Пән атауы: Жұбановтану



Дата24.11.2023
өлшемі24,13 Kb.
#193440
Байланысты:
8срсп жубановтану


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

МӘНЖАЗБА
ОСӨЖ №8

Пән атауы:Жұбановтану


Тақырыбы: Қ.Жұбанов және сөз тұлғалары туралы мәселелер.

Орындаған:Турланова Жадыра ҚТӘ-102


Тексерген:Миров Мұхтар
Ақтөбе,2023ж

Мазмұны:


Кіріспе:
1. Қ.Жұбанов және сөз тұлғалары туралы
Негізгі бөлім:
2. Қ.Жұбановтың сөздерді таптастыруы
Қорытынды

Сөз тұлғалары туралы


Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімінің барлық салалары бойынша жазған еңбектері қатарында морфология саласындағы зерттеулері мен сөз тұлғалары жайында айтқан негізгі бастама ойлары да ары қарай дамып-жетіліп, кейінгі зерттеулерге тірек болды. Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбегінің үшінші бөлімі «Сөз тұлғалары» деп аталады, осында сөз тұлғасын былайша түсіндіріп, анықтама берген. Алдымен, Ілиястың мына өлеңін мысалға келтіреді: «Ауылдың алды айдын көл, Айдын көлде шағала. Айдын көлді жағала!». Осы өлең жолында айдын сөзі үш рет келген, үшеуінде де бір қалыпты, бірінен – бірі айырмасы жоқ, көл деген сөз де үш рет келген, бірақ бұл үшеуінде үш түрлі: Бірінші жолда – көл түрінде, екінші жолда – көлде түрінде, үшінші жолда – көлді түрінде. Осындағы сияқты бір сөздің өзі түрлі орында түрліше кейіпке кіруі мүмкін. Сөздің сыртқы көрінісін сөздің тұлғасы дейміз, - деп анықтама береді. Сөздерді әр түрлі топтарға бөлу және олай бөлуге негіз болатын принциптерді айқындауға да ерекше мән берген. Қ.Жұбанов сөздерді тапқа бөлуде де ең алдымен тілдегі сөздерді «түбір тап», «шылау тап», «одағай тап» деп үш топқа бөледі. Ол сөздерді тапқа бөлу үшін олардың мағыналық жағына ғана көңіл аудару жеткіліксіз болатынын, сондықтан сөздің мағынасымен қатар оның құрамына, сөйлемдегі қызметіне де қарап, осы үш түрлі өлшеуді қатар алып отыруға назар аудартқан екен. Осы үшеудің сынына сай келсе ғана оны бір сөз табына жатқызуға болатынын айтқан. Бұл үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі – синтаксис екені баршаға аян. Бұл бүгінгі күні қазақ тіл білімінде орныққан сөз таптастырудың үш принципінің атын атап, түсін түстеп көрсеткен алғашқы маман профессор Қ. Жұбанов екендігін танытады.
Профессор Қ.Жұбанов қазақ тіліндегі сөздерді таптастыру принциптерін айқындау ісімен тікелей айналыспағанмен, грамматикаға қатысты еңбектерінен ғалым бұл мәселені назарынан тыс қалдырмағанын көреміз. «Жанғазыға хатында» сөздерді таптастыруда ерте заман грамматистерінен келе жатқан үрдіспен тек семантикалық принципке ғана сүйеніп топқа бөлудің дұрыс еместігін айтып, «жалғыз мәнмен мәселе шешілмейді» деп түсіндірген. Біздің тілімізде 3 түрлі өлшеуді қабат алып отыру дұрыс. Үшеуінің бірдей сынына толса, сонда ғана бұл пәлендей сөз табы деуіміз керек. Ол үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі –синтаксис», -деп, қазіргі тіл біліміндегі сөз таптастырудың орныққан үш принципін атын атап, дәлелдеп жазған. Осы тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізген ғалым С.С. Мұхтаров: «Бүгінгі күні қазақ тіл біліміндегі сөздерді таптастырудың орныққан үш принципі – лексика-грамматикалық немесе семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптері кезінде Қ.Жұбановтың бұл мәселенің басын ашып беруінен тікелей бастау алды.
Қ.Жұбановтың сөздерді таптастыруы
Қ.Жұбанов сөз тұлғасын алты арыс болады: түбір сөз, қосымшалы сөз, кіріккен сөз, қыйулы сөз, қосар сөз, қосалқылы сөз деп бөлген. Қ.Жұбанов қазіргі оқулықтарда айтылатын жалаң және туынды сөздерді, дара және күрделі сөздерді, яғни синтетикалық, аналитикалық сөздерді талдап, олардың ерекшеліктерін көрсеткен. Ол сөз тұлғасын үш түрге бөліп, оларды түбір, қосымша, қосалқы сөздер деп көрсеткен. Қ.Жұбанов сөздің түбірі мен қосымшасын ажырата көрсетіп, оның өзіндік табиғатына сипаттама беріп, қазақы айтылымдағы терминмен атау жолын көрсетеді. Қазіргі оқулықтардағы «сөз формасы», «морфема», «түбір морфема», «қосымша морфема», «негізгі морфема», «қосымша морфема» деген терминдердің қазақша аталуы Қ.Жұбанов еңбектерінен басталған. Оның қазіргі оқулықтардағы «сөз формасы» деген ұғымды «сөз тұлғасы» деген терминмен атағанын байқауға болады. Дәлірек айтқанда, Қ.Жұбанов қолданысындағы «сөз тұлғасы» сөздің жалаң және туынды, дара және күрделі сөздер болып келуін, яғни сөздердің синтетикалық, аналитикалық сыртқы құрылымдарын атауға байланысты аталғанын байқаймыз. Қазақ тіл біліміндегі лексика, фонетика, грамматика салаларының терминдерінің қалыптасуына Қ.Жұбановтың еңбектері арнай сөз етуді қажет етеді. Бүгінде қолданылып жүрген терминдердің бір қатарын Қ.Жұбанов ұсынған болатын.
Қ.Жұбанов өзінің ғылыми тұжырымдарында «сөздің бір қалыпта тұрмайтынын», «өзгеріп, түрленіп отыратынын» айта келіп, «Сөздің сыртқы көрінісін сөздің тұлғасы дейміз»,- деп анықтама беріп, сөз тұлғасының түріне қарай оларды алтыға бөліп көрсетеді: « 1.Түбір сөз, 2.Қосымшалы сөз, 3.Кіріккен сөз, 4.Қыйулы сөз, 5.Қосар сөз, 6.Қосалқы сөз». Қ.Жұбанов сөз тұлғасын осылай алты арыс болады деп бөле отырып, морфологияға былайша анықтама береді: «Сөз-сөздің қалай құралатынын жалпы түрде қарайтын ғылымды жалпы морфология дейміз». Осы атаулар жайында ғалым Г.Қосымова ғалымның осындай атауларды берудегі шеберлігін: «Қ.Жұбановтың зерттеулеріндегі атаулар асқан дәлдігімен, таным тереңдігімен бағаланады; кейбірі қолданыста болмаса да, сол атаулар арқылы айтқысы келген ой-түсінігі кейінгі грамматикада анықтамалар мен ережелерді қалыптастырды. Қ.Жұбанов зерттеулері өзіміздің зерттеушілерімізге ғана емес, өзге тілді зерттеушілерге де үлгі болды»,-деп түсіндіреді. Қ.Жұбанов қазақ тіл білімінің морфология саласы бойынша ғана емес, сөзжасам саласының қалыптасуына да зор үлесін қосты. Ғалымның қосымшаларға, күрделі сөздерге, біріккен сөздерге, қос сөздерге, қысқарған сөздерге қатысты ойлары жаңа сала ретінде морфологиядан бөлініп, жаңа отау тіккен сөзжасам саласына да тікелей қатысты еді.

Қ.Жұбанов «Сөздің түп мағынасын беретін бөлшегін түп бөлшек, немесе қысқартып түбір дейміз»,-деген анықтама беріп, «Айдын көл-де шағала, Айдын көл-ді жағала»,- деген өлең жолындағы «көл-де, көл-ді» сөздерінің түп бөлшегі «көл» деп көрсеткен. «Сөздің түбірі оңаша тұрмай, қосымша қосып алып тұрса, қосымшалы сөз дейміз»,-деген анықтама беріп, жоғарыда мысалға берген өлең жолындағы сияқты жағдайдағы «көл-де, көл-ді, көл-шік» қосымшалы сөздері деп жазады. Түбір сөздер жаңадан жасалатын сөздің түпкі негізі болғандықтан мұндай морфемаларды түбір негіздер деп білеміз. Сондықтан сөзді құрамына қарай талдаған кезде «түбір», «негіз», «туынды негіз» терминдеріне назар аударатын болсақ, осы мәселелерді Қ.Жұбановтың жан-жақты талданғанын білеміз. Туынды негіздер бір және одан да артық жұрнақтардан жасалады. Оған біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер мен құранды сөздер де кіреді. Туынды негіздер деп түбір негіз тұлғаларға әр түрлі сөзжасам аффикстер қосып айту арқылы жасалған туынды сөздерді айтамыз. Қазақ тілінде туынды негіздер құрылымына қарай жалаң және күрделі болып, жалаң туынды негіздерге жаңадан сөз тудырушы сөзжасам афикстер арқылы жсалған туынды сөздер жатса, күрделі туынды негіздерге біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер және құранды сөздер жатады. Қазіргі «туынды түбір» болып айтылып жүрген ұғымды алғаш рет Қ.Жұбанов «туынды негіз» деп қолданған екен. Қ.Жұбанов өз оқулығында біріккен сөздерді «кіріккен сөздер» деп атаған екен. «... екі түбір, үш түбірден құралып тұрып, бір түбір болып кеткен сөздерді кіріккен түбірлер дейміз»,-деп, «белбеу», күндіз», «айаз» деген сөздерді талдайды. «Кіріккен сөздердің көнесі мен жаңасы» деп, оларға төмендегіше анықтама береді: «Ерте құралып, арасының жігін жоғалтып кеткен сөздерді кіріккен сөздердің көнесі дейміз. Жаңадан құралып, әлі жігін жоғалтпағандарын – жаңасы дейміз» деп екіге бөліп түсіндірген. Көне түріне кішкене кіші+ғана, келсап келі-сап сияқты фонетикалық өзгеріске түсіп барып қалыптасқан сөздерді жатқызған да, жаңа түріне өзгеріске енбеген «қолғап», «күнбағыс», «айғабақ», «белбуар» сияқты сөздерді жатқызған. Қ.Жұбановтың ғылыми дискурсында талданған бұл мәселелер ғалым А.Ысқақовтың зерттеулерінде «біріккен сөздер» деп аталып, біріккен сөз және кіріккен сөз болып екіге бөлінеді. Қ.Жұбановтың ізденістеріндегі осы термин қазір барлық зерттеулер мен оқулықтарда қолданылатынын көріп жүрміз.


Қорытынды
Қорытындылай келе ғалым А.Ибатов өз мақаласында бұл жөнінде: «Қ.Жұбанов қосалқылар қосылып айтылған сөз тұлғасын бүтіндей тіркесімен алып, «қосалқылы сөз» деп атаған. А.Ысқақовта мұндай сөз тұлғалары «күрделі етістіктің» тобында сөз етілген, ал Н.Оралбаевада «көмекшілі сөз» деп аталған. Біздің ойымызша, Қ.Жұбановтың атауын негізге алып, сөздің мұндай түрлерін «қосалқылы сөзтұлға» деп атау жөн сияқты. Бұлай деп атау, біріншіден, қосалқылы сөзтұлғаны «жалаң сөзтұлғадан» бөліп алу үшін өте қажет»,- деген екен. Шындығында да, қосалқылар жөнінде алғашқы пікір Қ.Жұбановтың ғылыми дискурсында айтылса, кейіннен осы ойды жалғастыра баяндаған ғалым Н.Оралбаева болды, оның зерттеулерінен қосалқыларды «көмекшілі сөз» деп талдағанын көреміз. Жалпы айтқанда, Қ.Жұбанов зерттеулеріндегі айтылған ой-тұжырымдар бүгін де өзекті болып отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет