Ұлттықэкономика —қызметі көбінесе елдің экономикалық аумағында жүзеге асырылатын шаруашылық бірліктердің жиынтығы (үкімет‚ жеке тұлғалар‚ пайда алмайтын жекеше ұйымдар‚ кәсіпорындар‚ фирмалар‚ компаниялар‚ т.б.).
Ұлттық есепшіліктің халықаралық тәжірибесінде экономика аумақ санатына мыналар жатады: елдегі әкімшілік басқарудың еркін тауар-ақша айналысы жүзеге асырылатын аумағы; әуе кеңістігі‚ мемлекеттің балық аулауға‚ шикізат‚ отын өндіруге айрықша құқығы бар аумақтық су мен құрлықтық қайраң; шет елдегі “аумақтық анклавтар”‚ яғни елдің дипломатикалық‚ әскери‚ ғылыми және басқа мақсаттар үшін меншікті жалдау негізінде немесе сатып алу жолымен басқа мемлекеттерде пайдаланатын экономикалық аймақтары; кеден бақылауынан азат аймақтар — бұл аймақта сыртқы сауда мәмілесінің заты болып табылатын кез келген материалдық құндылықтар кеден бақылауына жатпайды және импорт баждары мен алымдары салынбайды.
Ұлттық экономиканың тепе-теңдікте қызмет етуі деп, барлық бір-бірімен байланысты нарықтарда сұраныс пен ұсыныстың тең болған жағдайы түсініледі. Түпкі өнімдер мен қызметтер нарығында тепе-теңдік жағдай орнағанын өндірушілердің табыстары барынша мол болғаны және тұтынушылардың сатып алған өнімдерінен барынша мол пайдаға ие болғаны сипаттайды. Өндіріс факторлары нарығында тепе-теңдікорнағанын осы нарыққа түскен өндірістік ресурстардың өзінің сатып алушысының табылғаны көрсетеді, ал сұранысты қалыптастыратын ресурстардың иелерінің шекті табысы, ұсынысты қалыптастыратын әр ресурстың шекті өніміне тең болады. Егер ақша нарығында ұсынылған ақша қаржыларының саны, оның өздерінде болғанын ұнататын адамдар мен кәсіпкерлердің сұранысына тең болса, онда осы ақша нарығында тепе-теңдік болғаны.Жалпы экономикалық тепе-теңдік идеясы бұдан көп бұрын экономист-классиктердің назарын аударған. А.Смиттің айтуы бойынша, өндірушілер мен тұтынушылардың бір-біріне еркін әсер еткен жағдайында хаос орын алмайды. Бұл жағдайда индивидтердің жеке табыс көздеп жасайтын іс-әрекеттерінде экономикалық тәртіп орын алады. Осы болмыс баршаға қолайлы жалпы тепе-теңдікке жетуге мүмкіндік әкеледі. Жетілген бәсеке жағдайында жалпы тепе-теңдіктің болу мүмкіндігін тұңғыш дәлелдеген Л.Вальрас.Микродәрежедегі жалпы экономикалық тепе-теңдіктің болуы, тауарлардың, қызметтердің және өндірістік ресурстардың әр түрлерінің сұранысы мен ұсынысының тең болуымен байланысты, ал макроэкономикалық тепе-теңдік — жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың теңесуімен белгіленеді. Басқаша айтқанда, Вальрастың заңы бойынша, егер кейбір нарықтарда артық сұраныс болса, онда басқа нарықтарда осы көлемде артық ұсыныс болуға тиісті. Нәтижесінде, артық сұраныс пен артық ұсыныстың сомасы, қашан болмасын, нелге тең болады.
Вальрастың тепе-теңдігі жетілген бәсекенің болуын тілеп қана қоймайды. Осымен қатар, ол бағадан басқа сұраныс пен ұсыныс факторларының барлығының тұрақты болуын тілейді. Ал осындай шарттар нақты экономикада болуы нөлге тең деуге болады. Сондықтан жалпы тепе-теңдік жалт етіп тез өтетін, өткінші жағдай — бәсекелік экономиканың идеалдық болмысы деуге болады. Бірақ «қайшылықсыз әлемнің» осындай үлгісін зерттеу, бәсекелік экономиканы түсінуге жол ашады.