14.03.2022ж
Орындаған: Кеңес Бейбіт Әлеуметтік жұмыс 102 топ.
Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің өзегі ретінде.
Мемлекет адамдардың, қоғамдық топтардың, таптардың, және қауымдастықтардың бірлескен қызметі мен қатынастарын ұйымдастыратын, бағыттайтын әрі бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Мемлекет қоғамдағы биліктің орталық институты ретінде көрінеді, ол осы билігімен саясатты жүзеге асырады.Саясат ғылымында мемлекет оны түсінудің үш көзқарасының арақатынасы арқылы қарастырылады:
а) саяси-философиялық көзқарас. Мемлекет "жалпы істерді" шешудің және билік пен қоғамның қатынастарын реттеу құралы, сондай-ақ халық пен адамның өзінің саяси өмірін қамтамасыз ету құралы ретінде түсіндіріледі;
б) таптық көзқарас. Мемлекет дегеніміз қоғамды тапқа бөлудің нәтижесі маркстік көзқарас). Классикалық (В.Ленин бойынша) анықтама мемлекетті бір таптың екінші тапты езуге арналған машинасы, басқа да бағынышты таптарды бір тапқа бой ұсындырып ұстау машинасы" ретінде түсіндірледі;
в) құқықтық және ұйымдық-құрылымдық көзқарас - "заңды мемлекет", құқық пен заңның қайнар көзі, қоғам өмірі мен мемлекеттің өзінің, оның құрылымының саяси және қоғамдық қатынастары жүйесіндегі қызметін ұйымдастыратын мемлекет.
Мемлекеттердің даму үрдісі. Мемлекеттер дамуының осы заманғы үлгісі белгілі бір үрдістерге бағынады, мұның өзі қазіргі заманның ғаламдық проблемасының көрінісі болып табылады. Ең алдымен, кейбір саясаттанушылардың пікірі бойынша, осы заманғы демократиялық мемлекеттер экологиялық кезеңге аяқ басып отыр. Ол үшін бірінші кезекке экологиялық қауіпсіздікті және жеке адамның өмір сүру құқықтарын қамтамасыз ету, бүкіл адамзаттың тірлігі проблемаларын алға қою сипатты болады. Жаңа жағдайда мемлекет азаматтық қоғаммен одақтасып отырып, ядролық және экологиялық апаттың алдын алуға, аштықтан, індеттен зардап шеккен дүниежүзілік аймақтарға материалдық-экономикалық, қаржы, мәдени көмекпен және т.б қамтамасыз етуге тиіс.
Азаматтық қоғам ұғымы. Азаматтық қоғамның құрылымы.
Азаматтық қоғам– саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы; дербес жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қоғамдастығы. Қандай да болмасын қоғамдық мәні бар идеяларды қабылдау қашанда сұхбатты, яғни сұхбаттасушы жақтардың түрлі көзқарастарын және маңызды тепе-теңдігін білдіреді. Ешкім ешкімге өз түсінігін мойындатуды да, ешкім ешкімді дәлме-дәл қайталауды да мақсат етпейді. Идеялар белгілі қоғамның, әлеуметтік дамудың талаптарына сәйкес келетіндіктен қабыл алынады. Сондай идеялардың қатарына азаматтық қоғам идеясы жатады. Азаматтық қоғам туралы әр түрлі көзқарастар, әр түрлі бағдарлар бар. Қазірде азаматтық қоғамның жалпыға бірдей ортақ анықтамасы жоқ. Дегенмен әлемдік әлеуметтік-философиялық ғылымда бұл феноменді зерттеудің екі түрлі бабы бар. Біріншісі азаматтық қоғамды әлеуметтік әмбебап категория ретінде қарастырады. Бұл ұғымға олар мемлекетке, өкімет құрылымдарына қарама-қарсы қойылған қоғамдық қарым-қатынастардың бүкіл жиынтығын сыйғызады. Екіншілері азаматтық қоғам ұғымының мағынасына шынайы батыстық феноменді жатқызады да, оны буржуазиялық (нарықтық- демократиялық) қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланыстырады. Азаматтық қоғам деп адамның жеке тұлғасының және бейресми, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын әлеуметтік тәртіп түрін айтады. Аталған мемлекеттік емес ұйымдардың іс-әрекеті арқылы ғана жеке адам социумның әлеуметтің даму жолына әсерін тигізе алады. Сондықтан да азаматтық қоғамды коммуникацияның, қарым-қатынастың өзіндік ерекше формасы деп қарастырса да болғандай, себебі азаматтық қоғам арқылы мемлекет пен азамат арасындағы сұхбат жүзеге асады. Азаматтық қоғам үкімет, билік құрылымдарынан тысқары жатқан әлеуметтік байланысты танытады. Азаматтық қоғам аса дамыған экономикалық, мәдени, саяси, құқықтық қарым-қатынастар болуын талап етеді. Егер біз мемлекетті билік институты, бақылау және жазалау көзі ретінде қарастыратын болсақ, онда азаматтық қоғамды оған қарама-қарсы құрылым ретінде абсолютті еркіндік — анархия деп түсіну дұрыс емес. Шындығында әлеуметтік біртұтастықты қалыптастыратын осы екі бөлік бірін-бірі толықтыра отырып өмір сүреді. Мемлекетсіз азаматтық қоғам жоқ. Онсыз ретсіздік, төртіпсіздік, хаос, ұйымдаспағандық, ыдырау ғана мүмкін. Және де, керісінше, дамымаған азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық мемлекет те жоқ, тек зорлық-зомбылық, басыбайлық, тирания ғана бар. Азаматтық қоғамның пайда болуын іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі азаматтың пайда болуымен байланыстыратын көзқарастар да жоқ емес. Азамат белгілі құқықтар мен міндеттерге ие болған іс-әрекет субъектісі. Азаматтық қоғамды осы тұрғыдан түсіндірудің бастамасы антикалық полис феноменімен байланысты.