалары  оқыған.  Олардың  бұл  аталмыш  оқу  орындарында  оқуына  қазақ-татар  байлары 

көмектесіп  отырды.  1912  жылғы  «Айқап»  журналының  12  санында  «Хусайния» 

медресенің шәкірті Садық Аблановтың медреседе оқуға ақшалай жәрдем көрсеткен татар 

және қазақ азаматтарына ризашылығын білдірген хаты жарияланды [16, 276 б.].  

1906  жылы  ашылған  Уфадағы  «Ғалия»  медресесі  де  қазақ  балаларының  оқитын 

орындарының  біріне  айналды.  Ол  жоғары  мұсылман  оқу  орны  ретінде  татар,  башқұрт 

және  Ресейдегі  басқа  мұсылман  халықтарын  ағарту  салаендер  сынақ  тапсыру  жолымен 

қабылданған. Төменгі басқыш «ибтидаияда» үш жыл, орта «рушдияда» үш жыл, жоғарғы 

«Ғалияда» алты жыл, жиыны он екі жыл оқыған.  

«Ғалияда»  ислам  діні  сабағымен  қатар  алгебра,  геометрия,  физика,  химия,  тарих, 

география, жаратылыстану, орыс тілі, татар тілі мен әдебиеті, педагогика мен гигиенаны 

оқыту  жақсы  жолға  қойылды.  Дін  ғылымдары  өмірге  байланысты  қисындап  ойлау, 

әңгімелесу  түрінде  оқытылды.  Түркі  тілдерінде  дайын  оқулықтар  болмағандықтан  араб, 

түрік, орыс тілдеріндегі көмекші құралдар кең түрде пайдаланылды. 

Медресенің  жақсы  жабдықталған  физика,  химия  кабинеттері,  бай  кітап-  ханасынан 

әрбір  шәкірт  ғылыми  және  көпшілік  кітаптармен  қатар  татар,  орыс,  араб  және  түрік 

тілдерінде  шыққан  газет-журналдарды  оқи  алды.  «Ғалия»  медресесі  басқа  көп 

медреселерден  оқу  үрдісінің  әлдеқайда  жоғары  болғандығымен  ғана  емес,  шәкірттер 

ортасында еркін ойдың күші басым болуымен көзге түскен. Айтыс-тартыс, лекция, әдеби 

кештер  жиі-  жиі  ұйымдастырылып,  татар,  қазақ,  өзбек  тілдерінде  қолжазба  журналдар 

шығарылып  тұрды.  Сонымен  қатар  медреседе  шет  мемелекеттерде  білім  алған 

Сейдшариф  Жиганшин,  Ғабдолла  Шонаси,  Хабиболла  Зайни,  Махмұд  Сатай,  Ғабдолла 

Фахри, Зәкір Қадри және т.б. оқытушылар дәріс берді.  

1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте 

оқу» атты қазақша оқу кітабы жарық көрді. Осы жылы  «Ғалиядағы» қазақ шәкірттерінің 

көмегімен Ғұмар Қараштың «Өрнек» атты кітапбы басылып шықты [17, 236 б.].  

1913–1914  жылдары  медреседе  оқыған  қазақ  жастары  «Садақ»  атты  қолжазба  журнал 

шығарған.  Журналға  шәкірттердің  роман,  әңгіме,  ертегі,  өлеңдері,  ескі  билердің  сөздері 

мен  ішкі,  сыртқы  хабарлар,  түрлі  мақал-  мәтелдер  мен  жұмбақтар  басылып  отырды. 

Медресе  шәкірттері  «Айқап»  журналы  мен  «Қазақ»  газетіне  де  түрлі  тақырыптарда 

мақалаларын,  хабарламаларын  жариялаған.  1906-1916  жылдар  аралығында  «Ғалия» 

медресесінен ғалым Т.Кәкішев көрсеткендей, жалпы 950 адам білім алып шыққан [18, 61–

62 б.].  

1913 жылы «Ғалия» медресесінде қазақтың елу шамалы талапкерлері оқыған. Бұлардың 

арасында  онбір  жасар  балалар  да  болды.  «Айқап»  журналына  жарияланған  Зәкір 

Ғайсиннің «Медресе Ғалияда қазақ шәкірттері» атты мақаласында: «Русиядағы мұсылман 

медреселерінен  ең  бірінші  болған  медресе  «Ғалияда»  қазақ  оқушыларының  жылдан-

жылға  көбеюі  иншалла  халқымыздың  ғылым  нұрыменен  нұрланып,  рухтың  көтерілуіне 

себеп  болар  деп  шын  көңілімізден  қуанамыз.  Бұл  шәкірттердің  ішінде  байларымыздың 

арқасында  оқып  жүрген  бірлі-жарымды  шәкірттер  де  бар.  Мысалы,  Қапалдағы 

Мамановтар  үш  шәкіртті,  Семейдегі  Яхи  қажы  бір  шәкірт  оқытып  жатыр.  Басқа 

жерлерден  де  осындай  аздап  оқушыларға  жәрдем  еткен  мырзалар  естіледі.  Міне,  бұлар 

қазақ халқының бұрынғы қалпынан әжептәуір өзгергенін көрсетеді», – деп келтірілді [19, 

98 б.].  

1916 жылы медреседе Торғай облысынан Сұлтан Шоқаев, Ғұмырғали Наизин, Досғали 

Есентаев, Әлмұхамед Жүндібаев оқыған [20]. Бұл медреседен қазақтың алдыңғы қатарлы 

зиялылары  Ж.Тілепбергенов,  М.Жұмабаев,  Б.Майлин,  Т.Жомартбаев,  Б.Серкебаев, 



барлығы  50-ден  астам  азаматтар  білім  алған.  «Ғалия»  медресесінде  оқыған  қазақ 

шәкірттері  жиі-жиі  бас  қосып,  мұқтаж  шәкірттерге  көмек  көрсету,  ағарту  мәселелері 

жөнінде ақылдасып отырды.  

Троицкідегі «Расулия» медресесінде Торғай, Семей, Ақмола, Орал облыстарының қазақ 

балалары  білім  алды.  1916  жылы  қазандағы  мәлімет  бойынша  бұл  медреседе  Торғай 

облысынан  Е.Елшібаев,  Қ.Темірболатов,  Қ.Юзкеев,  Н.Тәжінов,  Ж.Сатмұхаметов, 

А.Егізбаев,  Ғ.Уәлиев,  М.Уәлиев,  М.Нұрфаизов,  Б.Ишмұхаметов,  Семей  облысынан 

Р.Мүсірепов,  Ы.Наурызбаев,  С.Қалиев,  С.Маттыбаев,  С.Сыздықов,  А.Естемесов, 

Ж.Егінбаев,  Орал  облысынан  М.Мұхаметжанов,  Ақмола  облысынан  М.Танатов, 

Ф.Сұрағанов сынды қазақ жастары оқыған [21].  

Қазақстанда  атап  айтқанда,  Верныйда  Ғабдулвалиевтер,  Ақсуда  «Мамания»,  Қапалда 

«Якобия»,  Зайсанда  «Қазақия»  және  «Ғизатия»,  Қарғалыда  «Әмирия»  және  тағы  басқа 

медреселер  ашылды.  Бұл  оқу  орындарының  шәкірттері  жылдан-жылға  көбейіп  отырған. 

Қарғалыдағы «Әмирия» мед- ресесінде 1912 жылы 150-ден артық бала дәріс алды [22, 311 

б.].  

«Мамания»  медресесі  1899  жылы  Ақсуда  бой  көтерді.  Бұл  медресенің  ашылуына  сол 



өңірдің  зиялысы  Маман  Қалқабайұлы  мен  оның  балалары  мұрындық  болды.  Бастапқы 

кезде медреседегі оқу араб жазуы негізінде діни бағытта ғана оқытылды. Ал 1904 жылдан 

бастап  Сейітбаттал  мен  Есенғұл  Тұрысбековтер  медресені  жаңа  әдісті  оқу  орны  ретінде 

қайта  құрып,  қажетті  мектеп  жабдықтарымен  қамтамасыз  етіп  отырған.  «Мамания» 

медресесі заңды түрде 1912 жылы ғана тіркелген.  

«Мамания»  медресесінде  Каир  университетінің  түлегі  Ғабдолғазиз  Мұсағалиев, 

Стамбұлдағы  Дін  оқуын  бітіріп  келген  Файзырахман  Жаһангеров,  Уфадағы  «Ғалия» 

медресесінің  түлектері  М.  және  Ф.Есенгелдиндер,  ұстаз  Мұстақым  Малдыбаев,  әнші 

Майра Уәлиқызы, қазақ зиялыларының бірі Барлыбек Сырттанов ұстаздық еткен.  

Медреседегі  дәріс  барысы  «Ғалия»  медресесінің  оқу  бағдарламасы  негізінде 

жүргізілген.  Оқу  жоспары  бойынша  1-ші  және  5  сынып  (класс)  аралығында  қазақ  тілі, 

есеп, иман шарт, құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағырапия, зоология, ислам діні 

тарихы,  татар  тарихы  және  хадис  сабақтары  оқытылды.  «Мамания»  медресесін  оқып 

шыққандар кейіннен Уфа, Орынбор сияқты ірі қалаларда оқуларын жалғастырған.  

Жетісу  облысындағы  мұсылман  мектептері  туралы  мәліметте  Қапал  қаласында  ашылған 

«Якобия»  медресесінің  арнайы  рұқсаты  болмаған.  Бұл  медреседе  Орынбордағы 

«Хұсайнияның»  үш  бөлімін  оқыған  Рақымжан  Атанбаев  пен  Қапалдың  мұсылман 

мектебін  бітірген  Хафиз  Қадыров  дәріс  берді.  Бұл  екі  оқытушының  да  мектеп-

медреселерге сабақ беруге арнайы рұқсат куәлігі болмаған. 

«Якобия» медресесінің 4 бөлімі (сыныбы – С.С.) болып, ер балаларды оқытты, алайда 

арнайы  бекітілген  оқу  бағдарламасы  болмады.  1-ші  бөлімде  құранды  оқуға  үйрететін 

«Мұхтахаб-әліппе»  мен  бастапқы  оқуға  үйрететін  «Карағат  Иптидаия»  кітаптары,  2-ші 

бөлімде аталмыш екі  кітаптың 2-ші  бөлімдері, арифметика, Бидаят  – Ислам, Вертер мен 

Тихомировтың  бастапқы  сурет  салу  курсы  оқулықтары  оқытылды.  3-ші  және  4-ші 

бөлімдердегі  оқу  бағдарламасы  жоғарғы  екі  бөлімдерге  қарағанда  күрделілірек  болды. 

Онда  түрік  оқуы,  арифметика,  Евтушевский,  Гильмихальдың  есеп  кітаптары,  география, 

ислам  тарихы  (Тарих-Амбия),  Ғаббасов  арифметикасы,  Сафи-  Түрк  грамматикасы, 

оқытылды.  Бұл  оқулықтар  1909-10  жылдары  Қазан  қаласындағы  Сабақ,  Мағариф,  Юл, 

Каримов баспаханаларынан басылып шықты.  

Қапалдағы  рұқсатсыз  ашылған  мұсылман  әйелдерінің  «Сынып»  мектебіндегі 

мұсылманша  дәрісті  Гүлписа  Атнабаева  оқытса,  ал  орыс  тілінен  Наталья  Усова  берген. 

Олардың  біріншісінің  оқытуға  арнайы  рұқсат  куәлігі  болмаса,  ал  Н.Усованың  халық 

училищесінің  инспекторынан  рұқсат  куәлігі  болды.  Бұл  мектеп  те  4  бөлімде  оқытты. 

Медресенің  нақты  оқу  бағдарламасы  болмағандықтан  «Якобия»  медресесінің 




бағдарламасына  сүйеніп,  олардың  оқытып  отырған  оқулықтарын  қолданды  [23,  135-136 

б.].  


Зайсандағы  медресе  алты  сыныпты  болды.  Бірі  тахзили,  төртеуі  ибти-  даия,  біреуі 

рамди.  Бұл  сыныптарға  үш  мұғалім  дәріс  берді.  1911-12  жылдары  медреседе  жүзден  аса 

шәкірт оқыды [24, 314 б.].  

Аталмыш медреселердің оқу бағдарламасында қазақ тілі мен тарих пәнін оқыту мәселесі 

қойылды. Мәселен,  «Шамсия» медресесінде тарих сабағы екі  бағытта жүргізілген. Оның 

бірі  дін  тарихы  да,  екіншісі  түркі  халықтарының  тарихы.  Оқу  жоспары  бойынша  бұл 

пәндер  жоғары  деңгейде,  жүйелі  түрде  оқытылды.  Мысалы,  дін  тарихы  бойынша 

бастапқы  білім  екінші  сыныпта  ислам  дінінің  ұлы  пайғамбарлары  туралы  оқытылса, 

үшінші  және  төртінші  сыныптарда  ислам  дінінің  таралу  дәуірі,  араб  халифаттарының 

гүлдену кезеңдері, ислам мемлекеті туралы баяндалды. 

Түркілер  тарихы  пәнін  оқыту  үшінші  сыныпта  басталған.  Алдымен  түркі  тілдес 

халықтар  туралы,  олардың  мәдениеті,  шаруашылығы,  діні,  әдет-  ғұрыптары,  ертедегі 

мемлекеттері  туралы  баяндалса,  соңғы  сыныпта  түркілердің  ұлы  мемлекеттері,  Шыңғыс 

хан  дәуіріндегі  түркілер,  Алтын  Орда,  Ақ  Орда,  Ноғай,  Қырым,  Қазан  хандықтарының 

тарихымен таныстырды [13, 20 б.].  

«Шәмсия»  медресесіндегі  оқу  ісі  жоғары  сапада  болып,  оқытылатын  оқу  құралдары 

Қазан,  Орынбор  қалаларының  баспаларынан  алдырылды  және  оқу  аяқтаған  шәкіртке 

арнайы куәлік берілді.  

Зайсандағы «Қазақия» медресесінің 5-6 бөлмесі болып, оның бірі намаз оқуға арналса, 

екі бөлмесінде балаларға дәріс оқытылды. Мұғалімдерге арналған екі бөлменің бірі жатын 

орын болса, ал екіншісінде ас пісірілді. Медресеге Зайсанның Фадахмет Букин, Сүлеймен 

Мергенбаев, Қыстаубай Қыдырәлі  және тағы басқа саудагерлері  көмек көрсетіп отырды. 

Жалпы,  медресені  басқарушы  және  құрылтайшылары  имам  Әбдірахман  Сафарнадиев 

және оның туыстары болды.  

«Қазақияға»  шетелден  және  Ресейден  арнайы  газет-журналдар  алдырылды. 

Мұғалімдікке  бұрындары  татар  молдаларын  ұстаса,  1913  жылы  Уфадағы  «Ғалия» 

медресесін  бітірген  арнайы  екі  қазақ  оқытушысы  шақыртылды.  Оларға  жылына  500  сом 

ақы төленіп отырған. Медреседе 70-тей бала білім алды [25, 65-66 б.].  

Қазақстанның мұсылман мектеп-медреселерінің оқытушыларының көпшілігі Орынбор, 

Троицкі  қалаларынан  білім  алған  татарлар  болғандықтан.  бұл  оқу  орындарында  татар 

тілінде  жазылған  оқулықтар  кең  пайдаланылды.  Мәселен,  Верныйдағы  Ғабдулвалиевтер 

медресесінде  Е.Ұбайдулиннің  «Татар  тарихы»  оқулығы  оқытылған.  Бұл  оқулықтың  І-IV 

бөлімдерінде түркі тілдес халықтардың тарихы баяндалды. Айтап айтсақ, түркі халқының 

бұрынғы бабалары, тұрмысы, бұрынғы түркі тайпалары, бірінші түркі мемлекетінің пайда 

болуы, көне ескерткіштер, діні, жазуы, түркілердің Шығыс Еуропада пайда болуы, ғұндар, 

Атилла және тағы басқалар.  

Мұсылман-мектеп  медреселерде  1912  жылы  татар  тілінде  жарық  көрген  З.Уәлидің 

«Түркі-татар  тарихы»  оқулығы  да  оқытылған.  Кітаптың  жарыққа  шығуын  сол  кездегі 

зиялы қауым өкілдері қуанышпен қарсы алды. Татар зиялысы Жүсіп Ақшора оқулықтың 

аса  маңыздылығын  Стамбұлда  шығып  тұрған  «Түрік  жұрты»  журналына  жариялаған 

мақаласында атап өткен. 

Қазақ балаларына арналған оқулықтар Қазан баспаханаларында бастырылды. Мәселен, 

1892  жылы  «Қазақтарға  (қырғыздарға  –  С.С)  арналған  әліппе»,  1901  жылы 

А.С.Алекторовтың  «Орыс-қазақ  тілашары»,  1910  жылы  «Қысқаша  орыс-қазақ  сөздігі», 

«Қазақ балалары үшін орыс тілінің алғашқы оқулығы» және басқа оқу кітаптары шыққан. 

Бұл  оқу  құралдары  кемшіліксіз  болмады.  Оның  басты  себебін  көрнекті  журналист 

М.Сералин  өзге  халықтардың  жазуынан  деп  көрсетті.  «Айқап»  журналына  жариялаған 



«Қазаққа  тарих  керек  пе?»  деп  аталатын  мақаласында:  «Ол  кітаптардың  жазушылары 

көбірек  орыс  ғалымдары.  Олардың  біздің  туралы  жазған  сөздері  әліпте  біздер  үшін, 

әсіресе қазақ үшін онша көңілге қонымды болып шықпайды», – деп жазған болатын [26, 

162 б.].  

«Айқап»  журналы  арқылы  қазақ  зиялыларының  бірі  Мұстақым  Малдыбаев 

Қазақстандағы  мұсылман  мектеп-медреселерінің  оқу  тілі  қалай  болу  керек  мәселесі 

жайында мынадай үш сауал төңірегінде пікір алмасуға да шақырды:  

1. Қазақтарды ағарту үшін ноғай газет, журналдары жарай ма? Оларға қазақ көпшілігі 

түсіне ме?  

2.  Қазақ  балаларын  ноғай  мектептерінде  оқытатұғын  кітаптармен  оқыту  лайық  па? 

Қазақ тілінде жазылған кітаптар пайдаланыла ма?  

3. Түрік тұқымдары түрік тілінде газет, кітап жазсақ бір-бірімізден алыс- тап кетпеспіз 

бе?  

М.Малдыбаевтың  бұл  сауалдарына  мұсылман  медресесінде  дәріс  берген  мұғалімнің 



жауабында  ағарту  саласында  қазақ  тілінде  жазылған  кітаптардың  жоқтығынан  «Татар 

әдебиеті»,  «Татар  матбуғатын»  амалсыз  оқытып  жатқандықтарын,  қазақ  балалары 

бастапқы  кезде  татар  тілін  түсінбесе  де  оқи-оқи  бұл  кітаптаптарды  да  меңгеріп 

кететіндіктерін,  қазақ  тілінде  жазылған  кітаптар  болса  құп  көретіндігін  айта  келе,  сол 

кітаптарды  жазатын  қазақ  оқытушыларын  даярлау  турасында  ұсынысын  білдіреді  [27, 

160-161 бб.].  

Қазақ  даласында  көп  жағдайларда  медреселер  мешіттің  жанынан  ашылды  және 

медреселерде  оқитын  шәкірттердің  есебінен  қаржыландырылды.  Кейбір  қалалардағы 

медреселерге  сол  қаланың  ауқатты  байлары  мен  азаматтары  қаржылай  көмек  көрсетіп 

отырды.  Медресенің  кірісі  мен  шығысын  есептеп  отыратын  арнайы  қаржы  қызметкері 

болған.  Мәселен,  1883  жылы  Верный  қаласында  ашылған  Ысқақ  Ғабдулвалиевтің 

медресесін,  оның  өзі  мен  балалары  қаржыландырып,  ақшаның  қайда  жұмсалатындығы 

жөнінде татар З.Тазетдинов айналысып, әр ай сайын есеп беріп отырған. 

Көп  жағдайда  медреселерді  қаржы  тапшылығы  қинады.  Сол  себептен  кейбір 

медреселер  оқу  үрдісін  тоқтатуға  мәжбүр  болған.  1912  жылы  Семей  облысы  Павлодар 

уезіндегі  Баянауыл  қаласындағы  мешіт  жанынан  ашылған  медресе  қаржының 

жоқтығынан шәкірттер жинай алмаған [28, 13 б.].  

Мұсылманша  оқитын  оқушылардың  саны  жыл  сайын  артып  отырды.  Патша 

шенеуніктері  панисламшылдық  пен  пантүрікшілдікті  насихаттауы  мүмкін  деген 

қорқынышпен  жаңа  әдісті  мектептердің  оқу  жүйесіне  енгізілгеніне  қарсы  болды. 

Сондықтан  мұсылман  медреселері  мен  мектептерінің  оқу  бағдарламалары  қатаң 

тексеріліп,  дәріс  беретін  мұғалімдер  құпия  түрде  бақылауға  алып,  олардың  іс-әрекеті 

турасында арнайы іс ашылған. 

Семей облыстық халық училищесінің инспекторының 1901 жылғы 22 маусымда Семей 

облысының  Әскери  генерал-губернаторына  жіберген  797-ші  нөмірлі  мәліметінде  өзінің 

қарамағындағы  медреселерді  тексеру  барысында  кемшіліктердің  орын  алғаны  айтылды. 

Атап  айтқанда,  бірде-  бір  медреседе  Жоғары  мәртебелі  Императордың  портретінің 

ілінбегендігі, құрылтайшылардың, арнайы оқу бағдарламасының жоқтығы, сыныптар мен 

жатақханалардың  дұрыс  жабдықталмағандығы,  шәкірттердің  жас  мөлшерінің  сәйкес 

келмеуі (медреседе 8 жастан 20 жас аралығындағы, тіпті 30, 40 жасқа келгендер де білім 

алған  –  С.С.),  кейбір  шәкірттердің  оқуды  10  жылға  дейін  созатындығы  және  т.б. 

келтірілді.  

Семей  облысындағы  медреселердегі  сабақ  таңертеңгі  сағат  7-ден  11  аралығында,  ал 

түстен  кейін  1-ден  4  аралығында  өткізілді.  Медресе  шәкірттері  мамыр  айынан  тамыз 

айының  соңына  дейін  жазғы  демалысқа  шыққан.  Жұма  күндері  медреседе  сабақ 



өткізілмеді.  Бір  жылда  медреседе  15  мейрам,  атап  айтқанда  рамазан,  айт,  құрбан  айт 

мейрамдары  өткізіліп,  бұл  күндері  балалар  оқымады.  Медресе  бағдарламасына  әліппе, 

оқу, жазу, құран сабағы, арифметика кірді. Тек Семей қаласындағы №7-ші медреседе ғана 

география  сабағы  өткізілген.  Барлық  медресе  екіге  –  дайындық  сыныбына  (класы)  және 

жоғарғы  сыныпқа  бөлінді.  Медресе  жатақханасының  нашарлығынан  шәкірттерінің 

көпшілігі пәтер жалдап немесе туыстарының үйінде тұрды. Жатақханада тұрған шәкірттер 

қоғам  қарамағында  болды.  Оқуға  төленетін  нақты  оқу  ақысы  көрсетілмеді  және  ақшасы 

жоқ шәкірттердің кейбіреулері  оқуының ақысын мұғалімге үй шаруасыны көмектесумен 

өтеген. 

Училище  испекторы  бұл  медреселерде  тәртіп  бұзған  кездерде  түскі  астан  айыру, 

бұрышқа  тізерлетіп  отырғызып  қою  сияқты  жаза  қолданылатынғын,  тіпті  3  медресенің 

төрінде қамшының ілініп тұрғандығын өз мәліметтерінде келтірген [29].  

1908  жылы  Түркістан  өлкесіндегі  жәдидтік  оқу  орындары  жіті  тексерілді.  Граф 

Паленнің  тексеру  комиссиясы  бірнеше  жәдидтік  мектеп-медреселерде  болып,  олардың 

оқу  жоспарымен  танысып,  есептерінде  Қазан  баспаханаларынан  шығатын  оқулықтары 

пайдаланылатындығы, олардың діни сезімнің күштілігін баса айтқан болатын.  

1909  жылы  Түркістан  өлкелік  оқу  ісі  бас  инспекторының  ұйымдастырумен  мәжіліс 

өтіп,  онда  мұсылман  оқу  орындарының  1907  жылғы  ережеге  сәйкес  келмейтіндігі 

айтылып,  осы  оқу  орнына  арнайы  ереже  жобасын  жасау  мәселесі  ұсынылды.  Жоба 

әзірленгеннен  кейін  Түркістан  генерал-губерна  торының  келісімімен  Халық  ағарту 

министрілігіне  жіберілді  [30].  Алайда  министрліктің  жауабын  күтпестен  1912  жылдың 

қаңтарында  генерал-губернатор  Самсонов  ереже  жобасын  бекітті.  Ереже  мынадай  бес 

тармақтан тұрды:  

1.  Жаңа  оқыту  әдістегі  барлық  жалпы  білім  беретін  оқу  орындарын  ашу  халық 

училищелері инспекторының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.  

2.  Бұрын  ашылған  және  жаңадан  ашылатын  мектептерде  оқушылар  мен  оқытушылар 

бір тайпа (ұлт) өкілдерінен болуға тиіс.  

3.  Жаңа  оқу  әдісіндегі  мектептерді  ұйымдастырушыларға  және  қалалық,  ауылдық 

қоғамдарға мектепте мемлекеттік орыс тілін оқыту керектігі ескерілсін.  

4.  Жаңа  оқу  әдісіндегі  мектептердің  ашылуы  кезінде  оқу  курсының  бағдарламасы, 

оқулықтарының тізімі, оқытушылар жөніндегі мәлімет талап етілсін.  

5. Бұрын ашылған жаңа оқу әдісіндегі мектептер осы ережеге бағындырылсын [3, 170 

б.].  

Бұл  ереже  мұсылман  оқу  орындарын  толықтай  тәуелді  күйге  түсірді.  Осындай 



ережемен Халық ағарту саласындағы шенеуніктер мұсылман медресе- мектептерді аралас 

мектептермен алмастыруға немесе жабуға тырысты.  

Мұсылман  мектептерін  жабу  себептерін  табу  үшін  олар  жиі-жиі  тексерілді.  Халық 

училищелері инспекторлары мектеп үйлері санитарлық талапқа сай емес, оқу бөлмелеріне 

жарық  түспейді,  әрі  қысты  күндері  дұрыс  жылытылмайды  және  т.б.  кемшіліктердің 

барлығын атап, тез арада шара қолдану мәселесін көтерді. 

1914 жылы 3 мамырда Торғай облысының Ырғыз уезіне жіберілген училище директоры 

мәлімдемелік  жазбасында:  «Мұсылман  мектептері  мен  мед-  реселері  –  бұл  Ресейдің 

шығысындағы  мұсылман  ғылымы  мен  мұсылман  фанатизмінің  өскіні.  Мұсылмандардың 

мұндай мектептерінің барлығына қазақтар мен қырғыздарды өзінің арам ойлы ықпалына 

көндірмек болған татарлар қызығушылық танытқан» деп келтіріле отырылып,  «тез арада 

осы  мектептерге  орыс  сыныптарын  енгізу»  қажеттігін  жазған  [31].  Негізінде  кейбір 

мұсылман медреселерінде осындай орыс сыныптары ашылып, арнайы бақылауға алынды. 

Қырғыз-татар балалары оқыған Торғай қаласының мұсылман медресесінде осындай орыс 

сыныптар болды [32].  



Оқу  мерзімі  уақытында  мектептерде  құрбан  айт  мейрамын  мерекелеуге  де  тыйым 

салды.  Бұған  бағынбаған  шәкірттер  оқудан  бірден  шығарылды.  Мәселен,  Қостанай 

қаласындағы осындай оқу орындарының бірінде болған оқиғадан кейін, сол оқу орынынан 

бірнеше  шәкірт  оқудан  шығарылып,  бұл  турада  Торғай  облысының  генерал-

губернаторына хабарланған [33].  

Патша  үкіметі  тарапынан  қандай  қиыншылықтар  болса  да  мұсылман  медреселерін 

бітірген шәкірттер қазақ даласына келіп, ауылдарда мектептер ашып, балаларды оқытты 

және мұсылман медресе-мектептерін ашу ісі  жалғастырыла берілді. 1913 жылы  «Айқап» 

журналына 1 санына жарияланған мақаласында М.Сералин ел арасында тәртіпті медресе-

мектептердің көптеп ашылуы көңілді шаттандыратындығын атап өткен [34, 3 б.].  

Қазақстандағы  мұсылман  мектеп-медреселерінің  қызметіне  ағартушылық  қоғамдар 

көптеп  көмектесті.  Негізінде  Қазақстан  қалаларында  ағартушылық  бағыттағы  қоғамдар 

ХІХ  ғасырдың  аяғында  құрыла  бастаған.  1870  жылы  Зайсан  қаласында  оқушы 

мұсылмандарды  қолдау  мақсатында  «Джамгият  мағариф»  қоғамы  құрылып,  оның 

құрамына  қаланың  және  қалаға  жақын  маңайдың  адамдары,  Зайсан  және  Семей 

облысында тұратын барлық мұсылмандар мүше бола алды. Әйелдер де қоғамға мүшелікке 

кіруге  құқылы  болды.  Қоғам  мүшелері  жылына  4  сом  көлемінде  жарна  төлеп  отырған. 

Жарнадан  жиылған  ақшаның  қай  мақсатта  жұмсалғандығы  жөнінде  қоғам  қазынашысы 

жиналыстарда  есеп  беріп  отырды.  Қоғам  жұмысын  өз  тараптарынан  құрылған  арнайы 

комиссия  тексерді  және  комиссия  екі  жылда  бір  рет  сайланды.  Қоғамның 

құрылтайшыларының көпшілігі татар көпестері болды [35]. 

«Джамгият  мағариф»  қоғамы  медреселердегі  оқушыларға  қаржылай  көмек  көрсету, 

медресені қажетті заттармен жабдықтау, оқытушылармен қамтамасыз етумен айналысты. 

Сондай-ақ, медресені бітірген шәкірттерге ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына түсуге 

көмек көрсету ісін де өз қолына алды. Зайсандағы «Ғизатия» мектебіне жоғарыда аталған 

іс-шаралар бойынша көмектесіп отырған.  

1888  жылы  Семейде  бастауыш  білім  беру  қоғамы  құрылып,  1892-93  жж.  оның  9 

құрметті  мүшесі,  204  нақтылы  мүшесі  болған.  1893-1894  жж.  қоғамға  Н.Әлжанов, 

К.Бисеев,  А.Жақыпов,  А.Жексанаев,  Б.Жангелдин,  А.Құнанбаев,  М.Құнанбаев, 

А.Құнанбаев, Т.Нұрекенов және т.б. мүше болып, жарна төлеп отырған.  

Қоғам  мектеп-медреселермен  тікелей  байланыс  жасап,  кедей  балаларына  оқу 

құралдарын,  киім-кешек  сатып  әперіп,  қамқорлығына  алды.  Қалада  ғы  қоғамдық 

кітапханаларды кітап және басқа қажетті құралдармен жабдықтауға көмектесті.  

1898  жылы  Семей  қаласында  мұсылмандардың  қайырымдылық  қоғамы  құрылды.  Бұл 

қоғам да кедей, жарлы адамдарды киіммен, тамақпен қамтамасыз ету, медициналық көмек 

көрсету,  үйсіз  жандарды  жатын  орындармен  қамтамасыз  ету  сияқты  қайырымдылық 

ісімен  шұғылданды.  Панасыз  жетім  балаларды  арнайы  балалар  үйіне  орналастырып, 

оларды  киім-кешекпен  қамтамасыз  етіп,  білім  алуын  қадағалады,  оқу  орындарына  түсу 

үшін қаржылай көмек көрсетті.  

Қоғамның  құзырында  өз  асханасы,  балалар  үйі,  жатақханасы  мен  ауруханасы  және 

кітапханасы  болып,  28  мұсылман-құрылтайшысы  мен  мүшелері  жарна  төлеу  және 

ақшалай көмек көрсету арқылы қаржыландырылды.  

Бұл  қоғамға  мұсылман  әйелдері  де  мүше  болып,  уақытылы  жарна  төледі  және  түрлі  іс-

шараларға  қатысып  отырды.  Қоғам  мүшелері  әр  түрлі  ойын-сауық  кештерін 

ұйымдастырып,  одан  түскен  қаржыны  өз  қажетіне  жұмсады.  Жалпы,  қоғамның  қорына 

түскен ақша заңды түрде тіркеліп, оған жиі тексеру жүргізіліп отырды [36]. 

1900 жылы Верный қаласында құрылған «Ағартуды көркейтушілер қоғамы» (Общество 

ревнителей  просвещения)  құрамына  120-дай  адам  мүше  болып,  өз  алдына  барлық 

халықтар  арасында  ағарту  ісін  жандандыруды  мақсат  тұтып,  жексенбілік  мектептер 



ұйымдастырды. Мәселен, 1901 жылы жексенбілік мектепте 92 адам білім алды. Оның 37-

сі  орыс, 23-і  қазақ, 12-татар, 10-ы өзбек, 5-і  ұйғыр, 4-і  дұнған, 1-і сыған ұлт өкілдерінен 

болған.  Қоғам  мүшелерінің  қолдау  көрсетуімен  қалада  1907  жылы  мұсылмандар  үшін 

кітапхана  ашылады  [37].  Оның  қорында  Еуропа,  Орта  Азия  ғалымдарының  ғылыми 

кітаптары  болған.  Кітапхананың  оқу  залы  жалпыға  бірдей  ашық  болды.  Верныйдің 

мұсылман  мектеп-медреселеріндегі  шәкірттері  кітапхананың  бірден-бір  тұрақты 

оқырмандары болды.  

Кітапханада  Қазан  баспасынан  басылып  шыққан  қазақ  тілінде  жазылған  кітаптар  да 

болды.  «Мамания»  медресесі  Барлыбек  Сырттанов  арқылы  осы  Верныйдағы  мұсылман 

кітапханасынан кітаптар алып тұрған [38, 61 б.].  

1906  жылы  қаңтар  айында  болған  Петербургте  өткізілген  мұсылмандардың  екінші 

съезінде  көпшіліктің  ұсынысымен  мұсылман  партиясы  «Ресей  мұсылмандары  одағы» 

құрылып,  оның  23  тармақтан  тұратын  жарғысын  қабылдайды.  Жарғыда  Орынборда, 

Астраханьда,  Оралда,  Омбыда,  Қы  зылордада,  Верныйда,  Ташкентте  бұл  одақтың 

бөлімшелері құрылатындығы аталып көрсетілді [39, 26 б.].  

Ал  осы  жылдың  тамыз  айында  Нижный-Новгородта  болған  үшінші  мұсылмандар 

съезінде  екінші  съезде  уақытша  қабылдаған  «Мұсылман  одағының»  бағдарламасы 

түпкілікті бекітілді. Бұл съезде елдің түпкір-түпкірінен келген жеделхаттардағы мәселелер 

де қарастырылды. Осындай жеделхаттардың бірі Жетісу облысы қазақтары атынан келген 

еді.  Онда  осы  жылы  наурызда  Халық  ағарту  министрі  бекіткен  «Ресейдің  шығыс  және 

оңтүстік  шығыс  бөлігіндегі  түз  халықтарының  бастауыш  училищелері  туралы  ереже» 

мұсылман  халықтарының  ана  тілінде  білім  алуын  барынша  мектеп,  оқу-ағарту  ісін 

орыстандыру  құралына  айналдыруды,  барлық  мұсылман  халықтары  арасындағы 

мектептер  мен  медреселерді  халық  ағарту  министрлігінің  қарамағына  өткізуді  көздеп 

отырғандығын  баса  көрсеткен  еді.  Съезге  қатысушылар  бұл  ережені  бұратаналарға 

қолдануға  болмайтындығын  айтып,  оқу  мәселесі  бойынша  33  тармақтан  тұратын  қаулы 

қабылданды.  Қаулыда  мұсылман  балалары  үшін  ана  тілінде  білім  алатын  бастауыш 

мектептер болып, онда сабақтың ана тілінде, араб графикасында жүргізілуі, ал орыс тілін 

қосымша  пән  ретінде  оқылуы,  осы  мектептердің  барлығы  басқару  мен  бақылау 

мұсылмандардың  өз  қолына  берілуі  және  мектептер  мемлекет  пен  жергілікті  земстволар 

тарапынан  қаржыландырылуы  қажет  деп  келтірілді.  Сондай-ақ  қаулыда  медреселер  Дін 

басқармаларының  қарамағында  болып,  имамдар  басқару  керектігі,  медресе  ұстаздары 

арнайы  емтихан  тапсыруы  тиістігі  және  оларды  Діни  басқарма  бекіту  керектігі, 

медреселердегі  қаржыландыру  вакуфтар  мен  шәкірттер  есебінен  жүруі  тиістігі  баса 

көрсетілді. Сонымен қатар съезде мұсылман мұғалімдерінің съезін ашып, олардың одағын 

құру мәселесі де қарастырылды [23, 115-116 б.].  

1907 жылы мамыр айында Ресейдің Қазан, Петропавл, Ташкент, Бақшасарай және т.б. 

қалаларында  мұғалімдер  съезі  өте  бастады.  Осы  жылдың  тамызында  Қазан  қаласында 

жалпыресейлік  мұсылман  мұғалімдерінің  съезі  өтіп,  онда  мамыр  съезінде  шығарылған 

бағдарламалар қарастырылып, барлық мұсылмандарға ортақ бағдарлама жасап, мұсылман 

мұғалімдерінің  одағын  құру  қажет  деп  шешті.  Съездің  нәтижесінде  қалаларда  түрлі 

ағартушылық  қоғамдар  құрыла  бастады.  Бұл  қоғамдар  медреселер  ғана  емес,  сондай-ақ 

кітапханалар  ашу  ісімен  де  айналысты.  Қоғамдарға  молдалар,  мұғалімдер,  көпестер, 

халық  арасындағы  құрметті  азаматтар  мүше  болды.  Медреселердің  көпшілігі  осы 

қоғамдардың есебінен қаржыландырылды.  

1909  жылы  ағартушылық  мақсатты  көздеген  Жетісу  облысының  Қапал  уезінде 

«Мұсылмандардың ағартушылық және қайырымдылық  қоғамы»,  ал 1912 жылы Жаркент 

қаласында  «Мұсылман-прогресшілдер  қоғамы»  ұйымдастырылды.  Бұл  қоғамдар  оқу 

саласына көмек беріп қана қоймай, мұқтаж мұсылмандарға, кедей жатақтарға, қарттар мен 

жетім-жесірлерге, мүгедектерге ақшалай жәрдем беру ісін де қолға алды [40].  




Аталмыш қоғамдар мақсаты мен міндеттерін жарғы арқылы бекітіп, Жетісу облысының 

әскери губернаторының арнайы тіркеуінен өтті. Бұл қоғамдардың құрамында қазақ, татар, 

сарт және басқа халықтардың өкілдері болды [41].  

Мұсылман  ағартушылық,  қайырымдылық  қоғамдары  мұғалімдер  семинариясы  мен 

медреселерді  өздерінің  қамқорлықтарына  алып,  кей  жағдайларда  мұғалімдердің 

жалақыларын  қоғам  өз  тарапынан  төлеп  отырды.  Медресе  шәкірттері  де  қоғамға  мүше 

болып, олардың өткізген түрлі жиындарына қатынасты, қайырымдылық мақсатта жиі-жиі 

ойын-сауық кештерін ұйымдастырды.  

ХІХ  ғасырдың  соңы  мен  ХХ  ғасыр  басында  ашылған  мұсылман  мектеп-медреселері 

мен  ағартушылық  қоғамдарының  ағарту  саласына  қосқан  маңызы  зор.  Бұл  оқу 

орындарынан білім алған қазақ шәкірттердің кейбіреулері  шет мемлекеттерде білімдерін 

жалғастырып,  ғылым  жолына  түссе,  ал  біреулері  қазақ  қоғамының  қызметіне  белсене 

араласып,  қазақ  газет-журналдарын,  оқулықтарын  шығаруға  белсене  араласты.  Осы  оқу 

орындарын  бітіргендер  қазақ  зиялыларының  қатарын  толықтырып,  мемлекеттік  орын-

дарда қызмет етті. 



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет