Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің доценті. ф.ғ.к.
Тамыры тереңде жатқан ұлы достық
Ежелден туыс, етене жакын, түбi бiрге туысқан қырғыз халқының талантты ұлы - заманымыздың көрнектi жазушысы әрi қоғам қайраткерi - Ш.Айтматов.
Жазушы шығармашылығы телегей теңiз, ол - жан-жақты, терең байыпты талдауды қажет ететiн сан сырлы құпиясы бар ғажап дүние.
Атақты қырғыз қаламгерi –Қазақстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматов тек қырғыз әдебиетi ғана емес, қазiргi дүние жүзiлiк сөз өнерiнiң күллi азаматтық мазмұнын азаматтық пафосын айрықша асқар биiкке көтергенi барша жұртқа мәлiм.
Дүниежүзілік өркениеттің даму барысының өзі-ақ ұлттық мәдениеттердің маңыздылығы бүгінгі таңда бұрынғыдан да артып отырғандығын және әрбір мәдениет дүниежүзілік дамудың түрлерін өз қажетінде қабылдауымен қатар, жалпы адамзаттық мәдениеттің қалыптасу процесіне өздерінің қомақты үлестерін қосып отырғандығын көрсетіп отыр. Қазіргі дәуірге тән ерекше қасиет – ұлттық мәдениеттердің тұйықтықтан арылып, бір-бірімен байланыстарын жаңа сапалық дәрежеге көтеруі болып табылады.
Шыңғыс Айтматов – ХХ-ғасырдың рухани өмiрiнде елеулi орын алып үлгерген тұлға. Оның творчествосының қыры мен сыры әр түрлi. Оның арнайы зерттеулерге лайықты проблемалары да көп. Шыңғыс Айтматов туысқан қырғыз халқының басқа халықтармен әдеби және мәдени байланыстарының жолын ашты. Ол өзiнiң жүрек тебiрентерлiк шығармаларымен дүние жүзi халықтарына қырғыз халқының рухани келбетiн, қызық та, қиын тарихын, асқақ арманын жеткiзумен қатар, өз халқының дүние жүзi халықтарымен жақындасуының үлкен арнасын салды. Ш.Айтматов қазақ әдебиетiнiң озық үлгiлерiн пайдаланып, дамытып қана қойган жоқ, халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов шығармаларының бай тәлiмiн терең түсiндi, З. Қабдолов сынды кемеңгердің досы, сырласы ғана емес туысы да бола білді.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Шыңғыс Айтматовтың жазушылық алғашқы адымына қуанып: “ Әдебиетке өз үлесiн қосқан әрбiр талантты жазушы халықтық рухани байлығын өлшеусiз молайтады”,- [1] деп ерекше атап көрсеткен едi.
Ш.Айтматовтың М.Әуезовтің рухына бас иiп айткан мына сөздерi, оның М. Әуезовті қаншалықты құрмет тұтқанын дәлелдейдi: “У меня есть две национальные святыни, с которыми я еду в другие страны, с котороми я переступаю порог других народов. Это – “Манас” и Мухтар Ауэзов.
Когда меня спрашивают: кто вы такие, казахи и киргизы? Я рассказываю о “Манасе” и Мухтар Ауэзове. Это символы моих народов, и с ними я могу достойно представит себя ”.[2. 32]
М.Әуезовтiң Ш.Айтматовтың шығармашылық жолында үлкен рөлi болғанын, бiз естелiктерден бiлемiз. Жалпы Ш.Айтматовтың жазушылығына ең алғаш рет сәт сапар тiлеп, батасын берген, атын әдебиет әлемiне танытқан қазақтың Ұлы жазушысы едi. Сондықтанда Ш.Айтматов ұлттық символ “Манастың” қатарына М.Әуезовтiң есiмiн қойып асқан құрметпен атап отыр.
Осындай ағалық жанашырлығына қоса М.Әуезовтiң шығармашылық әлемi. Қабдоловтың байсалды, байыпты ойлары Ш.Айтматов үшiн үлгiлi өнеге болғаны да даусыз. Қазақ жазушыларының шғармаларынан психологиялық тереңдiк, шеберлiк Ш.Айтматов үшiн үйрену мектебi болды.
Қазақ халқының көрнектi әдебиеттанушысы, академик З.Қабдолов: “Әркiм өз ұлты хақында ойлайтын шығар-ау: мен, мәселен, достыққа қырғыздай берiк халық жер бетiнде жоқ, болса да сирек деп ойлаймын. Елуiншi жылдардың бас жағында Алматыға Шыңғыс келiп жүрдi. Ш. Айтматовтың аты да, атағы да да кейiн шықты ғой. Ол кезде “Жәмила” жазылмаған, М.Әуезов оған сәт-сапар тiлеп, Арогон оны француз тiлiне аударып үлгермеген… өзiнiң түрiн түстеу үшiн онша қиын емес: ат жақты, ашаң жүздi ашық ауыздау бiр арық бала. Бiрақ көзiнде ақыл тұнып тұр. Ш.Айтматов - шығармаларында өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда шебер жазушы екенін дәлелдеген жазушы. Көркем шығармада аңыздық желіні пайдалану үрдісі бар кезең, бар дәуір әдебиетінде де мол кездесетіні белгілі. Ш.Айтматов - шығармаларына ой жүгіртсек жазба әдебиетінің қалыптасу, даму барысында көркем бейне жасау, өткен тарих шындығын бейнелеу, көріну және аңыздық желіні пайдалану мол екені рас. Осы бір үрдіс өткен ғасырдың алпысыншы жылдары прозалық шығармаларда да молынан ене бастады [3,41б].
Осы бір құбылыс Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-Дария хикаясы», «Күй», «Аңыздың ақыры» тәрізді прозалық шығармаларында-ақ көрініс тапқанын, Ш. Айтматовтың «Боранды бекет», «Ақ кеме» шығармаларында « Адам деген кім, ол өмірге неге келіп, неге кетеді, оның болмысының мәні неде» ? - деген сияқты философиялық проблемалардан көрінгенін, оны керемет шеберлік деңгейінде шешкенін З. Қабдолов өзінің алғашқы ой-пікірлерінде – ақ дөп басып айтқан еді. [4,41б].
Осы мақсатта Ш. Айтматов және қазақ жазушылары қаламынан туған туындылары арқылы – барлық халықтардың өмір сүруі үшін лайықты, шын мәнінде адамға тән материалдық және рухани жағдай жасау, планетамыздың тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, оның байлықтарына ұқыптылықпен қарау екені сөзсіз.
Ш. Айтматовтың шеберлік талантына бас идіріп, жазылу құпиясын білуге асықтыратын шығармаларының бірі ―«Қызыл алма» әңгімесі.
Жазушы Ш. Айтматов «Қызыл алманы» орыс тілінде жазған. Қазақ жазушысы З.Қабдолов әңгімені сиясы кеппестен қазақшаға аударғаннан кейін, орыс тіліндегі нұсқасы «Известияда» жарияланып, қазақшасы «Жұлдыз» журналында жарияланады[5,129б].
Шығарма тағдыры, оның ішінде «Қызыл алма» әңгімесінің жазылу тарихы жайында баға жетпес деректі З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабындағы естеліктен табамыз.
Ш. Айтматов Зейнолла ағаймен кездескенде «Қызыл алма» әңгімесін оған арнағанын айтады. З.Қабдолов күмандана қарайды ал Ш. Айтматов «Оқушыларға екі ауыз сөз» деп төмендегі арнау сөз жазады:
Бұл әңгімемді З.Қабдоловға арнағаным тегін емес, біріншіден, Зейнолла менің ең жаөын достарымның бірі, екіншіден «Қызыл алманы» жазуға Зейнолла себепкер болды, бұл әңгімені жеткерген оның «көз ақысы» бар дей келе оның тарихын айтып береді [4,129б]..
Ш.Айтматовтың суреткерлік даралығымен жасалған бұл туынды өмірде шын болған, нақтылы бір адамға қатысты сияқты болып көрінеді.
З.Қабдоловтың да автор «осы шығарманы саған арнаймын» дегенде өздігінен қашқақтауының мәнісі осында. Шынында да, адам табиғаты қолы жетпеген арманына жетуге ұмтылса, немесе орнын толтыруға әрекет етсе жақсы, ал өткенді аңсап, қазіргісін ескермей, білмей жүре берсе, алыстай келе тағы да қолындағысынан айрылып қалуы мүмкін.
Ш. Айтматовтың кейіпкері Исабеков алғашқы ғашығын арман еткен бей–жай қалпын серпіп тастап, бауыр еті баласының анасы, тағдыр қосқан қосағы, өз ерін құлай сүйген жары болып табылатын әйілімен табысу арқылы тығырық жолдан шығатын дұрыс шешім қабылдайды.
З. Қабдолов Ш. Айтматов туралы қанаты сөздерінде «Жазушының «Қош, Гүлсары» повесі мен «Боранды Бекет», «Кассандра таңбасы», «Жан пида» романдарындағы Танабай, Едіге, Андрей Крылъцов, Бостон, Авдий Каллистратов сияқты басты кейіпкерлермен бірге III. Айтматов романдарында әйел бейнелері де ерекше дараланады.» -, деп үнемі қайталаушы еді[4,65б].
Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды. Осы шығарманың кез-келгенін екі тілде алып оқып отырсаңыз, шығарманың шұрайлы тілмен өте көркем аударылғанын байқайсыз.
Сонымен бірге, қырғыз жазушысы өзінің ұстаз, дос алдындағы бір парызын өтеу ретінде өз еңбегін де аямаған. Сондықтан М. Шаханов «М. Әуезовтің бір кезде идеологиялық жағынан қайшы, кертартпа шығарма деп бағаланып, саясаттың өткір қайшысына түсіп кеткен «Қилы заман» романын тоталитарлық жүйенің тұсында араға үлкен беделіңізді салып, одақтық «Новый мир» журналына жариялаттырып халықпен қайта қауыштырдыңыз. Осы ерен еңбегіңіз үшін де қазақ елінің бұрынғыдан да өзгеше сүйіспеншілігіне бөлендіңіз» деп Ш. Айтматовтын еңбегін айрықша көрсетеді [6, 2б].
Жазушының еңбегі өмірдің қиын мәселелерін қарастыруда, ең алдымен, жазуышылық шығармашылық жолға бет бұруының өзінің осы еңбекке қажеттілігін сезініп, мойындап, жазуға біржолата ден қоюының себебін білу жеке адам үшін қызықты да, әдебиет туралы ғылым үшін маңызды. Әр жазушының әдебиетке келуінің әр түрлі жолы болады. Бірақ қалай дегенмен де, жазушының қалам ұстауына себеп өзі көргенінен жинақталған әсерлері мен оны шынайы, шырайлы баяндауға деген ішкі сұраныс [3, 43б].
Жазушының қарындасы Р. Айтматова да «Шыңғыс қазақ пен қырғызды ешуақытта бөлген емес. Ол екі халықты бір үйдің егіз баласындай көреді. Балалық шағымыздың біразы да қазақ ауылында өтті. Олардың мейір, шапағатын көріп ержеттік. Оның үстіне екі халықтың дәстүр-салты да, тілі де, ділі де ұқсас қой. Тіпті, қазақтың қаны араласпаған қырғыз да сирек шығар. Мысалы, менің туған енем де қазақтың қызы. Ал Шыңғыстың қазақ арасында достары да көп. Ол үшін Мұхтар Әуезов, З. Қабдолов ағаларымыздың жөні тіпті бөлек десек те болады. Қазақ ағайындарымыз да Шыңғысты екі елге ортақ тұлға деп таниды» -, деп жазады [5,3б].
Бұл ретте «Боранды бекет» романының тақырыбының туу процесі ерекше назар аудартады. Бірде жазушы Мәскеуге сапарға шығады. Поезд Қызылорда аумағында жүріп келе жатқанда, радио Байқоңырдан кезекті космос кораблінің ұшырылғанын хабарлайды. Вагон терезесінен ұшы-қиыры көрінбейтін байтақ далаға көз салып, ұзақ ойға түскен жазушы санасында бір оқыс ой қылаң береді: жер шары жерден тыс тұрған бір ақыл ойдан туған космостық белдеумен құрсауланып, басқа әлемнен қол үзіп, оқшауланып қалса не болмақ? Кездейсоқ туған осы ой жазушының тынышын алады, қиялын қозғайды, бала кезінде естіген мәңгүрт туралы аңыз мына ойдың ағысында қайта жаңғырады.
Сондай -ақ суреткердің: «Мен үшін шығарманың ой өзегіне сәйкес келетін мәнерлі де дәл атау табу – әрқашанда азап. Ал көптеген жазушыларға бұл өте жеңіл тиіп жатады. Мен оларға қызығамын» [7, 388б]-. деген сөздерінен автор үшін шығарманың мағынасын беретін атау табудың маңызы үлкен екенін, ал III. Айтматов үшін мұның дүниеге келуі қиын соғатынын көреміз.
Романның тақырыбы және ой өзегін беріп тұрған «Шіре» атауы «Манас» жырынан алынған. Романның ой-өзегіі пайда болғанда қайта сәулеленген «Мәңгүрт» хикаясын роман жазарда жазушы түбегейлі қолға алады, бұл жайында суреткердің өзі: «Мәңгүрттік туралы алғашқы деректердің бірі осыдан он ғасыр бұрын жырланып, қырғыз халқының ерлік пен елдік энциклопедиясына айналған «Манас» эпосында кездеседі. Онда бала Манастың тентектігі мен шыдам бермес күшінен қорыққан қалмақтар, оны мәңгүрт етіп жіберейік деп, уәж байласқаны былайша жырланады:
Баланы ұстап алалық,
Басына шіре салалық,
Үйге алып барып қиналық,
Алты ағайын қалмақтың,
Аяқ басын жиналық.
III. Айтматов алпысыншы жылдары атақты қария Саяқбай Қаралаевпен мәңгүрт пен шіренің мағынасы туралы сұхбатасқанын айтады. Сонда қария төмендегі аңыз туралы айтып беріпті:
Ертеде, қалмақ пен қырғыз шапқыншылығы тұсында, екі жақ мал-мүлікпен қоса, бір-бірінен құл етіп ұстау үшін, тұтқын алып отырған. Ол тұтқын мал соңында салпақтап жүргенімен, күндердің күні болғанда ебін тауып қашып кетер. Әлдекімдер арқылы еліне хабар беруі де, тіпті тірі жан болған соң ауылдың қыз-қырқынына қырындап қоюы да ғажап емес. Жастай қолға түскен, күш-қуаты толған тұтқын бес жыл, бәлкім, он жыл «логтай» деп қызмет етер. Әрі-беріден соң ол да адам баласы, іштей қарсылығы оянып, қолына қару алып, қарсы көтерілуі мүмкін. Сондықтан оның ең тыныш жолы – мәңгүрт етіп тастау. Ол үшін тұтқынның шашын тықырлап алып, жас сойылған түйенің мойнағын не сиырдың терісін басына қаптайды. Мұны қырғыздар шіре деп атаған, оған қайыстан тіліп, бау өткізіп, самайдан тарттырып, мықтап байлайды. Сөйтіп, шыжып тұрған күннің астына аяқ- қолын байлап тастайды. Тұтқын сонда екі бірдей азапқа түседі екен. Алдымен, жас тері ыстықтан жиырылып, басын бүріп, сүйегін сындырып жібере жаздаса, екіншіден өскен шаш кептелген теріні тесе алмай, кері кайырылып, құйқасын ине сұққандай етіп бұрғылап, бүкіл жүйке сезімін өлтіреді, яғни еске тұту қабілетін мүлде жойып жібереді. Бір жұма, он күннен соң не өліп қалады, не мәңгүртке айналады. Өлсе – азаптан құтылды, тірі қалса – аты-жөнін, шыққан тегін, бүкіл өткен тыныс-тіршілігін ұмытып, тек өз қожасының айтқанын ғана орындайтын қара күш иесіне айналады... Адам баласы зұлымдықтың төбе шашынды тік тұрғызар бірнеше түрін ойлап шығарған ғой. Тек мына қасіретке тең келері болмас» [6, 121-122б] деп көрсетеді.
Ал, III. Айтматов: «Әбіш Кекілбаев інімнің шығармашылығына әрдайым көз қырын сала жүремін. Оның көркем тілі, кең философиялық тынысы .ұнайды. Жылы пікір білдірген жағдайым да бар, дей келе өзінің мәңгүрт туралы жазған жолдарын мәңгүрт деген сөзді жазбай-ақ бұл сөздің мағынасын дәл суреттегенін «Мартовский снег» (1988 ж.) жинағындағы 273, 274-беттеріндегі тақырыпқа қатысты романнан үзінділер беріп дәлелдейді [7.25б].
Жазушы «Боранды бекет» романында мәңгүрттік тақырыбын барынша тиянақты, үлкен ыждағаттықпен зерттейді. Ойына өмірден түйгеніне бойлайды, әдебиеттерге сүйенеді, халық әдебиетін қарайды, «Манасты» сүзіп шығады. «Мәңгүрт» сөзінің шығу төркінін іздейді, «Шіре» сөзінің этимологиясын зерттейді. Ел аузындағы аңыздарға кұлақ түреді. Манасшы С. Қаралаевтың түсінігін тыңдайды. Әлемдегі басқа да мәліметтерді алады. Осы бағаттағы ізденістер нәтижесінде алынған мол мағлұматтар автордың шығармашылық қиялында басқа да деректермен, ұғымдармен тоғысу барысында жаңа сапаға ие болады.
«Боранды бекет» романының тақырыбы, ой-өзегі осылай пайда болады. Жазушының осы ой өзегінің толысуына, пісіп-жетілуіне, ықпал еткен тағы бір жайды айтқан дұрыс. 1984 жылы жазған «Әлемдік тартылыс заңы» атты мақаласында жазушы Альдо Мороның қолды болуы және өлтірілуі бүкіл әлемді дүр сілкіндіргеніне, бұл трагедияның өзіне де қатты әсер еткеніне көңіл бөледі. Осы трагедиялық оқиғадан кейін автор қарапайым еңбек адамының мансапқұмарлықтан дүниеқорлықтан, билікқұмарлықтан, көреалмаушылықтан, қатыгездіктен, зұлымдықтан алыс жатқан таза табиғатына, оның адал да әділ, қайырымды да мейірбан, еңбекқор болмысына бұрынғыдан да терең бойлайды, оған бұрынғыдан да үлкен құрметпен, үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Осы ойлар бірте-бірте «Боранды бекеттегі» Едіге бейнесінің жасалуына негіз болады.
Ш. Айтматов өз шығармашылығында тұрмыстың жаңа, дамыған, озық техникалы жағдайына көне отырып, адамның өткен өмірдегі маңызды және тамаша адамдық қасиеттерден айырылып қалмауы керек екендігін, жан дүниенің жарқын, ізгілікті болуы аса маңызды екендігін танытуға тырысады.
Ш. Айтматов өзінің «Ғасырдан да ұзақ күн» романы ел ішінде де, шет мемлекеттсрде де бірнеше рет басылып шығарылғанмен, романды аса ыстық қабылдаған оқырмандардың бір де бірі автордың айтпақ болған ойлары көркем туындыда түгел берілмегендігін, сондықтан да көптеген көпшілікпен кездесу жиындарында жазушының жан дүниесі азапқа түсетінін айтады. Шығармаға цензуралық тазалаудан өте алмайтын оқиғаларды енгізбегендігі негізсіз емес еді: «Осы авторлық қанағаттанбаушылық, ойларымды толық жеткізе алмаушылық, қалыптасқан жағдайға және өзіме байланысты көптеген жылдар бойы жинақталған өкпе әйтеуір өз шешімін тапты – мен қиын бір іске бел будым – оқырман әлемінде өзіндік орны бар шығармаға осынша уакыт толғатқан жаңа тарау енгіздім. Мұндай оқиға сирек кездеседі. Бірақ кітаптың тағдыры осылай болды. Жаңа тарау – романға кіріктірілген повесть «Шыңғысханның ақ бұлты». Авторға осынша уақыт азапқа түсуі, ойға алынған тарауды идеологияның қатал көзқарасынан ұзақ уақыт тасада ұстап келуі қаншалықты қымбатқа түскенін оқырман өзі түсінсе екен деймін. Қалай дегенмен де кітап енді толық құрамында. Біршама уақыт шыгарманың жаңа басылымдарында кіріктірілген повесть романның бұрынғы «Ғасырдан да ұзақ күн» деген атымен көршілес орналасып, жақшаның ішінде («Шыңғысханның ақ бұлты») деп беріліп отырады. Бұл тақырыпша уақыт өте келе өз мәнін жояды деп ойлаймын» деп шығармашылық сырын ашады [8, 66б].
Ш. Айтматов «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романында өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда тағы бір тамаша нәтижеге жетті. «Боранды Бекет» – эстетикалық әсері жоғары әлеуметтік-философиялық шығарма. Себебі, ол Адам деген кім, ол өмірге неге келіп, неге кетеді, оның болмысының мәні неде деген сияқты философиялық проблемаларды қойып, соны керемет шеберлік деңгейінде шешеді. Жазушы романға адам болмысының аспан мен жердей алшақ екі шегін, екі негізін бірдей салыстырады: адам әлемде және әлем адамда. Адам әлемдік кеңістіктегі дәрменсіз тегершік те емес, әлемдік бүтіндіктегі бөлшек те емес, ол әлеммен тығыз байланыста [9, 12б] .
Романның бас кейіпкері Едігенің тағдыры арқылы Ш. Айтматов адамзат пен тарихтың ұлы проблемаларын жинақтап көрсетеді. Шығармаға жазылған эпиграф туралы жазушы: «Құдіретке сену дегеніміз – адам баласының өзінің ішкі жан-дүниесіне қайыра бір ашық үңілу. Әрине, біздің үстімізде көрініп тұрған, билеп-төстеп жатқан ерекше бір табиғи күш жоқ. Бірақ, адам баласы осыны ойлап табуы арқылы жан-дүниесінің тазаруына негіз қалаған.
Ш. Айтматов та, Ә. Кекілбаев та шығыс халқының ертегілік сюжетін өз шығармаларында жаңа форма, жаңа көркемдік тәсілмен игерудің мүмкіндіктеріне жол ашады.
Олар бірнеше халықтық мифологемдерді синтездеп оларды аналитикалық формада талдап, жаңаша бір мазмұнда баяндап шығады. Мазмұнын бір-екі ауыз сөзбен бітіре салатын аңызды қайта жаңғыртып, оған терең философиялық-әлеуметтік мән-мағына дарытып, адам баласының адамгершілік, моральдық құлықтары туралы мәңгілік ескерткіш соғады.
Миф пен аңыздардың тарихи шығарма үшін тұрақты әрі күрделі негіз болып саналатыны көп материалдармен дәлелденеді.
Кейбір туындылардың түгелдей дерлік аңыз-әпсана деректеріне сүйеніп жасалатыны да болады. Соның бір мысалы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы. Бұл шығарманың танытқыштық және тәрбиелік мәні туралы әдеби сында аз айтылған жоқ.
Алғашқыда «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарық көрген, соңыра «Аңыздың ақыры» деген атпен кітап болып басылған роман – осынау тарих пен аңызды «гардероб» ретінде пайдаланудың ең бір жетілген мықты үлігісі.
Әбіш Кекілбаев шығармалары аңыздың адамзат өмірінде, оның рухани болмысында ұзақ жасайтындығының жанды бір көрінісі деуге болады. Әлем эдебиетіндегі секілді қазақ әдебиетінде аңыз табиғатын жіті түсініп, көркем шығармада шынайы суреттеу әдістері қарапайым әрі табиғи.
Ә. Кекілбаев тарихқа, тарихи оқиғалар сырына терең үңіліп, өмір тәжірибесін философиялық көзқарас тұрғысынан алып қарайды, осылайша саралай отырып, тарихпен сабақтас бүгінгі өмірлік концепсияны көркемдік өлшем, көркемдік ой-арна, көркемдік шешіммен жарқырата көрсетеді.
«Аңыздың ақыры» романындағы: көк мүнара туралы аңыз махаббат мәңгілігінің ғана символы емес, ол талайларды таң қалдырып қүдіретті бейнесімен адам жанын екі ұдай сезімге түсіреді.
Атақты жазушы Ә. Кекілбаев журналист Жанболат Аупбаевтың; «Ендігі әңгіме «Күйші» повесіндегі «мәңгүрт» сөзі туралы. Мұнда сіз бұл ұғымды көркем әдебиетте бірінші боп айтып, өз шығармаңызда оны бірінші боп қолдандыңыз. Арада 12 жыл өткен соң ол жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының тіні арқылы әлеуметтік философиялық мәңге ие халықаралық лексиконға айналды. Осы арада оқырман менің санамда кейде: «Бұл жөнінде «Күйшінің» авторы не ойлайды? Ал, «Боранды бекет» романының иесі ше? – деген сұрағына:
...Мен шексіз кекшілдіктің шексіз қатыгездікке, ал шексіз қатыгездік рухани мәңгүрттікке ұрындыратынын сөз етсем, Шыңғыс Айтматов рухани мәңгүрттіктің қайтадан шексіз қатыгездікті тірілтетінін егжей-тегжейледі. Бұл тақырыпты әлі де илей түсетіндей талай қыры бар екеніне қазір көзім қатты жетіп жүр» – деп Ә. Кекілбаев жауап береді.
III. Айтматов шығармасының шыңы «Ғасырдан да ұзақ күн» («Боранды Бекет») романында жазушы космос тақырыбын көтеру арқылы адамдардың бейбіт өмір адамдардың бейбіт өмір идеалына ұмтылысының қаншалықты терең екендігін және оған қарсы күштердің де көп екендігін көрсетті .
Достарыңызбен бөлісу: |