Ыбырай алтынсарин мен алаш зиялыларының АҒартушылық идеяларының сабақтастығЫ



Дата08.02.2022
өлшемі25,98 Kb.
#124518
түріСабақ
Байланысты:
Ы. Алтынсарин мақала


ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МЕН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ
РАШЕВА Г.У.
ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ АТЫНДАҒЫ №123 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ
Қазақ халқының рухани мәдениетінің даму тарихында XIX ғасырдың екінші жартысы өзгерістерге толы болды.Соған байланысты дәл осы кезде Қазақстанда ағартушылық мәдениеті пайда болып, дамиды.Адам ойының және ғылымның даму жолында дін тұрған жерде ағартушылық дүниетаным пайда болады.Бұл қазақ ойларының тарихындағы өте ғажайып феномен болды.
Әр халықтың өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылғаны белгілі.Бірақ олардың ойларына сол бір кезеңде қалыптасқан дүниетаным мен жалпы өркениеттік өзгерістер әсер тигізді. ХІХ ғасырда Қазақстанда қалыптасқан, адамдар санасын өзгерту, халықтың басым көпшілігінің әлемдік өркениет үлгісімен рухани жаңару процесінің күрделі сипатын ашып көрсетуде ағартушылықтың маңызы зор.
Жаңа дәуірде қалыптасқан ағартушылық идеясы қоғамдағы өзгерістермен ұштасып, саясат пен тұрмысты өзгертуге болады деген идеяны ұстанып, қоғам өміріне көп өзгерістерді енгізуге ықпал етті. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан өзгерістер бірден қалыптасқан жоқ.Сондықтан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның келер ғасырдағы басты даму бағдарын белгілеп, берген стратегиялық жоспарларында халықтың рухани жаңаруына ерекше көңіл аударады. Оның айтуынша: «Адамның ой-санасын бір сəтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді. Бірақ мемлекет өзгерістер процесін объективті тенденцияларды түсіндіру, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу жолымен жəне де, ең бастысы, өзіндік молшылыққа бағытталған əлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге қабілетті. Адамдардың жаңа дүниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады» [1]. Сол жылдардың өту барысында қазақ қоғамының өмірінде ағартушылық көзқарастардың ерекшелігі мен маңыздылығы өте жоғары болды.Сондықтан Қазақстандағы ағартушылық идеологияны зерттеуде жалпы ағартушылық құбылысқа тəн белгілермен қатар, оны тудырған мəдени-əлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажет.
Ағартушылық идеологияның басты ерекшелігі — оның азаттыққа, бостандық пен теңдікке ұмтылыс ниетіндегі кеңес өкіметіне дейін жəне сол өкімет тұсында өз мəнін жоймаған негізгі идеялық бағыт ретінде сақталуында (М.Дулатов «Оян, қазақ!», М.Жұмабаев «Тəңір», «Мен кім», «Тез барам» т.б., А.Байтұрсынов «Қазақ өкпесі», «Тəні саудың жаны сау», «Қазақша оқу жайынан», Ə. Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Шоқаев, Ж.Аймауытов т.б.). Патша өкіметі мен сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын басынан өткізіп, əділет пен шындық жолында халқының мұң- мұқтажын жоқтаған қазақ зиялыларының халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға шақырған еңбектері халық бостандығы мен теңдігі жолындағы күреспен тығыз байланысты болды.
Қазақ ағартушыларына қоғамдық прогресс жолындағы күресті француз немесе орыс ағартушылары сияқты феодализмнің немесе крепостнойлық тəртіптің ыдырауы жағдайында емес, үзілмей жалғасып келе жатқан дəстүрлі қауымдық қатынас үстемдігі кезеңінде жүргізуге тура келді
Ағартушылық идеясы Жаңа дəуірде Еуропада пайда болғаны белгілі. Онда рационалистік парадигма үстемдік етті, адамзат ғылым мен білім ұстанымы бірінші қатарға қойылды. Осындай жалпыға бірдей тəртіптен Қазақстан да тыс қалмады. Бірақ,Еуропа жəне Ресеймен салыстырғанда ағартушылық идеясының себептері мен қызметтері бізде басқаша болды. Қазақстанда ХІХ ғ. қазақ мəдениетінде де, саяси-экономикалық өмірінде де көптеген тенденциялар орныға басталғаны бəрімізге белгілі. Бұл үрдістің, əсіресе, халық ағарту саласындағы өсуі айқын сезілді. Ал оның түпкі тамырын да, тарихын да ұлы ойшылдар мен жеке тұлғаларсыз көзге елестету мүмкін емес. [2].
Еліміздегі алғашқы ағартушылық ойлардың ерекшеліктерін, саяси мазмұнын бағалау үшін, əр бір ойшылдардың көзқарастарына тоқталу қажеттілік туындатып отыр. Бұл жолда қазақтың ірі əдебиетші-ғалымы, қоғам қайраткері, жазушы М. Əуезовтың келесі пікірін ескерсек, қателеспейміз: «Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар — үшеуі үш мұнарадай болған: Шоқан, Ыбырай, Абай» [3].
Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) — қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, жазушысы, қоғам қайраткері. «Қазақ мектептерін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл оқытушы, тарихта өшпестей із қалдырған педагог, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметке қосқан үлесі мен еңбегі зор. Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге ұмтылуға кеңес бергенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дəлелдеуге ұмтылады» — деген пікірмен келісе отырып, оның өмірі мен шығармашылығы Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі кезеңмен байланысты болғанын атап өтуге болады[2].
. Ол орыс интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерімен жақын араласады. Революциялық- демократиялық əдебиетпен танысуы да оның білім деңгейін көтере түсті. Нəтижесінде оның қызметінің прогрессивтік бағыты айқындала түсті.Ол Ш.Уəлиханов сияқты өз өлкесінің өмірі басқа ағысқа түскенін алғашқылардың бірі болып аңғарды. Ойшыл ендігі жерде ескі, дəстүрлі нормалар жаңа шаруашылық, құқықтық қатынастарда жарамсыз болып қалғанын аңғарады. Ағартушы дəстүрлі патриархалдық-феодалдық қарым- қатынастардың өмірдің жаңа талаптарына сəйкес келмейтінін жəне ескі тəртіпті ауыстыру мен адамдар арасында жаңа қарым-қатынастар қалыптастыру қажет екенін түсінді. Ол халықтың қамын ойлау қазақ зиялыларының адамгершілік парызы деп білді. Осыған байланысты ол былай деп жазады: «Біздің үлесімізге бəрін əлі құру, енгізу қажеттігі бар ең ауыр да жауапты ауыртпалық тиіп отыр ... Қараңғы ортаға жаңалық енгізу, шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше жарық сəуле түсіру» [2].
Ы.Алтынсариннің ағартушылық дүниетанымында халықты ағартуда, біріншіден, надандықпен күресу қажет деген ой басым. Ол үшін қазақ даласында діни емес мектептерді ашу қажет деп біледі ойшыл. «Мектептер, — деп жазады ол, — қазақтарға білім берудің негізгі орталығы, оларда қазақ халқының болашағына деген үміт жатыр». Оның ойынша, одан əрі қарай мектеп ісін дұрыс жолға қою қажет. Мектептер жаңа жақсы өмірге күресе алатын жаңа азаматтарды қалыптастыруға назар аударуы тиіс. Ағартушы Алтынсарин білім берудің түпкілікті мақсаты ретінде өлкенің рухани дамуы ғана емес, экономикалық дамуын көрді. Мысалға ол бұл қажеттіліктерді орыс-қазақ мектептерінің оқу бағдарламаларын құрастырғанда ескеріп отырған. Жалпы білім беру пəндерін оқытумен қатар, оқушыларға қолданбалы тəжірибелік білім беру керек екенін айтқан. Ол қазақ балаларының орта жəне жоғарғы техникалық жəне ауылшаруашылық оқу орындарында оқығанын қалаған.
Ағартушылық жолында Ы.Алтынсариннің еңбектері ерекше орын алады. 1879 жылы шыққан атақты «Қазақ хрестоматиясы» оқушыларға оқу құралы ғана емес, халықтың оқуына арналған кітапқа айналды. Ол бойынша бірнеше ұрпақ тəрбиеленіп өсті. Ойшылдың ойынша, ғылымнан нəр алған жастар бүкіл халыққа ықпал ете алады. Сондықтан да хрестоматияның бірінші бетінен-ақ жастарды білім алуға шақырады. Ғылыммен айналысқан жəне оның құндылықтарын игере алған адамдарды қалай құрметтесең де лайықты деп санаған.Ағартушы жастардың патриоттық сезіміне де ықпал етуге тырысқан. Халық ғылыми жəне техникалық тұрғыда артта қалып қойды, сондықтан да оны жою үшін білімді игеру қажет деп түсінген [2].
Жалпы алғанда, жоғарыда қарастырылған ағартушылық ойларының негізінде ойшылдың өмір тəжірибесінен нəр алған терең саяси идеялары байқалады. Отандық ғалымдардың дəлелдеуінше, Ыбырайдың дүниетанымының қалыптасуына туған ел, халық ауыз əдебиеті, прогрессивті орыс əдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз əсерін тигізді. Ш. Уəлиханов секілді, Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді жəне Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты [4; 105]. Ол өз халқының жарқын болашағына кəміл сенген еді.Ұлы ағартушы – демократ қоғамдық өмірдегі алға дамуды көре білді.
XX ғасырдың басыңдағы Алаш арыстарының саяси және ағарту жолындағы қызметтері туралы көптеген құжаттар Омбы, Орынбор мұрағаттарында сақталған. Сол кездегі тарих Алаш зиялылары есімімен байланысты. Алаш зиялыларын репрессияға ұшыратып, жасаған әрекеттерін бәрін халыққа жеткізбей жасырған.Алаш зиялыларының негізгі мәселесінің бірі – білім беру болды. Алаш партиясы ұсынған бағдарлама 10 тараудан тұрды, оның тоғызыншы тарауында: әр адамға оқуға, білім алуға рұқсат берілсін, кіші дәрежелі мектепті аяқтаған соң жоғары дәрежелі мектептерге оқуға түсуге әзірлейтін әр түрлі мектептер ашылсын, университеттердің және басқа да оқу орындарына өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берілсін; гимназия, реалды училище секілді орта дәрежелі мектептер көбейтілсін делінген. Қазақ балаларына басқа тілдермен бірге міндетті түрде қазақ тілі де оқытылсын, кіші дәрежелі мектептерде оқу тегін болсын. Қазақ балаларына сабақ ана тілінде жүрсін; қазақтар ішінде мұғалімдер мектебі көп болсын. Білім беру саласында қазақ тілінде оқыту мәселелері кеңінен қарастырылған. [5].
«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы Ш.Уәлихановтың,Ы.Алтынсариннің,А.Құнанбаевтың ағартушылық қызметі дәстүрлерін қайта жаңғыртты.А.Байтұсынов,Ә.Бөкейханов,М.Дулатов және басқалар қоғам өмірін халық арасында білім тарату жолымен қайта құруға ұмтылды.Дүниежүзілік өркениетке ғылым мен оқу-ағарту арқылы ғана тарту мүмкүн екенін түсіне отырып, «Қазақ» газеті оларды насихаттауға көп көңіл бөлді.Тіл мен әдебиетті дамытуға баса назар аударылды [6]. Ыбырай Алтынсарин мен Алаш зиялыларының ағартушылық идеяларының сабақтастығы, қазақ халқының болашақта сауатты,білімді қоғамын қалыптастыруға қызмет етті.Бұл ағартушылардың еңбектері еш кетпеді,бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан Республикасында іске асуда.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Назарбаев Н.Ə. Тəуелсіздік белестері. — Алматы: Атамұра, 2003. — 18-б.

  2. https://articlekz.com/kk/article/15466

  3. Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Зерттеулер, мақалалар / Жауапты шығ. Л.Əуезова, Т.Əкімов. —Алматы: Жазушы, 1985. — 19-т. — 242-б.

  4. Ғабитов Т. Қазақ философиясы. — Алматы: Раритет, 2010. — 280 б.

  5. https://bilimainasy.kz Қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі.

  6. Пірманов Ә., ҚапаеваА.Қазақ интеллигенциясы.Монография. – Алматы: «Атамұра»,1997. – 160б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет