ӘОЖ 94(574)
Д.А. ҚОНАЕВ – ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ДАРА ТҰЛҒА
Тоқбергенова З.С., Алпысбаева Ғ.Б.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі таным–түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени–рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Соңғы кезеңдерде отандық тарих мәселелері Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, ұлттық қозғалыстар көсемдерінің, ғалымдар және басқа да зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен қызметтері арқылы көтеріліп келеді. Солардың бірі ХХ -шы ғасырдың ең ірі мемлекеттік және саяси тұлғасы - Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев.
Ел аузында Димаш атанып кеткен халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, әлемге қазақ халқын танытқан, ұзақ жылдар бойы Қазақстан мемлекетін басқарып, оның экономикасы мен мәдениетін өркендетуге қыруар еңбек сіңірген үлкен ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО, шет ел ордендері мен медальдарының иегері, «ХХ ғасыр адамы» деп танылған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына үстіміздегі жылдың 12 қаңтарында 100 жыл толды.
Табиғатынан ерекше қабілет пен тамаша дарын, терең ой иесі болған Дінмұхаммед Ахметұлының асқан еңбекқорлығы, терең зейін, биік парасаты ел аузында ардақталып, аңызға айналды. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев бақытты да ұзақ өмір сүріп, 82 жасында бұл дүниеден өтті. Ірі саяси тұлға ретінде ол елу шақты жыл мемлекеттің басқару істерінде, жиырма үш жыл Қазақстанның Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңдерде Қазақстан республикасы белгілі бір дәрежеде үлкен жетістіктерге жеткені белгілі.
Д.А.Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верныйда (қазіргі Алматы) Меңліахмет Жұмабайұлының отбасында дүниеге келді. Атасы, Жұмабай алғыр бала болып өссе керек. Діни мектепте шәкірттердің маңдайалдысы болады. Оны бітірген соң елге барып дәріс береді. Араға екі жыл салып Алматыға қайтып келеді де, 1904 жылы Түркия арқылы Сауд Аравиясына сапар шегеді, осы жолы Мекке мен Мединеге қажылыққа барады. Содан 1905 жылы Үндістан мен Ауғанстан арқылы елге оралады. Сөйтіп, қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты» деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы өз естелік кітабында [1].
Дінмұхаммед Ахметұлы өзінің өмірбаяндық «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында: «Қаны таза кісінің дені де, діні де, тілі де сау. Ізгілік жолын сақтап, сөзі ортақ болса одан озар байлық бар ма! Міне, қазақ сондықтан да шыққан тегін зерделеп, өсер ұрпағының ертеңіне ерекше мән берген. Халық үшін қашанда әкесінен ұлының тәуір болғаны жақсы. Жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспей шыбық қиып, ант етіскен ата-баба заңы осындай» [1] деген пікір айтады. Қылышынан қан тамған империялық саясаттың ызғарынан тайсалмай қазақи дәстүрден бас тартпаған текті Димекеңді асылдың сынығы деуге негіз бар. Димекеңнің ата-бабасы халқында өте қадірлі, ақылды, ел-жұрт сыйлап, аузына қараған қасиетті адамдар болған. Ал Жұмабай мен Қонай ел ағасы, жұртын қорғаған батырлар еді.
Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеу Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. 1931 жылы осы оқу орнына түседі.
Д.А. Қонаевтың Мәскеудегі алғашқы оқу жылдары Кеңес Одағының және оның құрамындағы Қазақстанның адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңіне дәл келді. Бұл аты шулы ұжымдастыру және күштеп отырықшыландыру жылдары еді. Нәтижесінде ел аштыққа ұшырап, жаппай қырылды. «Жұт жеті ағайынды» демекші, ел ішінде ашаршылықпен қоса ауыр індет жайлап, бейқам жатқан қазақ халқының бір бөлігі жан сауғалап Қытайға, Ауғанстан, Иран мен көршілес Өзбекстан, Ресейге жер ауып кеткендігін естіп, жатса-тұрса жаны күйіп, қабырғасы қайысады екен. Ол туралы өмірбаяндық естелік-эссесінде жан-жақты жазады [2].
Мәскеуде оқитын еліміз студенттерінің жиналыстарында Қазақстандағы қиын жағдайлар жиі талқыланды. Республикамыздағы осындай күрделі ахуал студенттердің оқу барысына, көңіл-күйлеріне барынша кері әсер етті. Кейбірі үйлеріне қайтуға мәжбүр болды. Дегенмен Дінмұхаммед Ахметұлы шыдамдылық танытып, оқуды 1936 жылдың шілде айында ойдағыдай бітіріп, туған елі аса мұқтаж болған тау кен инженері мамандығын меңгеріп, Балқаш мыс қорыту комбинатында Қоңырат руднигіндегі өркенді өндірісті ұйымдастыра білді. Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді.
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Қоңырат руднигінде жұмыс істеген алғашқы жылда жас кен инженері республикамыздың басшылықтағы құрамында КСРО халық коммисариатының мәжілісіне қатысады.
Д.А.Қонаевтың сол кездің өзінде осындай мәртебелі бас қосуға шақырылуы кәсіби мамандығы мен шеберлігінің жоғары деңгейде болғандығын дәлелдейді. Осы мәжіліске қатысқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцовтың назарына жас әрі дарынды инженер Қонаев бірден ілікті. Бұл жағдай Д.А.Қонаевтың болашақ қызметінің өсуіне белгілі деңгейде ықпал етті. Сонымен қатар Мәскеуде КСР Кенхалкомында мыс қорыту зауыттарының шикізат көздерін кеңейту мәселелері бойынша баяндама жасап, нәтижесінде 1938 жылдың қараша айында металлургтар Балқаштың алғашқы мысын қорытып шығарды. Осыған байланысты Д.А.Қонаев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1939 жылы коммунистік партия қатарына қабылданады [3].
1939 жылдың қыркүйек айында ҚКП ОК-нің шақыруымен Қазақстанның ҚКП ОК -нің бірінші хатшысы Скворцовтың қабылдауында болып, Риддер руда басқармасына директор қызметіне тағайындалады. Сол кезеңде жер астынан кен және пайдалы қазбалар шығаратын орындар барлық көрсеткіштер бойынша төменгі орында еді. Соғыс жылдарында қорғасын, мырыш және басқа да металлдар өндірудің маңыздылығы артқаны белгілі. Д.А.Қонаев тау-кен өндірісінің, руда қазу, еңбек өнімділігін арттыру жұмыстарының мерзімінен бұрын орындалуы үшін атсалысты. Ол басқарған инженерлердің өнеркәсіпте қолданған жаңа әдістері оң нәтижелерін беріп жатты. Осы себептен де республика басшылығы өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмысты өз деңгейінде ұйымдастырып, басқара алатын Қонаевты 1942 жылдың сәуір айында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне шақырып, оған Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасы орынбасарының қызметі ұсынылды.
Д.А.Қонаевтың тағы бір ерекшелігі ол өзінің шені мен қоғамдағы алатын орнына қарамастан, әрдайым білімін жетілдіріп, ғылыми деңгейін ізденімпаздықпен жоғарылатып отырды. Қоңырат және Риддер кен орындарында қызмет атқарып жүрген кезінде бұрғылау жұмыстарын жақсарту бойынша көлемді материал жинақтап, жүйелендірді. Бұл жинаған деректер оның кандидаттық диссертациясының негізін қалады.
Докторлық жұмысында 50-60 жылдары тау-кен ғылымын толыққанды талқылап, ондаған кен орындарын - атап айтқанда, полиметалды, мыс, темір, мырыш, никель, боскит, фосфоритті рудаларды және сирек кездесетін құнды металл орындарын ашық түрде өңдеуді ұсынды.
Жалпы, Д.А. Қонаевтың жүзден астам ғылыми және төрт жүзден астам түрлі тақырыптағы еңбектері жарық көрді.
Д.А. Қонаевтың еңбек жолы ары қарай республиканың жас Ғылым академиясында жалғасын тапты. 1952 жылы сәуір айында Қазақ КСР ғылым академиясының жалпы отырысында тау-кен өндірісі бойынша ірі ғалым ретінде танылып академик атағын алып, Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болып сайланды. Д.А. Қонаев Ғылым академиясында үш жыл басшылық жасап, Қазақстан ғылымының дамуына зор үлесін қосты.
Д.А.Қонаевтың мемлекеттік және саяси қызметі республиканың экономикасы мен мәдениетінің, халық шаруашылығын басқару әдістерінің дамуына септігін тигізді.
Д.А.Қонаев 1955 жылы Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1960 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1962 жылы қайтадан Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1964 жылы екінші рет Қазақстан Коммунистік партиясы Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы болып қайта сайланды.
Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. 1960 жылдар басында Н.С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.
Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Д.Қонаев Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді.
1964-1984 жылдардағы 20 жыл экономикадағы күрделі өзгеріс және табысы мол мерзім еді. Атап айтқанда, Ертіс жағалауындағы Павлодар жылу-энергетикалық, Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз, Жамбыл-Қаратау, Шымкент-Кентау көмір-металлургия кешендері қалыптасты. Қарағанды 2-ГРЭС-і және Бұқтырма ГРЭС-і іске қосылды. Мұнай өндіру және мұнайды өңдеудегі іздестіру-барлау технологиясы мүлдем жаңарып, техникалық үрдіс өнеркәсіптің түгел дерлік саласын қамтыды. Республикада аса бағалы металдар – тивольфрам, молибден, қорғасын, мырш, алтын, т.б. қазба байлықтар көптеп өндіріліп, жасанды каучукты шығару , өте ірі электротехникалық машина жасау кәсіпорындары салынып іске қосылды. Химия өнеркәсібі қуатты салаға айналды.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Кеңес көлеміндегі 14-ші орыннан Ресей мен Украинадан кейінгі алдыңғы үштіктің қатарына шықты.
Әрине, бұл жетістіктер бір кісінің еңбегі емес. Алайда істің басы-қасында болып, ұйымдастырып, аяғына дейін жеткізген Д.А.Қонаев екендігі даусыз.
Д.А.Қонаевпен таныс, етене араласқан адамдардың барлығы да өз естеліктерінде оның қарапайымдылығын, сыпайылығын өнегелілігін атап өтеді.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Д.А. Қонаевтың өнегелі өмірі мен биік парасаты уақыт өткен сайын іріленіп, оның асыл қасиеттері айшықтана түскендей. «Оның сөзінен де, көзінен де мейірімділік нұры төгіліп тұрушы еді. Кабинетіне кірген кісінің алдынан шығып, үлкен демей, кіші демей оған қол беріп амандасар еді де, қонағын жайғастырып алып өз орнына отырар еді. Әуелі келушінің жай –жапсарын біліп алып, іс барысына көшер еді. Кісінің сөзін мұқият тыңдайтын»,- деп еске алады көз көргендер.
Белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi Кеңес Аухадиевтiң «Қазағымен мақтанатын» атты естелiгiнде келтiрген мына бiр үзiндіде: «Қазақ кезiнде Қонаевымен мақтанды, ал Қонаев өле-өлгенше қазағымен мақтанып өттi. Қазақтың кейбiр әпербақандары ғайбаттап сөйлеп, қиянат жасап, қималап жала жапқанымен кешiрiмдi, кең Қонаев жалпы қазақты жанындай сүйiп, жақсы көрiп өттi. Ол қазаққа өкпелеген жоқ. Ол жақсы көретiн қазақтың бiрi – Мұхаметжан Тынышбаевтың 115 жылдығын атап өтуге барған сапарында ойда жоқта оралмас сапарға аттанды», – деп жазады [4].
Д.А. Қонаев өз халқының адал перзенті және бірегей көшбасшысы болды. Қандай жұмысқа бармасын өзінің білімділігімен, тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен алға қойған мақсаттарына жетті. Ол өз кезеңінің саясаткері ретінде, елімізде соцализмнің орнауына адал кызмет етті. Қазақстанның дамып өсіп, өркендеуіне қосқан Д.А.Қонаевтың үлесі орасан зор. Өз кезегінде кеңестік билік Д.А. Қонаевтың республика мен халықтың алдында жасаған еңбегін жоғары бағалап, оған үш рет (1972,1976,1982ж.ж) Соцалистік Еңбек Ері атағын берді. Ол он бес одақтас республиканың ішінде осындай даңққа жалғыз өзі ие болды. Сегіз Ленин орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Д.А. Қонаев Чехословакия, Куба, Монғолия, Корей, Болгарияның да ордендерінің иегері болды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзіне көрсетілген үлкен марапат пен құрмет жайында былай дейді екен: «Менің нағыз өз еңбегіммен алған наградам үлкен өндіріс кеніште жүрген кезімде (инженер) кеудеме арнайы тағылған медаль ғана. Ал, қалғаны халқымдікі. Өйткені, мен бұдан кейін халықты тек жұмысқа ғана жұмылдырдым. Сондықтан Үш Алтын Жұлдыз аянбай еңбек еткен халқымның наградасы». Міне, бұл да «Димаш ағаның» кісілігі мен кішілігінің айғағы екендігін дәлелдейді.
Міне, халқымыздың біртуар, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлының есімін дүниежүзінің жұртшылығы Қонаев деген фамилиясы арқылы таниды. Сол Қонай - Дінмұхаммед Ахметұлының арғы атасы болады. Сондықтан берісі қазақ халқына, Қазақстан атты дүниежүзіне танымал, республикамыздың өркендеп, өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхаммед Қонаевты осындай қарапайым Қонай деген қазақтың төртінші ұрпағы екенін біліп жүргеніміз абзал.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев тарихқа ХХ ғасырдың ең ірі мемлекет және саяси қайраткері ретінде енді.
Әдебиет
Қонаев Д.А. Ақиқаттан аттауға болмайды. – Алматы. «Санат» - 1994. 15б.
Қаршалова Р. Қонайдан жеткен тұяқ. // Президент және халық. – 2009. - 9 қаңтар.
Нұрпейіс К., Қожамқұлов Т. Отанға арналған ғұмыр. // Президент және халық. – 2007. - 12 қаңтар.
Аухадиев К. Елу жыл ел ағасы. - Алматы, «Санат». -2002. 33 б.
Достарыңызбен бөлісу: |