Бақылау диктанты



Дата08.12.2019
өлшемі25,13 Kb.
#53198
Байланысты:
диктант жинағы

Бақылау диктанты

Тоғайда


Дәулет көкесі екеуі ауыл сыртындағы тоғайды аралап келе жатты. Бұрын-соңды үйден алысқа шығып көрмеген кішкентай Дәулетке айналадағы құбылыстың бәрі жұмбақ еді. Тоғайда неше түрлі ағаштар өскен. Бірі жуан, бірі аласа. Біреуінің сыртқы қабығы қалың, кедір-бұдыр, ана біреуінің қабығы жұқа, жып-жылтыр. Әр ағаштың бұтақтары да әр түрлі екен. Күзгі жапырақтар бейне бір төсеп тастаған текемет сияқты, ұйысып жатыр. Жұп-жұмсақ.

Сары қанат шымшық, шөже торғай, қараторғайлар бұтақтан-бұтаққа секіріп, енді біреулері алаңқай жердегі бұталарды паналайды. Қара қарғалар ағаштың басында отыр.

Дәулет сұрақты жаудырта жөнелді:


  • Қарғалар ұясын қайда салады?

  • Ағаштың сонау биік басына салады, балам, - деді әкесі.

(Б.Әлсеров, 98 сөз)

Сәмбі тал

Сәмбі талды інжу тал десе де болады. Бір түрлі мұңайып сізбен сырласқысы келетіндей. Мұңын шаққысы келетіндей. Сәмбі талдың тұқымы осында қалады. Ол саз жерге бітеді. Көп жуандамайды. Әрі кетсе білектің жуандығындай болады. Бір тамырдан топтанып, шоқтанып алтау-жетеу, одан да көп шыбық тарайды. Жан-жағына көп бұтақ жаймайды. Сыптай болып түзу өседі. Өзі солқылдақ та иілгіш келеді. Киіз үйдің сүйегі осы сәмбі талдан жасалады.

Апыр-ай, табиғат ана шебер-ақ қой! Төрт түлік малдың қамымен көшіп-қонып жүрген қазаққа киіз үйдің сүйегіне арнап дап-дайын сәмбі талды өсіруін қарашы! Кереге, уық, шаңырақ дегендерге таптырмайды.

(О.Әбілдаев, 98 сөз)

Кішіпейілділік

Көк қаршыға көзін шаңырақтан аспан әлеміне құмарта қарап, бір рет дүр сілкініп қояды. Бұрын мұндай құсты көрмеген мысық одан көз алмай, таңданып әрі қорқып қарайды. Мысықтың бағанадан бері көзі түспеген бір нәрсе шыға келді. Ол биік төсектің бас жағынан түргелген тарғыл арлан еді. Екі құлағының салбыраған шашағы төгіліп тұр. Күміс қарғалы тайдай тазы тұрып алып, алдыңғы екі аяғын көсіліп, төсін жерге тие керілді. Мойынындағы күміс қарғының сақиналары сылдыр қағып, тазы есікке қарай бет алды. Мысық зәресі ұшып, Шоқанның артына қарай ығыстай берді.


  • Қорықпа, тимейді, - деп, Шоқан Мысықты өзінің қатарына қарай ығыстырды. – Апатай, мына Мысыққа бауырсақ беріңізші, - деп, Шоқан шешесіне өтінішті ерке тілек айтты.

(С.Бегалин, 102 сөз)

Шие тергенде

Әмина әже немерелері Жанат пен Қанатты ертіп, шие теруге орманға келді. Көп ұзамай қалың шиеге кезікті.

Жанат терген шиесін қолындағы ыдысына салды. Қанат өзі жинаған шиесін тойғанынша жеп, содан соң ойнап кетті.

Таза ауада әрі жақсы дем алып, әрі шиеге тойып, олар үйлеріне көңілді оралды.

Жанат әдейі тергенін айтып қолындағы шиесін атасына әкеліп берді. Атасын шиенің біреуін алып, дәмін көрді. Жанатқа қатты риза болып, оның өзін де шие жеуге шақырды. Жанат орманда тойғанынша жегенін айтты, дегенмен, атасының көңілін жықпай, аузына бір-екі шие салды.



  • Қанатжан, сен неге отырмайсың? Жанаттың шиесін же, - деді атасы босаға жақта тұрып қалған Қанатты көріп.

Қатты ұялған Қанат көзі жасаурап, сыртқа ата жөнелді.

(М.Төрежанов, 110 сөз)

Қыз бен дария

Жел әрі арғы беттен еді. Толқындар жағаға бұрынғыша шылп-шылп соғып жатты. Қыз бұрқырап аққан дарияның желді күнгі күйін тыңдады. Ол дария жағасында талай рет болған. Бірақ, дәл қазіргідей зер салып тыңдамапты.

Дария бұған белгісіз үнмен тіл қатып жатқандай. Оның, не деп жатқанын да түсінді. Көңіліне жақын беймаза үнмен дарияның өзін сағынғанын, өзінің дарияны сағынғанын сезді.

Арғы беттен соққан жиде гүлінің иісі келді. Өзін рахат сезімге бөлеген жұпар ауаны Сарықыз құмарта жұтып, мейірі қанғанша иіскеді. “Ендігі бір келгенде Балабекті ерте келермін”, - деп ойлады ішінен.

Қыз тәтті қиял құшағында жатып, кенет әкесін ойлады. Әкесі есіне түскен сәтте қолындағы жыртылған суретке қарады.

(Т. Нұрмағамбетов, 100 сөз)

Бүркіт

Біздің елімізде бүркіттің жеті түрі мекендейді. Олардың ішіндегі ең ерекшесі – қыран бүркіт. Ол – қасқырды да алатын, өте күшті, ірі денелі алып құс. Адамдар ежелден бүркі салып, аң аулайтын.



Ең алдымен бүркітші бүркіттің балапанын ұясынан алады. Мұның өзі өте қауіпті. Себебі бүркіт ұясын адам аяғы жетпейтін қия жартасқа салады.

Күздігүні балапандары есейгенде ғана бүркіт ұясымен топтанып, шырқау биікте қалықтап жүргенін көруге болады. (“Ол кім? Бұл не?”)

Үй сыртындағы көлеңкеден артқы бір аяғы таңулы, ақсақ құлын көтеріліп, бұған қарсы жүрді. Екі көзі жақұттай жаудыраған, маңдайында танадай ағы бар, тортөбел ақсақ құлын таңулы аяғын сүйрете шоқаңдай басып келді де, мұны иіскелеп, оқыранып жіберді. Даладағы дабыр-дұбырды естіп Ағыбай сыртқа шықты. Асылбек төмен қарап үндемей қалды. Сөзден ұтылғаны деп ойлады Ағыбай. Бұл кезде күн де ұясына кіріп, күндізгі аптаптың беті қайта бастаған.

Ержан ата-ананың тұлабойы тұңғышы, алақанға салып өсірген баласы болатын. Ержан тоқтамай ұзақ сөйледі. (Қ.Жұмаділов)

Мейірім

Көктем. Мамыр айы маужырап, қырат пен сай-саланы қыс бойы мекендеген қар еріп, сылдырап жылға-жылғамен ағады. Төңірек тегіс түрленіп, көк шөп қаулап өсуде. Ақ, сары, қызыл гүлдері көздің жауын алған тау бөктері түкті кілемдей құлпыра түскен.



Терең көлдің маңайы жыл құстарының ызу-қиқу шуылына толы.

Бір күні шопан қыстауының қорасына зып беріп нан үйрек ұшып кірді. Мұны Жасұлан байқап қалды да, дереу әжесіне келіп хабарлады.

Әжесі екеуі күні бойы аңдыды: ана үйрек қораға ұя салыпты. Балапан басып алмақшы.

Жайлауға көшетін мезгіл де жетті. Ана үйрек әлі қозғалмастан ұясында жатыр. Әже немересінің мәселін қайтармай, құстың амандығын сақтап қалу үшін қыстауда қалып қойды. (Т.Әбдірайым, 100 сөз)

Қайың

Қайың туралы ән мен жыр да, сурет те көп.



Қайың – сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік болады.

Ашық жерлерде қайың кейде жеке-дара да өседі, дегенмен көп ретте орман болып тұрады. Жазғы жап-жасыл шөп пен жайнаған гұлдің ортасында тұрған ақ балтыр қайың тоғайы ғажап сурет.

Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында, жаңғақ ағашы мен талдан кейін гүлдейді. Оның гүлдері сырға тәріздес болып келеді. Қайыңның жапырағы сарғая бастаған кезде қыркүйек айы туады.

Қайың тез өседі. Одан алынатын нәрсенің бәрі кәдеге асады. Оның бүршіктерінен дәрі –дәрмек әзірлейді. Бұтақтарынан сыпырғыш, қабығынан саңырауқұлақ пен жеміс-жидектер теретін себет тоқиды. Қайыңнан фанер дайындап, үй жиһазын жасайды. . (“Ол кім? Бұл не?”104 сөз)

Сиқырлы гүлдер

Бүгін күн қатты ысып кетті. Самат басына ақ қалпағын киіп алып, гүлдерге су құйып жүр. Кенет көзі оң жағындағы сабағы белінен сынып, басы салбырап қалған раушан гүліне түсті. Дереу қолындағы су құйғышын жерге қойып, гүлдің басын көтеріп еді, онысынан ештеңе шықпады. Былқ-сылқ еткен гүлдің басы икемге келер емес. Жанында жұдырықтай тас жатыр екен. Көше жақтан біреудің лақтырып жібергені біліп-ақ тұр. Самат бірдеңе деп бұрқылдап, үйге қарай жүгіріп кетті де, үйден екі кішкене шыбық, дәке алып шықты. Әлгі гүлдің сынған сабағын жазып. Екі шыбықтың ортасына салды да, оны дәкемен орады. Гүл бастапқы қалпына келіп, басқа гүлдермен қатарласа жайқалып кетті. (Р.Бектібаев, 100 сөз)

Жайлаудағы той

Көк жайлау көңіл қытықтайды. Аспан төрінде сурет салып, ақша бұлттар сеңдей соғылысады. Жайма-шуақ, момақан, селдір шуда бұлттар.

Дәл осы күн райының жайлылығын таңдап алғандай-ақ, той қызығы бірінен-бірі өтеді. Жайлауға шыққала малшы қауымы арқасын кеңге салып, сауық-сайранды сағынып қалған қалпы бар. Әсіресе, ат үстінде аударыспаққа түсу талай нар жігіттің намысын қоздырады. Қарақия жайлауын екі жақтан тел емген қырғыз-қазақ елінің өнер сынасып қалар тұсы – осы жаз шағы. Әр тастың түбінен бұрқылдап бұлақ көзі ағып жататын көк майса Майтөбе үсті – шопандардың жаннат жайлауы, арқасын кеңге салар сайран өрісі.

Ат бәйгесін, палуан күресін, қыз қуу мен жаяу жарысты жұрт тамашалаған. Ендігі күткендері – ортаға шығар салт атты сайыскерлер. (О.Әбілдаев, 100 сөз)

Жол

Ала жіптей шұбалған жолмен қорапты машина келеді. Өршеленіп



өрге ұмтылады. Белестен соң белес артта қалып жатыр. Жатаған дөңес, жасыл бел қалды. Көбігін көкке шашқан асау өзен қалды.

Кабинада екеу еді. Ересегі қаршығадай құнтиған қағілез адам – Бөрібай. Қасындағысы – оны ңкенже ұлы Бөкен, құлағы қалқиған, құлақ бас, сары бала. Биыл төртінші сыныпты бітіріп, жайлаудағы нағашысына келе жатқан беті. Аузы аңқиып, еміне түсіп, жол қызығын баққанына екі сағаттан асқан. Әлі жалығар емес, бәрі таңсық. Ол андағайлап келіп тұра қалғандай болатын керегетастардан да, қалың ну, қау жыныстың мүлгіген тыныштығынан да, бұтадан бұтаға, гүлден гүлге қонып, әу-дем жерге дейі шығарып салатын сары шымшықтың ықыласынан да әлдебір сыр түйіп, ой аңғаратындай. (Б.Әдетов, 103 сөз)

Құс үні

Аман құс үнінен оянып кетті. Құйқылжыта сайраған күміс көмейлі құстың қандай құс екенін білмеді. Оның қуанып оянғанына осы әуен себепші болған шығар. Әлі ашылып үлгермеген кірпіктерінің арасынан өзіне қызықтай қарап жатқан екі жұп қара көзді көріп, көзін жұма қойды.



  • Сен ояндың ғой. Көріп қойдым, - деген жіңішке дауысты естіп, көзін құлықсыз ашты.

Қасында көрпе үстінде өзі құралыптас ер бала мен бұрымына қызыл лента байлаған кішкентай қыз отыр.

- Біз сені білеміз. Қалада тұратын ағамызсың, -деді қыз. – Сенің атың Аман. Сені түнде әкеміз әкелген. Сен бізге базарлық әкеліпсің. Сен жақсы ағасың. Бірақ мамам базарлығыңа тигізбей қойды. Енді базарлығыңды бересің бе?

Аман үнсіз. (Бақытжан Момышұлы, 101 сөз)

Сәуленің кірпіші

Қаланың күнгей шақ шеті бос жатушы еді. Жазда мал жайылатын, балалар доп ойнайтын, қыста аппақ қар басып жататын, сол жерде балалар шаңғы тебетін.

Өткен жазда бұл жерге құрылысшылар келді. Жүк көтеретін крандар пайда болды. Көп ұзамай, биік үйлер сап түзей бастады.

Сәулелер осы жерге жақын ескі ағаш үйде тұратын. Ол өзгерісті күнде терезеден көріп тұрды. Әкесінен ол үйлердің кімдікі екенін сұрады. Үйлер осындағы ескі, кішкене үйде тұратындарға салынып жатыр екен. Мұны естіген Сәуле үйлердің бітуін асыға күтті.

Бір күні Сәуле есік алдында ойнап жүр еді. Үстінде кірпіші бар машина өтіп бара жатты. Арықтан өте бергенде, сықыр-сықыр етіп теңселді де, бір кірпіш жерге түсіп қалды. Мұны көрген Сәуле қол бұлғап айқай салды. Шофер естімеді.

Сәуле түсіп қалған кірпішті көтеріп алды да, машинаның соңынан жүгіріп, құрылыс басына келді.

Арада бір сағаттай өткенде Сәуленің кірпіші жылдам биіктеп бара жатқан үйдің қабырғасынан орнын тапты. (С.Жүнісов,140 сөз)

Маңдай тер

Хамит атасымен әңгімелескенді ұнатады. Балабек қария көп жыл бойы сушы болған. Қазір құрметті демалыста. Сонда да отырғанын көрмейсің. Хамитті ертіп, үй жанындағы бақ ішіне жеміс егіп жүргені. Ешқашан шаршамайды.

-Ата, “маңдай тер” деген не? – деп сұрады бірде Хамит.

Атасы ойға шомды. Көзін бір нүктеге қадады. Әжімдері тереңдеді. Сонан соң Хамитті жетектеп, өзі көшет алып жүрген тоғайға келді. Қолына күректі ұстатты:

-Қане, екі-үш көшет қазып ал!

Өзі шеткерірек барып, ағаш көлеңкесіне жайғасты.

Хамит пора-порасы шығып терледі. Үйге келген соң да атасы жақ ашпады.

…Жылдар өтіп жатты. Көшеттер үлкен ағашқа айналды. Алма мен жүзім мол жеміс салды. Қоңыр күзде атасы Хамитті ертіп, бақ ішіне келді. Қып-қызыл алманың біреуін үзіп, қолына ұстатты. Сондай дәмді!...

-Маңдай тер деген осы, Хамитжан. Өзіңнің маңдай теріңнің жемісі. Хамит атасын құшақтай алды. (Б.Досымов, 128 сөз)

Қыранның серігі - сұңқар

Бір қыран өзіне серік іздеп, әлемге жар салыпты. Құс атаулы жиылып, қыранның алдына келіпті. Қыран:

-Кімнің бойында қандай қасиет бар?-деп сұрапты. Қаз тұрып:

-Мен суда да жүземін, жерде де жүремін, ұша да білемін, - депті.

Жапалақ болса:

-Менен басқа бірде-бір құс түнде ұшып көрген емес, -деп мақтанады. Осылайша мақтанған құстар аз болмапты. Сонда Қыран анадай жерде тұрған Сұңқарға:

-Сен неге үндемейсің, қане қасиетіңді айтшы, - депті.

Сұңқар:

-Сыпайылық сақтап тұрмын, тақсыр. Оның үстіне менде әр алуан қасиет те жоқ. Бір ғана қасиетім бар, ол – өзіңіз сияқты талмай самғау, - депті.



Қыран:

-Өз басыңа сол қасиет те жетеді. Ендігі жерде сен ғана менің серігім боласың, - депті.



Осыдан былай нағыз шырқау биікте Қыран мен Сұңқар ғана қалықтайтын болыпты.(Т.Қажыбаев, 120 сөз)

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет