Даулетова Венера Сатбековна
«№ 236 орта мектебі» КММ
Эссе
Б.Майлин – әңгіме шебері
«Бейімбет Майлин – әрі теңдесі жоқ әңгімеші
ретінде де, әрі прозадағы сүйікті
шығармаларды жасаушы ретінде де
біздің тұңғыш зергер прозашымыз»
Ғ.Мүсірепов
Қазақ әдебиетінің негізін салушы көркем сөз шеберлерінің бірі - Бейімбет Майлин. Ол әдебиеттің поэзия, проза, драматургия саласында бірдей қажырлы да жемісті еңбек етіп, көркемдік жағынан мол, тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды.
Бейімбет Майлиннің бірқатар туындылары әйел теңдігі тақырыбына арналған. «Раушан – коммунист», «Берен», «Күлтай болыс» және тағы басқа әңгімелерінде қазақ қызының тағдыры мен жағдайы туралы, әйелдің отбасындағы, өмірдегі орны мен рөлі жайында жазды. «Раушан – коммунист» әңгімесінде кедей шаруаның әйелі Раушанның өсу жолы, оның күйеуі Бекеннің ескіліктің шырмауынан шыға алмай адасуы өте дәлелді суреттелген. «Күлтай болыс» әңгімесінде бұрын отбасы, ошақ басынан шығамын деп ойламаған Күлтайдың болыс болып сайлануы, оның әуелде жасқанып, кейін төселе келе мәселені әділ шешетін қызметкер болып шығуы әңгімеленеді.
Б.Майлин – ірі байларды тәркілеу, кедей шаруаны ұжымдастыру шаралары кезінде тарихи оқиғаның ізін суытпай, оларды көркем шығармаға арқау ете білген жазушы. «Ұлболсын», «Сот алдында», «Дайрабайдың көк сиыры» туындылары осыған дәлел. «Сары ала тон» әңгімесінде тәркілеу хабарын естіген байдың үйінің қасіретті халі суреттелсе, «Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімесінде ұжымдастырудың алғашқы жылдарындағы жалған белсенділердің образы беріледі. Ал «Күлпаш» әңгімесі – ел басына түскен ашаршылықтың шындығын көрсеткен шығармалардың бірі. Онда аштық алдындағы дәрменсіздік, ұлы мен күйеуінің аштықтан аман қалуы үшін Күлпаштың ойда жоқ әрекетке баруы, яғни басқа ерге шығуы әңгімеленеді.
Бейімбеттің әңгімелері қазақ тарихының бейнелі көріністері іспеттес. Біз оның шығармаларын оқи отырып, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақтың басынан өткен оқиғалардың куәсі болғандай әсер аламыз. Өйткені Бейімбет адам кескінін де , заман келбетін де ғажайып көркемдік күшпен танытып кеткен.
Майлиннің шеберлігі жөнінде Сәбит Мұқанов былай деген: «Оның стилінде ашық түсінік, ойлаулы сөз, дәлдік ұғым бар».
Менің ойымша, Бейімбет Майлин әрі қысқа, әрі нұсқа туындылары арқылы қазақ ауылының өткен ғасырдың басындағы көркем шежіресін жасауымен ғана емес, әдеби шеберліктің мектебін ашып, шынайы таза үлгісін көрсеткен классик - суреткер ретінде, шынайы қазақ халқының өміріндегі мәселелерді көтеріп, керемет тілмен жеткізген әңгіменің хас шебері.
Қорыта келгенде, Бейімбет Майлин әңгіме жанрын ерекше әрлеп, классикалық биікке көтерген нағыз қаламгер шебері. Қаламгердің шығармалары қазақ әдебиетінің барлық саласын байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі жасайды және мектеп бағдарламасында жазушының шығармаларын оқыту арқылы оқушылардың қазақ әдебиетінің проза саласына деген сүйіспеншіліктері арта түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |