Бүкіләлемдік денсаулықты сақтау ұйымының мәліметінше, шәуетке қарап, еркек денсаулығының 50 пайызын дәл анықтауға болады екен. Бұны мамандар шәуеттің еркек ағзасында пайда болуына және сыртқа ытқып шығуына аталық жыныс безімен қоса, қосалқы ұма, шат өзегі, ен, тамырлар мен жүйке жүйесі, ми, жамбас, қуық асты безі, гормондар, жыныс жасушалары қатысатындығымен түсіндіреді. Осылардың бірінің жұмысы қалыпты жағдайдан ауытқыса немесе дертке шалдықса, дереу шәуеттің түсі, көлемі, иісі де өзгереді екен. Ендеше, бүгіннен бастап, әр еркек өзінен бөлінген бұл сұйықтыққа бір көз тастап қойғаны дұрыс-ақ. Табиғаттың таңқалдырарлық құбылысының бірі деп еркектен шәуеттің (сперма) бөлінуін айтуға болатын шығар?! Иә, бір тесіктен зәр де бөлінеді, шәует те бөлінеді. Неге екеуі бір уақытта бөлінбейді? Бұл сұраққа ешкім жауап бере қоймас. Ал, ер-азаматтар, мынау сұраққа жауап беріңіздерші: Өзіңізден бөлінген шәуеттің түсіне, көлемі мен иісіне мән бересіз бе? Ең алдымен, шәуеттің құрамын біліп алыңыз. Ол – сперматозоидтар, ұрық көпіршігі, қуық асты безінің бөліндісінен, одан бөлек аминқышқылдар, дәрумендер, гормондар, май, ақуыздар, минералдар мен көмірсудан тұрады. Шәуеттің түсі де, қоюлығы мен оның сапасы да құрамындағы сперматозоидтарға тікелей байланысты. Түсі қандай болуы керек? фото: healthysemen.com Дені сау еркектен бөлінген шәуеттің түсі – ақшыл күлгін немесе сүт түстес болуы керек. Ал, шәуетіңіздің түсі бұған сәйкес келмесе, онда уақытты созбай дәрігер тексеруінен өтіңіз. Өйткені: Ақ, ашық түс – шәует құрамындағы сперматозоидтардың кемігенін, аталық ұрықтың дұрыс бөлінбеуін, шәует жолы өзегінің қабынғанын және сперматогенездегі кеселді де білдіреді. Сары түс – зәр шығару жолдарының қабынғанының белгісі. Қызыл, қызғылт түс – бұл шәуетке қанның араласқанын білдіреді. Қан ұрық жолындағы кез келген ағзадан – қуықасты безінің, уретриттің қабынуынан енуі әбден мүмкін. Қоңыр, қою қоңыр түс – созылмалы қабынудың белгісі. Ең қауіптісі, бұл қуық асты безіндегі рак ауруы да болуы мүмкін. Жасыл түс – инфекция белгісі. Сонымен қатар, қуық асты безінде, ұрықтағы қабыну процесі кезінде шәуетке іріңді бөлінді араласса да оның түсі жасылға боялады. Иісі қандай? Медицина мамандарының айтуынша, дені сау еркек шәуетінің иісі кәдімгі хлордың иісіне ұқсайды екен. Ал, оның түсі қалыпты, бірақ иісі жағымсыз болса, онда бұл жыныс жолдарымен берілетін инфекциялық аурулардың белгісі болуы мүмкін. Көлемі – 2 мл-ден кем болмауы қажет Мамандардың айтуынша, шәуеттің бір бөлінгендегі көлемі – 2-5 мл болуы керек. Анығырақ айтқанда бұл 1 шай қасық. Егер, шәует бұдан аз бөлінсе, бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл белсіздіктің белгісі немесе оған алып барар ауру белгісі болуы әбден мүмкін. Ал, көлемінің шамадан көп болуы ұзақ уақыттан бері жыныстық қатынасқа түспегенін білдіреді. Қою болуы керек пе, сұйық па? Жалпы, 1 мл шәуетте шамамен 20 миллиондай сперматозоид болуы керек. Сперматозоидтар азайған сайын шәует те сұйыла түседі. Шәуеттің қоюлығы – оның құрамындағы сперматозоидтардың көптігіне байланысты. Сондай-ақ, бала тудыруға жарамды шәует құрамында сперматозоидтың көп болуы қажеттігін де есте ұстаған абзал. Сперматозоидтардың азаюы – ұрпақсыздық деген бақытсыздық мекеніне апарады. Үй жағдайында бұны анықтап көргіңіз келсе, шәуетті екі саусақ арасына салып саусақтарды ақырын бір-бірінен ажыратыңыз. Бұндай кезде бала жасауға қабілетті шәует «коктейлі» 0,5-2 см-ге дейін созылады. Шошымаңыз, бірақ... Міне, шәуеттің түсі мен иісі өзгерсе ғана емес, ол сұйылып кетсе де арнайы маман тексеруінен өтуге асыққан жөн. Сондай-ақ, шәуеттің түсі мен иісі белгілі бір дәрі-дәрмектер мен антибиотиктерді қабылдағаннан, азық-түлік құрамындағы бояғыш заттармен да уақытша өзгеретінін білгеніңіз жөн болар. Ұзақ уақыт тән жақындастығына түспегеннен шәует түсі де, құрамы да қоюланатынын және бұл ер-азаматтың жасына да қарай өзгеретінін есте ұстаған дұрыс. Сондықтан да, жаңбыр жаумай жатып су болудың қажеті жоқ, шошымаңыз. Әйтсе де, бұндай өзгерістер қауіпті дерт белгісі де болуы мүмкін. Ал, бұны шәуетіңізге өз көзіңізбен қайта-қайта қарасаңыз да, интернеттегі мамандардың жазбаларындағы сөздерді оқып та анықтау мүмкін емес. Тек спермограмма арқылы андролог маманы анықтай алады. Жоғарыдағы жағымсыз белгілер анықталып жатса, емделуге асығыңыз, ер-азамат! Сіздің денсаулығыңыз отбасыңызға ғана емес, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына да маңызды. Өйткені, еркектер құрыса – жер бетінен ұрпақ та жойылады. Ең қорқыныштысы да – осы!
Ескерту!
ERNUR.KZ порталында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпараттық порталдың меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде негізгі мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде ERNUR.KZ сайтына гиперсілтеме көрсету талап етіледі.