1 Әдебиеттану – сөз өнерін зерттейтін ғылым. әдебиет туралы ғылым мынадай үш түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен олардың түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.
Әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатысын білу, әдебиеттің өсіп өрбуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес.
Әдебиет тарихы жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың қай болсын, атамзамандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан іргелей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы.
Әдебиет теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиеттің сынымен тығыз байланысып жатады.
Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып,нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолқабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді.
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы өзара тығыз бірлікте болатыны, әдебиеттің теориясын нәзік түснбей тұрып, тарихы жайлы әңгіме қозғау; тарихын білмей тұрып, сынын өрбіту мүмкін емес. Шын мәніндегі әдебиет сыншысы немесе әдебиет зерттеушісі әдебиеттанудың үш саласына да жетік, білімдар әдебиетші болуы шарт. Мұндай әдебиетшіліктің озық үлгісін орыстың ұлы революционер-демократ ойшылдары В.Г.Белинский, Н.Г.Чершышевский, Н.А.Добролюбов көрсетті.
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары бар. Олар – текстология, историография және библиография.
Текстология - әдеби туындылардың мәтінін зерттеп, танудың принциптері мен методикасын жинақтайтын арнаулы ғылыми пән.
Историография - әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Мұның өзі, көбіне, бірыңғай ғылыми мақсат үшін керек.
Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы.
2. Образ, көркем образ - шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән ерекше эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты (көбінесе әдеби қаһарман бейнесін) Образ деп атайды. Мысалы: М.Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясындағы халық Образы, Абай Образы - өнер мен халықтың немесе өнер мен сананың арасындағы арнайы байланысты негіздейтін эстетикалық категория. Көркем образда объективті-танымдық және субъективті-творчестволық бастау өзара бірлікте көрініс табады. Образ нақты шындыққа және ойлау процесіне байланысты айқындалады. Образ тек шындықты бейнелеп қана қоймай, оны жинақтайды. Жекелеген оқиғалар негізіне жалпылама түсінік беретін түйін жасайды. Әр суреткер жасаған образ шындыкты өзгеше, жаңа бір қырынан творчеств. тұрғыдан түсіндіруді мақсат етеді.
Образ - сөзбен баяндалған сурет. Көркем шығармадағы түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әрбір сөз бедерлі бейнеге, тірлікке, әрекетке ие болғанда образға айналады. Образдың мақсаты кез келген қарапайым құбылысқа немесе затқа жан бітіріп сөйлеу (Мысалы, Күлімсіреп аспан тұр, Абай). Кез келген образ заттық және мағыналық екі компоненттен тұрады. Осыған орай ол іштей заттық, жалпылама-мағыналық және құрылымдық деп үш түрге жіктеледі.
Образдың заттылығы бір сөзбен ғана берілген сипаттамадан бастап, оқиғаны жіліктеп, оның жай-жапсарын тереңдете суреттеуге (пейзаж, портрет, көңіл-күй) дейін қамтиды. Ол бүкіл сюжеттік желіге (өлеңнің, әңгіменің, т.б.) негіз болып тартылуы да мүмкін. Жалпылама мағыналық образ іштей дербес ұқсас, типті және мотив-образ, топос, архитип болып бөлінеді. Мысалы, мәңгі типтік образ: Дон Кихот, Гамлет, Фауст, бұларға қазақ әдебиетіндегі: Шығайбай, Қарабай, Судырахмет, т.б. жатқызуға болады. Құрылымдық образ: автологиялық, металогиялық түрлерге жіктеледі. Тарихи даму барысында көркем образдылық ұғымы мен оның компоненттері үлкен өзгерістерге ұшырап отырған. Мысалы, Ертедегі Шығыста түспалдау, астарлау жиі қолданылса, антикалық әдебиетте - классикалық, қайта өрлеу дәуірінде - барокко, жаңа еуропалық әдебиетте романтикалық, реалистік образ қалыптасты.
Образ әдеби тек тұрғысынан үш түрге:
1. эпикалық;
2. лирикалық;
3. драмалық болып бөлінсе, жасалу тәсіліне қарай юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, геройлық, т.б. болып бөлінеді. Көркемдегіш сөздер (эпитет, теңеу, метафора, т.б.) ауыз әдебиеті шығармаларында мол кездеседі.
Образ - әр дәуірге, әр әдебиетке сай үнемі дамып, жаңарып отыратын категория.[1]
Эпикалық образ - кескін-кейпі, мінез-кұлқы, іс-әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип; көркем бейне жасаудың портрет, мінездеу, диалог, монолог және т.б. амалдары көп колданылып жасалатын образдың түрі; адамның кескін-кейпін, ішкі дүниесін, іс-әрекетін кең суреттеп, мол көрсететін,терең әрі жан-жақты танытатын образ.
Лирикалық образ - сыршыл өлең жырлардағы ақынның өз бейнесі, оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен, нәзік сырымен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер, оның субъективті көңіл-күйінен, сан иірім сұлу сыры мен сезімі арқылы жасалатын образ; адамның аса терең нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айрықша әсем айшық табатын образдың түрі.
Драмалық образ - өмірдің өз аясында, сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын; тірілермен тірілерше дидарласып, оларды қолма-қол күлдіріп не жылатып, тікелей ықпал жасап, тебірентетін; шиеленіскен тартыстар мен қым-қиғаш қимыл-әрекеттер арқылы жасалатын образ.
Романтикалық образ – әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның «әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры» боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.
3 Тілді құбылтуға мысал
Метафора (ауыстыру) – суреттелген затты не құбылысты айқындай түсу үшін оларды сөздеріне ұқсас затқа не құбылысқа балау.
Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп. (І. Жансүгіров, «Әнші»)
Кейіптеу – табиғат құбылыстарын жандандырып, адам кейпінде суреттеу.
Мөлдіреген «Жетімкөл» көкке қарап,
Мөлдіреген көз жасын тыя алмай тұр. (М. Мақатаев, «Аққулар ұйықтағанда»)
Метонимия (алмастыру) – өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздерді бірінің орнына бірін алмастыра қолдану.
Үйі мәз боп қой сойды,
Сүйіншіге шапқанға. («Абай, «Мәз болады болысың»)
Айшықтау
Арнау – автордың өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, олармен іштей тілдесуі.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың... (Абай)
Қайталау
1. Жай қайталау.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім. (Махамбет)
2. Еспе қайталау.
Сарыарқаның бір тауы бар,
Бір тауы бар сымбатты.
Сол таудан сен сыр тауып ал,
Сыр тауып ал, қымбаттым. (С. Сейфуллин)
3. Анафора – өлең тармақтарында белгілі бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол басында қайталануы.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
4. Эпифора – өлең тармақтарында бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол аяғында қайталануы.
Атадан туған мен бір шоқ,
Садаққа байлар сайман жоқ.
Балталыдай көлім жоқ,
Бақалыдай көлім жоқ,
Алдымда менің ағам жоқ,
Артымда менің інім жоқ. («Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан)
Әдеби үрдіс» – әдебиеттің әлемдік, аймақтық, ұлттық көлемдегі белгілі бір кезеңін, сондай-ақ тұтастай тарихын қамтитын туу, қалыптасу және дамуынан тұратын тарихи қозғалыстағы ағым
Әдеби үрдіс әр түрлі әдеби кезеңдерден құралады. Әдеби үрдістің ажырамас бір саласы халықаралық әдебиеттер байланысы.
Мысал үшін Абай Құнанбайұлын алсақ болады
Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, халықтың таным көкжиегін кеңейтуге ықпал ету үшін шығыс және батыс мәдениеттерін жан-жақты зерттеп, олардың үздік үлгілерімен таныстырып отырды.
Ұлы Абайдың Қара сөздері – педагогикалық (тәрбиелік) тұжырымдар, олар қазақ ұлттық педагогикасына қағба-бағдар ретінде енді. Абай өлеңдері еңбекке, ғылымды сүюге, өнерге, адамгершілікке тәрбиелейді. Абай тұлғасы – отандық мәдениет пен әдебиетте салмақты орын алады.
5 Портрет – көркем шығармадағы кейіпкердің болмыс-бітімі, ұлттық бейнесі, шынайы мінез-құлқы. Әлем әдебиетіндегі портрет бірталай туындылардың кеңінен танылуына үлкен себепші болса, қазақ әдебиетіндегі әдеби портреттер де ұлттық бояуға қанық, шығарма кейіпкерінің негізгі бет-пердесі болып табылады. Бұл орайда, академик Р.Нұрғали «Әдебиет теориясы» атты оқу құралында «Әдеби бейне» атты мақаласын жариялады. Онда әдеби портреттің қалыптасуы туралы ойлар айтылған: «Көркем шығарманың сапасы, құны, негізгі қасиеті – бейнеленген обьектісімен, кейіпкерлер нобайымен оп-оңай айқындалмайды. Өнер құбылыстарды философиялық тұрғыдан терең бейнелеу үшін адам характеріне, мінезге зер салады. Әдеби ұғымдағы характер – адамның белгілі бір жайтқа өзінің қатысын білдіруі, басқаға қарағанда, даралық ерекшелігі, жанды, өміршең қалыптағы бөлек сипаты. Осы пікірді түркі халықтарының эпостары жайлы да айтуға болады. «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар» жырларында мінездік, характерлік даралықтан гөрі фабулалық айырмашылық мол». Сонымен қатар ғалымның жетекшілігімен Е.Аманшаев «Әдеби бейне жасаудың рухани және көркем арналары» атты кандидаттық диссертациясын қорғаса, профессор Б.Майтанов «Әдеби портрет» атты зерттеу монографиясын жарыққа шығарды.
6 Ахмет Байтұрсынұлының жасаған әрбір еңбегі, қалдырған ізінен ұлтының рухын көтеруге бағытталған ұлы істерді көреміз. Өткен ғасырдың бас кезіндегі саяси және ел ішіндегі күрделі әлеуметтік жағдайларға қарамай, өз басына туар қиындықтардан сескенбей елдің санасының оянуы мен азаттығы үшін күресте қара нардай қайыспай қызмет еткен тау тұлғаның тарихи орнын ардақтай білуіміз керек.
Ахмет Байтұрсынұлы өз сөзінде «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деп елді білімге шақырудан жалықпайды. Ол осы жолда «Қалғып жатқан, қалың ұйқыдағы» жұртын ояту үшін, елінің жарқын болашағы үшін саналы ғұмырын арнады.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынов 2 ғана сынып бітірсе де 1913-1918 жылдары Әлихан Бөкейхановпен және Міржақып Дулатовпен қосылып «Қазақ» деген газет шығарумен болды. Ол бұл газет арқылы көшпелі қазақ ауылын көшпеуге, бір жерде өсіп-өнуге баулыды. Сонымен қатар мал шаруашылығын жандандырып оны игеріп, одан тауарлар, өнімдер алуға үйретті. Сонымен қатар егін шаруашылығын жүргізуді де үйретті.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақтан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы ғалым, әдебиет зерттеушісі ретіндегі нағыз тұлғасын айқын танытатын еңбегі – «Әдебиет танытқыш» кітабы. Бұл кітап 1926 жылы Ташкент қаласында жарық көреді. «Әдебиет танытқыш» қазақ әдебиетіндегі әдебиет тарихы мен теориясы туралы жазылған алғашқы көлемді еңбек. Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиеттану ғылымы саласына қосқан үлесі орасан зор. Автордың бұл еңбегі әдебиеттің әсемдік әлемін, көркем сөздің табиғатын, сөз өнерінің сырын, әдебиеттің мазмұны мен міндетін, әдебиеттің өнер ретіндегі қызметін, сөз өнерінің адам дүниетанымын, қоғамдық көзқарасын қалыптастырудағы рөлін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, оқырманға ұсынған тұңғыш кітап болды. Байтұрсынов жазған бұл кітап ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы тек қазақ қоғамындағы емес, бауырлас түркі халықтарының ішіндегі алғашқы теориялық еңбек болғаны белгілі.«Әдебиет танытқыш» кітабы біраз жыл бойы жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып, кейіннен автордың жазықсыз жалаға ұшырап, қудалануына байланысты ұзақ уақыт бойы қазақ әдебиетінен аластатылды. Тарихтың шаң басқан парақтарымен бірге бұл кітап та халық жадынан өше бастаған кезде, Алаш зиялыларының ақталуымен бірге бұл кітап та оқырманмен қайта қауышты.
Ахаң осы еңбегі арқылы қазақ сөз өнерінің әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі екендігін, сонымен қатар оның өзіне ғана тән ерекшеліктері мен өзгешелігі барын нақты мысалдармен дәлелдеп берді. Бұл кітаптың тағы бір құндылығы – бір ғасыр өтсе де Ахаң енгізген терминдердің көбі әлі күнге қолданылуында. Әдебиетші ғалымдар да әдебиет теориясы туралы зерттеулерінде осы кітапты негіз етіп қолданатындығында.
Қорытындылай келе, Ахмет шығармашылығы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің биік бір шыңы іспетті. Ол қазақ поэзиясына азатшылдық, бостандық үшін күрес жырларын алып келді. Елінің ұлттық санасының оянуына, отарлық езгіден арылуына қара нардай қайыспай еңбек етті. Оның шығармашылығы осы жолда негізгі қаруы болды. Сондықтан да ақын шығармалары құнды, өміршең.
7
Қазақ ағартушы-демократтары, эстетика мәселелеріне арналған арнайы еңбектер қалдырмағаны жұртқа мәлім, бірақ өздерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби еңбектерінде олар қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы мәселелеріне үлкен назар аударған.
Қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары халық бұқарасының өздерін қанаушыларға қарсы азаттық қозғалысының, капитализмнің Қазақстан ішіне кіріп, рулық-феодалдық қарым-қатынастарды бұза бастаған кезеңіндегі демократиялық ойдың нақтылы көрінісі болып табылады.
Сондықтан да қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары олардың дүниетанымымен тығыз байланыста болуы – олар өмір сүрген сол дәуірдегі тарихи жағдайлар тудырған әбден заңды құбылыс.
Әңгіме ағартушылылардың эстетика мәселелерін қаншалықты жүйелі әрі жан-жақты қарастырғанында емес. Маңыздысы – олар эстетика мәселелерін көтерді және оларға өз қатынастарын білдірді. Өнер мен сұлулықты барлық халықтар өз дамуының қандай сатысында болса да жасайды, ал философиялық ой, олар таптық күрестің күрделі түрлерінде шынайы күшке айналған кезден ертерек, бұл құбылыстарды қарастырмайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақ халқының эстетикалық көзқарастары алғашқы рет қазақ ағартушы- демократтары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев шығармаларында теориялық қорытындылауын және одан арғы дамуын алды.
Достарыңызбен бөлісу: |