Қазақстандағы қола дəуірінің зерттелуі Кеңес өкіметінің кезінде ғылыми жағынан жүйелі жолға қойылады



Дата02.02.2022
өлшемі20,63 Kb.
#130499
Байланысты:
Документ (65)
қолдың жауабы, 16.02 ашык сабак

Қазақстандағы қола дəуірінің зерттелуі Кеңес өкіметінің кезінде ғылыми жағынан жүйелі жолға қойылады. 1933 жылы КСРО Ғылым академиясы Орталық Қазақстанды зерттеу үшін ұйымдастырған «Нұра экспедициясының» көрнекті мүшелері П.С.Рыков, М.И.Артамонов, М.П.Грязнов, К.Арзютов, И.В.Синицин сияқты ғалымдардың сіңірген еңбектері айтарлықтай. Қола дəуірін зерттеуде бұлардың ашқан басты жаңалықтарының бірі Шерубай-Нұра өзенінің аңғарынан қола дəуірінің атақты Дандыбай ескерткіштерін табуы. Қазақстанның батыс бөлігінде қола дəуірін зерттеуде ғалым О.А.Кривцова- Грекованың еңбегі зор. Əсіресе, Тарих, археология жəне этнография институтының жанынан ұйымдастырылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының меңгерушісі Ə. Марғұланның жүргізген жұмыстары орасан зор. Ғалым Атасу, Бұғылы, Беғазы, Ақсу-Аюлы, Дандыбай сияқты ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының нəтижесінде Ə.Марғұланның қола дəуірі туралы екі үлкен монографиясы, көптеген ғылыми мақалалары жарық көрген. Шығыс Қазақстанның жерінде қола дəуірінің ескерткіштерін зерттеуде жемісті жұмыс жүргізген көрнекті ғалым С.С.Черников. ХХ ғ. 50-жылдары қола дəуірін зерттеуде үлкен еңбек сіңірген археолог ғалымдар К.А. Ақышев, А.М. Оразбаев, А.Р. Максимовалар болды.

Қола дəуірі б.з. дейінгі 2 мыңжылдық пен 1 мыңжылдықтың басы аралығын қамтиды. Б.з. дейінгі 2 мыңжылдықта Евразия даласында қола алу тəсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар мысқа қалайыны қосу арқылы металл бұйымдардың беріктігін күшейтті. Қоладан тіршілікке қажетті құралдар мен қарулар жасалды. Қазақстан жеріндегі қола дəуірінің кезіндегі өмір сүрген адамдардың негізгі мəдениеті – ғылымда Андронов мəдениеті деп аталады. Бұл дəуірде Қазақстан даласын, Оңтүстік Сібірді жəне Орал аймағын шығу тегі жағынан ұқсас, өзіндік мəдениеті бар тайпалар мекендеді. Бұл мəдениеттің алғашқы ескерткіші табылған Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосына байланысты бұл кезең – андронов мəдениеті деген атау алды. Сол жердегі қазба жұмыстарын 1913 жылы Б.В. Андрианов жүргізген. 1927 жылы археолог М.П. Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тауып, андронов мəдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинскіден бастап батыста Оралға дейінгі орасан зор территорияға тарағанын анықтады. Зерттеушілердің көпшілігі андронов мəдениетінің өмір сүрген уақытын 3 кезеңге бөледі:

1. Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. ХҮІІІ-ХҮІ ғғ.

2. Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғғ.

3. Кейінгі қола кезеңі (Замараев кезеңі) – б.з.б. ХІІ-ҮІІІ ғғ.

Бұл кезеңдер алғашқы зерттелген ескерткіштер атына сəйкес Федоров, Алакөл,

Замараев деп аталды.

Қола дəуірінің атап көрсетерлік ерекшеліктері мынадай:

• Түсті металдардың өндірістік жолмен игерілуі (қола металлургиясы).

• Ең алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісінің жүзеге асуы, яғни мал шаруашылығының

егіншіліктен бөлініп шығуы.

• Аталық отбасылық рулық қатынастың орнауы.

• Андроновтық тайпалар алғаш болып экономикалық өмірдің озық түрі – көшпелі мал

шаруашылығына көшті.

• Рулық қатынастар ыдырап, қуатты тайпалық бірлестіктер құрыла бастады.
Андронов тайпалары Қазақстанның барлық аймағын мекендеген. Негізгі қоныстанған ауданы – Орталық Қазақстан. Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне кен орындары, тастағы суреттер-петроглифтер, 30-дан аса қоныстар мен 150-ден аса қабір табылып зерттелген. Ертедегі Нұра кезеңінде жерлеу салтында кремация (мəйітті өртеу) басым болған. Келесі – Атасу кезеңінде жерді игеру, оның ішінде шөлейт аудандарды да игеру кеңінен жүргізіледі. Тау-кен жұмыстарының көлемі күрт өседі, оны көптеген тау кендерін өңдеу орындарының болуынан байқаймыз. Қорымдар мен қоныстардың үлкен бір тобы Атасу өзенінің бойында. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде қола құралдары, қару-жарақтары, сəндік заттар шықты. Мəйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жатқызып жерлеу жиірек ұшырасады.

Қоланың кейінгі кезеңі Орталық Қазақстанда жаңа мəдениет – Беғазы-Дəндібай мəдениетінің құрылуымен белгілі. Орталық Қазақстанда көп жылдар бойы археологиялық зерттеу жұмысын жүргізген академик Ə.Х.Марғұлан қола дəуірінің соңғы кезінің өзіне тəн ерекшеліктерін ескере отырып, оны Беғазы-Дəндібай мəдениеті деп атауға ұйғарды. Бұл мəдениетке ғалым Беғазы, Бұғылы, Саңғыру, Айбас дарасы, Дəндібай ескерткіштерін жатқызады. Аталған ескерткіштерден алынған материалдар қола дəуірінен темір дəуіріне өтетін өтпелі кезін көрсететіндігін дəлелдейді. Бұл мəдениетке тəн бір қасиет, ол бірінші жағынан, андронов дəстүрін сақтайды, екінші жағынан, онда жаңа элементтер: мазарлардың айрықша типі, өзіндік өзгешелігі бар жерлеу салты, қыш ыдыс-аяқтардың жаңа түрлері пайда болады. Мəйіттерді бүктеп жатқызып қоюмен бірге, оларды шалқасынан жатқызып қою да кездеседі. Бұл мəдениетке сонымен қатар Қарағандының оңтүстік бетіндегі Ақсу-Аюлы ІІ қабірі жатады. Осы кезде жер бетіне тастан қалап қабырғалы тұрғын үйлер салу рəсімі кең жайылады. Тұрғын үйлерді салуға ағаш кеңінен пайдаланылған. Металл өндіріп балқыту орасан зор рөл атқарған.

Солтүстік жəне Батыс Қазақстанда көптеген андроновтық мəдениет ескерткіштері ашылып зерттелген, олардың ішінен Алексеев қонысы мен Тастыбұтақ қорымы кеңінен мəлім болды. Ертедегі қола кезеңіне мəйітті өртеп көму рəсімі жатады. Сол кездері ежелгі қалалардың прототиптері деп есептелетін қоныстар пайда болды. Соның бірі – Арқайым Челябинск жəне Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан. Кейінгі қола дəуірінің бірінші кезеңінде Солтүстік Қазақстанның тайпалары Арал өңірінің Қима мəдениетінің, ал Батыс Қазақстан – Еділ бойының Қима мəдениетінің қатты ықпалына түседі.

Шығыс Қазақстанда Андронов мəдениетінң дамуы да осы тектес жолмен жүреді. Ертіс пен Бұқтарманың, Күршімнің көкорай шалғынды алқаптарынан, Алтайдың таулы аудандарынан, Тарбағатай мен Сауыр далаларынан қола дəуірінің ондаған қоныстары мен қорымдары табылды. Қанай қорымы жəне онымен қатар орналасқан қоныс қабірлерінің дені кейінгі қола кезеңіне жатады.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қола дəуірінде халық тығыз қоныстанған аймақ болды. Таңбалы мен Қаратау сияқты тастағы суреттердің аса үлкен шоғыры тек Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінен ғана табылды. Жетісуға федоров пен алакөл тайпаларының мəдениеттері элементтерінің араласып-құраласып жататыны тəн болып келеді. Федоров дəстүрінде қоршаулары тікбұрышты жəне дөңгелек болып келетін қабірлер көбірек кездеседі. Жетісудың орта қола дəуіріне Таңбалы, Қарақұдық қорымдары жатады. Қазақстанның оңтүстігінен, Қаратаудан Таутары қорымы қазылып аршылды. Сырдарияның төменгі жағынан, Арал алқабынан қола дəуірінің бірегей ескерткіші – Түгіскен кесенесі ашылды.

Андроновшылар шаруашылығы. Андроновшылар тіршілігінде мал өсіру бəрінен де маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі малы – қой, сиыр, жылқы болды. Андронов тайпалары тұңғыш рет қысты күні малды қолда ұстау дəстүрін енгізді. Тұрғын үйлерге жалғастырыла мал қоралары салынған. Олар қос өркешті-бактриан түйелерін өсірген. Түйе бейнелері жартастарға салынған.

Ерте жəне орта қола кезеңдерінде, яғни б.з. дейінгі І мыңжылдықтың басында андроновшылар отырықшы болған. Олар аралас шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп,
мал өсірген. Соңғысы үй іргесінің шаруасы саналған. Мал өсірудің мұндай түрінен жайылым тез тозған. Сондықтан мал ұстаудың жаңа түрлері мен тəсілдері қажет болды. Кейіннен мал өсірудің жайлаулық тəсілі, яғни жартылай көшпелі мал шаруашылығы өмірге келді. Сөйтіп, үй іргесіндегіден – жайлауға көшу, отарлы, яғни жартылай көшпелі, сосын көшпелі мал шаруашылығы туады. Бұл дала мен шөл жайылымдарын тиімді пайдалануға жəрдемін тигізді. Көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылығына өтуге байланысты бірте-бірте мал құрамы да өзгере түседі: ірі қараның саны кеміп, қой мен жылқы саны көбейе түседі. Андронов тайпаларының тіршілігінде теселі егіншілік болған. Олар негізінен бидай, қарабидай жəне тары өсірді.

Қола дəуірінде кен өндіріп балқыту ісі орасан зор көлемде жүргізілген. Мысалы, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылған, ал Успен руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген. Ежелгі кеншілер жұмсақ кенді қайламен омыру арқылы, қатты, тығыз кенді отпен уату арқылы жəне сонымен қатар үңгіп қазу арқылы өндірген. Отпен уату тəсілі бойынша - кен өзегінің үстіне от жағылып, əбден қызған кезде су құйып, жарықшақтарға бөлген. Уақталған руданы қонысқа əкеліп, арнаулы пештерге салып балқытқан, ондай пештер қалдықтары Атасу, Суықбұлақ қоныстарынан, Қанай ауылының қасынан табылды. Метал балқытатын шеберханалар орны Мало-Красноярск, Алексеевка, Никольское, Петровка ІІ-де бар екені мəлім болды. Метал балқытумен бірге андроновшылар оны шыңдау, шекімелеу жəне қыспалау əдістерін білген. Алтын фольгамен оралған қоладан олар сырғалар, алқалар, білезіктер жасаған.

Андроновтық тайпалар үй кəсіпшілігінде қыш ыдыстар жасаған. Қазақстанның далалары мен таулы алқаптарында əрбір отбасы ыдыс-аяқтарын өздері жасаған. Əйелдер саз балшықты əзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға от жағып сонда күйдірген. Б.з. дейінгі ХҮІІ-ХҮІ ғғ. аяқ-табақтар белгілі бір тоқылған мата қалыпқа салынып істелген. Қыш ыдыстар геометриялық ою- өрнектермен əсемделген. Бұл өрнектер байлық пен молшылықты, тіл мен көзден сақтау белгісін жəне ыдыс ішіндегі затты білдірген.

Андроновтықтардың баспанасы жертөле мен жартылай жер бетіндегі үйлер болған. Бөлмелерді жылыту үшін тастан қаланған пештер қолданылған, отын есебінде ағаш, тезек жаққан. Кейінгі қола дəуірінде Орталық Қазақстанда көп бөлмелі жер бетіндегі үйлерді ауыр дөңбек тастардан салатын болған. Мұндай көлемі үлкен үйлер Бұғылы, Ақбауыр қоныстарын қазған кезде кездесті. Осындай үлкен үйлер қоғамдық жиындар өткізетін, діни ғұрыптарды атқаратын жəне үлкен отбасы мекендейтін орын болып есептелген.

Қоғамдық құрылысы. Қола дəуірінде мал шаруашылығы мен металлургияның жедел дамуы ерлердің еңбегін көп қажет еткендіктен қоғамда ер адамдар рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады, аналық ру орнына аталық ру келді. Андроновтықтар қоғамында барлық істі халық жиналысы шешіп отырды: ру басшыларын сайлау, айыптыларды ел алдында жазалау жəне т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен үйде үлкен отбасылық қауым болып өмір сүрген жəне бірге тұрып, бəріне ортақ шаруаны ағайын-туыстардың бірнеше буыны бірлесіп атқарған. Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі əлеуметтік жəне мүліктік теңсіздік байқалмайды, алайда қорымдарды зерттеу ісі адамның байлық дəрежесі мен қоғамдағы мəртебесінің айырмашылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дəуірінің өзінде көптеген біркелкі молалар ішінен өзгелерге қарағанда қабірі үлкенірек те тереңірек, ағаш мазарының құрылысы да күрделі, мола ішіне қойылған құмыралары мен тағамы да мол зират ерекше назар аударған. Мұндай қабірлерден сондай-ақ соғыс арбасының жұрнағы мен аттардың сүйектері, мəйіт басынан қола қанжарлар, жебелер табылған. Орта жəне кейінгі қола дəуірлерінде де тап осындай жəйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі тастардан екі немесе үш қабат қоршауы бар бірнеше аса үлкен оба не мазарлар көзге түседі. Обалар салып, қабірлер қазу ісімен, онда қойылатын заттар арасындағы елеулі айырмашылықтарға жүгінсек, андронов қоғамы біртекті болмаған. Үлкен қорымдарда сол кезде қоғамда айрықша топқа бөлінген жауынгерлер қойылған.
Қоғамның жіктелуі басталған – оның қатардағы қалың мүшелері арасынан бөлініп «патшалар» - билеушілер, жауынгерлер – кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары дəрежеге ие болған. Үнді-иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғары бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дəстүр мен білімдерді сақтаушылар болды. Олардың өзгелерден айрықша бір белгісі – ағаш табақ пен ерекше бас киімі (бөркі).

Қола дəуірінде еңбек құралдарының жетілдірілуіне жəне шаруашылықтың дамуына байланысты азық-түлік молайып, артық қор құрылды. Қоғамда біреулер байып, басқаның еңбегін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондықтан тұтқындарды өлтірмей, оларды құлға айналдырды. Рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік орнап, еңбекті қанау пайда болды. Бұл мүлік теңсіздігінің шығуына алып келді. Сөйтіп, қола дəуірінде рулық қауым ыдырап, шағын отбасылардың рөлі күшейіп, патриархалдық-рулық қатынастарды сақтаған көршілік қауым өркендеді. Кейінгі қола кезеңіне қарай отбасылық қауымдар бөлшектеніп, нəтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырай бастады.

Қола дəуірі адамдарының діні мен өнері. Қола дəуірінің тайпалары табиғат күштеріне табынған. Жерленген адамның басы батысқа немесе оңтүстіқ-батысқа қаратылып, қол-аяғы бүгіп жатқызылған. Бұл жер-ана құшағына барған сəби қалпындағы адам түсінігін берген. Өлікті матаушы ажал құдайы Ямаға сыйынған. Ерте қола дəуірінде жерлеу салтында кремация, яғни мəйітті өртеу басым болған. Бұдан андроновтықтардың отқа табынғанын байқаймыз. Кейінгі қола дəуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі болған. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Құрбандыққа сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Сүт ішіліп, ет желініп болғасын, құмыралар мен сүйектер болашақ үйдің ошағының басына, оның табалдырығының астына көмілген. Үйдің ошағы отбасының киелі орны есебінде қатты құрметтелген. От пен күлге байланысты жөн- жоралғылардың бəрі құдайдың рақым-шапағатымен денсаулық, отбасының амандығын, құт-береке болса деген тілекпен жасалған. Мəйітті көкке əкететін от құдайы – Агнияға арнап құрбандыққа ешкі сойған. Қола дəуірінің соңына қарай күнге, айға жəне жұлдыздарға табынған. Ата-баба аруағына сиыну жəне о дүниеге сену кең тарады.

Қола дəуірінің жартастар бетіне салынған суреттерінің өзіндік ерекшеліктері бар, ертедегі адамдар жартастардың тегіс бетіне қатты да үшкір тас сынықтарымен жануарлар, Күн бейнелі адамдар суретін, соғыс арбалары мен шайқас көріністерін салған. Бұл – адамның рухани мəдениеті жəне оның дүниетанымы жөніндегі аса бағалы хабарлар бастауы болып табылады. Қазақстан – жартастағы суреттер-петроглифтердің саны мен əралуандығы жөнінен əлемдегі ең бай жерлердің бірі. Осындай суреттер көп табылған Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау аймақтары дүниежүзілік мəдениеттің қорына қосылады. Қола дəуірінің адамдары ойлаудың мифологиялық сатысында болған. Жартастардағы салынған суреттер – андроновшылардың өздерін қоршаған дүние жайлы түсініктерінің көрінісі еді. Суреттерде жиі кездесетін бейне – мүйізін алға кезеп, шоқтығы күдірейіп, алып денесі шиыршық атып, аяқтарымен жер тіреп тұрған турдың – жабайы бұқаның суреті. Əлемді жарату жөніндегі мифтерде дүние – Күн құдайы Митра құрбандыққа шалған бұқаның мүшелерінен жасалған делінеді. Сонда Митра бұқамен қатар қойылып, бірдей саналады. Ешкіөлмес тауындағы суреттердің бірінде Митра, басы күн шұғыласымен қоршаулы адам бейнелес секілденіп, бұқа үстінде түрегеп тұрған күйде бейнеленген. Бірқатар киелі орындарда ертедегі адамдардың басы күн шұғылалы Митраға тағзым етіп, табынып жатқан кездегі көрінісі салынған. Таңбалы шатқалында күн басты бір кісінің маңында айнала билеп жүрген кішкентай адамдар, парласып жəне жеке өзі билеп жүрген адамдар бейнеленген. Бұқа бейнесі молшылық, құдіреттілік пен күшті білдіреді. Жартас көркем өнеріндегі жиі кездесетін суреттердің бірі – қос өркешті бактриян түйесінің бейнесі. Ол ирандықтарда күн күркіреу құдайы – Веретрагна, үнділіктерде – Индра бейнесі болып есептеледі. Қола дəуірі петроглифтерінің арасында соғыс арбасын бейнелеу де кеңінен тараған. Қаратау тастарындағы суреттерде соғыс арбасы 49 жерде кездеседі, олар Таңбалыда да, Ешкіөлместе де бар. Олардың


көпшілігінде екі доңғалақты аңшы жəне соғыс арбалары бейнеленген. Ат пен арба жайлы ирандықтар арасында көктегі күн күймесі жөнінде əпсана-аңыз бар. Олар жоғарғы құдайлардың бəрі аспанда пырақ жегілген күймелермен заулап жүреді деп есептеген. Тастағы суреттердің ішінде жер жырту көріністері де кездесіп қалады, оларда соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер бейнеленеді. Соқа басында адам болады. Бұл көріністер жаңа жылды мейрамдауға, күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жаңару мейрамына, құнарлылыққа байланысты болса керек. Бұл мерекенің ең бір маңызды бөлегі – түрен тарту болып табылады. Бірінші түрен тарту құқы, яғни алғашқы соқа салу құрметі патшаға берілген.

Қола дəуірі мəдениетінің гүлденуі Жерорта теңізі жəне Кіші Азия мəдениеті мен экономикалық қатынастың нəтижесі болды.



Сонымен, қорыта келгенде, Қазақстандағы қола дəуірінің өзіндік мəдениеттері болғандығын, олар өз ерекшеліктерін сақтай отырып, Қазақстан аумағында таралып, белгілі-бір даму сатыларынан өткенін байқаймыз. Осы дəуірде аридтық табиғи- географиялық жағдай көшпелі тұрмыс пен көшпелі мал шаруашылығына өтуге өз əсерін тигізді.

2-т

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет