ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҒЫЛЫМ, МӘДЕНИЕТ, ӨНЕРДІҢ ДАМУЫ.
МАХМЕТОВА САНДУҒАШ ТЕМІРБОЛАТҚЫЗЫ
Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Қазақстан өзінің көп ұлтты қоғамының татулығы мен тұтастығын,саяси тұрақтылығын сақтау жолында бірізді саясат ұсынып отырған бірден-бір мемлекет.Өйткені Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін ұлтаралық кикілжіңдер мен дау-дамайларға жол бермей,өзінің тұтастығын сақтау алдыңғы орында тұратын алғы шарттардың бірі.Тарих беттеріне үңілсек, Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуіміздің үлкен бір үлесі тылдағы зиялы қауымның татуластығы мен бірлігі, олардың Отан, келешек ұрпақ үшін жасаған еңбектері күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Қазақстандағы ғылымның жағдайы мен дәрежесі ғылыми интеллигенция санының аздығы және қалыптасқан ғылыми зерттеу орталықтарының болмағандығы сияқты обьективті себептерге байланысты болды.Қазақстанның тұңғыш ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922ж. ҚАКСР Денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Өлкелік химия-бактериологиялық лаборатория , 1924ж, Денсаулық сақтау халық комиссариаты жанынан санитарлық-бактериологиялық институты және Жер халық комиссариаты жанынан малдәрігерлік бактериологиялық институт, 1926 ж. тыңайтқыш және агротопырақ зерттеу институты пайда болды. 1932 жылы Қазақстанда 12 ғылыми зерттеу институты,15 тәжірибе станциясы,186 тірек пункті, зертхана, гидрометстанция, бірсыпыра кен барлау ұйымдары қызмет істеді. Осы кезде КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы құрылды, ол 1938 ж КСРО Ғылым Академиясының Қазақстан филиалы болып қайта құрылды. Бірсыпыра жоғары оқу орындарында ғылыми орталықтар қалыптасты. Геология және биология ғылымдарының зерттеу нәтижелері, тарихшы С. Ж. Асфендияровтың, филолог Қ.Қ. Жұбановтың жарияланған еңбектері, сондай-ақ профессор А.Н. Сызгановтың без ауруын зерттеу және емдеу жөніндегі еңбектері бүкіл Одаққа танылды.
Қазақстанның ғылыми потенциалы Ұлы Отан соғысы жылдарында едәуір өсті. Бұл ең алдымен көшіріп әкелген аса ірі ғалымдар мен ғылыми мекемелердің республикада уақытша тұруымен байланысты еді. Соғыс жылдары республика жоғары оқу орындарының 130-дай оқытушысы ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерін алды, КСРО Ғылым академиясы Қазфилиалының жеті жаңа институты құрылды. 1945 ж. Қазфилиалдың құрамында 15 институт, 7 сектор, КСРО Ғылым академиясының 6 академигі, мүше-корреспонденті, 60 ғылым докторы мен профессор, 140-тан астам ғылым кандидаты болды. Қазфилиал 350-ден астам экспедициялық топтар ұйымдастырды, олар Қазақстанның табиғи байлықтарын майдан мұқтажына жұмылдыруға лайықты үлес қосты.Майдан қажетіне байланысты сирек металды зерттеу ісінде Қ.И. Сәтбаев көп еңбек сіңірді. 1942 жылы Қ.И. Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарын зерттеу еңбегіне байланысты Мемлекеттік сыйлық берілді. Соғыс жылдарында экономиканы соғысқа бейімдеу мақсаты мен ҚСРО Ғылым академиясы жанынан «Орал, Батыс Сібір, Қазақстан ресурстарын қорғаныс қажетіне жұмылдыру жөніндегі комиссия» құрылды.Комиссия құрамында А.А. Байков, В.Л. Комаров,В.К. Обручев сияқты ғалымдар болды. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Л.С. Берг, С.Н. Бернштейн, Н.Д.Зелинский, Л.И. Мендельштан, А.Н. Бах т.б. академиктер жұмыс істеді. Академик А.С. Орлов соғыс жылдарында орысша-қазақша сөздік құрастырып, «Батырлар жыры» атты еңбек жазды. Алматыға майдан өңірінен 20-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемесі көшіріліп жұмыс істеді.
Қазақстан Ғылым академиясының ашылуы соғыстан кейінгі аса ірі уақиға болды, ол 1946 ж 1 маусымда ұйымдасты. ҚазСССР Ғылым академиясының толық мүшелері болып академиктер, аса көрнекті ғалымдар М.О. Әуезов, Ә.Б. Бектуров, М.И.Горяев,
А.Қ. Жұбанов,Н.Г.Кассин, Н.Т. Сауранбаев,мүше-корреспондентері болып Н. О. Базанова, Р.А.Борукаев,Ә.Х.Марғұлан, М.И. Усанович және басқалар сайланды. Тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Академияның ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды.1958жылы Орталық Қазақстанның комплекстік металлогендік әрі болжалдық картасын жасағаны және оның методикасын зерттегені үшін ғалымдар И.И. Блок, Р. А. Борукаев Г. Ц.Медоев, Д.Н. Казанли, Қ. И. Сәтбаев Лениндік сыйлыққа ие болды.
Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі бассейінінде мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге , Ертіс-Қарағанды каналын салуға , егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Биология және ауылшаруашылық ғылымдарының қызметкерлері күздік және жаздық бидайдың, жүгерінің, тарының, картоптың жаңа сорттарын өсіріп шығарды.
Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның жұмысында шешілмеген ірі проблемалар болды. Машина жасау, радиоэлектроника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды дайындау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді.Академиялық жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуіне тиісінше бірігуіне, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталануына,қатарласуына әкеп соқты.Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады. Қазақстанда орналасқан Москва авиация,алтын және түсті металдар институттары , Киев университеті ерекше екпінді еңбек етті. Соғыс жылдарында Қазақстанда жоғары оқу орындары: Алматы шет тілдер институты,Шымкент, технология институты, дене шынықтыру институты ашылды.
1941 жылы Қазақстанға « Мосфильм», Ленфильм» киностудиялары көшіріліп әкелінді. Бұл киностудиялар Алматы киностудиясымен бірігіп, екі жыл ішінде 23 кинокартина түсірді. Олардың ішінде «Партизандар», «Екі жауынгер», «Георгий Сакадзе» сияқты танымал кинокартиналар бар. Соғыс жылдарында Алматыда актерлерді даярлайтын бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты жұмыс істеді. Киностудиялар М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, т.б. жазушылардың көмегімен «Абай әндері», «Жауынгер ұлы», « Саған майдан», «8-гвардиялық», сияқты картиналарды түсірді.
Совет Одағы Ұлы Жеңісін шабыттана жырлаған, 20 ғасырдың Гомері атанған Жамбыл бастаған әдебиет пен өнер қайраткерлерінің еңбектері де -өз алдына бір төбе. Қазақ совет поэзиясының алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деп аталатын мәңгі өшпес патриоттық шығармасын бүкіл еліміз толғана оқыды.Осы кезде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай» эпопеясының 1-кітабын жазып, аты елге жайылды.
С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Бұлқышев, Ж.Саин,П.Кузнецов, сияқты жазушылар, Шашубай, Нұрпейіс, Кенен, сынды ақындар халықтар достығының жыршысы болды. Республикамызға уақытша келген 90 жазушы /Алексей Толстой,С.Михалков, С.Сергеев-Ценский, Ф. Панферов, О.Форш, К.Паустовский,С. Маршак, М. Зощенко, тағы басқалар / , «Мосфильм» мен «Ленфильм», 23 театр мен музыкалық коллективтер жеңіс үшін еңбек етіп қана қоймай, қазақтың ұлттық өнерін жаңа жанрлармен, кәсіби шеберлікпен байытып,жан-жақты дамуына септігін тигізді.
Қазақ артистері майданның алғы шебінде 2 мыңға жуық концерт берді.
Интеллигенция Отанға шексіз берілгендіктің өнегесін көрсетті. Ғалымдар Қазақстанның байлықтарын майдан қажетіне жаратты, жаңа қару-жарақ түрлерін ойлап шығарды, өндіріске жаңа технологиялық процестерді енгізді, жаралы жауынгерлердің басым көпшілігін тез арада сауықтырып қатарға қосты. 23 типті авиация, моторлы, теңдесі жоқ Т-34 танкісі, атақты «Катюшасы», жаңа артиллериялық қару-жарақтар, автоматты атыс қару түрлері т. б. совет ғалымдарының сол кезеңдегі жеңіске қосқан қомақты үлесі еді. Иделогия майданының жауынгерлері Отанды қорғау туралы, халықтың жеңіске деген сенімін нығайтты,барлық күш-жігерін майданға көмек беруге жұмылдырды, тыл мен майданның бірлігін арттырды, тылда да майданда да партизан өлкелерінде жеңісті шыңдады. Орталық радио тәулігіне 18 сағат хабар жүргізді. КСРО халықтарының 70 тілінде, 28 шетел тілдерінде сұрапыл соғыстың барысы туралы ақиқатты хабарлады.
Ұлы Отан соғысы кезінде 1941-1945жылдары Совет Армиясының жауынгерлеріне тылдағы еңбекші халықтың көмегін жеткізген делегациялар, Совет халқының фашист басқыншыларына қарсы күресіндегі майдан мен тылдың бірлігі Қазақстан еңбекшілерінің әскери құрамаларымен және бөлімдермен байланысында тылдан майданға және майданнан тылға делегациялар жіберулерінен айқын көрінеді. Республиканың таңдаулы адамдары, өндірістегі стахановшылар , озат колхозшылар, Отанымыздың қаһарман жауынгерлеріне ел сыйлығын алып барып, туған Қазақстанның шын жүректен шыққан ыстық махаббат сезімін, қамқорлығын жеткізді. Алматы қаласы мен Алматы облысы еңбекшілері 1941 жылы желтоқсанда 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне жаңа жылдық сыйлықпен делегация аттандырды. Делегаттар жауынгерлерді гвардиялық жоғары атаққа ие болуымен құттықтады, тылдағы жанқиярлық еңбек туралы айтып берді.
«Гвардияшылардың жүздерін шаттық кернеді,-деп жазды делегаттар елдеріне оралғаннан кейінгі берген есептерінде,-олар өздерінің туыстарына, таныстарына, жерлестеріне дән риза болды, тың еңбеккерлеріне Қызыл Армияны қару-жарақпен, азық-түлікпен, киіммен үздіксіз қамтамасыз ететіндіктеріне сенімдері арта түсті. Біздер сөйлеп болған соң, жауынгерлерге, командирлерге және саяси қызметкерлерге жаңа жылдық сыйлықтарды тарату басталды. Жауынгерлер үлкен қуанышқа бөленді. Олар біздің қолымызды қатты қысты, сол жерде, өздерінің өмірлерін әділ ісіміз үшін, Отанымыз үшін аямайтындықтары туралы серт берді...»
Сыйлық тиелген эшелондармен Қазақстан делегациясы қоршаудағы Ленинградқа барды.1942 жылы ақпан-наурызда Ленинград майданына қарағандылық делегация 24 вагон, Ақмола облысының делегациясы 25 вагон азық-түлік және киім-кешек әкелді. Қазақстан еңбекшілері 1943 жылы Қызыл Армияның юбилейі құрметіне Ленинградтың қаһарман қорғаушыларына арналған 65 вагон сыйлық жинады. Қазақстан делегациясын ленинградтықтар, жауынгерлер мен командирлер, Балтық теңізшілері мен партизандар ерекше ілтипатпен қарсы алды. Халық көп жиналған жерде митингілер өтті Ленинград радиосы Қазақстан майданды қару-жарақпен қамтамасыз етудегі ерлік еңбегі жайлы хабар таратты.
Мәдени қызмет көрсету мақсатымен 1941 жылы Алматыда майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Олардың құрамында республиканың көрнекті әнші-актерлері мен К.Ж. Байсейітова, Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ғ. Құрманғалиев, Ж. Омарова, Е. Өмірзақов, Ү. Тұрдықұлова, Ә. Үмбетбаев, М. Абдуллин, Б. Артықова, Н.Әбішев, Ш.Бейсекова,Қ. Лекеров, бишілер Жиенқұлова,З.Розмұхамедова,домбырашы Л. Мұхитов болды.
Концерттік бригадаларды жазушылар Ә. Әбішев,Ғ. Мұстафин,Ғ. Омаров,ҚазСССР халкомсовы жанындағы өнер істері жөніндегі басқарманың бастығы С. Е. Толыбеков, директор Ф.А. Кузьмич,басқарды. Тыл мен майдан арасындағы байланыстың нығая түсуі үшін майданнан тылға келген делегациялардың да маңызы зор болды.1942-1943 жылдары Қазақстанға майданнан 16 делегация,ал 1944 жылы 6 делегация келіп кетті. Олардың ішінде Қазақстанда жасақталған 8-гвардиялық атқыштар, Сталинградтық-дунайлық 73-гвардиялық ,391-310, 314-атқыштар дивизияларының т.б.әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлері болды. Олар кәсіпорындарда, колхоз, совхоздарда,оқу орындары мен ғылыми мекемелерде болып,өз бөлімшелерінің жауынгерлік жолы, полктес жолдастарының ерліктері туралы айтып берді. 1943 жылы 10 ақпанда 391-атқыштар дивизиясының делегациясы «Казахстанская правда» газетіне қаһармандығы мен ерлігі үшін Ленин орденімен наградталған майдангер Қазақстандықтар дивизия санитары Сартанов, капитан Ивкин, сержант Кравченко,, әскери дәрігер Сухарукова туралы мақала жазды.1943 жылы сәуір-мамырда екі апта Алматыда және облыста»Киров» крейсерінің делегациясы болды, олар крейсер комсомолецтерінің Қазақстанның барлық жастарына арнаған хатын ала келді. Қазақстан еңбекшілері делегацияларының майданға баруы әрі майдангерлердің тылға келіп кетуі, демалысқа келген Совет Одағының Батырларымен өткізілген кездесулер майдан мен тылдың байланысын бұрынғыдан нығайтты. Совет жауынгерлерін майданда қаһармандықпен соғысуға, тыл еңбеккерлерін жанқиярлық еңбекке жігерлендірді.
Соғыс жылдары жоғары мектеп жүйесі кеңейе түсті:Алматы шет тілдері институты, Шымкен технологиялық институты, қазақтың педагогикалық қыздар институты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясы, дене тәрбиесі институты ашылды.Қазақстандағы студенттердің саны 1941 жылғы 10,4 мыңнан 1945 ж 15,5 мыңға жетті. Бүкіл соғыстан кейінгі дәуірде жоғары мектептердің өміріндегі неғұрлым осал буын оқу-материалдық базаның нашарлығы болды. Жоғары мектептердегі материалдық-техникалық база мен кадрлар құрамындағы кемшіліктер мамандарды дайындаудың сапасына теріс әсер етті. Партиялық-мемлекеттік құрылымның идеологияландырылған саясаты профессионалдық оқу орындарындағы істің жағдайына бәрінен де көп зиян келтірді. Ғалымдарды, жоғары оқу орындары қызметкерлерін қудалау мен жазалау шаралары 20 жылы басталып Сталин қайтыс болғанға дейін жүргізілді.Мұнан кейін де жоғары оқу орындарының өмірі партиялық және таптық принциптер негізінде құрылды.
Көптеген оқу бағдарламасының, көмекші құралдар мен оқулықтардың мазмұны өзбетіндік шығармашылықпен ойлауды қалыптастыруға, ғылымның техникамен технологияның жаңа жетістіктерін зерттеп білуге бағытталмаған еді. Кадрлар мен студенттердің құрамын толықтыруда пара алушылыққа, жершілдікке, және әлеуметтік әділетсіздіктің басқа түрлеріне жол берілді.
Иә, тарихта ұмытылмас іздерін қалдырған ғылым, мәдениет,өнер қайраткерлерінің есімдері халық жүрегінде мәңгі сақталуда, олардың Отан үшін от кешкен жүректері, ерен еңбектері, ғасырларды аттап өтіп, келешек өмірмен тығыз жалғасып жатады.
Қазақстан халқы өзінің ғасырлар бойғы тарихында әлденеше рет өз тағдырын таңдауына тура келді. Ең негізгі таңдау осыдан 18 жыл бұрын жаңа ғасырдың қарсаңында жасалды. Бұл еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі еді.Нарықтық экономиканың принциптеріне құрылған дамудың қазақстандық моделін қалыптастырып, мемлекеттің саяси өмірі одан әрі жетілуде.
Еліміздегі ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық арқасында Қазақстан әлемдегі достық пен бейбітшілік мекеніне айналды.
Пайдаланған әдебиеттер
Қазақстан тарихы.Марат Байдолда. «Арман-ПВ» баспасы 2005ж.
Қазақстан тарихы. Дәрістер курсы. Қ. Р. Аманжолов. Алматы-«Білім» 2004ж.
Тарихи тұлғалар. Б. Тоғысбаев. Сужикова. А.. Алматы. «Алматыкітап» ЖШС, 2006ж.
«Ер есімі-ел есінде» Б.Тоғысбаев. Алматы. «Алматыкітап» 1999 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |