Лекция Сара Тастанбекқызы айтыскер ақын Жоспар



Дата16.11.2022
өлшемі43,12 Kb.
#158458
түріЛекция
Байланысты:
саратастанбекқызы


10-лекция
Сара Тастанбекқызы – айтыскер ақын
Жоспар:
1-Өмірі, ақындық шығармашылығы.
2-Сара – қазақ әйелінің арманы, мұң-шерін поэзия тілімен өрнектеген ақын.
3-Ақынның Біржан салмен болған айтысы.

Қазақ халқының өнерпаз қауымы – талантқа бай. Ерлері мен қыздары өмір сапарын бірге кешіп, болашақ мүдделерін қоян-қолтық шешкен. Өнер салаларының өсу жолында талай тамаша таланттар бой көрсетіп, өркен жайған. Шаршы топ алдында шабыт шақырып, қанша шапса да бір шалдықпай, сөз өнері жарысында сан саңлақ қыздар сыннан сағы сынбай қатар өткен: Манат, Ырысжан, Ақбала, Күңбала, Тоғжан, Айжан, Ақсұлу, Айсұлу, Жантөлі, Мақта, Мәйке, Айкүміс, Шәлипа, Ләтипа, Шәрипа, Қызболық, Шөкейқыз, Тәбия, Дәмеқыз, Ұлбике, Қадиша, Ажар, Жекейқыз, Күйкентай қыз, т.б. айтыс өнерінің қыздары – ақпа ақындардың алтын алқасы. Аталған арулардың көпшілігі қаршадай шағында – ақ , 15-17 жастарынан төселген сақа ер ақындармен тайсалсай тайталасқа түскен, өнер асырып, жүлделерге ие болған, дәуірлік туындыларқалдырған. Осынша арулар тобының алдыңғы қатарында қолына өнердің көкжасыл туын ұстап, аршынды адыммен ілгері ұмтылып, нөсерлі ән шырқаған Сара қыз болатын. Ол — атақты Біржанмен айтысы арқылы даңқын асырған ақпа ақын.


Сара Тастанбекқызы 1853 жылы қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Матай-Қатағай елінде туып өскен. Әкесі Тастанбек ерте өліп, оның інісі Жайсаңбектің қамқорлығында қалады. Сара жетімдік зардабын шегіп, жоқ-жітік көріп, тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уәзипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте тізе бүгіп, қаза тапқан. Ал, Жайсаңбек болса, бойына біткен қайратын жұмсап, өнімді еңбек ете алмай, бұзықтар құрған тұзаққа өзін де, жасөспірім Сараны да іліндіріп алып азап шеккен. Таяуда жарияланған Өтепберген Ақылбекұлының мәліметі Қалихановты толыстырып, нақтылай түскен. Сараның өмірін, айтысын бұрмалаудан арашалап, ғылымға керек деректер берген. Біз осы соңғы табысқа жүгінеміз. Ол Сараның 1853 жылы туып, 1907 жылы өлгенін, 1871 жылы Біржанмен айтысқанын, Қарашоқыдағы зиратқа жерленгенін (Қапал ауданы), Біржанның көмегімен азат болып, Бекболға қосылып, бес бала сүйіп өмір кешкенін, әкесі Тастанбек пен шешесі Уәзипаның шағын шаруасының болғанын анықтады. Сара заманына салқын жүзбен қарап, бойына қуат жиып, қайсарлық көрсете өсті. Кезі келіп, күні туар жарқын күнін армандаудан танған жоқ.
Өнерге әуестік оны танымал саңлақтарға тап қылады. Сара-елінің атақты қобызшысы Молықбай ақынмен кездеседі. Қазақтың басқа да ақпа ақындары сияқты Сара да халық өнерпаздары алдын көріп, өнерін үйреніп, мектебінен өтеді. Зейінді жас аға ақылын мүлт жібермейді, өнеріне бас иіп, өзінше өрнек төгеді. Жастығына қарамастан, санасы да, қабілеті де тез қалыптасып, алқалы топ алдында ақындық сыннан өтіп, көркем сөз сиқырына жетіліп алады. Домбыраға да Сара он жасынан-ақ әуес болып, жыл өткен сайын ән мен музыканы ақындық талантына дем берер сенімді сүйемелге айналдырады.
Қоңыр күй қобызында Молықбайдың ,
Үкісін домбырамның толықтайын…
Аралап өмір сырын, бойым сергек,
Саралап алды-артымды, ақыл тергеп,
Арман мен адал сырымды өлең қылып,
Ән салу домбырамен болды енді ермек.
Жетімдік, жоқтық азабын тарта жүріп, 15 жаста-ақ ол ел аузына ілініп, ақын Сара атанады. Еліне танымал Ниязбек, Мәулімбай, Қыдырәлі, Арслан, т.б. ақындармен кездесіп, айтыс өнеріне де жаттығады. Тасыбек, Ермек, Құдайбергендермен айтысады. Түбек, Бақтыбай сияқты аға ақындардан да хабарлы болады. Ақылы мен өнеріне көркі де сай , сындарлы сұлу Сара болып бой жетеді. Сара — өмір бойы мұқтаждық, панасыздық қасіретімен арпалыса жүріп, өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсіреді, түлетіп бақты.
Қазақ әдебиеті жасаған сан сұлулар мүсіндерінің мұңлы тағдыры бұл шындықтың қайғылы сырын танытар мәңгі ескерткіш. Мысалы: Абайдың “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” деген, өлеңіндегі теңдік таппай қорланып, жартастан суға құлаған сұлу тағдыры, кейінгі ақындар жасаған – Гүлхашима, Ғайша, Сұлушаш, Қаралы сұлу, Қаракөз сияқты қазақтың аяулы сұлуларының қайғылы тағдырларын Сара да өз басынан кешті. Бой жетпей жатып-ақ оған құда түсті.Он үш жасар балғын Сараны тумысынан кеміс, кексе Жиенқұлға қоспақшы болады.Сараның ендігі мақсаты тек тұрмыс кемтарлығын жоюды, халық қатарлы өмір сүруді ойлау емес, ең алдымен, басына бостандық алу ниетінде болған еді. Он бес жастан он жеті жасқа дейін ол Жиенқұл қармағынан құтылу әрекетін іздестірді.
Замана қайшылықтары, әсіресе, кедей-кепшік пен әйел жұртының правосыздығы Сараның кейінгі ақындық творчествосының арқауы болып қалыптасады. Қалың малды құдалық салты, оны малданған ескі есер қауым замандар бойы талай арулардың көз жастарын арқалап, обалдарына қалып келе жатқандарын батыл әшкерелейді. Кейбір жоқшылық көрмей өмір кешкен жеке аналар тағдырлары, өзі де, осы правосыздық салмағын мойындарымен көтеріп, ауыр зілдің астында бой жаза алмай байланып-маталып, жүректер сүйген ғашықтарына қосыла алмай, арманда өткенін ашына жырлайды. Өзі ашқан шындық сырын басқаларға да ұғындырмақ болады.Халқының жылы лебізімен Сара барған сайын батыл қимылдап, күңдіктен құтылудың амал-айласын қарастыра түседі. Бас бостандығы талаптарын ашық көтеріп, тыным таппайды. Правосыз өмір кешкен көп әйелдердің бірі болып өтуден, өмірден түңіліп, дәрменсіздік көрсетуден, босқа өлуден бас тартады. Батыл сөз айтады. Әсерлі ән шырқап, даланы күңірентеді.
Қызымын Тастанбектің атым — Сара,
Арман көп, ауызыма, халқым қара.
Қорғанар көп ішінен бұта таппай,
Шырылдаған боз торғай мен бір бала.
Еңіреттің ерте бастан, туған елім,
Кір жуып, кіндігімді буған менің.
Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен
Бір теңім болмады ма ұлдан менің.
Сара өзінің басына түскен ауыртпалықтың үлкен сыры теңсіздікте, қорғансыз жетімдікте екенін айта алды. Егер әкесі тірі болып, ол дәулетті байлардың бірі болса, мұндай қорлыққа душар болуы екіталай екенін:
Бүйтер ме ем, болсам егер баласы бай,
Ауқатты, әкем тірі, төрт жағым сай,-деп термелейді.
Сараны тек Найман елі ғана біліп қоймайды. Алыс өлке, Арқа жайлаған қалың ел хабарлы болады. Өнер адамдарының да Сара даңқын естіп таңдағандары аз емес-ті. Сара тағдырына ара түсу, оның өнерін зәбірлеушілікке тойтарыс беру қажеттігі көзі ашықтар мүддесіне айнала бастайды. Тұрысбекке кейбірі өз үндерін жеткізеді. Хат жазушылар, іздеп келушілер, наразылық білдірушілер кезігеді. Орынбай, Әсет, Әріп, Жүсіпбек, Абай, Біржандардың құлақтарына шалынады. Асылы, Біржанның Сараны іздеп алыс сапарға аттануында осындай шындық жатыр. Ол бұл жолға аттанбас бұрын Абай аулында болған. Онымен кеңесіп, ақылдасып, ұйғарысқан. Сараны іздеп барып, жағдайын өз көзімен көріп-білу, оған аяушылық білдіріп қоймай, көмек болар әрекеттер істеп көру Абайдан шыққан идея болуы ғажап емес. Бұған тағы бір дәлел, кейінірек болса да, Сараның Абайды жете тануы. Оның есімін ардақтап, еске алуы.
Әбдірахман өліміне байланысты қайғысын бөлісу, оның сүйегіне келген адамдарға – Мағауияларға көрсеткен сый-құрметі, көңіл айтып, өлеңмен жазған хаты. Бұларды кездейсоқ оқиғалар деуге болмайды. Біржан басқа айтыс ақындарынша Сараны тілдемейді, қайта, оның қайғысына ортақтасып, оның азаттығын талап етеді. Тіпті, Сарамен мұңдасып кетеді. Қайткенмен де атағы жер жарған Біржан салдың Ешкіөлмеске келуі, Жетісу елінің мұңды саңлағымен кездесуі, елеулі оқиға. Ол әсіресе, Сараның тағдырына мықты әсер еткен кездесу. Біржанның Сараға келу сапары екі ақын үшін де сәтті аяқталады. Біржанның келуі белгілі дәрежеде Сараның бағын ашады. Айтыста жеңілген де Сара емес , “Ақ батаны” қолдаушы ескі қауым, қажылар тобы болып шығады.
Сара Жиенқұлдан азат болғанмен, махаббат бостандығын алған жоқ, өзі сүйген Үсенбайға қосылған жоқ. Бәрібір сол елдің адамына – Бекбай дегенге некеленеді. Сөйтсе де Сара оны мақұл көрді. Әйтеуір дені сау, қатарлы адамға қосылғанына шүкірлік қылады. Бекбайды көргендер, оны теріс адам демейді. Сарамен санасқыш, ниеті түзу жар болады. Жастары да тым алшақ емес екен. Сарадан он алты жыл кейін (1932 жылы) өлген. Екеуінен бес бала (үшеуі қыз) ұрпақ қалған деседі.
Сара – дарынды ақын, саналы суреткер, көркем сөздің шебері. Бізге жеткен шығармаларының көлемі шағын. Оның үстіне зерттелу жағы кенже. Ақын өзінің алтын ойларын жан тебірентер монологтар мен диалогтарға құрылады. “Тордағы тоты” жинағы ақынның “Тағдыр тәлкегі” атты көлемді туындысымен ашылады. Бұл — өзінің құрылысы мен мазмұн желісіне қарағанда дастан тәріздес оқиғалы шығарма. Әкесі өліп, жетім қалғаннан кейінгі өмір жолынан бастап-ақ өлеңмен шолып суреттейді. Сараның келесі маңызды шығармасы – “Жүрек” деп аталады. Дастанның мазмұны қызық. Жергілікті халық аңыздарының негізінде жазылған көркем туынды. Лирикалық герой жалғыз өзі түн жамылып, Қапал тауының “Баянжүрек”, “Сайын бөлек”, “Қоңтәжішоқы” аталатын бөлек шоқылары мен жоталарына қаратып сыр шертеді.
“Жүрек” – қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын аларлық ерекше шығарма. Ол – романтикаға толы лирикалық дастан. Жер жүрек пен өз жүрегін толғантқан лирикалық қаһарманның монологтары өте әсерлі. Махаббат еркіндігін аңсаған жастар жүрегінің дүрсілі естіліп-ақ тұрады.
Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар шығармаларға оның “Ашындым”, “Арсалаң алдында”, “Ортақ мұң”, “Аққу”, “Қарлығаш”, “Торығам”, “Шымылдық”, “Қош бол, елім”, “Көп сәлем Ыбакеме, дұғай-дұғай” атты арнау, толғауларын да жатқызу орынды. Бұлардың әрқайсысы – көлемі шағын, мазмұны терең, көркемдік құны жоғары шығармалар.
“Қарлығаш” — Әріпке арналып жазылған жұмбақ сыр. Өзінің ғашықтығын білдіріп, хат жазған әріпке жұмбақтап жауап қайтарған Сараның бұл туындысы да “Аққу” сияқты символды бейнелі сөздерге толы. Сараның “Шымылдық” атты толғауының маңызы да атап көрсетерлік. Қазақтың “Әмеңгерлік” салтына қарсы пікірлерін ақын алыстан орап, сұлу суреттер жасай отырып бейнелейді.
Сараның ақындық өнерінің шыңы – Біржанмен айтысы. Бұл – ақындар айтысы өнерінің үздік үлгісі дерлік тұтас туындысы. Өзінің әлеуметтік мәнімен де, көркемдік суреттілігімен де, поэтикалық тапқыр тілімен де құнды, шынайы шығарма. Сара Тастанбекқызы – XIX ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің белгілі шешені. Халық поэзиясы үлгісінде өмір бойы жыр төккен ақпа ақын. Халық поэзиясының суреттілік сапасын көтеріп, көркемдігін зорайтқан, өзіндік өнерпаз. Еш шалдырмас топтан озған жүйрік. Асыл сөздің сарқылмас кені. Поэзиямыздың қыздан шыққан кемеңгері.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет