Менің Үлкен және кіші отаным!



Дата10.12.2021
өлшемі23,34 Kb.
#78909
Байланысты:
мақала


МЕНІҢ ҮЛКЕН ЖӘНЕ КІШІ ОТАНЫМ!

Аширбекова Г.А., қазақ тілі мұғалімі,

26 гимназия КММ



Жезқазған қ.

Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға,

жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға

тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз,

қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!
(Н.Ә.Назарбаев.)
Әрқайсымыздың Отанымыз бар. Ол географиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар рухани жағынан да өзіміздікі. Анамыз бен әкеміздің шаңырағынан басталып, мемлекетпен аяқталады.

Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды жерсінбейді. Бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкетіпті.


Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.
Кіші Отан – дүниеге келген ауылың, қалаң, ал үлкен Отан – Қазақстан деп есептейді көбісі. Өзінің кіші Отанын сүйген адам Қазақстанды да сүйеді. Әсіресе, шетелде біраз жыл тұрып, елге оралған адамдар кіші Отан – қайда болсаң да, қайтып оралғың келетін жер, ал үлкен Отанды – мақтан еткің келеді дейді. Әскери борышын өтеп келген жастар үшін кіші Отан - туған қаласы, көшесі, тұрған үйі, ата-анасы, туған-туыстары мен достары екен. Ендеше, жас ұрпақтың бойында Отанымыз Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелегіміз келсе, алдымен ата-анасын, ата-әжесін, ұстаздарын бағалай, сыйлай білетін етіп өсіруіміз керек. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, сүйіспеншілік отбасынан басталады.

Кезінде Бауыржан Момышұлына: “Осы сіз неден қорқасыз?” – дегенде батыр: “Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Біріншіден, бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам: екіншіден, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын; үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, ата жоқ” деп қасірет болар қауіпін бүгіп қала алмапты. Айтса айтқандай, ана әлдиіне бөленіп, әже ертегісіне құлағын түріп өскен баланың қашан да тілі жатық, ойы анық, ұлттық рухы қашанда биік болады.

Жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелеу мемлекеттік маңызды да жауапты істердің бірі болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, қоғамдық сананы қалыптастыруда, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) жетекші орынға шығып отыр. Ал қазақстандық БАҚ-қа қарағанда, шетелдік БАҚ 10 пайызға артық екен. Шетелдік БАҚ-тардың идеялық және мазмұндық ұстанымы қазақстандықтардың мүддесіне сай келе бермейді. Қазір ұрпақ тәрбиесіне мектеп пен ата-анадан гөрі БАҚ көбірек әсер етіп, мейлінше жаман жолға бастап бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті атқару, құқық қорғау және заң шығару орындарының тікелей араласуымен ғана оң шешімін табатын мәселе. [1]

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын жас ұрпақтың ұққаны жөн. Бүгінгі күні ата-әжелерді келеке-мазаққа айналдыратын түрлі сахналық қойылымдардың жиі ұшырасатыны, ақ шашты қариялардың алдында ашық-шашық би билеп, ән айтуды өнер санап имену дегенді білмейтіндердің көбеюіп отыр. Бүгінгі күні жастарды ұяттылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғаны жөн.




Кейбір азаматтар өз отбасында елдің болашағына да, басшыларға да сенімсіздік білдіріп, балаларының бойына да осындай көзқарасты сіңіреді. Ондай балада Отанға деген сүйіспеншілік қайдан болсын?! Туған елге қызмет, Отанға деген махаббат – өте кең ұғым. Оның бір тармағы – басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет.

Елін сүю, оған қызмет етудің тағы бір жолы сол елдің тілін, дінін, салт-дәстүрін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеу болып табылады. Сондай-ақ, халық игілігіндегі мүлікті талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Сол себепті кез келген ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік көретін ерлер көбейгенде ғана гүлденері хақ. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.


Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс.

Әр адам өз жауапкершілігіне алған жұмысына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізеді. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ. Туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын Отаны үшін жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие беріп, имандылықты үйретуі керек. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем беруге, тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі тиіс. Сондай-ақ, дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан танытып жатса, өнерпаздар мен ақындар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса, отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаса, ұлттық рухтың көтерілуіне түрткі болып, отаншылдық жарқын көрініс тапқан болар еді. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет - осындай кең ұғымды білдіреді. [2].




Біз, мектеп ұстаздары мен ата-аналар балаларды Отанымыздың патриот ақын-жазушыларының шығармалары негізінде олардың үлкен Отанға деген сезімін дамытуымыз қажет. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хат» деген шығармасы. Бұл - ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап ерлікке шақырған, халық рухын биікке көтерген туынды. Өмірдің әрбір сәтін қатты бағалап, шексіз сүйген Баубек кейіпкері адам бойындағы гуманистік сезімдерді дамыта отырып, ғажайып ерліктердің тууына жол ашады: «Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзіңнің сұлу шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша туған жерді қолдан береміз? Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Ортаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды, өлтір фашисті!!»

Жұбан Молдағалиев — өзінің атақты "Мен — қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын алған ақын. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді. Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі. [3].

Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік оның мүддесі үшін кез-келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық екенін жас ұрпаққа айтқанда Ұлы Отан соғысы жылдарында өз өмірін құрбан еткен қазақстандықтардың ерлігін көрсету керек. Жау амбразурасын кеудесімен жапқан С.Баймағамбетовтің, жанып бара жатқан ұшағын жаудың үстіне түсірген ұшқыш жерлесіміз Н.Әбдіровтің, қос жұлдызымыз – өжет қыздарымыз Әлия мен Мәншүктің ерлігін оқушылар жақсы білуі керек.

Патриот ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың елден шалғай, абақтыда отырып жазған «Сағындым» өлеңінде сар даласын, алтын күнді, қара жерді, жүйрік желді, еркелетіп өсірген ағайынды, туған елді сағынғанын қалай жырлағанын әр оқушы білуі керек. Ақын мұнда кіші Отанын - сорлы анасын, еркелеткен ағайынды, ойыны бір құрдастарын,тілегі бір жолдастарын, сырласатын жан достарын –сағынғанын айтса,



Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!

– деген жолдарда үлкен Отанының болашағы үшін жанын қиюға даяр екенін көрсетеді. Бізге, ұстаздарға осыны оқушылардың жүрегіне жеткізіп, олардың да Отан үшін өмірін құрбан етуге даяр болуы керектігін үйретуіміз керек.
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында: Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстаздарға жүктелетін міндет өте ауыр. Қазақстандық патриотизм – ерекше патриотизм, өйткені Қазақстанның көп ұлтты халқының  олар үшін ортақ Отанға қатынасы туралы сөз қозғалып отыр. Қазіргі уақытта жасына, Отанына деген сүйіспеншілік сезіміне қарамастан, әрбір азаматтың бойында патриотизмді тәрбиелеу, жоғалтылған мемлекеттік сана-сезімді қалпына келтіру және осы идеологияны барлық жерде ендіру қажет. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық,әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады [4].

Қорыта келе, менің пікірімше, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін: әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір - бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Мектеп оқушылары қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, өз болмысында еш бұрмалаусыз танып, білуі шарт. Мектеп жасына дейінгі балалар бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда тіл дамыту, қоршаған ортамен таныстыру пәндерінің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары, ақын - жыраулардың, билердің татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған өлең жырлары , шешендік сөздері мектеп жасына дейінгі балалар бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы өте зор [5].

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Мұрагер Сералы kazgazeta.kz

  2. Құдайберді Бағашар nurqanatbaizaq.islam.kz «Отанды сүю - міндетің, Отанды қорғау - парызың!»

  3. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009

  4. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы. 2009ж.

  5. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» 2012ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет