Мұрсалнәби Тұяқбаев Қадырғали би Жалайыри және Қасым хандығы



Дата07.07.2018
өлшемі296,95 Kb.
#48282
Мұрсалнәби Тұяқбаев

Қадырғали би Жалайыри және Қасым хандығы
Қазақтардың өзімен өзі болып, өзін танып болудағы ерекше орын алатын тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі егемендігін алған Қазақстан Республикасы үшін мәдениет саласыдағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Тарихи жад қайталанбас мәдени дәстүрлер мен құндылықтарды сақтау және оны көбейту түрлі өркен ұрпақтарын біріктіретін байланыстырушы жіп болып саналады. Ол мәдени мұраның ең бір маңызды құрамдас бөлігінің бірі ретінде қажетті әлеуметтік функция атқарады, ұлтжандылық сезімін, идеялық-ізгіліктік және эстетикалық тәрбиені қалыптастырудың, ғылымның, білім мен мәдениеттің даму мақсаттарына қызмет етеді.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жолдауында «Мәдени мұра» бағдарламасын одан әрі іске асыру қажеттілігі туралы міндет қойылған. Бұл бағдарламаның іске асырылуы өткенді саралап санаға сіңдіру арқылы бүгінгі мәдениетті дамытуға, қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Бағдарлама шеңберінде құнды құжаттар мен қолжазбаларды ғана емес, сонымен қатар олардың мұражайлық экспонаттарын, мұрағаттық материалдар мен ескерткіштерді тауып, ұрпақтарға қайтаруға үлкен мән берілген. Осы тұрғыда ұлттық кітапханалық раритеттерді іздеп табу, оларды танып білу, сондай-ақ басқа елдер аумағында жатқан кітаптар мен көне қолжазбаларды зегттеу жөнінде Орталық құру болашақ ұрпақ үшін ежелгі қолжазбаларды, кітаптар мен басқа да құндылықтарды сақтауды қамтамасыз етеді. Одан басқа түркітілдес халықтардың көркем, ғылыми және танымдық әдебиеттерінің ортақ бірыңғай қорын құру да күн тәртібінде тұрған мәселе. Оны іске асыру арқылы түрік әлемінің ашылмаған ақтаңдақтарын ашамыз. Осы тұрғыдан алғанда Махмуд Қашғаридің «Диван лұғат әт-түрік» трактатының тұңғыш рет орыс тіліне аударылған аудармасының 2006 жылы Мұхтар Әуезов мұражайында өткен тұсаукесері бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі түріктілдес халықтар үшін теңдесі жоқ маңызды оқиға болып отырғандығын атап өтуге болады.

Жоғарыда аталған Бағдарлама шеңберінде Әл-Фараби, Жүсіп Баласұғын, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат, Қадырғали бек Жалаиыр, Хисамуддин мұраларын іздеп, табу үшін Дели, Сринагар, Каир, Мәскеу, Қазан, Рязан, Ташкент, Дамаск және басқа қалалардағы кітапханалар мен мұрағаттарға ғылыми-зерттеу экспедицияларын аттандыру қарастырылған.

Атап айтсақ, 1999 жылы 22-30 мамырда қазақ делегациясы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың жерленген жері Үндістандағы Кашмир штатының астанасы Сринагарға сапар шегіп, оның «Мазари-и Салатин» (Патшалар зираты) деп аталатын қорымының басына барып, тәу етіп қайтты. Ол жердің топырағын әкеліп, Қазақстанның Тараз қаласындағы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатқа арнап ашылған ескерткіш түбіне қойды. Мырза Мұхамед Хайдар Дулатқа арнап 1551 жылы орнатылған құлыптастан бөлек 1822 жылы ағылшын дәрігері У.Моркрофтың (1770-1822) бұйрығымен қойылған екінші құлпытаста парсы тілінде жазылған он сегіз жол жазу бар. Кашмирліктер зиратқа ұқыппен қарайтындықтарын көрсете білді. М.М.Хайдар Дулаттың парсы тілінде жазған «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі 1895 жылы Лондонда Д.Росстың аудармасымен ағылшын тілінде жарияланған. Кейін ол араб және орыс тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне тұңғыш рет 2004 жылы аударылып кітап болып шықты. Сонымен қатар М.М.Хайдар Дулаттың шағатай тілінде жазған «Жаһаннама» поэмасы қазақ тіліне аударылуда. Бұл жерде айта кеткен жөн, ағылшын тілінде Мырза Мұхаммед Хайдардың Дулат есіміндегі соңғы сөз «Дулат» деп берілгенмен бүгінде Қазақстанда көпшілік оны парсылар әдетімен «Дулати» деп атап жүр. Дәл осылай Қадырғали Жалаиырды да Қазақстанда көпшілік Қадырғали Жалаири деп атап келеді. Бабалар аты жөндерін осылай әртүрлі жолдармен атау кейінгі 100-500 жылдардан кейінгі ұрпақты шатастыруға өз септігін тигізетінін ескерген жөн.

Тағы бір қуанарлық жайт, Түркістандағы Сығанақ қаласында өз заманында «ас-Сығанақи» атпен танымал болған, 711-шы Һиджра жылы дүниеден өткен Әл-Хусейн бин Әли бин Хажжах бин Әлидің, лақап атымен айтсақ Хисамиддиннің (Діннің қылышы) Мысырдың ұлттық мұражайынан «Ан Нихая фи шархи-л-һидая» (дұрыс жолмен жүруді түсіндірудің соңы, 6 том – 5048 бет); «Ат-Тәсдид шарх ат-тәмхидм (кіріспені түсіндіруді дұрыс жолға салу- 133 бет)»; «Әл Кафи шарх усул әл-Имам Фарх әл Ислам Әли бин Мұхаммад әл-Бәздауи (ілімдерді жеткілікті түсіндіру – 323 бет); «Әл-Уафи шарх әл-мунтахаб фи усули-л-мәзхәб (діни ағымдағы таңдамалы ілімдерді толық түсіндіру – 235 бет)» қолжазбалар табылса, «Ан-Нажах фи-тасриф (грамматика, морфологияға байланысты)»; «Манакби Ахмед-и Ясаи (Қожа Ахмет Ясауидің өмірі туралы)» еңбектері Түркиядан табылды. Оның еңбектері Ресейдің, Өзбекстанның, Үндістанның, Ливанның және Иранның ірі кітапхана қорларында кітаптары бар екендігі жөнінде мәлімет алынып отыр.

Қазақстан Каирдегі (Египет) Сұлтан Бейбарс мешітін қалпына келтіру мен Дамаскі (Сирия) қаласындағы Әл-Фараби этномәдени орталығын салуға кіріскендігін мақтанышпен айтуға болады. Каирдегі қалыпқа келтірілетін кешенге Сұлтан Захир Бейбарстың және оның баласы Сұлтан Берке-ханның бейіттері 200 мың кітап пен қолжазба сақталынатын кітап қоры бар мектеп-кітапхана кіреді. Египет мешітті қалыпқа келтірудің 2 кезеңін аяқтады. Енді күмбез, интерьер, іргетас, колонна, балкалар, айван және төбе шатырларын қалыпқа келтіретін 3-ші кезеңді Қазақстан іске асырады.

Осы орайда Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің көмегіне сүйеніп, 2005 жылдың 16 - 20 қазанында Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласына Қадырғали би Жалаиыр атындағы қордың ұйымдастыруымен ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедицияның сапары нәтижелі болып, айтулы тарихи оқиғаға ұласқанын атап өткіміз келеді. Құрамында ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сайлау Батыршаұлы, Д.Қонаев атындағы Университет ректоры Өмірәлі Қопабаев, ҚР Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Мақсұт Шафиғи бар экспедицияны ҚР-ның Мәскеудегі Елшілігінің бірінші хатшысы ретінде мен алып жүрдім. XVI ғасырда өмір сүріп, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының сол дәуірдегі ата тарихын хатқа түсіріп, артына өшпестей жазба мұра қалдырған тарихшы, ғұлама бабамыз Қадырғали би Қосымұлы Жалайырдың жерленген орнын тауып, анықтау, сондай-ақ архив қорларынан оның өмір жолдарына қатысты деректер мен мағлұматтар іздеп табу экспедицияның басты мақсаты болды. Бұл орайда айта кету қажет, 2001 жылы желтоқсан айында осы мақсатпен Қадырғали Жалаиыр қорының бір топ белсенділері Қасымов қаласына барып жергілікті ғалымдармен, тұрғылықты татар мұсылмандармен байланыс құрып қайтқан болатын. Бірақ, өкінішке қарай нақты деректер таба алмай қайтқан екен.

Бұл жолы аталған экспедиция мақсаттарының нәтижелі іске асуына Рязан облысының губернаторы Георгий Иванович Шипконың тапсырмасымен Рязан үкімет хатшылығының басшысы Григорий Николаевич Дедиков, Облыс экономикалық даму және сауда басқармасының бастығы Александр Григорьевич Соловьев және Қасымов қаласының басшысы Федор Иванович Проваторов жәрдемдесіп, одан басқа Рязан облысының Мәдениет және бұқаралық коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Александрович Беляковтың, Мәдени мұра объектілерін сақтау орталығының бастығы Василий Василевич Судаковтың, Рязан облысының Мемлекеттік мұрағатының директоры Татьяна Петровна Синельникованың көп көмектері тигендігін атап өткен жөн. Сапар барысында экспедиция мүшелері Рязанның мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарды зерттеп, Шыңғысхан әулеттері жөнінде зерттеуші тарих ғалымдарымен, Қасымовтағы жергілікті өлке тану мұражай қызметкерлерімен, көнекөз татар ақсақалдарымен, мешіт имамдарымен кездесіп, сұхбаттасып, Қадырғали Жалаиыр жөнінде, оның жерленген жері туралы мәліметтер жинады. Тарих зерттеушілерінің еңбектеріндегі деректерге сүйене отырып, Қасымовтағы мұсылман қорымы (зираты) Шыңғысхан әулетінің атақты ұрпақтарын жерлейтін Сарайшықтан (Қазақстан жерінде) кейінгі екінші қасиетті орын болып табылатындығына көз жетті. Ол жөнінде Қадырғали Жалаиыр өмір сүрген кезеңді зерттеп жүрген бірден-бір сирек зерттеуші ғалым, Рязань университетінің тарихшы профессоры Андрей Васильевич Беляков ғылыми негізде дәйекті ақпарат берді. Экспедиция мүшелері белгілі бір деректерге сәйкес Қадырғали Жалаиырдың қайтқанына 400 толатындығын ескере отырып, Қасымов қаласы әкімдігінің қолдауымен Старопосадтағы Мұсылман зиратына Қадырғали Жалаиыр қоры қаражаты есебінен Қ.Жалаиырға арнап салмағы жарты тонна келетін бозғылт түсті ақ тастан «құлпытас» қойды. Құлпытас бетіне Құран Кәрімнен «Бисмиллахи Ар-Рахмани Ар-Рахим» деген арабша жазылып, одан төменірек араб әрпімен және қазақша «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири, 1530-1605. Құлпытасты қойған «Қадырғали Жалаири қоры. Қазақстан. 20.10.2005»» деген жазу жазылды. Құлпытас көптен бері қаралмай, иесіз қалған зират басында 1648 жылы салынып, бүгінге дейін қирамай жетіп, жалғыз тұрған Ауған Мұхаммед Сұлтан кесенесінің ішіне қойылды. 1649 жылы салынған Ауған Мұхаммед Сұлтан текиесінің ішінде оның әйелінің және туыстарының құлпытастары қойылған. Бұл кесенені еріне арнап кезінде Ауған Мұхаммед Сұлтанның жары Алтын ханым орнатқан екен. Ауған Мұхаммед Сұлтан XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Хиуа ханы Араб Мұхаммед ханның баласы. Бір дерекке қарасаң, 1621 жылдары Хиуада таққа таласу тартысында араб Мұхаммед хан жеңіліп, басына ауыр күн туады. 11 жасар Ауған Сұлтанды орыс елшісіне аманатқа береді. Екінші бір деректе әкесінің орны, таққа талас басталғанда ағасы тарапынан оның көзін жою қаупі төнгендігін пайдаланған орыстар жасырын алып кетіп, Касымовқа әкеледі.

Жергілікті жердің татарлары Ауған Мұхаммед Сұлтанның кесенесін «текие» деп атайды, бірақ оның этимологиялық шығу тегін олар түсіндіре алмады. Кесененің ішіне кіріп, жоғары қарағанымызда ол Орта Азиялықтардың бүгінге дейін киетін «тақиясына» ұқсайтынын көрдік. Экспедиция мүшелерін мұндай шешім қабылдауға итермелеген көне зираттың ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып, бейшара хәлі болды. Ондағы құлыптастың көбі жоғалған. Жергілікті ғалымдардың айтуынша Кеңес Одағы уақытында дінмен күрес науқанының кесірінен мешіт пен кесенелер қиратылып, құлпытастар үй салу мақсатымен іргетас қалауға тасып әкетілген көрінеді. Жалғыз тұрған Ауған Мұхаммед Сұлтан кесенесінің де есігі ашық тесік, айналасында мал өріп жүр. Кесененің ішіндегі құлпытастар мүжілген, бұрыштары сындырылған.

Құлпытасты дайындап, тез арада ойлаған жерге қоюда Қазақстан экспедициясымен 3-4 күн бірге болып, көп қолғабыс тигізген Қасымов қаласының депутаты Сергей Владимирович Васиннің, Қасымов қаласындағы Бас мешіттің имамы Мұхаддас Сафиуллаұлы Ахуновтың және «Ритуал» мекемесінің директоры Марина Ивановна Киселеваның көрсеткен көмектерін үлкен ризашылықпен атап өткен жөн.

Кесенеге қоршау жүргізіп, оны қарауға алуды жергілікті билік мойнына алды. 100 жылдық тарихы бар Қасымовтағы Бас мешіттің имамы Мұхаддас Сейфоллаұлы Ахуновтың қолдау көрсетуімен мұсылмандық рәсім жасаланып, мал шалынды, ас беріліп, құран оқылды. Келешекте көне зират қоршалып, Ресей үкіметі мен Қазақстан үкіметі тарапынан қамқорлыққа алынатын болса Қадырғали Жалаиырдың құлыптасы Ауған Мұхаммед Сұлтанның кесенесінің сыртына шығарылып, жеке қойылып, мүмкін оған арнап кесене немесе ескерткіш орнатылар деген үміт те жоқ емес.


Бүгінгі таңда ол кезеңдер жөнінде білетініміз әрине аз. Бұқаралық Ақпарат құралдарының ақпаратына сүйенсек 1585 жылы Сібірге И.Мансұров бастаған орыс отряды келеді. Бір жыл өткенде Шымға-Тұрға жақын жерден орыстар Төмен бекінісін салады. 1587 жылы тағы бір бекініс – болашақ Тобыл қалана бастады. Ораз Мұхаммед және Қадырғали би алдау жолымен тұтқындалынып, Мәскеуге жіберіледі. Сол кезеңнен бастап қазақтар Тобыл алқабына иек артуан бас тарта батайды. Көшім солтүстік

Қадырғали Жалаиырдың «Жами ат-тауарих», яғни «Шежірелер жинағы» атты еңбегінің түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының мәдени және рухани тарихында алар орны ерекше. Атақты орыс ғалымы И.Н.Березин 1854 жылы Қазанда, Шығыс тарихшылары кітапханасы басылымдары қатарында алғаш рет жариялап, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов бірінші болып зерттеп, ғылыми бағасын берген бұл әйгілі еңбек кеңес жылдарында татар оқымыстылары тарапынан біршама зерттелініп, баспа бетін көрген. Қазақстанда ол түпнұсқа күйінде белгілі ғалым Р.Сыздықованың дайындауымен 1989 жылы «Ғалым» баспасынан жарық көрді. 1991 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Р.Сыздықова мен Қ.Қойгелдиевтің әзірлеуімен түпнұсқа күйінде басылып шықты. 1997 жылы «Қазақстан» баспасы осы құнды еңбекті алғаш рет толық аудармасымен қазақ жұртшлығына ұсынды. Оған себеп XVI ғасырдағы қазақ жазба тілінен бұл күнгі қазақ тілінің арасында едәуір айырмашылық бар болатын. Оның үстіне Қ.Жалаиырдың өз қолымен 1602 жылы жазған қолжазбасы біздің заманымызға жеткен жоқ. Тек оның екі көшірмесінің бірі (1641-1642 жылдары көшірілген) - Санкт-Петербургте сақталынып, екіншісі – Қазан университетінде (№5028 т.40) сақталынған.

Бұл тарихи құнды еңбек өз заманындағы Орта азиялық жазба дәстүрінде жазылған. Мағынасы мен желісі, сондай-ақ құрылымы жағынан «Тауарих ғузида-и нусрат-наме» (XVI ғ.), Әбілғазының «Түрік шежіресі» (XVII ғ.) және басқа да еңбектерге ұқсас.

Қадырғалидың «Шежірелер жинағын» мазмұны, құрылымы жағынан алып қарағанда, шартты түрде үш бөлімге бөлуге болады, яғни:



  • Орыс патшасы Борис Годуновқа арналған арнау;

  • «Жами ат-тауарих» атты Рашид-ад-диннің еңбегі негізінде жазылған тарих;

  • Ұрұсханның Ораз-Мұхаммед сұлтанға дейінгі Шыңғыс әулеті ұрпақтарының шежіресі.

Қадырғали Жалаиыр еңбегінің негізгі желісі Ораз-Мұхаммедтің тарихы болып келеді. Ораз-Мұхаммед хан атақты Тәуекел ханның (1586-1598) інісі Ондан сұлтанның ұлы болатын. Оның аталары Ұрұс хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар Алтын Орда, Ақ Орда және қазақ хандығындағы белгілі тарихи тұлғаларға жатады.

Қадырғали Жалаиырдың шыққан тегі мен өмір жолы жөнінде біршама деректі осы шежіреден алуға болады. Оның шыққан елі - жалаиыр. Жалпы Жалайыр тайпасының аты ежелгі тарихи еңбектерде өте жиі ұшырасады. Бұл еңбегінде Қ.Жалаиыр қысқаша баяндай отырып, Шыңғыс хан заманынан бері қарай ата-бабасының шежіресін таратып береді. Қадырғали өз заманының араб, парсы тіліндегі көптеген тарихи кітаптармен таныс болған. Әрине, қазақ хандығына дейінгі тарихты жазу үшін Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарихын» пайдаланған және қысқа күйінде шежірелерді баяндаған. Бірақ Қ.Жалаиыр оның аудармасын жазуды ойламаған. И.Березин болса Қ.Жалаиыр кітабының алғашқы беттері жоғалып кеткендіктен бұл еңбекті Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарих» атты кітабының түрікше аудармасы деп түсініп, жаңа кітаптың атын да солай атаған. Шын мәнісінде Қ.Жалаиырдың еңбегіне өзі қойған аты әлі күнге дейін белгісіз. Егер Қ.Жалаиыр «Жами ат-тауарихты» аударатын болса оның кітабының көлемі бұдан бірнеше есе үлкен болып шығар еді. Осы жайттар ескеріліп, қазақ басылымында бұл еңбек Березинше «Жами ат-тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп атамай, «Шежірелер жинағы» деген атпен қабыл алынды. Шындап келгенде Қ.Жалаиырдың бұл еңбегін бұрыңғы тарих пен қазақ хандығының ......

ғасырдың аяғына дейінгі шежіресі деуге болады.

Қазақстан тарихы үшін аса маңызды бөлігі болып саналатын 3-ші, яғни бұрын-соңды көріп, естімеген тың тарихи мәліметтер берілген соңғы бөлім 9 дастаннан тұрады. Олардың сегізі Шыңғыс хан ұрпақтарының ішінде Қазақстан тарихына қатысы бар Ұрұсхан, Тоқтамыс, Темір-Құтлық, Ұрұсхан ұлы, Қажы-Керей, Қажы-Мұхаммед, Әбілхайыр, Жәдігер, Ораз-Мұхаммед және басқаларға арналса, бір дастан Алтын Орда тарихындағы ірі тұлға Едіге би жайында. Мұны алғашқы зерттеушілер түпнұсқа бөлім деп атаған болатын.

Қ.Жалаиырдың Ораз-Мұхаммедпен бірге Керман (бүгінгі Қасымов) қаласына келгенге дейінгі өмір жолынан ешқандай дерек те, мәлімет те жоқ. Өз еңбегінде Қадырғали ата-бабаларынан бері Ораз-Мұхаммед ханның әулетіне қызмет жасап келе жатқандығын атап өтетіндігіне қарап, оның Тәуекел ханның ордасында жас кезінен қызмет еткен деген жорамал жасауға болады.

Бір дерекке қарағанда, Ораз-Мұхаммед 1588 жылы 16 жасында тұтқынға түскен, яғни ол нөкерлерімен, соның ішінде қарашы (кеңесші нөкер) Қ.Жалаиыр да бар, Тобыл қаласына жақын маңайда аң аулап саятшылық құрып жүргенде воевода Данил Чулков оларды алдап, арнайы қонаққа шақырады да, тұтқындап, Мәскеуге жібереді. Кейін Ораз-Мұхаммед әскери қызметте ерекше көзге түседі, сөйтіп патшаның ықыласына бөленеді. 1600 жылы патша Борис Годунов Ораз-Мұхаммедті Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызады. Жат елде жиырма екі жыл тұрып, оның он жылын Қасым патшалығын басқаруға кетірген Ораз-Мұхаммед өз қарауындағы халыққа адал қызмет етіп, талай тарихи оқиғаның белді куәсі болған. Бірақ 1605 жылы патша Борис Годунов өлгеннен кейін Ресей елінің басына төнген «аласапыранда» өзіне қазылған орды сезбей қалады. Лжедмитридің қастандығынан қапыда 1610 жылдың қараша айында 38 жасында қаза таубады. Мәйіті Ока өзеніне тасталады да, өлімінің себебі сан-саққа жорытылып, ол жөнінде арнайы өсек-аяң таратылады. Едіге бидің ұрпағы, асылдың сынығы Петр Урусов қандыкөйлек досы Ораз-Мұхаммедтің денесін өзен түбінен тауып алып, арулап Қасымов қаласындағы хандар қорымына жерлейді. Және Ораз-Мұхаммедті өлтірген Лжедмитридің жанын жаһаннамға жіберіп, бір жағынан досының кегін алса, екінші жағынан Ресей тағын қорғап, орыс елінің шетелдік басқыншылардан құтылуына жәрдемін тигізеді.

Қадырғали шежіресінде Алтын Орданың ыдырауына байланысты аса қажетті деректер берілген. Қазақ хандығының құрылар кезіндегі алғышарттарына қатысты, яғни Ұрұсхан мен оның ұрпақтарына байланысты өте құнды материалдар бар.

Қ.Жалаиыр кітабында қазақ халқының фольклоры, әсіресе Едіге жыры кеңінен пайдаланылған. Оның Едіге мен Тоқтамыс туралы жазғандарында халқымыздың асыл мұраларының, жырларының тілі мен желісінің ізі бар. Қадырғали Жалаиыр өзі туралы: «Дүниеде көп елдерде болдым, көп оқыдым» - деп жазғанына қарағанда ол Қазақстан, Ресей ғана емес басқа да мемлекеттерде болғанын түсінуге болады. Алайда ол жөнінде мәлімет жоқ.

Ресейдің Сібірді, Еділ бойын, Қазақстан және Орта Азияны бағындыруға арналған экспанциялық саясатын іске асыруда Қасымов патшалығының, соның ішінде асыл тұқымды ханзадалардың тағдырлары қандай рөлдер ойнап, қаншалықты тарихи міндеттер атқарғанын білу үшін Қасымов қаласының тарихын зерттеп білу қажет.
Тарихи ғылымда Қасым хандығының мәртебесі жөнінде сұрақ әлі күнге талас тудыруда. Бастапқыда ол Алтын Ордаға тікелей тәуелді хандыққа жақын мемлекеттік құрылым болып табылатын Мещер жұрты болған. Оның әкімшілік және саяси бөлінуі оған куә бола алады. Мещер жұрты Беклиребектер, Барындар, Арғындар, Қыпшақтар және Маңғыттар ендігіне бөліну анық байқалады. Қасым татарлары Ресей мемлекетінің дәл ортасында тұратын Мещер тұрғындары: мещеряктар, мордвалар, муромдар, марилер, қырымдықтар, половтықтар, астрахандықтар, қазандықтар және орал татарлары, сондай ақ қазақтар мен ноғайлардың өзіндік болмыстағы араласуынан шыққан субэтникалық топты атаймыз. Басқаша тілде айтқанда түік угр фин Вавилоны десе де болады. Татар халқы басқа халықтардың өкілдерін өзіне сіңіріп алды. Мордвалар, мещеряктар және марилердің бір бөлігі пұтқа табынса екінші бөлігі татарлармен тығыз қарым қатынастың арқасында мұсылман болды.

Алтын Орда мен Русьтің қатынасы әрқашан жеткілікті деңгейде күрделі болатын. Аралас үйлену арқасында ге тарта дворяндар ата тектердің татарлық түбірі бар. Оларға Карамзин, Рахманионов, Куприн, Юсуповтар, Ушаковтар, Кутузовтар, Суворовтар жатады.

Бүгінде Қасымов 37 мың тұрғыны бар Ресейдің Рязань облысына кіретін қала. Ол Рязаньнан 163 км, Мәскеуден 277 км қашықтықта жатыр. Бүгінде Қасымовта және Касымов ауданынада 2500 татар тұрады. Олардың арасында ата бабалары Ресей баяндылығы үшін еңбек етіп, күш-жігерін жұмсаған ежелгі қасымовтық рулардың өкілдері аз емес. Олар Ақжігітовтер, Тереғұловтар, Рахмаевтар, Төгеевтер, Қарамышевтер, Симаковтар, Верғазовтар, Ақболатовтар, Бекболатовтар, Дервишевтер, Ақшуриндер, Мақсұтовтар, Шақұловтар және тағы басқалар.
Қасымов патшалығының пайда болуы жөнінде әртүрлі нұсқалар бар. Никоновтың жылнамасына сәйкес 1447 жылы Мәскеуге Қасым мен Жақып ордасы келеді. Ол кездері Мәскеу тағы үшін ұлы Мәскеу князы Василий II мныймен оның қарсыласы Шемякамен арада тартыс жүріп жатқан еді. Қасым мен Жақып Василийге қолдау көрсетеді. Оған Сейт Ахмет хан ордасының шабуылынан сақтап қалады. 1452 жылы Мещерге Ұлық Мұхаммед хан ордасынан 500 адам және нөкерлерімен сұлтан Қасым келеді.Сол кезеңнен бастап қала барлық құжатарда Ханзада қаласы немес Қасымов атала бастайды. Кейде Хан –Керман деп те аталады. Басқа бір дереккөзіне қарағанда 1445 жылы 7 шілдеде Суздал түбінде Каменка өзенінің маңында Мәскеулік Ұлы княз Василий мен Қазақ ханының балалары Мамуд пен Жақып басқарған татар Ордасымен арада қақтығыс өтеді. Орыс князында 1500 сарбаз, татарларда - 3500 сарбаз болады. Ұрыста татарлар жағы жеңіп шығады. Орыс әскері толық жойылып, Мәскеулік Ұлы княз тұтқындалады. 1445 жылғы 1 қазанда Мәскеулік княз үшін үлкен құн төленіп, ол Мәскеуге қайтарылады. Тверлік жылнамада Мәскеулік княз Василийдің қазандық Ұлық Мұхаммедке жыл сайын құн төлеп отыруға әжен мәскеулік қызметке Ұлық Мұхаммедтің ұлы Қасымды қабылдап, оған Мещер өлкесін мекендеуге береді. Қалай болғанда да Қасым хан Василий Темныйға әділ қызмет етіп, сол кездері болған барлық соғыстарда Мәскеу жағынан қатысады.

Қазан дерек көздерінде бұл жағдай төмендегідей сипатталған. Яғни, Ұлық Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлы Махмутек қазан тағын иемденіп, оның екі кіші інісі іссіз қалып, бақтарын көрші жатқан жерлерден іздеуге аттанады. Бұл өзі сол уақыттың талабына сай еді де, патшалық құрған Еуропа мен Азияның көптеген үйлерінің жастары істерін осыдан бастайтын. Қасым мен Жақып Мәскеулік Ұлы князға келген уақыт құжатта 1448 жыл деп көрсетілген. Келесі 1449 жылы Василий II оларды Шемякиге қарсы жорыққа алып барады. Қасым Руське шабуыл жасаған Саид-Ахмедтен Звенигород қаласын тартып алып, Пахра өзенінің жанында Саид-Ахмед әскерін талқандап, барлық тұтқындарды босатады.

1450 жылы қаңтарда Қасым мен Жақып орыс кянздарымен бірігіп, Галич маңындағы ұрыста Шемякаға жеңіліс таптырады. Сол күні Руське Меулім-Берді-оғлан ордасымен шабуыл жасайды. Княз Василий татар отрядына басшы етіп Қасымды Мәулім Беді оғланға қрасы жұмсап, Коломна қаласы тұрғындарын басқартып воевода Беззубикованы қосып береді. Қасым орданы қуып тастайды. 1452 жылы Жақып қыста Василийдің баласы Иванмен Шемяканың артынан түсіп, Көкшенгеге дейін қуып барады. Жақыптың тұрақты мекені Кострома болады.

1452 жылы Мещер қаласы ұрпақтан ұрпаққа қалатын меншік ретінде сыйға тартылады. Үлкен Орда элиталарының өзара билік үшін таласып, қырқысуына байланысты тарихтан кетуге айналғанын, жас Қазан хандығы күш алып келе жатқандығын, Қазаннан жол Мсәкеуге Мещер қаласы арқылы өтетінін дәл есептеген Мәскеу князының саясаты алысты көздейді. Қаза хандығымен де, Қырым хандығымен де, Үлкен Ордамен де соғыс бола қалса Қасымов хандығы алдыңғы шепте ұрыс сала жүріп, қалған кезде қалқан рөлін атқарды. Мәскеу дипломатиясы Қасымовтықтарды кейін поляктар мен литвалықтармен болған соғысқа жұмсады, сондай-ақ Новгород княздығын бағындыруға да пайдаланғандығы тарихтан белгілі. Қасым мен оның ұлы Данияр қол астындағы халықтан «ясак» алып тұрды. Княздық шекарасын қорғағаны үшін Рязан князы да белгілі – бір сумма төлеп тұрған. Бірақ Қасымның бірінші імндеті ол Василий Темныйдан талап түсісімен өз татарларымен мемлекеттік қызметке тез жетуі тиіс болатын. Қасым 1448 жылы қайтты. Халықтың жадында ол срабаз және Орыс мемлекетінде бірінші мешіт пен хан сарайын салушы (1467 жыл) ретінде қалды.

Қасым тағын иеленген оның ұлы Данияр 1472 жылы татарша Кизи-Керман (Хан-Керман) деп аталатын қаланың атын Қасымовқа ауыстырады. Сол жылы Даниярға Мәскеулік княз Иван III Новгородқа қарсы табысты жасаған жорығы үшін сый-сияпат жасайды. Данияр сарбаздарымен Алексин қаласы түбінде Сарайлық Ахмат ханды Русь аумағын тастап кетуге мәжбүрлейді. 1477 жылы Қырым ханы Иван III –тен Ахмат ханға қарсы Данияр мен Мұртаза ханзадалады жыл сайын жіберіп тұрса поляк королі Казимирге қарсы шығуға көмек көрсететінін білдіреді. Сол жылы Данияр қарамағындағы татарларымен Новгород Республикасы құлауының басы қасында болады. Содан кейін Даниярдың аты ешбір жерде естілмей кетеді. Сөйтіп Ұлық Мұхаммедтің тұқымы Қасымовта Даниярмен бітеді.

Мәскеу княздығы кеңейіп, күш пен бедел жиған сайын жас мемлекеттің жаулап алу саясатының аппетиті ашылған сайын Қасымов хандығы үшін жұмыс көбейеді. 1479 жылы Қырым ханы Әзи-Гирейдің ұлы Меңлі-Гирей таласып тақтан тайдырылған інісі Нұр-Дәулет Мәскеуге алдырылып, Иван III оны Қасымов тағына тағайындайды. Татар моңғол отарлығынан құтылу жолындағы Ресей мемлекетінің тарихын жасауда Нұр-Дәулет ерекше рөл ойнайды. 1480 жылы Угр өзені бойында Ахмет хан ордасының әскері мен Мәскеулік Иван III-тің әскерлері ұстасып тұрған кезде Нұр Дәулет Мәскеулік воевода Всилий Ноздреватыймен Алтын Орданың астанасы Сарай әл-Жадидке (Жаңа Сарай) шабуыл жасап, жұрдай етіп тонап кетеді. Ахмет хан хабар алысымен, ұрыс даласын тастап мекеніне асығады. Жолда Иван III -ке көмекке келе жатқан Төмен татарлармен қақтығысып мерт болады. Орыс тарихында бұл факті Мәскеу княздығының татар-моңғол құлдығынан азат етілу кезеңі болып есептелінеді.

1486 жылы Нұр-Дәулет Қасымов патшасы титулын алады. 1491 жылы тақты оның ұлы Сатылған иеленеді. Сатылғанның басқаруы кезінде қасымовтық татарлар қазандықтармен жиі соғысады. 1506 жылы Сатылған қайтқаннан кейін, оның орнын інісі Жанай басады. Жанай Русьтің батыс шекарасында литовтықтармен (бүгінгі беларустармен) жиі соғысып, 1512 жылы қайтыс болады.

1487 жылы Қазан ханы Мұхаммед-Эмин Мәскеудің вассалдығына түсіп қалады. Осы кезеңнен бастап Қазан мен Қасымов хандығы мәскеулік саясаткерлердің қолындағы айтқанынан шықпайтын құралға айналады. Ақыры 1552 жылы тәуелсіздігінен айрылып, Қазан жауланып алынады. Сөйтіп Қазан хандығы 106 жыл-ақ (1346-1552 жж.), Қасымов хандығы 229 жыл-ақ (1452-1681жж.) өмір сүреді.

Қазан хандығы құлағаннан кейін де Мәскеу мемлекеті Қасымов хандығына «шығыс» төлеуді жалғастырып келді. Ресми хат алысу Елші бұйрығы арқылы жүргеніне қарағанда Мәскеу мемлекеті үшін Қасымов хандығы шетелдік болып саналған ба дейсің, яғни мемлекет ішіндегі мемлекет.

1512 жылы Қасымов тағына астрахандық ханзада, Шыңғысханның тұқымы Шейх-Әлияр отырады. Ол Үлкен Орда ханы Күшік-Мұхаммедтің немересі болатын. Оның ұлдары Шах-Әли мен Жан-Әли татар тарихында қайшылығы мол, көлеңкелі жоқтары көп үлкен із қалдырды. Шах-Әли Қазан тағында үш рет болып кетті. Ресей Қазан хандығын осы Шах-Әлидің қолымен бағындырды.

Руське дала жақтан ағылып келіп жатқан хандар, мырзалар, ханзадалар, княздар өкілдері қызметке араласып, Кострома, Твер, Рязан, Мәскеу, Қасымов сияқты көптеген қалаларда мекен теуіп, қалып жатты.

Иоанн IV Грозный шоқынған Семион Бекбулатовичке (Сеин Булат) 1573 жылы Мәскеу Ұлы князы және Бүткіл русь патшасы деген титул беріп, таққа отырғызады. Марионет патша билік құрған бір жыл ішінде Ливон соғысына қатысады, өмірінің ақырын Стефан деген атпен Кириллово-Белозерск монастырында монах болып өткізеді.

1600 жылы Қасымов тағына Ондан сұлтанның Ұзын Оқ деген атпен белгілі баласы қазақ ханзадасы Ораз Мұхаммед иеленеді. Ораз Мұхаммед Швециямен болған соғысқа, Борис Годуновпен бірге Қырым татарларына қарсы жасалынған жорыққа қатысады. Ол Мәскеу мемлекетінің иерархиялық баспалдағында жеткілікті жоғары дәрежеге ие болады. Боярин Морозовқа әбден сенім артамын деп, кеңесшісінің ақылымен Лжедмитрий ге қызмет етуге шешім қабылдайды. Кейін қатесін түсініп, Минин мен княз Пожарскийдің жағына шығып кеткенін білген Лжедмитрий оны алдап, аңға шақырып, қастандықпен өлтіреді. Ораз Мұхаммедтің қандыкөйлек замандасы Петр Урусов Лжедмитрийдің басын кесіп, оның кегін алады.

1614 жылы таққа Сібір ханы Көшімнің немересі Арслан отырады. Ол замандасы княз Пожарскиймен поляк басқыншыларынан Мәскеуді азат етеді.

1627 жылы Арслан қайтқан соң тақмұра оның жасы толмаған ұлы Сейд Бұрханға өтеді. Бірақ хандықты шын мәнісінде оның анасы Фатима Сұлтан Бегім басқарады. Оған анасы жағынан Сейд Бұрханның атасы болып келетін Ақ Мұхаммед Сейд Шакулов көмектеседі. Фатима баласының орыс патшасының қызына үйленуіне үзілді кесілді қарсы болады. Бірақ Мәскеу билігіндегілер Қасымов хандығының тәуелсіздік білдіретін кез келген іс әрекетіне қарсылық білдіріп отырды.

1656 жылы Қасымов татарлары Рига түбінде шведтермен болған шайқасқа қатысып, Чегирин жорығы кезінде поляктармен, 1678 жылы түріктермен соғысады. Сол жолы өте көп поляк қыздары тұтқын ретінде Қасымовқа әкелінеді.

Сейд Бұрхан 50 жылдан астам уақыт Қасымовты басқарып, 1679 жылы тақтан бас тартып, шоқынып кетеді. Қасымов тақмұрасы Фатима Сұлтанға өтеді. Фатиманың жасы ол кезде 70 тен асып кеткен еді. 1681 жылы Фатима қайтуымен бірге Қасымов хандығы тәуелсіздігін жоғалтып, Ресей мемлекеті үшін ойнаған «буферлік» рөлін аяқтап, тарихқа сүңгиді.

Қасымовта мұсылмандар зираты екеу: Көнепосадтық және қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан жаңасы. Бүгінде Көне посадтағы зират қараусыз қалған. Ол жерде жалғыз ғана XVII ғасырдың басында салынған Ауған сұлтанның «текиесі» ғажайып күштің арқасында осы күнге дейін сақталынып, сол кезеңнен белгі беріп тұр. Ол қызыл кірпіштен салынған. Лекалдық кірпіш жолақтарымен және түрлі-түсті қашаулармен сәнделген. Алдындағы бетінде әдемі наличниктер бар. Шатырлы жабуы бар куб тәріздес салынған ол кесене сәулеті жағынан 1555 жылы салынған басқа қасымовтық Шах Әли кесенесіне ұқсайды.

Хан алаңындағы Шах Али текиесінен мешітке, Ока өзенініе және хан сарайына алып баратын жерасты жолдар салынған деген аңыз бар.

Жаңа зиратта мәйттер ғасырдағы жерлене бастаған. Бастапқы кезде жаңа зират топырақтан үйілген жарлармен, ағаш қоршаулармен қорршалса, 1906 жылы қасымов саудагері Дүймаковтың қаражатына әдемі татардың дарбазасы бар қызыл кірпішпен қоршалынған. Зират бұрышында қараушыға (шырақшы) үй салынған. Бұл зиратта да Янбаевтар, Шакуловтар және Ишімбаевтар сияқты ауқатты қасымов татарларының көне ескерткіштері мен текиелері бар.


Мәскеу бұл өңірге кейбір деректерге қарағанда 1320 жылдары кіре бастайды. 1381 жылы көпшілігі орыс тұрғындары болып келетін Елатьма мен Қасымов аудандарындағы княздықтарды сатып алу іске асырылады. Ол кездері Алтын Орданың әлсірегінін пайдаланған Рязань мен Мәскеу шығыстағы өңір аймақтарын басып қалуды жүзеге асыра бастаған еді. Мещераны Мәскеудің сатып алғандығын 1393 жылы барлығы танитын болады. Бірақ бұл аумақ белгілі бір автономиялық құқында болады.
Қадырғали Жалайырдың өмір жолына қатысты ақпараттар мен деректер табу үшін Қасымов қаласы мен оның айналасындағы өңір тұрғындарының кешегісі мен бүгінгісін зерттеп білу қажет еендігі белгілі. Әсіресе Қадырғали Жалаиыр өскен орта жөнінде мағлұмат алудың маңызы зор. Сондықтан да сол кездері өмір сүргендерден бізге жетіп отырған төмендегі қасымовтықтардың салты мен санасы, дәстүрі мен әдеттері, ырым мен жол-жоралғыларын сипаттап өтуді жөн көрдік.

Қасымовта өмір сүрген татарлардың мақал-мәтелдеріне, нақыл сөздеріне қарап отырып-ақ татар деген атпен белгілі болған жұрттың арасында түркі халықтарының көптеген түрлі өкілдері болғандығын аңдауға болады. Осы орайда Үндістанда Орталық Азиядан келген қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татарларды жалпы «моғол» деп атағандары сияқты, Қасымовта да Орта Азиядан келгендердің барлығын «татар» деген атпен атап кетсе керек деп болжамдауға болады. Қасымовтықтардың мақал-мәтелдеріне қарап отырып, түрік халықтарының ойлау жүйесі мен тіршілік етуі, сондай-ақ менталитеттері жағынан көптеген ұқсастықтар табамыз. Татар халқының дана сөзіне сүйенсек «Ақылың болса – сонымен жүр, ақылың болмаса – мақал ұстан» дейді. Сол дәуірден бері төмендегідей татар мақал-мәтелдер сақталынып жетіп отыр.

Ең алдымен үй салудан бұрын - көршіңді зерттеп, қара.

Араның шағуынсыз – бал болмайды.

Табыншысыз – жылқылар табын құрмайды.

Біреудің қазанында – щи пісіре алмайсың.

Кімнің қайығына отырсаң – соған қарай тартылып, икемделесің.

Жар жолдан қайту да ержүректік.

Бір жалғызаяқ жолмен келе жатқан қасқырлар, бірін-бірі жемейді.

Ақымақ: «Жеңеміз!» десе, дана: «Жол берелік» дейді.

Қойшы көп болса, қойлар қырылады.

Қорқақты артына түсіп, көп қусаң – ол батырға айналады.

Тіптен араздасып қалсаң да, соңғы сөзді айтпа.

Әрбір гүл - өзінің бұтағында ғана бүр жарады.

Малшы қандай болса - оның малы да сондай.

Жұмыртқа салмайтын тауық – көп қақылдайды.

Аю, аюды жемейді, қасқыр қасқырды таламайды.

Қап түбінен қол созып, іздеме – бұрынғы ренішті есің алма.

Жауыңды қой санамай, қасқыр деп есепте.

Бір ұрғаннан – ағашты құлата алмайсың.

Жапырақ сыбдырынан – жел көтерілмейді.

Алысырақ қойсаң - жақынырақ жерден аласың.

Үй сатып алардан бұрын - көршіні таңдап ал.

Ең алдымен серікті тауып ал, сосын ғана жолға шық.

Сөзбен түсіндіре алмағанды - таяқпен түсіндіре алмайсың.

Құрт ең піскен алманы шірітіп, жей бастайды.

Бөтен ақылды тыңда - өз ақылыңмен өмір сүр.

Аз сөйлесең - көбірек естисің.

Бал қайда болса - шыбын да сол жерде.

Досыңды тастап кетсең – тағы да шақырма.

Киімнің жаңасы жасқы – көнесі жолдас.

Қыран шыбынды – ауламайды.

Дос – жолдастың айнасы.

Сондай-ақ Қасымовта өз заманында белгілі де, сүйікті болған татар өлеңдерін атайтын болсақ, оларға «Қара орман», «Тавтиляв», «Сөнген дерт», «Ғалия Бану», «Мәулит кие», «Алтын кюмиш», «Бас қызым», «Ғазизяқяй балдызым», «Сарман кие», «Қасымовтық Ыбырай», «Өзің бяет кие», «Асыл ер», «Зянғар шал», «Ақ идел», «Ай бұлбұлым», «Замана», «Тұқай марше», «Туған тел» жатады.

Сол кезеңдегі татар билерінің қатарында «Жұлдыз», «Энтя», «Кадриль», «Тура», «Бас қызым Әнипа», «Петкенче» болған.

Қасымовтықтардың салт-дәстүрлері мен ырым-жырымдарына үңіле отырып та, көптеген ұқсастықтар мен уақыт өте жоғалтқан ортақ дүниелерді табуға болады. «Абыздандыру» рәсімі нәресте туған кезде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оны «бәле-жаладан» сақтау, сондай-ақ жаңа туған нәрестенің тағдырын анықтауға арналған. Арнайы шақырылған кіндік кесуші «Кіндік шеше» әйелді үйдің таза бөлмесінде босандырады да, кіндікті кесіп, ішіне тұз бен күміс монета салынып, арнайы дайындалған суда нәрестені шомылдырады. Ата-анасының сүйіктісі болсын деп, шомылып шыққан нәрестені әкесінің таза көйлегіне орайды. Дұға оқып, нәрестенің аузына бал мен май жағады да, оған өмірдің бақ-берекесін тілейді. Кіндік шеше нәрестенің кіндігі түскенінше 7 күн бойы босанған әйелдің жанында болып, оған көмек көрсетеді. Түскен кіндікті таза шүберекке орап, сандыққа салып қояды.

Бала босанғанда босанушы әйелдің анасы ең құрметті қонақ болады. Ол бірінші балаға жстық, жаялық, жамылғыш және тәтті тағамдар әкеледі. Босанушы босанған күні оған қаншалықты көп әйелдер келетін болса, нәресте анасының сүті соншалықты көп болады деп есептелінген.

Молданы шақыртып, азан шықырып, нәрестеге ат береді. Балаға көз өтеді деп оны ешкімге көрсетпеуге тырысатын болған, адамы көп жерге шығармаған. Көз тигізбеу үшін нәрестенің қолына корал моншағы бар браслет кигізген. Кедейлеу тұратындар «көзін басқаға бұру» ниетімен нәрестенің кофтасына ағылшын түйреуішін түйреп немесе нәресте маңдайына күйе жағып қоятын болған.

Нәрестеге бір жыл толғанда оның туған күнінде туыстар мен көршінің балаларын шақырады. Нәрестені үлкен жастыққа отырғызады да айнала қонақтар жайғасады. Нәрестенің одан арғы өмірі уайым-қайғысыз бақытты болсын деп оның үстіне кәмпит, тиын, жаңғақ, пешене және құрғақ жемістер шашатын болған.

7 күннен 20 жасқа дейінгі аралықта баланы сүндетке отырғызған.

Жастарды құда түсу арқылы үйлендірген. Айттыруға беделді, құрметті және тілге бай адамды жұмсайтын болған. Күйеу бала келіп кеткен күні қалыңдықтың туыстары күйеу бала кандидатурасын талқылайтын «кеңеске» жиналатын болған. Айттырушы бірнеше рет келіп жүріп, күйеу тарапынан берілетін «қалым» немесе «қалың мал», сондай-ақ қалыңдық ата-анасына төлейтін ақша «тарту» суммасының мөлшері бойынша келісетін болған.

Жас жұбайлардың алдағы өміріне ететін ықпалы мол деп олар ұйықтайтын Қалыңдықтың үйіндегі бөлмені әзірлеуге көп мән берілген. Арнайы бөлінген бөлмені қалыңдықтың дүниесінің әсем заттарымен безендірген. Төсекті бақыты ашылған әйелге ғана салуға сеніп тапсырылатын болған.

Қыз ата-анасы қарсы болғанына қарамай өзі бетімен кетіп қалып, ерге шығуды «жабысып шығу» деп атаған. Қоғам оны қаламаса да, ұзақ келіссөздер арқасында дау шешіліп, балалы болғанға дейін қатыспай қалу әдетке айналған. Бұл жағдайда той жасалмай, тек төлеммен шектелген. Кедейлер арасында той шығынынан қашу үшін үшін «кетіп қалу» дәстүрі орын алған. Бұл жағдайда аз туыстар арасында күйе үйінде дастархан жайылған. Сирек болса да қыздың еркіне қарамастан «қыз ұрлау» дәстүрі де болып тұрған.

Үйге кірерде табалдырықты бастырмаған. Көршімен ұрысуға болмайды, өте жақындасып кетуге де болмайды деп, онымен тату болу міндетін қатаң сақтаған.

Адам қайтқан күні жерлеп, содан үш күн өткенде жаназасын шығару, жетісін беру, қырқын беру және жылын беру дәстүрі қалыптасқан.

Зиратты қорым деп атаған. Зират қоршалынып, оның басында жүруге, гүл және жеміс үзуге тиым салынған. Аты аңызға айналған және исламды жайған кісілердің бейіттері ерекше құрмет тұтылған. Ол жердің ауру, науқастардан айықтыратын емдік күші бар деп есептелініп, ол бейіттердің басында дұға оқылған, орамал, сүлгіні іліп кетіп, ақша қалдырып отырған. Олар әрқашан қоршауға алынып, үнемі қарауда болған.

Ұмыт қалып, тастап кеткен зираттар айрықша құрмет тұту объектілеріне айналып, ол жерлерге егін егілмейтін, жыртылмайтын, құрылыс салмайтын болған.

Ауылды жердегі татарлар мекендерін негізінен ауыл, дирявна, сала және ил деп атаған. XVI ғасырдың өзінде Қасымов татарларында ірі төрт мекен (дорт сала) болған. Олар Подлипки, Болотцы, Царицино және Торбаево деп аталып, ондағы татар сәулеті бүгінгі күнге дейін сақталынып келген. Царициноны (бұрынғы Бием сала) ханша Фатима Сұлтан және оның нөкерлерінің жаздық жай қылған. Торбаево (бұрынғы Татарбай) қыстағында татар байлары тұрған. Болотцыда феодалдық басшылар үй-жайлары болған. Подлипки (Шырын) қыстағында княз Шириснкийдің тұқымдары тұрған. Ұсақтау меншікті мекендер Мунтово, темгеново, Сеитово, Колубердеево деген аттармен өзара едәуір қашықтықтарда орналасқан.

Қасымов татарларының киім киісіне келетін болсақ, олар үшін былғары мен маталар таңдауға жетерлік болған. Байлары киімдерін қымбат жібектен, парчадан, бархыттан тіксе, кедейлеулері шыттан, сәтеннен, помазыдан тіккен. Киім тігу үшін көбіне қоян, түлкі, қасқыр, бобр мен выдраның былғарылары пайдаланылған. Жергілікті ісмерлер беріден ішік-етік, калош және башмақтар әзірлеген. Қасымовтық ерлер бас киімдері түрлеріне чалма, малақай, фяс, қысқы бөрік, жазғы бөрік, түрлі пішіндегі төбетейлер, шляпа, әйел бас кімдері түрлеріне тақия, түрлі қалпақ, жаулық жатады. Ер адамның сыртқы киімдері шалма, тюбетей, шапан, шитек, кявеш, етік, аяқшу, чабатадан тұрса, әйелдер жаулық, қалпақ, көйлек, қамзол, алжапқыш және шитек киген.

Әдебиет


  1. Қадырғали Жалаиыр, «Шежірелер жинағы», Алматы, «Қазақстан», 1997

  2. «В.В.Акимов, Касимовские татары», Москва, «Вече», 2004.

  3. Беляков А.В. «Город Касымов XV-XVII вв. как сакральный центр Чингисидов в России», Верхнее Подонье: Природа, Археология, история. Т.2. Тула, 2004.

  4. «Ислам әлемі» қоғамдық діни мәдени журнал №10 (46) 2005.

Каталог: userdata -> uploads -> u21
u21 -> Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлы
u21 -> Әлия Молдағұлова
u21 -> Ән жанрлары мен мектептері
u21 -> Әуенімен әйгілі әбілқайыр әулеті
u21 -> КӨкбай жанатайұлы (1861-1925)
u21 -> Өтен айгүл жақсылықҚызы кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы
u21 -> Балалардың сүйікті жыршысы (М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдістемелік құрал)
u21 -> Ахмет Жұбанов Ахмет Қуанұлы Жұбанов
u21 -> 1. Eр Төстік жер бетіне шыққан соң күресетін жауыздың иесін белгілеңіз
u21 -> Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы (1845-1904) Абай Құнанбаев


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет