Сабақ барысы: Интербелсенді тақтаға мына өлең жолдары жазылады: Қамын ойлап халқының, Қайғы жұтқан қария



Дата04.05.2017
өлшемі66,88 Kb.
#15640
түріСабақ
Сабақтың тақырыбы: Асан қайғының Жерұйықты іздеуі.
Сабақтың мақсаты: Асан қайғы туралы деректерді білу,
ақын - жыраулық дәстүрін тану.
Асан қайғының өмір сүрген ортасын тарихи деректермен дәлелдеу..
Асан қайғының толғауларының өміршеңдігінің сырын ашу.
Сабақтың түрі: ізденіс, шығармашылық сабағы.
Сабақтың көрнекілігі:Асан қайғының портреті, өлеңдерінің жинағы , «Бес ғасыр жырлайды» І том, слайд «Асан қайғының Жерұйықты іздеуі».
Сабақтың әдіс-тәсілі:талдау, СТО, шығармашылық, сөз әдісі,
Сабақ барысы:
Интербелсенді тақтаға мына өлең жолдары жазылады:
Қамын ойлап халқының,

Қайғы жұтқан қария.

Жайлы қоныс іздеген

Қазақ деген халқына.

Әділдікті жырлаған,

Ел бақытын ойлаған,

Желмая мініп шарлаған

Жерұйық іздеп жалғанда...


Оқушылар осы өлең жолдарынан бүгінгі тақырыпты анықтайды.Сабақ тақырыбы анықталған соң, сабақ барысы тақтадан көрсетіледі.
Сабақ барысы:

Суреттер сөйлейді... (сұрақ-жауап)

Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқыса шығады.(Көрініс қою)

Сергіту сәті

Ақын айнасы... (Толғауларын талдау)

Таза мінсіз асыл сөз,


Ой түбінде жатады. (Шығармашылық сәт)
1. Кіріспе бөлім: Суреттер сөйлейді... (сұрақ-жауап).
Тақтаға Асан қайғының өміріне байланысты суреттер ілінеді. Оқушылар сол суреттер арқылы Асан қайғығаның өмірі жайлы деректерді айту керек (оқушылар үйден өздері қосымша деректер әкеледі.).
2. Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқыса шығады.(Көрініс қою)
Сыныпты үш топқа бөліп , оларға Асан қайғының толғауларының жазылу тарихы туралы мәліметтер таратамын.
1-топ. «Асан қайғының Жерұйықты іздеуі» слайд. Асан Қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, “Жерұйық” дейтін қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. . Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады.
Алматыны көргенде:
“Үш Алматы деген жер бар екен.Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей. Сол жерді қимадым.”
Шымкент, Сайрамды көргенде:
“Екі басы бір базар, малда береке болмайтұғын, екі басы бір мазар, баста береке болмайтұғын, базары жақын – байымас, мазары жақын - көбеймес”
Семейтауды көргенде:
“Төс табаны төрт елі
Атан жүрер жер екен.
Төсегінен түңілген
Адам жүрер жар екен”
Шідертіні көргенде
“Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен, бос жылқы шідерлеп қойғанда тоқтайтын жылқының жері екен”
Үшқараны көргенде:
“Он екі тұтам-тұтам қазылық үй түндік, маңырап жатқан қой түндік, қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен”- деп артына үш қараған екен.
Ерейментауды көргенде:
“Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас ораздының жайлауы, жиырлының қыстауы екен, екі жағындағы ел бай болар да қақортасындағы қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бір-бірімен төбелесетұғын кісі сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен.”
Терісаққанды
“Уа шіркін, Сарыарқаның тұздығы екен: тек анда –санда обып қоятын жұты бар екен, бірақ артынан мал тез өсетін жер екен”
Баянды көргенде
“Баянға жаймай, қой семірмес...”
Ертісті көргенде:"Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отрымас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен", - депті.
Талас өзенін көргенде:

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерін-ай,

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай! -
депті.

Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: "Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің", - депті.


Қорытынды сөз:
Аңыз бойынша Асан қайғы шұрайлы қоныс, нулы өлке іздеумен өмір бойы Желмаясымен желіп өткен екен. Ұлытаудың бас жағына келіп дүние салыпты –мыс.
2-топ. 2- көрініс:
Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көк орай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартанып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады, күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асанқайғыға баскартады. Бірнеше күнге созылған осы жиынды Асан жырау:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады, -
деп бастаған екен дейді ел. Осы ас өтерден бірер жыл бұрын Асанқайғы жырау халқынын болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, "Жерұйықты" іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жұрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты. Біреулер: "Қалай еткенде елге әділдік орнайды?" дегенде ол:

Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса.

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса;

Залымдардың белгісі,

Бейбіттің малын ұрласа.

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер,

Қабірге әзір қоймаса.

Артыңда қалар атақ жоқ,

Тіріде данқың болмаса,-
деп термелепті.

3- топ. 3-көрініс:


Осы аста халықтың ішінен тағы бір сұрақ туындапты:
Енді бірі "Асан Ата, осы халық бірлігіне не жетіспейді, бұл заманда не ғаріп?" деп сұрапты. Сонда қарт абыз:
Бұ заманда не ғаріп?
Ақ қал алы боз ғаріп.
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар шын ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса;
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.
Ғалымды хатим еткендер,
Мақсатына жеткендер,
Жас көрілер отырып,
Алдынан сабақ алмаса,
Қарамаса жүзіне,
Ғалым да болса ол ғаріп, -деп термелепті.
Бірде ас барысында Әбілқайыр хан "намаз уақтысы өтіп бара жатыр екен ғой" деп сылтауратып отырған орнынан тұрып, далаға шығып кетеді. Осыны сезген Асан би сөзін былайша жалғастыра түсіпті дейді:

Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсің?

Қырда жүрген дуадақ,

Су қадірін не білсін?

Көшіп-қонып жүрмеген,

Жер қадірін не білсін?

Көшсе кона білмеген,

Қонса көше білмеген,

Ақылына көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін?-деп тура ханға айтқан екен.
Сергіту сәті:
Асқар биік тауларды,
Алыс-алыс белдерді,
Арнасы кең көлдерді,
Ойлы, қырат жерлерді,
Желмаямен ол кезді.
Оңды-солды шарлады,
Жерұйықты іздеді.
Жұмақ болар мекенді
“Қазақ жері” деп білді.
(Өлеңді қимылмен келтіріп, денемізді, ойымызды сергітеміз)
3. «Ақын айнасы»Оқушыларға Асан қайғының толғаулары таратылады. Олар мәнерлеп оқып, тақырып, идеясын анықтайды. Ақын позициясын ашып, сөздік қолданысына сипаттама береді.

Таза мінсіз асыл сөз,


Ой түбінде жатады. (Шығармашылық сәт)
Оқушыларға екі сауал қойылады.
1. Қазіргі заманың Асан қайғысы...
2. Асан қайғының Жерұйықты Қазақстан жерінен іздеуінің себебі, менің ойымша, ...
Бағалау кезеңі:

Суреттер сөйлейді.

Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқыса шығады.

Ақын айнасы.

Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады...

Қорытынды баға


Үй жұмысы:
Міндетті деңгей: “Жерұйық болған мекенім...” эссе жазу

Мүмкіндік деңгей:



“Асан қайғы толғауларының философиялық мәні” реферат жазу.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет