Каузативті мағынадағы эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдер



Дата13.01.2022
өлшемі24,98 Kb.
#111429
Байланысты:
Сарышова К. Фразеологизмдер


Каузативті мағынадағы эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдер
Күлдірсін САРЫШОВА – ф.ғ.к., Қорқыт Ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы
Психологтардың өзі эмоцияның туу себептерін сыртқы дүниенің субъектіге тигізетін әсерінен іздейді. Нәтижесінде субъект толқиды, күйіп-піседі, ашуланады, ызаланады немесе сүйсініп, ләззат алады. Олай болса, сол әсердің нәтижесінде туындаған эмоциялық күйді бейнелейтін тілдік құрылымды каузативтік конструкцияларға жатқызуға болады. Бұл топқа жататын фразеологизм мағыналарының дифференциалды компоненті каузативтілік болып есептеледі. Д.Э. Розенталь: “Каузативный” –имеющий значение причины, повода для совершения действия (о глаголах) ” – десе [1, 106 б.], Л.А. Новиков: “Каузировать, то есть делать так, то, чтобы в результате этого предмет появился”, – деген анықтама береді [2, 11 б.]. Л.М. Васильев сезімді білдіретін етістіктер каузативті мағынасында “біреуді нашар көңіл-күйге итермелеу” [3, 76-77 бб.] деген мағына береді десе, А. Салқынбай, Е. Абақан: “Каузативтік конструкциялар мағынасына, мазмұнына байланысты әр түрлі болады. Өзгелік етіс формасында келіп, көп жағдайда сөйлемді тиянақтайтын етістік-баяндауыштың мағынасының реңктерінен байқалады,” – дейді [4, 304 б.].
Каузативті мағынадағы фразеологизмдерді адамның әр түрлі эмоциялық күй кешуіне қарай төмендегідей тармақталған парадигмаларға бөліп қарастырдық:
1) Фразеологизмдер жағымды-жағымсыз модальділік семалары бойынша қарама-қарсы позицияда келеді. Мәселен, іші-бауырын елжіретті, аузының суын құртты деген ФТ белгілі бір нәрсенің әсерінен субъектінің басынан өткерген жағымды эмоциясын білдіреді. Р.И. Яранцев: “бұндай жағымды күйді туғызуға, әдетте, музыка, ән, оқылған өлеңнің әсер етуі мумкін”, [5, 304 б.] – дейді. Мысалы: Оңашада тыңдалған мына ән жан жүйемді тебірентіп, іші-бауырымды елжіретіп барады (“Жас алаш”). Қайдан ғана қаңғып туылғанын кім білсін, әдемілігі көрші-қолаңның аузының суын құртатын ғажап еді-ай жарықтық (О. Бөкей).
Көп жағдайда каузативті мағынадағы фразеологизмдер сыртқы дүниенің әсерінен туындаған жағымсыз эмоцияны бейнелеуге қызмет етеді.
2) “Үрей туғыза отырып өзін-өзі ұстай алмай қалатын жағдайға жеткізу, ашу-ыза туғызу, біреудің тынышын алу” мағынасын білдіретін фразеологизмдер – сабасынан шығару, жынын келтіру, жынына тию, жанын түршіктіру. Мысалы: Ғани бұрынғысынша қабырғадан көз алмады. Оның бұл түсініксіз қылығы Шәкірдің жынын келтірді (М. Иманжанов). Жанын түршіктірген сол бір көрініс көпке дейін оның көз алдынан кетпей жүрді. Бірнеше түн бойы түсінде ылғи жылан көріп, шошып оянатынды шығарды (М. Иманжанов).
3) “Адам жанына терең із қалдыра отырып, қатты тебіренту немесе белгілі бір жағдайды өршіту” мағынасындағы фразеологизмдер – жүрегін жылыту (еріту), жүрегін елжірету, сай сүйегін сырқырату, отқа май құю. Мысалы: Жаманды-жақсылы үш жыл өмірі өткен үйдің есігін мәңгілікке жауып бара жатқаны іші-бауырын езіп, ет жүрегін елжіретсе де артына бұрылып қарамауға тырысқан (Б. Иманғазина). – Құлындарым-ай! Бесіктен белдерің шықпай жатып жаратқан иеме не жазып едіңдер?! – деп егілген шалдың қасіретке толы дауысы сыртқа шыққан көршілердің сай-сүйегін сырқыратты (Б. Мұқай).
4) “Аяқ астынан күйіп-пісетін жағдайға тап болу нәтижесінде өз-өзін тежей алмай, ойланбай тірлік жасап қою, берекесін алу, беймаза ету” мағынасындағы фразеологизмдер – есінен тандыру, зығырданын (зығырын) қайнату, зықысын алу. Мысалы: Осы үйдің бар жанын бір өзі билеп-төстеп отырған адамдай, от басының ұсақ-түйек шаруасына дейін араласып, әркімге бір әмір етіп, зықысын алып болады (Ә. Нұрпейісов).
5) “Еріккеннен біреудің мазасын алып, жүйкесіне тию” мағынасындағы фразеологизмдер – жүйкесін жұқарту, жүйкені кесу, жүйкесін құрту. Мысалы: Есалаң Жүсіптің орынсыз қалжыңы онсыз да бір қолын екі ете алмай жатқан Рыскүлдің жүйкесін жұқартты (“Қаз. әйелдері”).
6) “Жеңу үшін көп күш жұмсауды қажет ететін, жанды жаралайтын, жағымсыз ауыр сезімді басынан өткеруге мәжбүрлеу, әбден шаршату, қажыту, болдыру” мағынасындағы фразеологизмдер – діңкеге тию, діңкені құрту, титығына жету, ит сілікпесін шығару. Мысалы: Қанша тырмысса да бір тазарып болмайтын үйдің митың тірлігі Айжамалдың діңкесін құртты (“Қаз. әйелдері”).
7) “Адам жанын жаралай отырып, үзбей қатты азап шектіру” мағынасындағы фразеологизмдер – жанды жеріне тию, бітеу жараның бетін тырнау, жүрегін сыздату, жанын улау. Мысалы: Ұл мен қыздан да гөрі кемпірінің сырқатының өзіне қатты бататынын, олай-бұлай болып кетсе, өзінің ғана жетім болып қалатыны жүрегін сыздатады (Б. Мұқай).
Біз фразеологизмдердің семантикасын зерттегенде тілдік мағынаға келіп тірелеміз. Өйткені, “логикалық-заттық ұғымға ие болған әрбір сөз тарихи даму барысында әлденеше тілдік мағыналарды жамап алып, өзінің семантикалық аясын кеңейтеді. Басқаша айтқанда, ол ұғымдық мағынадан тыс адамның ақиқат дүниеге деген көзқарасын да, әр түрлі көңіл күйі мен сезімін де білдіре алады. Грамматикалық мағыналары да байиды” [6, 9 б.]. Ал сол тілдік мағына дегеніміз не? Б. Сағындықұлы “тілдік мағына деп тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мағына элементтерін түсінеміз”, – дей отырып, олардың парадигмалық мағына және синтагмалық мағына деген түрлерін атайды. Сөздер синтагмалық қарым-қатынасқа түскенде бір-бірімен әрі грамматикалық, әрі семантикалық жағынан тығыз байланысады. Сөздердің логикалық-ұғымдық, семантикалық тіркесімділік қабілетін анықтаушы тілдік мағына синтагмалық мағына деп аталады. Қазақ тілінде оны тіркесімдік мағына деп атауға болады. Синтагмалық байланыс өзгерсе, сөз мағынасы да өзгеше болады [7, 13-14 бб.]. Б. Сағындықұлының осы пікірін басшылыққа ала отырып, біз ЭБФ-тің тілдік мағынасын анықтауға ойысайық.
Фразеологизмдердің семантикасын олардың морфологиялық тұлғасы арқылы анықтауға болатынын ескерсек, ЭБФ-те етістіктің рай категориясы ерекше жүйе құрайды, – деп айта аламыз. Мәселен, ЭБФ-те бұйрық рай формасы көп жағдайда тыйым салу, кеңес беру сияқты қосымша реңкте қолданылады. Шартты рай формасында келуі тіпті шектеулі. Етістіктің жақ, шақ, рай категориялары фразеологизм білдіріп тұрған процеске сөйлеуші тарапынан болатын бейнелеу, бағалау мағынасын береді. Бұндай мағынаның өзгеше болып келу себебі – фразеологизм мағынасы мен етістіктің жақ, шақ, рай категорияларының грамматикалық мағынасы арасындағы тығыз байланыстың болуында. ЭБФ-дің бұйрық рай формасының бұйрық мәнді бере алмау себебі, біреуге белгілі бір эмоциялық күйге түсуді немесе эмоциялық толғанысты басынан өткеруді бұйыру мүмкіндігінің жоқ болатын семантикасына байланысты. Дегенмен, кей жағдайда “эмоциялық күйдің құбылмалы болуын білдіретін фразеологизмдердің” “ерік-жігер” компонентіне қатысты тобы мен “эмоциялық толғанысты білдіретін фразеологизмдер” бұйрық рай формасын қабылдап, төмендегідей тілдік мағыналарға ие болады:
1) өзіңді-өзің қолыңа ал, есіңді жи, сабаңа түс, ұстамдылық көрсет, еңсең түспесін, еңсеңді түсірме күйінде тілек, кеңес мағынасын береді;
2) ашу шақырсын, қаны қайнасын, терісіне сыймасын түрінде болжау, мүмкін болу мағынасын береді; Мысалы: Біздің үйдегі қанша қаны қайнап, ашу шақырсын мейлі, мен сол өгізді көршінің қорасына өзім апарып байлап берем (“Ара”).
3) каузативті мағынадағы фразеологизмдер болымсыз формада келіп, тыйым салу немесе кеңес беру мағынасын көздейді: зықысын қашырма, титығына тиме, отқа май құйма, бітеу жараның бетін тырнама, қанын қайнатпа.
Етістіктің етіс категориясының субъективті-объективті қатынасқа негіз болатыны белгілі. Осындай қатынастардың арқасында етістіктер сан түрлі парадигмалық формаларға түрленіп, синтаксистік құрылымдарға ие болады. В.В. Виноградовтың пікірінше, “категория залога лежит уже на самой пограничной черте между грамматикой, лексикологией и фразеологией”[7, 373 б.]. ЭБФ-гі етіс категориясы субъективті-объективті қатынасты қарастырумен шектеледі. Бұл қатынас каузативті мағынадағы фразеологизмдерде ерекше байқалады. Каузативтілік категориясы объектіге ықпал жасай отырып, оның эмоциялық күйін өзгертуге негізделеді. Бұл тарапта Т.А. Кильдибекова: “Каузативные глаголы – это глаголы активного действия, которое осуществляется действующим лицом и вызывает изменение состояний, качеств, свойств другого лица или предмета”, [8, 75 б.] – дейді. Етістіктің субъективті-объективті қатынасында жағдай іс-әрекетті тудырып отырған субъектінің көзқарасымен сипатталады. Бұл арада белгілі мөлшерде субъектінің активтілігі байқалады да, объект пассив мүше ретінде тек субъект әрекетінің нәтижесін басынан өткереді. Осылайша, субъект пен объект белгілі бір жағдайдың актив және пассив мүшелері ретінде бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Субъект белгілі бір эмоцияны басынан өткере отырып, объектінің эмоциялық күйінің түбегейлі өзгеруіне ықпал етеді.
Жалпы жақ категориясы, зерттеушілердің пікірінше, етістіктің негізгі категориясының бірі. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы ғалымдардың ізінше В.В.Виноградов етістіктің негізгі белгісі болып табылатын, нақтылығымен, жақты белгілеу көрнекілігімен ерекшеленетін жақ категориясының басты ролін ерекше атап өткен болатын. Жақ формалары іс-әрекеттің сөйлеушіге, тыңдаушыға, үшінші біреуге немесе жансыз бір затқа қатысын білдіре отырып, етістіктің өзге де категорияларымен тығыз байланыста болады.
Каузативті мағынадағы фразеологизмдердің жақ категориясына қатысы бірдей емес. Мысалы:
1-жақта. Мен іші-бауырымды елжіреттім, жүрегімді еріттім деп қолданылмағанымен, жедел өткен шақта жынына тидім, жынын келтірдім, есінен тандырдым, зығырданын қайнаттым, маңдайынан шертпедім, басын айналдырдым күйінде кездеседі де, әдейі істеген қимыл, әрекетті білдіреді.
2-жақта келер шақ, жекеше формада қолданылып, болжау, мысқылдау мағынасын береді: Сен мына түріңмен талайлардың жынына тиіп, зығырданын қайнатасың-ау (“Жас алаш”).
Каузативті мағынадағы фразеологизмдер өзге біреудің, нәрсенің әсерінен эмоциялық күйдің өзгеруін білдіретіндіктен, жекеше түрде ауыспалы осы шақта, жедел өткен шақта 3 - жақ формасында көптеп кездеседі: - Мама, сен жазылып кетесің! Құдай біздің даусымызды естімеді дейсің бе. Ол бізге көмектеседі, – деген қызының үні Айсараның іші-бауырын елжіретіп, жан жүйесін босатып барады. Қарт профессордың қамқорси сөйлегені жанын жылытты (Б. Мұқай). “Мынаның ар жағында неше отар қой маңырап жатыр” деп кіндігімді түрткілеп, әбден ит зықымды шығарды (Ә. Кекілбаев).
Эмоциялық күйдің каузаторы тек тірі адам ғана емес, кез келген зат, құбылыс та болып келеді. Әдетте, ол атау септік формасында тұрады: Басты шеберханалардан шыққан топтың бұл қылығы хатшының неге жанды жеріне тигенін ол жақсы түсінді.
Субъектінің әсер етуі нәтижесінде эмоциялық күйі өзгерген объект атау септігінен басқа септікте тұрған жіктеу есімдіктерінен болады: Оны жерге қарату оңай емес – табыс септік формасындағы есімдік. Сендер бізге келіп, ондай бұзықтардың сендердің қандарыңды ішіп, жұмысқа кедергі келтіретінін неге ертерек ескертпегенсіңдер – ілік септік формасындағы есімдік. Сонымен қатар, табыс, ілік септік формаларындағы зат есімнен болуы да мүмкін: - Әй, қыздар-ай, жұртты естерінен тандыра бермей, жайларыңа отырсаңдар қайтеді.
Синтаксистік құрылысы жағынан жүрегін сыздату, жанын улау, іші-бауыры(н) елжіре(т)у, жан-жүйесі(н) тебірен(т)у (босау), жанды жылыту, жүрегін еріту (жылыту, жібіту) етістікті тіркес күйінде келіп тұрса, жанды жеріне тию, бітеу жараның бетін тырнау, жанын көзіне көрсету, қолтыққа су (дым) бүрку, шабына от салу (от сала сөйлеу) – жақсыз сөйлем түрінде келген фразеологиялық тұлғалар. Каузативті мағынадағы ЭБФ әр түрлі грамматикалық формаларды қабылдаудың нәтижесінде сөйлем мүшесінің қызметін де атқара алады:
1) Каузативті мағынадағы фразеологизмдер көбіне етістікті тіркес күйінде келетіндіктен баяндауыш қызметін атқарады: Кішкене сәбидің мөлдіреген көзі, жұп-жұмсақ алақаны іші-бауырымды елжіретіп жіберді (Б. Иманғазина).
2) Есімше формасында келіп, анықтауыш қызметін атқарады: Арысынан айрылған арудай ағыл-тегіл жылап, аңыраған жесір аққудың жетім үні сай-сүйегін сырқыратқан Құмарбек жанарынан ыстық жастың қалай шығып кеткенін байқаған жоқ (С. Досанов).
3) Септік жалғауларын қабылдап, толықтауыш қызметін атқарады: Жап-жас қыздың күнде мазасын алып, діңкесіне тиюге еш ұялмайсың ба өзің? (“Қаз. әйелдері”).
4) Көсемше формасында келіп, пысықтауыштың қызметін атқарады: – Сен осы жұрттың шамына тие сөйлегенді қашан қоясың, әбден қанымды ішіп болдың ғой, – деді Мырзаш жыламсырап (Б. Тілегенов).
Сонымен, каузативті мағынадағы фразеологизмдер эмоциялық күйді бейнелейтін фразеологизмдердің өзге топтарындағы фразеологиялық тұлғалардан өзіндік тілдік мағыналарымен, морфологиялық тұлғаларымен ерекшеленеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:





  1. Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. – 3-е изд. – М.: Просвещение, 1985. – 106 с.




  1. Новиков Л.А. Антонимия в русском языке. – М.: Изд-во МГУ, 1973. – 290 с.

  2. Васильев Д.М. Семантика русского глагола / Глаголы психической деятельности. – М.: Высш. шк., 1981. – С. 76-77.




  1. Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. – Алматы, 1998. – 304 б.




  1. Яранцев Р.И. Словарь-справочник по русской фразеологии. – 2-е изд. – М.: Русский язык, 1985. – 304 с.




  1. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Б. 1: Лексикология. – Алматы, 2003. – 101 б.




  1. Виноградов В.В. Русский язык. Грамматическое учение о слове. – 3-е изд. – М.: Высш. шк., 1986. – 491 с.




  1. Кильдибекова Т.А. Глаголы действия в современном русском языке. – Саратов: Изд-во Саратовского ун-та, 1985. – 157 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет