Л. Фейербах 1804 жылы Лансугутта туып, 1872 жылы Нюренберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері: «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын». Философияға Гегельдің идеалистік философиясын сынау арқылы келеді. Фейербах: «Гегель нақты ойлауды нақты адамнан айырып, шындықты жасаушыға айналдырды», - дейдi.
Фейербахтың пікірінше, жаңа философия ─ теологиялық емес, антропологиялық болуы керек. Антропологизм - адам мен табиғаттың айырғысыз бірлікте және адамды табиғаттың жемісі деп қарау. Антропология - адамның биологиялық жақтарын зерттейтін ғылым. Табиғат рухтың негізі болғандықтан, ол философияның да негізі. Табиғаттан сезім мен ақыл-ой дарыған. Адам жер бетіндегі тірі жан, табиғаттың бір бөлігі екенін мойындай отыра, оны қоғам мен және тарих дамуынан тыс, абстракты түрде алып қарайды. Адам мен табиғаттың өзара әрекетінің негізі, қоғамдық-тарихи практика екенін түсінбеді
Таным туралы. Фейербах: «Дүниені танып білу дүниенің өзі секілді шексіз. Таным сезімнен басталады, шындықтың дәйегі - іштей туған сапа». Қоршаған ортаны тануға болады, ақыл-ойдың мүмкіндігі шексіз. Бірақ, бұл бірден пайда болмайды, ол адамның эволюциялық дамуы, тәжірибенің жиналуы, ғылыми-техниканын өсуіне байланысты болады. Фейербах: «Біз танымағанымызды, біздің ұрпағымыз таниды»[1] - дейді. Фейербахтың бүкіл материализмі секілді, таным теориясы да сырттай пайымдаушылық сипатта болды - бұл практикалық іс-әрекет рөлінің маңызын түсінбеушілік. Ойлау адамнан тыс және одан тәуелсіз өмір сүре алмайды. Ол адам миымен ажырамас байланыста болады. Тарихты түсінуде тарихи процестің қозғаушысы деп объективтi заңды емес, ақыл-ойды мойындайды.
Фейербах: «адамның өзіннің түпкі төркіні санасына байланысты, дін адамды емес, адам дінді жасайды»- деді. Адам қандай болса құдайы сондай деп, Фейербах діннің негізін қиялдан (фантазиядан) іздейді. Фейербах материализмнің күшті жағы - оның дінмен ашық күресіп діннің психологиялық түп-тамырын ашып беруiнде. Құдайы бар дінді жойып, оның орнына құдайсыз, адамдардың сүйiспеншiлiгiне негiзделген жаңа дінді жасауды ұсынды.
Демек, объекті мен субъекті мәселесі табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас арқылы қарастырылады. Танымның негізгі мәселесі адамдар арасындағы қатынаспен байланысты, демек танымның объектісі – тек қана табиғат емес, адамның өзі де. «Мен» бір жағынан объекті болса, екінші жағынан субъекті де» деп, ол таным үдерісіндегі қоғамдық қатынастарды, адам мен адам арасындағы байланысты анықтады. Өзінің философиялық кұрылымын «жаңа философия», «болашақтың философиясы» атаған Фейербах тек қана адамның ойлай алатынын, адамнан тысқары әлемде ешқандай құдайлық парасат өмір сүрмейтінін, бұған барлық жаратылыстану ғылымдарының деректері мысал бола алатынын айтады.
«Біз адам болмысын ойлау үдерісі арқылы анықтаймыз, демек, ойлау мен болмыстың өзара диалектикалық байланысы бар».
«Материя болмаса, біздің парасатымыз ешқандай сезімдікке, әсерге ие бола алмайды, яғни ойда ешқандай мазмұн жоқ. Демек, материяны жоққа шығару парасатты да жоққа шығарумен бірдей. Материяның негізгі өмір сүру формалары – уақыт пен кеңістік»
Фейербах дін мәселелері
1. Құдайдың өз бетімен өмір сүретін реалдылық ретінде жоқ екендігі; 2. Құдай – адам санасының туындысы; 3. Дін - мифологиялық-фантастикалық идеология
Фейербах дін мен адамгершілік мәселелерін талдағанда, адамдар арасындағы сүйіспеншілік болатындығын айтып, сүйіспеншілікті ғана білдіретін, яғни құдайсыз дін жасауға ұмтылды. Ал адамгершілік адамдардың арасындағы әлеуметтік қатынастармен байланысты болмай, жалаң анықталып, барлық адамға тән сезім ретінде қарастырылды