1.2 Халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасы нысандары
Халықаралық және ұлттық құқық арақатынасын жалпы сипаттағанда түрлі анықтамалар қолданылады: «өзара байланыс», «бір біріне әсер ету», «бейімделу» және т.б. Аталған құқық жүйелері арақатынасының нысандарына талдау жасаған кезде ғалымдар түрлі терминдер қолданады: жіберу, рецепция, трансформация, имплементация, ұлттық-құқықтық имплементация, адаптация (бейімделу), легитимация және т.б. Ұлттық құқыққа халықаралық құқық нормаларын енгізу процесін сипаттайтын «транформация» сөзі барынша жиі қолданылады. «Трансформация» терминін көптеген ғалымдар қолдамайды. Мысалы, А.Гринберг итальяндық заңгерлердің (А.Пергола, К.Мортати) тәжірибесіне талдау жасай отырып, транформация емес, бейімделу терминін қолдану екі құқықтық тәртіп арақатынасының дуалистік теориясы тұрғысынан барынша ақталған және процестің өзінің заңды мәнін нақтырақ көрсетеді және соның арқасында халықаралық-құқықтық норманың қайта құрылуы емес, нақты халықаралық нормаларға сәйкес келетін ішкі құқықтық нормалардың құрылуы туралы айтады. Халықаралық және ішкі құқық арақатынасы нысандарын сипаттайтын терминдердің көптігі әбден ақталған, себебі халықаралық құқық нормаларының әрекет ету мәселесін әр мемлекет өз бетінше шешеді, өйткені мемлекеттің мойнына алған халықаралық міндеттемелерді (нормаларды) орындауды қамтамасыз ету нысандары мен әдістері әр мемлекеттің жеке құқығына тиесілі, ол ұлттық құқықты жетілдірумен қатар, әрі қарай жемісті жұмыс жасау үшін халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы аясындағы терминологияны белгілі жүйеге келтіруді талап етеді, өйткені ғылыми зерттеуге деген маңызды талаптардың бірі зерттеуші қолданатын түсініктердің нақтылығы болып табылады. Түсініктердің мазмұнын нормативтік, немесе бірінші кезеңде, доктриналды бекіту құқықты біркелкі норма шығармашылықта, түсіндіруде және қолдануда маңызды рөл ойнайды.
Ұлттық және халықаралық құқық арақатынасының дәстүрлі нысаны осы жұмыстың кіріспесінде көрсетілген бірқатар ғалымдардың еңбектерінде көп рет қарастырылған болатын. Соған қарамастан, халықаралық-құқықтық нормаларды ғылыми «түгендеу» (инвентаризация) қажеттілігі, ішкі мемлекеттік құқық нормаларымен салыстыру негізді, кездейсоқ емес сипатта болу үшін «сап бойынша» орналастыру туралы 1980 жылдар ортасында А.М.Васильев жазған болатын. /20,65/.
Ғылыми әдебиеттерде халықаралық және ұлттық құқық арақатынасын сипаттайтын терминдер мен түсініктер бойынша әр қилылық байқалатындықтан, біз бұл бөлімде құқық тарихында бұрыннан белгілі құбылыстарды белгілеу үшін ұлттық және халықаралық құқық арақатынасы нысандарының жіктелуіне тоқталамыз.
Нақты саны белгісіз және бір бөлігі ғана мемлекеттердің Парламенттерінде ратификацияланатын халықаралық шарттар халықаралық құқықта басты орынды алады. Ратификацияланған халықаралық шарттардың саны олардың маңыздылығын білдірмейді. Көп жақты шарттардың кейбіреуі ғана мүмкін болатын ратификациялар санын жинай алады. БҰҰ аясында қабылданған Конвенциялардан мұндайға тек қана БҰҰ-на мүше мемлекеттердің жалпы санының 4/5 ратификациялаған 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын жатқызуға болады. Басқа конвенция мен келісімдерге 1/7, 1/3, ½ және т.б. қатысады. Бұдан жасайтын қорытынды халықаралық келісімдер қатысушыларының санын кеңейту әлемдік қауымдастықтың алдына қойған міндеттерінің бірін білдіреді /21, 64/. Бұл халықаралық құқық нормаларының едәуір табысты және едәуір кең әрекетінің кепілі болып табылады.
Халықаралық-құқықтық құжаттардың әр түрлі деңгейлігі ұлттық құқықтың олармен әр түрлі қатынасқа түсуіне әкеп соғады. Егер ұлттық заңнама иерархия және т.б. түрдегі нақты жіктелген болса, онда халықаралық құқық күрделі, жіктеуге қиындық туғызатын үлкен материал болып табылады. Төменде халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасының талдауын ұсынып отырмыз, ол логикалық байланыстағы талданып отырған материалды топтарға жіктеуге мүмкіндік береді және талдау үшін ыңғайлы болып табылады.
Халықаралық құқық, Г.И.Тункиннің классикалық болып кеткен анықтамасына сәйкес, мемлекеттердің және халықаралық құқықтың басқа да субъектілерінің «еріктілік келісімі» жолымен жасалады. Еріктілік келісімі түрлі деңгейде, халықаралық құқық субъектілерінің түрлі дәрежедегі белсенділігімен жасалады және ұлттық құқыққа деген әсерінің түрлі деңгейі бар және керісінше ұлттық құқық халықаралық құқық нормаларының жасалуына түрліше әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықаралық құқық нормаларының жасалуын жіктеу негізіне және оның ұлттық құқықпен арақатынасына біз сандық және уақыттық факторлар енгіздік. Сандық фактор халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттердің санын көрсетеді. Уақыттық фактор халықаралық шарт жасасу немесе оған қосылу көрсеткіші болып табылады. Біздің ұсынып отырған жіктеудің бірінші деңгейінде екі жақты мемлекетаралық шарттар жатады, олардың нормалары халықаралық құқықтың бірінші деңгейі ретінде мемлекетаралық құқықтың жиынтығын құрайды. Аталған терминді И.Кант (1724-1804 жж.) қолданды, ол «Құқық туралы ілімнің метафизикалық бастауы» еңбегінде «мемлекеттердің бір-біріне деген құқығы... халықаралық құқық деп аталуы дұрыс емес,- дұрысы, мемлекетаралық деп аталуы тиіс (jus publicum civitatum)» /22/. И.Канттың терминді нақтылауға деген әділ пікірі доктринамен де, тәжірибемен де қабылданған жоқ. В.А.Василенко мұның себебі, алғашқыда француз, кейіннен ағылшын тілдері болған XIX ғ. дипломатиялық тілдерінде халық, ұлт, мемлекет сөздері синоним болғандықтан болуы мүмкін деп санайды/23,17 б./.
Мемлекетаралық құқықта халықаралық құқық нормаларын құрайтын ұлттық құқық нормаларының өзара әсері байқалады. Бұл мемлекеттің құзырлы органдары ратификациялаған, сонымен қатар ратификацияланбаған шарттары да болуы мүмкін. Әлемде таралған тәртіп бойынша Парламент ратификациялаған халықаралық шарттар әрекет етуші ұлттық құқыққа қарағанда жоғары заңды күшке ие болуы тиіс. Қалған шарттар өзінің иерархиясы бойынша мемлекетте әрекет ететін заңнамадан төмен тұрады және міндетті түрде ұлттық заңнамамен келісіледі. Бұл мысалы, Қазақстан Республикасына тән.
Жалпы халықаралық құқық - әлемнің бүкіл аумағын қамтитын мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенді қатысуымен жасайтын құқық. Аталған терминді анықтаған кезде өз алдына алынған мемлекет немесе аймақтың халықаралық құқығы, мысалы, «Қазақстан Республикасының халықаралық құқығы» немесе «халықаралық африкалық құқық» және тіпті «халықаралық америкалық құқық», сонымен қатар «ТМД немесе Еуропалық Одақ халықаралық құқығы» бола алмайтынын негізге алдық.
Мексикалық заңгерлер халықаралық құқықты бүкіл әлем мемлекеттерінің мүддесін көрсететін заңды нормалардың жиынтығы ретінде анықтайды, және әдетте, халықаралық құқық субъектілеріне өз бостандығы үшін күресуші ұлттар мен халықтарды жатқызбайды, бірақ бір уақытта олар жеке тұлғаларды халықаралық құқық субъектілері ретінде таниды.
Аймақтық құқық екіден артық мемлекеттер арасында, бірақ бір аймақ шегінде жасалған шарт негізінде жасалады. Аймақтың негізгі географиялық бірлігі – әлем бөліктері (Африка, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Азия, Еуропа, Австралия мен қоныстанбаған Антарктиданы қоспағанда), бірақ құрлықаралық аймақтық бірлесу де мүмкін.
Аймақтық құқықтың негізгі өзегі ірі мемлекеттер тобы болып табылады және аймақтың бірнеше немесе барлық мемлекеттері оған қабыса отырып жасалады. Субъектілердің құқықтық мәртебесіне байланысты мемлекетаралық жүйелер, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер арасындағы және халықаралық ұйымдар арасындағы жүйелер ажыратылады.
Халықаралық және Қазақстан Республикасы ұлттық құқығы арақатынасындағы нақтыланған терминологиялық база, біздің ойымызша, терминдердің үш блогынан тұрады. Арақатынас нысандары өзара тығыз байланыста болғаны халықаралық құқық нормаларының ұлттық құқыққа енуінің көп аспектілігі туралы дәлелдейтіндігін ескеру қажет.
I. Трансформация. Құқықтануда «трансформация теориясы» бар, ол термині бойынша мемлекетішілік құқықта халықаралық-құқықтық нормаларды жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттің құқықтық актісімен жанамалануы тиіс, яғни халықаралық шартты жасау мен ішкі құқық субъектілерінің арасында мемлекеттің ерік актісі болуы керек. Бұл ғылымда халықаралық және мемлекетішілік құқық құқықтың әр түрлі жүйелеріне жататыны туралы пікір кең тарағандықтан, халықаралық шарт мемлекеттің егемендігіне байланысты мемлекетішілік құқық субъектілері үшін тікелей құқықтар мен міндеттер жасай алмайды. Бұл теория халықаралық құқық үшін негізінен Е.Т. Усенко, Д.Б. Левин, С.В. Черниченко, Р.А. Мюллерсон енгізген.
«Трансформация» термині (латынның тransformatio – қайта құру, өзгерту) қайта құруды, өзгертуді білдіреді. Көбінесе қоғамдық ғылымдар бұл түсінікті радикалды құрылымдық өзгерістерді суреттеу үшін қолданады. Ол қоғамдық ұйымның жаңа сапалы жағдайына көшуді білдіреді. Трансформациялық процесс келесідей сатылардан өтеді: қоғамның осы күнгі жағдайын қайта бағалау; әлеуметтік диагностика, дағдарыстан шығудың мүмкін жолдарын анықтау; ескірген жүйені бөлшектеу; қоғамның жаңадан өзін-өзі билеуі. «Трансформация» термині жаңа әлеуметтік-экономикалық саясатқа көшкен посткеңестік мемлекеттердегі өтпелі процестерді нақты сипаттайды. Осылайша, біздің ойымызша трансформация дегеніміз – мемлекет нысанының немесе құқықтық жүйенің көлемді өзгерісін сипаттайтын термин. Мысалы, қазақ қоғамының саяси трансформациясы туралы Президент Н.Ә.Назарбаев «XXI ғасыр табалдырығында», «Қазақстан 2030: «Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Президенттің Қазақстан халқына жолдауы», «Қоғам трансформациясы стратегиясы және Еуразиялық өркениеттің қайта дамуы» атты еңбектерінде жазды. Бұл процесс бірнеше терминдермен сипатталуы мүмкін: адаптация, модернизация және бейімделген модернизация.
Адаптация (лат. adaptatio–лайықтау, бейімдеу) –өзара байланысты нормативтік құқықтық актілер блогы деңгейінде ұлттық құқықтың біртіндеп өзгеруі, әлемдік қоғамдастықта әрекет етуші құқықтық дәстүрлерді ескеру, үнемі туындайтын ішкі және сыртқы факторларға лайықтану мақсатында сала ішілік, салалық және тіпті түгелдей жүйе ауқымында өзгеру.
Ұлттық құқықтық жүйенің адаптациясы перманентті процесс, мемлекеттің қандай да бір халықаралық ұйымға кіруге, көпжақты халықаралық шартты (пакт, конвенция) т.б. ратификациялауға дайындық кезінде орын алуы мүмкін. Бұған Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру мақсатында, адам құқықтары туралы Пактті т.б. ратификациялау қарсаңында қазақстандық заңнаманың, экономиканың және тағы басқа көрсеткіштердің өзгеруі мысал бола алады.
Модернизация (фр. мoderniser – осы заманға сай істеу) – өтпелі кезеңде қоғамдық өмірдің барлық жақтарының елеулі жаңаруы («заманға сай жаңалануы») негізінде елдің мемлекеттік-құқықтық құрылымының уақыт бойынша ұзақ емес, ерікті өзгеруі. Бұл Ежелгі әлем уақытынан белгілі Non progredi est regredi» – «прогрестің жоқтығы – регресс» қағидасы бойынша дамитын барлық мемлекеттерге тән үздіксіз процесс. Модернизация эволюцияның құрамдас бөлігі болып табылады және ол революцияға (латын тілінде re-volutio тіркесі «кері қозғалу, артқа шегіну» дегенді білдіреді - кейіннен мемлекеттің әрі қарай дамуына жағымсыз әсер етуі мүмкін мемлекет және құқық дамуының күтпеген, күшпен, өткінші өзгеруі) қарама-қарсы.
Модернизацияның әмбебаптылығы оның материалдық негізге сүйене отырып, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік, саяси аясына да таралатындығынан, адам психологиясын түзейтіндігінен көрінеді. Модернизация өмірдегі бар болмысқа әлдеқайда сәйкес келетін трансформацияны білдіреді.
Модернизация процесі біртіндеп ескірген таптық және әлеуметтік құрылым жоқ болып, қысқа тарихи уақыт ішінде жаңа қоғам құрылатын өркениеттің шыңына жету қозғалысын білдіреді /24, 4б./.
Мемлекеттің жаңа қоғамдық-экономикалық қатынастарға көшу кезіндегі модернизацияның революциялық өзгерістер жағдайында болатын «қатаң терапиядан» өзгешелігі, ол кең ауқымды өзгерістерді өткізуде аяушылық танытып, жаңаның ескіні бұзбай, соған негізделіп, оны сақтап, ескіргенді кезең-кезеңмен алмастыру табылады.
Бейімделген модернизация – радикалды өзгерістерге әкеп соғатын және мемлекеттің көп полярлы әлемде жаңа тәуелсіз жағдайға бейімделу мақсатын көздейтін мемлекеттік-құқықтық құрылымның және экономикалық қатынастардың кезең-кезеңмен, жоспарлы өзгеруі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев біздің елде болып жатқан реформаларға бейімделген модернизация терминін лайықты деп санайды. Бұл процеске арнайы бөлім арналған.
II. Имплементация (лат. implementatio – енгізу, жүзеге асыру) – ұлттық құқықтық жүйеге халықаралық немесе шетелдік құқық нормаларын енгізу процесін сипаттайтын термин. Имплементация термині көбінесе мемлекет халықаралық-құқықтық актіні ратификациялағаннан кейін басталады, бірақ халықаралық құқық нормаларының ұлттық құқыққа имплементациясы ратификацияға дейін де жүзеге асырылады (Қазақстан тәжірибесінен көруге болады). Халықаралық құқық нормаларының имплементациясы мәселесі зерттеушілердің еңбектерінде, мысалы, А.С.Гавердовскийдің «Халықаралық құқық нормаларының имплементациясы» монографиясында қарастырылған. Халықаралық-құқықтық нормалардың имплементациясы мәселесіне арнаған ғылыми зерттеулер арасында Э.М.Аметистов, Дж.Д. Джебриннің т.б. еңбектері арналған, А.Н.Талалаев, И.И.Лукашук, Е.Т.Усенконың т.б. жоғарыда көрсетілген еңбектері.
Имплементация белгілі бір халықаралық шарттың қатысушы мемлекетінің халықаралық құқық нормаларын ішкі заңнамада қайталаумен байланысты ғана құқық шығармашылық әрекетімен шектелмейді.
Ол халықаралық-құқықтық нормаларды тікелей жүзеге асыруға байланысты ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін жүргізуді көздейді. Одан басқа И.П.Блищенко қазіргі заманғы халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын мемлекет аумағында және халықаралық құқық субъектілері арасындағы қатынаста да жүзеге асыруды имплементация деп атауға болады деп санайды /11/.
Мемлекеттер тәжірибесінде ұлттық-құқықтық имплементацияның екі негізгі тәсілі қолданылады: біріншісі –халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында жаңа нормаларды шығару, өзгерту немесе қазіргі ұлттық құқық нормаларының күшін жою. Екіншісі – халықаралық құқық нормалары (шарттық және (немесе) әдеттегі) ұлттық құқық аясында, мемлекет ішінде тікелей әрекет ете алатындай ұлттық құқықты халықаралық құқыққа сілтеме жасау. Бірақ қандай жағдай болмасын ұлттық заңдар халықаралық келісімдерге қайшы келмеуі тиіс.
Рецепция (лат. recepcio – қабылдау) бұл бір елдің, қоғамның осы немесе басқа елде, басқа кезеңінде туындаған құқықтық, мәдени және басқа да құндылықтарын қабылдауы, соған бейімделуі. Құқықтағы рецепция деген осы елдің аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымның немесе құқықтық жүйенің жоғалған тұстарын қайта қалпына келтіру немесе басқа елдің, халықтың, жергілікті өркениеттің тәжірибесін алуды білдіреді.
Батыс еуропа елдерінің Ежелгі Рим мен ежелгі Грекияда қалыптасқан антикалық мемлекеттік құқықтық дәстүрлерді рецепциялауын айтуға болады. Осы елдердің жалпы мәдениеті мен мемлекет және құқығы тарихының бұл кезеңі Қайта өрлеу дәуірі (Ренессанс) деп аталады.
Басып озушы рецепция, яғни жаңа мемлекетте құқықтың ескі нормалары жоспарлы түрде қалпына келтірілуі деп 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық Заңын күшіне енгізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Қаулысын айтуға болады. Оның 2 тармағы былай дейді: «Бұдан былай Қазақстан Республикасының тиісті заңдары мен басқа нормативтік құқықтық актілері қабылданғанға дейін оның аумағында Қазақстан Республикасының осы заңына, басқа да заңнамалық және нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келмейтін бөлікте КСРО заңнамалары мен КСРО таныған халықаралық құқықтық нормалар қолданыла алады /25, 10б./.
Рецепцияны сипаттайтын құбылыстарға құқыққабылдаушы мемлекеттің құқыққалдырушы мемлекет бұрын жасаған халықаралық шарттарды бекітуін жатқызуға болады. Қазақстан және бұрынғы КСРО республикалары ол құлағаннан кейін әр түрлі негіздерде кейбір халықаралық шарттарға қатысатындықтарын мәлімдеді немесе бұрынғының заңдық күшін бекіту үшін жаңа халықаралық шарттар жасады.
Инкорпорация (лат. incorporatio – құрамына енгізу, қосылу) –имплементациялаумен қатар халықаралық құқық нормаларын ұлттық құқыққа енгізудің, халықаралық шарт ережелеріне байланысты ұлттық заңнама нормаларын өзгертудің жалпы процесі ретінде қарастырылады. 1969 жылғы халықаралық шарт құқығы туралы Вена Конвенциясының 24 бабының 2 тармағына сәйкес егер шартта оның күшіне енуі мерзімі көрсетілмесе, «шарт келіссөздерге қатысушы барлық мемлекеттер оның міндеттілігіне келісім берген сәттен бастап күшіне енеді». Бұл ереже шартқа қатысушы мемлекеттердің толық шарттың емес, оның жекелеген бөлігінің міндеттілігіне келісім бере алатындығын жоққа шығармайды. Солай, кейбір халықаралық шарттар ескертпелермен инкорпорацияланады, кейін ескертпе кез келген уақытта алынып тастала алады да, халықаралық шарттың бұрын алынған баптары ұлттық құқыққа инкорпорациялана алады.
Кеңес заңгерлері ешқандай мемлекет не халықаралық ұйым екінші мемлекетке оның ішкі құзіреті мен юрисдикциясына жататын мәселелерді шешу әдістерін таңа алмайды дейтін уақыт адамзат тарихында ұзаққа созылған жоқ. Оған Кеңес Одағы өмір сүрген уақыт қана жатады. Сондықтан әр түрлі құқықтық жүйелердің байланысқа түсуінің тағы бір нысаны трансплантация туралы айтуға болады.
Трансплантация (лат. transplantare – қайта көшіріп орнату), жат мемлекеттің нормативтік құқықтық актісін ұлттық заңнамаға мәжбүрлеп енгізу немесе бір мемлекеттің екінші мемлекетке мүлдем жат құқықтық жүйені немесе оның элементтерін күшпен таңу. Бұл терминді ғылымға кең пайдалануға енгізу құқығын ғылымда «заңдық трансплантация» сөз тіркесінің қолданылып жүруі бекітеді. Бұл құбылысқа тоқтала отырып, Ю.А.Тихомиров жоғарыда аталған «Салыстырмалы құқықтану курсы» атты еңбегінде заңдық трансплантация «нақты құқықтық жүйедегі актілер мен нормалардың жат болуына, кейін итеріліп тасталатынына алып келеді» деп көрсетеді. Біз былай үнемі бола бермейтінін айтамыз. Жат мәдениетті, соның ішінде шетелдік құқықтық жүйені механикалық түрде көшіру, «трансплантациялау» (терминді акад. Д.С.Лихачев ұсынған) адамзаттың даму тарихында жиі кездескен құбылыс. Бұл Еуропада Наполеонның басып алуларынан кейін болған. Сол кезде Наполеонның атақты Азаматтық Кодексі француз императоры жаулап алған жерлерде өз күшін таратқан. Еуропа елдері үшін бұл ежелгі рим құқығының негіздерін рецепциялау болса, қалған елдер үшін трансплантациялау болғаны анық. XVIII—XIX ғасырларда отарлаушы елдер өздерінің құқықтарын отарланушы елдерге күшпен таңды, және онда олардың әсері ұзақ сақталды: ағылшын құқығы Үнді және бұрынғы британ отарларында, француз және португал құқығы африка отарларында.
Кейін отарлаушылар мен жергілікті халық ұзақ уақыт қатар өмір сүруі нәтижесі ортақ тарихтың, мәдениеттің, білімнің, моральдық және құқықтық құндылықтардың пайда болуына әкеп соқты, ал ол өз кезегінде ортақ (ұлттан жоғары) құқықтық дәстүрлердің пайда болуына әкелді. Мұндай көрініс XVIII ғасырда Ресейде мемлекеттің барлық саласын, соның ішінде құқықтық саласын ұлы «қайта құру» кезінде байқалды. Ол кезде Ресейді мемлекеттік құрылым, құқық, экономикалық жүйеден бастап қарапайым тұрмысқа дейін «неміс» (батысеуропалық) өмір сүру бейнесі жаулап, тіпті күшпен енгізілген еді. Осыдан бастап Ресейде батысеуропалық типтегі құқықтық мемлекет құру үшін күресуші «батысшылдар» мен Ресейде батыстан бөлек құқықты түсінуге ұмтылушы «славянофил» арасында қақтығыстар жүріп жатыр. Еуропалық құқық элементтерін Ресей Қазақстанға да әкелді, сондықтан жат құқықтық және басқа да құндылықтарды енгізу нәтижесінде қоғам трансформациясының жағымсыз тұстарын қазақ халқы да сезуге тура келді. Қазақстандық ғылымда осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлінген. С.З. Зиманов өзінің «Политический строй Казахстана в конце XVIII и первой половине XIX века» тақырыптағы еңбегінде Қазақстанды отарға айналдыруға бағытталған патшалық саясат ашты, ал К.А.Жиреншин «Политическое развитие Казахстана в XIX- начале XX веков» атты кітабында ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстанда жүргізілген саяси әкімшілік реформаларды зерттеді және бұл реформалар қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси және құқықтық өміріне үлкен өзгерістер әкелгенін жазды. М.А.Құл-Мұхамедтің пікірінше, Қазақстанда 1860 жылдардың соңында негізінен заңнаманың сапалы жаңа саласы – империялық құқықтың құрамдас бөлігі болатын ресей отарлық заңнамасы қалыптасты /26, 8-9б./. Қазақтар... патшалық күшпен таңған жергілікті өзін өзі басқару жүйесін қабылдады... Қазақ қоғамында кейбір квазисаяси түсініктер қалыптасты, мысалы, «жергілікті өзін өзі басқару», сайлау, «партиялар». Патшалық держава қазақ халқына «ең төменгі сатыдағы саяси өмірді» «сыйлады» /27, 3б./.
Неғұрлым соңғы трансплантацияның мысалы ретінде Т.Рысқұловтың Моңғолияның алғашқы Конституциясын қабылдау кезіндегі қызметін айтуға болады. Сонда 1924 жылы қазанда Коммунистік Интернационал (Коминтерн) Т.Рысқұловты Моңғолияға «Моңғол Халық Партиясының белсенділеріне дамудың капиталистік сатысынан өтпеген халықтармен жұмыс істеудің лениндік партия тәжірибесін беру үшін» жіберілді. Коминтерн уәкілінің белсенді қызметінің нәтижесінде Конституция қабылданды және ол өзінің құрылымы бойынша мемлекеттің кеңестік типіне жақын ережелерді қамтыды.
Бұл шетелдік құқықтық топыраққа жеке заңды ғана (тіпті Негізгі Заң элементтерін) емес, бүкіл құқықтық жүйені трансплантациялауға болатынын куәландырады Мәселе бұл жергілікті заңнамамен бәсекелесе ала ма, халықтың құқықтық санасы мұны қабылдай ала ма, өзгерістерге ұшырай ма, бұл елге сіңіп кете ала ма және тағы басқада. Тарих тәжірибесі қоғам трансплантация процестері бастаған сыртқы әсер ету мен күрделі ішкі процестер нәтижесінде өте үлкен өзгерістерге ұшырай алатынын көрсетті. Мысалға XVIII ғасырдан бастап XX ғасырға дейін Ресейдің әсерімен классикалық әскери демократиядан өзіндік ұллтық ерекшелігі бар, романо-германдық (континенталдық) құқықтық жүйелі мемлекетке трансформацияланған Қазақстанды алуға болады.
III. Гармонизация (үйлестіру) (греч. harmonia – бір нәрселердің келісімділігі, үйлесімділігі). Халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасы тұрғысынан гармонизация – халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларының негізінде ұлттық құқықтық жүйелердің ауқымды, нақтыланбаған, келісілген дамуы. Әлемдік масштабта гармонизация процесінің танылған орталығы, заңды басқарушысы Біріккен Ұлттар Ұйымы болып табылады. Біздің ойымызша, халықаралық саяси, халықаралық экономикалық және құқықтық процестерді тиімді үйлестіре алатын бірден бір халықаралық орган.
Мемлекеттер құқық нормаларын, ұлттық құқықтық жүйелерді әлемдік және аумақтық деңгейде үйлестіруге саналы түрде барады. Мысалы, 2001 жылы 16 қарашада Қазақстан Республикасы 1971 жылы 24 наурызда қабылданған Халықаралық патенттік саралау туралы Страсбург Келісіміне қосылды.Бұл құжатта келісуші тараптар «патенттерді, авторлық куәліктерді, пайдалы үлгілерді және пайдалылық туралы куәліктерді саралаудың біртұтас жүйесін барлығының қабылдауы ортақ мүдделерге сай, өнеркәсіптік меншік саласында неғұрлым терең халықаралық ынтымақтастығын орнатуға көмектеседі, сонымен қатар, осы саладағы ұлттық заңнаманың үйлестірілуіне көмектеседі» деп санайды делінген.
В.Б.Саймонстың пікірінше, гармонизациялауға хабарламалар, рекомендациялар, қағидалар, үлгілер, шарттар, конвенциялар көмектеседі. Олардың мазмұны дискуссиялар үшін, болашақта мүмкін болатын жетілдірулер үшін немесе тікелей әрекеттер үшін маңызды мәнге ие. Оларды ерікті не міндетті түрде жүзеге асырылады/28/.
1999 жылы 26 ақпанда Мәскеуде Кедендік Одақ елдері, яғни Беларусь, Қазақстан, Қырғызтан Республикалары, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан 1999 жылы 26 ақпандағы Кедендік Одақ және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы Шарттың қатысушы мемлекеттерінің ұлттық заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерін үйлестірудің Бағдарламасын аймақтық деңгейде қабылдады. Онда үйлестірудің басты мақсатын болып Шарт аясындағы құқықтық қатынастарды реттеудің біріккен тәртібін белгілеу табылады делінген. Бұл жасалған халықаралық шарттардың ережелерін, интеграцияны басқару органдарының шешімдерін ұлттық заңнамаға және басқа да нормативтік құқықтық актілерге заңдық интерпретациялау жолымен жүзеге асатындығы айтылған.
Үйлестірудің негізгі қағидалары болып мыналар табылды:
құқықтық реттеудің Шарт қатысушысы мемлекеттердің заңнамасына ыңғайлы қағидаларға келісілуі;
интеграцияны тереңдету мәселелері бойынша актілерді қабылдауда синхрондылық;
заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілердің заңдық мәнділігі мен иерархиясына сәйкес үйлестіру кезеңдерінің бірізділігі;
халықаралық құқықтың жалпы қағидаларының ұлттық заңнамалық актілерден басымдығы;
2001 жылы 22 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының «1999 жылы 26 ақпанда Мәскеуде жасалған Кедендік Одақ және Біртұтас экономикалық кеңістікті құруды құқықтық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы енді бір мысал бола алады. Бұл Келісімде интеграциялық өзара әрекеттердің құқықтық негіздерін жетілдіру мақсатында ұлттық заңнамаларды үйлестіру (жақындату мен унификациялау) қажеттігі туралы айтылған. 4-бапта «тараптардың мемлекеттік заң шығарушы және атқарушы органдары заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді мыналардың көмегімен үйлестіреді (жақындатады, унификациялайды): а) келісілген заң шығарушылық және нормашығарушылық саясат жүргізеді, соның ішінде:
Достарыңызбен бөлісу: |