ЭЛЕКТРОНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ
21 Мамыр 2010 | Үкімет
http://www.egemen.kz/
Загрузка ...
Оның артықшылығы неде?
Елімізде мемлекеттік сатып алулардың тендерлік әдістен электронды жүйеге көшкеніне біраз уақыт болып қалды. Жаңа әдіс қандай қажеттіліктен туындап отыр? Оның артықшылығы неде? Төменде осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы “Жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қызметін реттеу және тәртіпті бекіте түсу шаралары туралы” Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлық негізіне Үкіметтің азаматтар өтінішін қарау нәтижелері мен заңды тұлғалардың сұраныстарын мемлекеттік органдарда тіркеуге алу және мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесін құру туралы қаулы алынды. Онда жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу мен салық саясаты саласында шешім қабылдау, жер қатынастары мен жер қойнауын пайдалану шараларын құру, 2005 жылдың аяғына дейін ескі тендерлік сатып алу жүйесінен шығып, бюджет қаржысын үнемдеудің тиімді әдістеріне керекті жағдай жасау тапсырылған болатын. Бүгінгі күні аталмыш ақпараттық жүйе үйреншікті әдіске айналды. Оның ең басты артықшылығы – мемлекеттік сатып алуды жүргізуде сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз ететін үздік механизм екендігінде. Оның үстіне жаңа технологияларды “Электронды үкіметте” пайдалану ел индустриясының дамуын көрсетеді.
Мемлекеттік сатып алудың жаңа заңы бойынша Қаржы министрлігінің құзыреті кеңейді. Атап айтқанда, бұл салада жүйені жасап шығару, ендіру және пайдалануға беруге Үкімет Қаржы министрлігін міндеттеді. Олар жүйе субъектілеріне және қызығушылық танытқан заңды тұлғаларға электронды қызмет көрсетудің тәртібін анықтап, мемлекеттік сатып алу веб-порталында ақпаратты сақтаудың ретін ұсынатын болады. Үкіметте электронды мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай операторды анықтау мақсатымен арнайы қаулы қабылдап, нәтижесінде “Электронды сауда орталығы” ЖШС құрылды. Бұл бірыңғай оператор электронды сатып алу саласында бірыңғай техникалық саясатты жүзеге асырады. 2008 жылы Қаржы министрінің бұйрығымен электронды қызмет көрсетудің ережелері бекітілді. Ережеде мемлекеттік сатып алу саласындағы электронды, ақпараттық, интерактивті қызмет көрсетулердің тәртібін реттейтіндігі анық жазылған.
“Нұр Отан” ХДП-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен форумында Президент Үкімет алдына “Электронды үкіметтің” мүмкіндіктерін барынша пайдалануды, заманауи басқару технологияларын меңгеруді басым бағыттардың бірі ретінде қойған болатын. “Электронды үкіметті” құрудағы басты мақсат – мемлекеттік қызмет көрсетудің соңғы сатыларында азаматтардың лауазымды тұлғалармен тікелей қарым-қатынаста болуын барынша қысқарту, деді Елбасы.
2009 жылдың қазанында “Электронды үкімет” бастамалары” тақырыбымен өткен халықаралық конференцияда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бүгінде көрініп тұрған экономикалық мәселелерді шешіп барып, содан кейін ғана е-Үкіметке көшу керек деген пікірлер айтылып қалуда, деген-тін. Алайда бұл болашақтың көзқарасы емес. Дағдарыс келеді, кетеді. Ал ақпараттық-байланыс технологияларының дамуы ештеңеге қарамастан басым бағыт болып қала береді. ІТ саласында артта қалу елдің барлық даму бағыттарының тежелуіне әкеп соқтырады. Елдің бәсекеге қабілеттілігі қоғам мен экономиканың болашақта қалай жұмыс істейтіндігіне тікелей байланысты болады деген Премьер-Министр электронды сатып алуды енгізудің бюджет шығынын 21 пайызға қысқартуға мүмкіндік бергенін еске салды.
Қазақстан заңнамасында мемлекеттік сатып алудың 5 түрі қарастырылған. Оның ішіндегі ең қарапайымы баға ұсынымын сұрау әдісі болып табылады. 2008 жылы Қаржы министрлігі мен оған қарасты бөлімшелер бұл әдісті электронды түрде қолданып, оны жүйеге енгізді. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл әдістің қолайлылығын көрген өзге мемлекеттік органдар мен мекемелер еліміздің барлық облыстарында қолдана бастады. Ал биылғы жылдың басынан бастап бұл формат баға ұсынымын сұрау әдісі бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың барлығына міндетті әрі бір ғана жолына айналды.
“Электронды мемлекеттік сатып алу” – біріктірілген ақпараттық жүйенің автоматтандырылған түрі сатып алуды шынайы уақыт режімінде жүргізуге арналған. Бұл үшін жүйе тапсырыс берушілердің сұранысы туралы ақпаратты тауар жеткізушіге беруге, олардың жүйеленуі мен сатып алу үдерісін жүргізуді қамтамасыз етеді. “Электронды үкіметтің” негізгі қызметтерінің бірі электронды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру болып табылады, ол өз кезегінде электронды мемлекет құру жолында үдеріс индикаторы есебінде қызмет етеді. Өткізілген конкурстың аяқталуы мен олардың нәтижелері интернетте көрініс табу арқылы мемлекет қызметтің осы секторын қарапайым тұрғындарға барынша ашық етті. Осылайша мемлекеттік сатып алуды электронды әдіс арқылы жүзеге асыру осы саладағы сыбайлас жемқорлық секілді құқық бұзушылықтың болу мүмкіндігін барынша жоққа шығарып, үдерістердің мөлдірлігін, ашықтығын жоғарылатады. Адал бәсекелестікке жол ашып, шағын және орта бизнес өкілдерінің мемлекеттік тапсырыс алуға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Веб-порталдың еш кедергісіз, өнімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігі ААӨЖ-ді жаңа қуатты жарақтармен жабдықтады. Электронды сандық қолтаңба сертификатын беруде қателік орын алмас үшін Ұлттық куәландыру орталығы мен мемлекеттік “Жеке тұлға” мен “Заңды тұлға” мәлімет базаларының біріктірілген модулі қолданысқа енгізілді. Техникалық қолдау қызметін қолданушылар үшін бұл қызмет түрі кеңейтілді. Қолдау қызметіне жүгінетіндерге арнап телефон желісінің сыйымдылығы 2,5 есеге артылды. Оператор саны көбейіп, олардың саны 13 адамға жетті.
Бүгінде электронды мемлекеттік сатып алу порталында 61 374 қатысушы тіркелген. Оның 20 605-і тапсырыс беруші болса, 19 101-і ұйымдастырушы және 17 763-і әлеуетті өнім жеткізушілер болып табылады.
Электронды сауда аймағында электронды мемлекеттік сатып алудың 1 882 113 лоты жарияланған.
Пікірлер:
Марко СЕБАСТЬЯНИ, FІNEUROP SpA компаниясы ұсынған жобаның директоры:
“Өзге елдерде мұндай жобалардың ұқсас түрлерін жүзеге асыруда біздің үлкен тәжірибеміз бар. Соны ескере отырып электронды мемлекеттік сатып алуды енгізудің үдерісі қазір Қазақстанда белсенді дамып жатқандығын атап өткім келеді. Қазақстан электронды мемлекеттік сатып алудың жақсы жүйесін ойлап тауып қана қоймай, оны жүзеге асырып үлгерді. Бұл өзге елдерге озық үлгі бола алады деп айтуға негіз бар. Ұлыбритания мен Италия секілді алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін енгізу арқылы осы жүйені одан әрі жетілдіру мүмкіндігі зор”.
Эдвинс ПАРУПС, жоба жетекшісі:
“Электронды сатып алудың техникалық дамуы жөнінде айтатын болсақ, олар үдемелі бағытта екендігін баса айту қажет. Тіпті кейбір Еуропалық одақ елдерінде мұндай тамаша ұйымдастырылған статистикалық мәліметтердің жүйесі жоқ та. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің даму динамикасын бақылай отырып, өкілетті орган өз іс-қимылдарын жөндеп отыруға мүмкіндік алумен қатар болашақта тәуекелділікті басқара алуға қол жеткізеді”.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Достарыңызбен бөлісу: |