Әлихан БӨкейхан – ТӘуелсіздік жаршысы



Дата28.01.2018
өлшемі218,44 Kb.
#34593
Әлихан БӨКЕЙХАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ

ЖОСПАР:

1.«Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейханов кім?

2. Әйгілі энциклопедист ғалым, Қазақ елінің теңдессіз білгірі, журналист, көсемсөзші

3.Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы

4. «Алаш» идеясының жеңісі

5.Қорытынды

1.«Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейханов кім?

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (05.03.1866 - 27.09.1937) - соңғы хан-сұлтандардың бірі - Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген.

Сонау Омбыда оқыған 1886-1890 жылдары-ақ Әлихан Бөкейханов Ресей империясының отарлық езгісінде отырған алты алашының тарихын, мәдениетін, көшпелі шаруашылығы мен кәсібін зерттей келе, отаршыл империяның жүргізіп отырған жыртқыштық, озбырлық саясатына қоса туған халқының тұрмыс-тіршілігіне деген сыни көзқарасын білдіре бастайды. «Қыр халқы, - деп жазады Қыр ұғлы (алғашқы лақап аты - С.А.) - Әлихан 1889 жылы «Дала уалаяты газетінде» жарық көрген бір мақаласында, - бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін (өле өлгенше.С.А.) бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».

Сол жылғы екінші бір мақаласында Әлихан қазақ қоғамында заманына лайық мәдениеттің, адамгершілік, моральдық құндылықтардың аяқ­асты болғанын өкінішпен атап көрсетеді. Орыс империясының аяусыз езгісінен көне дәуірден келе жатқан төл мәдениетін ұмыта бастап, жер-суы­нан айырылып құрдымға ентелеген қазақ қо­ғамында, оның пікірінше, шексіз тұтынушылық пен байлардың қалың бұқараны қанауы, болыс билігі үшін руаралық талас-тартыс, «күшті ру» немесе «жақсы қазақтардың» «нашар қазақтарды» аяусыз езіп-қанауы кең етек алып отырғанын: «Біздің қырға бір жөні жоқ ғадат неше заманғы рәсімдер жүреді, - деп жазады Ә.Н. (Әлихан Нұрмұхамедұлы) 1889 жылы. - Біреуді күшті кісі я күшті тұқым деп адал-арам болса да жалпылдатып жүреді. Біздің заманның законымыз, ұлығымыз жоқтай, мақұлықменен қаңғырып жүргендей күшті тұқымдар нашар тұқымдарды ренжітеді».

Сонымен бірге, Әлихан «қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һешнәрсе қылмайды» деп ойламайды. Оның кәміл сенімінше, қазақтар «қайратты, жұмыстың бәріне жарайды... Бірақ (оларды) қозғау керек».«Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол ... заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар я ойламай қатырар», - деп Қыр ұғлы алты алашының жарқын болашағына зор үмітпен қарады. Әзірше, алғашқы мақалаларында ол орыс келімсектерінің отарлау саясатының қысымымен көшпелі мәдениет пен шаруашылықтан бір жерге байланған тұрмыстың азабын көріп отырған қазақ, оның көзқарасынша, «рухани дамуының балалық шағында жүр».

Омбы техникалық училищесін аяқтаған соң, ең алдымен қазақ халқының ата-баба жерін келімсектерден қорғау керектігін бүкіл сана-сезімімен сезген Әлихан 1890 жылы Санкт-Петербургтың орман институтына түсіп, онымен қарама-қатар астаналық императорлық университеттің заң факультеті курсын экстерн әдісімен оқып, 1894 жылы ормантанушы-ғалым және заңгер деген екі диплом алады.

Әлихан Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген Қазақ елінің жерін, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халық шаруашылығын, төрт түлік малы мен санын, табиғаты мен ауа райын зерттеген 4 ғылыми экспедициясының жұмысына қатысады. Осы жылдары Әлихан бүкіл отаршыл империяға танылған ғалым, Қазақстан бойынша теңдессіз білгір сарапшы ретінде танылып, туған елі мен халқының тарихы, экономикасы, мәдениеті, шаруашылығы, оның ішінде дәстүрлі мал шаруашылығы және жері туралы бірнеше іргелі ғылыми монография, ондаған очерк, мыңнан аса мақала мен еңбек жазып жариялайды. Алты алаш көсемінің осы күнге қарай анықталып жиналған шексіз бай мұрасының жалпы көлемі 16-18 томдық жинақты құрап отыр.

2.Әйгілі энциклопедист ғалым, Қазақ елінің теңдессіз білгірі, журналист, көсемсөзші

Әлихан өзінің сан қырлы ғылыми және публицистік қызметін қоғамдық-саяси күресімен қарама-қатар атқаруға мәжбүр болды. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі кезінде ол ұлт зиялыларының Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсекұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды алдыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, бүгінгі күні «Алаш» деген атауымен белгілі ұлт-азаттық қозғалысының жаңа толқынын бастады.Өзінің 1910 жылы Санкт-Петербургте «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың формалары» жинағымен басылып шыққан «Қазақтар» («Қырғыздар») атты әйгілі тарихи-анықтамалық очеркінде Қыр баласы - елағасы өзі бастаған осы зиялылар тобын «батысшылдар» деп атайды: «Таяу келешекте қырда, бәлкім, екі саяси партия ұйымдастырылатын шығар... Олардың бірі ұлттық-діни аталуы ықтимал және қазақтардың өзге мұсылмандармен бірігуі оның идеалы болып табылады. Екінші батысшыл бағыты осы сөздің кең мағынасында айтқанда - қазақ даласының болашағын саналы түрде батыс мәдениетін жүзеге асыра отырып көреді».

Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.

«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.

«Алаш» қозғалысының басы-қасын­да жүріп, ол халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын, бір кезде қуатты мемлекет болған Қазақ хандығының бірліктен, күш-қуатынан айырылып, отарлыққа түсуінің объективті де субъективті себептерін анықтады. Ол, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының отарлау саясатына ең ауқымды қарулы қарсылық көрсеткен Кенесары хан көтерілісінің өз мақсатына жете алмауының тарихи себептерін де зер сала зерттеді. 1903 жылы Санкт-Петербургте Әлихан екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жариялады. Бұл шығармасында ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы, ақыр аяғында Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттігінен айырылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап берді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.

Өз туындыларында Әлихан түрлі тарихи жағ­даяттардың салдарынан Ресей империясының отарлығына душар болған башқұрт, татар, хақас, қырғыз, Қырым татарлары, ноғай, алтайлықтар сынды басқа түркі халықтарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін де, ол халықтардың қазақпен арадағы рухани, мәдени байланысын, отарлық езгідегі ауыр халін де мейлінше кең қамтыды. Бұлтартпайтын мұрағат құжаттары мен түрлі естелікке қарағанда, 1917-1920 жылдары Әли­хан Ресейдің өзге түркі-мұсылман халықтарының көсемдерімен таяу болашақта біріккен түркі-мұсылман елі -Түркістан мемлекетін құру мүмкіндігін талқылайды. Сол кездегі құбылмалы саяси ахуалды ескере отырып, алты алаш көсемі оны «Шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы» деп атауды ұсынады.

Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: алты алаш­тың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры - бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмауы. «Бұрынғының көбі, - деп жазды Түрік баласы (Әлиханның қазақша лақап есімінің бірі - С.А.) 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, - күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді».Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, - деп жазды Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, - тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.

Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған алты алаш көсемінің екінші маңызды саяси тұжырымы - қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болып табылады. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, - деп ашық атап көрсетті «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 санында тағы да сол Түрік баласы, - Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».


Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы.

Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен жер болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей

Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс.

Үшінші ұстанымы –қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек.

Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды.

Бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек.

[6, М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет] 

Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә. Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осы қылығы үшін 1920-22 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ. Кеңестік үлгідегі Казақ автономиясы құрылған кезде, Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. (Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға береді: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейханға барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?»)[7]  Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті тура түсінген Әлихан Бөкейхан осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін қазақтарға қажет жер нормасын анықтауда белсенділік танытады. Ә. Бөкейхан сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады.[8]  Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді.

Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Ә. Бөкейханмен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Әлихан Бөкейханның пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырған.[9]  Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына  беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% - екенін атап өтті. Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ республикасын құру- шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын»,- деп жариялады. Бұл үлкен жеңіс еді.Алайда бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды. Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі бүткіл казақ өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып,  24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді.[10]  «Тір болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті. Ұлы қайраткердің соңына ерген інілері, азаттықтың құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: «Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ»-дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді. Қошке Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған – Әлекең»-деп халқына қалтқысыз еткен қызметіне әділ бағасын берген. Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі, Демейді қандай қазақ оны оң көзі. Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан, Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, – деп С.Торайғыров айтқандай,  Әлихан әрқашан да қазақ жүрегінде жеке-дара тұлға болып қала бермек

4. «Алаш» идеясының жеңісі

«Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері­нің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсыларына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея қажет болды.

Әлихан алты алашын ру-руға не жүзге, бай не кедейге, білімді не надан, текті не қарадан деп жік-жікке бөлген емес. Ол қазақты бір ұлт деп көргісі келді, соған жетеледі.

Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идеясы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. Бұл идея оның ойында көптен бері жүрді. Мысалға, «Қазақтар» очеркінде ол «Алаш - миф болса-дағы қазақтың ортақ атасы» деп жазса, 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күнбатыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үл­кен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «алты алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісісі» («отечественник») деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:

Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;
Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, -
дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісісі мағынасында», - деп атап көрсетті.

1917 жылдың қарашасында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ жерінде сайлауға түскен үш партия - «Үш жүз», большевиктік социал-демократиялық жұмысшылар және «Алаш» партияларының ішінде жалғыз «Алаш» ұранды партия бақталастарын ойсырата жеңіп, 43 депутаттық мандатқа ие болды. Бұл тарихи сәт 1917 жылға қарай отарлықта отырған қазақтың «Алаш» идеясы, туы және ұранымен ұлт болып қалыптасқанын аңғартқан сәт болды. «Алаш» идеясы қазақ ұлтшылдығының идеясы, ұраны болып, ұлттық бірлік пен қайта өрлеудің туы ретінде 1930 жылдардың соңына дейін салтанат құрып тұрды.

«Алаш» идеясын алға тартқан Әли­хан: қазақ ұлтшылдығы - ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.

Сонымен бірге, 1917 жылдың жел­тоқсанында Алаш ұлттық-территория­лық автономиясын жария­лап, оның төрағасы, премьер-министрі болып сайлана келе, Әлихан Бөкейхан бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көпдінді және сан мәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мемлекет болатынын болжады. Автономия жариялаудың қарсаңында «Қазақ» газетіне солай деп жазды да. Оны Алаш автономиялық мемлекетінің 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі - Алашорда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақыруы айқын дәлел бола алады. Міне, сол орынның бірін орыстың көрнекті ғалымы, публицисі Григорий Потаниннің алғаны тағы бар.

«Әлекеңнің мінезі, - деп жазды туған інісі Смахан төре 18 қойын дәптерден тұратын естеліктерінде, - еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың ешнәрсесін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек дейтін».

Иә, алты алаштың көсемі өзін 1937 жылдың шілдесінде Мәскеуде ақырғы рет тұтқынға алып, ату жазасына кескенде, қызы Қанипа - Елизавета мен немересі Ескендірге қалдырған бар «байлығы» - Мәскеудегі 7 бөлмелі коммуналдық пәтердің өзіне тиесілі бір бөлмесі, кітаптар жинағы, фотоальбом, өзінің шақшасы және қолжазбалары болыпты.

Халқының ұлттық мемлекетін қалпына келтіру жолында қасық қаны қалғанша арпалысып, бүгінгі ел шекарасының негізін белгілеп кеткен алты алаш көсеміне атылғаннан кейін өзі айтып жүретін 2,5 кез қара жер де бұйырмады. Даңқы жер жарған Алаш көсемін 1937 жылдың 27 қыркүйегінде өлім жазасына кесіп, үкімді сол күні-ақ іске асырған кеңестік билік оның сүйегін Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, күлін 5 мыңнан астам құрбанның күлі шашылған зиратқа (ОГПУ-НКВД құжаттарында № 1 шұңқыр немесе «Ямо № 1» деп көрсетіліп келген - С.А.) түн жамылып астыртын төге салған. Ол зират Кеңес Одағы күйреп, келмеске кеткеннен кейін де құпия болып келіп, кездейсоқ жағдайда 2009 жылы ғана аңғарылды.

Әлихан Бөкейхановтың ХХ ғасыр басындағы ғылыми-публицистикалық шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі іс жүзінде қазақ халқының ұлттық-сана сезімінің оянып, Алаш ұлттық идеясының маңайына бірігіп, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізгені сөзсіз. Мысалға, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы. Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Т. Рыс­құлов» (Society for Central Asian Studies. «Kazakhs on Russians Before 1917. A. Bukeykhanov, M. Dulatov, A. Baytursynov, T. Ryskulov».

Reprient series № 5. Oxford, 1985.) атты зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «олар мәдени ренессанс», яғни «мәдени төңкеріс жасады» деген баға берді.

Қазақстанға Совет өкіметі орнатылған соң, Әлихан бастаған «Алаш» зиялылары, ресми биліктің барлық тетігінен аластатылуына қарамастан, 1930 жылдарға дейін дерлік оқу-ағарту, жоғары білім беру, ғылым және өнер саласында үстемдік етті. Осындай қысқа уақыттың ішінде Әлихан өз үзеңгілестерімен қазіргі қазақ мәдениетінің, орта және жоғары білім беру саласының, сондай-ақ ғылымның тарих, философия, этнография, әдебиеттану сынды қоғамдық, гуманитарлық және астрономия, физика, математика, жаратылыстану, т.б. салаларының негізін қалап үлгерді.



«Алаш» қозғалысының аймақтық тарихи ма­ңызы да зор болды. Атап айтқанда ХХ ғасыр басын­дағы қазақтың ұлттық қайта өрлеу қозғалысы Орта Азияны мекендеген туыс түркі халықтарының ұлттық сана-сезімін оятып, өзін-өзі басқаруға ұмтылуына күшті серпін берді. Әлиханның тапсыруымен 1917 жылдың қарашасында Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Серікбай Ақайұлы, т.б. Алаш қайраткерлерінің ұйымдастыруымен Қоқан қаласында Түркістан мұхтариатының пайда болуы, сол жылдың желтоқсанында Орынборда Алаш автономиялық мемлекеттің (Қыр баласы - Әлихан «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналында жазған мақалаларында «автономия болу - мемлекет болу» деп жазды - С.А.), ал 1918 жылы Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтың тікелей қатысуымен Түркістан кеңестік автономиясының құрылуы - ақыр аяғында Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанның және Қарақалпақстан автономиясының дүниеге келуіне жеткізді.

Қорытынды

«Тір болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті. Ұлы қайраткердің соңына ерген інілері, азаттықтың құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: «Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ»-дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді. Қошке Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған – Әлекең»-деп халқына қалтқысыз еткен қызметіне әділ бағасын берген. Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі, Демейді қандай қазақ оны оң көзі. Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан, Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, – деп С.Торайғыров айтқандай,  Әлихан әрқашан да қазақ жүрегінде жеке-дара тұлға болып қала бермек

Жүрегі елім-жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бостандығы мен дербестігі үшін арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды пікірлері, әрекеттері жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының артына қалдырған асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық. Айта кету керек, ЮНЕСКО Бас конференциясының Парижде өткен 38-сессиясында Алаш көсемдерінің бірі, тұғырлы тұлға Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдық мерейтойын 2016 жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге шешім қабылданған болатын.

Әдебиеттер тізімі

1.  Ә. Бөкейхан «Таңдамалы» Алматы, Қазақ энциклопедиясы , 1995, 31-б. 2.  Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат , 2002 , №3, 50 -55 б.

3.  Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысы»  Алматы, Санат, 1995, 23-28 б. 4.  Нұрпейісов К. «Алаш Һәм Алашорда»  Алматы , Ататек, 1995, 156 б. 5.  Марат Ескендірұлы Әбдешев «Алаш Орда министрлері» Алматы, Раритет, 2008, 3-6 беттер

6.  Қойгелдиев М. «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет 7.  Сонда, 163-165 бет

8.  Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011

9.  Қозыбаев М.Қ. «Ақтаңдақтар ақиқаты.»  Алматы, Қазақ Университеті  1992, 68 -71 б.

10.  Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011 Деректер:  «ШОҚАН ТАҒЫЛЫМЫ – 17» атты  Халықаралық ғылыми-практикалық конференция  материалдары 24-26 сәуір 2013 жыл, 101-105 бет




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет