Баяндама Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері, елдің сана – сезімінде түбегейлі өзгерістер болды. Бұл өзгерістер Қазақстан мемлекетін дүниежүзілік экономикалық қауымдастыққа толық мүше етумен қатар, еліміздің ішкі рыногында әлемдік деңгейге көтерді. Мұнымен қоса, білім мен ғылым саласының алдында да жаңа талаптар пайда болды. Оның дәлелі – «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы». Бұл тұжырымдама еліміздің білім жүйесінде реформалық өзгерістер жасау қажеттілігінен туындайтын басты бағыт – бағдарды айқындайды.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, асқақ руханият пен заматтықты өркендету, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандыру мен болашаққа аманаттау, ұлттық тектілікті сақтау, ең алдымен мектеппен байланысты. Шәкіртті мектепке алғаш қадам аттағаннан бастап, өзінің ата-анасын, ұзтаздарын құрметтеп-сыйлауға, айнала қоршаған табиғатты, туған өлкесін сақтап-қорғауға, сол арқылы адамгершілік мінез – қасиетті орнықтыруға баулу- мектеп ұйымының міндеті.
Жаңа мың жылдықта ғылым мен техниканың, мәдениеттің шарықтауы, биікке көтеріліп, адамзаттың қол жеткізген табыстары өркениетті қоғамның іргесін бекіте түскені ақиқат. Мұнымен қоса, адам баласының алдағы мақсаты – жер әлемінің амандығын, экологиялық ахуалдың бүтіндігін сақтау болып табылады.
Дүниедегі ең жоғарғы құндылық адам баласы үшін ол – өмір. Адам баласына бір – ақ рет берілетін, екінші қайталанбайтын өмірді біз қалай қабылдауымыз, сезінуіміз қажет. Айналамызға деген қарым-қатынасымыз қандай деген сұрақ туындайды. Ал, бұл сұрақ төңірегінде адамдар есейе келе ойланады. Өзіңнің қандай екеніңді, істеген істерің дұрыс па, өзің қандайсың, қандай болғың келеді… деген толғандырған сұрақтарға жауап іздейміз.
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады… Нәресте анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам – бұлар тән құмары, екіншісі – білсем деген, не көрсе, соған талпынып… көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді – мұның бәрі жан құмары… мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім…» Абай. Адамдарың қорқақ және өжет болуы тек ертегілерде кездеседі. Шындығына келгенде, әрбір адамның бойында қарама-қарсы сезім өмір бойы күресіп жатады. Мысалы, адалдық пен жалғандық, қызғаншақтық пен мейірімділік, жалқаулық пен еңбексүйгіштік, және т.б.
Адам өміріндегі барлық жайттар мінезімен ұштасып жатады. Әр адам өзінің бойында қалыптасқан мінезі арқылы өмірін қалыптастырады. Ал, сол мінез дегеніміздің өзі бөлек бір тақырыпты қозғайды. Бұл – өте күрделі, әліде толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деді: « Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние»
Жақсы мінез өміріңнің сарқылмас бір байлығы,
Жүректерге шуақ төгер мінездерінің жайлылығы.
Жан әлемін байқататын мінез- адам байлығы,
Өмірменен шалқып ағар бойда мінез арнасы.
«Адамның басына қонған бақытының тұрақты болуы жақсы мінез –құлыққа байланысты» деп Әл-Фараби айтқан.
Мінез – адам бойындағы көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешіліктердің қосындысы. Адамды әр қырынан танытатын – қасиет болғандықтан, адам бойында жақсы қасиеттермен бірге жағымсыз мінездерде болады. Кей адамдар: «Менің туғалы мінезім осындай, бұл мінезімді енді өзгерте алмаймын» – деп теріс пікірлер айтып жатады. Ал, шындығына келгенде, мінез өзгермейтін тума қасиет емес.
Мінез – белгілі бір адамға тән мінез-құлықтың өзгерісімен, адамдарға, жұмысқа т.б. деген қарым-қатынасымен сипатталатын жеке адамның қалыптасқан ерекшеліктері.
«Жаман мінез-құлық рухани кесел». Бұл кеселді жою үшін тән кеселін емдеуде қолданылатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуіміз керек. Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез — құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе әдет болады, ал әдеп деп, мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі ұзақ уақыт қайталануын айтамын. Жақсы мінез-құлықтың өзі де әдет арқылы келетін болғандықтан, біз әдеттене келе біздің жақсы мінез-құлқымызды тудыратын және сондай-ақ оңбаған мінез-құлқымызды тудыратын нәрселерді де әңгіме етуіміз керек Әр адам сыртқы дүниенің сансыз тітіркендіргіштеріне өз әлінше түрліше жауап қайтарып отырады. Бұл жауап реакциялары оның сыртқы дүниемен қалайша қатынас жасайтынын көрсетумен қатар, біртіндеп беки келе, сол адамның үйреншікті әдетіне, мінез-құлқының мәнеріне айналады. Сөйтіп, әр адамда әр түрлі мінез бітістерінің болуы оның сыртқы ортамен түрліше қарым-қатынас жасауының нәтижесі болып табылады.
Адамның сыртқы ортамен байланысуы үшін жасайтын осындай қатынастарының жиынтығы оның мінезін құрайды.
Адамның үйреншікті әдеті болып қалыптасқан мінез бітістерінің кейде оның сыртқы ортамен жасайтын негізгі қатынастарына сәйкес келмейтін кездері де болады. Мәселен, біреудің қатал, не тымыр болуының негізінде адамды менсінбеу, тәкаппарсыну сияқты мінез қатынастарының тұрақты жүйесі жатпай, оның темпераментінің жүйке жүйесінің тума қасиеттеріне байланысты қалыптасып кеткен әдеттерінің жатуы ықтимал.
Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешілік. Ол – көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез – жеке адамның өзіне тән қылық-әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктердің жиынтығы. Мінез нақты адамның шыншыл, адал, ақкөңілділігіне орай сипатталмайды, аталған сапалар – әртүрлі жағдайларда көрініс беретін жеке адам қасиеттері. Адам мінезін біле отырып, оның алдағы ықтималды әрекеттері мен қылықтарын күні ілгері барластырумен оларға тиісті реттеулер және түзетулер ендіруге болады. Мінезді адамның қандай әрекетке келетінін жаңылмай, дәл айтуға болады.
Алайда, жеке тұлға ерекшелікке бай келеді, ал солардың бәрі де адам мінезін танытады деу қате. Мінез көрсеткіші – адамның барша жағдайлардағы мәнді сипаты мен тұрақты сақталатын таңдаулы қасиеттері. Егер адам қандайда дау-дамайлы жағдайда дөрекілік көрсетсе, сондай тұрпайылық пен ұстамсыздық осы адамның төл қасиеті деу жөн емес. Жайдары мінезді, көңілді адамның өзі кей жағдайда мұңайып, сылбыр халге түсуі мүмкін. Өмірге келумен бастауын алып, мінез нақты адамның өмір барысында қалыптасады, тұрмыс жағдайларымен айқындалады. Тұрмыс қалпы әр адамның ойлау, сезім, ниет, әрекет сипатын бірлікті анықтап барады. Мұнда адамның бүкіл өмірін жан-жақты қамтыған қоғамдық шарттар мен әлеуметтік жағдайлар маңызды келеді. Дегенмен, мінездің нақты қалыптасуы әртүрлі деңгейде дамыған топтарда (отбасы, достары, сынып, спорт командасы, еңбек ұжымы т.б.) қалыптасады. Осы топтар сипаты мен оларда ардақталатын адамгершілік, қоғамдық құндылықтарға тәуелді мүшелерінің мінез ерекшеліктері орнығады. Мінез бітістері, сонымен бірге тұлғаның отбасындағы абыройы, топтың басқа мүшелермен арақатынасына байланысты тұрақталып не, аса қажет болса, өзгеріске түседі. Жоғары деңгейлі дамыған топ, ұжым мінездің мәнді де ұнамды бітістерінің қалыптасуына оң әсер етеді. Жақсы мінезді адам қалыптастыра отырып, ұжым өз дәреже, деңгейін арттыра түседі.
Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанымен, мұның кез келгені мінездің бітістері болып табылмайды. Мінезді даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі деуге болады. Мінезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленеді. Мінез – кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтығы, күші мен айқындығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары болып есептелінеді.
Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез адамды мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Инабаттылық, гуманизм, адамдарға қамқорлық, жолдастықты қадір тұту, жұртшылық пікірімен санаса білушілік, өз міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық – мінездің осы сапасының негізгі компоненттері .
Рухани дүниесі бай қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. «Адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» (Әл Фараби). Мінез сапаларның бірі – оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай, бірінен екіншісі ешқашан ажырамайтын бітістері. Мінездің тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін міне Қазіргі таңда халқымыздың ұлттық мінезін зерттеу ерекше маңызды болып отырған баршамызға белгілі. Мұның қазіргі этнопсихология ғылымынан алатын орны да айырықша. Еліміз өз егемендігін жариялап, тәуелсіздігін алғаннан кейін, осы мәселе күн тәртібінен ерекше орын алды. Кеңес үкіметі кезінде мұндай мәселелерді көтеруге тыйым салынғаны белгілі.
Ұлттық мінез ұғымы әр түрлі этностар мен халықтардың өзіндік психологиялық ерекшеліктерін көрсету мақсатында қолданылады. Қазақ халқының ұлттық мінездерінің қалыптасуы ХV ғасырдың орта шегінде басталды.
Мәселен, ХV – ХVII ғасырлар халқымыздың ұлт болып қалыптаса бастағаны және өзінің таза ұлттық мінездерін көрсете алған алғашқы кезеңі еді. Бұл кезеңді қазіргі кезде шартты түрде «жылқы мінезді қазақтар» деп атап жүргеніміз шындық. Ал соның шындығына келетін болсақ, бұл халқымыздың өз ұлтына тән «жайсаң мінезін» көрсететін кезеңі.
Ұлттық мінез жайлы жазылған әдебиеттерде бұл туралы әр түрлі көзқарастар бар. Мәселен, проф. Н.Жанділдин ұлттық мінезді сол ұлтқа тән психикалық қасиеттердің жиынтығы деп түсіндіреді. Ал проф, И.Конның «К проблеме национального характера» атты еңбегінде ұлттық мінезді бір үлкен этникалық топты өзгесінен ажырататын, оншама өзгеріске түсе қоймайтын психикалық жиынтық деп көрсеткен. «Ұлттық мінез ұрпақттан-ұрпаққа, атадан балаға тұқым қуалаушылық жолмен беріледі» деп талай ғалымдар пікір таластырған. Қазіргі таңда ұлттық мінез мәселелері Украинада, Тәжікстанда, Ресейдегі татарлар мен саха, бурят халықтарында зерттеуге алынған. Шағын коми сияқты этностың ұлттық мінезі туралы диссертация қорғалып, монографиялар жазылған.
Орыстың ғалымы И.Гетенің сөзімен тікелей айтатын болсақ «Мінез –құлық әркімнің кейпін көрсететін – айна» демекші, қоғамда өзіндік қасиетімен ерекшеленетін әрбір жеке тұлғаның бойында қалыптасқан ерекше мінез-құлқы болады. Ал сол мінез-құлықты, ұлттық мінез бітістерін тәрбиелеу мен қалыптастыруда менің қорғалатын ғылыми жұмысымда қарастарылған. Соған байланысты оқушылардың санасына сөзбен ұғындыру арқылы оқушылардың яғни жеке тұлғаның дүниетанымы мен сенімін, талғамы мен мұратын қалыптастыруға мүмкіндік туады. Ол үшін көркем әдебиет, газет-журнал шығармаларын, радио, кино, телевизор тағы басқаларды ретімен пайдаланып отыру – мінез тәрбиесі үшін таптырмайтын құралдар екені айқын. Сонымен қатар жеке тұлғаның мінез бітісін тәрбиелеуде еңбектің алатын орны ерекше. Себебі еңбек үстінде адам өзіне қажетті материалдық игіліктерді өндірумен бірге өзінің психологиялық қасиеттерін де дамытып отырады. Еңбек арқылы адамның өзіне-өзі қызмет етуіне практикалық және психологиялық жағынан әзір болуы, адамның істегі дербестігі, ынтасы, тапқырлығы қалыптасады. Адам еңбек етпеген жағдайда, моральдық жағынан азғындап бұзылады, пасық істерге барады. Еңбек әрекетінің болмауы жалқаулыққа әкеліп соғады, ондай адамдардың өмір сүруі мақсатсыз болады да, бұдан надандық, топастық, арамдық, зұлымдық сияқты небір жаман қасиеттерге әкеліп соғады.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жарық көрген «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде қазақ ұлтының біріктіруші рөлі, әсіресе, азаматтардың Қазақстандық патриотизмін тәрбиелеу жөнінде жақсы айтылған. Бұл түйіндердің халқымызға үлкен міндет артатыны хақ. Олай болса, біздер мінез-құлқымыздағы, тыныс-тіршілігіміздегі көлеңкелі көріністерді бет-бетіне жібере бермей, ұлт болашағы мен абыройына иненің жасуындай болса да көмек тигізетін саңылау тетіктерді іздестіргеніміз абзал.