«Ер есімі - ел есінде» Жеңіс... Иә, оны сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті емес пе? Олардың сенімі, үміті ақталды, тілектері орындалды. Бірақ сол жеңіс оңайлықпен келген жоқ...
Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп, миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана жарын жоғалтып жесір, бала әкесінен, анасынан айрылып жетім атанды. Фашистердің тұтқын лагерьлерінде қаншама азамат, қаншама ана менен бала айуандықпен өлтірілді. Ал тылда қалған қарттар, аналар мен бесіктен белі шықпаған балалар қайғы-қасіретті арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ, тынбай еңбек етті. Бірақ ешкімнің сағы сынбады, жігері жасымады. Олардың бойында Отаншылдық сезім, қолына қару алып, сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі жеңіс сағатын жақындата түсті.
Біздің республикамызда, облысымызда, ауданымызда одан қалды туған ауылымызда да соғыс оты шарпымаған шаңырақ кемде-кем. Осы қан майданда мерт болған ерліктің рухына, ата-бабаларымызға, бүгінгі арамызда асқар таудай болып жүрген ардагерлерімізге және сол жылдары тылда еңбек еткен апа-әжелеріміздің еңбектеріне басымызды иіп тағзым етеміз. Олардың ерлік-істерін ешкімде, ешқашан да ұмытпайды.
Қазір өз алдымызға мемлекет болсақ та, тәуелсіз ел болсақ та ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекеті болып есептелетін.
Ерлік елден шығады демекші, міне, осындай ерліктің, азаматтықтың үлгісін көрсете білген - Қожабай ата уақыт өткен сайын, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды.
«Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» соғыстан кейінгі жылдардағы Жазықов Қожабай атамыздың барлық өмірі, еңбек жолы, азаматтық - адамгершілік келбеті, мінез-құлқы, көз көрген жерлестерінің есінде мәңгі қалды.
Қожабай Жазықов атамыз - 1920 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Қызылшоқы деген жерде шаруа отбасында дүниеге келген. 1940 жылы мұғалімдік қызметті атқарды.
1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылады. 337- полктің пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып Воронеж, Украин майдандарында соғысқа қатысады.
Қожабай атаның 1943-1944 жылдары майдандағы ерліктері ескеріліп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, екінші рет «Қызыл Ту» ордендерімен наградталған. Тылда көрсеткен жауынгерлік қызметі үшін Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызы мен Ленин ордені беріледі.
Елге жеңіспен оралғаннан кейін, майдангер ата оқи алмаған білімін әрі қарай жалғастырады. Кейіннен туған өңірінде аудандық, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Байғанин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарып, елге мүлтіксіз қызметтерін атқарады. Еңбегі еленіп,
1975 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 1976 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталады. Туған жерінде, Ақтөбе қаласында батыр атаға арнап көшелер берілді.
Көзі тірісінде Қожабай ата жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Ол – жастардың сүйікті ұстазы, ақылшысы, қажетті жерлерде олардың көмекшісі, сүйеніші бола білген жан. Жастардың өмірден өздеріне лайықты орындарын тауып қалыптасуына, отбасылық жағдайларына көмектесу, тіпті қызметке орналасу сияқты жайларына да әр кезде ағалық ақылын, қолдан келген көмегін аямай беріп отырған. «Туған жерін сүю баланың азаматтық парызы» деп келген Қожабай ата халқының, елінің алдында азаматтық парызын өтеп кеткен азамат.
Сөзімді қорытындылай келе, Қожабай атаның өмір жолына үңіле отырып, ойыма түйгенім: бүкіл өмірін еңбек етуге сарп еткен атаның «елін сүйген ер осындай болар» деген сөздің бекер айтылмағанын білдім.
Қазіргі өсіп келе жас ұрпақ – Қожабай атаның бойынан халқына, еліне адал еңбек еткен, азаматтық парызын мейлінше өтеген азамат ты таныды.
Болашақта өз ісіне сенетін, кедергілерден қорықпайтын, туған жерін сүйетін патриот ұрпақ өсе берсін деп тілегімді білдіремін.