ПӘН БОЙЫНША ДӘРІС ТЕЗІСТЕРІ Еңбек құқығының түсінігі, пәні, әдістері
Еңбек – бұл еңбек өнімін алу үшін адамның дене, ақыл-ой, рухани қабілеттерін жұмсау арқылы жүзеге асатын мақсатты қызмет. Еңбек дене, ақыл-ой және рухани қабілеттіктерден туындайды да, бұлардың нәтижесінде материалдық, рухани және санаткерлік құндылықтар жасалады.
Еңбектің екі түрін ажыратып алған жөн: өз игілігіне бағытталған жеке еңбек және жалданбалы еңбеқ. Дәл осы жалданбалы еңбек – жұмыс берушімен қатынасқа түсуді еңбек құқығы реттейді. Сонымен қатар, меншік иелері мен меншік иесі емес тұлғалардың ұжымдық еңбегін көздейтін еңбектің үшінші түрі – аралас нысандағы еңбекте болады. Еңбек құқығы тек жалданбалы еңбекке негізделетін еңбек қатынастарын ғана реттейді. Дербес еңбекке негізделген еңбек қатынастары (меншік иелерінің еңбегі) еңбек құқығының пәніне кірмейді.
Сонымен, еңбек құқығының пәні болып тек еңбек емес, сонымен қатар еңбек үрдісіндегі еңбек қатынастары және олардан туындайтын, еңбекке қатысы бар қатынастар да табылады.
Еңбек қатынастары келесі ерекше белгілермен сипатталады:
1) еңбек үрдісінде туындайды және дамиды. Қызметкер өзіне жүктелген белгілі бір еңбек функциясын орындайды. Еңбек қатынастары – бұл ұзак уақытқа созылатын қатынастар.
2) еңбек қатынастары – бұл нәтижесінде жұмыс беруші еңбек өнімін, ал қызметкер еңбек шартының жағдайларына қарай белгілі бір ақы алатын ақылы қатынастар. 3) еңбек қатынастары ерік білдірудің белгісі болып табылады, еңбек және еңбек қатынастары мәжбүрлі түрде жүзеге асырылмайды, ал қызметкер мен жұмыс беруші өз қалаулары бойынша серіктерді, еңбек жағдайын және т.б. тандай алады.
4) қызметкердің еңбек тәртібіне бағына отырып еңбек ұжымына қосылуын білдіреді. Бұл дегеніміз, еңбек белгілі бір ішкі еңбек тәртібі жағдайында жүргізіледі. Ішкі еңбек тәртібінің өзіне тән элементі болып қызметкердің еңбек қызметі үрдісінде жұмыс берушінің, тікелей басшылықтың өкіміне бағынуы табылады. Бұл элемент еңбекпен байланысты өзге қоғамдық қатынастарда көрініс таппайды. Бұл кезде орындаушы еңбек режиміне бағынуға емес, өнімді уақтылы және сапалы дайындауға міндетті.
5) еңбек қатынастары ерекше заңды фактпен – еңбек шартымен, келісіммен, лауазымға сайлау туралы актімен байланысты.
6) мамандығына, біліктілігіне, лауазымына қарай жұмысқа тікелей қатысудың қажеттігімен байланысты.
7) жұмысқа іс жүзінде қабылданған кезден басталады. Еңбек құқығы қатынастарында жұмысқа қабылдау бұйрықпен рәсімделеді және қызметкерді кәсіпорынның штатына тұрақты, уақытша немесе маусымдық жұмысқа алумен жүзеге асырылады.
8) қызметкерге оны жұмыстан босату жөнінде бұйрық жарияланған және оның қолына еңбек кітапшасы берілген кезде тоқтатылады.