Іс-әрекеттің қылмыстылығын жоятын мән-жайлар 32-бап. Қажеттi қорғаныс 1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады.
Барлық адамдардың өздерінің кәсiптік немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет бабына қарамастан, олардың тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Қоғамға қауiптi қолсұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғаныс жағдайында, яғни қорғанушының немесе өзге де адамдардың жеке басын, тұрғынжайын, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау кезiнде қолсұғушы адамға зиян келтiру, егер бұл ретте қажеттi қорғаныс шегінен шығуға жол берілмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
3. Нәтижесiнде қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Адамның өміріне қол сұғушы адамға не қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлық-зомбылықпен не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатерімен, не тұрғын үйге, үй-жайға басып кірумен ұштасқан өзге де қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмаса, қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.