Оқушылардың коммуникативтік біліктілігін қалыптастыру



Дата25.01.2017
өлшемі70,11 Kb.
#8016
Шәйкенова Бану Шоқанқызы

Қ. Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті,

филология факультеті

Оқушылардың коммуникативтік біліктілігін қалыптастыру
Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Сөйлеу тек адамға ғана тән. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Тілді үйрету әдісі үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады.

Қазіргі уақытта орыс тілді аудиторияларда қазақ тілін оқытуда тиімділігі жоғары түрлі оқыту технологиялары қолданылады. Олардың ішінде проблемалық оқыту, интерактивтік оқыту, модульдік оқыту, ойындық технологиялық оқыту, коммуникативтік оқыту тағы басқа технологиялар қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренушілердің белсенділігін арттыруда қолайлы болып табылады.



Коммуникативтік технология деп оқуға қатысушылардың барлығын және мүмкін болған құрал-жабдықтар мен ақпараттарды қатыстыра отырып өзара белсенді тілдік қатынас әрекетіне ену негізінде оқу үрдісін құруды айтады. Оның жетекші әдісі – тілдік өзара қарым-қатынас. Қолданылатын жұмыс түрлері: ынтымақтастықта оқу (оқытушы мен оқушылар), жұптық оқыту (оқушылардың екеуара бірін-бірі оқытуы), топтық құрамда жұмыс істеу (топтардың құрамы өзгеріп отыруы шарт), оқу тілдік диалог (өзара пікір алысу). Коммуникативтік технологияда тілдік қарым-қатынас алдыңғы орынға шығарылады да басқа жұмыстар осы бағдарға бағытталады.

«Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағына білдіре келіп, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Осыдан барып «коммуникабельдік», түсінушілік деген сөздер мен ұғымдар пайда бола бастады. Коммуникация - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді.



Коммуникативтік оқыту технологиясы дегеніміз пікір алысуға негізделген әдістеме. Ал, адамдар тілді сөйлем түрінде қолданғанда ғана бірін-бірі түсініп, пікірлесе алады. Оқушыларды белгілі бір дәрежеде сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу үшін, алғашқы сабақтан бастап сөйлем түрінде үйретілуі тиіс. Себебі, жеке атау тұлғалы сөздер де, грамматикалық формалар да өзара бір-бірімен байланысып, сөйлем құрамына енгенде ғана тұтас аяқталған ойды білдіре алады.

Оқушылардың сабақта айтылған хабарлардың мағынасын түсінуі, олардың түпкі мақсатын танып білуі және өзінің жеке мақсатын іске асыруы өте маңызды іс. Осы біліктілік коммуниктивтік біліктілік деп аталады. Оқытудағы коммуникативті біліктілік деңгейді Германияның оқу бағдарламасын жасаған неміс ғалымдары Г.Нойнер, Г.Хунфельд былай түсіндіреді: коммуникация тіл және іс-қимыл (күлу, дауыс ырғағы сияқты) әрекеттер арқылы болады. Ол алдын-ала жоспарланған, дайындалған болуы немесе жоспарланбаған болуы мүмкін. Сабақ үстінде әдетте дайындалған, жоспарлы сөйлеу коммуникациясына көп көңіл бөлінеді.

Коммуникативтік әдіс мұғалім мен оқушының арасындағы психологиялық кедергіні бұзады. Коммуникативтік біліктілікке қалай қол жеткізу жолын іздестіруші Е.И.Пассов оқытудың коммуникативтік әдісінің негізгі белгілері деп мыналарды атап көрсетті:

1. Әдістің дифференциалдығы әр әдіс нақты бір мақсатқа жету құралы екендігінде көрінеді. Бұндай мақсат сөйлеу әрекетінің әрбір түрі, нақтылап айтқан осы әрекет түрін жасай білу.

2. Әдістің оқыту жағдайына байланысты еместігі. Әдіс оқытудың тактикасы емес стратегиясын анықтайды және сол себептен осы таңдауды тілге,оқыту сатысына байланысты.

3. Коммуникативтік әдістің мүмкіншілігі сөйлеу әрекетінің берілген түрін жан-жақты қамтиды.

4. Әдісте негізгі өзек бар болғандығы немесе М.В.Ляковскийдің сөздерін пайдалансақ, «басты әдістемелік мәселенің шешуінің басымды ойы о бастағы әдістемелік мәселені шешу қызметінің бір-біріне байланысты болуын шарт етеді». Бұл негізгі ой әдіске кіретін кіретін принциптерді қарастырады, оларды интегралдайды. Осының негізінде Е.И.Пассов бұл өзара жағдай жасаған жеке әдістемелік принциптер жүйесі, бір стратегиялық оймен біріккен, сөйлеу әрекетінің қандай түрін болса да үйретуге бағытталған әдіс деп анықтайды.

Коммуникативтік біліктілік мынадай оқу мақсаттарын қамтиды:

1. Когнитивті мағыналық мақсат, яғни оқушы коммуникативтік жағдаяттарды әңгімелесу, сөйлесу, қарым-қатынас туындайтын жағдайларды таба білуі керек. Ол өзінің іс-әрекетінің, сөйлесуінің, қарым- қатынас жасауының барысында - осы жайттарды ескеруге дағдылануы, үйренуі қажет.

2. Әлеуметтік мақсат, оны жүзеге асыру кезінде оқушы өзін-өзі қалай ұстайтынын біле отырып, өз іс-әрекетіне жауап бере алады. Алға қойған мақсатына басқалармен бірге жетуге ұмтылады, сондай-ақ қарым-қатынас жасайтын әріптесімен жеке тұлға ретінде тең жағдайда болуға тырысады.

3. Лингвистикалық біліктілік мақсат. Бұл мақсатқа сәйкес оқушы ойларын,іс-әрекетін сөйлеп жеткізе алуға ынталы болады.

Г.Нойнер бұл үш компонентті бөлек-бөлек емес,керісінше, өзара тығыз байланыста болады деп пайымдайды.

Зерттеушілер қатысым әрекетінің үш кезеңін көрсетеді:



  1. Хабардың дұрыс айтылуы, шығуы. Мұнда синтаксистік заңдылықтар, яғни грамматикалық бірліктердің айтылуы,дыбысталуы.

  2. Айтылуға тиісті мағынаның дұрыс жеткізілуі, айтылған ой мен айтылған тілдік құралдың тепе-теңдігі. Мұнда семантикалық заңдылықтар басым рөл атқарады.

  3. Әңгімелесуші – екінші адамның хабарды дұрыс қабылдауы.

Е.И.Пассов осы үш кезеңді баяндай келіп, тілдік қатынастың толық жүзеге асуы үшін ең бастысы – үшінші кезең, алдыңғы екі кезең қарым-қатынасты іске асырмайды, бірақ өкінішке орай,тілдік қатынаста біз осы үшінші кезеңге жете бермейміз, яғни қарым-қатынаста бірінші және екінші кезеңдерде тоқтап қалып қоямыз деп көрсетеді. Ал, Оразбаева: “Тілдік қатынас жалпы адамзат арасындағы ойға, санаға қатысты болса, ол, ең алдымен,сыртқы нышандық шындықты қабылдаудан,жеткізейін деген хабарды пайымдаудан туады”,-деп есептейді.

А.Жапбаровтың пікірінше, коммуникативтік біліктілік мынадай бірнеше кезеңдерден тұрады:

1. Хабардың пайда болуы: Тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлеу әрекетіне қажетті ең бірінші дерек – сыртқы дүниенің адам санасына әсер етуі, сол әсердің нәтижесінде мида ойдың қорытылуы,хабардың пайда болуы және оның себебі (мотиві).

2. Хабардың сыртқа шығуы, жеткізілуі. Санада тұжырымдалған пайымдаудың, ойдың, яғни ұғымның, хабардың тіл арқылы, тілдік бірліктер арқылы айтылуы, яғни сыртқа шығуы. Тілдік бірліктер: дыбыс,сөз, сөйлем, мәтін. Айтылуға тиісті хабардың (сөйлем, диалог, монолог) дыбысталумен шектеліп қана қоймай, келесі адамға қабылданушыға жеткізілуі. Ол ауызша да, жазбаша да болуы мүмкін. Хабар жеткізілмей қалып қойса, қарым-қатынас, түсінісу, яғни ұғынысу болмайды.

3. Хабардың қабылдануы. Сөйлеу әрекетіндегі келесі саты – жеткізілген хабардың қабылдануы. Қабылдау әрекетінде қосымша жұмыс атқаратын бірнеше дерек бар(есту, көру, оқу, тыңдау, түсіну,т.б) бірақ еңбастысы – келген хабарды түсіну, яғни қабылдап алу.

4. Хабардың жауабы. Тілдік қарым-қатынас болу үшін, хабарды қабылдап алумен ғана шектелу біржақты үдеріс болып қалады, енді ауызша тілдік қатынас жүзеге асу үшін, қабылданған хабарға көңіл аудару, яғни оны сарапқа салу, бағалау, түсіну, жауап қайтару шарт. Яғни, түсіну арқылы оған жауап қайтару қажеттігі туады. Сөйтіп, хабар жаңарып, келесі сатыға өтеді, жаңа хабар пайда болады. Сонымен хабар жауапқа ие болып, жаңа қарым-қатынасқа жол ашылады.

Осы аталған коммуникативтік біліктілікке қалай қол жеткізу жолын іздестіруші әдіскер Е.И.Пассовтың пікірінше тілді оқытуда мына жайттарды ескергенде коммуникативтілікке ие болатынын байқаймыз:

1. Коммуникативтік сипаттағы оқыту тәсілдерін пайдалану;

2. Арнайы жаттығулар жасау;

3. Бүкіл оқу процесін мақсатты түрде ұйымдастыру;

Бұларға жеке-жеке тоқталар болсақ:


  1. Коммуникативтік сипаттағы оқыту тәсілдерін пайдалану дегеніміз оқушыларға тілді үйрету барысында ауызша сөйлеу тілін жетілдіру үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану.

  2. Арнайы жаттығулар жасау, яғни бұл ауызша тілін дамыту үшін арнайы берілген жаттығуларды орындау. Жаттығуларды орындау барысында тілді үйренуші көптеген кедергілерден өтеді және оқытушыдан кеңес алуына болады.

  3. Бүкіл оқу процесін мақсатты түрде ұйымдастыру. Әрине, қандай жұмыс, қандай белгілі бір процесс болмасын алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін талпынады, жұмыс жасайды.

Қорыта айтар болсақ, коммуникативтік біліктілікке қол жеткізу үшін:

  • бірінші сабақтан бастап сөйлеп үйрету керек;

  • тиімді әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалану керек;

  • оқушының ынтасы мен қызығушылығы болуы керек;

  • коммникативтілік біліктілікке жету үшін мақсат қоя білу керек;

  • мақсат орындай алатын деңгейде болуы шарт;

  • коммуникативтілік мақсатқа арналған арнайы тіл дамыту жаттығулары дайындалуы керек;

  • және жаттығулар күнделікті өмірдегі қарым-қатынасқа сай болуы керек;

ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Жас ұрпаққа саналы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Ф. Оразбаева Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. /Оқу құралы/, Алматы, Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 2000ж., 208бет.

  2. Хабаршы №5, 2008 жыл 122 б.

  3. 3. Пассов Е.И. Основы методики обучения иностранным языкам. М.: издательство Русский язык, 1977, С.300.

  4. А.Жапбаров Оқушылардың ауызша сөйлеу әрекетін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. (5 – 10 -сыныптар). 4-кітап.

– Алматы: “Арыс” баспасы, 2008. – 264 бет

5. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде – казахский язык и литература в русский школе», №2, 2013ж., 144 б. Алматы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет