лы даланы ауызша тарихы – аза тарихыны айнасы о али С лтанш



Дата25.02.2021
өлшемі26,46 Kb.
#106367
Байланысты:
лы даланы ауызша тарихы – аза тарихыны айнасы о али С лтанш


ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЙНАСЫ
Оқали Сұлтаншәріп
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының 2 курс магистранты
Ұлттық тарихнаманың қалыптасуында ауызша тарихтың орны ерекше. Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік жүріп өткен жолы және тарихы бар. Сондай-ақ, әр елдің тарихы әртүрлі деректермен ерекшеленеді. Мәселен, қазақ ұлтының тарихи дерек көздеріне – шежіре, фольклор, батырлар жыры, мерзімді баспасөзде жарияланған мәліметтер және тағы басқаларын жатқызуға болады. Міне, осы аталған тарихи деректерде қазақ еліне қатысты оқиғалар мен құбылыстар баяндалады. Сондықтан, оларды төл деректер ретінде зерттеу еңбектерін жазуға және ондағы мәліметтерді ғылыми айналымға тарту аса маңызды мәселе болып табылады. Қазақ елі – өте бай тарих айту және оны сақтау дәстүрі мен мәдениеті бар халық. Өткен өмірінде көшпелі өмір салты басымдылық танытқан қоғамда ауызша тарих айту дәстүрі, белгілі дәрежеде, отырықшы өркениетті елдердегі мұрағат пен кітапхана міндетін атқарады, халықтың рухани өмірі ұрпақтан ұрпаққа осы негізде жетіп, ұласып отырды [1].
Жалпы, тарихи деректер: ауызша және жазбаша, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық дерек көздері болып бөлінеді. Осылардың ішінде соңғы кездері ұлы даланың ауызша таррихнамасына деген ықылас ерекше.
Сонау ежелгі дүниеде де тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдар болған. Ауызша тарих ең алдымен ғасырлар бойы қариялардың есте ұстап, ұрпақтан ұрпаққа өсиет есебінде айтылып келген тарих.
«Бұл қазақ руларының көнеден келе жатқан жазылмаған тарихы болғанымен, ата-бабаларымен түрлі ұрпақтарының ақпарлары ауыздан ауызға аңыз ұласып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, уақыт оза келе бұл шежірелер өз негізінен артық кемі болып, ілгері-кейінді айтылып шатастырарлықтайреттестіру нәтижесінде белгілі бір шындыққа жақын, тоқтамды пікірлер айтуға болады. Бұл хабарлар негісіз дәлелденбесе де себепсіз жалғанға шықпайды. Негізінде, шындығы басым тарихи оқиғалар анық. Себебі, бұл тайпалар өздерінің тарихты тереңдетіп оқымағанының салдарыныан нақтылы анық айтып, білімге таласатындары болмағанымен, бабаларының сөздерін зейінмен тыңдап, ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып, әр мәжілісте, әр жиын-отырыста үнемі қайталап, шын ниетімен ойларына ұстап, қрпақтан ұрпаққа жалғастырып, насапшыларына «шежіреші» деп ат қойған. Ұлы дүбір мерекелерінде шежірешінің маңайын толтырып өткендерін сұрастырып, үйлерінде болса ол кісінің алдында дәріс оқығандай үйреніп, жақсысын жаттап, қиынын қаттап жататын болған». [2] деп жазады Құрбанғал Халид өзінің атақты «Тауарих Хамса и шархи» деген еңбегінде.
Қазақ халқы оларды шежіре айтушылар немесе шежірешілер деп атаған. «Шежіре» сөзі екі мағына береді араб тілінде ағаш бұтағы, тармақ, ал көне түркі және моңғол тілдерінде есте сақтау және жадыдағы білім, рухани қазына дегенді білдіреді. Қазақ халқының өзіндік танымын дәстүрлі шежіресінде сақтаған.
Тарихын, сонау, тереңінен алатын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы - шежіре. Араптың «шаджара» үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра ерте уақыттан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан өнер. Жер бетіндегі халықтардың кейбіреуінде ғана патшалар сияқты, ерекше тұқымның қайдан шығып кімнен таралғанын дәріптейтін болса, біздің халықта бұл дүниеге келген әрбір азаматтың шыққан тегі таратылады. Шежіре халықтың шығу тегін, жүріп өткен жолын, аса маңызды тарихи оқиғаларды жадта сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырудың көне замандардан қалыптасқан жолы. Қазақ және басқа халықтардың шежіре айту дәстүрі ең бері дегенде үйсін дәуірінде ақ болған сияқты.
Қазақ халқының өткен замандағы алдыңғы қатарлы өкілдері өздерінің ой-өрісін, зердесіне қарай өз халқының ауызша тарихын, яғни шежіре жасап қалдырған. Кеңес дәуірінде шежіре мен шежірешілердің күні кеткені белгілі. Соған қарамастан, бүгінгі күні Қазақстан Орталық ғылыми кітапханасының қорында әрбір ру тайпаның әрбір жүздің өз шежірелері әр кезеңде жазып қалдырған 60-тан астам шеежілері қолжазба түрінде сақталған және осы қазақ шежіресіне байланысты орыс шығыстанушысы ғалымдарының және қазіргі уақытта шежіре зерттеушілерінің 300-ге жуық еңбектері [3] бізге жеткен.
Біздің отанымыздың тарихы көбінесе басқа жұрттың тіліндегі (грек, қытай, парсы, араб, орыс) жазба деректері арқылы жазылған. Ең өкініштісі сол күні бүгінге дейін қазақтың төл тарихы өзге жұрт өкілдері қалдырған жазба деректерге сүйенеді. Алайда қазақтың ұлы перзенттері, қазақта шежірешілік өнердің жоғары бағаланғандығын еліміздің тарихын зерттеуге үлес қосқан Шоқан Уәлиханов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ермұқан Бекмахановтар т.б. ұлттық тарихымызда жазуда үнемі халқымыздың атадан балаға мұра болып қалған эпос, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдерін жоғары бағалайды.
Шежірешінің беделі, әр кезде, ел билеген билеушілерден кем болмаған. Сондықтан да болар шежірені таратып беретін қарттарды осы күнге дейін аялап, олардан ылғый да елдің тыңдауға баратындығы. Оған қоса шежіре тарих.
Шежірелердің жазбаша таратылуы оқу мен жазу өнерінің біздің халыққа да, жат болмағандығын көрсетсе керек. ХХ ғасырдың басында жарыққа шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» [4], Мұхаметжан Тынышпаевтың бастырған шежірелері . [5] де халқымыздың әспеттеп, атадан балаға мирас қылған шежіре айту өнерінің келісті жалғастары іспетті.
Ауызша деректерге: тарихи аңыздар, мифтік аңыз әңгімелер, халық жыр – эпостары, батырлық ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, шешендік сөздер, салт-дәстүр жырлары (бақсы сарындары, айтыс, балалар фольклоры) жатады.
Сонымен қатар қазақтарда ертеден халық арасынан шыққан өлкетанушылар өз туған аймағының тамаша білімпазы болған. Олар өздерінің тарихи географиялық білімдерін ұрпқтан-ұрпаққа ауызша таратып отырған. Олар өз халқының мәдениетін, тарихын сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке жетелеген. Қазақ халқы жер-су атаулары мен олардың қасиеттерін, ата-бабаларының ескілікті қорымдары мен зираттарын, оларды келер ұрпаққа мирас ретінде сақтап, айтып отырған. Қазақ арасында көне жырлар мен нақыл сөздерді білетін адамдарды аса құрметтеген.
Алғашқыда барлық елдерде, халықтарда тарих ауызша ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Ал жазбаша тарихты алғаш қағаз бетіне түсіргендер жылнамашылар болды. Жылнамаларды осы жазбаша тарихтың кітабы деп атауга болады. Осы жылнамалардың негізінде тарихтағы жеке тұлғалардың өмірбаяндық әңгімелері, жеке бір әулеттердің тарихы,жазбаша шежірешілер пайда болды. Соның негізінде жекелеген мемлекеттрдің тарихы жазыла бастады. Ең алғашқы жылнамаларды тасқа қашап, осдан төрт жарым мың жыл бұрын Мысыр патшалары жаздырған. Ауызша деректерді жазбаша тарих пайда болғанға дейін, адам баласы өздерінің жинаған іс-тәжірибесі, өткен тарихын, алғашқы көркем шығармаларын кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін пайдаланған. Эпос, аңыз, жыр, шежіре түріндегі ауызша тарих халықтың ертедегі қоғам, адам туралы алғашқы ой-санасы. Ең алғашқы ауызш деректер Жерді жаратқан құдайлар туралы аңыздар сосын батырлар туралы эпикалық жырлар түрінде пайда болған.Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» деген кітабында берілген «Тектеліде», Өтебойдақ жазуына қарағанда, қазақ шежіресін алғаш жазып шыққан адам Жауһар деген ақсақал, ал шежіре жазуға жарлық берген Қазақ күнби. Қазақ күнби Созақ Күнбиді тақтан тайдырып билікк келен екен де, қазақтан кейін билік иесі күнби емес, хан аталып, алғашқа хан Алаш болыпты. [6]
Ауызша тарихтың үлкен тармағы – батырлық жырлар. Олардың тарихи деректік қабілетіне қатысты мынадай факторларды атап өткен жөн: 1) Тарихи деректердің бұл түрінің сол халықтың пайда болып, өмір сүрген ортасында, «туған топырақта» жаратылғаны, иесі белгілі бір халық. 2) Батырлық жырлардың этникалық тарихты жомарт (өзіне ғана тән тілмен) бейнелейтіндігі. 3) Батырлық жырлардың халықтың тарихи зердесіне (халықтың өткен тарихының көрінісі) айналып, тіптен тілден, діннен, ата қоныстан айрылған кезеңдерде де ұлттың жадынан жоғалмайтын қасиетінің күштілігі.
Тарихи жырлардың тарихи дерек ретінде қазақ тарихы ғылымында орын алуға толық іргелі негіз бар. Тарихи туындылар – халқымыздың басынан өткізген тарихи-әлеуметтік оқиғалар мен тарихта болған қайраткерлердің батырлық істерінің негізінде туған және олар елдің саяси-әлеуметтік, шаруашылық өмірін, әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын, әсіресе, ерлік салтын бейнелейді [7].
Ермұхан Бекмаханов фольклорлық деректердің қазақ тарихы үшін деректік маңызы мен ғылыми құндылығын жоғары бағалай отырып, олардың деректік ерекшеліктері мен кемшіліктерін де көрсетіп берді. Ол: «Фольклордың өзіне тән негізгі ерекшелігі – оның сапа және таптық жағынан біркелкі болып келмейтінін, онда тарихи шындық пен поэтикалық қиял және аудармашының жорамалы болатынын, әсіресе, бірнеше ғасыр бұрын айтылып, талай рет ауыздан-ауызға көшкен болса әр түрлі жыраулар мен жыршылар өз жандарынан түйдектетіп қосатын қосымшалардың да мұндай фольклордан орын алатынын бір сәтке де естен шығармау керек» [8] - дейді.
Ғалым, академик Манаш Қозыбаев ӛзінің еңбегінде «Қазақ шежіресін зерттеуді, оны білуді рушылдық, жершілдік сияқты келеңсіз құбылыстармен шатастырмау керек. Бұл екеуінің шежіреге қатысы жоқ. Ендеше, ауызша тарих айту дәстүрінсіз қазақ халқының тарихын жасау мүмкін емес» [9] деген еді.
Тарихшы Қамбар Атабаев: «Қазақ халқының өткен тарихы негізінен ауыз әдебиеті туындылары: ауыздан-ауызға тарау арқылы баяндалса, орыс халқының тарихы ұзақ жылдар бойы жылнамаларда айтылып, жылнамаларда бейнелеген», [10] - деп ой түйіндеген.
Ғалым ұлттық деректану ғылымын қалыптастыруға арналған еңбектерінде фольклор қазақ тарихының дерек көзі ретінде қарастырылады [11] Автор фольклордың тарихи дерек ретінде қарастыруда оның деректік маңызы, объективтілігі, алғышарттары, тарихи жағдайлары, ерекшелік жақтарына назар аударады.
Отандық тарих ғылымында тұңғыш рет дәстүрлі ауызша тарихтың өзін дербес ғылыми проблема ретінде көтеріп, оны зерттеудің қазақ тарихтануындағы мәнін көрсеткен Г. Жүгенбаеваның «Дәстүрлі ауызша тарих» монографиясын атауға болады. Еңбекте дәстүрлі қазақ қоғамындағы руханияттың синкреттілігі, оның деректемелік және тарихнамалық қырлары жан-жақты қарастырылады. Г. Жүгенбаева зерттеулерінің нәтижесінде «...ауызша тарих – халықтың біртұтас жады және этникалық тарихтың дереккӛзі белгісіндегі бірегей болмысын танытып берді» деген тұжырым жасайды [12]. Автордың басты жаңалығы ретінде қазақтардың дәстүрлі ауызша тарихын ұлттық интеллектуалдық құбылысқа теңеуін айтуға болады. Осы монографияда автор дәстүрлі ауызша тарихпен қатар ұлттық сан мен тарихи жадқа да баса мән береді: «Қалыптасуының өзі адамзат тарихымен бірге жасаған «тарихи санаға» барынша әмір жүргізу өткен кеңестік билік тұсында жүзеге асырылды. Біртұтас кеңестік тарихи жадты орнықтыру саясаты қазақ халқының тарихи санасына «қондырылған» жоспарлы үстем науқаннан көрініс тапты. Тарихи санаға арналған кеңестік саясат ұлттар тарихына қатысты мынадай ұстанымды орнықтырды. Тарихты зерттеудің теориялық-методологиялық әдіснамасына маркстік формациялық методологияны негіздеу; тарихты танудың, зерттеудің ең басты қайнары тарихи деректерді алалау; ұлттық тарих пен ұлттық руханиятты зерттеуші зиялыларды қуғындау. Қазақтың рухани мұраларына төнген қатер өткен XX ғасырдың 40-жылдардың соңынан белең алды. Маркстік методологияның кеңестік ғылымдағы эксперименті бойынша тарихты әлеуметтік қайшылықтар мен болмай қоймайтын таптар күресі тұрғысынан зерттеу, ұлтшылдықпен күрес, одан социалистік реализм, түрі ұлттық, мазмұны советтік әдебиет «жасау» науқандары қазақтың тарихи зердесіне, оның ұлттық рухына жасаған шабуылдарға айналды. Нәтижесінде қазақ тарихы төлтума деректерсіз-ақ танылып, ұлттың тілін меңгермей-ақ зерттеген тарихнамашылар зерделеуімен жазылып жатты». [12].
Ауызша деректердің қайсыбір түрлері халықтың тарихи санасының дерек көзі бола алады. Мәселе – қазақтардың ұжымдық ауызша білімі жайында болып отыр. Тарихи танымның арқауы – тарихи жад, тарихи сана, ұжымдық жад адамзатқа тән шартты рефлекс. Тарих – өткенді тану процесі ретіндегі әлеуметтік сананың бір көрінісі. Ол – адам баласының өзінің және өзіне дейінгі ұрпақтың өмір тәжірибелерін зерделеп сақтай алуы қабілеті болып саналады. Тарихи жад адамның хайуаннан айырылатын хас белгілерінің бірі; бұл өзінің өткеніне мақсатты, пайымдалған қатыныас; өзін-өзі сезінудің, өзін-өзі анықтаудың басты негізі. Жадын жоғалтқан адам өзін танудан, өзінің басқа адамадар арасындағы орнын анықтаудан айрылады.Жад абстрактілі білімнен өзгеше, бұл адамның өз басынан өткізген өзі сезінген өзінің өмірлік тәжіриесі. [12].

Қолданылған әдебиеттер тізімі



  1. Құсайынова М. Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өмірі ұлттық тарих айту дәстүрінде (ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған афтореферат. Алматы, 2010. - 3-б.

  2. Иман Құррбанғали Халидұлы Тауарих Хамса и шархи (Шығыстың бес тарихы). Қазан, 1910. Алматы. 1992. 51 бб

  3. Раиса Бірімжанова «Орталық ғылыми кітапхана қорындағы қазақ шежірелеріне байланысты материялдар». Қазақ тарихы 2005, №1 81-82бб.

  4. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы, 1991. 12 б.

  5. Тынышпев М. История казахского норода. Алматы, «Жалын», 1993. – 255 стр.

  6. Бексұлтан Нұржекеұлы . «Қайдан шыққан елміз?» Жалын. №6, 2004. 3-9 бб.

  7. Құсайынова М.А. Ауызша тарих айту дәстүрінің дамуы хақында // «ХХІ ғасырдағы орта білім жүйесі: жайы мен даму көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2003. – 156-160 бб.

  8. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994. 41-44-бб.

  9. Қозыбаев М.Қ. Ғұмырнама жанрын зерттеу мәселелері // Қазақ тарихы. 1997. № 4, 42 б.

  10. Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. 147-б

  11. Атабаев Қ.М. Тарих пен дереккөзі – фольклор // Қазақ әдебиеті, 2002, - №31,-2 тамыз, 5 б.

  12. Жүгенбаева Г. Дәстүрлі ауызша тарих. – Алматы, 2009. – 284 б.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет