Көшербай Жансая Бақытжанқызы Қазақ және саха тіліндегі соматикалық фразеологизмдер зерттелуі



Дата03.04.2020
өлшемі50,89 Kb.
#61440
Байланысты:
сахазерттеллу

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі
Сулейман Демирель атындағы университет
Филология және Педагогика ғылымдары факультеті
Көшербай Жансая Бақытжанқызы

Қазақ және саха тіліндегі соматикалық фразеологизмдер зерттелуі

5В020500 - Филология мамандығы


Қаскелең, 2020
МАЗМҰНЫ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы...................................................................3

1.1 Соматикалық атаулардың қазақ тіл біліміндегі зерттелуі………….……4

1.2 Саха тілінің ерекшелігі және соматизмдерінің зерттелуі……………......8

1.3 Соматикалық фразеологизмдерді салыстыра зерттеудің түркі тілдері үшін тиімділігі………………………………………………………………..….13

Пайдаланған әдебиет...................................................................................17




Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Тіл білімі ғылымында тарихи-салыстырмалы әдіс тиімді әдістердің бірі, болып есептеледі және бұл әдіс тіл білімінің өзекті деп есептелетін сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауап бере алтынын көруге болады. Бүгінгі күнде түркі дүниесінің бірігу идеясы көкейкесті мәселесеге айналу қарсаңында түркі дүниесіне ортақ терминжасам, әліпби мәселері бой көрсетіп жатқаны анық. Бұл бағытта өз кезегінде түркология саласында елеулі зерттеу еңбектерітжүргізіліп жатыр десе болады. Саха тілі өзінің тарихи көпқабаттылығы мен түркі дүниесінен ерте заманда бөлініп, оқшауланып қалуына байланысты көптеген түркологтардың қызығушылығын тудыруда. Қазақ және саха тілінің соматикалық атаулар негізінде жасалған тұрақты тіркестеріне тілдік талдаулар жасау арқылы салыстыра зерттей келе, екі тілдегі тарихи ерте кезеңде қалыптасқан ортақ құбылыстар мен кейінгі уақыт сүзгісі негізінде пайда болған өзгешеліктерді анықтауға тырысамыз. Кез келген тілдің тұрақты тіркесін зерттеу, сол халықтың тілдік бірліктері өн бойында сақталған мәдени ақпаратты алуға мол мүмкіндік береді. Саха тілін зерттеу бүгінгі түркі дүниесі арасындағы жақындықты сезінуге, тілдер туыстығы арқылы ұлттар туыстығын, тарихи сананы жаңғыртуға арналған бірден бір тетік деуге болады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің зерттелуін қарастыру; саха тілінің зерттелуі, саха тіліндегі соматикалық фразеологизмдерді анықтау; саха тіліндегі соматикалық атаулар негізінде жасалған тұрақты тіркестердің семантикалық өрінісіне талдау жасау, саха және қазақ тіліндегі сәйкес соматикалық фразеологизмдерді салыстыру, ұқсастықтар мен ерекшеліктерді анықтау.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ және саха тілдеріндегі соматикалық тұрақты тіркестер, олардың семантикалық өрісі.



Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазақ және саха тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдерді анықтау, екі тілегі мақалдар мен әдеби туындылардағы соматикалық тұрақты тіркестердің қолданылу ерекшелігін айқындау, олардың өн бойындағы мағынаға, екі тілдегі сәйкес тұрақты тіркестердің семантикалық өрісіне талдау жүргізу.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

-Қазақ тіліндегі соматикалық тұрақты тіркестерді анықтау, жинақтау, топтастыру;

-Саха тілінің зерттелуін қарастыру, саха тіліндегі соматикалық атауларды жинақтау; топтастыру;

-Саха және қазақ тілдеріндегі жүрек сомафразеологизмдеріне тілдік талдау жасау;

- Екі тілдегі тұрақты тіркестердің семантикалық өрісіне талдау жүргізу;



Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері: синхрондық әдіс, диахрондық әдіс, семантикалық талдау әдісі.

1.1 Соматикалық атаулардың қазақ тіл біліміндегі зерттелуі.
Соматикалық атаулардың тіл білімінде алатын орыны ерекше. Этнолингвистика, когнитивті лингвистика сынды кейінгі кезеңдерде ерекше қарқынмен қалыптасып, дамып келе жатқан жаңа салалардың негізгі өзегі болып табылатын антропоцентристік парадигмалық көзқарас тұрғысында зерттеу жүргізу өте ұтымды болып келеді. Антропоцентристік көзқарас дегеніміз (грек тілінен аударғанда «anthropos» – «адам», латын тілінен алғанда «centrum» - орталық) ғылымды үлкен кең бір шеңбер ретінде алып қарап, ал адамды оның өзегіндегі негізгі ядро ретінде қарастыру, оның көптеген сұрақтарына сол адамның өзі арқылы жауап іздеу. Ал тіл біліміндегі антропоцентристік көзқарас дегеніміз лингвистика ғылымының кейбір өзекті сұрақтарына адамның әлемді тілдік санада бейнелеуін, кодтауын анықтап, сол алынған материалдарға семантикалық, этимологиялық, концептілік, т.б. талдаулар жүргізе отырып жауап алу болып табылады. Адам танымының алғашқы элементі болып есептелетін соматикалық атауларға тілдік талдау жасау когнитивті лингвистика үшін аса маңызды.

Оның себебін соматикалық атаулардың адамның өмірге келіп айналасындағы дүниені тани бастауы әрекетіндегі бастапқы басқыш – өзін-өзі танып білу, өзінің дене мүшелерін атау арқылы пайда болатынымен түсіндіруге болады. Соматикалық атауларды зерттеудің өзектілігі – оның адамның алғаш дүниені танып, әлемді тілдік бейнелеуі.

Қазақ тіліндегі соматикалық атаулар сөзжасамдық тұрғыдан Н.М.Қоқышеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі дене мүшелері атаулары негізіндегі сөзжасамдық ұялардың сөзжасамдық сатыларындағы туынды сөздер» диссертациясында [1], лексика-семантикалық тұрғыдан Д.Б.Рскелдиева мен Н.А.Утемгалиеваның «Ішкі ағзалардың соматикалық фразеологизмдер жасауда ұйытқы болу жиілігі» атты еңбегінде [2], Ә.С.Ташауовтың «Кодекс куманикус» тіліндегі соматикалық атаулар және олардың лексика-семантикалық топтары» атты диссертациясында [3] зерттелді.

Соңғы жылдардағы тіл білімінің жаңа бағыттары болып есептелетін этнолингвистика, лингвомәдениеттану, концептология тұрғысынан да тұрақты сөз тіркестері айтарлықтай зерттелді. Мысалы, Б.Уызбаева «Қазіргі қазақ тіліндегі соматикалық етістік фразеологизмдерінің этнолингвистикалық сипаты» [4], М.Б.Абдрахманова «Көз» концепті: лингвомәдени және танымдық парадигмасы» [5], А.О.Кәріпжанова «Фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары бойынша) [6], А.Б.Нұржанова «Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды» [7], А.Султангубиева «Тілдік бейнедегі «жүрек» концептісінің көрінісі (қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша)» [8] секілді еңбектерді ерекше атауға болады. Сонымен қатар, салғастырмалы әдіске негізделген зерттеу жұмыстарын да кездестіруге болады, мысалы, Н.Карменовтің «Араб және қазақ тілдерінің соматикалық атаулар жүйесіндегі меронимиялық қатынастар» еңбегін [9] атауға болады.

М.Б.Абдрахманова «Көз концепті: лингвомәдени және танымдық парадигмасы» еңбегінде көру концептісін көз концептісімен бірге алып қараған, «Көру – адамның ең бір нәзік, ең бір күрделі мүшесі көз арқылы жүзеге асады. Сондықтан, көз жайлы айтқанда, біз оның көру қызметі жайлы, ал көру жайлы айтқанда, көз мүшесі жайлы міндетті түрде сөз қозғаймыз» [5;29]. Сонымен қатар, көз және көру концептілерімен қарау концептісін де бірге алып қарайды. Еңбекте автор көз, көру, қарау концептілеріне көздің ым-ишара, бейвербалды қарым-қатынаста ерекше орын алатын қасиеті арқылы пайда болған тілдік бірліктерді, атап айтқанда, көзінен тану, көзі шырадай жану, көзін төмен салу, ала көздеу, көз жұма қарау, кірпік қағу, сүзіле қарау, қадала қарау, т.б. сынды тілдік бірліктер төңірегінде талдау жасайды.

А.Б.Нұржанова «Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды» еңбегінде соматикалық атаулардың ұйытқы болуымен жасалған тұрақты тіркестердің қарабайыр тілдік қолданыстағы кодын анықтайды. Автордың пайымдауынша, фразеологиялық дүние бейнесі дүниенің қарабайыр тілдік бейнесінің фрагменті болып саналады. Басқаша айтқанда, дүниенің қарабайыр тілдік бейнесі ғылыми және кәсіби білімді қамтымайды, оларға дейінгі және олардың қордалануына негіз болған ұлттық сананың архаикалық қабатындағы прагматикалық білімді тілдің фразеологиялық деңгейінде жеткізеді [7;39]. Яғни, автор бұл жерде соматикалық атаулардың ұйытқы болуы негізінде жасалған тұрақты тіркестерге тілдік талдаулар жасау арқылы сол тілде сөйлейтін халықтың санасындағы дүниенің тілдік бейнесін ашуға, оның ішінде дүниенеің қарабайыр тілдік бейнесін анықтауға тырысады. Дүниенің қарабайыр тілдік бейнесі дегеніміз белгілі бір халықтың талай ғасырлар бойы жүріп өткен тарихи жолының көне замандардағы архаикалық қабатындағы прагматикалық тілдік қолданысы екендігін айтып өтеді.



Кез келген тіл сол халықтың санасыман, ұлттық танымымен тығыз байланыста дамып, қалыптасатыны белгілі. Мысалға, М.Б.Абдрахманова көз концептісін қарастырғанда сол сөзбен тіркесетін сөзді халық санасында бар ақпарат негізінде таңдалынып алынатынын айтады. Мысалға көз шарасы тіркесін көз алмасы және басқа да қосымша қызмет атқаратын денелер орналасқан, бас сүйектегі домалақ ойық. Оны номинациялауда қазақ халқының тілдік санасында бұрыннан бар ақпараттың маңызды орын алатынын айтып өтеді.

Көз концепті лингвомәдени және танымдық парадигмасы М.Б.Абрахманова еңбегінде көз соматикалық атауының халықтың тілдік санасында сақталған тұрақты тіркестердің сандық жағына да көңіл бөлінген: «Көз концептіндегі сандарды алайық. Көз концептісіндегі сандардың мәні ең алдымен көру процесіне, көз мүшесіне қатысты. Екіншіден, олардың саны шектеулі, ал оларды шектеулі ететін көздің, көрудің, қараудың табиғаты, сипаты... Көз концептінің сандары деп, көз концептіне енетін тілдік бірліктердің құрамына енетін сандарды айтамыз. Мысалы:

Бір, жалғыз, сыңар мәні:

Жалғыз көзді дәу, екі көздің бірі, екі шоқып бір қарау, (біреудің біреуге) оң көзі; бір көрмеге, бір көруге (көргенннен); бір қарағаннан, бір қарағанда;

Екі, қос, жұп мәні:



Екі дүниеде де жамандық көрме, екі көзді тарс жұму, қорыққанға қос көрінеді, екі көзі алдында, екі көздің бірі, екі көзі төрт болды;

Үш сандық мәні:



Үшінші көз, үшінші көзі ашылды;

Төрт сандық мәні:



Төрт көзі түгел отырғанда, екі көзі төрт болу, төрт көз;

Сегіз сандық мәні:



Сегіз көз (жамбас пен ортан жіліктің ұштасқан жері) [5;27-28].

Адамның көзін физиогномистер «ағзаның экраны» немесе «миниатюрадағы адам» деп атайды. Өйткені, адам көзінің нұрлы қабығы және оның аумағы адамның денсаулық жағдайы туралы толық мәлімет бере алады. ...Сондай ақ, гректер, вавилондықтар, қытайлар да адамның диагнозын анықтауда көзді қарау міндетті саналған. Американың алғашқы тұрғындары адам денсаулығын көздің ағындағы ұсақ қантармырларға қарап пайымдайтын склерология өнерін пайдаланған [5;32].

Шын мәнінде адамның денсаулық жағдайының қандай екендігін көзіне қарап толық анықтауға болады (иридология, пупилометрия). Сондай ақ, оның сол сәттегі ойы мен көңіл күйі, сезімі пиғылы да көзінен көрінеді. Қазақ тілінде «сараң екендігіңді табағыңнан танимын, қас екендігіңді қабағыңнан танимын» деген сөз бар.

Автор сонымен қатар, көз концептісінің аясында қарастырылатын көптеген бірліктер, қарап отырсақ, күрделі бейвербалды белгілер мен әрекеттерге сілтеме жасау арқылы өзінің семантикалық мағынасын қалыптастырып, дамытқандығын айтады. Мысалы:

Көзі жанып кетті, көзі шырадай жанды – қуанышқа бөленді, көзі жайнап сала берді, көзі оттай жайнады – қуанды, шаттанды [5;27-28].

Көз сіңді болды – әбден көзі үйренді... Көзі қанды/қанықты – үйренді, дағдыланды [10;639].

Көзін төмен салды – ойланып қалды...

Көзбе-көз – Көздестіру, кездестіру, жолықтыру [10;639].

Көз аларту а) ашу көрсету, теріс мінез білдіру, ә) қастандық істеу, қастық істеу, зиян келтіру. б) қызығу, иемденіп кетуге тырысу [10;639], [5;29].

Б.К.Уызбаеваның «Қазақ тіліндегі соматикалық етістік фразеологизмдерінің этнолигнгвистикалық сипаты» атты еңбегінінің бірінші тарауында сегіз тақырыптық топ берілген: 1) әлеуметтік-қоғамдық тұрмыс-тіршілікке қатысты СЕФ; 2) адамдардың өз басына және қарым-қатынасына байланысты СЕФ; 3) салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге қатысты СЕФ; 4) халық медицинасына байланысты СЕФ; 5) адамның психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне қатысты СЕФ; 6) өлшем ұғымына байланысты СЕФ; 7) табиғи қажеттілікті өтеуге байланысты СЕФ; 8) алғыс-қарғыс, тілек тілеу және мадақтауға байланысы СЕФ.

Осындағы бірінші тақырыптағы соматикалық тіркестердің берілген мағыналарына сүйенсек: құлағын сату – біреудің сөзін тыңдап айтып бергені үшін ақы сұрау; қолы тию – қолы босау, қол жұмсау; құлаққағыс қылу – біреуге айтайын деген ойдың ұшын ғана шығару, астарлап сөйлеп, өз ойын аңғарту; қол алысу –уәделесу өзара келісу; аш өзегіне түсу – көп тамақ ішпей, тамақты көп жеп қойып, талмаусырауы; қол ұшынан жалғасу – бір-бірімен себелесіп, қарым-қатынас жасау; бүйрегі бұру – жақын тарту.

Екінші тақырыптағы соматикалық тіркестерге мыналарды жатқызған: мойнына ала қап салу – тентіреп, елден қайыр сұрап кету; мойнына арқан салу – біреуді күштеп көндіру; шашын жаю – әйелдің аза ұстауы, қаралы болғанын білдіру; бетін шиедей қылу – біреуді масқара қылу, жақыны өлуіне байланысты әйелдің бетін тырнап қанатып, қатты аза тұтуы; аяғын тұсау – үйлендіріп, әйел әперу; маңдайға жазу – жазмыштың бұйрығы бойынша болу; басын айналдыру – алдап-арбап не молдаға оқытып қалағанынын істету; басына қара жамылу – аза тұту, өлген жақын адамның артын күту; ауыз бастырық беру – сыр шашпауын өтініп, ырымын жасау; бас сипар – ұрын келген күйеу баланың қалыңдығымен танысқаны үшін жеңгетайлық ырымын жасау; қол ұстатар – күйеу баланың қалыңдығының қолын ұстағанына байланысты жасайтын ырымы; бой жасау – хал үстінде жатқан адамның жан тәсілім алдындағы көңілінің бір сәтке көтеріңкі болуы.

3-топқа жататын СЕФ-тер: қабырғасы қатаю – ержету, балиғатқа толу; мұрттай ұшу – қатты ауырып, жалпасынан түсу; жаны көзіне көріну – жаны шыға жаздау; жаны мұрнының ұшына келу – өлермен халге келу; көз сұғын қадаубіреуге сұқтана қарау; көзі ағару – түк көрмейтін соқыр болу; көз тию – біреудің сұқтана қарауынан ауыру; қолқасы үзілу – ындыны құру, жүрегі елжіреу; басы ауырып, балтыры сыздау – ауру сырқауға ұшырау; құмжілік болу – ауру, жүдеу.

Бесінші СЕФ-ке келесідей тіркестерді енгізген: қас-қабағынан тану, қабырғасы қайысу, қолды-аяққа тұрмау, іш құса болу, құлағының құрышы қану, жылы қабақ таныту, қабағы кірбің тарту, қабағынан қар жауу, аузың қайсы десе, мұрынын көрсету – аңқаулық, аузын ашса, жүрегі көріну.

Алтыншы топ: көзді ашып-жұмғанша; қас пен көздің арасы; құлақ естімес, көз көрмес жер; қол созым жерде.

Жетінші топ: ақ ауыз қылу – аузынан жырып әкету, ас ауыз тию; аузы аққа жарымау; аузын ашып сөйлемеу; аузы кеппеу – тамақ жеуден ішкіліктен аузы босамау; аузы майға тию – мол асқа кенелу; аузына су тамызу – хал үстінде жатқан адамның аузына су тамызып күту; аяғы-аяғына жұқпау – тез, зыр жүгіру; аяқ суыту – көлік үстінен түсіп демалу; жүрек жалғау – жеңіл-желпі тамақтану; аузынан дүр шашу – ұлағатты, ғибратты сөз айту; аузына келгенін сөйлеу; бір ауыз сөз айтпау; миы ашу; миына кіріп шықпау.

Сегізінші топ: жағың түскенше жаманшылық көрме, жағыңа жылан жұмыртқаласын.

Мінеки, Б.К.Уызбаева өз еңбегінде осы аталған сегіз тақырыптық топқа бөлінген СЕФ тердің өн бойындағы мәдени ақпараттық мағлұмаы анықтауға тырысады. Өз кезегінде тіліміздегі соматикалық атауларадың ұйытқы болуымен жасалған тұрақты тіркестерге тілдік талдау жүргізу арқылы ондағы халық танымының бір негізі болып есептелетін мәдени ақпараттық кодты анықтауға тырысу тиімді әдістердің бірі екендігі белгілі.

Жалпы, соматизмдер қазақ тілі білімінде сөзжасамдық тұрғыдан, лексико-семанткалық, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттану, концептуологиялық тұрғыдан біршама зерттелгенін көруімізге болады. Сонымен қатар, туыс емес тілдердегі тілдік элементтерді салыстыра зерттеген салғастырмалылық әдіс тұрғысынан да қарастырылған. Өз кезегінде соматизмдерді тарихи әдіс тұрғысынан туыстас түркі тілдерінде салыстыра зерттеу жемісті әрі тиімді әдістердің бірі болып табылады. Себебі, бұл әдіс түркі тілдерінің өзара тарихи, ареалдық тұрғыдан қатынас деңгейін, жеке тілдік жағдаяттағы даму сипатын анықтауда жемісті әдіс екендігін танытуда. Қазақ тіл білімінде түркі тілдеріндегі соматизмдерді салыстыра зерттеу Қ.С.Қалыбаеваның «Түркі тілдерінің фразеологизмдерін салыстыра зерттеу мәселесі» [11;53-56], «Түркі тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер (Қыпшақ тобы тілдері бойынша)» [12;43-47] еңбектерінде қарастырылған. Автор қыпшақ тілдері тобына жататын қазақ, татар, башқұрт, қарашай балқар, құмық, т.б. тілдер элементтерін салыстыра зерттеген. Ал түркі тілдерінің түрлі тобындағы тілдеріндегі соматизмдерді салыстыра зерттеу еңбегінің жоқтың қасы болуы қарастырылып отырған мәселеміздің өзектілігін айқындай түседі. Ұсынылып отырған зерттеу еңбегімізде түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын қазақ тілі мен ұйғыр оғыз тілдері тобына жататын саха тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдерін қарастыратын боламыз

1.2 Саха тілінің ерекшелігі және соматизмдерінің зерттелуі.
Саха тілі – Саха Республикасының мемлекеттік тілі. Саха тілі түркі тілдері тобына енеді. Саха тілінің алғашқы кезеңдерде зерттелуі бұл тіл тілдер туыстастығының қай тобына жататындығы төңірегінде болды десе де болады. Алғаш зерттеу жүргізген сан есімдер тізбегін зерттеген швед офицері Страленберг бұл тілдің түркі тілдері тобына жатқызған. Саха тіліндегі есімдіктердің жасалуын түркі тілдері дамуының жаңа кезеңіне тән құбылыстарға жатқызған В.В.Радлов саха халқы алдымен моңғолданған, кейіннен түркіленген шығу тегі белгісіз халық деген пікір айтады. Ол саха тілінің лексикалық қорының 32,5%-түркі сөздері, 25,9%-моңғол сөздері, ал 41,6%-шығу тегі белгісіз сөздер деп анықтаған. Н.Н.Широбокова «Отношение якутского языка к тюркским языкам Южной Сибири» [13] атты еңбегінде саха тілін зерттеген белгілі түркологтар О.Н.Бетлинг, К.Менгес, В.В.Радлов, Е.И.Убрятовалардың зерттеу еңбектеріне талдау жүргізіп өтеді. Аталған еңбекте автор В.В.Радловтың зерттеу еңбектері туралы «Отмечая необычность якутского языка, в котором «каждый владеющий одним из тюркских языков ... чувствует себя сперва перенесенным в совершенно чуждый мир», он исходит из тезиса: «якуты, народ неизвестного происхождения, который сперва был омонголен, а затем отюречен» [13;7]

Сонымен қатар, саха тіліндегі жұрнақтардың басым көпшілігі және фонетикалық құбылыстар түркі тілдеріндегі сәйкес формалар мен үдерістер дамуының кейінгі кезеңіне тән құбылыс екендігін анықтаған В.В.Радлов саха тілін жаңа түркі тілі деп атайды. Түркі тілдеріндегі зерттеу еңбегін алғаш долған тілінен бастаған Е.И.Убрятова саха тілінің тілдік құбылыстарын іргелес орналасқан эвенкі, долған, хакас, т.б. тілдер құбылыстарымен салыстыра зерттейді [14].

Түркі тілдері фонетикалық ерекшеліктері мен кейбір сөздердің лексикалық дифференциацияға ұшырауы болмаса, жалпы алғанда бір-біріне жақын тілдер. Ал өзге түркі тілдерінен жырақта орналасқан әрі түркі емес тілдердің ықпалына түскен саха тілі фонетикалық, морфологиялық, лексикалық жағынан біршама өзгерістерге ұшыраған. Осы ерекшеліктеріне байланысты кезінде ғалымдар арасында саха тілі түркі тілдеріне жатады ма деген сұрақтар да туындаған.

А.Ремюза түркі тілдерін: якут тобы (саха тілі), ұйғыр тобы (ұйғыр, шағатай, түрікмен тілдері), ноғай тобы (Қырым Астрахан төңірегіндегі татарлар тобы), қырғыз тобы, түрік тобы деп беске бөліп қарайды [15;193]. Түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сүйене отырып, Радлов оларды: 1) шығыс тобы, 2) батыс тобы, 3) Орта Азия тобы, 4) оңтүстік тобы деп 4 топқа бөледі. В.В.Радлов шығыс тобына саха тілін қоспастан, оны жеке тіл ретінде қараған [15;193-194]. Ф.Корш түркі тілдерін солтүстік тобы, батыс тобы, шығыс тобы, аралас топ деп төрт топқа бөліп, саха тілін чуваш тілімен бірге аралас топқа жатқызады [15; 195-196]

Белгілі түрколог Н.А.Баскаков түркі тілдерін батыс және шығыс хун деп бөліп, саха тілін шығыс хун тілдерінң ұйғыр оғыз тілдері тобының саха якут тілі тобына жатқызады (аталған топқа тек саха тілі ғана жатқызылған) [15; 212-213].

Саха тілін Саха Республикасында, Таймыр, Краснояр аумағында мекен ететін жергілікті халықтар сахалар қолданады. Саха этникалық атауының шығу тегі жөнінде бірқатар пікірлер мен болжамдар бар. Е.И.Убрятова өзінің «Якутский язык и его отношении к другим тюркским языкам, а также к языкам монгольским и тунгусо-маньчжурским» атты еңбегінде саха этнонимі туралы былай дейді: «Само слово якут, представляет монгольскую форму множественного числа от слова jaka, к которому восходит современное самоназвание якутов саха, идентичную эвенкийской якол (множ. Числа от яко «якут»). Это слово, употребляемое в первых исторических памятниках наряду с названием якольцы, свидетельствует о том, что русские узнали о якутах от эвенков (этноним якольцы) и каких-то монголов (jakyyt), обитавших там же» [16;9].

Бұл тілдің диалектісі турасындағы пікірлер де бірізді деуге келмейді, мысалға, кейбір деректерге сүйенсек, саха тілінде тек екі диалект бар, бірі аталған елдің оңтүстік өңірін мекен ететін көбіне о дыбысымен сөйлейтін диалектісі болса, бірі солтүстік өңіріндегі көбіне а дыбысымен сөйлейтін диалектісі. Сонымен қатар, бұл тілді үш диалектіге бөліп қарастыру да кездеседі, яғни кезінде саха тілі негізінде пайда болған долған тілін жеке тіл ретінде емес, саха тілінің бір диалектісі ретіне қарастырады. Оған себеп бұл тілдің кезінде саха тілінен шығуы, сәйкесінше көптеген тілдік құбылыстарының сәйкес келуі және халқының санының аздығы. Ол бойынша, батыс диалектісі (Лена өзенінің сол жақ жағалауы: вилюйлік және солтүстік батыс говорлары), шығыс диалектісі (Лена өзенінің оң жағалауы және солтүстік батыс говоры) және долған диалектісі (Таймыр, Анабар ауданы, саны аз долған халқы тілі) деп бөлінеді. Грамматикалық құрылымы жағынан саха тілі – көне түркі тілдеріне жақын тіл. Бұл тілдің өзге түркі тілдерінен өзгешеліктері, атап айтқанда, местный падеждің даралық септікке (Ә.Қайдар, М.Оразовтың еңбектерінде частный падеж даралық септік деп берілген) ауысып кетуі, кей септіктердің жоғалып кетуі секілді құбылыстар. Өз кезегінде саха тілін өзге түркі тілдерінен ерекшелеп тұратын бұл айырмашылықтарды руникалық жазба ескерткіштерден табуға болады.

Бұл құбылыс саха халқының ежелгі замандарда түркі дүниесімен тұтастыққа өмір сүріп, кейіннен белгісіз бір себептермен Орта Азиядан солтүстікке ығыстырылуы немесе қоныс тепкендігі туралы болжам жасауға итермелейді. Саха халқының солтүстікке қоныс аударуы, қоныс аударған географиялық орындағы жергілікті халықтардың тіліне қалай әсер еткендігі және керісінше, саха халқының жергілікті халықтар тілі ықпалына қалай ұшырағандығын өз кезегінде Е.И.Убрятова «Очерк истории изучения якутского языка» еңбегінде жан-жақты зерттеген, саха тілінің тілдік құбылыстарына тереңінен талдаулар жүргізген.

Саха халқы ерте заманда түркі дүниесінен бөлініп, солтүстікке қоныс тебуі арқылы саха тілі де өзге түркі тілдерінен ерте оқшауланып, өз бетінше дамыды, одан бөлек бұл тілге көрші елдердің тілдік элементі де барынша енді. Саха тілінің бұл ерекшелігі аталған тілдегі моңғол, эвенкі, орыс және т.б. тілдік элементтерді аршып алып, көне түркі тілін реконструкциялауға болатынын аңғартады.

Моңғол және эвенкі халықтарымен ұзақ та тұрақты қарым-қатынас саха тілінің фонетикасына, ішінара грамматикалық құрылымына да, сонымен қатар лексикалық қабатына да әсерін тигізді. Жұрнақ формалары жағынан саха тілі оғыз тілдер тобына жақын, мысалға, бұл топқа жататын тілдердегі -мыш жұрнағының қызметін саха тілінде -быт жұрнағы атқарады, саха тіліндегі -тах жұрнағы оғыз тілі тобындағы -дык жұрнағына сәйкес келеді, ал оғыз тілдері тобында келер шақ формасын беретін -ачак формасы бұл тілде -ыах түрінде кездеседі [16;3] Н.Н.Широбокова «Отношение якутского языка к тюркским языкам Южной Сибири» еңбегінде саха тілін зерттеген бірқатар іргелі ғалымдардың еңбектеріне талдау жасап өткен болатын. Осы еңбекте ғалым Е.И.Убрятованың саха тілі мен долған тілдерінің арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтар, долған тілінің генезисі және екі тілдің арасындағы абстраттық, субстраттық қатынастар жөніндегі еңбектеріне талдау жасап, саха тілі зерттелуіне аталған ғалымның қосқан үлесінің зор екендігін айтады.

Саха тілі жөнінде жүргізілген көптеген зерттеу еңбектерінен бұл тілдің көне түркі тіліне жақын екендігін және екі тіл арасындағы көптеген ұқсастықтардың бар екендігін көреміз. Дегенмен, саха тілінде моңғол тілінен, орыс тілінен, жергілікті халықтар тілінен, атап айтқанда, эскимос, тува, хакас, шор, т.б. енген фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктер көп. Чуваш тілі секілді саха тілі де жергілікті халықтардың ықпалына көп ұшырап, өзге түркі тілдерінен ерекшелеп тұратын көптеген тілдік құбылыстарға бай болып келеді. Мысалға, саха тілінде өзге түркі тілдерінде кездеспейтін (қырғыз тілін есептемегенде) сөздің бірінші буынында созылыңқы дауысты дыбыс пен дифтонг кездеседі. Өз кезегінде бұл дифтонгтар және созылыңқы дыбыстар шын мәніндегі созылыңқылықты білдірмейді, олар сол буынға екпін түсу керектігін аңғартатын тілдік белгілер ғана. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткендей, септіктердің орыны ауысып кеткен және септік жүйесіне өте бай. Саха тілінде моңғол тілі, эвенкі, орыс тілдерінен лексикалық сөздер көп енгендігін айтып өттік. Соның ішінде долған диалектісіне эвенкі тілінен көптеген диалектілер енген, сонымен қоса, саха тіліне Қазан төңкерісіне дейін орыс тілінен енген сөздер көп. Құрамында тіпті бүгінгі күнде орыс тілі қолданысынан шығып қалған сөздер де кездеседі, мысалға, араспааннья сөзі шыққан тегі, орысша айтқанда фамилия мағынасын берсе, ол орыс тіліндегі прозвание сөзінің саха тіліне кіріккен түрі, саха халқы ақшаны солкуобай дейді, ол орыс тіліндегі бұрынырықта қолданылған целковый сөзі.

Сібір халықтарымен ұқсас келетін фонетикалық құбылыстарға к дыбысының орнына х дыбысының келуі, ж-з, з-й дыбыстар сәйкестігін, морфологиялық құбылыстарға даралық септіктің болуын, т.б. ерекшеліктерін жатқызуға болады.

Саха тілі түркі тілдері тобына жататындықтан агглютинативті тіл, яғни жалғамалы тіл болып келеді. Мысалға, ат-таах-тар-быт-ы-нааҕар сөзі біздің шабандоздармен салыстарғанда, біздің атқа мінерлермен салыстарғанда, немесе біздің ат айдаушылармен салыстарғанда деген мағына береді. Өзге түркі тілдеріндегідей саха тілінде де өнімді жұрнақтар, өнімсіз жұрнақтар, немесе сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жұрнақтар, көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары бар. Мысалға, сөз тудыратын өнімді жұрнақтарға -лаах, -лыы, -лаа жұрнақтары жатады. -лаа жұрнағы түбір сөздің ыңғайына қарай еріндік, езулік варианттарға түрленіп отырады. Мысалға, бэргэһэлээ сөзіндегі бэргэһэ сөзі бас киім, бөрік мағынасын берсе, -лээ жұрнағы жалғану арқылы бас киімдендір, яғни бас киімін кигіз, деген мағына береді, демек -лаа жұрнағы өзі жалғанып тұрған түбір мағынасына бір нәрсені беру, бір нәрсемен қамтамасыздандыру мағынасын үстемелейді (орысша айтқана наделять чем-либо). Бэргэһэлээ сөзі саха тілінде тек бас киімін кигізу, мағынасын ғана беріп қоймайды, сонымен қатар, неке қию кезіндегі рәсімді де сипаттайды.

Қазан төңкерісінен кейінгі саха тілінің зерттелуі осы тілдің жазу тілін, орфографиялық емле ережесін қалыптастыру, оқулықтар мен сөздіктер құру төңірегінде болды. А.А.Кюндэ, Г.У.Эргис, П.А.Ойунский, т.б. саха елінің зиялы қауым өкілдері жұмылдырылған бұл жұмыстардың нәтижесінде 1935 жылы СНК ЯАССР-де «Тіл және Мәдениет институты» құрылды.

Соңғы жылдардағы саха тілі жөніндегі жүргізілген елеулі зерттеу еңбектерінің қатарына Н.Н.Широбокованың «Отношение якутского языка к тюркским языкам Южной Сибири» атты жүйелі зерттеу еңбегін жатқызуға болады.

Саха халқының түрлі тарихи кезеңдерді бастан кешіруіне, орналасу аймағына, көрші елдермен мәдени, тұрмыстық, т.б. тығыз қарым-қатынаста өмір сүруіне байланысты тілінің де тарихи көпқабаттылыққа ұшырауы заңды құбылыс. А.Г.Нелуновтың «Якутско-русский фразеологический словарь» атты саха және орыс тілі фразеологиялық сөздігі саха тілінің фразеологиялық жүйесін қарастыратын зерттеу еңбегі [17]. Бұл сөздікте саха тілінің тұрақты тіркестері мүмкіндігінше орыс тіліндегі сәйкес тұрақты тіркестерге аударылып және түсініктеме беріліп отырған.

Саха халқы ғалымдардың болжамы бойынша, бір кездері Азияны мекендеп, кейіннен белгілі бір жағдайға байланысты Солтүстік Сібірге қоныс аударған тарихтағы кәдімгі сақ тайпаларының ұрпағы делінеді. Осындай генезисі, тілі күрделіліктерге толы саха халқы соңғы кездері түркологтардың да, антропологтардың да, этнологтардың да қызығушылығын тудырып отырғаны даусыз.

Н.Н.Широбокова саха тілінің өзге түркі тілдерінен ерте заманда оқшауланып қалуы мен араб, парсы, қытай тілдері ықпалынсыз дамығандығын айта келе бұл тілді зерттеудің өзекті екендігін былайша түсіндіреді:

«Ранняя изоляция якутского «законсервировала» для нас черты и свойства, которые оказались затемненными в литературных письменных языках из-за полиэтничности их носителейи в результата смешанного характера литературных языков уже на ранних этапах их истории. Тем самым он представляет собой язык , в котороым древняя тюркская система, близкая по ряду параметров к языку рунических памятиков, получила возможность непосредственного развития вне сферы влияния иранских, арабского и китайского языков. Таким образом, описания якусткого языка помимо своей абсолютной ценности дает определенную «точку отсчета» для измерения исторической глубины и направленности языковых преобразований в других тюркских языках» [13;5].

«Якутский язык также претерпел определеноое воздействие со стороны других как тюркских, так и нетюркских языков. Однако эти субстратные и адстратные наслоения доказательно выявляются в процессе анализа, что позволяет использовать реконструкт древнеякуткого языка для сравнительной характеристики тюркских языков Монголии и Южной Сибири в период раннего средновековья и рассматривать языковые факты, не свойственные якутскому языку, как черты тюркских языков с другой этнической отнесенностью (например, древнекыргызский) или более поздних по времени возникновения» [13;5-6].

Яғни, саха тілі географиялық аумағының өзгеруіне байланысты сол орын тепкен мекендегі жергілікті халықтардың тілдік элементтерін қабылдады, ал бір жағынан алып қарағанда, саха тілі ерте заманда мекен орынын ауыстыру арқылы өзге түркі тілдерінен оқшауланып, қытай, араб, иран тілдерінің ықпалына түспеді. Г.Г.Левин көне түркі ескерткіштер тілі мен қазіргі саха тіліндегі лексика-семантикалық параллельдердің фоно-семантикалық, семантикалық-тақырыптық, сандық-статистикалық сипаттамасын берді.

Саха тілінің орхон жазба ескерткіштері тіліне ұқсастығын Е.И.Убрятова да өз кезегінде айтып өткен болатын. Ғалым саха тілінің шығу тегін кезең-кезеңмен, жан-жақты зерттеп, саха тілінің орхон жазба ескерткіштері тіліне ұқсас ежелгі түркі тілінен шыққандығы жөнінде болжам айтады. Ол саха тілі мен орхон жазба ескерткіштері тілі арасындағы ортақ тілдік құбылыстарды жүйелейді. Сонымен қатар, саха тіліне моңғол тілінен фонетикалық өзгерістер мен дыбыс еліктеуіш сөздер, етістіктер енгендігін айтады. Тұңғыс-маньчжур тілі ықпалы арқылы түркі тілдеріндегі з, ж, ш дыбыстарының с дыбысына ауысуын (жүрек, йурек, сүрэх), интервокальды с дыбысының һ дыбысына ауысуын (саха тілінде «бас»-қазақ тілінде бас, саха тілінде «баһым»-қазақ тілінде «басым») түсіндіреді.

Көптеген халықтың тілдік құбылыстарын бойына сіңірген саха тілі өзінің тарихи көпқабаттылығымен де, түркі тілдерінен ерте оқшауланған базғы қалыптылығымен де зерттеушілерді қызықтырары анық. Қазақ тіл білімінде саха тілін қазақ тілімен салыстыра зерттеген зерттеу еңбектері жоқтың қасы, сәйкесінше қазақ тілінде жарық көрген саха тілі туралы зерттеу еңбектері де бірлі-жарым болмаса, көп ұшыраса бермейді. Ал қазақ тіл білімінде саха тілінің соматизмдерін қарастырған зерттеу еңбектері мүлде жоқ. Бұл тұрғыда Ресей ғалымы А.Г.Нелуновтың орыс және саха тілдерінің фразеологиялық сөздігінде бірқатар соматикалық тұрақты тіркестерді кездестіруге болады.

Бұл жағдай қазақ тіліндегі соматикалық атаулардың ұйытқы болуымен жасалған тұрақты тіркестерді саха тіліндегі сәйкес тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеудің өзектілігін аңғартады. Ұсынылып отырған жұмыста аталған екі тілдегі соматикалық атаулар негізінде жасалған фразеологиялық тіркестердің семантикалық өрісіне талдау жасауға тырысамыз.


1.3 Соматикалық фразеологизмдерді салыстыра зерттеудің түркі тілдері үшін тиімділігі

Фразеология термині грек тілінен аударғанда фразис – сөйлемше, логос – ілім, сөз, яғни сөйлем туралы ілім деген мағынаны береді. Бүгінгі қазақ тіл білімі ғылымында тұрақты сөз тіркестері деген термин қолданылып жүр. Тілдің фразеологиялық қорын зерттеу мәдени дәстүрлер мен құндылықтардың тілге ену жолдары мен амал тәсілдерін айқындауға көмектеседі. Кез келген ұлттың мәдениетін, жүріп өткен тарихи жолын сол халықтың тіліндегі деректер арқылы табуға ұмтылу ұтымды әрі жемісті әдістердің бірі деп есептейміз. Себебі, кез келген тілдегі сөздер, тілдік құбылыстар сол ұлттың ғасырлар бойы жүріп өткен жолы, тарихи кезеңдері, тұрмыс тіршілігі мен дүниетанымынан, ұлттық болмысынан ақпарат беруші канал десек болады.

«Сөздің мәдени-лингвистикалық портретін жасау үшін оның қолданылу тарихын сипаттау, сөздіктегі мағыналарын жинау және тағы да басқа жолдармен түсініктеме беру жеткіліксіз. Сөздің этимологиялық мағынасын, семантикасы мен прагматикасын салыстыру тек айырмашылықты білу үшін ғана емес, сөздің терең қойнауында болып өткен және болып жатқан процестерді ашу үшін қажет. Екінші жағынан, қазіргі нақты мағыналар мен концептілердің дүниеге келу сәтіндегі жасырын мехнизмдерді салыстыру ұлт өкілінің, ұлттық, жалпы адамның қабылдау, түйсіну, ойлауының өзіндік ерекшелігін, мәдениеттің қалыптасуын және дамуын айқын көруге мүмкіндік береді [5;26].

Фразеологизмдер обьектілерге дүние бейнесімен ассоциацияға түсетін белгі-нышандар үстемелейді, дискриптивтік жағдаяттарды тұспалдап жеткізеді, оларды бағалайды және оларға деген көзқарасты білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде фразеологизмдердің актуальды мағынасы мен ішкі формасы аралық қатыстылықты қарастыру этникалық мәдениет қорының негізін құраушы дүниенің қарабайыр бейнесінің өзіндік тұрпатын айқындауға мүмкіндік береді [7;33].

Тілдің фразеологиялық қорын зерттеу сол тілде сөйлейтін ұлттың танымы, дүниеге көзқарасы туралы тың мағлұматтар беретін тиімді әдістердің бірі болып табылады.

Тілдегі фразеологизмдердің қоры әлемді танудың ұлттық тілдік моделінің негізіне алынатын фразеологиялық дүние бейнесін түзеді. Онда ежелгі адамның өзін қоршаған орта, шындық болмыс туралы терең философиялық ойтанымы, ұлттың рухани мәдениетінің қазіргі антологиясының қайнар көздері көрініс табады [7;38].

Демек, тілдік талдаулар жүргізуде фразеологизмдердің ішкі құрылымдық, семантикалық өрісіне талдау жүргізу тиімді әрі ұтымды әдістердің бірі болып табылады. Фразеологиялық тілдік бірліктердің ішінде соматикалық атаулардың ұйытқы болуымен жасалған тұрақты тіркестерге талдау жүргізе отырып, тілдегі мәдени, танымдық ақпаратқа қол жеткізу барынша мол нәтиже беретін тәсіл екендігінен сенім білдіреміз.

Көрнекті ғалым, саха тілі сөздігінің авторы Э.К.Пекарский белгілі бір ұлт тілінің сол ұлттың тарихи жүріп өткен жолы мен рухани мәдениетнің бай қазынасы екендігі туралы мынадай пікір білдірген: «Язык племени – это выражение всей его жизни, это музей, в котором собраны все сокровища его култьурной и высшей умственной жизни». Шынымен, кез келген тіл сол тілді қолданатын этностың рухани және жоғары ақылдық мәдениетінің мол қазынасы сақталған мұражайы іспеттес. Кез келген халықтың тілдік қорынан ойып орын алатын және құрамы мен құрылымы, ішкі семантикалық мағынасы, пайда болу уәждемесі жағынан, өн бойындағы тарихи, мәдени ақпарат бояуының қанықтылығы жағынан ерекше көзге түсетін тілдік таңбаның бірі фразеологизмдер екен даусыз. Сол себепті де, тілдің фразеологиялық қорын зерттеуге, тілдегі фразеологиялық тіркестердің табиғатын тереңірек ашуға ұмтылу тіл білімі ғылымында өткен ғасырда-ақ қолға алына бастаған.

«Еуропалық тілдердің құрылымында басымдық танытатын семантикалық бірлік сөз емес, фраза, фразеологиялық тіркес» деген Мейенің , «фраза, фразеологиялық бірлік зерттеудің басты нысаны болу керек» деген Ш.Баллидің пікірлерін басшылыққа ала отырып, В.Виноградов жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдары орыс тілінің фразеологиялық корпусының алғашқы классификациясын ұсынды және фразеолгизмдердің тұрақтылық, тиянақтылық, мағына тұтастығы сияқты басты белгілерін атап көрсетті [7;31].

«Түркі тілдерінің фразеологизмдерін салыстыра зерттеу мәселесі» атты мақаласында Қ.С.Қалыбаева түркі тілдерін фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан салыстыра зерттеу мәселесі өз соқпағын тауып, бірізділікке түскенімен, аталған тілдерді лексикалық жағынан зерттеу әлі де толыққанды реттелмей келе жатқандығын, сонымен қатар, түркі тілдерінде лексика семантикалық айырмашылықтардың көп екендігін баса айтады.

Түркі тілдерінің лексика саласын салыстыра зерттеу жайында К.М.Мусаев былай деп көрсетеді «Исследователь взявшийся за сравнительное изучение лексики тюркских языков сталкивается с большими затруднениями. Главным из них является отсутствие описательных лексикологических, лексикографических трудов по каждому из тюркских языков и памятников. Например, отсутствуют полные толковые и переводные словари по всем тюркским языкам и диалектам, в которых максимально раскрывались бы все значения слова, отсутствуют сравнительные словари, удовлетворяющие современным требованиям». Аталған проблемалардың бірқатары бүгінде шешімін тапқанмен, олардың әлі күнге бір ізге түспегендігі байқалады [11;54]. Автор түркі тілдерінің ішінде фонетикалық, грамматикалық айырмашылықтарға қарағанда лексика-семантикалық айырмашылықтардың мол екендігін айтады.

Түркі тілдерінің фонетикалық, грамматикалық қабаттарын салыстыра зерттеген А.М.Щербак бұл тілдердің лексикалық қабаттарындағы айырмашылықтары мол болуының себептерін санамалай келе тілдердің лексика қабатын тез өзгертетін факторлардың бірі ретінде фразеологизмдерді атайды [11;55].

Туыстас түркі тілдеріндегі фразеологизмдерді зерттеу өзекті екендігі, әрі бұл салада атқарырлар істің әлі де орасан көп екендігі белгілі.

Соңғы кездерде жалпы түркі тілдерінің фразеологизмдерін туыс емес тілдермен, оның ішінде үнді еуропа тілдерімен, қытай, жапон, корей тілдерімен, т.б. тілдердің фразеологизмдерімен салыстыра зерттеу мен сөздіктер жасаудың тәжірибесі біраз жинақталып, оның ішінде қазақ тілінің деректерін де басқа тілдермен салыстыра зерттеу үрдісі жақсы белең алып келеді. Бұл ретте қазақ, орыс, ағылшын тілдері деректері негізінде жасалған Ж.К.Қонақбаева, М.Р.Есімжанованың, орыс және түрікмен тілдеріндегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеген О.Назарованың, неміс және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерді зерттеген М.Г.Сәбитованың, корей және түркі тілдеріндег фразеологизмдеді зерттеген С.Жетпісованың, қытай және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерді зеттеген П.Н.Дәулетованың еңбектерін атауға болады. Ал, туыстас түркі тілдеріндегі фразеолгизмдерді өз ішінен салыстыра зерттеу мәселесі әлі күнге қолға алынбай келеді [11;53].

Өйткені, соматикалық фразеологизмдер этностың ғалам, әлем, дүние жайлы түсініктерінің көне элементтерін жаңғыртуға көмектеседі, дүниенің біртұтас тілдік моделін қалыптастыруға қатысады. Соматикалық фразеологизмдерді талдау барысы тілдің соматикалық бірліктері дүниенің концептуалды бейнесін түзуші деп қабылдауды қажет етеді, адамның дүние ғалам туралы түсініктерімен бүтіндей және жүйелі түрде танысуға мүмкіндік береді. Соматикалық фразеологизмдер – лингвистикалық антологияны зерттеуге негіз бола алады [7;40].

Қ.С.Қалыбаева түркі тілдеріндегі жекелеген тілдердің (әзірбайжан, башқұрт, қарақалпақ, т.б.) фразеологиялық тіркестеріне арналған зерттеу еңбектерін атай келе «Ал, түркі тілдерінің фразеологизмдерін арнайы зерттеген еңбектер қазірге жоқтың қасы. Соңғы жылдары жарық көрген Нұрмахановтың «Түркі фразеологиясы» атты ғылыми басылымы осы саладағы алғашқы ізденіс деп айтуға болады. Еңбекте көне түркі жазба ескерткіштер тілінде кездесетін мақал-мәтелдер үлгілері жинақталып, қазіргі түркі тілдерімен салыстырылып зерттеледі. Олардың кейбір ұқсастықтарымен қатар кейбір фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері анықталады. Алайда, мұнда негізінен көне түркі тілі материалдары, оның өзінде тек мақал-мәтелдері ғана зерттеу нысанасына алынған. Алайда, түркі тілдерінің фразеологизмдері диахрониялық тұрғыдан зерттелуі қажеттігін зерттеушілердің қай-қайсысы болса да атап көрсетіп отырған [11;55].

Көріп отырғанымыздай, белгілі бір ұлттың санасындағы әлем бейнесін тануда тілдегі соматикалық атауларға талдау жүргізу тиімді тәсіл екендігін аңғаруға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қоқышева М.Н. Қазіргі қазақ тіліндегі дене мүшелері атаулары негізіндегі сөзжасамдық ұялардың сөзжасамдық сатыларындағы туынды сөздер – Алматы, 2001. – 115 бет

2.Д.Б.Рскелдиева, Н.А.Утемгалиева Ішкі ағзалардың соматикалық фразеологизмдер жасауда ұйытқы болу жиілігі

3.Ташауов С.Ә. «Кодекс Куманикус» тіліндегі соматикалық атаулар және олардың тексика-семантикалық топтары – Алматы, 1995. – 161 бет

4.Б.Уызбаева Қазіргі қазақ тіліндегі cоматикалық етістік фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты Алматы, 1994

5.Абдрахманова Б.М. «Көз» концепті: лингвомәдени және танымдық парадигмасы // әл-Фараби атын. Қазақ ұлттық ун-ті. – Алматы, 2008. – 125 бет

6.Кәріпжанова О.А. Фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары бойынша) // С.Торайғыров атын. Павлодар мемл. ун-ті. – Павлодар, 2010 – 125бет

7.Нұржанова Б.А. Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды // Л.Н.Гумилев атын. Еуразия ұлттық ун-ті. – Астана, 2010. – 125 бет

8.А.Султангубиева «Тілдік бейнедегі «жүрек» концептісінің көрінісі (қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша)» Алматы, 2009.

9.Карменов,Н Араб және қазақ тілдерінің соматикалық атаулар жүйесіндегі меронимиялық қатынастар//ҚазМУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – Алматы, 2001 №1. – 49-52 бет

10.Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі: 10 томдық жалпы ред. басқарған А.Ы.Ысқақов, Алматы: Ғылым, 1980.

11.Қалыбаева Қ.С. Түркі тілдерінің фразеологизмдерін салыстыра зерттеу мәселесі // Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы. Филология ғылымдарының сериясы №2 (24). – Алматы, 2008. – 5 3- 56б.

12.Қалыбаева Қ.С. Түркі тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдер (Қыпшақ тобы тілдері бойынша) // Білім – Образование ғылыми-педагогикалық журнал №4 (46). – Алматы, 2009. – 43-47 б.

13.Широбокова Н.Н. Отношение якутского языка к тюркским языкам южной Сибири. – Новосибирск: Наука, 2005. – 272бет

14.Убрятова Е.И. Очерк истории изучения якутского языка. - Якутск: Гос

издат ЯАССР, 1945. – 35 стр.

15.Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы: Арыс, 2004. – 360 бет



16.Убрятова Е.И. Якутский язык и его отношении к другим тюркским языкам, а также к языкам монгольским и тунгусо-маньчжурским. Москва: Издательство восточной литературы, 1960. – 73 бет

17.Нелунов А.Г. Якутско-русский фразеологический словарь. – Гео, 2002. – 288 бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет