түрлі елдердің ұлттық шаруашылықтары арасындағы ынтымақтастық және олардың толық (немесе ішінара) бірегейлендірілуі;
осы елдер арасындағы саудада кедергілерді жою;
бір үлкен (ортақ) нарық құру мақсатымен жекелеген елдердің әрқайсысының нарықтарын жақындату, экономикалық объектілердің жуықтасуы, өзара астасуы (бірлесуге дейін).
Экономикалық бірігу үдерісі түрлі деңгейлерде жүргізіледі. Деңгейлес (компания бәсекелестің компаниясын өзінің бақылауына алады немесе өндірістік үдерістің бірдей сатысындағы бірдей салада істейтін компанияларды қосып алады) және сатылaс экономикалық бірігу (компанияның қызметі ақырғы өнімді өндірудің технологиялық тізбегіндегі екі не одан көп буынды қамтиды; ол өнімді өндіру мен өткізудің барлық сатысын: шикізатты өндіруден көтерме немесе бөлшек саудаға дейін қамтуы мүмкін) түрлеріне бөлінеді. Экономикалық бірігу халықаралық сипатта болады және ұлттық шаруашылықтарды бірыңғай халық шаруашылығына бірігуге дейін жақындастыруды көздейді. Экономикалық бірігу - шаруашылық өмірдің интернационалдануының жоғары нысаны. Оның негізін капитал мен өндірістің интернационалдануы құрайды, ол әуелі микродеңгейде (фирмалар мен банкілер деңгейінде) болады, сонан соң макродеңгейге (мемлекеттер деңгейіне) шығады. Сонда экономикалық бірігу халықаралық келісімдермен және шарттармен ресімделеді. Экономикалық бірігу өзінің жогары көрінісінде институттық сипат алады, яғни тұрақты әрекет ететін халықаралық органдар нысанында болады. Халықаралық интеграциялық бірлестіктердің басты нысандары: еркін сауда аймағы, кеден одағы, ортақ нарық, экономикалық және валюталық одақтар — экономикалық бірігудің жоғары нысаны. Қазіргі кезде әлемде экономикалық бірігудің жоғары сатысында Еуропа одағы (ЕО) тұр, ол ортақ нарық сатысынан өтті. Еркін сауда аймағына НАФТА (Солтүстік-американ еркін сауда қауымдастығы) үлгі бола алады. Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан арасындағы Кеден одағы туралы келісім жасасылды.