Референдумды қолдауға бағытталған тезистер
1. Қазақстандықтар тарихи таңдаудың қарсаңында Ел алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, референдум өткізу - саяси дамудың келесі кезеңі екенін түсіну қажет. Бұл - уақыт талабы. Себебі ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысу қажет.
Президент Қ.Тоқаев суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы айтты. Сонымен бірге Жолдауды жүзеге асыру аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды және азаматтар ол туралы біліп, оқып, оған дауыс беруі керек. Бұл азаматтардың иглігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс.
2. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды.
Референдум - қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту -халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі.
Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі - Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделін енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді.
Реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.
Осынша өзгеріс елде демкоратиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтың деңгейдегі міндет.
3. Референдум – Жолдауда жариялаған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Өйткені реформа отандық құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді.
Оған қоса, бұл реформалар Президент соңғы жылдары ұсынып келе жатқан саяси бастамалардың логикалық жалғасы десек, қателеспейміз. Мысалы, сол кезде Мемлекет басшысы шешім қабылдауға азаматтарды белсенді араластыруға шақырды. Енді аралас (пропорционалды-мажоритарлы) сайлау жүйесінде партияға мүше емес азаматтар да Парламентке депутаттыққа сайлана алады. Бұдан бөлек, сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар Конституциялық сотқа тікелей арыздана алады.
Егер референдумда дауысберушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам.
4. 1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады.
Конституцияға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі тек Қазақстанда емес, көрші елдерде де болып қалыпты саяси процесс (Ресей Федерациясы – 2020 жыл, Қырғызстан – 2021 жыл, Беларус Республикасы – 2022 жыл). Себебі уақыт озған сайын заман талабы өзгеріп келеді. Оған сай болуымыз шарт.
Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз.
Алдағы референдум – жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Сондықтан баршаңызды 5 маусым дауыс беруге шақырамын!
5. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ астаны мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі.
Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады.
Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600 ден 200 ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты.
Алдағы референдум – Қазақстанның болашағын айқындайды. Бұл – пафосты бөспе сөз емес, себебі егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалады. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталған. Енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады.
Баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын!
6. 2022 жылдың 5 маусымы жалпыхалықтық референдум күні.
Референдумның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек.
Нақтылап айтса, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.
Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.
Осындай тарихи өзгеріс жасауға әр қазақстандықтың қатысуы маңызды.
7. Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазқстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосатын боламыз
Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылардың саны 5 мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістерге әкеледі. Әсіресе, жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады.
Ал партиялар Парламентке өту үшін бұрын 7 пайыз дауыс жинау қажет болса, ол меже қазір 5 пайызға дейін түсті.
Бұның барлығы алдағы уақытта саяси партияға бірігемін деген азаматтар үшін, жаңа партия құрамын деген азаматтар үшін де жасалып жатқан оң өзгерістер, біздің мемлекетіміз де жаңа партиялардың құрылуына және қазіргі бар партиялардың да жаңаша форматта жұмыс істеуіне алып келетін болады.
Президентіміздің референдум өткізу туралы ұсынысы түрлі кемшіліктерді болдырмауға мүмкіндік берері анық. Сонымен бірге, азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тікелей көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлықпен және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |