Қылқобыздың қос қыраны Қылқобыздың шығу тарихын сонау атам заманнан белгілі бақсы балгерлерді жебеп жасқаушы түркілердің бабасы тұңғыш қобызшы Қорқыт ата есімімен байланыстырып аңыз етіп айтады. Халық арасына кең тараған аңызда былай дейді: « – Қорқыт 20 жасқа толғанда түс көреді. Түсіне кірген адамдар оған 40 жасқа келіп қыршыныңнан қиыласың – депті-мыс». Бұдан кейін Қорқыт өлмеудің қамын ойлап өзінің Желмаясына мініп жер шарлап ел аралап өлімнен қашып жолға шығады. Бірақ Қорқыт қайда барса да кебін киіп өзіне көр қазып жатқан ақ киімді адамдарға тап болады. Міне содан кейін ол қайда барсаңда «Қорқыттың көрі» екен-ғой деп жер ортасы Сырдарияға қайтып оралады да желмаясын құрбандыққа шалып шанағының жоғарғы жақ үстін Желмаяның терісімен қаптап қобыз жасап Дарияның үстіне кілем жайып қайық етіп отырып алып қыл қобызын ойнап аңыратып «өмір күйін» тарта береді. Қорқыт қобыз күйін тарта берсем ажал келмейді, өлмеймін, өлімді қобыз күйінің күшімен арбаймын, ажал маған жақындай алмайды деп сенеді. Күндердің күні болғанда әбден шаршап қалжыраған Қорқыт қалғып кетеді де, ажал оған Қайрақ-жылан бейнесіне кіріп келіп шағып өлтіреді. Бұл аңыз-әңгіме бізге «Қорқыт» күйінің мазмұны арқылы жеткен тарихи шежіре. Аңыз - құдіретті музыка күшімен күңіренген қасиетті қобыз үнімен өлімді де жеңе білген дегенді білдіреді.
Қобыз – таңқаларлық пішінді және ғажайып сазды, бай тембрлі аспап. Біреулер оны құс даусына ұқсатады: « – Оның даусы аспаптың шегін аттың жалынан керілген қылдан тартылған еспе ысқышпен үйкелегенде аққудың үніне ұқсас дауыс шығады» – дейді (П.Паллас). Енді біреулер қобыз үнін адам даусына ұқсатады (Б.Сарыбаев) ащы, зарлы, өксікті үн шығарады деген де пікір айтады (И.Гмелин).
Қобыз екі шекті 40-қа тарта аттың ұзын қылы керілген ысқышы бар аспап. Қылқобыз аталуы да осыдан болар. Қобыз үнінің төмендеп қайта жоғарылап дыбыс шығаруы – шектеріне саусақтың ұшын ғана тигізіп, сәл ғана басып шертіп, керілген қылды ысқышпен үйкеп ысқылап тарту арқылы ысқышты аспапқа «іліп қойғандай» етіп көлденең ұстап ысқылап сүйкеп-сүйкеп көсеп-көсеп жібергенде флажолетті обертонды қою-қошқыл сазды мұңлы болып шығады.
Қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы тар, қиын-қыстау болды. Бұл аспап халқымыздың тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық музыкалық өнерімізді күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші ұлттық мұрамыз бола тұра, ол өзіне деген кертартпа ескілікті көзқарастан арылмай ақталмай-ақ қойды. Әу бастан-ақ қобыз бақсының, бақсылық жасаудың құралы деген пікір қалыптасқан болатын. Сондай бір түсінбеушіліктің кесірінен қобыз жаңа заман көшіне ілесе алмай ескіліктің қалдығы саналып жоғалып, жойылып кетудің алдында қалды дейді А.Затаевич. Осының салдарынан ХХ ғасырдың басында қобыз аспабына арналып шығармалар жазылмай сиреп ұмытыла бастады. «Әкеден балаға мұра» болып келе жатқан қасиетті өнеріміз, ұлттық салт-санамыз, отбасылық қобызшылық дәстүріміз үзіліп қалды.
Классикалық қобыз музыкасының аты аңызға айналған ең соңғы хас шебері 19 ғасырдың ортасында дүниеге келген Ықылас Дүкенұлы. Дегенмен жоғалып жойылып құрып кетуге жақын қалған қобыз ойнау өнерін өмірге қайта оралтып «шаң басқан уақыт» пернесін ашуға жасалған шаралармен ізденістер, талпыныстар болмай қалмады. Осындай істің басында бірегей ірі қобызшылар зор тұлғалы музыканттарымыз Жаппас Қаламбаевпен (1909-1970) Дәулет Мықтыбаев (1904-1976) тұрды. Біздер осы екі өнер саңлақтарына шексіз қарыздармыз. Шын мәнінде осы екеуінің арқасында музыкалық қобыз аспабының барлық құпиясымен қасиетінің қыры мен сыры сақталып өткеніміздің баға жетпес асыл мұрасын шашау шығармай жоғалтпай бізге жеткізіп жаздырып қалдырып кеткеніне шүкір дейміз. Қобызда ойнап ең алғаш рет концерттік эстрадаға шыққан, 1968 жылы Алматы консерваториясында ашылған қылқобыз класына бірінші сабақ берген де осы екі тарлан.
Жаппас Қаламбаев 1909 жылы Шымкент облысының Созақ ауданының «Талап» колхозында дүниеге келеді. Қобызда ойнауды ол өз бетімен бала жасында-ақ үйренеді. Ықластың күйлерін Жаппас оның мұрагері атақты күйші домбырашы Сүгірден үйреніп тәлім алады. Классикалық қобыз күйлерінің домбыралық үлгісін қайта қыл қобызға лайықтап ойнаған да осы Жаппас. Жаппас Қаламбаев 1934 жылы өткен Республикалық халық аспаптарында орындаушылардың І–слетіне қатынасты. Содан бастап ол Құрманғазы оркестрін ұйымдастырушылардың бірі болып, оның басы-қасында жүрді. 1934 жылдан 1967 жылға дейін осы оркестрдің солисі, әрі альт-қобыз тобының жетекші концертмейстері болып істеді. А.Жұбановтың айтуынша: «Құрманғазы оркестрінде ойнап жүрген (50-60 ж. кезіндегі) барлық қобызшылар алғашқы сабақты осы Ж.Қаламбаевтан алған». Ж.Қаламбаевтың шәкірттерінің ішінде Қазақ ССР-ң халық әртістері Г.Баязитованы, Ф.Балғаеваны, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Б.Сарыбаевтардың есімдерін ерекше атауға болады. Алматы консерваториясында қылқобыз класы ашылғаннан соң 1968-1970 жылдары Ж.Қаламбаев осында ұстаздық етіп концерттік-әртістік қызметтерімен бірге атқарып жүрді. Ж.Қаламбаев музыкалық фольклор нұсқаларын жинап зерттеп халық музыкасының ең бір озық сирек кездесетін шығармаларын жазып алып таратып оны жіктеп шешіп шәкірттеріне үйретті. Өзі де күйлер шығарып романстар жазды. Ж.Қаламбаев Қазақстан композиторлары Одағының мүшелігіне 1939 жылы алғашқылардың бірі болып қабылданды. Республика Үкіметі оның еңбегін жоғары бағалап 1944 жылы Қазақ ССР-не еңбегі сіңген өнер қайраткері деген атақ берді. Ол Үкіметтің жоғарғы наградтарына ұсынылды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталды.
Ал Дәулет Мықтыбаев аты аңызға айналған атақты күйші Ықластың ұрпағы. Ол 1904 жылы Қорғалжын ауданы Ақмола облысында дүниеге келеді. Қылқобыз ойнауды Ықластың шәкірті Әбікен Тоқтамысұлынан, ал ең бір таңдаулы дейтін шебер де қиын қобыз күйлерін ағасы- Ықластың ұлы Түсіпбектен үйренеді. Дәулет Мықтыбаев өзінің еңбек жолын 1933 жылы Қарағанды облыстық радиосында жұмыс жасап бастады. Ол 1934 жылы Республикалық халық аспаптарында орындаушылардың І-байқауына қатысып алғаш рет көпшілік алдына сахнаға шықты. Оның концерттік қызметі 1937 жылдан Қарағанды облыстық филармониясында солист болып жүрген кезден басталды. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қан майданда басынан аяғына дейін айқасты. Соғыстан оралған соң оның еңбек жолы Алматымен тығыз байланыста болды. Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында, Қазақконцертте 1945-1965 жылдары қобызшы-солист болып істеді. Ж.Қаламбаевтан кейін 1970-1976 жылдар арасында Алматы консерваториясында қылқобыз класын жүргізді. Оның шәкірттері Ықыластың орындаушылық дәстүрін шебер жалғастырушы ізбасарлары қатарында: Қазақ ССР-не еңбегі сіңген әртіс К.Әжмұратов, Консерваторияның қобыз бен баян кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Қосбасаров, К.Байсейітова атындағы саз мектебінің ұстазы А.Жұмабековтар бар. Д.Мықтыбаевтың қобызға арнап шығарған өз күйлері және халық музыкасын қобызға ыңғайлап өңдеген үлгілері бар.
Бүгінгі таңдағы қобызшылар үшін ең үлкен қиындықтың бірі репертуардың жұтаңдығы. Қобыз аспабының қиын-қыстау тағдырына бұл өз таңбасын, өз белгісін қалдырды. Соның кесірінен көптеген қобыз күйлері жойылып жоғалып та кетті. Олар жөнінде бізге тек аңыз-әңгіме сырлар ғана жетті. Қобыз өнерінің өзіндік ерекшелігі дәстүрі бар . Күй тартылар алдында немесе соңында күйдің мазмұны, шығуы, кімге арналғаны, қандай жағдайда туғаны жөнінде айтылатын аңыз-әңгімелері болады. Олар «күй мен аңыз», «күй аңызымен», «аңыздағы күй», «күй-аңыз» (Ә.Мұхамбетованың айтуы бойынша) «Ақсақ құлан», «Қорқыт күйі» дегендей. Қылқобыз күйлерінің репертуарын көбейтіп молайтуға Д.Мықтыбаев пен Ж.Қаламбаевтың қосқан үлестері ерекше. Екеуі ең алғашқылар болып қазақтың халық әндерімен домбыра күйлерін қобызға лайықтап тарту арқылы орындаушылардың репертуарын айтарлықтай толықтыра түсті.