Елінің ЕҢбек торысы



Дата21.11.2016
өлшемі188,52 Kb.
#2218
ЕЛІНІҢ ЕҢБЕК ТОРЫСЫ

«Әдебиеттің еңбек торысы». Бұл сөзді ұлы перзентіміз Мұхтар


Әуезов қазақ әдебиетінің тарихын, табандап отырып табанды зерттеген марқұм Есмағамбет Ысмайыловқа қарата айтқан екен. Ғұлама ұстаздың «әдебиеттің» деген бір сөзін өзгертіп: «жазушы Қойшығара Салғарин – елінің еңбек торысы» деп қолдануымыздың ешқандай айып-шамы жоқ сияқты. Біреуге арнап пішілген тон екінші адамға кең не келте болғанымен де, адамның рухани мақсат жолындағы күресінің ұғымдары орайласып жатса несі мін. Менің ойымша: осынау бір ақкөңіл, елгезек, биязы, жылы жүзінің өзі адамға: «Болсын, болмасын деген – оңбасын» деп тұратын, тумысынан мейірім-қайырымнан жаралған тартымды тұлғасынының өзімен сүйкімі жарасқан ұсталы мінезді ағаның қойшыдан басталып Қойшы аға аталғанға дейінгі өмірлік жолы, қадым заманның «Алтын тамырын» тартып, тарихтың күлтөбесіндегі «Көмбені» ашып, «Қазақтың қилы тарихын» тарамдап, «Қазақ» дүниесі мен «Түрк әлемін» ойдан өрнектелген кемпірқосақпен қосып, «Ұлы қағанатқа» ұластырған сана соқпағы соған толық дәлел.

Қойдан қоңыр, тобылғыдан торы, өзегі болаттан берік, елшіл ағаның «түсі игіні түңілдірмейтін» осынау болмысына, асылық демеңіздер, әдебиет әлеміне алабұртып жүрген бозөкпе шағымда, он бес – он алты жасымда іштартқаныма өзім де таңмын, өзгелер де сенбейтін шығар, бірақ шындық солай. Оның мәнісі былай: сол жылдары кілең бір мөлдіреген жігіттердің суреттерімен жас ақындардың «Тұңғыш жинақ» атты топтама басылымы жыл сайын баспадан шығып тұрды. Өзі де өлеңнен өріс іздеп жүрген бозбала әлгі жинақтарды күндіз көз алдындағы шағын кітап сөресіне тізіп қойып, түнде жастығының астына салып, солардың қатарына өзін қойып, арман әлемінде қалықтайтын. Қазіргі қабырғалы ақындарды қоспағанда, өлең жазғандарын өздері де ұмытып кеткен Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмаділ, Дүкенбай Досжан, Сарбас Ақтайлардың қатарында қою бұйра қара шашты, ойлы өңімен, жылы жанарымен тартымды нағыз қазақы мырза жігіттің бейнесі бәрінен ерекше еді. Жинақтың аты – «Ілгішек», авторы – Қойшығара Салғарин. Ал ішіндегі өлеңдері сайқымазақ. Иә, сайқымазақ! Мынадай көрікті жігітке ана «орынсыз ыржаң» жараспайтын-ақ сияқты. Кілең «жын-шайтанның суреттерін» қаз-қатар самсатып қойғанымды ұнатпайтын әкеме де ұнап: «Маңдайы кең, өңі жылы екен», – деген «сүйкімдісінің» жазғанын оқып бергенімде, басын шайқап, үндемей қалды. Иә, бір сәйкессіздік бар. Ана келбетті жігітті мынадай «қылжаңға» мен де қимадым. Бірақ суретін сөреден алып та тастамадым.

Міне, менің Қойшы-ағамен алғашқы «таныстығым» осылай басталып еді. Ол «таныстықтың» соңы туған бауырындай еркелететін, өзім де ығына қарамай еркінситін тамырлы бауырмалдыққа ұласатынын кім білген. Әлде әкемнің де көз қиығының түсуіне қарағанда, жалғыз ұлының түптің-түбінде осынау «қара қыпшақтың» құшағына емін-еркін «кіріп-шығып жүретінін» аталық түйсікпен сезді ме екен? Ес кірудің соңына, есеюдің басына орайласқан тұста баспасөз үйінің үшінші қабатындағы аға газет «Социалистік Қазақстанның» дәлізінде қақпақыл (теннис) қағып жүрген «тобылғы торы» жігіт көзіме оттай басылды. Жәнібек, Несіпбек үшеуміз Ақаңның – Ақселеу ағамыздың шақшасын қызықтап, насыбайына дәндеңкіреп келе жатқан кезіміз еді. Қақпақыл қаққан қара торы жігітке де сол шошаң да жараспайтындай көрінді.Жүзтаныса жүріп, аман-сәлемге елеусіздеу күйде көштік. Кейін өзіміз де тақтайды тықылдата бастағанда, оның да бір ермек екенін білдік. Сөйтіп, күндердің бір күні Қойшы-ағамен де жекпе-жекке шықтық. Ақ жарқын, бауырына жеңіл тарта баурайтын, әкем екеуміз бірдей «сайқымазаққа қимайтындай» болмасты адам екен. Үйірсектей қалдым. «Ілгішекті» сан рет өзіне бергім келіп оқталсам да үйірлесе орайласудың реті түспеді. Сол топтамаларды сексенінші жылдардың ортасында тұңғыш жинақтардан «жасау жиятын» ақын бауырым Есенғали Раушан қалап алды. Қашан өзім өлеңнен үміт үзгенше «Тұңғыштардың» шаңын бір сүртіп қойып жүретінмін. Олар орынын енді тапты деп ойлаймын.

Сөйтіп, Қойшы-ағамыздың бойына жарасатын мінез таппай жүріп, жанкүйеріне қалай айналып кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Адамды алғаш көргендегі албырт әсердің кексе тартқан кезде де, яғни, он бес пен алпыс жастың арасындағы мағыналы-мағынасыз өткен өмірде де ішкі дүниеңмен жарасым тауып, үндесіп жатқаны да бір ғанибет-ау. Қойшы-ағаның дидары менің қаперіме ілінгеннен бергі елу жылдағы жан жылуы ол туралы ойымды осылай бастауға жетеледі. Бұл тек бүгін ғана айтылған тіл ұшындағы ұшпа пікір емес. Ғұмырдың әр белесінде сезінген, санада сараланып барып, әр тұста: «Қойшы-ағаның көзіндегі мейірім-қайрымды сезіне отырып өмірден түңілмеуге болады», – деп баспасөз арқылы білдірілген ұйытқы ой. Ол – Астанаға бауыр баса алмай, үш жылдай баспанасыз, уайымның иірімінде жүргенде айтылған құмығулы көңілдің шын сыры. «Өзім де үйсіз, балалардың отауында тұрсам да, сенің баспанасыз жанұясыз жалғыз жүргеніңе, ол мәселенің сартабандап шешілмей жатқанына жаным күйзеледі», – деген жанашыр сөздер естен кетер ме, сірә. Бұл аяныш емес, ағалық жан жұбататын таяныш демеуі. Бұл жолдар жеке бастың жоралғы сөзі үшін емес, қазақтың қайрым қормалы атанған азаматының жандүниесін жеткіз мақсатында қолданылып отыр. Қойшы-ағамыздың болмысын білетін, онымен таныс әр адам сезініп, сүйінген бәрімізге ортақ алғау парызы. Егерде: жамандығы үшін емес – жақсылығы, қаттылығы үшін емес – қайрым-жұмсақтығы, аярлығы үшін емес – адалдығы, сауатсыздығы үшін емес – салауаттығы үшін жазаға тартатын «шайтан соты» құрыла қалатын болса, онда бұл тізімге ең алғашқылардың бірі болып Қойшығара Салғара ілінетініне еш күмәнім жоқ.

Әрине, шығармасы тұрғанда, жазушының жеке басының қасиетін тезге салудың өзі қисынсыз да шығар. Алайда, біз талантқа қоса аса қажетті еңбектің бағасын ұмыта береміз. Жаныңа жақын, көңіліңе қонымды, шабытыңды ұштап, қанат бітіретін көркем шығарманың орнына күні-түні сарсылып көз майыңды тауысып, елім үшін бір пайдасы тиер-ау дегенді ғана медеу тұтып, деректі дүниеге ден қойып жүрген азаматтардың кей тұста қағажу көріп, солар туралы бір жылы сөздің жетпей жататынына іштей налисың. Мың деректі салыстырып білдірген бір пікіріңнің өзін тонын аударып, еншіге алған ойы ретінде пайдаланып, өзіңді жағаға салынды есебінде ысырып тастайтыны тағы бар. Қойшы-ағаның оған іштарлық етпейтіні анық. Мен «Дулығаны» жазып жүрген сексенінші жылдардың ортасында өзінде барды ұсынып, ал қолға түсуі қиындау «Заринаның семсері» атты кітапты сол тұстағы мектеп оқушысы, қызы Қарлығашқа кітапханадан алдырып бергені де есімде. Сол Қарлығаш бүгінде еңбегінен әкесі үзінді келтіретін білім иесі болды. Кезінде ағамыздың мұндай кеңжағалығын біз де пайдаланып едік. Бізден де ауысқан ой-пікір бар шығар, алайда жөнін тапқан жігітке алғашқы алғаудың жөні бөлек. Қазір ғой, пікір айтқансып, білім таластырғансып, ауыздықтасып қалатынымыз. Қойшы-ағаны бәріне көндіруге, кез-келген ниетінен айнытуға болады, бірақ, пікірін ұстануға келгенде бұл кісіден қатты адам жоқ. Қайтпайды. Қайтпағанда, қасарысып тұрып алмайды, әлгі пікіріне күніне бір тиянақты тұжырым тауып, дерекпен дәйектеп, түбіне жете қазымырлап, дымыңды шығармайды. Демек, Қойшы-ағамыз – білмейді, білмесе – айтпайды, білсе де – айтпайды, ал айтты ма, ол ойынан қайтпайды. Бұл тумысынан біткен түйсік қайсарлығы болса керек.

Оның да өз себебі бар. Өйткені Қойшығара Салғарин өзіне тиесілі ырысты тек азапты да адал еңбегімен тауып жүрген қазақ зиялыларының арасындағы текті «ой торысы». Осыдан 50 жыл бұрын бозбала Қойшығара – «қой торысы», қойшы боп жүріп те Еңбек Ері деген атаққа ұсынылыпты. Бұл дегеніңіз бүкіл өмірлік мәселеңді шешіп беретін атақ болатын. Жазғы емтимхан кезінде Алматыға аттанып кетпей бір-екі ай аялдағанда, Алтын Жұлдыз кеудесінде жарқырап тұратын ба еді, қайтер еді. Егер атақ пен даңққа құмар жан болса жиырманың ішінде мұндай құрметтен бас тартпас еді ғой. Оқимын, журналист боламын деп бүкіл өміріне жетерлік абыройды тәрк етіп тастап: «Жұлдызыңнан гөрі мақсатым қымбат», – деп Алматыға тартып тұрмас еді. Жайдары ағаның жаны жұмсақ, ділі қатты дейтініміз де осында. «Құдай-ау, екі айда тұрған не бар еді, шыдамадыңыз ба?», – дегенде, – «Жоқ, алдыңа мақсат қойған соң оны орындау керек. Облыстың бастықтары үгіттегенде де келіскемін жоқ. Оған еш өкінбеймін», – деп жауап береді саспай. Сабаздық деген осы-ақ шығар. Бірақ есіңе түсіп кеткенде ұрсып-ұрсып алғың келеді. Әттең, сол кезде өзін «Қойшан» деп еркелететін жеңгеміз қасында болса ғой дейсің. Алайда Нұрзада жеңешеміз де сол Қойшанының тонына өлшеніп пішілген мама қаздардың бірі. Иә, кейде өстіп әсіре адалдық та ызаңды келтіретіні бар.

Демек, Қойшығара әу баста еңбек үшін және еңбегін мақсатына бағындыра жұмсау үшін жаралған жан. Бұл пікірімді мәртебелі сыйлыққа ұсынылып жатқан тұста да білдіргемін. Қазір де жетпісті желкелеген өзге де ағалар мен жылдары бізге жақын замандастардан Қойшы-ағаның мақтауын арттырайын дегендіктен емес, шығармасын көп оқып, соңғы жиырма жылда ағайын – бауырдай араласқан азаматтың ерекше қасиеті туралы бір айтармын-ау деп жүрген көңілдегі ой, қаламдастың алдындағы өтелмеген қарыз сияқты парызымыз еді. Себебі: кезінде айтылуға тиіс және айтудың реті кеп тұрған сәтте кібіртіктеп, дәлірек жеткізгенде, бүгежектеп қалған жеріміз де болып еді. Содан бері де ширек ғасыр өтіп, Қойшы-ағаң «Алтын тамырын» «Көмбеден» шығарып, исі «Түркінің әлеміне» айналдырып, «Ұлы қағанатын» құрып үлгерді. Бірақ іштегі бір қыжыл кетпейді. Мәселе былай болатын.

Жыл сайынғы әдеби шығармалардың дәрежесін анықтап, баспадан жинағы жарық көрген кітаптарға баға беріліп тұратын жақсы дәстүрдің Жазушылар одағында өткізіліп тұратын кезі. Менің ойымша, ең соңғы қызықты талқылаудың біріне айналған жиналыста маған романдар туралы баяндама жасаудың сәті түсе қалды. Қоғамдағы құбылыстардың да тезге түскен шағында біз де әлдебір өжеттеу сөз, озық пікір айтамыз деп тырысып жаттық. Іле Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды да барлық тарихи шығармаларға шабуыл басталды. Ұлтшылдыққа итермелеген Ілияс Есенберлиннің, Әнуар Әлімжановтың, Софы Сматаевтің, Сәтімжан Санбаевтің, Бексұлтан Нұржекеевтің тарихи дүииелері екен. Соның ішінде «жас алашордашыл» қатарында біз де тізімнің соңына ілініппіз. Иделологиялық майданның алғашқы құрбандығы ретінде Ілияс Есенберлин марқұмның тірісінде айтылмаған сын өлген соң айтыла бастады. 1987 жылы мамыр айында «қазақ ұлтшылдығының рухани себептері» әшкереленуге тиісті Қазақстан Орталық комитетінің пленумында жасалуға тиісті З.Камалиденовтің баяндамасына «шикізат» ретінде жоғарыдағы жеті жазушы реттеліп алыныпты. Бас идеологтың жеке тапсырмасын орындау тарих пен әдебиет институтының ғалымдарына құпия тапсырылыпты. Жасырын рецензенттер тобы құрылды. Соның алғашқы хабаршысы ретінде марқұм Манаш Қозыбаевтің Ілияс Есенберлиннің романдарындағы ұлттық (әрине, ол кездегі термин бойынша – ұлтшылдық) сарын туралы Шерхан Мұртаза ағамыз басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде жалғаса жарияланды. Төркіндес «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі есебінде бізге де нұсқау берілді. Баспалардағы тарихи дүниелер қайта қаралып, «құдай» мен «хан», «алаш» деген сөздер жаппай сызылып, ру аттары өшіріліп, белгісіз жұмбақ майдан басталып кетті. «Жұлдыз» журналы да науқанға үн қосып, Берқайыр Аманшиннің Махамбет туралы романындағы «құдай» мен «хандарға», «руларға» соғыс ашып, жаппай сызуға кірістік. Жас ұлтшылдардың тізіміне ілініп қалған кезіміз еді, сондықтан да желтоқсаннан бұрын белгіленіп қойылған баяндаманы талқылаудан өткізбекші болды. Себебі әлгі жылы шыққан кітаптардың ішінде үш тарихи роман болатын. Соның бірі Қойшығара Салғариннің «Алтын тамыры» еді.

Жасыратын несі бар, «Алтын тамыр» – көшпелілер тарихының есте жоқ ескі заманы туралы жазылған қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман болатын. Жанрлық атауы туралы әрқилы пікір айтылып жатты. Ең бастысы бұл – халқын сүйген және туған елін мәдениетсіз, тарихы жоқ, жаппай сауатсыз деп табалап үйреніп қалғандарға қарсы жанайқайын ашық жеткізген адал қаламгердің еңбегі еді. Баяндаманы талқылаудан өткізбеуге тырысып, созып-ақ бақтым. Бірақ та қақпайлаған сөзден не шықсын. «Алтын тамыр» туралы міндетті түрде айтылуға тиісті сыни пікір білдірмей, жақсы шығарманың қатарына қосып, жылдың үздік шығармасына берілетін бәйгеге толық лайық дүние осы – деп сипай қамшылап өте шықтым. Оның өзі де батылдық сияқты көрінді. Менің сол сөзімнің өзіне риза болған Қойшығара ағамыз алған бағытынан қайтпады, дәл қиын кезеңнің өзінде «Көмбесін» жазып бітіріп, қасқайып жүре берді. Демек, Еңбек Ерінің атағын алғанша, «елімнің еңбек торысы болайын» деп шешкен жазушы өзінің азаматтық нысанасын сонау Торғай ойпатынының иен даласында жалғыз жүріп анықтап, сол мақсатын арманына жетектетіп Алматыға келген болды ғой.

Ал дәл сол кезде Қойшығара Салғаринге осы сөз өте керек еді. Ілияс Есенберлин әшкереленіп, Сәтімжан Санбаевтің Қонаев туралы жазылмаған, бірақ жазғысы келген романының қолжазбасы іздестіріліп, Бексұлтан Нұржекеевтің тағдыры талқыға түсіп тұрғанда ендігі кезек Қойшығараға келіп-ақ қалған сияқты еді. Жоқ, ол тықыр менің өзіме тақалып қалыпты. Желтоқсан оқиғасынан кейін зиялы қауым емеуірінмен сөйлесіп, дауыстың ырғағымен ұғысатындай ымыраға бой үйрете бастаған. Мені жанына жақын тарта жүретін Мекемтас Мырзахметов пен Қойшығара Салғарин ағамыз қатар хабарласып: «Әр нәрсеге дайындала жүр. Орталық комитетте сенің үстіңнен арыз бар. «Бесігіңді түзе!..» атты әфсанаңда алштың ақ туын үлгі етіпсің. Бақанаста кімдер бас қосқан? Паспортың түзу ме еді? Бізге жасырын оқып, пікір айтуға ұсынды. Үшінші адам саған біден көрі жақын болуы керек. Біз мұның барлығын жаймалап түсіндірдік. Жауаптарыңды дайындай жүр. Сені шақыруы тиіс. Шақырмаса істің теріске бет алғаны», – десті. Әрине, бұл сөздердің басын мен қосып отырмын. Ал олар бірінің айтқанын бірі білмейді. Соның артынан іле-шала: «Алашорда идеясын тірілткелі жүрген жас ұлтшыл» туралы мақала «Қазақ әдебиетіне» келіп түсті. Онымен Шерхан Мұртаза ағамыз танысты ма, жоқ па, білмеймін, ол мақаланы хат бөлімінің меңгерушісі Шакизада Құттыаяқов марқұм маған құпия көрсетті (ол мақала қазір де менде сақтаулы). Кексе әйел жазушы екен. Онда: «Тұрсын Бақанасты зиялылар бас қосты деп жазады. Неге? Ол адамдардың атын атасын», – депті. Оның астары: 1919-1920 жылдары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Ахмет Бірімжанов, Биахмет Сәрсенов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты «Алашорданы» көсемдері Семейде, кейін Тұрағұл Құнанбаевтың ауылында, Бақанас жайлауында баспаналаған болатын. Ал «Қаракөз» пьесасындағы алаштың ала туы туралы толғау «Жұлдызға» жарияланып кетіп еді. Сонымен қатар 1987–1989 жылдары алаш ардагерлерін ақтау, желтоқсан оқиғасынан қатысты жазалау оқиғаларын бақылау, Дегелең полигоны туралы халықтық қозғалыс ісіне белсене араласып, арнайы мекемелермен де байланыс орнатып, Олжастың қолдауының арқасында азу бітіп қалған кез еді. Дегенмен де үлкен бір майданға іштей өзімше қарсы шабуылға дайындалып, жинақы жүрдім. Сөйтіп, екі ағамыздың жанашырлығы мен азаматтық мінезін көрдім.

Әйтеуір, ұлтшылдарды әшкерелейтін пленум Олжас пен Закаштың «саяси күрестерінің» ықтасынында кейінге қалдырыла берді, ақыры «бас идеологтің» өзі орнынан кетіп, көкейдегі күдік арылды. Алайда дер кезінде айтылуға тиісті осынау жайдың тамырын аршып айта алмағаным үшін көңілім қоңылтақсып жүруші еді. Міне, оның орайы бүгін келген сияқты. Мұндай азамат мінезді адамдар сол тұста өзінің бар болмысымен көрінді. Адамдарды сынақтан өткізуге мүмкіндік бергені үшін де желтоқсан оқиғасының қадірі арта түсетін сияқты. Өйткені ол біздің толқынның тәуелсіздік алдындағы азаматтық ар сынағы болды. Бұл да Қойшы- ағамыздың ұждан тазалығын танытады. Мекемтас пен Қойшығара ағаларыма сол жанашырлығы үшін де рахмет.

Өткен жылдардағы ой үзігін жалғағанда ойға оралған жайлардың қаншалықты арзан-қымбатын кім білсін, бірақ дәл осы тұста айтылып, сырт оқырмандардың: «Қойшығараның қаламгерлігіне адамгершілігі сай екен ғой» – деуіне толық себепкер бола алатын сияқты. Жазушылық кәсіпке бет бұрсақ: Еңбек Ері қазақта аз емес, ал еңбекқор жазушы көп деп айта алмаймын. Соның бірі және бірегейі Қойшығара Салғарин. Ең үлкен мәртебеден жиырма жасында бас тартқан Қойшығара ағамыздың еңбектері дер кезінде құрметке ілініп те, ілінбей де жүрді. Ол кісінің сатиралық және прозалық көркем шығармалары әдеби сынның назарынан мүлдем ұмытылып, өмірбаяндық қана дерек боп қалды. Алайда, қазақ халқының жолайырықта тұрған қазіргі сәтіндегі ең керекті рухани қайнардың бірі – осы «Алтын тамыр» мен «Көмбе», «Қазақтар», «Түркі әлемі», «Ұлы қағанат» сияқты «Хандар шежіресі», яғни, халықтық тарих. Бұл еңбектер орындалуы мен ғылыми пайымдауы жағынан үлкен талапқа молынан қаусыра жауап бере алады. Ең бастысы, үлкен де, кіші де өзінің көне тарихын және сол қадым заманғы көшпелілер туралы кімнің не деп бағалағанын біле отырып, өзінше ой түюге мүмкіндік алады. Мұның өзі оқырманға да, жазушыға да оңай олжа емес.

«Ұлы қағанат» – жазушының отыз жыл бойы жазып келе жатқан ел тарихы туралы еңбектерінде тарқатылған тарихи көркем ойының заңды қорытындысы, жазушының шығармашылық өмірінің түйінді тұжырымы, еліне берген есебі, нағыз халықтық сыпатта жазылған кітап. Өйткені мұнда жазушының барлық ақыл-ой парасаты, тарихи толғамы, білімі мен баяндау қабілеті, қаламгерлігі мен ғалымдығы, шежірешілігі мен шеберлігі тоғысын тапқан. Көлемімен емес, затымен халықтық кітап. Еркін игерілген тақырып еркін ойға, пікір алысуға жетелейді. Тіпті кей тұста қаламгердің өзімен шаужайласа кетуге шақырады. Бірақ қанша шалықтағанмен де жауапты тағы да айналып кеп осы кітаптан табасың. Ұзына сарыны таныс, Қойшы-аға жазғанда бейтаныс боп көрінген тарихи шежірелерді бір айға жуық астын сызып тұрып оқып шыққанда алған әсерім осындай. Сонда несімен өзіне тартты?

Әрине, затымен. Жанры ерекше, тарихи деректерді керкемдік тәсіл арқылы баяндаған шығарманың тұжырымынан ғылыми негізді талап етуге бола ма? «Алтын тамыр», «Көмбе», «Түркі әлемі», «Ұлы қағанат», «Қазақтың қилы тағдыры» сияқты тарихи көркем әфсаналарға ондай сұрақтың қойылуы заңды және оған барынша байыпты көзқараспен жауап береді. Бұл шығармаларда жалпы түркі жұртының, соның бір бұтағы қазақ халқының 15 ғасырлық көш жолын қамтылады. Әрине, исі түркі жұртына ортақ шежіреден қыл суырғандай етіп алаштын тамырын ажырату оңай емес. Оның үстіне көшпелілер тарихы туралы пікірлерді сан саққа жүгіртіп, қасақана шатастырумен «шұғылданатын» ғылыми бағыттар еуропашылдықтың тұсында іргелене қалыптасты. Олардың тарихи шындықты жалған шындықпен көмкеріп тастағаны сондай, қазір скифтер мен сақтарды, хұндарды иран тілдес (ал ондай тіл жоқ, парсы тілі мүлдем басқа тіл жүйесі) деп, олардың түп тамырын Иерусалимге тартатындар табылды. Ол аздай скифтер мен хундарды (ақ хұндарды) славян тегіне жатқызған В. Чивилихиннің «Жад» кітабына кезінде Мемлекеттік сыйлық берілді. Ең өкініштісі сол үстемдіктің мойынтырығын мойынынан алмайтын можантопай қазақ тарихшылары қазір Қазақстан тарихын зерттейтін институттың айналасына шоғырлана тптанып алды. Олардың пайымдауынша: Есік қорғанына дейін – ирандық мәдени мұралар кешені орналасқан. Ықылым тарихты осындай шекарамен бөліп беріп қойған кім? Менің ойымша, осы «Жадқа» қарсы тиянақты жауап берген және оқиғаны көркем таратып, жұртымыздың көзін жеткізген әрі көркем, әрі ғылыми әфсананың авторы – Қойшығара Салғарин. Оның өзге тұжырымдарын былай қойғанда скиф, сақ, массагет, хұн жұрттары туралы ұшқыр пікірлері Қазақстанның тарихын жазған ғалымдардың еңбегінен гөрі әлдеқайда кең және нақты мағлұмат береді. Жазушы қалам тәжірибесінің арқасында екі мәнерді бір шығарманың бойына тоғыстыра білген. Кейде көркем баяндаудан бастап тарихи тұжырымға әкеп тіресе, келесі ретте тарихи толғамнан көркем шындыққа көтеріліп кететін тұстары соған дәлел.

Сонау қадым заманды былай қойғанда, орта ғасырдағы құба қыпшақтар
тағдыры біздің қай зиялымыздың зерттеу тақырыбына айналды. Олжас Сүлейменовтің «Ақын мен Әліп» кітабына дейін беймағлұм, жат жұрттың тарихы іспетті көрініп келді емес пе. Әрине, Олжастың деңгейі, көзқарас түйіні басқа. Ал соны шежірелік тәсілге салып, қазақ оқырманының жанына жақын да жатық тілмен баяндап берген де – Қойшығара Салғарин. Мұндағы ғьілыми тұжырымдар ұшқыр да соны, пайымы қарапайым да салмақты. Егерде жазушының әр пікірінің астарын талдасақ, онда тым тереңдеп кетер едік. Сондықтан да түйінді тұсына ғана тоқталдық.

Кез-келген ғалым, «Алтын тамырды», «Кембені», «Түркі әлемін», «Ұлы қағанатты» зерделеп оқып шықса, өзінің көшпелілер туралы көзқарасын тағы да бір екшеуден өткізуге тырысатыны анық. Ең бастысы, зерттеуші пікірінің адалдығына көзі жетер еді. Мұның өзі де аз олжа емес. Өйткені тарихымызға деген жақашырлықты оятудың өзі табыс. Себебі біз осы уақыта дейін өз тарихымызға өгей жұрттың көзқарасымен және соларға жұмыс істейтін басыбайлылардың тұжырымымен қарап келдік. Сондықтан да ғылыми көзқарас пен тұжырым тұрғысынан алғанда «Алтын тамыр» мен «Көмбе», «Түркі әлемі», «Ұлы қағанат» ктаптары тарихшыларымыздың да түйсігіне ой салып, қиялын ілгері жетелеп, тиянақ ететін тындырымды дүние.

Екінші бір сүйсінерлік жағдай, құдайға шүкір, қазақ халқының барлық жәдігершілері тақырып күйлегіш болған жоқ. Тереңдеп кеткендері де бар. Алайда, солардың дені білгенін баяндап беруге :келгенде тасырқап жататын. Өзгесін былайқойғанда, Бичуриннің көне хундар туралы еңбегінің бір сейлемінің астарын кеңітіп, әңгімелеп беру үшін қаншама білім қажет десеңізші. Ал нақты оқиғаның ырқын бажайламай, ығында қалсаң, екі сөйлемнен кейін қандай да бір ынталы оақырман жазғаныңды оқымай қоя салуы мүмкін. Бұл ретте Қойшьіғара Салғарин әдебиетшілердің арасында – тарихшының, тарихшылардың арасында – әдебиетшінің міндетін атқарған. Әрине, көркем шығарма үшін бір ауыз сөздің өзі, бір шығармаға арқау болады. Ал «Алтын тамыр» мен «Көмбеде», «Ұлы қағанатта» әр сөздің астарынан тарихи деректің лебі білінеді. Көне қытай тіліндегі екі таңбаның арасында адасып қалатын қытайтанушы ғалымдарды, соның ішінде ғалым қытайдың өзін талай көрдік. Ал Қойшы-ағаң болса соның әр сөзінің астарын түсіндіріп, көркем қиялдың қуатымен синологтың өзіне үйлесімді үйлесімді баяндайды. Бұл тәсілді таңдап алуының себебі – жазғаным оқырманыма түсінікті болсын, өз тарихын тереңірек білсін дегеннен туған ізгі ниет. Әйтпесе, жанын қинамай-ақ таза ғылыми мақала түрінде жазса, өзіне де жеңіл болары анық.

Үшінші ерекшелік: тарихилықты сақтаған да, оны керкем бейнелеп берген де дұрыс. Бірақ ғылыми салыстырулар болмаса, онда еңбек бір жақты яғни, бір адамның, тек Қойшығара Салғариннің көзімен жазылған болып табылар еді. Жазушы соны ескере отырып, тарихи салыстыруларға барады. Білетін адамға Бичурин мен Кюннің жазбаларының өзін салыстыру – арнайы дайындықты қажет етеді. Екі ғұлама да бір деректі аударып берген. Алайда, оны әрқалай түсіндіріп, түрлі тұжырым жасауға болады. Қытай тілін жетік білетін тарихшылардың өздері де мұны әрқалай талдайды. Мысалы, көне қытай тілі мен тарихын бейжіңдік ортақ үлгіден артық білетін ғұламалар Нығымет Мыңжан мен Мырзақан Жақып жетекшілік еткен аудармалардың өзі сәйкес келе бермейді. Қойшығара Салғарин сол түсініктемелердің өзін әфсаналарына жатық және орынды кіріктіріп, ғылыми ой ұсынады.

Тарихи салыстырулардың өзі де білім мен білікті тілейді. Алайда, нақты мәселені қоя білмесе – ол да кемшілік. Бұл жағына келгенде Қойшы-ағаң өзінің жазушылық қасиетін барынша сарқа пайдаланған. Небір келелі түйіндерді бірде көркем баяндаумен, бірде ғылыми салыстырумен, бірде кейіпкерлердің ауызекі сөзінің ішіндегі емеуіріндермен, көбінесе авторлық кейіпкердің сұрақтары :мен жауаптарының арасындагы диалогтармен шешіп жібереді. Мұның барлығы ғылыми әфсаналарда сырт қалатын бопсалар болғанымен, адамның ойлау жүйесіне, пікір қорыту кезіндегі пайымына тікелей әсер етеді. Ал тарихымыз туралы теріс пікірлерден арыла алмай отырған мынау уақытта ондай әдеби тәсілдердің әсерлік тәлімі ерекше. Өзге емес, өзіміздің ұрпақтарымыз сол ыңғайда өссе – үлкен жетістік. Бұл реттен алғанда мен Қойшы-ағаның «көшкіндерінен» басқа барлық қолданыстарын қолдаймын. Әлмисақтан бері көшіп жүріп өзіне-өзі ат қоя алмаған ұлт едік дегенге мойынсынғым келмейді. Қазақта «көшпелі дүние» деген үш өлшем бар. Өткеннен бүгінге көшіп келдік. Ертеңге бет алып көшіп келеміз. Ертеңгі көш те жалғасын табар. Сондықтан да «көшкін» емеспіз, «көшпелі дүниенің» көшпелі перзентіміз.

Игі тілекпен, жақсы ниеттің белгісі ретінде ақ жол тілеп жазылған шағын ілеспеде Қойшы-ағаның бүкіл шығармашылық болмысына тоқталып жату және тереңдеп талдау мүмкін емес. Бұл әфсаналар қазақ көркем ойлау жүйесінің қалыптасу жолын зерделеген зерттеушілердің назарын аударатынына сөзсіз сенемін. Өйткені Қойшығара Салғариннің әфсаналары дәл қазірдің өзінде қазақ халқының рухани дамуына үлесін қосып отыр. Мөде мен Шөже дегенді айыра алмайтын басымыз, енді оның өмірлері жөнінде әфсана мен дастандар шығара бастадық. Сонау Қытай қорғанының түбіндегі Сарыжазық пен Сарыөзенді, Ордосты — Өртөсті жырға қостық. Басқаны қайдам, әр жылдары тірнектеп жиған деректердің басын қосып, 77 тарихи тұлғаны қамтитын «Дулыға» атты екі кітаптық әфсаналар жинағын жазуға осы Қойшы-ағамызың «Алтын тамыры» тікелей себепкер болып еді. Пікірін жасырмады. Жөн сілтеді: «Мен жазып жатырмын, сенің жұмысың болмасын», – деген жоқ. Қайта: «Жаз, жаздың» – астына алып: «Бауырым, атаңнан қалған көне жәдігер жоқ. Білгенің мен жиғаныңды аяма. Қай жағынан келсек те халқымыздың бір керегіне жараса жетіп жатыр», – деп қамшылаумен болды. Бұл да кең қолтықты, мол пейілді, ер жігіттің мінезі. Мен үшін «Алтын тамыр» мен «Көмбенің» ең асыл қасиеті – жазушының осынау елім деген емеуірінді бойына толық сіңіре алғандығы. Ондағы әр сөйлемнің астарына сол ықылас білініп тұрады. Елдікке, ерлікке, бірлікке шақырады.

Зады, жазушы ретінде Қойшығара Салғарин қара тері алынып қана қойған қаламгер емес, терінің соры сыртына ақ көбік боп шыққан, бейнеттен зейнет жасаған тұлға. Ол ақылын азапқа салып, сол азаптан жан рахатын табуға құштар. Елі үшін не пайдалы болса соған тәуекел ете біледі. Әйтпесе: «Мал етін мүшелеп сою туралы кітап жазып бере қой», – дегенге илана салатын адам Қойшығара Салғарин емес. Білгенін халыққа жеткізуден туған мақсаттың жемісі бұл. Тек, сол сүйіспеншілік қана Қойшығара Салғариннің қолына қалам алдырады. Мұндай қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейді.

Неге екенін қайдам, осындай игі ниеттегі жазушының әдеби ортадағы көзқарақты сыншылардан жолы болмай-ақ келеді. Жеті атасын жазып, оның өзін бұрмалап жеткізген кітапшаларға айтылып жатқан жанашыр сөз Қойшығара Салғаринге бұйырмай-ақ келеді. Ешкім оның қаламының қуатын жоққа да шығармайды, бірақ жақсылығын да айтпайды.Осынау құбылысты «мақтамен «бауыздағандай» деп қазақ өте дәл тауып айтқан. Адамды тұншықтырудың бір жолының өзі – үнсіздік. Әйтеуір кеңқолтық Қойшы-ағаң өз ісінің адалдығьіна көзі анық жеткен соң ондайға керенау қарайды. Иә, ол нағыз, «елінің еңбек торысы». Ол еңбектің жақсыл нышандарын оқыған адамның бәрі біледі. Кеңіліне тоғытпай жүргендер де кезігеді. Бұл, енді, орынсыз тоқмейілсіу, санасын тат басқан тоғышарлық мінез. Әр кітаптың өз мақсаты бар. Ал мақсатқа жеткен дүниенің бағасы біреу. Ол – құрмет. Сондықтан да Қойшы-ағаға айтар лебіз: еңбегіңіз жанып, еліңіздің тарихтағы өшкен ізін аршып, кеткен есесін қайыра беріңіз деп тілекке тілек косамыз.



Менің ұзақ жылғы аралас-құралас өткізген өмір көшінде, «өмір көшкінінде» емес, өмір көшінде көңілге түйгенім мынау: «Қойшы-ағаның көз алдында еркелеп, еш алаңсыз құшағына емін-еркін кіріп кетіп, бауырының жылылығын, жүрегінің мейірімін сезіну үшін де осы өмірге іні болып келуге болады. Тасқаяғыңыз – ысқаяқтанып, көздегеніңіз құр кетпей, Ақаңды – Ақселеуді ғана емес, исі қазақты тамсандырып, көскектей берсін. Ал қаламның бабын қалай ақылға бағындырып табуды Сіз бізге үйретпесеңіз, біздің Сізге жөн айтатын жөніміз жоқ. Бар тілегіміз қолыңыздан қаламыңыз түспесін. Сіздің маңдайыңызға жазылған Алтын жұлдызыңыз – осы қалам. Қазақ үшін құт қалам. Қазақты ақыл-ой құтынан айырмасын жаратқан.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет