19. Орынбай ақынның өмірі мен шығармашылығы19 туралы жазыңыз.
Орынбай Бертағыұлы (1813, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Көлдей елі, Дауқара ауылы – 1891, Аягөз) – айтыскер ақын, жырау, әнші, сазгер.
Найман тайпасының Балталы руының Қарауыл бұтағынан шыққан, ел ішінде Қарауыл Орынбай ақын деген атпен мәлім. Әкесі Байқожа, арғы атасы Бертағы ақын, жыршы болған. 13-14 жасынан өлең шығарған. Шығармаларында өз дәуіріндегі әлеум. мәселелерге үн қосып, болыс, аға сұлтан сайлауындағы әділетсіздікті әшкереледі. Жырларында билік басына қалталылардың келіп жатқанын ашық айтты (“Бір жан жоқ болыстыққа талас емес”), бақ-дәулеттің өткіншілігін жырлады (“Тұлпар бар ма тұяғы майрылмаған”, “Өлген соң бай мен жарлы мал демейді”, т.б.). Сондай-ақ “Адамның жаратылуы туралы”, “Қырық парыз”, “Бұл дәурен тұрар ма екен сіздерге ұдай”, “Жүз жұлдыз” атты толғаулары діни танымда жырланған. О-дың “Жазы биге”, “Шоң биге айтқаны”, “Алсай Құрақбайға айтқаны” секілді арнаулары бар. Ол Ш.Уәлиханов өмірден қайтқанда көңіл айтып, өлең шығарған (“Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым көтер басты”). Ол. өз тұсында Жанақ, Балта, Шөже, Тоғжан, Серәліқожа, Арыстанбай, Шортанбай, Сақау, Қожабек, Кемпірбай, Тезекбай, Өтеулі, Дана, Байкөкше, Нұркей, Ақан Сері, Құлтума, т.б. ақындармен айтысқан. Поляк саяхатшысы А.Янушкевич О-дың Жанақ ақынмен Аягөзде өткен айтысын таңданыспен суреттесе (1846), тегеурінді дарын иесін Шал ақын “ақындардың төресі” атаған. “Орынбай ақынның Ерден батырды мақтаған сөзі” Ы.Алтынсарин құрастырған “Киргизская хрестоматия” (1879) оқулығында жарияланды. Ш.Уәлиханов “Қазақ халықтық поэзиясының түрлері жөнінде” деген зерттеуінде ақын өлеңдерінің құрылымын, жүйесін талдады. В.В. Радлов (1870), Я.Я. Лютш (1888), С.Сейфуллин (1931), С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, т. б. зерттеушілер жоғары бағалап, шығармаларын жинап, жариялаған.
Ақынның тағы басқа әлі баспа бетін көрмеген («Абайділдаға», «Төрде отырған төрелер», «Тұрлыбекке», «Түбекпен кездескенде», т. б.) өлең-толғаулары Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы. Орынбай ақын Өзбекстан, Иран елдерінде діни сопылық білім алған және Шоқан Уәлихановтың Сырымбет қыстауында Шыңғыс және Айғанымның отбасыларының кеңесшісі болған. Орынбай ақынның ұрпақтары қазіргі Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылында тұрып жатыр.