Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің 2017 жылдың 1-тоқсанында білім беру ұйымдарында жүргізген мемлекеттік бақылау шараларының қорытындылары



Дата24.04.2017
өлшемі133,03 Kb.
#14532
Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің 2017 жылдың 1-тоқсанында білім беру ұйымдарында жүргізген мемлекеттік бақылау шараларының қорытындылары
Тараз қаласы 17 сәуір 2017 жыл

Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаменті (бұдан әрі - Департамент) 2017 жылдың 1 тоқсанында (қаңтар-наурыз) 75 білім беру ұйымында мемлекеттік бақылау шаралары жүргізілген. Оның ішінде 31-і мемлекеттік аттестаттау, 34-і мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау мақсатындағы жоспардан тыс тексерулер, 10-ы жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді қарау мақсатындағы жоспардан тыс тексерулер.



І. Осы мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы №1270 қаулысымен бекітілген «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесіне» сәйкес (бұдан әрі - Ереже) 31 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізілген. Оның 9-ы (29%) балабақшалар, 22-і (71%) орта мектептер.

Нәтижелері бойынша мемлекеттік аттестаттау жүргізілген 31 білім беру ұйымының 14-і аттестатталмаған, бұл жалпы санының 45,2%-ын құрайды (2 балабақша, 12 мектеп). Оның ішінде балабақшалардың 22,2%-ы, орта мектептердің 54,5%-ы аттестаттаудан өтпеген.

Олар, Байзақ ауданындағы Еңбек және Тегістік бастауыш мектептері, Жуалы ауданындағы С.Мұқанов; Сарысу ауданындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектептері; Мойынқұм ауданындағы Ленин; Талас ауданындағы Б.Әлменұлы, С.Сейфуллин; Қордай ауданындағы №17 Сортөбе және №48 Сортөбе; Т.Рысқұлов ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептер; Тараз қаласындағы №17 Ғ.Мұратбаев, №44 Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептері; Шу ауданындағы «Ақбөпе» және Тараз қаласындағы №8 арнайы логопедтік балабақшалары.

Байзақ ауданындағы мемлекеттік аттестаттау жүргізілген 5 білім беру ұйымының 2-і (40%), Жуалы ауданындағы 4 білім беру ұйымының 1-і (25%), Сарысу ауданындағы 2 білім беру ұйымының 1-і (50%), Қордай ауданындағы 3 білім беру ұйымының 2-і (66,7%), Шу ауданындағы 3 білім беру ұйымының 1-і (33,3%), Тараз қаласындағы 9 білім беру ұйымының 3-і (33,3%) аттестаттаудан өтпеген. Ал, Т.Рысқұлов ауданындағы 1, Мойынқұм ауданындағы 1, Талас ауданындағы 2 білім беру ұйымдарының барлығы аттестатталмаған.



Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген мектептердің бітіруші сынып оқушыларының білімі мен іскерлігін бағалау нәтижелері Ереженің талаптарына сәйкес келмейді.

Мемлекеттік аттестаттау кезіндегі кешенді тестілеу нәтижелері бойынша бірқатар мектептердің 4, 9 және 11 сынып оқушылары шекті деңгейден (50%-дан) төмен нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда:

Мойынқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектебінде бұл көрсеткіш 37,8%-ды құраған. 4 сыныпта тестілеуге қатысқан 16 оқушының 8-і (50%-ы), 9 сыныпта 15 оқушының 11-і (73,3%-ы), 11 сыныпта 6 оқушының 4-і (66,7%-ы) «2» алған. 9 сыныпта алгебра, география, 11 сыныпта физика, биология, Қазақстан тарихы пәндерінен білім сапасы 0%-ды құраған.

Талас ауданындағы Б.Әлменұлы атындағы орта мектебінде 46,1%-ды құраған. 4 сыныпта тестілеуге қатысқан 6 оқушының 3-і (50%), 9 сыныпта 3 оқушының 2-і (66,7%) «2» алған. 4 және 9 сыныптарда тестілеуге қамтылған барлық пәндерден (қазақ тілі, алгебра, география) білім сапасы 0%-ды құраған.

Қордай ауданындағы №17 Сортөбе орта мектебінде 38,1%-ды құраған. 4 сыныпта тестілеуге қатысқан 67 оқушының 46-ы (68,7%-ы), 9 сыныпта 65 оқушының 57-і (87,7%-ы), 11 сыныпта 16 оқушының 13-і (81,3%-ы) «2» алған. Оның ішінде 9 «а» және «в» сынып оқушылары қазақ тілі пәнінен барлығы «2» алса, тестілеуге қамтылған пәндерден (қазақ тілі, алгебра, география, биология, физика) 4 «в», «д», 9 және 11 сыныптарда білім сапасы 0%-ды құраған.

Қордай ауданындағы №48 Сортөбе орта мектебінде 32,1%-ды құраған. 4 сыныпта тестілеуге қатысқан 71 оқушының 63-і (88,7%-ы), 9 сыныпта 43 оқушының 40-ы (93%-ы), 11 сыныпта 20 оқушының 18-і (90%-ы) «2» алған. Оның ішінде 4 «а», «ә» сыныптарының оқушылары қазақ тілі мен математикадан, 9 «б» сыныбында қазақ тілі, алгебра, география пәндерінен барлығы «2» алған. 4, 9 және 11 сыныптарда барлық пәндерден білім сапасы 0%-ды құраған.

Сарысу ауданындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебінде 48%-ды құраған. 9 сыныпта тестілеуге қатысқан 5 оқушының 4-і қазақ тілі пәнінен, 3-і география пәнінен «2» алған. 4 сынып оқушылары математика пәнінен, 9 сынып оқушылары қазақ тілі, алгебра, география пәндерінен 0% білім сапасын көрсеткен.

Байзақ ауданындағы Тегістік бастауыш мектебінде 48,8%-ды ғана құраған. Тестілеуге қатысқан 2 оқушының 1-і «2» алған. Оқушылар 0% білім сапасын көрсеткен.



Бірқатар мектептерде оқушыларының білімі мен іскерлігін бағалау нәтижелері шекті деңгейге жеткенімен жекелеген сыныптардың оқушылары өте төмен нәтижелер көрсеткен.

Т.Рысқұлов ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте оқушылардың кешенді тестілеу нәтижелері бойынша шекті деңгейден өткенімен (56,3%) 9 «а» сыныпта тестілеу тапсырған 11 оқушының барлығы «2» алған. Ал, 4 «б» сыныбында 13 оқушының 12-і (92,3%), 9 «ә» сыныбында 17 оқушының 14 (82,4%) «2» алған.

Жуалы ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектебінде оқушылардың кешенді тестілеу нәтижелері бойынша шекті деңгейден өткенімен (58,8%) 9 «а» сыныбында 22 оқушының 15-і, 9 «ә» 23 оқушының 9-ы, 9 «б» сыныбында 21 оқушының 6-ы «2» алған. Жалпы 9 сыныптарының және 11 «а» сынып оқушыларының білім сапасы 0%-ды құраған.

Жуалы ауданындағы С.Мұқанов атындағы орта мектебінде кешенді тестілеу нәтижелері бойынша оқушылар шекті деңгейден өткен (56%). Бірақ, 4 сыныпта тестілеуге қатысқан 3 оқушы қазақ тілі, математика пәндерінен 0% білім сапасын көрсетсе, 9 сынып оқушылары алгебра пәнінен барлығы «2» алған. Ал, М.Әуезов атындағы орта мектебінде кешенді тестілеу нәтижелері бойынша 9 және 11 сынып оқушылары 0% білім сапасын көрсеткен.

Мұндай төмен көрсеткіштер аталған мектептердің басшыларының мектептегі берілетін білімнің сапасына бақылау мен басқаруды әлсіретуінен, пән мұғалімдерінің кәсіби біліктіліктерінің төмендігінен орын алып отыр.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 51-бабының 1-тармағына сәйкес тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтік немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.

Алайда, Қордай ауданындағы №17 Сортөбе орта мектебінде мамандығы математика пәнінің мұғалімі (Г.Джинбаров) АӘД пәнінен, мамандығы «Халықаралық қатынастар» (А.Щимеева) ағылшын тілінен, технология пәнінің мұғалімі (З.Вансынвин) мектепалды даярлық сыныптарына; №48 Сортөбе орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (А.Жолшыбекова) бастауыш сыныптарға, тарих пәнінің мұғалімі (Л.Вейсер) дене тәрбиесінен; Т.Рысқұлов ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі (Г.Рүстембекова) өзін-өзі танудан, математика пәнінің мұғалімі (Ш.Қойшыманов) технологиядан, көркем өнер жетекшісі (Л.Қуандықова) бастауыш сыныптарға; Тараз қаласындағы №44 Ш.Смаханұлы атындағы орта мектебінде физика-математика (А.Кеншімова), қазақ тілі мен әдебиеті (Л.Төлегенова) пәндерінің мұғалімдері және педагог-психолог (С.Ойықбаева) бастауыш сыныптарға, техник-механик (К.Сугурбеков) пен бастауыш сынып мұғалімі (А.Ермекбаева) технологиядан; Жуалы ауданындағы С.Мұқанов атындағы негізгі мектебінде химия пәнінің мұғалімі (А.Дайрабаева) биология және физикадан, тарих-география пәндерінің мұғалімі (Г.Таспулатов) технология, сызу, бейнелеу өнерінен сабақ береді.

Сарысу ауданындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебінде биология пәнінің мұғаліміне (М.Дидарбекова) химиядан, физика пәнінің мұғаліміне (З.Баймешова) технологиядан, өзін-өзі тану пәнінің мұғаліміне (А.Орақ) музыкадан, информатика пәнінің мұғаліміне (Г.Абжанова) сызудан, дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне (А.Смағанбетов) бейнелеу өнерінен жүктемелер берілген.

Сондай-ақ, Мойынқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектебінде ғимаратына 1971 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектеп кітапханасы интернет желісіне қосылмаған.

3 сынып оқушысы С.Мироненко 16 қаңтардан бастап сабаққа қатыспаған. Мектеп әкімшілігі тарапынан хабарланғанымен жергілікті полиция органдары шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізбеген. Тек 30-31 қаңтар аралығындағы Департамент тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында бұл мәселе бойынша аудан әкімдігіне, білім бөліміне шұғыл хаттар жолданып, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін ғана С.Мироненко табылып, сабаққа отырғызылған.



Талас ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде 9 сыныпта кешенді тестілеу тапсырған 31 оқушының 21-і (67,7%) «2» алған.

Мектептің жер учаскесі заңдастырылмаған, жер учаскесін пайдалану құқығына мемлекеттік актісі алынбаған, қала әкімінің шешімі шықпаған.

Мекеменің құрылтайшы құжаттарын рәсімдеуде қателер жіберілген. Заңды тұлға ретінде мемлекеттік қайта тіркеу туралы куәлікте мектеп орналасқан көшенің атауы С.Дұлатұлы, Жарғыда С.Датұлы, мектептің ашылуы туралы шешімде М.Дулатов деп көрсетілген, яғни құрылтайшы құжаттарда көше атауы әр түрлі көрсетілген.

Акт залы мен алғашқы әскери дайындық пәні бойынша тир күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен пайдаланылмай отыр, оқу-зертханалық бөлмелері, оқу шеберханалары заманауи құрал–жабдықтармен жабдықталмаған, ұлдар шеберханасында қажетті құралдармен қамтамасыз етілмеген.

Сабақ кестесі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №179 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес жасалмаған.

Т.Рысқұлов ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде Т.Рысқұлов ауданы әкімінің 2017 жылғы 27 ақпандағы №51 қаулысына сәйкес мекеменің атауы өзгертілген, әділет басқармасында 2017 жылғы 6 наурызда қайта тіркеуден өткен. Бірақ, бүгінгі күнге дейін білім беру қызметімен айналысуға берілген мемлекеттік лицензиясын қайта рәсімдеу үшін Департаментке өтініш жолдамаған. Ғимараттың дабылқаққыш жүйесі істен шыққан, аудандық білім бөліміне 2016 жылғы 15 сәуірде сұраныс берілген, бірақ бүгінгі күнге дейін бұл мәселе шешімін таппаған.

Қордай ауданындағы №17 Сортөбе орта мектебінде ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді. Химия, биология, физика пәндерінен зертханалық бөлмелер жоқ. Сыныптардағы үстелдер мен орындықтар балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейді (жоғары сыныптарда бастауыш сыныптарға арналған үстелдер мен орындықтар қойылған. Мектептің мектепалды даярлық сыныбының оқу кабинетінде температуралық режим сақталмайды (+14 гр.). Спорт залы мен оқушылардың киім ауыстыратын бөлмелері жылытылмайды. Оқу кабинеттері мен дәліздердегі қабырға ілмелерінің тозығы жеткен. Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген мәліметтер сәйкес келмейді. Оқушылар оқулықпен 94% қамтылған, бірақ ҰББД қорында 100%, кітапханадағы оқырмандар саны 172, ҰББД қорында 986, кітап тарату 5919 болса, ҰББД қорында 15500, кітап қоры 21945, ҰББД қорында 23342 деп көрсеткен.

Мектепте сабақтарды ауыстыру журналы арналмаған. Сынып журналдары талапқа сай жүргізілмеген, мереке күндері толтырылған, шығарма және бақылау жұмыстарының бағалары қойылмаған, бағалар түзетілген.

2 және 3 сыныптарда «Халық ауыз әдебиеті балалар фольклеры» үйірме сағаты бөлінгенімен оның орнына дүнген тілі жүргізілуде. Үйден оқыту бойынша аудандық білім бөлімінің бұйрығы жоқ. Мұғалімдердің күнделікті сабақ жоспарлары жауапты директордың орынбасары тарапынан тексеріліп, бекітілмеген.

Қордай ауданындағы №48 Сортөбе орта мектебінде сынып журналдары талапқа сай жүргізілмеген, мереке күндері толтырылған, барлық сыныптарда 1 қыркүйек күні журналға «День знаний» деп толтырылған. Журналдардағы зертханалық жұмыстардың бағалары оқушылардың жұмыс дәптерлеріндегі бағалармен сәйкес келмейді.

Оқушыларды қабылдау және ауыстыру бұйрықтары дұрыс рәсімделмеген. Үйден оқытылатын оқушылардың барлығына жұма күніне сабақ қойылмаған және олардың сабақ кестелері 30 минуттан жасалған. Кітапханада кітап тарату журналы жүргізілмейді, кітап қоры 9134 болса, ҰББД қорында 10662 деп көрсеткен.



Тараз қаласындағы №17 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде мұғалімінің болмауына байланысты орыс тілі пәнінен 1 сынып топқа бөлінбеген, орыс тілі пәні мұғаліміне сұраныс берілмеген.

Үйден оқыту бойынша журналдар толтырылмаған. Үйден оқыту бойынша биология пәнінен Н.Тазабекова ағымдағы жылдың 30 қаңтар күнгі сабақты өткізбеген. Ағылшын және орыс тілдерінен сынып журналдары дұрыс толтырылмаған. Химия және биология пәндерінен зертханалық құрал-жабдықтар жетіспейді.



Тараз қаласындағы №44 Ш.Смаханұлы атындағы орта мектебінде ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектепте 1-11 сыныптар аралығында ауруханада оқытылатын оқушылардың 2014-2015, 2015-2016 оқу жылдарындағы сабақ кестелері жоқ. Мұғалімдердің оқу бағдарламалары жоқ. Жеке іс-құжаттары рәсімделмеген.

Оқушылардың сыныптық, өзіндік бақылау жұмыстары және бағалары жоқ. 2016-2017 оқу жылының сабақ кестесіне негізгі пәндермен қатар таңдау пәндері қойылған. Соңғы үш оқу жылына қорытынды есептер жасалмаған. Бірінші ауысымдағы дене шынықтыру сабақтары сабақ кестесіне бір мезгілге қойылған, яғни спорт залда бір уақытта дене тәрбиесі сабағы екі сыныпта қатар өткізілуде. Спорттық құрал-жабдықтар жеткіліксіз.



Сарысу ауданындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебінде химия, биология, информатика пәндерінен зертханалар жоқ, ғимараттың сол қанаты мен спорт залында жылу жүйесі істен шыққан, сабақ өткізуге мүмкіндік жоқ. Жылыту қазандығында резервтік пеш жоқ. Мектепте мұғалімнің болмауынан орыс тілі пәні 2017 жылғы қаңтар айынан бастап жүргізілмеген.

Жуалы ауданындағы С.Мұқанов атындағы орта мектебінде сынып журналдарына мереке күндері толтырылған. Дінтану пәнінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі сабақ береді. Орыс тілі, физика, химия, география, биология, шет тілі, бейнелеу өнері, музыка пәндерінен оқу кабинеттері, спорт залы мен оқу шеберханалары және жылыту қазандығында резервтік пеш жоқ.

Тараз қаласындағы №8 арнайы логопедтік балабақшасында ғимаратының жобалық қуаты 280 балаға арналған, қазіргі уақытта 413 бала тәрбиеленуде.

Арнайы мектепке дейінгі мекемелердің логопедиялық топтарын жинақтау ережесі бойынша 12-15 баладан артық болмауы және әр топқа 1 логопед болуы тиіс. Балабақшада 12 топта 33-34 баладан тәрбиеленуде, штат бойынша әр топта 1 логопед жұмыс істейді. Бала санына логопед штаттық бірлігі жеткіліксіз.



Шу ауданындағы «Ақбөпе» балабақшасында 2007 жылы ашылғандығына қарамастан бүгінгі күнге дейін медициналық қызмет көрсетуге мемлекеттік лицензия алынбаған. Медициналық кабинеті лицензиясыз жұмыс жасауда. Ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді.

Балабақшадағы ортаңғы топта орыс тілі, ағылшын тілі, дене тәрбиесінен аудандық білім бөлімі тарапынан жүктеме бөлінбеген. 1-ші кіші топқа 3 бала жолдамасыз қабылданған, 50 баланың 25-нің денсаулық паспорты жоқ.

Педагогтардың жылдық, айлық жоспарлары дұрыс құрылмаған. Балабақшаның оқу қызметі кестесі дұрыс құрылмаған, вариативті бөлім мүлде көрсетілмеген.

Аттестаттаудан өтпеген барлық білім беру ұйымдарына Ереженің 34-тармағына сәйкес анықталған бұзушылықтар мен оларды жою мерзімдері көрсетіле отырып жазбаша нұсқамалар берілді. Нұсқамалардағы белгіленген мерзімдер аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабының 3-тармағы 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізу арқылы кемшіліктердің жойылғандығына бақылау жүргізіледі.



Бірқатар білім беру ұйымдары аттестатталғанымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан баса назарға алуды қажет ететін кемшіліктер анықталған.

Мысалы, Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы гимназияда 7 сыныптарда алгебра және геометрия пәндерінен оқулықтар жетіспейді. Педагог қызметкерлердің 21,5%-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтпеген.

Жуалы ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектебінде ғимаратына 1973 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Оқушылардың пәндер бойынша республикалық және облыстық байқауларға қатысу деңгейі төмен. Бірлестіктердің жұмыс жоспарларында оқыту семинарлары қарастырылмаған.

Тараз қаласында №45 Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясында ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектептегі оқу кабинеттері мен дәліздердегі көрнекі қабырға ілмелері ескірген. Спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді.

Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектептің электр желілілерінің ескіруіне байланысты таңертеңгі және кешкі мезгілде оқу кабинеттерінің жарықтандырылуы төмен. Мектептің ішіне су кіргізілмеген, қолмен тасымалданады. 15 педагогтың жүктемесі 1 бірліктен төмен.

Байзақ ауданындағы «Балбөбек» балабақшасында жоғары санатты педагог қызметкерлер жоқ. Балабақша ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.

Байзақ ауданындағы «Ақбота» балабақшасында ғимаратына күрделі жөндеуді қажет етеді.

ІІ. Мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау мақсатындағы жоспардан тыс тексерулер жүргізілген 34 білім беру ұйымының 3-і бойынша нұсқамада көрсетілген кемшіліктердің толығымен жойылмағандығына байланысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, материалдары сот органдарына жолданды. Атап айтқанда, «Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Талас негізгі мектебі» КММ, «Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Ш.Уалиханов атындағы негізгі мектебі» КММ, «Тараз политехникалық колледжі» мекемесі.

«Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Талас негізгі мектебі» КММ бойынша:

Мектепте география, тарих, сызу, бейнелеу өнері, ән-саз пәндері мұғалімдерінің базалық білімдері атқарып отырған қызметіне сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 51-бабының 1-тармағының талаптары сақталмаған.

Химия, биология, информатика, физика пәндерінен зертханалық бөлмелер, физика кабинеті, шеберхана және спорт залы жоқ.

Білім алушылардың білімі мен іскерлігін бағалау нәтижелері Ереженің 26-тармағының талаптарына сәйкес келмейді. Мектеп бойынша білім сапасы 11,1%-ды, үлгерімі 22,2%-ды ғана құраған.

Мектепке қатысты Талас аудандық сотының 2017 жылғы 2 ақпандағы №3162-17-00-3/31 қаулысымен лауазымды тұлғаға (мектеп директоры М.Дүйсенбековаға) 15 АЕК әкімшілік айыппұл салынып, лицензиясының қолданысы 3 ай мерзімге тоқтатылған.

«Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Ш.Уалиханов атындағы негізгі мектебі» КММ бойынша:

Мектептің оқу жоспарлары үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмейді. Биология, бейнелеу өнері, музыка, технология пәндері мұғалімдерінің базалық білімдері атқарып отырған қызметіне сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 51-бабының 1-тармағының талаптары сақталмаған.

Технология, физика кабинеттері, химия, биология, информатика пәндерінен зертханалық бөлмелер жоқ, математика, химия, география, бейнелеу өнері, музыка, қазақ тілі, шет тілі кабинеттері жабдықталмаған.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-тармағы бойынша хаттама толтырылып, материалдары Жуалы аудандық сотына жолданды.



«Тараз политехникалық колледжі» мекемесі бойынша:

4 мамандық бойынша білім алушылардың білімі мен іскерлігін бағалау нәтижелері Ереженің 26-тармағының талаптарына сәйкес келмейді. Ережеге сәйкес колледж контингентінің тізімдік құрамынан білім алушылардың кемінде 70%-ы дұрыс жауап беруі қажет. Ал, колледжде «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығынан – 9,1%, «Құқықтану» және «Электрлік және электромеханикалық жабдықтар» мамандықтарынан - 50%, «Есеп және аудит» мамандығынан – 66,7% құраған.



Колледж директорына (С.Тулегенов) қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-тармағы бойынша хаттама толтырылып, материалдары Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.

ІІІ. Осы мерзімде барлығы 10 өтініш түскен, оның 8-і жеке тұлғалардан, 2-і заңды тұлғалардан (№9 Меркі, №10 Шу колледждерінің заңнама талаптарына сәйкестігіне қорытынды беру туралы өтініштері). Өтініштерді қарау мақсатында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, олар бойынша 7 әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 90 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Жеке тұлғалардан түскен 8 арыз-шағымдарға талдау жасау барысында ондағы баяндалған мән-жайлар негізінен білім беру ұйымдары басшыларының педагогикалық әдеп нормаларына қайшы келетін теріс қылықтары, қолданыстағы заңнамалардың талаптарын бұзу әрекеттері болып отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет