Азаттық АҢСАҒан сарыарқа



Дата12.03.2018
өлшемі358,33 Kb.
#38426
Қазақстанның Тәуелсіздігінің

20 жылдығына арналады.




АЗАТТЫҚ АҢСАҒАН

Сарыарқа
Абылай аспас арқаның алтын асыл белі. Ақселеулі күмістей жылтыраған кең жазық дала көсіліп жатыр. Сарыарқаның күнгейінде алыстан мен мұндалап қарауытқан бұлдыр сағымданады. Бұл Бестөбе кенішінің шахта террикондары.

Бестөбені былайғы жұрт тас тақыр дейді. Өйткені аяқ асты сеңсіген тас. Арқаның бар желі де осы жерден өтеді. Қыс боранды суық, жаз қапа ыстық. Жауған жауын жерге сіңіп үлгермей күн қызумен тез буланады. Биыл да көктем ерте келіп қыстайғы көше-қотанға жиылған қар аз күнде еріп, жыра-жыраны қуалап жоқ болды. Маусым ыстық. Ашық аспан тазарып биіктеп кеткен. Төбеге келген күн қызуы тасты жерді ысытып, шақырайып тұр. Күн қызуы жайылған ауа дем алған сайын таңдайыңды кептіреді. Ауыр диірмендер ұнтақтап үгіткен тастар борай салады. Өндіріс өшелерінің ық жағын фабрика котлованынан ұшқан ақ тозаң да алып етеді.

Ерейментау, Сілеті өңіріне орналасқан алтын кенді Бестөбе қалашығының Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі елді мекендер сияқты атпар-қатпар сыңсып жатқан қат-қабат тарихы бар. Бөгенбай, Жантай, Атан батырлардың рухынан күш алып, Үмбетай, Бұхар жыраулардың жырларымен Қазыбек, Саққұлақ билердің сөздеріне, Иманжүсіптің, Естайдың әндеріне шөлін қандырып өскен ел. Бестөбе заман тауқіметі өмір соқпағының ерекшелігінен болар өзгеше бір ынтымағы жарасқан пейілдесті мекен.Үш облыстың: Ақмола Көкшетау, Павлодардың қиылысқан түкпіріне тебіндене орналасқан қалашық өз басын ертеден бастайды.

Кеніштің алтынын алғаш құдықтық-дудкалық әдіспен 13-ші ғасырда монғолдар қазыпты, кейін 19-ғасырда бұл жерлерде ағылшын-неміс компаниялары істеген. Ал совет өкіметі орнаған соң 20-шы жылдардың соңында бұл рудник жанданып, шахтерлер жетпегендіктен Қазақстанның солтүстік төңірегіндегі молла, қажы-қожаларды жан ұяларымен көшіріп әкеліп жұмысқа салыпты. Өкімет тарапынан жергілікті тұрғындарға сол кезден басталған сенімсіздік 60-шы жылдардың соңына дейін тәртіпті түрде тақтайдай болып қатып тұрды...

Айына бір рет қаладан уәкілдер келіп, рудниктегі моллаларды еңкейген кәрі жастарына қарамай милицияға шақырып ”намаз оқытпаймыз, жаназа шығармаймыз, балаларды сүндетке отырғызбаймыз” дегізіп, қорқытып қол хат алу жұмыстарын тиянақты істеді.

Ақпақтың да шақпағы бар. Кейде қызмет бабымен келген уәкіл заңшылар неміс-поляк діншілдеріне көбірек тиісіп, моллалардан жасқақтайтын. Өйткені жер айдалып келген моллалар, қажы-қалпелердің құранмен ауру емдей алатын ерекше қасиеттері бар кісілер еді. Шахма қалпе үйіне ғана емес, рудникке келген кісілердің пиғылын біліп отырса, Ләтіп, Жақып, Сабыр моллалар дұғамен есі ауысқан адамдарға ақыл енгізетін. Ал қағазға ішірткі жазып, ширықтап қыстыртып ауырған тісіңді бірден жазу, не болмаса ит болып шошыған нәрестелерді емдеу моллалардың бәрінің дерлік қолынан келе беретін. Бірақ мен ешқайсысының мен молламын, мен мынаңды істедім дегенін естімек тұрсын, сол кісілердің қатты сөйлегенін, не балағатын естіп көрмеппін. Екі үйдің бірінде не молла, не қажы-қожа тұрды. Жасынан намаз оқыған, рухтарының күштілігінен шығар, қанша қуғын-сүргін, жоқшылық-қиыншылық көрсе де ақсақалдар мойымай, 80-нен аспай 100-ге жетпей қайтыс болғандары жоқтың қасы. Бәрі де дәл сағаттарын білмесе де, қайтатын күнін жобалап, дәреттерін алып, қисайып жатып көздерін жұмды ...

Бірде өкімет қажы-моллалардың беделін түсіру үшін иллюзионист фокусникті балгер қылып рудникке жібермей ме?! Әлгінің істемейтіні жоқ, «ә» десе аузынан от жалындайды, «б» десе құлағынан жұмыртқа шығады, стақан жей ме керек… Сөзге шешен, әсіресе, тәрелкені шамға қаратып айналдырып, жан ұяңда жақсылық болсын десең не істеу керек екенін суша ағызады. Арасында дін апиын екенін, моллалардың дүмше екенін баса айтады. Жұрт гу-гу. Үйреншікті тыныш өмір шынаяқтай сынды. Қотанды соғыс басталғандағыдай белгісіздіктің, үрейдің қара бұлты қаптай қалды. Түсініксіздік, “бұл ненің” күмәні күшейді? Әлгі көріпкеліміз көшелерді жағалай аралап, жорамалын күннен-күнге күшейтіп елді дүрліктіре берді. Кезек Шахме қалпе үйіне келді. Жұрт не болар екен деп анталауда. Шахма қалпенің бәйбішесі Ақжарқын өте момын, қолы ашық, не болса соған сенетін ақкөңіл жан еді. Көріпкеліміз төргі қалпе отырған жаққа бармай, кіре берістегі ауыз үйдегі столдан шыныаяқ табасын ала сала, судырай жөнелмей ме. Ағызсын кеп. Дүниені төңкеріп, жетістіктің, тірі жүргеніміз, амандығымыздың бәрін компартияның басшылығына әкеле береді. Бір кезде әлгі сабаз шыныаяқ табасын қос қолдап жоғары көтеріп айналдырған күйі қатсын да қалсын. Тілі де байланған. Жұрт у-шу.

Мен өзім шамалас ұсақ балалармен бәрін көзімен көріп таң қалғам. Шахма қалпенің үйінің қасындағы ертелі-кеш бірден-бір апыр-топыр шу сол шығар. Ақыры не керек әлгі көріпкел есін жиып ақсақалдардан кешірім сұрап, еңдігәрі кім сұраса да, бұндай сұрқиялыққа бармайтынын айтып табанын жалтыратты. Содан бұлай басқа жақтан не көріпкел, не емші, бақсы-балгер мүлдем келмеді. Дінге қарсы үгіт жүргізетін насихатшылар да орталықтағы парткомда жиналыс өткізумен жұмысын доғаратын болды. Мектептегі ораза ұстады ма, ұстамады ма деп балаларға су ішкізіп, тексерілуде пышақ кескендей шорт тиылды…



Өзін саралап танымаған жан өзгенің қадіріне жеткен бе. Бестөбеліктер дүние танудың ұзақ жолының шетін өздерінен бастайды. Толғанады, көргендерін өмірден жинаған тәжірибе елегінен өткізеді, болашаққа дұрыс жол іздейді. Жылжып жатқан өгіз аяң, құмырысқа көшті советтік өмірді «сұбыхандары сүймесе де» басқаға шара жоқ, амалсыздан көндігеді. Күн шыға басталып қас қарая аяқталатын қыбыр-жыбыр ауылдың тірлігімен шырмалып жүреді де қояды.

Барды баламай, жоқты санамайтын ақкөңіл қолындағы барын бере салып өзі тақыр жүретіндер де кездеседі. Олар үшін өкіметтің сөздері құранның сүрелеріндей. Бәрі жақсы, бәрі тамаша.

Аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз. Соғыс болмасын де, деп бірін-бірге жалғамалап күн көргендеріне мәз. Өкіметке иек сүйеп, біртіндеп кісіге де иек сүйеп жүргендер. Жабықса , тарықса «құдай жеткізер» жұбаныш қылады.
Қазақ жеріне кешігіп жеткен «жеке басқа табынушылықты» әшекерелеуге жұрт белсене кіріспегендерімен іштегі қалың сең біртіңдеп ери бастады. Басшылыққа есі кеткен есерлерді тағайындап, колхоздастыруын ашаршылықпен жалғастырып ұлтына жаны ашыр азаматтарын халық жауы қылып аттырған билікке жұрт әлі де сене қоймады.

Боздақтарынан айырылып сағы сынған халық күнделікті тіршіліктің қамымен әуреленіп жүргендей көрінгенімен орта игілікті ойлар мен іске тола бастады. Бастың амандығы, қарынның тойғандығы енді көпшілікті қанағаттандыра алмады.

Ел есін жиып, бағы замандардағыдай ертеңіне көп көңіл бөлуге айналды. Сыртқа көп шығармағандарымен ұрпағына дұрыс тәлім-тәрбие, бағыт беріп мақсат-мұратына жету көпшіліктің көкейіндегі басты арманы еді. Былай қарасаң жайын жатқан ел, ертеңгісін ойламайтын бала-шаға. Бірақ бәрі бұлай емес. Жалпы бестөбеліктер тұрмыс кейістігі жүректерін сыздатса да сыр бермей, мойымай жүруге дағдыланған, әдет-ғұрпынан арылмаған тынымсыз жандар. Барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз жұрт. Ұлың жақсы болса - қуат, қызың жақсы болса - шуақ деп балалары үшін жандарын беріп жатады.

Күнде қайталанатын әдетіне енген, үйреншікті көрініске өзіміз онша мән бермесекте былайғы жұрт «жарайды кешегінің қаймағы бұзылмаған әдеті бар екен, бұған да шүкіршілік» дейді. Аты барда желіп жүріп жер танып, асы барда беріп жүріп ел таныған елдің ырысы, құты болған ақсақалдар әлі де баршылық еді... Ауылдағы теледидар да, радио да солар. Үлкенге сый құрметті, кішіге ілтипатты бесігіңнен сүйегіңе сіңдіреді. Ақсақалдар кеш болса жиналып алып, қисса-жырларды немерелеріне жарыстырып оқытады. Көршіге келген қонақ көшенің қонағы. Алыстан біреу ат айдап келіп ат басын тіреген үйге ақсақалдардың аяңдап барып жөн сұрауы үйреншікті іс.

Атаммен ілесіп мен де барам. Бастапқыда ізет сақтап үңдеңкіремей тымырсырайысқандарымен әлгіндей болмай әңгіменің тамызығы тұтанады. Ат көліктің, ел-жұрттың амандығы үйреншікті шүйіркелескен көл-көсір салиқалы отырысқа жалғасады.Үй иелері де қонақ сыбағасына көршілерді де қосып қотандастырып жібереді. Пейілі кең адамның дастарханының берекелі, майлы мол болатын әдеті емес пе. Қай үйге қонақ келсе де қан шығарылмағанымен қара табақты қайқитып сүр ет әкеледі. Қалтадан шыға қоймайтын насыбайлы мүйіз шақшалар жылпылдап қолдан қолға көшеді.

Бірәз әңгімелесіп жөн сұраса келгенде әлгі қонақ өз ауылындағы біздің туыстарды білетін, сүйек шатыс құдандалы болып шығады. Атам туыстарға сәлем айтады, аманат қылып омыртқаға шақырады.

Келесі күні көршінің қонағы біздің үйдің сыйлы қонағына айналады. Омақаның түпкіріндегі апамның ұн салған кебежесі ашылып сүр ет, қазы-қарта шығарылады. Ысталған еттің иісі үйді алып кетеді.

Аумалы төкпелі кезеңнің қуанышын да, өкінішін де көп көргендіктен шығар бестөбеліктер асып таспайды да, жоқ деп байбалам да салмайды. Қу тірліктің тынымсыз тынысы, бітпейтін әлегіне бой бермейді. Сыртқа шығара қоймағанымен ұзақ жылдар көкіректерін сыздатқан өткеннің зыпырандары да жоқ емес. Оларда ұқсастық көп. Ең бастысы өмірге көзқарас, ішкі жан дүниелеріндегі аз да болса үйлестік. Мүмкін ол тағдырларының күрме жіптей байланып бір болғанынан да шығар... Дегенмен Бестөбеде әлі де қазақтың еркіндігін еске түсіретін ерекше бір жүріс-тұрыстар сақталған. Біздің ауыл да аумаған сіздің ауыл сияқты білмейтіні жоқ. Бір шетінде түшкіргеніне екінші шетіндегілер «жәрәкмәллә» десіп отырады.

Көп тауқыметті, қуғын сүргінді, ашаршылықты көрген адамдардың бастан өткен қиыншылықтарын айтпайтынын аңғарасың. Өз орталары, сыр шертетін ерекше бір сәттер болмаса жұмған ауыздарын ашпайды. Ал өткен күннің белесі көріне қалса, ана-мына ұсақ түйекпен сөздің басын басқаға бұрып жібереді. Үнсіз қалады. Көздеріндегі мұң мен ой сөзсіз- ақ бірден жүрегіңе, жан дүниеңе шымырлап жетеді.

Бестөбенің балалары да ес білгеннен шалдардың сөзін естіп, үлкендерден үлгі алып, ісін істегеннен бе әйтеуір ерте есейеді. Ата баласы болып қасында жүргендіктен шығар, үлкендердің әңгімесін маған көп естуге тура келді. Қыстың дайындығы малға азық шөп шабуға шыққанда әңгімеге қарқ боласың.

Әсіресе жауынды-шашынды күндері шөп шабылмай қоста қымыз ішіп жатқан шалдар гөй-гөйге басады. Онда да соғыстағыларын айтса да, кәмпескенің кесірінен аштан қырылғандарын айтпайды.

Үкіметке, компартияға тіл тигізбейді. Әрі кетсе қабақтары қатыңқырап, түрлері бұзыла үнсіз қалады. Әңгіменің желісін жастық шақтарының қызықты сәттеріне бұра береді. Шалдардың әңгімесін тыңдай келе, кейде осылар оралмасын білсе де жастық шақтарын бет алды аңсай береді екен, деген тымырсық ой да келеді. Жаспын ғой не істеп жарыта қояр едіңдер деп миығымнан күлемін. Өзім мүлде кәртәймайтындаймын. Көп әнгімеден есімде қалғаны «Сары ала бие бәйжігіттегі» Құлнияз деген байдың он мың жылқысы кәмпескеленіп кеткенде кемпірі екеуінің аштан өлгені ғана. Бар байлығынан айырылып, 12 қанат киіз үйінің ішінде аштан өліп жатқан кәрі шал мен кемпір талай менің де түсіме кірді...

Шалдардың ұшқыр әдемі теңеуі, ойлы да ойнақы әзілді әңгімелерінен өткеннің суретін көргендей боласың. Тарих пен шежіреге айызың қанады. Қанша аумалы-төкпелі, соқпақты бастан кешірсе де, қайғы-қасіреттің көлеңкелерін бүркемелеп, өмірдегі асыл әрекеттерді қадірлейді. Шамалары келгенше сезімдерін жаңбыр тамшыларындай таза ұстауға тырысады. Адам деген атқа мағыналы тіршілік қана жарасады деп есептейді. Ақсақалдардың бұнысы көздері жеткен жерден арғыны білгендіктен емес, дүние тірлігінің бояуы қанық қымғауыт, қиын-қыстау сырларын танып білгендіктен болар. Аза артып, бейнет тартық, қуғын-сүргін, аштық көрдік деп өлімсіреп, мүләйімсіген біреуі жоқ. Керісінше, қысқа ғұмырлы адамға сай мәнді өмір сүрудің үлгісін көрсеткендей.

Елуінші жылдардың ортасынан бастап Қазақстан үшін рухани қасірет басталды. Тың игеру елдің экономикасын көтергенімен әлде болса да сақталып келе жатқан салт-дәстүрді бұзды. Мемлекет тарапынан жасалған экспансияға коммунистік диктатура қыспағында отырған қазақы рух дұрыс қарсылық көрсете алмады. Ұлттық мәдени ерекшелік дағдарысқа түсіп пышырады. Коммунистік идеология ұлттық рухқа қарсы жігі білінбей зілдене жылжыды. Ұлттық мәдениетті қасіреттің қара бұлты жапты.

Колхоздастыруы, ашаршылығы, соғысы жоя алмаған ұлттық ерекшелік ана тілінің өрісінің тарылуымен бірге азая берді. Салт- дәстүрдің азаюы, рухани дағдарыс әкелді. Біртіндеп ана тілін білмейтін балалар көбейіп, ұлт жіктеніп қалалық асфальттық және ауылдық болып екіге бөліне бастады. Атасы мен әжесінің сөзін түсінбейтін немерелер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулай өсті. Ал осының бәрін істеп, ызбарын төгіп тұрған Компартия туралы күдікті ойдың өзі қорқыныш әкеледі.

Рудниктегі 3 мектептің бірі - таза қазақ мектебі. Оған ерекше мән беруіміз 60-шы жылдардағы коммунизмге 20 жыл қалып, асыра сілтеуден төңіректегі аудан-қалалардағы барлық қазақ мектептері түгелдей жабылған болатын. Қазақша оқыса орысшаны нашар біледі, ештеңеге жарамай, оқуға түсе алмай қой бағып далада қалады деп, жұрт бір-бірімен жарысып балаларын орыс кластарына жаппай берген. «Хрущевтік жылымық» Сарыарқа жері үшін тың игеруден басталып, ауылдың іргесіне дейін жүгері егумен жалғасып, ұлтаралық достықты күшейту үшін қазақ мектептерінің жабылуымен аяқталды. Жылқының бәрі керексіздіктен сойылып, ауылдағы әр үй тек бір сиыр, төрт қой ғана ұстауға қақылы болды. Тамақты көп жейтіндіктен ауылдағы иттер бір күнде қырылып атылды. Ауыл ант ұрғандай тып-типыл болып, көшеде үретін бірде-бір ит қалмады...

Бестөбеліктердің қашанда көңілін ашып шерін тарқатар ән мен күй ғана. Біржан, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Естайдің әндерінсіз жиын-той өтпейді. Әсіресе Иманжүсіптің Ерейментауын жас баладан еңкейген кәріге дейін орындайды.

Абылай аспас Арқаның сарай белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы жалдаса лайланбас,

Нияздың Аюлы мен Қарай көлі.

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,

Ұйпалақтап бауырынан түлкімді алған.

Есіл, Нұра, Ереймен, Қара қойтас,

Көзімнен бұлбұл ұштың дүние жалған.

Ішім жалын болса да, құр денем сау,

Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.

Бүркіт ұстап басыңа бір шығар ем,

Көзіме бір көрінші Ерейментау.

Әрбір тарихи кезеңнің өз әні өз өлеңі бар. Жұрттың мұңына ортақтасып, жоғын жоқтайтын, рухының діңгегін берік ұстайтын тұлғаларды уақыт,өмір айдынына қалықтатып алып шығады екен.

Рухсыздану саясатының ағысына қарсы Шәмші Қалдаяқовтың әндері дүниеге келді. Бұл әндер өткенді ұмытып жайылып бара жатқан жұртты туған жердің қасиеттері арқылы ұшқан ұяларына қайта қонуларына көмектесті. Ән арқылы жан дүние тазаланып, жаңа өмірге ұлттық ерекшеліктерді ұмытпай жетуге тәрбиелейді. Махаббат сезімін оятумен бірге азаттық жырын ала келді. Ұлттық рухты оятып, қайта жандандырды, бостандықтың сағынышын халқына әнмен жеткізді. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындау отан сүйгіштіктің символына айналды.

Ғабит Мүсірепов айтқандай «көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін ән мен өлең ғасырлар бойы ел ойында қала беріпті, қорлана беріпті, оята беріпті, сергіте беріпті».

Қазақ жастары 20-ғасырдың 70-жылдары жазушылардың тарихи романдары, Есік қаласының қасынан Алтын Адамның табылуының әсерімен тарихпен таңдарын атырып, күндерін батырып жүрді. Бұл оянған ұлттық болмыстың, сананың ондаған жылдардағы отарлық қанаудың Қазақ этносының тарихи негізі жоқ деген “қатпа идеологиялық” қағидасына қарсы қаһар еді. Ұлтым, болашағым, атамекенім деген мектеп бітіруші ұл-қыздар ҚазГу-дің тарих факультетіне түсуді армандады. Ал зиялы қауым ұрпағына ұлтының тарихын, ата-баба шежіресін білдіруге ұмтылды. Әсіресе соңғы уақыттағы ұзынқұлақтың елге жеткізген Москва мен Ленинградта оқитын қазақ жастарының істері көпшіліктің аузында жүрді. Олар қазақ өссін, өзінің мәдениетін дамытып, тарихын, шыққан тегін ұмытпасын деп жұмыс істеп жатыр екен. Ұйымдарының аттарын да «Жас Тұлпар» деп қойыпты. Басшыларының ішінде Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов те бар екен деген гу-гу сөз елге тез-ақ тарап, жастарды да елең еткізді.

Айтылмаса да жұрттың көкейінде жүрген мәселе болғандықтан ел «Біз ойлағанды жастар жоғарғы жаққа жеткізіп жатыр екен ғой. Елдің ертеңін ойлайтын білімді жастар аман болсын»- деп желпініп қалды. Әй қайдам жоғарғы жағыңды, бізді тұғыртып, басып отырған өздері емес пе. Ертең-ақ ол жастардың тамырына балта салып құртпасына кім кепіл. Талай маңғаздардан айырылдық қой дегендер де болды.

Әй, не шықса да өзімізден шығады. Жастар қыршынынан қиылса соған кінәлі өзіміз. Бір бірімізге жанымыз ашымайды. Әркім өзімен-өзі әлек. Жақынға да, алысқа да қол ұшын беруден қалдық. Кешегі ашаршылықты да, «халық жауларын да» түртпектеп көрсеткен өзіміз емес пе. Қара басымызға құнтымыз жоқ, басқаға қалай пана боламыз.

- Иә, иә, мың айдаған байымызды да, ұлтының болашағын ойлаған зиялыларымызды да өзіміз ұстап бердік.

- Болды енді, қайдағы жоқты айтып, жылауларың таусылмайды. Одан да кәне, Қажыкен домбыраңды алып әу деші. Өткенде Алматыдағы бір мықты қазақ, бізге домбыра не керек, ол ескіліктің белгісі деп шатыпты. Домбыра ғой шіркін, терді тарқатып, бізді ғасырлар бойы адам қылып келе жатқан...

Әнші жігіт Естайдың Құсни-Қорланын шырқап кетті. Бұндай әңгімелер ойын-той, өлім-жітім бар, бас қосылған жерлердегі әдетке айналды. Көпшілік өкіметтің ыңғайына көшіп өлімді жерде молда семіреді, біз маймылдан тарағамыз деген ойдан біржолата арылып, қанға сіңген әдет-ғұрып қасиеттерін қайта жандандыруға тырысты. Домбырашы мұңды шертпе күйге басты. Күй әлдебір орны толмас өкініштің өксігіндей әсер етті.

Күй бітер-бітпесте ата-бабамыздың өзі болмаса да, көзіндей болған қасиетті домбыраны ескінің қалдығы деп жүргендерде ұят жоқ шығар тегі десті.

Жас тұлпар деген сөз арманшыл жастардың болашаққа деген қиял қанатына айналды...

Маусымның шаңқан ашық, желсіз тынық күндері шеке қыздырады. Сарыарқа шілдеге бет алғандықтан күні ұзарып, түні қысқарып қыза бастаған. Қолға мектеп бітірді деген аттестат та тиді. 1971 жылғы қазақ орта мектебін бітірушілердің басым көбі Алматыға бет алмақшымыз. Қат-қабат арман-сезімдер мектеп түлектерін әсем қала Алматыға жетелей берді. Жолға шығатын күн жақындаған сайын күндіз бір орында отырудан, түнде көз іліндіруден қалдық. Алға ұмтылған үміт-көксеу ұйқыны қашырды. Асқақтаған арман дем беріп, көңіл көк дөнен болып шабады. Сарыарқаның саумал желі ұшы-қиырсыз даланы шарлап өтіп біздің ауылға да соғып қояды. Күн арқан бойы көтерілгеннен бастап, менің де көңілім күй сазындай сергіп тербелумен болады. Қоңыржай жұлдызды түндер ұйқыны қашырып, арман қиялдармен алысқа сүйрейді.

Уақыт өтсеңші. Тосқанда бәрінің шабанданып тартынып қалатын әдеті емес пе. Тіпті күн де сағыздай созылып, ұясына батпайды. Күндіз- түні көкейде тек Алматы. Арман қала. Жер жәннаты. Алматының апортының өскенін көрсем деймін, дәмін татып құштарланып иіскеп, құмарымнан шықсам деймін.

Соңғы қоңыраудан бастап мектеп бітіруші ұл-қыздардың бәрі дерлік кім қайда оқуға барадының дайындығында. Бірәзі ұнатқан мамандығын қаласа, көпшілігі әйтеуір бір институтқа іліксем дейді. Кейбіреулер қалалардағы туыстарын сағаламақшы. Енді бірәзінің ойы көппен көрген ұлы той оқуға түсуді сылтаулатып шерден шығып бір қыдырып, қаланы шулатып келу. Ата-аналарында да әбігерлік аз емес. Бірі балаларының мектеп бітіргенін ат шаптырып дүрілдетіп тойласа, енді біреулер тайша-тұйша малдарын сатып балаларының жолына қаржы дайындауында.

Мектебіміз Республикадағы алдыңғы орын алған, ұстаздарымыз тәжірибелі болғанымен жылдан-жылға институтқа түсушілер саны азая берді. Ең бастысы қазақ бөлімі бар институттар Алматыда ғана. Ол алыс кім болса соның жағдайы жете бермейді. Екіншісі мұғалім жоқтығынан шет тілі оқылмағандықтан үш деген баға формальды қойылды. Қалған сабақтардан бес алғаныңмен әлгі үштің кесірінен конкурстан өтпейсің. Бестөбенің талай білімді өрімдей-өрімдей ұл-қыздары институтқа түсе алмай ауылда қалып жатты.

Ертең жол амандығы болса Ақмолаға бет алам. Ар жағына самолетпен ұшам, Алматы тиіп тұр. Ұлартқан үміт желпіндіріп, кешкісін үйге сыймай көше аралап кеттім. Бір-екі жолдастарымды ертіп қиял қызуымен өскен жерді қимай жүрдім де қойдым.

Тамыздың кеші жайымен тымырсып барып, жарық айлы тыныштығы мол түнге ұласты. Төңірек күндізгі тіршіліктің таусылмас күйбеңінен болдырып тастай қатып жым-жырт болды. Айдың жансыз жарығымен көкшілденген аспанда сансыз жұлдыз самсайды. Оларда маған қарап «ақ жол болсын» деп жымыңдайды. Тұра қалсаң құлағыңа дүние тіршілігінің жұмбақталған мол үні келеді.

Кеншілер мәдениет сарайының қасындағы би алаңындағы музыка үні қалықтап естіліп қараңғылыққа сіңуде. Әннің әуені көңілге сай келіп, қиялыңды тербейді. Музыка қаныңа сіңіп, бойыңдағы қуатты күшейтіп, тұла бойыңа сиқыр болып тарайды. Амалсыз еркіңнен айырыласың, жан дүниеңнің түбіндегі жұмбағың есігі ашылып сыртқа шығады. Еліктетеді, еліктейсің. Музыкамен бірге сенің арманың ғана емес өзің де әуендеп қалықтайсың.

Біз үш қабатты мектеп ғимаратының ауласына келіп отырдық. Жастар түн ауғанша билегені билеп, билемегені орталық көшедегі «бестөбелік бродвей» аталған асфальт жолмен қолтықтасып ерсілі-қарсылы жүр. Кей бозбалалардың кең балақ - колокола шалбарларының жиегіне салынған ұсақ шынжырлары асфальт сызады. Тар қысқа мини-көйлек киген қыздардың бөкселері бұлтыңдап, сандары ағараңдайды.

Бала кезден бірге өскен достардың әңгімесі біткен бе, уақыттың өте шыққанын байқамаппыз да. Әлгінде ғана төніп самсап тұрған көп жұлдыздардың нұры қарығып биіктеп кеткен. Достарыммен түннің қабағы сейіліп, көк жиектің етегі сазды бауырлана бастағанда ғана, сәл-пәл көз іліндіру үшін үйді-үйімізге тарадық. Әр қайсымыздың алған жолымыз басқа. Бір-бірлерімізді қимаймыз. Досыңнан ыстық ештеңе жоқ шығар бұл дүниеде...

Ақмоладан түнделетіп Алматыға бет алған АН-24 ұшағы Балқаш қаласының аэропортына жолай қонды. Күндізгі жер-көкті қуырған қапырық азайған. Ұшақтан түсіп қайта міну арасында қасымдағы Қайролла деген жолдасыммен буфетке беттедік. Жұрттың бәрі дел-сал. Ұшақта ұйықтаған жолаушылар мыж-тыж. Отырғыза бермей мазалап түсіргендеріне кеюлі.

Біз уақыт жеткілікті болғандықтан жолдасыммен аэропорттың буфетіне беттедік. Келгеніміз сол еді, екеуіміздің де көзіміз бірден буфет қабырғасында өрмелеп жүрген тарақанға түсті. Тарақанда тоқтай қалып таңырқай бізге қарады. Шарасының сыртына теріс айналған көзін төңкере түсіп, ұзын мұрттарын қайшылай бастады. Біз жиіркеніп кезектен үн-түнсіз сыдырылып шығып кеттік. Сәл тітіркеніп қалғандарымызбен арман буы, алып ұшқан жүректеріміздің лебі бойымызды сергіте берді. Есілдертіміз Алматыға тез жету.

Әрине қиялдарымызбен әлдеқашан Алматы аэропортына жеткенбіз. Тек онда бұрын болмағандықтан, көкейлеріміздегі Алматыны нақтылы көз алдарымызға елестете алмай әуреміз. Ұшаққа отырдық. Қайтадан жүректеріміздің дүрсілін ұшақ моторларының дауысымен бірдей естуге айналдық. Уақыт өтсейші …

Арман асқақтығы қандай ғанибет. Әттең тек ұшарға қанатымыз жоқ. Алматы бірден айналасына шағылысқан айдын көлдей дөңгеленіп жарқ етіп шыға келді. Қапсыра басқан қою қара түн астындағы алтын тас сияқты жарқырап от шашады. Жалғыз мен емес, Алматыға бірінші рет келе жатқан кісілердің бәрі де иллюминаторға ұмтылды. Алматыға асыққан адамдар бір мезгілде ерекше бір күйге түсе қалды.

Ұйқыларынан сілкініп, жайдары-шадыман көңіл-күй ұшақ ішін толқытып жіберді. Ұшақ айналдыма керек, әйтеуір жарық үстінде ұзақ ұшты. Ұшақтың дөңгелектері жерге тигенде, мотор дауысы құлақ жарардай күшейіп кетті.

Ұшақтан баспалдақпен түсе бергенде суық жел ұрып, дене мұздатты. Қайнап тұрады деген Алматы бойды тау етегінен жеткен салқынымен шымырлатты.

Аэропорт басы күндізгідей жарық. Ығы-жығы халық. Өзімен-өзі болған жұрт. Отырарға орын жоқ. Бастапқыда төңіректі олай-бұлай жүріп қызықтап қарағанымызбен қалаға кете алмай, алып-ұшқан көңіліміз суыды. Жүретін экспресс 92 автобусы 6-дан жұмысын бастайды екен. Аяқ асты чемодан, сөмке. Аэропорт іші араның ұясындай гуілдеген дауысқа қалықтап тұр.

Еңсесі биік болса да, кішкене аэропорттың осыншама адамды сыйдыруы таңғаларлық. Әлсін-әлсін көп жыл темекі тартқан шахтердей қырылдап ұшақ келіп қонады, арасында тіркеу басталды, не аяқталды деп бір әйел ескі дырылдаған микрофоннан баж ете қалады. Адамның көптігі, жолдың ұзақтығы бізді болдыртты. Ұшақтан түскен беттегі қарқыннан мүлде арылдық. Оның үстіне буфеттен шәй алып ішпек ниетпен кезексіз өтіп кетеміз деп бір әйелден сөз естіп, сәл болмағанда екі-үш еркектен таяқ жей жаздадық.

Не керек денелеріміз ауырлады, ұйқы да басайын деді. Жұрттан көргендерімізді істеп, сырттағы ағаш арасындағы көгалға чемодандарымызды жастанып қисайдық. Кезекпен ұйықтамақшы болсақ та, чемодан, киім күзету жайында қалып, бірден ұйқыға кетіп жоқ болдық.

Қайролла екеуіміз мұрындарымызды жарған апорттың иісінен ояндық. Таң атыпты. Ерекше сезім, жүректерімізді алып ұшырып, кеуделерімізге сыйғызбай, көңілдерімізді аспанға қалқыта жөнелді. Армандаған Алматы. Алатау да ақ басы ағараңдап, қол созым жерде тұр. Жеттіңдер ме дегендей, сабырлы сары алтынды кейпімен күлімдейді. Сәлден соң, апорттың иісі бас айналдыра бастады. Кешегі жолдың бейнетінен - ақ жауыннан кейінгі даладай тазарып сала бердік…

Жалма-жан чемодандарымызды сүйрете автобустың аялдамасына жүгірдік. Есілдертіміз университетке тез жету. Аялдамада да автобус күткен ұзыннан-ұзақ кезек. Кешегі тәжрибе бар, кезексіз кимелемей сыпайыланып кезек тостық. Қаланың адамдарына ұқсап, бәрін білетін адамша өзімізді еркін ұстауға тырыстық. Бір-бірімізге бірдеңе айтқан боламыз, негізінен жұрт не істер екен деп соларды аңдудамыз. Бізге қарап онша мән берген ешкім жоқ. Кезектің соңын сұрайды, қол жүгін аяғымен жылжытып газеттерін оқып тұра береді. Сөйлеспейді жөн сұраспайды. Өңшең жарма бітеу біреулер...

Ауылдың адамына қаланың ұнамайтыны содан ғой. Институтқа түсе алмай үйге қайтуға ұялып жұмыс істеп жүрген көршінің баласы айтқандай. Өңшең тоңмайын, арамза, іштерінен мерезденген бірдеңелер дегені рас та шығар. Мойындары бұрылмай өңештеріне таяқ тығып алғандай тікбақай қақиғандар. Экспресс автобусына міндік-ау әйтеуір.

Алматы жап-жасыл. Аспанмен тілдескен биік ағаштар әр жерлерде егілген гүлді өрнекті әшекейлер. Қайролла екуімізде үн жоқ, көзіміз сыртта. Бір-бірлерімізге қарап қалғанда алаулаған жүздерімізден бақыт нұры қызарып жылт етеді. Алып ұшқан көңілімізді басу үшін, көздерімізді тайдырып әкетеміз. Автобус бағдаршамға тоқтады. Алдымызда көгалдан солынған Ленин тұр. Көзіміз шарамыздан шығып кете жаздады. Автобус орнынан бажылдай күшене қозғалғанда Ильич көсем езу тартып күлімдеді. Автобус болмағанда төбеміз көкке жетіп, кеудеміз қуаныштан жарылып кетер ме еді, әлде қалай.

Жұрт айтқан аялдамадан түскендерімізбен КазГУ-дың ғимаратын көп іздедік. Өткен-кеткен кісілерден сұраймыз “әне” деп көрсетеді, көзімізге биік-биік ағаш арасынан үлкен мекеме, зәулім үй түседі. Шабадандарымызды арқалап барамыз, ол не Алматы қонақ үйі, не баспошта, не Абай театры болып шығады. Осылай бір квартал жерді айналдық та қойдық. Күн ысыйын деді. Шаршадық. Алматы қонақ үйін тағы бір айналып алдында кішкене су шапшыған ескі фонтаны бар Гүлдер деген кафенің қасына келіп орындыққа отырдық.

Танымайтын қала, ешкімнің-ешкімде ісі жоқ. Қаншама пысықайланып, мектептегі балалардың алды болғанымызбен киімдерімізден де, жүріс-тұрыстарымыздан да басқа жақтан екендігіміз білініп-ақ тұр. Ауылдың сәлемін айта келгендей ескі дөкей шабандандарымыз тағы бар. Соғысқа баратындай қасық пышаққа дейін үйдегілер салып берген. Әйтеуір күн ыстық еріп кетеді деп май салмады...

Немересін қыдыртып жүрген үлкен ақсақал бізден көз алмай ұзақ қарады. Жақындап келіп байыпты жылы дауысымен амандасты. Шырайлы, ат жақты, жүзі жылы еңселі ақсары жұқаң кісі екен. Күлімдеген көкшілдеу көздері сағынып көрген адамдай жылы тартады.

Біз ауылдағы үйреншікті әдеттерімізбен орындарымыздан атып-атып тұрып қол берістік. Ақсақал қоңыр дауысымен қайдан келгендерімізді, елдің жағдайын сұрап өзіне тез-ақ үйірді. Бапты, қоңыр дауыспен биязы сөйлеген шал былтыр ғана қайтыс болған атама ұқсап кетті. Әсіресе көк көздері күлімдеп сөйлеген сайын бас изегені аумайды атам...

Атамның тері сіңген көйлегінің иісі мұрыныма келгендей болды. Бауырында өскен атамда институтқа түскенімді көре алмай кетті-ау деп ойладым. Тірі болса жүрер еді ғой мына шалға ұқсап. Сөз арасынан өзіміздің университеттің ауласының қасында тұрғанымызды білдік. Қасымыздағы ғимаратты әлде-неше айналғанда КазГУ осы болады-ау деп ойларымызға кірмепті де. Үш қана қабат, көзге сүйкімсіз, өзі жөнделмеген алқам-салқам бірдеме. Есігінің алдында тым болмаса университет деген маңдайша жазу да жоқ. Ақсақалмен шала қоштасып, шабандандарымызды сүйретіп, университеттің есігіне бет алдық...

Абиұр болғанда елден өтіп келген дәрігерлік құжаттарымызды іске асып, бір-ақ күнде айды аспанға атып КазГУ-дің абитуренттері болып шыға келдік.

Абитуриенттік уақыт жанталас, консультация, емтиханмен зымырап өте шықты. Емтихан күні жерлестер жиналып саған жанашырлық жасайды. Жақсы баға алсаң мерейлері өсіп, көңілденіп қуанып кетеді. Төмен баға немесе екі алып құлап қалғандарымызды жұбатамыз. Келесі жылы міндетті түрде түсесің деп рухтандырамыз. Жылы сөз айтып жұбатқанымызбен көңілімізді кір шалып, ренжіп қаламыз. Жерлестердің ішінде бір-екі жыл студент болып ысылып қалған Қасымбекова Майра бізді туған інісіндей қамқорлыққа алды. Қаламен таныстырды, оң-солымызды танытты. Ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңып, емтихан тапсырған күндері барлық жерлестердің қасында болды. Ауылыңның баласын туған бауырыңдай көру қанға сіңген қасиетке айналды...

Азапты кезең конкурс болды. Бір орынға 22 адам. Бәрінің балы жоғары. Конкурс тәртібі өте қиын. Әуелі “льготниктер”, жеңілдігі барлар, жетімдер, әскерден келгендер, екі жыл жұмыс істегендер өтеді, содан соң барып балыңның санына қарайды. Институтқа түсе алмаған бір бала әжесіне құладым депті. Әжесі сонда байқап жүрмейсін бе, сенің тұсауыңды Мәкәсияға текке кестіріппін деген екен. Соны естігенде мазақ қылып күлгенбіз. Өгізге туған күннің бұзауға да туатының ойламаппыз. Өз басымызға да келді.

Емтихандардың үшеуінде беске тапсырдым. Тек оқылмаған шет тілінен үш қойып берді. Бұған аттестаттың орта балы қосылып бәрі 23 балл жинадым. Жаман емес сияқты. Жатақханада тұратын абитуриенттер тұра сала университетке жүгіреміз. Біз асықты деп комиссия асықсын ба, байқаудың шешілімі шықпай қинады. Деканмен кездесу болғанда спортпен айналысам, өлең айтам, би билеймін, оқуды жақсы оқып, тәртіпті боламын деп көпіртіп уәде де бергем. Уақыт өтпей, қорқыныштан жүректің дүрсілі көбейіп, ас батпауға айналды.

Көз майымызды ағызып тосқан тізімде шықты. Оқуға түскендердің арасында менің фамилияма тіпті ұқсас фамилия жоқ. Қайта қайта қараймын. Фамилиям жоқ. Сәтсіздіктің қара бұлты басып, көңіл-күй бірден тас-талқан болды. Жол болмай үміт үзілген деген осы. Не істерімді білмей күйінгенім сонша өмір сүргім келмей кетті.

Бәрі бітті. Жүрегім қысып бір орында тұра алмай басым ауған жаққа жүре бердім. Қанша жүргенім белгісіз, есімді жисам аэровокзалдың кассаларының қасында тұр екем. Өзіме-өзім келгендеймін, бей жай болсамда бұлан-таланым тараған сияқты. Шекемнің салқындағанын, өзегімнің ашығанын сездім. Сарымайдай сақтап қатып ұстап жұрген бар ақшама самолетке келесі күнге билет алдым. Билетті қолыма ұстаған күйі «үйге қай бетіммен барамын, масқара-ай» деп тағы қиналдым. Бетіме ұяттың қаны теуіп, көңілім құлазыды.

Әжем әрі кетсе көзін бір сығып алып, үйге келгеніме қуанбаса ренжімес. Намысқой атам еді. Көршінің иттерімен таласып жеңіліп қалса шоқпарымен «қалпитайын» деп Құтжолды ұрып, ас бермей жүрген атам тірідей жарылып өлері сөзсіз. Көз алдыма атамның әлде неге ренжігенде үндемей еңкіштеніп алып шоқпарымен насыбай үгете беретіні келді. Кеше түсімде атам күліп жүрген сияқты еді, мен түсті дұрыс жорымаған болдым. Әлде түсіңде көрген керісінше бола ма... Тығырыққа тірелдім. Не істеймін қайда барам. Екі қолға бір күрек. Аштан өлмес қарынның қамының тұтқыны болам ба.

Түс ауа ынжырым түсіп, қабылдау комиссиясындағы аттестат, мінездеме сияқты іс қағаздарымды алуға бардым. Бұнда да кезек. Байқаудан өтпеген ұл-қыздар жанталасып басқа институттардың байқауына қатыспақшы. Мен сұлықпын. Қазақстандағы жалғыз университеттің менің маңдайыма жазылмағанына кеюлімін. Іс-қағаздармен айналысып отырған тарих факультетінің жоғарғы курс студенттері болатын. Меруерт деген қыз - «Сен тоқта, бәрі жақсы болады» - деп іс-қағаздарымды бермеді. Ештеңе түсінсем бұйырмасын. Қалай жақсы болмақшы, байқаудың шешімі шықты ғой. Байқаудан өтпегеніме әлі де тарамаған қазандай өкпем бар еді. Менің аттестатымды беріңдер, самолетке билет алып қойдым деп қырсықтым.

Қызда шақар екен, мені дырылдатып деканға алып барды. Жолда бұндай мүмкіншілікті жіберуге болмайды, ауылың қайда қашар дейсің деп ақылын орысшылап айтып келеді. Қазақша сөйлемейтін қаланың балаларын ит етінен жек көретін басыма мына сұлу өткір қыз ұнап барады. Сөйтсек, Москваға екі жолдама келіпті. Орталық жоғарғы оқу орындарынан Республикаға жоспарлы түрде орын бөледі екен. Ал байқаудың нәтижесі бойынша тізім маған жетіп тірелген. Енді мен заң бойынша бірінші болып өтуім керек. Меруерт қыздың айтқаны сол.

Декан қарапайым, жұқа өңді тез сөйлейтін ақкөңіл адам еді. Бірден әй-дей жоқ: «Москваның мұрағат институтына барасың ба?»- деді. Сасып қалдым. Мә саған деп біреу төбемнен шоқпармен періп қалғандай болды. Орысшаға шорқақ маған Москва не атамды алған, мұрағаттық мамандықты не істеймін. Дегенмен елегізу ұмытылып, үміт дүниесі еселеніп өсе бастады. Ой мың құбылды.

Қаңғыбас қиялдың соңына еріп бармайтын жері бар ма, көз алдыма Москва ондағы «жас тұлпардың» жігіт-қыздары елестей қалды. Декан: «Неге үндемейсің, барасың ба, жоқ па?» - дегенде, мен үшін Меруерт қыз: «Барады, барады!» - деп жауап берді. Декан: «Мынаның іс-қағазын дайындаңдар, Софияға айт» - деді. Мен мелшиіп тұрмын. Меруерт мені енді қолымнан ұстап әрі сүйрей жөнелді. Техникалық хатшы деген есікке кірдік. Қатар-қатар үйілген іс-қағаздарын ақтарып жатқан көзілдірікті жас келіншек Софья болып шықты. Олар екеулеп менің іс-қағазымды ақтара бастады. Бірі шет тілін оқымапты болмайды дейді, екіншісі алып кетеді жібере салайық деп болмай жатыр. Мен қиялыммен Москваға кеттім. Мұрағатшы мамандығын алып, ескі қағаз қоқысты ақтарып отыратын көзілдірікті кісіні елестеткенде денем тітіркеніп кетеді. Әй бірақ Москваның аты Москва ғой. Қыз бен келіншек: «Болмайды!»,

« Болады!», «Оқи алмайды!», «Оқиды, онда тұрған не бар, түссе, алып кетеді!» деп, біріне-бірі дәлелдер айтуда. Мені сыртқа шығарып жіберіп тағы бірәз дауласты.

Танып білмейтін адамдардың мен үшін осыншама қам жегеніне қарап, өзімде осал емес екенмін ау деп, бойым биіктеп көңілім көтеріліп қалды. Іс қағазыммен қыз келіншек деканға кетті. Ол күні мәселе шешілмеді. Жиған балым жеткенімен орысшам шамалы, шет тілін оқымағанмын. Қайтадан көңіл күптілігінің сүркілі басталды. Ақыры не керек ниеттері дұрыс, жақсы адамдардың көмегімен Москваға өтпегеніммен босаған орынға ілігіп КазГУ-дің студенті болдым.

Шама-шарқымызға қарай көсіліп, өзді-өзіміз болып жерлестер бас қосып Никольск базарының ішіндегі кафеден дөнген лапшасын жеп тойлап та тастадық.

Студенттік өмірдің ең қызықты шақ екеніне көз жетті. Жазғы таңдай жайнасқан, ұйқысыз, күлкісі көп студенттік өмір бізді шұрқ иіріп ала жөнелді. Бірден Еңбекші қазақ ауданына көкөніс жинауға ауылшаруашылық жұмысына кеттік. Көппен көрген қызыққа не жетсін, көңіл шалқалақтап ес шықты. Мәзбіз. Не істесек те күліп-ойнап істейміз.

Помидорда мұндай көп болама, күннен күнге титықтата берді. Қаланың қыздарының тырнақтары сынып, мияулауы көбейді. Мінездерінен де биязылық кетіп, дауыстары шаңқылдап шығуға айналды. Жергілікті балаларда кеш болса килігісіп маза бермейді. Күні бойы тырбыңдап, бүкшиіп жиғанымызды кешке басқа жаққа әкетіп жатады. Сол бізге бригадир болған жергілікті әйелдерді кейін көк базардан көкөніс сатып тұрғанын талай көрдік. Жұмыс істеп жүргенде «жеріміз жоқ, егіс еге алмаймыз» деп жүретін. Жинағаннан жеп-шашқандарың көп деп күнде ұрысушы еді, қайдан келген көп көкөніс, бір құдайым білсін...

Айдың аяғында ақша айырғанда көбіміз жеген тамағымызға қарыз болып қалдық. Ешкім тиын-тебен таппады. Біз ауылшаруашылық жұмысының біткеніне мәзбіз. Итің-қыржың, салпақтап тырбаңдау таусылды. Шаршағанымыз ұмытылды. Алда университет, арықтан су ағып, апортының иісі мүңкіген сүйікті Алматы. Топырлап шулап келіп, топырлап мәз болып кеттік.

Қыркүйектегі Алматы ерекше. Жеміс-жидегі әбден пісіп, марқайып шашылған кез. Қайда барсаң да алманың иісі кеңсірігіңді жарады. Алматының ауасының құрамы апорттың иісінен тұратындай. Тек ағаштардың жасыл жапырақтары ғана жасы келген қариялардай салбыр-салыңқыланып түстері күлкілдей бастаған. Кейбір сарғыш тартқан жапырақтардың шеттері жиырылып үзіліп түсетін күндерінің жақын екенін меңзейді. Шақырайған күнді көресің, бір орында көп тұрсаң беліңді жел қуған аяз шымшиды. Жылы күні тұла бойың мұздап сала береді. Қалың киінсең пысынайсың, жеңіл киінсең жауырын арқаң сыздап қалтырайсың. Никольскі базарының айналасындағы абыр-сабыр көбейе түскен. Жаздай дем алып, құрылыстан, комбайннан ақша тауып келген студенттердің қарқындары қатты. Көңілдері көтеріңкі, сессия алыс...

Алғашында қала өмірінің желісіне, сабақтың лекциялық, семинарлық түріне үйрене алмай қиналғаныммен жаңа жолдастар, студенттік жатақхана өмірі тұңғиық иіріміне іліккендей бірден жетелеп үйіріп әкетті. Күннің атысы мен батысы университетке баруға ғана сәйкестенеді. Ең артысы тамақ ішудің мерзімі қарнының ашқанына емес, қалтаңдағы ақшаның барлығына байланысты.

Тарих факультетінің қыздары да сұлу. Жәйдің өзінде өткір көздерін аударып қарағанда бір түрлі іштегі жылылықты сезесің. Әлде бір қуаныш екпіні қаныңды тамырлай ала жөнеледі. Бетің дуылдап қызара қаласың. Үнсіз сөйлесу деп осыны айт. Ғалия деген тарихшы қызға да ғашық болып,

Айым да сен, Ғалия, - Күнім де сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең - деп Балуан Шолақтың Ғалиясын да айттық.

Күнделікті аласұрған жүгіріс қызықты хикаялар тізбегіне ұласа берді. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген балалардың мінез-құлықтары, салт-дәстүр, жейтін тамақтары да әр түрлі. Ауылға 1929 жылы колхоздастардан қашып күнде кешкісін алтыннан ардақты, күмістен салмақты деп жақын туыстардың атын атап хат жазамыз. Аты аталған туыстардың кейбіреуі ақша салады. Міндетті түрде күнде бас почтаға соғып аударма ақшаны тексереміз. Степендия алған күні шала байып, желдіре жүріп жерлестерге жетеміз.

Бірде алғашқы стипендиясын алып Аман досым салып-ұрып университетке жетіп келді. Қасына екі-үш ауылдасымызды ертіп алған. Қуанып кеттім. Ауылдың жаңалығын естіп шер тарқатысатын болдық. Группалас студенттердің алдында да мерейім өсіп қалды.

Алматының қыркүйегі күндіз қапа, кешке қоңыр салқын. Түскі тамақ уақыты. Аққу мен Театральныйда ыстық тамақ болмайтындықтан Гүлдер кафесіне бет алдық. Адам көп екен, столдардың бәрі толуға жақын. Аман арқаланып, желпініп алған. Бәрін ұйымдастырып, официант қашан келеді деп тыпыршып шыдамсыздануда. Қалтасында ақшасы бар екені анадайдан көрініп тұр. Шүйіркелесіп, жарыса сөйлеп елдің жаңалығына кірістік.

Әңгімеміз енді қыза бергенде, сүп сүйкімді, ақ кофта, қара юбка киген талдырмаш сары шашты қыз келе қалды. Бәріміз кірпік қақпай қызға тамашалай қарадық. Жұқа ерінді сұлу қыз күлімдей амандасқанда әңгімеміз шорт үзілді. Бәріміздің көкейлерімізден құмарлықтың көк елесі көлбең етті. Аман біріншіге бес борщ деді. Сұлу қыз алжапқышының қалтасынан блокнот пен қарындаш алып жазған күйі, екіншіге не аласыздар деді. Аман мүдірмей біз екінші алмаймыз тек бірінші аламыз деп маңғазданып салмақтана қалды. Қыздың дауысының екіншіге не деп қайта-қайта сұрағанынан сескендік.

Әлгіндегі қызға қараған ынтықтан тез арылып, басқалай қарай бастадық. Орысшамыз онша емес, бәріміз де қазақ мектебін бітіргенбіз. Кіп-кішкентай тұрымтайдай қыздың дауысы мұндай ащы, қатты болар ма. Аман да көтеріле мен екіншінің керегі жоқ тек бірінші керек дедім ғой деп едірейді.

Қызда қырғи қабақтана қырсығып, жарылып кетердей долдана ісініп, ал үшіншіге не аласыздар деді. Аман үшіншінің де керегі жоқ, бірінші керек, ең жақсысын әкел деп қызды менсінбей бізге қарады.

Официант қызымыз қолы дірілдеп жаза алмай қалды. Безгек ұстағандай селкілдеп барады. Бір кезде залды жаңғырта есі кете күліп жіберді де, жүгіре жөнелді. Жынды адамша күліп барады. Аң-таңбыз. Отырған жұрттың бәрі бізге қарап қалыпты. Ыңғайсыздық туды. Бірдеңені бүлдірдік, не екенінің мәніне әлі толық жетпедік. Мен ақырын дауысымды шығара шықпас қылып «жатахананың асханасынан дүнген лапшасын жей салу керек еді» дедім.

Аман енді маған едірейіп, не алсам да өз еркім, біріншісіне, ең жақсысына тапсырыс бердім. Онда тұрған не бар, студент адам емес пе, біз кімнен кембіз деп килікті. Қиқар мінез неме еді, жанжалдасып қалармыз деп сөзімді қоя қойдым. Жолдастар үнсіз. Ойымыз тездетіп тамағымызды ішіп кете қою. Борщ келді, іше бастадық. Аузымызға дәмді тамақ тиген соң түріміздегі қыртыс-тыртыс жазылып, бетке қан жүгірді. Аман досымыз иығын қозғап қомданған күйі «тырп етпеңдер ақша жетеді, бұларды осылай қатырам. Ішкесін біріншісін – ең жақсысын ішу керек, ас адамның арқауы, келешекте студенттерге дұрыстап қарайтын болады» деп маңғазданды. Біз жымыңдасып құптай бас шұлғыдық.

Борщты ішіп бітірер бітірмесімізде әлгі официантка қасында жасаңдау бала бар тағы бес борщты алып келіп столымызға қоя салды. Қыздың түрінде бізді мұқатқан мырсиған кекесін бар. Біз тілден айырылып үнсіз қалдық. Мынандайды іштік деп айта алмадық. Көзіміз ақиып шарасынан шықты. Бәрінің беті ашылды. Ту сыртымыздан біреулердің мырс етіп күлгендері, жөтелгендері естіле бастады. Ақырын жан-жағыма көз салып едім, отырған адамдар тамақтарын ішулерін тоқтатып бізге қарап қалыпты. Жамырай қараған самсаған көздерден ұялыс таптық. Мысыққа ойын, тышқанға жан керек. Білдіртпейміз дегенімізбен қысылдық. Қапырық күннің ыстық ауасы бар бірден бырсыдық. Бәрімізден ағыл-тегіл тер кетті.

Мә, саған «первый – ең жақсы». Не істерімізді білмей састық. Бесеуімізде басымызды тарелкелерімізден көтермей аштан келгендей апыл-ғұпыл жарысқандай ішіп отырмыз. Мақсат тезірек «первый – ең жақсы» тамақты тауысып қашу. Жұрттың бәрі тамақ ішулерін біржолата тоқтатып көздерімен енді бізді жеуге айналды. Тойынған еріккендерге қызық керек, жамырай қарап қалыпты. Құтты бір цирктегі аңдардың ойындарын көргендей естері шығып, орындарынан тапжылмайды.Бір кезде отырған жұрт аспанды жарып жіберердей қарқ ете түсті. Қыран топан күлкі, жан-жағына жалтақтай қарап күлмеген біздің стол ғана. Әлгі официант қызымыз бен бала тағы борщ әкеле жатыр. Жолдастарымыз сыртқа қарай тұра жүгірді. Столдың басында Аман екеуіміз ғана қалдық. Залдағы күлкі толастасыншы. Әкелінген тарелкадағы борщтар столға сияр емес. Аманға дауысымды шығара зеки есептес, ақшасын төле деуге шамам зорға жетті. Ол қанша екенін білмеймін 3-4 қағаз ақшаны ұмаждаған күйі столға тастай салды.

Артымызға қарамай жүре жүгіре сыртқа шықтық. Кафедегі қыран-топан күлкі дауысы естілмей қалғанша артымызға бұрылмадық. Жон арқамыз су боп ақты. Түрлеріміз де өрт сөндіргендей. Жолдың екінші жағында іштерін басып күлкілерін баса алмай тұрған жолдастарымызды көрдік. Аман қатты ренжіп үнсіз қалды. Мен сол бірге келіп бізге күлген жолдастарымызды жек көріп, кейін араласпай кеттім. Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады дейтіні рас екен. Біраз уақытқа дейін кафе-ресторандарды анадайдан айналып жүретін болдық.



Республиканың маңдайына біткен жалғыз университет революционер С.М. Кировтың атымен аталады. Оқу негізінен орыс тілінде. Қазақ группалары бар, бірақ қазақ тіліндегі кітап тапшы. Әсіресе тарих факультетінің қазақ бөліміне түскен ауыл балаларына қиын. Бағдарлама социалистік идеяға икемделген, лекция да көп. Студенттер оқулық жетпегендіктен кезекпен күні-түні оқиды. Түсінбеген сөздерін бір-бірінен сұрап әлек.

Бірде көппен жәй өзара күңкілмен шектелетін көкейлеріміздегі көп мәселелердің біразы факультеттің жалпы комсомол жиналысында үлкен жарыс сөзге тиек болды. Даудың басы Дайрабайдың қасқа сиыры демекші, сөз қазақ группаларында оқитын студенттердің үлгерімінің нашарлығынан басталды.

Осыған дейін деканатқа мұғалімдер студенттерге шағым жасаса, енді жиын үстінде студенттер қазақ тілінде дұрыс лекция оқылмайтынын, ең бастысы оқулықтардың жоқтығын баса айтты. Сөйлеген студенттердің барлығы дерлік лекцияларға қанағаттанбайтындарын, университетте көп дүниенің жасанды екенін, партия қызметкерлері, басшылардың балаларының өрескел қылықтарына ешкім ештеңе демейтінін, көрер көздегі әділетсіздіктерге ашына тоқтады. Жиын піскен сүттей тасып, күн тәртібі мәселерінен әрі кетті.

Жиналысқа қатысып отырған декан, кафедра меңгерушілері, кураторлар айналаларына жалтақтай қарап, шошиын деді. Күтпеген жағдай. Жұрт таң қалды. Үндемей, тәртіп сақтап жүрген студенттердің өздері өз ойларын ортаға салып белсенділік танытты. Ұстаздардың біразы шәкірттерінің ұсыныстарын іштей қолдап отырғаны сезілді.



Тарих факультетінде тарихи қиянатқа қарсы кезінде Бекмаханов, Сүлейменов сияқты ғалымдар салып кеткен «шындық күрес» мектебі бар еді. Профессорлар Бекмаханов пен Сүлейменовтер 1949 жылы Сталин шешімі негізінде Қазақстанда Ұлт-азаттық көтерілістерді, Кенесары Қасымов туралы жазғандары үшін 20 жылдан сотталған болатын.

Ақыры декан айтылған мәселелерге жақын арада анықтығына жетіп жауап беретінін, ректорат алдында ұлттық тілде кітаптың аздығын жеткізетініне сөз берді. Шындықтың шегіне жетпекші болған студенттер, бастан қан шықты тоқтаудың не керегі бар дегендей жиынды жапқанның орнына деканның жауабын күтпекші болып кейінге қалдырды. Бұл жалғыз тарих факультетін емес, университетті дүр сілкіндірген оқиға болды.

Кім не деді, қалай болды, жиналыс туралы сөз сол күні жатақханаларда шәй үстінде әр бөлмеде таң атқанша қызу талқыланып жалғасын тапты. «Жас Тұлпарлықтардың» идеясынан қаныққан жастар рухани серпіліс үстінде болды. Студенттер жиналыс екі-үш күн ішінде қайта жалғасып жағдайымыз жөнделеді. Университет басшыларына жеткен соң қойылған мәселелер шешіледі, әсіресе, ұлттық тілде оқулықтар көбейеді деп дәмеленді...

Тарихшы-студенттердің еңселері биіктеп, көтеріліп қалды. Жастардың сымсыз телефондары ерекше жаңалықты Алматы қаласындағы оқу-орындарындағы студенттерге сол күні-ақ жеткізді. Жиналыста көтерілген мәселерді барлық жатақханалардағы студенттердің қолдайтыны тез арада жаңалықтың шыққан жеріне жаңғырып келіп жатты. Кейбір қызбалау жастар жағы керек болса көшеге ереуілге де шығуға дайын екенін білдіріп сәлем айтыпты. Ана тілінің орны, ұлттың болашағы туралы жатақханадағы таң атқанға дейінгі пікір алысулар көбейді. Сандықтың аузы ашылды. Іштегі запыранға айналған арман-қиялдар мен кіммін, қазақ басқадан несімен кем деген ойлар сыртқа шықты. Алаш зиялылары, халық батырлары еске алынды. Ашық айтылмаса да ел болу үшін Тәуелсіз болу керек деген ой көкейден мәңгілікке орын ала бастады. Жатқаннан кейін де студент-тарихшылар ұйықтай алмай, қиялдарына келген елестерден жүректері алып-ұшып, кірпік қақпай лекцияларына барып жүрді.



Екі-үш күннен кейін факультетте өзгеше бір жағдайлар орын ала бастады.

Жиналыста сөйлеген студенттер бір жаққа кезек-кезек кетіп қалып жатақханаға түрлері күлдей бозарып, бастырылып кешігіп келетін болды. Өздерінің мінездері өзгеріп, көп сөйлемеуге айналды. Әлде бір тұйықтық пайда болып, дұрыс байқаған адамға олардың жүріс-тұрыстарында осындайда болады екен-ау деген үрей аралас дәрменсіздік көрінді... Саудыраған ақ көңіл мінезді ауылдан кеше келген студенттердің бірден ұнжырғасы түсе қалды.

Көздерінен айтылмаған, жауабы табылмаған көп жұмбақты сезесің. Факультет қабырғасында да, жатақханада да көрінбегенімен, әлде бір белгісіз қорқыныш елесі кезе бастады.

Жас тарихшы студенттердің жабырқаған көңілдерін жазылмас мұң басты. Жастардың сынған көңілін аулап, қиыншылықтан шығар жол сілтейтін ешкім табылмады. Бақытты болашақтың бояуымен әшекейленген социалистік томырық мінез топастықтың машинасы қызыл қыршын жас ұланның, 1 курс студенттерінің сана сезімін уландыруға кірісті.



Қызығына қанып болмас студенттік жан рахатының ауылы алыстады. Мұғалімдердің жиналыстағы сөздері жайшылықтағыдай шымыр шықпай, әйтеуір сөйлеудің мыжымасына айналды. Біз көгендегі қозыдай жіпсіз байланып отырамыз. Сөздің бір түйірін түсірмей ұғып алатын құйма құлақ студенттерің жоқ. Көзіңді алмай тесірейе қараған боласың, көретінің ол емес. Дем шығармай тыңдаған боласың, ойың басқа жақта. Біз сарысағыз боп кеткен қайынның безіндей қатайдық. Тас бауыр, күніміздің, құлқынымыздың құлына айналдық. Пәк сезімді жан-дүниелері ластанған жастар біртіндеп еті өліп екі жүзділікке, жалғандыққа бейімделе бастады...

Жиналыстан, куратор сағаттарындағы жалған ақыл айтып, жаны ащығансыған мүшіркегендіктен жалықтық... Келешектен үміт, сәуле, шара күту күмәнді іске айналды. Айтылған өтірікті амалсыз тыңдап, еріксіз ыржиямыз.

Отанды сүю, Компартияның рөлі туралы күн тәртібіне қойып өткізілетін класс сағаттары көбейді. Сөйлеушілердің аузына дайын, жаттанды сөздер салынуы әдетке айналды...

Көңіл-күлкі су сепкендей басылып, тәртіп сабырлықтың сыртында сенімсіздік, бықсықтық елес алды. Әркім үрейін жасырғанымен, қара басын қорғалауы іштеріндегі пендешілікті көбейтті. Үлкендерден, әке-шешелерінен келе жатқан көмпістік, ездік көпшілік студенттердің бойларын биледі. Қызыл қырғынды, жеке басқа табынудың сорақылығын, сұрапыл аштық пен соғысты көріп, ой-саналары үреймен уланған ата-аналарының қорқынышы балаларының бойында оянды…

Ұйқысыз таң атқанша сөйлесіп, даурығып пікір таласулар бітті. Ешкім ештеңе демесе де, әлде бір суықтық, белгісіз үрей төңіректі торлауын көбейтті. Табиғатта еш өзгеріс болмаса да, студенттер қапаланып өздіктерінен бастырыла берді.

Уақыт өтіп жатты. Жиналыста қабылданған өтініштерге университет басшылары жауап қайтарған жоқ. Факультеттегі комсомол жиналысының жалғасы шақырылмады. Жиналыстардың бәрі тоқтатылды. Көпшілік жәй күңкілдегендері болмаса, ашып-жарып ештеңе демеуге айналды. Жігерлі студенттердің сағы сынып, тура жауаптан сөз тайғақтаулары көбейді. Ренжістер іріп-шіріп іште қалып жаты…

Бәрі түсінікті болды. Студенттердің өтінішінен университет басышылары саяси астар тауып қажетті жеріне хабарлап, мүмкін көз-құлақтары көп мекеме өзі де білуі мүмкін, әйтеуір «сыпайы репрессия» басталды. Түрлі себеппен жиналыста белсенділік көрсеткен студенттер жатақханадан шығарылды. Кураторлар өз алдына, мұғалімдер кезектесіп жатақхана бөлмелерін аралайтынды шығарды. Туған күн, не қонақ шақыру тек жатақхана комендантының рұқсатымен ғана өтетін болды. Осы оқиғадан кейін СССР-де бірінші болып тарих факультетінің негізінде ОКД (оперативная комсомольская дружина) құрылды. Милиция мен КГБ-мен тікелей байланысты бұл ұйым университет басшыларынан ерекше қамқорлық тауып, оған есерсоқтаулар алынды. Олар жатақханамен, стипендиямен қамтамасыз етілді. ОКД мүшелері шаш ал десе бас алып, жатақханадағы студенттердің аяқтарын қия бастырмады. Кімнің не істегенінің бәрін деканат солардан біліп отырды. Кейін факультет үлгісіндегі ОКД университетте құрылып, олардың биліктері бүкіл Фрунзе ауданындағы студент-жастар жатақханаларына жүрді. Университет ОКД мүшелері 1973 жылы пасха кезінде Никольск шіркеуіне кісі жібермеудегі өрескелдіктерімен аты шықты. Сол ерекше қырағылықтары үшін Фрунзе аудандық партия комитетінен алғыс алып, ректораттың құрметіне ие болды.

Комсомол жиналысы өткеніне бір айдың шамасында тарих факультетіндегі өмір сырт қарағанда өз орнына келген сияқтанды. Университетте түрлі конкурстар, әдеби кештер, белгілі артистермен кездесулер көбейді. Тіпті факультет қабырғасында Анжела Девис АҚШ компартиясы ОК мүшесі, СССР-дің Азия және Африка елдеріне ағалық қамқорлығы деген тақырыптарға диспут-кештер өткізілді. Барлық жерде орынды да, орынсыз Қазақ республикасының халықтар достығы лабороториясы екені айтылып отырылды. Ал сен диспутқа қатысуға міндеттісің…

Өткендегі айғай-шу ұмытылғандай болды. Сөйтілсе де, қозғалған тастың астына су бармай тұра ма. Бірен-саран студенттердің жатақхана фойесінде, көшеде, сыраханаларда қоғамдағы саяси ахуал, кемшіліктер, болашақтың қандай болуы керектігі жөніндегі құпия әңгімелері көбейді. Пікірлестер оңашалана бастады. Бұл кездесулерде жүрек түкпірінен шыққан болашаққа деген шынайы сезіммен бірге, нақтылы ұсыныстар айтылды. Қазақ тілінің тағдырынан басталған мәселелер КСРО-ның мәні және оның орнына ұласты. Бірігіп Лениннің ұлттық саясат жөніндегі еңбектерін қайта-қайта оқып, пікір алысты. Бәрі бір ауыздан өкімет ұлттық саясатты дұрыс жүргізбеуде және ұлт мәселесін шешу үшін республика тәуелсіз мемлекет болуы керек деген шешімге келе бастады.

Қазақ тілінде кітаптардың жоқтығын сол тілді білмейтін қазақ жастары көбірек айтты. Мен қалада асфальт үстінде өскен балалардың ұлт жандығына таң қалдым. Керісінше ауыл балалары ана тілінде кітаптың жоқтығынан қиналып жүрсе де, көмпіскіленіп жұмған ауыздарын ашпады.Отырса опақ, тұрса сопақтың кейпін киді.

Не керек, қиялы мен арманы аралас болашақтың белесі сиқырдай шақырып, саналы жүректі тарихшы-студенттерді тынымсыз талпындырды.

Біртіндеп Виноградов көшесінің 88-ші үйіндегі тарихшылар жатаханасы саяси айдын аренасына айналды. Уақыт толқыны саясаттың айдыны бетіне өз ортамыздан жаңа тұлғаларды алып шықты. Ұлтжанды азаматтар көзге түсіп, көпшіліктен қолдау тапты.

Бізден үш-төрт жас үлкендеу, өмірдің ащы-тұщысынан хабары бар Салық саяси додаларды ұйымдастырып, бәрімізді ұршықтай иіріп әкетті. Сөзімізден, мақсаттарымыздан ортақ үндестіктер таптық. Археолог болып қазақ тарихын әлемге таратуды армандаған қауға сақал Салық көшбасшымызға айналды. Ол өзгемізден гөрі еті тірі, туралықты айтуға тайсалмайтын. Намысқой, қабағын да түйе білетін, жүрегі жарыла күле де білетін. Бір сөзді, уағдашыл, істеймін деген нәрсесін алдында таудай бөгет тұрса да елемей істейтін. Тек жалғыз кемшілігі қазақша түсінгенімен сөйлей алмаушы еді.

Ал тәуелсіздікке жетудің жолына келгенде тарих факультетінің 20 шақты студенті әркім өз ұсынысын жақтап ырду-дырду басталды. Біреулері үгіт-насихат арқылы халықты ереуілге көтеру керек десе, біразы шет елдермен байланысты баса айтты. Қызбалар жағы террорлық іс-әрекеттерді де ұсынды. Не керек Салық бастаған 10 студент ішінде өзім бар, үгіт-насихат арқылы мақсатқа жетпекші болып 1972 жылдың қазанында жасырын «Сарыарқа» ұйымын құрдық. Ой жосығы өрістес бір курстағы жолдастарды арман оты жақындата берді.

Тәуелсіз Қазақстан болашағын бар сезіммен аңсап, аңсап қана қоймай сол өмірге бар көңіл қиялымызбен араласып та кетеміз. Батыс елдеріндегідей дамыған, көркейген Қазақстанды көргендей боламыз. Көңіл шалқып, көкірегімізді күш кернеп еңсеміз биіктей береді.

Қайғы - зарын көз жасымен жуатын заманның қарасы үзілгені қашан деп Ұлы іске үлкен сеніммен құмарта, қызыға кірістік. Алды-артымызды ойламайтын жастық албырттығымыз да жоқ емес.

Ұйымның екі бөлімнен тұратын бағдарламасында түпкілікті мақсат тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру, ана тілге, ұлттық мәдениет, әдеп-ғұрыпқа ерекше мән беру, Біріккен ұлттар Ассамблеясына мүше болу, дүние жүзіндегі қазақтарды өз тарихи отанына қайтару және тағы да басқа мәселелер ерекше айтылды...



Жасырын ұйымның Сарыарқа делінуіне Ұлы Дала тарихымен, Алаш Орда өкіметін құрған алаш зиялыларының еңбектерімен таныстық негіз болды. Сарыарқа қазақ елінің батысымен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін байланыстырушы бел омыртқа, арқасы ғана емес, ұлт болашағының қайнар көзі, алтын діңгегі деп есептелінді.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет