Дәріс тақырыбы: Психикалық танымдық процестер: ойлау және сөйлеу. Жоспар



бет1/2
Дата08.02.2022
өлшемі19,47 Kb.
#122386
  1   2
Байланысты:
Ойлау және сөйлеу тақырыбына арналған дәріс. Сарсимбаева Асима.


Дәріс тақырыбы: Психикалық танымдық процестер: ойлау және сөйлеу.
Жоспар:

  1. Ойлау және сөйлеу, оның физиологиялық негізі.

  2. Ойлау тәсілдері.

  3. Ойлау формалары.

  4. Сөйлеу қызметтері мен түрлері.

Сыртқы дүниені толық тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз. Түйсік, қабылдау процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын жөнді ашып бере алмайды.
Ойлау дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.
Адамның ойы әрқашанда сөз арқылы білдіріледі. Ой толық сөз күйінде білдірілгенде ғана айқындалып, дәйектелініп, дәлелдене түседі. Ойдың сөз арқылы бейнеленуі арқасында адам өзінен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжірибе мен білімді сақтап қала алды, ойды өмірді онан әрі жақсарту мақсаттарына пайдаланды.
Бала тілі шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі. Баланың тілі шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым-қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңбері кеңейетін болады.
Сөйлеу арқылы іс-әрекет пен қарым-қатынас жасау тілді құрал етіп пайдалану нәтижесінде жүзеге асады. Адамдардың тіл арқылы сөйлесуі, тілді құрал етіп пайдалану әрекеті – күрделі психологиялық процесс. Психология ғылымы тіл білімінен ерекшеленіп, оның түрлі жағдайда қолданылуы мен атқаратын қызметің, адамның мінез-құлық бағытын белгілейді.
Ойлаудың физиологиялық негіздері И.П. Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндірілді. Ойлау – ми қабығының күрделі формадағы анализдік-синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда екінші сигнал жүйесінің уақытша жүйке байланыстары жетекше роль атқарады.
Ойлау әрқашан анализ және синтез процестерінен басталады. Анализ дегеніміз ой арқылы түрлі заттар мен құбылыстардың мәнді жақтарын жеке бөліктерге бөлу. Синтезде ой арқылы заттың құбылыстық барлық элементтері біріктіріледі. Мысалы, мылтықты жеке бөліктерге ажыратсақ, бұл – анализ болады да, кейіннен осы бөліктерді белгілі тәртіппен құрастырсақ синтез болады.
Анализ бен синтездің негізінде салыстыру деп аталатын ой операциясы пайда болады. Салыстыруда заттардың ұқсастық, айырмашылық қасиеттері айқындалады. Ойлау операциясының күрделі түрі – абстракция мен жалпылау.
Шындықтағы заттар мен құбылыстарды жалпылау арқылы оның елеулі қасиеттерін басқа қасиеттерінен ойша бөліп алуды абстракция дейді. Мысалы, квадрат, трапеция, паралеллограмм деген сөздерді “төрт бұрыш” деген сөзбен белгілесек, соңғысы абстракция болады.
Абстракцияға қарама-қарсы процесті нақтылау деп атайды. Нақтылау – абстракциялық ұғымды соған сәйкес келетін жеке ұғымдармен түсіндіру, яғни жеке заттар мен нәрселер туралы ой. Нақтылау абстракцияға қарағанда, ұғымды көрнекі етіп түсіндіруге мүмкіндік береді.
Жалпылау дегеніміз бір текті заттардың, құбылыстардың ортақ қасиеттерін оймен біріктіру. Жалпылау үшін заттардың ерекше маңызды белгілерін таба білу керек. Мысалы, алма, өрік, мейіз, алмұрт т. б. ұқсас белгілері жиналып келіп, “жеміс” деген жалпы ұғымды береді.
Жалпылау арқылы шындықтағы заттар мен құбылыстарды белгілі принцип бойынша орналастыруды жүйелеу дейді. Жүйелеудің жоғары түрі – классификация. Жүйелеу арқылы өсімдіктер дүниесін, химиялық элементтерді белгілі классификацияға келтіруге болады. 
Ойлау ой операциялармен қоса ой формаларын да тұдырады. Ойдың бастапқы формасы болып ұғым есептеледі. Ұғым дегеніміз заттар мен құбылыстар туралы ой. Ұғымда заттардың жалпы және негізгі қасиеттері бейнеленеді. Ұғымдар арқылыадам танымының ұзақ процесінің нәтижесі қорытылады. Ұғымдар дара және жалпыболып бөлінеді. Мысалы, “Шымкент қаласы” дара ұғым болса, “кітап”, “адам” жалпы ұғым болады. Әрбір ұғымда белгілі мазмұн болғандықтан, ол ұғымды бірден меңгеру оңай емес. Бұл үшін ойлау тәсілін меңгере білу қажет.
Ұғымда заттардың өзіндік қасиеттері ғана көрінбейді, олардың бір-бірімен байланыстары мен қарым-қатынастары бейнеленіп отырады.
Шындықтағы заттардың қарапайым байланысы пікірлерден көрінеді. Пікір – бұл бір зат туралы мақұлдау не оны бекерге шығаруда көрінетін ойлаудың формасы. Мысалы, “Астана – Қазақстан Республикасының орталығы” десек, бұл шындыққа сай ақиқат пікір болады да, ал “Атом – заттың бөлінбейтін және өзгермейтін бөлігі” десек, бұл жалған пікір болып табылады. Әрбір пікірде үш бөлім болады. Олар бастауыш, баяндауыш және байланыс. Мысалы, “Алматы” – логикалық бастауыш, “Қазақстан Республикасының орталығы” – логикалық баяндауыш, байланыс сөздер “деп”, “дегеніміз” т.б. Пікір де ұғым сияқты тек тілдік материал негізінде, тілдік терминдер мен сөйлемдердің негізінде ғана туып, өмір сүре алады. Пікір мен сөйлем бір-бірімен тығыз байланысты. Пікірлер де шындықтағы әр түрлі нәрселер, олардың түрлі қасиеттері, сондай-ақ нәрселердің арасындағы түрлі байланыстар бейнеленеді.
Ойлаудың күрделі формаларының бірі – ой қорытындылары. Ой қорытындылары дегеніміз бірнеше пікірлерден жаңа бір пікір шығару тәсілі. Қорытынды шығару үшін оны белгілі тәртіпке бір-бірімен байланыстыруымыз қажет. Қатар тұрған кездейсоқ пікірлерден қорытынды щықпайды. Мысалы, “Барлық дельфиндер – жануар”, “Барлық металдар электр өткізеді” деген екі пікірдің арасында ешбір логикалық байланыс жоқ. Сондықтан бұл екеуінен үшінші жаңа бір пікірдің тууы мүмкін емес.
Ой қорытындыларының үш түрі болады: дедукциялық, индукциялық, аналогиялық. Дедукция дегеніміз жалпыдан жекеге қарай жүретін ой қорытындысы. Мысалы, тірі организмдер оттегі жоқ жерде тіршілік ете алмайды, ал балық тірі организмнің бірі десек, олай болса, балық оттегі жоқ жерде тіршілік ете алмайды деген қорытындыға келеміз.
Индукция – жекеден жалпыға қарай жасалатын ой қорытындысы. Мысалы, оттегі болмаған ауада өсімдік өсе алмайды, сондай-ақ, оттегі жоқ ауада жануарлар да, адам да тіршілік ете алмайды десек, осы айтылғандардан жалпылап оттегі жоқ ауада “барлық тірі организмдер тіршілік ете алмайды” деген қорытындыға келеміз. Индукцияда жеке жағдайлардан жалпы ереже, фактілерден қорытындылар жасалады. Мысалы, Д.И. Менделеев химия элементтерінің периодтық заңын индукция тәсілімен ашқан.
Аналогия дегеніміз – ұқсастық бойынша ой қорытындыларын жасау. Мысалы, И. Ньютон бүкіл әлемдік тартылыс заңын тапқанда, ой қорытындысының осы түріне сүйенген. Ол жер үстіндегі денелердің қозғалуы, әсіресе, құлауы мен аспан денелерінің қозғалуы арасындағы ұқсастықты түсіндіруде аналогияны келтіреді. Аналогия осындай ғылыми гипотезаның бастамасында елеулі роль атқарады.
Сөйлеу әрекеті психология ғылымындағы өзекті мәселелер қатарына жатады. Соған орай сөйлеу әрекетінің атқаратын қызметтері ғылыми тұрғыдан мынадай үш түрлі салаға топтастырылып қарастырылады:

  1. Сөйлеудің коммуникативтік қызметі – тілдік қатынас нәтижесінде адамдар тілдесіп, бір-бірімен түсініседі;

  2. Сөйлеудің сигнификативтік қызметі – адамдар бір-бірін белгілер мен таңбалар арқылы түсінетін болады;

  3. Сөйлеудің экспрессивтік қызметі — әр алуан хабарлар мен жай-жапсарлардың мәнерлі сөзбен, құлаққа жағымды үнмен, дауыс ырғағымен адамның жан дүниесін тебірентіп, өзгелерге жеткізілу тәсілі.

Сөйлеу түрлі механизмдер арқылы жүзеге асып отырады да, олардың нақты мазмұны мен мәніне, мақсатына орай дамиды. Сөздерді қабылдағанда біз екінші сигнал жүйесі арқылы тітіркендіру нәтижесінде нәрселердің мән-жайын қабылдап, олар туралы хабар аламыз. Адамның сөйлеуі күрделі психологиялық процесс және оның жоғары жүйке қызметімен байланысты болып түр-түрге бөлініп, олардың орталықтары мидың түрлі алаптарында орналасқан. Мысалы, ауызша сөйлеудің орталығы мидың маңдай алабында орналасқан болса, жазу сөзінің орталығы мидың желке бөлігінде орналасқан.
Сөйлеу әрекетінің бұзылуы мидың белгілі алабының зақымдануына байланысты. Осындай зақымдану салдарынан адам сөзінің жүйесі және бірізділігі жойылып, афазиялық жағдайға ұшырайды. Афазиялар үлкен ми жарты шарларының белгілі бір алаптары жарақаттанып, ісік пайда болғанда, не түрлі ауруларға ұшырағанда пайда болады.
Адамның сөйлеу әрекеті түрлі белгілеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Біріншіден, сөйлеу күрделілігіне, өзінің психикалық және физиологиялық механизмне орай, көпшіліктің бірге қосылып айтатын сөзі – хормен сөйлеу және қарапайым түрде қайталау болып отыратын – жаңғырық сөзі болып бөлінеді. Осы негізде сөздер атаушы сөздер мен коммуникативті сөйлеу болып та бөлінеді. Ал сөйлеудің жоспарлы түрде мақсат-міндеттерді көздейтін түрі бағдарлы сөйлеу делінеді. Бұл орайда, сөздер үнемі бағдарлы түрде айтылатын активті сөйлеу мен сөйлеудің құрылысын талап ететін реактивті сөйлеу болып жіктеледі. Сондай-ақ, сөйлеудің тағы бір түрі қосалқы сөз деп аталады. Сөйлеудің қосалқы түрі сөйлеудің қалыпты құрылысын қатаң талап етпесе де, өздігінен сөйлеу түрі болып саналады. Төртінші негіз бойынша сөйлеу сыртқы және ішкі белгілеріне орай жіктеледі. Осы негізге сүйене отырып, сөйлеуді сыртқы сөз – дауыстап естіртіп сөйлеу және іштей сөйлеу деп екі топқа бөлеміз.
Сөйлеудің адамдар әрекетінде жетекші қызмет атқаратын түрі – коммуникативті сөйлеу. Ол күнделікті қарым-қатынас барысында кеңінен қолданылады.

  • Монологтық сөйлеу – сөйлеу әрекетінің кең тараған түрі. Мұнда айтылуға тиісті ой-пікір толық сипатталып, ұзағынан айтылады, әрбір жайт пен жағдай тыңдаушыларға жете түсіндіріледі. Соған орай ол жүйелі, дұрыс ырғақты, екпінді, бет, дене құбылыстары мен қимыл-қозғалыстар арқылы қажетті сөздерді өзгелерге жеткізудің әдіс-тәсілдерін қамтиды.

  • Диалогтық сөйлеу – екі немесе бірнеше адамның тілдесуі,оқиға мен болмыс көбінесе, нақты тақырыпқа құрылып, әрбір сөйлем мен сөз алғашқы айтылған ойды ұштастырады.

  • Үнсіз (іштей) сөйлеу – адамның практикалық іс-әрекеті мен ой-пікірі жоспарланып, белгілі жүйеге салынуы. Іштей сөйлеуде адамның ерні жыбырлап, тілі қозғалады, дыбыс сыртқа шықпайды. Ішкі сөйлеудің психологиялық мәселелері психолог А.Н. Соколов зерттеулерінде қамтылған.

  • Жазу сөзі – мұны монологтық сөйлеудің бір түрі деуге болады. Жазу сөзі ауызша сөйлеуге қарағанда, ой-пікірді кеңінен, жүйелі, ерікті түрде жеткізеді. Сөйлеу әрекетін үйретуді жазба сөзден бастаған дұрыс. Жазба сөз мәдениеті жоғары адам өз ойы мен пікірін ұтымды, бейнелі, әрі түсінікті етіп білдіре алады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет