ОӘЖ 930:37.016
МЕКТЕПТЕ ТАРИХ САБАҒЫНДА ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Нематжанова Севара –114-13 оқу тобының студенті,
Жетекшісі: А.Д. Байшуакова – аға оқытушы
Резюме:
В статье рассматриваются некоторые вопросы применения игровых
методов на уроках истории.
Summary: The article considers some issues of application of game methods in history lessons. Тарих пәнін оқыту, ұрпақтар бойына дарыту көп ізденістерді, сан түрлі әдістемелік тәсілдерді қажет етеді. Тарих пәні мұғалімі жан жақты, білімді, өз ісін өте жақсы білетін ұлттық идеологиямен сусындаған азаматтар болуға тиісті. Ендеше бұл көп ізденісті, талмай еңбектенуді қажет етеді. Оқушылардың танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін жиірек қолданылатын сабақтардың бірі ойын сабақ. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдылықты үйретумен қатар, мәдениетті сөйлесуге, ептілікке, тапқырлыққа баулиды және бұл сабақта балалардың белсенділігі артады, бір-бірімен бәсекеге түсу арқылы оқуға, көп білуге ынтасы өседі. Ол тәрбиеге де, оқу ісіне де зор ықпалын тигізері сөзсіз.
Адамзаттың көптеген жылдар бойғы ойнау тәжірбиесі ойынның білімдік құндылығын дәлелдеді. Ойынның шығу сырын ғалымдар жүздеген жылдар бойы зерттеп келеді. Көп тұжырымдардың бірі бойынша ойын қоғамның діни, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы кезіндегі бос уақыт пен демалысты өткізу мәселесінен туындағын. Ерте заманда ойын қоғамдық өмірдің бір бөлігі болып, оған діни саяси маңыз берілген. Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Өйткені, кіші жастағы оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырмаларды тез, әрі қызығып орындайтын болады. Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Ал мұғалімнің міндеті балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Ойын мен адам мәдениетінің өзара байланысы ғылыми түрде анықталды. Олардың тұлғаны дамытудағы маңызы анықталды, оның психологиялық және әлеуметтік факторлармен келісімі жөнінде кең қарастырылуда. Ойын технологиялары әлі де білім беру саласында жаңа инновация болып табылады. Педагогикалық технология ұғымы түрлі педагогикалық ойын түрлерін педагогикалық процесте әдістер мен тәсілдердің кең көлемді топтарын біріктіреді, оның жалпы ойындардан ерекшелігі оқытуда нақты мақсатының қойылуымен және оның оқу танымдық бағыты сипатталған, негізі салынған педагогикалық нәтижесіне сай анықталады. Сабақ барысындағы ойын әдістері мен жағдайларының көмегі арқылы құрылады. Сабақ үстінде оқушылардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды.
Негізгі бетбұрыс оқушы білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни оқушыға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін сабаққа сыныптағы оқушының барлығын қызықтыра отырып қарастыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр оқушының сабаққа қызығушылық, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан оқушылардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі - танымдық, тарихи ойындар. Ойын элементтерін қолдана отырып мұғалім оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, зейінін арттыру мақсатында әртүрлі әдіс - тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, мұғалім ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады. Сабақтарда танымдық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, қорытындылау сабақтарында да пайдалануға болады. Ойындар оқушылардың ой өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Оқушылар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып қана қоймай, оның қандай мағынада қолданылатынын да біледі. Ойын оқу пәндерінің мазмүнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.
Ойын арқылы оқушы нені меңгереді:
оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді;
оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйретеді;
оқу процесінде алған білімді нақты істе қолдана білуге мүмкіндік береді;
оқушы әрекетіне негізделген оқу көлемін басқарады;
оқушылар үшін психологиялық жағымды ахуал қалыптасады;
ойын барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап етеді;
ойын материалдары дәстүрлі оқу материалдарымен салыстырғанда күрделірек;
Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата-аналарымен, өзге балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді. Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс-тәжірибесін жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған. Ойын халық педагогикасында, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерде кеңінен пайдаланылады. Қазіргі мектепте ойын әрекеті ойын пәнінің тарауын және тақырыбын түсіну үшін өздік технология ретінде, жалпы технологияның элементі ретінде, сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде, сыныптан тыс жұмыстың технологиясы ретінде қолданылады.
Ойын дегеніміз - адамның ақыл - ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ұлы педагог В. И. Сухомолинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы дами түседі. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Бәйге», «Көкпар», «Теңге алу», «Көш», «Қарлы кесек», «Кім жылдам?» секілді танымдық, ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойын үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды. Оқушылардың ойын арқылы қызығушылығын туғызу тек қана тарихқа қызығушылықты туғызып қоймай, оқушылардың өмір тәжірибелерін кеңейтуіне, дүниені танып білу қабілеттерін жетілдіре түсуіне, тарихты басқа пәндермен байланыстыра қарауға үйретеді тәрбиелейді. Ендеше тарих сабағын танымдық, ұлттық ойындар арқылы сабақтастырып түсіндіру пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді.
Еңбек, ойын және оқу ерте кезден-ақ адам тіршілігінің негізгі үш тірегі болып есептелінген. Ол балалар үшін кәмелетке келгенше жүріп өтетін өмір сатысы. Ойын технологиясы балалардың айналасын тану қызметіндегі белсенділігі мен шығармашылығының қалыптасуына жолды кең ашатын табиғи құбылыс. Атақты педагогтар В.И.Сухомолинский, К.Д.Ушинский, А. С.Макаренко ойынның балалардың ой өрісін дамытуда, дүниетанымын қалыптастыруда практикалық маңызы зор екенін атап көрсеткен. Қазақ халқының ұлттық ойындарының педагогикадағы ролі туралы алғашқы пікірлерін айтқан Д.А.Диваев, М.О.Әуезов. Ойын арқылы оқыту технологиясы бастауыш сыныптарда кеңінен қолданылады. Әр мұғалім технологиясының нәтижесін дұрыс болуы үшін мынадай жағдайларды ескеруі қажет:
әр ойынның тәрбиелік, білімділік, дамытушылық маңызын алдын ала жете түсініп, оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін анықтау;
ойын жүргізетін орынның мүмкіндігі, ойын жабдықтарының эстетикалық талаптарға сай болуы, алдын ала әзірлеу;
сыныптағы оқушылардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне, сөздік қорына сәйкес келуі;
ойын кезіндегі қозғалыс, техникалық қауіпсіздіктен қамтамасыз ету;
ойынның, сабақтағы ойын элементтерінің оқушылардың ынтасын тартып, пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталуы.
Тарих пәнін оқып үйрету барысында ойындардың алатын орны ерекше. Әр сабақтың тақырыбына сай ойындарды пайдаланып отыру оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасы мен зейінін арттырады. Теориялық білімін практикамен байланыстыруға мүмкіндік береді. Тарих сабағында ойын элементтерін қолдану оқушының қызығушылығын ғана тудырып қоймай, басты білім сапасының артуына әсер етеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әлкен С. Жаңа технологиялар арқылы шығармашылыққа баулу. Алматы, 2006 ж.
2. Қарсыбаева Р. Қ. Сын тұрғысынан оқу мен жазуды дамыту технологиясының ерекшелігі. Алматы, 2009 ж.
3. Мирсентова С. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде. Қарағанды, 2011 ж.