Бақылау — зерттеу не тексеру әдісі. Бақылау арнайы жоспар бойынша жүргізіледі. Жоспарда Бақылаудың мақсаты мен міндеттері, объектісі (сабақ, саяхат, лабораториядағы, шеберханадағы, оқу-тәжірибе учаскесіндегі оқушылардың жұмыстары), жүргізу әдісі мен жолдары дұрыс көрсетілуі тиіс. Ғылыми негізде шығармашылықпен жасалған жоспар зерттеу жұмысының нәтижелі болуына игі әсер етеді. Ғылыми Бақылау зерттелетін педагогикалық құбылысты дұрыс әрі дәл жазып алуды талап етеді. Сондықтан Бақылаудың нәтижесі зерттеушінің педагогикалық іскерлігіне, қабілетіне және сауаттылығына байланысты. Зерттелетін тақырыптың мақсаты мен мазмұнына қарап, Бақылауды жаппай және ішінара жүргізуге болады. Оқу-тәрбие барысында жалпы мәселелерді (сабақ үстіндегі оқушылардың танымдық іс-әрекеті, оқушылар зейінін жандандыру, балалардың ұжымдық іс-әрекеті, т.б.) зерттеу үшін жаппай Бақылау әдісі пайдаланылады. Жеке оқушының іс-әрекеті мен мінез-құлқын зерттеу үшін ішінара Бақылау әдісі қолданылады. Бақылау нәтижелері дұрыс шығу үшін түрлі формулалар, кестелер, фотосуреттер, сұлбалар, әсіресе, техника құралдарды (киноға түсіру, магнитофонға жазу, т.б.) кеңінен пайдаланады. Бақылау материалдары арнайы күнделікке, хаттамаға жазылады. Зерттеуші педагогикалық Бақылау материалдарын анкета мәліметтерімен де толықтырады. Бақылау — сондай-ақ, педагогикалық құбылыстың ішкі процесі (оқушы санасында болатын психикалық процесс) жайлы толық мәлімет алу үшін қолданылатын әдістердің бірі. Оқыту процесіндегі Бақылаудың психологиялық, педагогикалық мәні — оқушыларға дер кезінде көмек көрсету; олардың шығармашылық күшіне, қабілетіне сенім білдіру, оқушылардың оқу тапсырмасын нәтижелі етіп орындау үшін ынталандыру, іске жұмылдыру. Бақылаудың бірнеше түрлері бар: тақырыптық Бақылау, тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау, қорытынды Бақылау Тақырыптық Бақылау оқу бағдарламасындағы белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы және әрбір кезеңдері негізінде оқушылардың білімді, іскерлікті, дағдыны игеруі тексеріледі. Тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау әрбір тоқсанның аяғында оқу бағдарламасының белгілі тарауын оқып болғаннан кейін өткізіледі. Бұл Бақылаудың мақсаты — оқу бағдарламасы негізіндегі Бақылау жұмыстары мен түрлі техника құралдар (оқыту машинасы, компьютер, электронды-есептеуші машина, т.б.) арқылы әрбір тоқсанның аяғында оқушы білімінің көлемі мен сапасын, іскерлігін, дағдысын анықтау. Қорытынды Бақылау жыл аяғында өткізіледі. Мұнда тақырыптық және тараулар бойынша жүргізілетін Бақылау нәтижелері есепке алынады. Оқушылардың жыл бойына алған теориялық және практикалық білім деңгейі анықталады. Қорытынды Бақылаудың негізі емтихан және оқушылардың жылдық үлгерім бағалары болып есептеледі. Бақылау әдісінің ішінде бағдарламалап Бақылау әдістерінің өзіндік ерекшелігі бар. Машинасыз бағдарламалап Бақылау әдістері бойынша перфокарталар және Бақылау карталары қолданылып, оқушылардың теориялық және практикалық білімдері анықталады. Бақылау карталарын пайдалану оқушылардың білімін аз уақыттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Машиналы бағдарламалап Бақылау әдістері мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында қолданылады. Техника құралдар оқушылардың білімін тексеру, Бақылау және өзін-өзі Бақылауда қолданылады. Оқыту процесінде оқушылардың өзін-өзі Бақылауы өте қажет. Өзін-өзі Бақылау олардың игерген оқу бағдарламасы, материалы мен дағды, іскерлігінің беріктігін қамтамасыз етеді. Өзін-өзі Бақылау арқылы оқушылардың өз біліміне сенімі артып, орындаған жұмыстарының нәтижесін бағалайды. Оқыту процесінде Бақылаудың жаппай, топтық және дербес формалары бар. Жаппай Бақылауда барлық оқушыларға мазмұны бірдей сұрақтар немесе тапсырмалар беріледі, орындалған жұмыстарды олар тексеріп, іске асырады. Топтық Бақылауда зерттелетін оқушылардың белгілі бір тобы тапсырмалар орындайды. Бақылаудың дербес формасы әрбір оқушының білімін, іскерлігін және дағдысын анықтайды. Дербес Бақылау бағдарламалап және дифференциялап оқыту барысында жақсы нәтиже береді.
Бақылау - оқыту үрдісінің бөлінбейтін бөлігі болып табылады. Оның мәні келесідей: оқытудың міндетті түрдегі минимумына сәйкес келетін, оқушылардың білімді меңгеру деңгейін анықтау.
Бақылаудың функциялары:
-тәрбиелік;
-дамытушылық;
-білім берушілік;
-тексерушілік.
Бақылау түрлері:
1) Ағымдық бақылау - бұл оқушылар білімін әр сабақта жүйелі түрде тексеру, бұл сабақтың құраушы бөлігі ретінде оқытудың нақты сабақта бағалануы болып табылады.
2) Периодты түрдегі бақылау - бағдарламаның үлкен тарауларынан кейін немесе оқыту ұзақ уақыт жалғасқаннан соң іске асырылады.
3) Қорытынды бақылау немесе нәтижелік бақылау - келесі сыныпқа ауысу кезінде жүреді. Оның міндеті: ары карайғы оқуын қамтамасыз ететін, дайындықтың сол қажетті минимумын белгілеу.
Жалпы бақылау функциясының мақсаты білім алудың барлық сатысында білім меңгеру деңгейін белгілеу, оқыту үрдісі мен үлгерімнің әзірлігін тексеру.
Бақылау әдістері:
1) Ауызша бақылау - әңгімелесу, әңгіме, түсіндіру, оқу. Ауызша бақылау негізін оқушылардың монологты жауабы мен сұрақ-жауап түрдегі әңгімелесу құрайды. Әр сабақ сайын фронтальды немесе комбинирленген жекеше түрде жүріледі. Емтихан - тексерудің айтарлықтай толығырақ түрі болып табылады.
2) Жазбаша бақылау - бақылау жұмысы, реферат, өздік жұмыс. Бақылаудың бұл түрі оқушылардың терең және жан-жакты білімдерін тексеруін қамтамасыз етеді, себебі мұнда оқушыға теориялық білімі мен оны практикада қолдана алатындығын көрсетуі қажет.
3) Практикалық жұмыстар - тәжірибелік жұмыс теориялық мәліметтерді зерттеу базасындағы әдіс-тәсілдерін, білімін құрастырып жинақтау үшін қажет.
Практикалық жұмыстың мазмұнына келесілер кіруі керек:
1) Жұмыстың мақсаты;
2) Тапсырмалар;
3) Қондырғыларды қолдану (сипаттамалары бар ЭЕМ сияқты);
4)Тапсырманын физикалық, математикалық немесе ақпараттық үлгілерінің мазмұны;
5) Есепті шығару алгоритмі;
6) Бағдарлама;
7) Шығарылатын немесе бастапқы мәліметтер;
8) Кесте түріндегі алынатын нәтижелер;
9) Қорытындыларды тұжырымдау;
10) Тесттер (компьютерлік, бланктік).
Бақылаудың қорытындыларын бағалау мен талдау оқытудың жоспарланған нәтижелерімен оқушының қол жеткізген нәтижелерінің сапасы мен деңгейін салыстыру болып табылмақ. Мұнда оқыту нәтижелері белгілерін дұрыс таңдаудың маңызы аса зор. Сондай-ақ, жауаптарды бағалау мен талдаудың тәсілдері де маңызды рөл атқарады. Нақтырақ айтатын болсақ талдаудың әділдігінің артуы жауаптардың әр элементтік талдауын қолдануында жатыр.
Бақылаудың барлық түрлеріндегі сияқты бұл ағымдық бақылауға да жалпы дидактикалық міндеттер тән. Мақсаттары мен әдістемелік құралдарына байланысты оқу үрдісінде тексеру бірнеше функцияларды орындауы мүмкін. Әдістеме мен дидактикада оқыту нәтижелерін тексерудің мынандай міндеттері бөлініп алынған: Бейімділік, диагностикалық, оқытушылық, тәрбиелік, себептік, дамытушылық және басқалар. Кез-келген тексеру бір сәтте бірнеше міндет атқаратындықтан олардың міндеттері бойынша тексерулерді бірыңғай бағалау тым күрделі. Алайда әр нақты жағдайда бақылаудың бір-екі басым бағыттарын бөліп алуға болады. Олар тексерудің құралдарымен және әдістерімен, мақсаттарымен ерекшеленеді. Оқыту нәтижелерін ағымдық тексерудің негізгі міндеттері - оның оқу үрдісіндегі рөлін қарастыру. Осы бақылауға тән мақсаттар мен ерекшеліктер оның маңызды міндеттері мыналар болып табылады:
1) Бақылаудың есептеу міндеті: ол оқыту нәтижелерін жүйелі анықтау арқылы көрініс тауып, әр оқушыға қатысты үлгерімін, оқыту жұмыстарындағы кемшіліктер мен жетістіктерді ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
2) Бақылау - түзетушілік және диагностикалык міндеттері: бұлар сыныптың дайындық деңгейін, оқушылардың білім деңгейіндегі кемшіліктерден туындайтын тақырыптық түрлі сұрақтар арасында оқыту уақытын бөлу, оқыту әдістемесіне өзгертулер енгізу үшін "мұғалім-оқушы" орнына кері байланысын қамтамасыз етеді. Бақылаудың нәтижелері оқытушыға оқушылардың біліміндегі кемшіліктерді болдырмауға бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, оқытушы оқушылардың білімі мен дағдысын анықтайды. Олар өз кезегінде жаңа оқу материалдарын игеруге негіз болады. Тексеру оқушылардың білім нәтижелерінің жағдайларын анықтап қана қоймай, білім мен біліктілігін, кемшіліктері мен қателіктерін ашып көрсетуге міндетті. Оның диагностикалық міндеті осыдан көрініс таппақ. Дәл қазіргі кезде информатиканы оқытуда бақылаудың осы міндеттерінің маңызы аса зор. Әзірге осы пән мен оны оқытудың әдістемесі қалыптасу кезеңінде тұрғанда аталмыш маңыздылықтың мәні арта түседі.
3) Бақылаудың оқытушылық міндеті: ағымдық бақылау оқушылар білімін тереңдетуге әсер етіп, негізгі қателіктерді көрсетеді. Оқытушы сыныптың назарын курстың маңызды дүниетанымдылық идеяларымен басты сауалдарға аударады. Бұл маңызды міндет сондай-ақ материалды бекітумен қайталау нәтижесінде оқушылардың біліктері мен дағдыларының, білімінің деңгейін тексеру үрдісі арқылы көрініс табады. Сынақ тапсырмаларын орындау оқушылар білімін жүйелеп, кеңейте түседі. Өзін-өзі бағалау мен тексеру дағдыларын, оқу еңбегін тиімді пайдалануды қалыптастыруға жол ашады.
4) Бағалау мен бақылаудың тәрбиелік міндеті: ол оқушыны одан әрі оқу жұмысына, өз білімін тереңдетуге ынталандырады. Мұғалім оқушының жұмысын бағалау арқылы оның дағдылары мен біліктерін, білімінің деңгейін анықтап қана қоймай, оқушыны жеке жұмыс істеуге бағыттап, қосымша мүмкіндіктер береді және танымдық әрекетке деген қажеттілігін дамытады. Ағымдық бақылау оқу үрдісіне тікелей негізделіп, негізінен оқу дайындығындағы олқылықтарды анықтап оны жоюға бағыттайды, оқушының білімін тексеру мен дамытуға әр сабақта жүзеге асырылады. Ағымдық бақылау нәтижесі бойынша мұғалім оқушылардың келесі оқу материалын толыққанды игеруге дайын ба деген мәселені шешуге тиісті.
Ағымдық тексерудің тәрбиелік маңызы оқушыларды тәртіпті болуға, сынып және үй тапсырмаларына жауапкершілікпен қарауға, жүйелі еңбекке үйретуге, білімдер мен біліктерді игеруге, өз бетімен жұмыс дағдыларын қалыптастыруға көмектесуі арқылы көрініс табады. Сонымен бірге ағымдық тексеруде оның оқушыларға психологиялық әсерін де ескеру қажет. Дұрыс қойылған жағдайда ол оқушыларды тікелей сабақта оқу еңбегіне дұрыс қарым-қатынасқа ынталандырады. Оқу нәтижелерін бағалаудың да үлкен тәрбиелік маңызы бар. Оны дұрыс қолдану арқылы мұғалім оқушының өз білімдері мен біліктерін жетілдіруге, еңбек сүйгіштігін дамытуға, өз бетінше және шыншыл ойлануына, өз еңбегін өзі және дұрыс бағалау тұжырымдарын жасауға тұрақты түрде ынталануына қол жеткізеді. Ағымдық бақылаудың өзіндік ерекшелігі тарау немесе тақырыпты оқытудың барлық кезеңдерінде өткізілуі болып табылады: Оқу материалымен танысу, білімдер мен біліктіліктерді қалыптастыру мен дамыту, оларды бекіту мен тереңдету. Бұдан шығатын қорытынды төмендегідей: Ағымдық бақылау үрдісі барысында оқушылардан оқу материалын игерудің нақты кезеңімен қарастырылатын танымдық деңгейдегі білім ғана талап етіледі. Білім мен білік әлі қалыптаспаған кезде оқу дайындығына талапты күшейту - оқыту нәтижелерін жөнсіз бағалаудың басты себептерінің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |