Оралхан Бөкей. Қасқыр ұлыған түнде
(Новелла)
Қыстың ұза-а-ақ кеші...
Осындайда бойыңды кернеген суықты қуып шығар айла іздейсің; осындайда «жойылсын бұйығы тірлік!» - деп жар салғың келеді. Ымырт үйіріліп, қас қарайса болды, сулы-сылпың кешкі асын іше салып, тас бүркеніп жатып қалар ауылдағы ағайынды сағынасың. Әбден қысқарып, бір қайырмаға келмей қалған күн суық жүзбен таудың қыр желкесінен төніп тұр. Ақ көрпесін айқара жамылған айналаңыз жылдың басқа мезгіліндей емес, күміс нұрға шомылып, қараңғылыққа ырық бермей ұзап барып үғысады, түннің қап-қара отауына барып кіреді.
Дәл осы сәт - алғашында таусылмас ұзақ болып көрінген қысқы кеш есіңе қайдағы-жайдағыны түсіріп, көңілге салқындау қабыздаған белгісіз бір мұң ұялайды. Өзіңе аласұрып ермек іздегендей боласың. Малшының жөні бір басқа - тебіндегі отарын қыстаққа кіш-кіштеп қайырып, ай-үймен қоралап біткенше қас қараяды. Сосын, әйелі әзірлеп қойған тамаққа тыңқия тойып алған әлгі шопан темір пештің жылуына қыздырынып, қисайып жатып, «Ара» журналын оқуға кіріседі. Ал ақ қар, көк мұзды қақ жарып, қиырдан-қиырға қосын арқалап көше берер жылқышы күпісіне иегін тығып, су-су ағаштың бықсып жанған алауына телмірген күйі «Примасын» тұқылдай сорып, тым ауыр, тым мағынасыз ойға батар. Ауылдың жөні бір басқа - малын жайғап, маңайын тазалап, сыртқы күйбеңмен аялдап, үйіне кірмей біраз жүреді-ай. «Тамағынды іш, суып қалды», - дегенде барып керги басып, міндетсіп үйге кірер. Онымен бірге кірген будақ-будақ бу төрге шапшиды, сонсоң әлгі ағайын: «Радионы қаттылап қойыңдаршы, не сөйлейді екен?» - деп, пимасын шешіп, баласына пеш қабырғасына кептіруге қойдырады. Радионы бұрағанда, міндетті түрде «қияқ, қияқ» деп, кеңірдек жырта айғайлап тұрары және рас. Осы сәтте осы үйдің оныншы класта оқитын бойжеткені барын киіп, сыланып киноға аттанады... Қар алғашқы жауғанда сойып алған соғымның еті бұрқырап, дастарқанға келгенде пеш түбіндегі ала мысық керіле тұрып, мияулай аяңдайды.
Қыстың ұза-а-а-қ кеші.
Қалада мүлдем басқа. Мұнда қысқы кеш қысқа сезіледі. Аяң-пұяңмен жұмысты тәмамдап, аялдамаға асығасың. Қаптаған халық. Түнде жауып, күндіз жылбысқылана еріген қырбақ енді көк тайғаққа айналып, тайып жығылып жатқан адамдар. Ыңыранып сасып-борсып әрең келер автобусқа жапа-тармағай ұмтылысқан ел бір-бірін итере, бірін-бірі жұлқып, бір-бірін балағаттап есікке ілінеді. Әуелгі артқы, сонсоң алдыңғы есікке... алдыңғы есіктен өлдім дегенде жарты иығың кіреді. Ең алдымен шофер ұрсады, сонсоң әйелдер күңкілдейді, үйіңе «өлдім-талдым» деп жеткенде: «қайда каң-ғырып жүрсің» деп келіншегің тұлан тұтады. Ит боп жүріп от басыңды әрең тапқан сен: «ойнап жүрдім» деп арс етесің. Өйтпеске амалың жоқ. Телевизорды қоясың - «қияқ, кияқ». Үндемей барып өшіресің. Сонсоң теріс қарап тым-тырыс жатып қаласың.
Міне, осындай бір қыстың ұза-а-а-қ кешінде мен жолға шығатын болдым. Алғашында барғым келмеген. Редактор қолқалап болмаған соң, еріксіз көндім. Біздің бастық негізінде қорқытып-үркітіп жұмсамайтын жайдары, ақылды жігіт. Жас та болса атқа ерте мінген, ерте өскен, әлі де біраз жерге барарын сезгендейсің. Бұйрықты қолыма алып, аттанатын болған соң, жол қамына кірістім. Бірақ барар жер алыс. Қазақстанның шығысы. Алматыда он градус суық болғанда, онда қырыққа жетіп, ел мен жердің мазасын алып тұрған шығар.
Облыс орталығынан ары автобус жүреді екен. Айтқаным айнымай келіп, қаңтардың қақаған суығына тап болдым. Автобустың мұздай теміріне қолың тиіп кетсе, қырқып түседі. Киімім жұқа еді. Әлі ірге теуіп, үйлі-баранды болмаған адамның шаруасының қиюы келуші ме еді, тәйірі, айына бір рет үй ауыстырып, басы қатып жүрген жас журналистердің әзірше бірі ғанамын. Жалаң қабат пальто, құлағы жоқ ескілеу, жасанды теріден тігілген бас киім; жасанды теріден тігілген қолғап, жасанды теріден істелген қара портфелімнен өзге іліп алар еш нәрсе жоқ. Дірдектеп жұмсаған жаққа қарай шапқылай бересің, шапқылай бересің, өстіп шапқылап жүріп жан сақтайсың. Өстіп шапқылап жүргенде, екі жастың біріне келмей ауруға ұшырайсың. Жас кезде бәрі қызық, байқалмайтын секілді. Табаныңнан өткен суық маңдайдан шығар мезгіл әлі алда...
Мен автобусқа мінгенде, сау етіп ел азаматтары қоса кірді. Тегі, мен бағыт алған үлгілі ауданның басшылары іспетті. Үстерінде құндыз жағалы қыс пальто, кейбіреуінде әдемілеп сырып тіккен шолақ тон, бастарында үкілеген тиін құлақшын, аяқтарында аппақ пима, беттері қып-қызыл, буы бұрқырап, қарқ-қарқ күліп отыр. Дәл осындайда адамның бойын қызғаныш билейді. ҚазГУ-ді емес, мал дәрігерлік институтын бітірмегеніңе өкінгендей боласың. Өкін, өкінбе, бәрі кеш екені есіңе оралып, одан әрі жаурап, енді ішің мұздап, бүрісе түсесің. Автобус әне-міне жүргелі тұрғанда, ақ түбіт шәлі оранған кыз кірді. Жүргізушіге билетін көрсетті де, менің оң жағымдағы бос орынға отырды. Қуанып қалдым. «Ермек табылды» дедім ішімнен. Көлігіміз гүрілдеп-қырылдап орнынан қозғалғанша, жолаушылар да дабырласып, әр нәрсенің басын шалып көңілді отырды. Суық қыса түсті. Ауыздан ұшқан будан автобус іші тұманға айналды. Терезе сірескен қырау. Қысқы демалысқа шығып, жұрағаттарына қыдырыстап бара жатқан кейбір мектеп оқушылары әлгі ұлтандай боп қатқан сіреу мұзды тілімен жалап ерітіп, көздей тесік жасап алып, сығалайды. Редакторым командировкаға жұмсағанда, әуелі тартыншақтағаным - ертең жаңа жыл еді. Осы жылына жалғыз рет келетін мерекені жолдастардың арасында қарсы алып, сонсоң аттануыма да болушы еді, бірақ қалада жүргенде қарық болар мекенім және атап шақырған ешкім болмаған соң, қысастанып, жылжи беруді жөн санағанмын. Жаңа жылды жолда қарсы алуым бұл бір емес-ті.
Автобус орнынан қозғалып сыза жөнелгенде, қатар отырған көрші қызға тіктеп қарап үлгердім. Әдемі екен. Екі бетін суық сорып, томпайып үнсіз отыр. Оның да киімі жұқалау көрінді. Бар байлығы - басындағы ақ түбіт шәлі сықылданды. Ақ құба өңіне аса жарасады екен. Көзін үнемі төмен салып отырады да, оқта-текте кірпігін көтерсе, жарқ етіп жанары шығады. Маған ол өз сұлулығын өзі бағаламайтындай сезілді. Үнемі жуас халде, ауыр ойдың үстінде келеді. Жанында, тіпті айналасында адамдар барын байқамайды да. Мұндайда пысықтық жасап, бас салып сөзге тарту қиын.
- Терезе жақ суық қой, ауысып отырайық, - дедім. Ол бірден жауап берген жоқ. Естімегендей меңірейіп қарады да, іркіліп барып тіл қатты.
- Рақмет, сіздің киім менікінен де жұқа ғой, - деді.
- Бірақ менің жігіт деген атым бар ғой, - бұл менің тауып айтқаным еді. Байқаймын, бұл әзілсымағым көкейіне қоныс таба алмады. Тағы да үнсіз отырдық.
Суық. Жолаушылар жағасына мойнын тығып-тығып, қонақтаған тауықтай мелшиіп-мелшиіп отыр. Тек манағы үлде мен бүлдеге оранған ожар топ қана қағанағы қарқ. Өздері жолда тоңбас үшін ептеп тартып алған сыңайлы. Биылғы қыстың каттылығын, мал қыстату науқаны өте қиын тиерін айтысып, дабырлап сөйлеп, алғашында мазаны алды. Жасанды теріден тігілген бәтеңкемнен ызғар өтіп, башпайларымды суық сора бастады. Бір-біріне соғып тықылдатып, жылытқан боламын. Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
- Пима киіп шықпаған екенсіз, - деді. Қуанып калдым.
- Сол құрғырың жоқ қой.
- Не? Ақша ма, пима ма?!
- Екеуі де.
- Түрмеден босап шығып па едіңіз? - Әзілдеді ме, шыны ма, айыра алмадым. Бет пішіні өзгерген жоқ, салқын сұрады.
- Не десем екен... Алматы жылы болған соң...
- Ә, түсінікті, бұдан былай есіңізде болсын, Алтай Алматы емес, қатал.
- Әрине, бірақ қатыгез жерге қайтып оралу - екіталай-ау.
- Ат баспаймын деген жерін үш басады демей ме, ағай?
- Өзің қайдан келесің?
- Мен де Алматыдан.
- Оқисың ба?
- Иә.
- Қайда?
- Қыздар институтында.
- Факультеті?
- Тіл-әдебиет.
- Қайда барасың?
- «Өркен» ауылына.
- Ол қай тұста?
- Новостройкаға бес шақырым жетпей, тау қойнауында.
- Оған автобус бұрыла ма?
- Айналдырған екі шақырым жерге уақыт өткізіп жүрмейміз деп, жол жиегіне тастап кетеді. Әрі қарай жаяу тартамыз. Сіз мені тергей бастадыңыз ғой...
- Дәм тартып сапарлас болған соң, таныса отырайық дегенім ғой.
- Өзіңіз «Новостройкаға» барасыз ба?
- Иә, сол селоны жазбақпын. Газетте істеймін.
- Мен де солай-ау деп ойлаған едім. Өйткені, сұрағыңыз нақпа-нақ. Ол селоны жазуға болар, - деп ойланып қалды. Мен оның үнсіз тыныштығын одан әрі бұзғым келмеді. Тақымдап сұрақ та қоймадым. Есіме редактордың сөзі оралды: «Шығыс Қазақстанда «Новостройка» деген қала типінде салынып, мәдени тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болар село бар екен. Бүгінгі сәулетті қоғамымыздың ауыл-селолары барған сайын көркейіп, қаладан еш айырмасы болмай өркендеп, өсіп отырғанын паш ету үшін именно сол селоны насихаттауымыз керек. Орталық газеттің бірінде «Села Казахстана меняют облик» деген тақырыппен мақала шығып та кетті. Мейлінше, зертте, мәдениет сарайын, универмагын, тұрмыстық қамту үйі мен ресторанын суретке түсіріп ал, еңбек адамдарымен кездесіп, басшылығымен жүздес, сұхбаттас». Мен таңғалғаным жоқ, өйткені, шынында да, мұндай жаңа типпен жобаланып салынған сәулетті селолар саны күн сайын көбеюде. Демек, қаладан ауылдың айырмасы азаюда... Тамаша, әрі табылған тақырып! Газеттің бір бетіне етектей етіп тастап жіберемін...
Қыстың ұза-а-а-қ кеші бітіп, түнге айналды. Барар жер әлі алыс, күн суық, аяз буып тұр. «Көңілсіз сапар болатын болды» деп ойладым ішімнен. «Новостройканың» азаматтары мұрындары шуылдап, ұйқыға басты. Қыз өзімен-өзі бір нүктеге қадалған күйі әлі үнсіз келеді.
Тау арасына ілінгенде боран басталғаны байқалды. Қар қиыршықтары сабалап, тіпті қасқырша ұлыған үні құлаққа жеткендей болған. Қиюы қашып, тозған терезенің жақтау-жақтау саңылауынан ішке ұмтылып, әлгі аласұрған боран да жылы мекен іздегендей. Анда-санда бір толқып тастап, мынау алай-түлей боранды сұрықсыз дүниеден қашып құтылғысы келгендей зымыраған автобуста әзірше кінә жоқ. Ауа райы секілді адамның бойын да қалтыраңқы суық сезім билеп, өз-өзіңнен қажисың, қан түкіргендей көгеріп, сазарасың, еш нәрсеге зауқың жоқ, дүниенің рақаты - маздап жанған от екеніне иланасың, әрі мың мәрте табынасың іштей. Құлаққа мотордың бір қалыпты гүрілінен басқа сырттан шың-шыңдаған дыбыс келеді. Мен көз алдыма жел кеулеп, аңыраған қарлы адырлардың ортасында жалаңаяқ, жалаң бас безектеп келе жатқан жалғыз жаяуды елестеттім. Қызық, әлгі тізеден қар кешкен жалғыз жаяу - қасымда жым-жырт отырған түбіт шәлілі қызға ұқсады. Қандай қаталдық! Селк етіп есімді жидым да, жалт қарадым. Қырау құрсаулаған әйнекті тесіп, сығалап отыр екен.
- Не қарадың?
- Ауылдың тұсынан өтіп кетем бе деп...
- Шофер хабарламай ма?
- Кейде ағып өте шығады.
- Мен ескертіп қояйын, - дедім де жүргізуші жігітке барып, «Өркеннің» тұсына келгенде айтарсыз, - деп тапсырдым. Қыз:
- Рақмет, - деді сыпайы ғана. - Үлкен ойдың үстінде келесіз ғой. Мақалаңызды қалай бастап, қалай аяқтауды жоспарлап отырсыз-ау, шамасы.
- Жоқ, тіпті де олай емес. Мен сіз... сені ойлап келемін.
- Ал мен сізді...
- Қызық екен. - Ішім жылып сала берді.
- Сізді болғанда... өзіңіздің жеке басыңызды емес... қалай түсіндірсем екен... жалпы сіз секілді үнемі жол тартып жүрер... үнемі далада машина немесе ат үстінде жүрер адамдарды. Айталық, менің әкем көп жылдан бері қойшы, қазір ол отарын жайғап, аяқ суытып, шайға отырған шығар.
- Ол кісілер қыстақта ма?
- Иә, бірақ қыстақ ауылдан онша алыс емес, іргесіне тиіп тұр.
- Сен бүгін сонда барасың ба?
- Енді қайда?
- Қорқынышты ғой. Түн іші, сыртта боран, қақаған аяз.
- Ой, ағай-ай, мен бұл жердің табиғатына әбден үйренгенмін, талай-талай тапталған жол. Біздің «Өркеннің» бұрынғы аты «Бөрілі» деп аталған, кейін келе өзгертті. Аты өзгергенмен, заты - сол баяғы қалпында. Жиырма шақты ғана үйі бар. «Аюлы» совхозының бір бригадасы. Бастауыш класы ғана бар. Қалған жылды сіз кетіп бара жатқан «Новостройкаға» барып оқиды. Мен де оныншы класты сол селода бітіргенмін, ауылға тура автобус қатынамайтын болған соң, ары өткен, бері өткен, қаламен екі ортадағы кез келген көлікке мініп, жолдан түсіп қалып, тау қойнауындағы үйге жаяу барамыз. Жасырып керегі не, әсіресе, қыстыгүні аса қиын. Ал қыс дегеніміз - Алтайда өте ұзақ қой. Амал не?
Қыз күрсінді. Сонсоң әлгінде өзі ойып алған тесікті сүртіп, тағы да сыртқа үңілді. Екі тізем мен башпайымның жаурағаны әңгімеге айналғанда ұмытылған еді, енді қайта дірілдей бастаған. Жолаушылардың бәрі қалғып-шұлғып, бей-жай келеді. Мотордың әдеттегі гүрілі, даладағы боранның соғуы, бағанағы семіз азаматтардың қорылынан өзге тырс еткен дыбыс жоқ.
Мен ойладым: «Өмір деген - ғажап дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп, белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажап ұйықтамайды; әлдекімдер ішігіне тарс бүркеніп уайымсыз тоқ ұйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз - өзгенің бақытына қызығып өту ғана... Ал мынау жанымдағы тойған қозыдай томпиып отырған қыз ше?.. Оны ертең не күтіп тұр? Бақытты ма, бақыты жоқ болса, оны іздеп таба ала ма? Не ойлады? Жігіті, ұнатқан біреуі бар ма? Тіпті мен туралы қандай сезімде келеді. Адамдарға сене ме? Аты кім? Қайтып кездесер ме екенбіз?..»
- Атыңыз кім, аға? - деді оқыстан.
- Нұрлан. Өзіңнің есімің?
- Арай.
- Жақсы екен.
- Неге жақсы, аға?
- Есіміңді айтамын...
- Таң ата туған соң, әкем Арай деп атай салған. Мен жайлауда дүниеге келіппін. - Бетінен күлкінің әдемі бір толқыны шымырлап өткендей болды.
Мен ойладым: «Өмір деген ғажап-ау, кеше ғана мынау жалпақ жаһанда Арай есімді қыз барын білмеп едім, енді, міне... демінің қалай шыққанына дейін сезіп, әп-әдемі дидарын көріп отырмын. Адамдар бір-бірін әрең іздеп табады, сонсоң іп-лезде жоғалтады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз - адамдардың бір-бірін тауып, қайтадан жоғалтуы емес пе өзі. Мүмкін...»
- Онжылдықты бітірген соң, екі жыл әкеме көмектестім, - деді Арай мұңды жүзбен маған қарап. Әлгіндегі бір күлкінің табы да қалмаған. - Ересектері мен болдым, қалған сегізі - әлі жас. Оқуға бармай-ақ қояйын деп едім, әкем қолқалап қоймады. «Біздің тұқымнан да мұғалім шықсын» дейді. Намыстанғаны. Әнебір күнгі хатында: «Биыл қыс қатты, қызым. Ит-құс көп, жаңа жылдық демалысыңды пайдаланып, мұғалімдеріңнен бірер күнге сұранып келіп қайт, сағындық», - деп жазыпты. Не күйде отыр екен?
Мен ойладым. «Өмір деген тіпті де ғажап емес, Алтайдың қысы секілді қатыгез, кімдерге суық, кімдерге - ыстық. Дегенмен, өмірді лағнеттеп, өкінуге де болмайды-ау».
- Сіз бір түрлі аз сөйлейді екенсіз, - деді Арай. - Мені сынап отырсыз ба, жоқ әлде мінезіңіз сол ма?
- Мінезімнің ауыр екені рас. Бірақ бір қызып сөйлеп кетсем, атымның басына ие бола алмай қалатын көкезу әдетім де бар.
Жол барған сайын күрделеніп, көлігіміздің жүрісі бәсеңдей берді. Боран қарсыдан соғып тұр. Автобустың алдыңғы терезесін қар жентегі тұтып, шофер қайта-қайта сүртіп әуре болады. Аяздың барлығы тау ішінен қашып тығылып, аядай ғана автобусты иектеп тұрғандай. Маған енді сол даладағы арпалысқан боран ит боп үріп, қасқыр болып қыңсылағандай үрейлі сезілді. Жер түгелдей мұз шарға айналып, мәңгіге қатып-семіп, ыңырсығандай жүректі өзгеше суық сезім қариды. Мен амалсыздан Арайға қарай жақындап, осынау қаршадай ғана қыздан пана тілегендей бүрісе түсемін. Ал ол болса жаурағанын мүлдем ұмытып, маздап келген ойдың ақ шанасына түсіп, баяғыда ағып кеткендей. Маған қыз да жақындап тақала отырғандай болды. Біздерді қоян-қолтық қауыштырған, бәлкім, Алтайдың ақ бораны да емес, аяз да емес, басқа... өзіміз ұғып, сезе бермейтін жастықтың лыпып тұрмақ тартылыс күші ме; әлде жүректен шым-шымдап жасқана шығып, бойға тараған ұяң сезімнің жауратпай, жатырқатпай жарастыққа бастаған қуаты ма; ішімнен Арай сөйлесе екен, ойында не бар, түгел ақтарса екен деп тілеймін; табандап жақындап, адымдап қашатын тыз етпе алдамшы үміт, адамның жастық шағымен келіп-кетер оңғақ сезім емес бұл - осы мәуріттің бақилығын арман етер тәтті хал, мұзды денеден жалындап шығар ыстық сүйіспеншілік: сүйіспеншілік болғанда қыз бен жігіттің екеу арасындағы күйдім-жандым ба, жоқ-жоқ, осы айнымас сәттің қымбаттылығын паш етер мұнды минуттар, кейінірек зар еңіреп жүріп сағынатын бейкүнә отырыс, айтпай түсінісетін көңіл ұғыстығы шығар-ау.
Жылы киініп, алаңсыз ұйқыда жатқан «Новостройканың» атқа мінерлері қорылға басты.
Менің көз алдыма, неге екенін білмеймін, ат құлағы көрінбейтін боранда үстінде жұқа ғана шыт көйлегі бар, шашы жалбырап, тізеден қар кешіп, адасып жүрген қыз елестеді. Тағы да өз ойымнан өзім шошыдым.
- Арай, айып болмаса мен сені қыстаққа дейін ертіп барайын. Түн, аяз...
- Жо-жоқ, аға, ол не дегенініз, ыңғайсыз ғой. Жолыңыздан қалмаңыз. Мен үшін бұл Алтайдың түні мен бораны - үйренген жау.
Біз келе жатқан жол тақтақ, әрі оқтай түзу. Тек дүңкиген-дүңкиген алып жоталарды айналып, сайлау жерге түскенде ғана ирелең тартады. Әдетте мұндай әдемі тас жолдың бетіне қар қиыршықтары тоқтамай, үп етіп жел соқса, сусып алақаншықтана билеп, сай-сайға тырағайлап қашады. Сондағы болар, жол соқты болып шаршаған жоқпыз. Әйтсе де, екі иінімнен қос қолдап басқандай тынысым тарылып, талмау тартып отырмын. Қарным ашқаны сезілді. Мен тағы да ақ көңіл, ақ жарқын Арайды ойладым. Шынында да, өзінде бір мазасыздықтың сарыны, ертеңге деген асығыстық бар-ay. Жалғыз көрген кісісін жатырқап-жатсынбай, бауыр тартып, ақтарыла сөйлейді екен. Ол қайта-қайта қойшы әкесін аяп, шиеттей бауырларын еске алып қояды.
- Әкемдер ендігі шайын ішіп болып, ертең ерте тұрамыз деп, жату қамына кіріскен шығар. Білесіз бе, аға, біздің «Өркен» ауылында әлі электр жарығы орнаған жоқ. Бұқтарма ГЭС-ін «Новостройка» жаққа тура тартқан. «Жиырма шақты үйі бар ауылға әуреленіп, бұрып жүрмейміз, кейін асықпай тартамыз» деседі. Білесіз бе, аға, біздің ауылда клуб та, киноқондырғы мен кітапхана да жоқ, бар болғаны: ыдыс-аяқ, мата, қант-кәмпиті араласқан жалғыз дүкен, ол да сатушының екі үйінің бірінде үйіліп жатыр. Қызығы, «Өркен» бригадасы совхоз бойынша жоспарды үнемі артығымен орындайды, ал мәдени-тұрмыстық ахуалымыз осындай... Бірақ сіздер мұндай жетім ауылды менсінбей, тура түзу де жайлы тас жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп, жазасыздар.
- Арай, егер сен қарсы болмасаң, мен қазір сол қойнаудағы өгей ауылға бірге барсам...
- Соқыртеке ойнайсыз ба? - деп сыңғырлай күлді. Күлкісі әдемі, бір түрлі кісінің ести бергісі келеді және күлу оған соншалық жарасады.
- Қайтар жолыңызда соға кетіңіз, екі-үш күнде мен де қайтармын.
- Мақұл, оған да келістік. Бірақ... Жүргізуші жігіт артына бұрылып:
- «Өркенде» түсетін кім бар? - деп дауыстады. Жатқандар жапа-тармағай қозғалып, үрпиісіп тұра бастады. Алғашқы айтқандары: «Қай жерге келдік?» болды.
- «Өркенге».
- Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп, осы ауылда тоқтап бекер әуре болады, - деп, нәумез бола күңкілдесті. Арай ықшам тұрып, шағын қара сумкасын иығына асып тысқа беттегенде, мен де соңынан ілестім. Автобус есігін ашып жібергенде, анталаған аяз лап беріп, бетті шарпи шабуылдады-ай. Көзге түртсе көргісіз сонадайдан әлсіз жарық сығыраяды. Бағанағыдай емес, ала құйын боран бәсеңдеп, кебінге оранған жер бетін өлім тыныштығындай - ұлы тыныштық иелік ете жалмап, жайпай бастаған екен. Мен Арайды сол түн-түнектің қара отауына кіргізіп тұрып, соңғы рет «шығарып салайын» деп өтіндім. Тек автобус орнынан қозғала бергенде:
- Қайтарда келіңіз, аға, күтемін, - деген әдемі дауысын естіп қалдым.
Осы кезде жүргіншілердің арасында «Осы күнгі жастар тауық секілді, көзді ашып-жұмғанша танысып-табыса қалады» деген күбірін және естідім.
«Новостройкада» екі күн еру болып, үшінші күні жолға қайта шықтым. Мен барған село, расында да, көз тоятын көркем еді. Қалаша салынған, оқтай түзу көшелер, қаздай тізілген ақ шағала үйлер - бейне бір ғажайып түс көргендей боласың. Онша далиған көлемді де емес, шап-шағын селоға әлемдегі жақсылықтың бәрін үйіп-төккенге ұқсайды. Облыс пен ауданға келген өкіл, ұятты қонақты осы «Новостройкаға» ала жөнеледі білем. Маған осынау ауыл көрмеге қойған макет село секілденген. Десек те, іштей ризамын. Басшылары да қонақжай, лыпып тұрған, өңкей жүзіктің көзінен өткен жігіттер. Бірақ маған сонау «Өркеннің» бүкіл байлығы мен бақыт несібесін осы сүйкімді село ұрлап, тонап жатқандай әсерді және қалдырды. Арасы атшаптырым ғана екі ауылда неге соншалық «жер мен көктей» айырмашылық бар деп ойлаймын. «Өйткені «Новостройка» бұрыста емес, түзу жолдың бойында...» деді ішімнен бір үн...
Қызық, анау күні танысқан түбіт шәлілі қызды ептеп сағынғандаймын. Таныстық неғүрлым келте болса, сағыныш анағұрлым ұзақ болады-ау. Мен оны оқыстан таптым, мүмкін, өмірімнің алғы күндері соған телулі шығар-ау. Мүмкін, әйтеуір, үнемі біреуді іздеп елеңдеп жүрер жүрек байыз тауып, байырқалар айдында жолыққан шығар-ау... Осы тілек, осы үміт-ау, адам баласын елеңдетіп, ертеңгі күндерге асықтыратын, ұстатпай, сағымша бұлдырап шаршататын.
Таңертең аудан орталығына барар автобусқа мініп, дәл «Өркеннің» тұсынан түсіп қалдым. Таңға жуық қырбақ қар жауып, қансонар болып жатқан. Таудың көк желкесінен болымсыз сығалаған жансыз күн сәулесі шағырмақ қарға түсіп, көз суыртып қаратпайды. Аппақ ұлпа дүниенің таңғажайып, көркем қысқы көрінісін айтып жеткізу қиын. «Өркенге» барар жолды айқындаған шананың айқыш-ұйқыш ізі ғана, өзге белгі әзірше жоқ. Әлгі шананың қатар жарысқан қос сызығы, кейбір адамдардың қиылыспайтын тағдыр соқпағын еске салады. Қойнаудағы ауылға беттедім. Мұржадан ұшқан түтін желсіз тымық ауаға тік ұшып, баяу қалқып көзден ғайыптанады. Мұрныма сол күре жолдан екі-үш-ақ шақырым қағаберіс оң шынтақта бұйығы жатқан қайран ауылдың түтіні келгендей еді. Қайқаң болғандықтан ба, алқынып жүрісім мандымайды. Мен тіпті асығып та келе жатпағанмын. Арай, сөз жоқ, мені алаңдап тосып отыр. Ертең Алматыға бірге аттанамыз. «Әке-шешесі қалай қарар екен» деп сезіктене ойлаймын.
Мен «Өркенге» келгенде, алғашқы көрген кісім - орта бойлы, қалың қара қасты, әдемі жігіт болды. Басы салбырап, аялдамаға қарай асығыс құлдырай жөнелген.
- Әй, жігіт! - дедім дауыстап. - Арайдың үйі қайсы?
Ол маған түнере карап тұрды да: - Оның кімі едің? - деп қайыра сұрақ қойды.
- Жай, әншейін, танысымын.
- Анау... анау... ауыл шетіндегі қыстақ, - деді де шұғыл бұрылып жүріп кетті.
Қыстаққа жақындағанымда, сыңсып жылаған дауыс естідім. Батылым бармаса да, тәуекел деп кіріп келгенімде, басына қара жамылып ағыл-тегіл жылап отырған әйелді, оны қоғамдай қоршаған шиеттей-шиеттей балаларды көрдім. Шешесіне қосылып пысылдап жылайды. Жүрегім тас төбеме шықты. Басын көтеріп, жасты жанарымен қараған қайғылы әйелден сасқалақтап:
- Арай қайда? - деп сұрадым. Үнім шаңқ етіп жаман шықты.
- Айырылдым ғой, Арайымнан... - аңыраған жоқтау онсыз да бор боп езіле бастаған жүрегімді шабақтап-шабақтап тілгіледі-ай... Сай-сүйегім сырқырап, тізерлей жығылып, қыздың анасын бас салдым. Бұл менің алғашқы, әрі ақырғы құлауым шығар...
Арайды сол боранды түнде қасқыр қамап, ауыл мен күре жолдың екі ортасында... жеп кеткен екен... Қыстақтың қыр жағында жерленген Арайдың моласына бардым. Аппақ, күмісше жылтыраған аппақ қардың үстінде қап-қара төмпешікке айналып, мәңгілік сапарға, қайтпайтын сапарға аттанған Арайдың бейкүнә балапан рухы жатты.
Қыз әкесі мені көрмегендей, сол жас қабірге тесілген қалпы меңірейіп тұра берген. Ақша қарға көзден аққан жас тырс-тырс тесе тамады. Қорадағы қамаулы қой маңырады... бұл өңірдің ендігі қызығы да, қайғысы мен қуанышы да түгел осы... бірінің жүнін бірі жұлып жеп тұрған ақтылы қой сықылданды.
Мен ауылдан аялдамаға қайтып бара жатып, Арайдың қабіріне ақырғы рет қарап едім, қыз әкесі молаға орнатқан тас мүсіндей болып әлі тұр екен.
Күре жолдың шетіндегі аялдамаға қайтып келгенімде, бағанағы жігіт пен «Новостройкаға» оқуға жиналған бір топ балаларды көрдім. Ішіндегі біреуі Арайға өте ұқсайды, бәлкім, кішкентай сіңлісі шығар... Олар дірдектеп тоңып тұр, автобус әлі жок,..
Жігіт айтты: «Араймен бірге оқып, бір партада қатар отырып едім. - Көмейіне өксік тығылып барып, сөзін әрең жалғады. - Қалтасында сіріңкесі болған екен, таусылғанша жағып, айбар ғып отырыпты да, қасқырлар қамалап қоймаған соң, шанадан түсіп қалған бір бау шөпті өртепті. Сон-соң... сонсоң қар беті апыр-топыр айқасқан, екі етігі мен шашын мазақтағандай қарға шаншып кетіпті. Әкеңнің аузын... мылтығымды алып келіп, Алтайда бір қасқыр қалғанша кырамын, тұқымын қалдырмаймын бұл жерге (жылады). Сол түні қасқыр көп ұлыпты...».
Осы кезде «Новостройка» жақтан сылаң етіп автобус көрінді.
Мен редакторымның тапсырмасын тұңғыш рет орындамадым... Бүгінгі заманымыздың сәулетті селосы жайлы мақала жазылмады...