Қазақ әдебиеті 5-сынып
Нұрмұханов Бекай Жаббарұлы
Ақмола облысы
Ерейментау ауданы
Бөгенбай батыр атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сабақтың тақырыбы: Абайдың табиғат лирикасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: а) Абайдың табиғат лирикасы туралы түсінік беру, оның мән-мағынасына мән бере отырып талдау жасау, әдебиетке алып келген соны жаңалығын тани білу;
Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру арқылы білім көкжиегіне жетелеу;
Тәрбиелік: Оқушылардың көркемөнер дүниесіне сүйіспеншілігін арттыру, әдемілікті түйсінуге, туған табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу;
Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгеру
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: баяндау, түсіндіру, әңгімелеу, көрнекілік, сұрақ-жауап
Сабақтың көрнекілігі: ақын портреті, табиғатты бейнелейтін суреттер, тірек сызбалар, интербелсенді тақта
Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, саз өнері, қазақ тілі
Сабақтың барысы: а) Ұйымдастыру.
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
Балалар, біз бүгін қазақ әдебиетінің жүз жасаған бәйтерегі Жамбыл айтқан «Абай тереңіне» сүйсініп, тұңғиық сырларына үңілуге тырысамыз. Бүгінгі сабағымыздың мақсаты да - Абай өлеңдерін оқи отырып, оның мән-мағынасына үңілу, оның шығармаларын жаңа қырынан тану, өзге ақындарға ұқсамайтын, әдебиетке алып келген соны жаңалығын тани білу.
Үй тапсырмасын тексеру: Жаңа сабақты бастамас бұрын, біз Абай туралы, оның шығармашылығы жайлы не білеміз, соны еске түсірейік. Сонымен, Абай кім? (сұрақ-жауап және тірек-сызба әдістері арқылы Абай өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет алу)
а) Оқушылар "Абай өмірбаяны" тірек-сызбасы бойынша сөйлейді.№3 СЛАЙД
Ә) «Абайдың шығармашылық өмірі – қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы... Әр ұрпақ Абай жөнінде өз сөзін айтатын болады. Абайтану есігі кімге де болса, ойы мен пікірі бар оқырманның бәріне ашық»,- деген жолдардың авторы Серік Қирабаев келер ұрпақ сендердің Абай шығармашылығын оқитындарыңа кәміл сенеді.
Оқушыларға «Абай шығармашылығы туралы» үлестірме парақшалар беру, екі оқушы тақтада Абайдың «Адам болу» қағидасы кестесін орындайды
Абайдың «Адам болу» қағидасы
Бес нәрсеге асық бол Бес нәрседен қашық бол
Талап Өсек
Еңбек Өтірік
Терең ой Мақтаншақ
Қанағат Еріншек
Рахым Бекер мал шашпақ
Абай шығармашылығы туралы не білеміз? Тақтадағы сұрақтарға жауап беру.
(№5 слайд.Оқушылар жауабын қорытындылау. Интербелсенді тақтадан дұрыс жауаптарын көрсету
№6 слайд. Суреттер арқылы Абай бейнесін жасау.
Теңіз – Абайдың ақылы, білімі теңіздей терең.
Гүл – ақын сезімі гүлдей нәзік.
Тау – халық адамы, қайратты.
Жүрек – жүрек жылуын халқына арнаған
Жұлдыз – қазақ халқының жарық жұлдызды ақыны
Күн – күн сәулесі іспетті әлем таныған ақын.
Ай – қараңғыда жол көрсететін көшбасшы, данышпан
Жаңа сабақ: Суретті тірек нүкте әдісі арқылы. Оқушылар назарын суретке аудару. Балалар, мына суреттерде біз не көріп тұрмыз? (Оқушылар жауабы тыңдалады).
Осы суреттердегі ортақ нәрсе не? Әрине, барлық суреттерде табиғат бейнеленген.
№7 слайд көрсету « Абай лирикасы»
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: Абайдың табиғат лирикасы (сабақ тақырыбын, ай мен күнді жазу)
(Интербелсенді тақта)
№8 слайд.. Абайдың табиғат лирикасы (Дәптерлеріне жазғызу)
“Жаз”
”Күз”
”Қыс”
”Қансонарда бүркітші шығады аңға”
”Жазғытұры”
“Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай”
”Желсіз түнде жарық ай”.
Мұғалім: Біз бүгін бағдарламаға сәйкес Абайдың табиғат туралы «Қыс», «Күз», «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңдерін оқып, талдау жасаймыз.
Абайдың табиғат лирикасы - ақындық шеберлікпен жазылған сұлу, сырлы жырлар. Жыл мезгілдерін сипаттайтын өлеңдерінде оқушының көз алдына түрлі-түрлі табиғат көріністері келеді: жайқалған бәйшешек, "көгорай шалғын" мен "күркіреген өзені" бар, тамылжып тұрған шыбынсыз жаз да сонда, ақ түтек бораны мен үскірік аязы бар, қылышын сүйреткен қытымыр қыс та сонда, аспанын бұлт торлап, гүлі солған, сарғыш даласын шаң басқан, сұрғылт күз де сонда. Табиғат туралы әр өлеңінде ақын әуелі табиғат көріністерін суреттейді, ізінше сол көрініске бөленген қазақ ауылының тіршілік кәсібіне, шаруа жайына көшеді. "Жаз" өлеңінде күркіреп жатқан өзеннің көгорай шалғын жағасына көшіп барып, қонып жатқан ауыл, ақ білегін сыбанып, үй тіккен қыз-келіншектер суреттелсе, "Қыс" өлеңінде шидем мен тон қабаттап киіп, оранып алса да, долы боранға "бет қарауға шыдамай, сырт айналып", мұз жастанған жылқышылар, бет-аузын үсік шалған жас балалар, суық өтіп, титығы құрыған жылқылар, айналада жортып жүрген аш қасқырлар көз алдымызға келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |