Ә. марғҰлан-қазақ МӘдениетінің тарихшысы: археолог, фольклоршы, этнограф және қазақтанушы



Дата17.06.2018
өлшемі51,5 Kb.
#42802
ӘОЖ 908-069 (574-52)
Ә. МАРҒҰЛАН-ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХШЫСЫ: АРХЕОЛОГ, ФОЛЬКЛОРШЫ, ЭТНОГРАФ ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАНУШЫ
Ж.. Исахметұлы, Р. Алиханова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы Кіші ғылым Академиясы Жамбыл облыстық «Дарын» мектеп-интернаты,

Тараз қ..
Қазақстан ғылымында этноархеологиялық жаңа ағымның негізін академик Әлкей Марғұлан қалады. Этноархеология зерттеулерінің басты объектісі болып халықтың материалдық мәдениеті, ал пәні—адамдардың іс-әрекет ерекшеліктері мен әлеуметтік қарым-қатынастарының өзіндік бет-бейнесі болып табылады. Кең байтақ қазақ жеріндегі көптеген ескерткіштер мен ашылмаған тарихи-мәдени құбылыстарды жаңаша зерттеуге бұл ғылымның әдіс-тәсілі маңызды рөл атқарады.

Әлкей Хақанұлының бай мұрасы, әсіресе оның Отан тарихын зерттеуде ұстанған методологиялық принциптері ғылымдағы бүгінгі өзгерістермен ұштасып жатыр.

Қазақтар жайлы гуманитарлық ғылымның тұтас саласын ұйымдастырушы—іс дегенде тынымсыз, табанды да қайратты, сырттан қарасаң әрқашан сабырлы көрінетін өте сезімтал әрі жаны нәзік, тағдырдың небір шырғалаңы мен соққысын көрген ғалым Ә.Марғұлан еді.

Ә.Марғұланның, әсіресе, қазақ тарихының ерте және орта ғасырлар кезеңіне қатысты зерттеулері өз замандастарының еңбектерінен оқшаулау тұр. Біз өзімізднің мақаламызда бүгінгі қазақ тарихындағы өзгерістерге байланысты мынадай бір-екі мәселеге тоқталмақпыз. Олар біріншіден, Отан тарихының ерте және орта ғасырлық кезеңдерін талдап алуға байланысты Ә.Марғұлан ұстанымының ерекшеліктері және олардың бүгінгі кезеңдегі тиімділігі жөнінде. Екіншіден, Ә.Марғұлан өмір сүрген тарихи кезеңде қазақ қоғамының өркениеттік ерекшеліктері жөнінде ашық және көбірек жазу-зерттеуші ғалымға аса тиімді еместігі. Бірақ та ғұлама ғалым бұл тақырыпқа жиі әрі батыл барып отырады, яғни бұл мәселе де арнайы тоқталуға лайық тақырып деп білеміз.

Соңғы 10-15 жыл төңірегінде Отан тарихына, әсіресе көне кезеңдеріне байланысты түрлі пікір қақтығыстары болып өтті. Ал осы қайшылықты көзқарастардың болуын толық табиғи құбылыс ретінде қабыл алғанымызбен, даудың негізінде ұлт тарихының бастапқы кезеңдерінен бүгінгі күніне дейінгі аралығындағы сабақтастықтың ғылыми нұсқасын жасауда әлі де болса кемшіліктер орын алып отырғандығын мойындауымыз керек.

Бұл ретте ежелгі замандарда қазақ жерінде тамыр жайған сақ, үйсін, қаңлы мәдениеттері мен бүгінгі қазақ мәдениеті арасындағы немесе түркілер қағанаты (Батыс және Шығыс) Қарахандар мемлекеті мен Қазақ мемлекеттігі арасындағы тарихи сабақтастық жаңа ғылыми методологиялық тұрғыдан қорытылғаны тиімді, сондай-ақ бұл процесс қазіргі кезеңде жүріп жатыр. Мысалы, б.з.д соңғы мың жылдықта қазақ жерінің Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс тіптен Оңтүстік Орал мен таулы Алтайға дейінгі аралықты мекендеген сақ елінің тегі мен сөйлеген тілі жөнінде түрлі өзара қайшылықты тұжырымдары бар. Ғылыми пікір-таласқа түсушілердің бір жағы сақ елін Иран тілді мәдениетке жақындатса, екіншісі сақтарды түрік тілді халыққа бейім дейді. Сонда тарихи шындық қай жағында? Мұндай мазмұндағы пікір қайшылығының тууы, біздіңше, жоғарыда айтылғандай сақтар өмір сүрген мезгіл ерекшелігін тура түсіне алмаушылыққа да байланысты. Шындығында, б.д.д. мың жылдықтың екінші жартысындағы парсылар мен сақтардың мәдениеті қалыптасуы кезеңінде тұрған, яғни белгілі дәрежеде тіл мен салт-дәстүрдің, басқа да мәдениет салаларының балаң дәуірі болатын. Парсылар мен сақтарды өзара бөліп немесе жақындастырып тұрған ислам діні де бұл кезде жоқ еді. Сондықтан да олардың тілі мен мәдениетінде сол тарихи мезгілге лайық өзара жақындық, үндістік басым еді. Жеке тұлға ретінде саналы өмір есігін енді ғана ашқан сәби өзіне қажетін қандай тез қабылдайтын болса, бұл тарихи мезгілдегі халықтарға да осы қасиет тән болды. Сондай-ақ олардың арасында араласу процесі жүріп жатты. Парсы және түркі тілдеріне бірдей тән көптеген сөздер мен ұғымдардың басым бөлігі сөзсіз осы мерзімде өмірге келіп, кейін түрік және парсы тілдерінің төл сөздеріне айналды. Ұлы наурыздың жыл басы ретінде көрші халықтар арасында мойындалуы да осы мезгілге тән болса керек. Осы пікірді ғұн, моңғол және түркі халықтарының арақатынасына байланысты да айтуға болады. Біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтың соңы және біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығына бұл халықтардың арасында да жоғарыда айтқан сақ пен парсы халықтары арасында жүрген өзара араласу және ықпалдасу процесі байқалады.

Басқаша айтқанда, тарихтағы сақ, оның ізін ала келген ғұн, үйсін және қаңлы кезеңдері бүгінгі қазақ және басқа Орталық Азия халықтарының, олардың мәдениеті мен тілінің бастапқы қалыптасу дәуірі болды. Яғни олардың ең кем дегенде 3 мың жылдық тарихында үзіліссіз жүріп отырған сабақтастық, ортақ өзек бар. Халқымыздың тура тарихын түсінуге қатысы бар осы мәселеге байланысты қалам тартқан ірі ғалымдардың бірі Ә.Марғұлан ғалым бұл аса маңызды мәселеге өз жолымен келді.

Оның 1966 жылы жарық көрген «Ежелгі мәдениет куәлары» атты жинаққа жазған кіріспе мақаласында: «Тегінде Азия мен Қазақстанды, Оңтүстік Сібірді қоныстанған ежелгі тайпалардың өркендеу тарихы орасан қызық. Бұлардың қола дәуірінің өзінен көріне бастаған.Ол кездегі тайпалар мыс қалайы, алтын, күміс қорытуды жақсы біліп , одан неше түрлі қару-жарақ, әдемі бұйым, әшекей дүниесін шығара білген...

Бұл қола дәуірінде қалыптасқан өрнек нақыстары бергі кезге дейін ұмытылмайды, оның әуендері ежелгі тайпалар арқылы бірден бір ауысып, ең соңында қазақ халқының өнеріне негіз болып шығады», - деген толық нанымды тұжырымға қорытындыға келеді./1/

Ә.Марғұлан еңбектерінде қазақ жеріндегі алғашқы мәдениет үлгілерін жаратушы халықтар өзге өңірлерден мұнда жетіп, өздерінің «Ағартушылық» міндеттерін орындап болған соң басқа өңірлерге, батыс пен оңтүстік ығысып, жоқ болмайды, яғни олар қазіргі қазақ жерінің автохонды (жергілікті) жұрты.

Аталған кіріспеде Ә.Марғұлан: «Қазақстан өлкесі кейбір үстірт қарайтын адамдардың айтқанындай, тарихи мәдениеттің сілемі жоқ, тек қана жосын жүрген аңның мекені емес, не болмаса ешбір ел қоныс етпеген, тек қана шөл дала емес. Күрделі цивилизация, алтын, күмістен жасалған әдемі бұйымдар, әдемі көзелер, тас мүсіндер, тас жазулар, тас тұнжырлар, таулы жер мен өзен бойын сұлулыққа бөлейтін сәулетті күмбездер, тас сарайлар, шуы көп қалалар мұнда да болған. Бірақ өзгергіш дүние бұларды бірде көркейтіп, бірде жер бетінен сыпырып отырған. /2/

Бұл ұзақ жылдар бойы қазақ жерін археологиялық тұрғыдан зерттеген ғалымның тұжырымы. Марғұлан пікірінің құндылығы сонымен бірге оның қазақ халқының рухани мәдениетін өнер мен фолклортанушы ретінде де үңіле зерттеуінде болса керек.

Ә.Марғұланның қазақ жеріндегі түрлі тарихи кезеңдеріндегі мәдени құбылыстар арасындағы өзара тікелей сабақтастық жөніндегі тұжырымы оның 40-жылдары жариялаған еңбектерінен көрініс тапқан. Дегенмен, оның бұл пікірі 80-жылдары біржола концептуалдық дәрежеде тиянақталды. Сондай-ақ бұл еңбекте Ә.Марғұлан мен ресми тарихнама арасында алшақтық болғандығы да байқалады. Ғалым мәселен, кейінгі қазақ мәдениеті мен көне ғұн, үйсін, қаңлы мәдениеті арасындағы ортақ желістерді бажырайта көрсетіп жазған болса, ресми тарихнама үйсін синонимін «усунь», қаңлы синонимін «кангюй» деп жазды.

«Ойсылқара» атты тарихи-этнографиялық зерттеуін Ә.Марғұлан «әңгіме» деп атайды. Мақаланы әңгіме деп атауы, әрине, ғылыми-әдістік. Осы зерттеу еңбегінде автор: «ғұн, үйсіндердің көркем өнерін сипаттайтын мәдени мұралар Алматыға таяу жерде Қарғалыдан, Есіктен, Кеген ауданынан табылған алтын алқалар, Талдықорған облысынан табылған алтын өрнектер»,- деген ойды білдіріп Есік қорғанынан ханзаданың алтын сауытымен бірге табылған қазынаның жергілікті үйсін жұртына тәндігі жөніндегі тұжырымды қуаттайтындығын анық айтады./3/

Ә.Мағұланның пікірінше, ғұн, үйсін кезеңіне тән мұралар Көкшетеудан, Бурабайдан, Сарысу, Тоқырауын, Елек, Еділ өзендері бойынан, Торғай өңірінен табылған алтын, күміс бұйымдарға салынған ою-өрнектер.

1983 жылы жарияланған «Қорқыт ата өмірі мен Эфсоналары» атты көлемді еңбегенде ғалым осы пікірін ұштай түсіп, «Қорқыт кітабында» суреттеліп отырған. Усун-қожа Қазақстанның ең ескі тайпаларының бірінің аты Ұлы жүзге негіз болған үйсіндер. Олар б.з.б. 3 ғасыр бұрын Жетісудағы ең атақты елдің бірі, өзінің ықпалын олар мың жыл бойы биікте ұстап, оны түрік қағанатына дейін сақтап келді. Усунь туралы Қорқыт хикаясының мазмұны осы дәуірлерді еске түсіреді», дейді. /4/

Байырғы және ортағасырлық түркілрге—қазақтардың ата-бабаларына тікелей қатысты қорғандарды табуға және зерттеуге ұмтылған Әлкей Хақанұлы сұлбасы сан-алуан қабырларды ашуға ден қойды. Оларды зерттеген сайын, түркілерге қатысы жоқ, қола даәуірінің ескерткіштерін молынан тапты. Міне, тіптеп келгенде, ғылымда аса маңызды Беғазы-Дәндібай мәдениетінің феноменін ашқан, әрі дәлелдеген Марғұлан екендігі түсінікті болды.

Ә.Марғұлан қазақ халқының өркениеттік қалыптасуы мен өзгеруінің негізінде халқы мәдениеті жақындығын терең ұғып, оны зерттеуге аса зор көңіл аударған зерттеуші. Сондай-ақ бұл тақырыпты игеру ісінде ғалым белгілі дәрежеде ортағасырлық тарихшылар Мұхаммед Хайдар Дулати мен Қыдырғали би Қасымұлының еңбектеріне сүйенген. Бұл екі тарихи тұлғаны да Ә.Марғұлан қазақ халқының тарихшылары ретінде қарастырды.

Көрнекті ғалым 1941 жылы «Әдебиет және искусство» журналында «Мұхаммед Хайдар—қазақтың тұңғыш тарихшысы» деген мақаласын жариялайды. Кейінірек, бұл мақаласын ғалым толықтыра түсіп, 1966 жылы «Білім және еңбек» (№2,7) журналында қайта бастырды. Бұл әлемге әйгілі «Тарихи-Рашиди» авторының қазақ халқы мен оның мәдениетіне тікелей қатысы бар тұлға екендігін көрсетуге арналған алғашқы мақала болатын. Ә.Марғұлан Мұхаммед Хайдар мырзаның шыққан ортасы мен тегіне тоқталып: «Мұхаммед Хайдар туысы жағынан Ұлы жүз Дулат руынан болады, оның арғы аталары Орта Азия өлкесінде жасаған саяси жұртшылық ісіне қатысып, тарихтан белгілі орын алған атақты билер. Халық аузында осы күнге дейін айтылатын атақты Майқы би, не кейін шыққан Ұлы жүз үйсін Төле би, бәрі бір ұлыстан тарап, халық мұңының ойлауымен аты шыққан кемеңгер адамдар болған», -дейді. /5/ Ал кітаптың қазақ тарихын зерттеуге байланысты маңызы жөнінде: «бұл қазақ тарихы туралы жазылған бірінші кітап... жүз жыл ішінде (1450-1540) болған уақиғаны сурететйді. Шағатай ұлысымен Алтын Орданың қалай азып-тозғанын, ол екеуінен тарап шыққан қазақ халқының саяси тіршілігін баяндайды», - деген негізді тұжырым жасайды.

Жалпы Ә.Марғұлан бұл мақаласында Мұхаммед Хайдаридің жеке тұлғасымен оның аталмыш еңбегіне қысқаша мазмұндама беріп, маңызды жақтарына тоқталып, олар жөнінде оқырманды хабардар ету мақсатын ұстаған.

Ә.Мағұланның М.Х.Дулати мырза еңбегіне аса зор көңіл аударуы тектен-тек еместігін, өйткені, «Тарихи-рашидиде» ортағасырлық қазақ қоғамының өркениеттік ерекшеліктерін жол ашатын фактілік материалдар мен тұжырымдар мол. Солардың бір-екеуіне ғана тоқталып өтейік.

Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулати мырза өз еңбегінде «қазақ» немесе «қазақылық» деген ұғымдарды бір емес, бірнеше рет пайдаланады. Алғаш рет ол бұл сөзді Уайысхан өмірінің бастапқы кезеңіне арналған бір кітаптың 29 тарауында Уайыстың өз ағасы Ширмұхаммед Хаинның «қазақы салт-дәстүрді ұстағанына қарсы болғандығын» айтады. Екінші рет сұлтан Сайд ханға арналған 67 тарауда ханның Мансұр ханнан жеңіліс тапқан соң «Моғолстанда қазақы, жүріс-тұрысқа» деген ұғымға ол 2 кітаптың 33-тарауында түсінік беріп өтеді. Одан аңғарылатыны біріншіден, «қазақ» аталған жұрттың әуелде Әбілхайыр ұлысынан жарыла көшкендігі және екіншіден, біраз мезгіл дербес мемлекетті құра алмай, өз бетінше емін-еркін көшіп-қонып жүріп қалғандығы. Сонымен бірге Мұхаммед Хайдар мырзаның айтуына қарағанда, «қазақы өмір салтының» сол тарихи кезеңдегі өзбек және моңғол елдеріндегі өмір салтынан өзгешелігі бар...

Жоғарыда айтылғандай қазақ тарихына байланысты Ә.Марғұлан зор көңіл аударған еңбектердің бірі Қыдырғали Қасымұлының «Тарих-и Оразмұхаммед» атты еңбегі. Бұл еңбекті де дерек көзі ретінде Қазақстанда арнайы талдауға алынуы Ә.Марғұлан есімімен байланысты «күміс сандық құпиясы» /6/ атты мақаласында ғалым Ресей кітап қорларына түскен Оразмұхаммед сұлтанның кітапханасы жөнінде жазып, жалпы қолжазба мәдениетінің ортағасырлық қазақ қоғамына да тән болғандығына тоқталады.

«Мұндағы ең қадірлі нәрсе,-деп көрсетеді Ә.Марғұлан, - сол кездегі мәдениетке үлгі болған Сыр бойындағы қалаларға көп тараған тарих, әдебиет, шежіре туралы айтылатын кітаптардың өте сирек түрлерін жиып алуы. Сырдариямен байланысудың мәдениетке үлгі болатын бір келесі түрі—16 ғасырдағы қазақтардың араб харпімен жазған хаттары. Оарда араб жазуы ғасырлар бойы толық қалыптасып, қазақтардағы жазу мәдениеті өзбек, түркімен татарлардағы сияқты бір қалыпқа түскенін көрсетеді.»/7/

Ә.Марғұлан академик Френнің көрсетуіне сүйене отырып, Оразмұхаммед сандығында сақталып кейін қолжазба түрінде түрлі кітап қорларына шашырап кеткен шығармалардың тізімін де келтіреді. Олар «Насап нама», «Дастан Едиге би», «Дастан Ақсақ Темір», «Сиыршы», «Дастан Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Тарихи-Рашиди» сияқты және т.б. қолжазбалар еді.

Ә.Марғұлан Қыдырғали би шығармасына белігілі тарихшы Рашид-ад Дин туындысының аты берілуі еңбектің деректі маңызын дұрыс бағалауға кедергі болып келгендігін орынды көрсетіп берді. Сонымен бірге, Әлкей Марғұлан Қадырғали би еңбегінің тілі негізінен қазақ тіліне өте жақын, оны қазақша-шағатайша тіл деп айтуға, сондықтан да «Тарихи Оразмұхаммедті» қазақ жазба мәдениетінің алғашқы үлгілерінің қатарына жатқызуға әбден болады деген тұжырымға келеді.

Жалпы алғанда Ә.Марғұланның жоғарыда аталған тарихи мұралар жөнінде жасалған тұжырымдары бүгінгі жағдайда одан ары дамыта зерттеуге лайық. Олар қазақ қоғамының өркениеттік ерекшеліктерін аша түсуге көмектеспек.

Қорыта айтар болсақ, Ә.Марғұланның артына қалдырған мол мұрасы қазіргі тарих ғылымында жалпы мәдениетімізде болып жатқан іргелі өзгерістермен үндес, болашаққа қызмет жасайтын ұлтымыздың рухани байлығына жатады. Ә.Марғұлан шығармашылығын, сондай-ақ тарих ғылымының белгілі бір саласымен ғана шектеп қарастыру қателікке ұрындырады. Өйткені, ғылымның өзі тарихи процестерді жан-жақты өзара салыстыра, ұштастыра зерттеуді мақсат тұтқан. Сондықтан да ол археологиялық ескерткіштерді тарихи-жазба деректермен, тарихи жазба деректерді аңыз-жырлармен, аңыз-жырларды алдыңғы екеуімен байланыстыра зерттеген. Сол арқылы ғалым халқымыздың жүріп өткен тылсым әлемін жарқыратып, аша білген. Бұл әдіс кейінгі буын ғалымдарға да, біз сияқты, мектеп қабырғасындағы оқушыларға да үлгі болса керек.


Әдебиеттер тізімі.

  1. Марғұлан Ә. «Ежелгі әдебиет куәлары» Алматы, 1966, 4-б.

  2. Сонда, 6-б.

  3. Марғұлан Ә. «Ойсылқара», «Жұлдыз» 1984, №4. 175-б.

  4. Марғұлан Ә. «Қорқыт ата өмірі мен эфсоналары», «Жұлдыз», 1983. №3. 143-б

  5. Марғұлан Ә. Әдебиет және искусство Алматы, 1941, 36-б.

  6. Қазақ әдебиеті, 2004. 1-қаңтар. 3-б.

  7. Сонда, 3-б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет