1-дәріс. Ақпараттық технологиялар қоғамның негізгі көрінісі – адамзат өмірінің барлық дерлік саласын компьютерлендірумен сипатталынады. Алғашқы кезеңде есептегіш техника (ЭЕМ, компьютер) ғылыми зерттеулерде, инженерлік-техникалық, қаржы-экономикалық және тағы басқа салаларда кездесетін математикалық есептеулерді орындау үшін қолданылды. Кейінгі жылдары есептегіш техниканы және онымен байланыстыруға болатын құралдарды пайдаланудың ауқымы кеңейді. Осыған байланысты есептегіш техникаға қажетті программалық жабдық екі бағытта дамыды:
- есептеулерді орындау;
- ақпаратты жинақтау мен өңдеу.
Бірінші бағыт ғылыми, инженерлік-техникалық, қаржы-экономикалық және басқа есептерде кездесетін математикалық есептеулердің үлкен көлемін орындауға байланысты. Ол үшін әртүрлі программалар мен программалық кешендерді құрастыруға мүмкіндік беретін инструменттер әрі жиі кездесетін практикалық есептерді шешудің дайын программалық жабдықтары бар.
Осы екі бағыттың екіншісінің даму қарқыны өте жоғары, пайдалану облысы күн сайын барынша кеңеюде. Пайдалану облыстарының ішінде компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды (IT) пайдаланудың ең маңызды саласының бірі – басқару ісі. Басқару объектілері ретінде механизмдер мен өндірістік процестер, мекемелер мен кәсіпорындар және т.б. қарастырылады. Әсіресе, нарықтық экономикада жиі кездесетін белгісіздік пен тәуекелділік жағдайында дұрыс басқару шешімін қабылдау үшін басқарылатын объектінің жұмысына әсерін тигізетін сыртқы және ішкі жағдайлар мен факторлар туралы дәл әрі жедел ақпарат қажет болады.
Осыған байланысты мекемелер мен кәсіпорындарда ақпараттық жүйелердің болуы қажет. Ақпараттық жүйелер пайдалану облысына байланысты әртүрлі және олар математикалық есептеулерді орындауға арналған стандартты қолданбалы программалар мен жүйелерден өзгеше болады. Ақпараттық жүйелер белгілі бір мақсатқа жетуге қажетті ақпаратты жинауға, сақтауға және өңдеуге арналған.
Осы айтылғандардан мынадай тұжырымдар жасауға болады:
- ақпараттық жүйелердің негізі ретінде ақпарат сақтау ортасы мен деректерді алу құралдары болуы тиіс; ақпарат сақтау ортасы қажетті деректер мен мәліметтерді олардың типтері мен түрлеріне байланысты белгілі бір тәртіппен орналастырылатын жад болады; оны деректер базасы (ДБ) деп атайды;
- деректерді ДБ-нан алу құралдары пайдаланушы үшін ыңғайлы жағдай (интерфейс) жасайтын болуы тиіс.
Нарықтық бәсекелестік жағдайда, әсіресе дүниежүзілік экономиканың қиын кезеңдерінде басқару әдістемелерінің дамуы, менеджменттің жаңа әдістерін іздеу мен тиімді шешім қабылдауға қажетті информация алу мен өңдеудің жаңа құралдарын пайдалану кез келген мекеме басшысы үшін аса маңызды. Ақпараттық жүйелердің кәсіпорындарды басқарудағы өзектілігі қазіргі кезде ешқандай күмән туғызбайды. Бірақ көпшілік мекеме басшылары мен мамандарының ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге қажетті білімдері жеткіліксіз екені белгілі. Сондықтан ақпараттық жүйелерді құрастыру кезінде осы факторды ескеру қажет.
Екіншіден, компьютерлік жүйелердің жылдам дамуы, информация берілісінің құралдары мен есептеу техникасының әртүрлі өндірістік және байланыс жабдықтарымен бірге пайдалану мүмкіншіліктері ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін арттырып, олардың қызметтерінің ауқымын кеңейтті. Ақпараттық жүйелердің аппараттық бөлімінің (hardware) дамуы оның программалық жабдығының дамуына себепші болды, ал, керісінше, жаңа программалық өнімдер (software) қуаты жоғары әрі шешу мүмкіншіліктері кең компьютерлік техниканың қажеттілігін туғызды, олардың қуатын арттыруға компьютер жасаушы компанияларды ынталандырды.