1-тапсырма. Мәтінді түсініп оқыңыз. Нұсқау – ақпараттық-әдістемелік немесе ұйымдастырушы сипатқа ие құжат. Нұсқаулар бұйрық, нұсқау, жарлықтардың орындалу тәртібін түсіндіреді. Нұсқауға қол қою құқығына бірінші басшы, бас мамандар ие.Нұсқаудың мәтіні бұйрықтағыдай белгілеуші және жарлық бөліктерінен тұрады. Белгілеуші бөлігі: «орындау мақсатымен», «соған сәйкес», «мақсатында» деген сөздермен басталады. Жарлық белгілі бұйрықтағыдай құрылады.
Жарлық – басқарудың шұғыл мәселелері шығарылатын құқықтық акт. Оған директордың орынбасарлары, өз өкілеттіліктері шегінде құрылымдық бөлімше басшылары қол қояды. Жарлықтың мәтіні бұйрықтағыдай құрамды бөліктерден тұрады.
Жарлық құжатының сапалы болуы пішімі жағынан дұрыс болуына емес, мазмұны жағынан толық, анық, дәл болуына да байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, жарлықты құруда көбінесе мынадай қателер жіберіледі:
Құжатты шығаруға себеп болған дәлелдерді талдаудың орнына қабылданған шешімге байланысты басшыны ақтау орын алады;
Жарлық құжаты бір мезгілде бірнеше адамға немесе бірнеше бөлімшелерге қатысты болып келеді де, кімге не істеу қажеттігі нақты айтылмайды;
Құжат не шамадан тыс нақты болып келеді де, орындаушының бастама көрсетуге ынтасын жояды, не бұйрықты орындаудың оған бұрыннан жақсы таныс жолдары мен әдіс-тәсілдерін көрсетеді;
Құжатта оны орындауға жауапты адамдар айтылмайды, мерзімі көрсетілмейді;
Құжатта «деңгейін көтеру керек», «жоғарылату қажет», «төмендету қажет» т.б. осындай жалпылама нұсқаулар болады. Нақты кімге арналғаны, орындалу мерзімі көрсетілмегендіктен, бұндай нұсқаулардың орындалуын тексеру қиын болады. Мұндай «жалпылама басшылық» - жаман әдет, мәнсіз-мағынасыз іс.
Басқарудың жетілмеген шешімдері – басшының біліктілігінің төмен екендігінің белгісі.