Құрметті конференцияға қатысушылар, қадірменді қонақтар!
Ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин қазақ жерінде кәсіптік білім беретін оқу орындарының көптеп ашылуын мақсат еткені баршамызға тарихтан белгілі. Сол асқақ арманның жүзеге асқан алғашқы жемістерінің бірі Меңдіқара педучилищесі болды.
Сонау 1940 жылы құрылған Меңдіқара педучилищеге 1951 жылы Ы. Алтынсарин есімі берілді. Ал, 1974 жылы Рудный қаласына көшірілді.
Бүгінде Рудный әлеуметтік – гуманитарлық колледжі деп аталады. Осы жылдар ішінде колледж 20 000–нан астам мамандар даярлады.
Қазір мұнда тек Қостанай облысының ғана емес, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының жастары оқып білім алуда. Рудный қаласындағы қазақтың қара шаңырағы атанған оқу орны бүгінде бүкіл елімізге танылған іргелі білім орындарының бірінен саналады.
Колледж түлектері – облысқа және елімізге белгілі айтулы тұлғалар. Манаш Қабашұлы Қозыбаев - 1947 жылғы түлек, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, бұрынғы Тарих институтының директоры қызметін атқарған; Оразақ Ысмағұлұлы Ысмағұлов - 1950 жылғы түлек, Қазақстан Республикасы ҰҒА корреспондент – мүшесі,академик, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының этнология және антропология зертханасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор; Төлеміс Тілеуқабылұлы Мұстафин - 1945 жылғы түлек, тарих ғылымдарының докторы, профессор болып, ұзақ жылдар бойы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет етті; Нина Гавриловна Полтавец- 1952 жылғы түлек, бастауыш сынып мұғалімі, облыс мұғалімдері ішінде жалғыз Социалистік Еңбек Ері (бүгінде құрметті демалыста); Рәбиға Тәуірбайқызы Меңдекенова- 1955 жылғы түлек, Абай атындағы ҰПУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, бастауыш сыныпқа арналған орыс тілі пәнінің жаңа үлгідегі оқулықтар авторы және тағы басқалардың есімдерін құрметпен атауға болады.
Білікті мамандар даярлау сапасын жақсарту , оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру,оқытушылардың әдістемелік және кәсіби деңгейін арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында колледж ұжымы елеулі табыстарға жетті.
Колледждің білім беру жүйесі қоғамның сұранысына бейімделіп,дамып отырады.Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістер кәсіби мамандардың біліктілік құрылымына сәйкес сұранысқа өзгерту енгізіп, болашақ кадрлардың кәсіби тұрғыда өз білімін ұдайы жетілдіріп,толықтырып отыруын талап етіп отыр.
Кәсіби мамандардың біліктілік құрылымындағы өзгерістер: оқытудың мақсаттары мен қолжетімділігіне; оқу бағдарламаларының мазмұнын ,олардың типтері мен үлгілерін, оқу орнының құрылымы мен қызметі ауқымын , оқу үдерісін ұйымдастыру және қолданылатын әдіс-тәсілдер түрлерін ұйымдастыруды және кадрларды жетілдіруге; оқу орнының білім беру қызметі нарығында туындайтын жаңа қажеттіліктерге уақытылы үн қосып ,оларды алдын-ала болжап, ескеріп отыруға ықпал етеді.
Конференция аясында қарастырылып отырған тақырыптар қазіргі білім беру саласындағы мәселелерден туындайды.
Конференция шеңберіндегі кәсіби тұрғыдан тәжірибе алмасу барысында ой бөлісудің маңызы зор.
Біз конференцияға қатысушыларға , олардың еңбектерінің жинаққа енгеніне қуаныштымыз.Кез келген кәсіпқой маман үшін ең басты құндылық- тәжірибемен бөлісу.Неге десеңіз, тәжірибе жылдар бойы жинақталады, ал егер де кәсіпқой маман өз тәжірибесімен бөліссе, оның құндылығы да еселене түспек.
Аталмыш конференция материалдары тәжірибеге қызмет ететін теория іспеттес; бұл- түсінікті де жеңіл тілмен баяндалған шынайы тәжірибие ; бұл- колледждің тыныс-тіршілігін сапалы деңгейге көтеретін инновациялар; бұл тәжірбие жеке тұлғаны тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған.Бұл-басты құндылығымызға , яғни адамға қажетті тәжірибе.
Құсайын Жомарт Қоңырбайұлы,
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің директоры.
Достарыңызбен бөлісу: |