4 апта: Практикалық сабақ тақырыбы: Лексикология. Практикалық сабақ мазмұны: 1. Лексикология пәні, зерттеу объектісі. 2. Қазақ тілінің сөздік құрамы мен негізгі сөздік қоры.
1.Лексикология пәні, зерттеу объектісі. Лексикология – сөз байлығын қарастыратын тіл білімінің бір саласы. Тілімізде қанша сөз болса, солардың жиынтығы лексика немесе сөздік құрам делінеді. Ендеше лексикология – тілдің сөздік құрамын тексеретін ғылым болып табылады.
Лексикологияның зерттейтін объектісі – сөз. Белгілі бір заттың, оқиға, құбылыстың, қимыл, түр-түстің және тағы да басқа ұғымның атауын сөз дейміз.
Сөз белгілі бір тілде сөйлеуші халықтың барлығына бірдей ортақ түсінікті болып табылады. Адам өзі түсінген, таныған заттарына, ұғымдарына атау тағады, оны күнделікті тұрмыста қарым-қатынас жасау, пікір алысу үшін қолданады. Тілдегі әрбір сөз белгілі бір ұғымның, түсініктің атауы болады. Әрбір сөздің білдіретін ұғымы сөз мағынасы делінеді.
Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолданылу қабілетін күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипатын тексеретін ғылымды лексикология (гректің lexikos- сөздік + logos- ілім сөздерінен) дейді. Қазақ тілінің лексикологиясы – қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым.
Бүгінгі қазақ тілі сөз байлығы жағынан дамыған тілдердің қатарына жатады. Қазақ тілінің сөздік құрамы халқымыздың басынан кешірген бүкіл өмірінің, шаруашылығы мен кәсібінің, материалдық байлығы мен рухани қазынасының айнасы, куәсі іспеттес, замандар бойы біртіндеп қалыптасқан, ұзақ дамуының жемісі. Сондықтан лексиканы зерттеу сөздік құрамды тұтас бір бүтін жүйе деп қарауды міндеттейді. Яғни лексикология жекелеген сөздердің тобын емес, тілдің қалыптасқан лексикалық жүйесін қарастырады.
Қазақ тілінің сөздік құрамы халқымыздың басынан кешірген тарихынан, тіршілік еткен кәсібінен, материалдық байлығы мен рухани қазынасынан мол мәлімет бере алады.
Қазақ тілінің сөз байлығын лексикология ғылымының заңдылығына байланысты зерттегенде, біріншіден, мән-мағынасын, екіншіден, шығу тегін, үшіншіден қарым-қатынас жасаудағы қолданылу аясын, төртіншіден, экспрессивті-стильдік қызметін жан-жақты тексереді. Сондықтан да лексикология «сөз туралы сөз», сөздердің бүтін жиынтығы жайындағы ғылым деп түсінеміз.
Қазақ тіл білімінің лексикология саласы 1950 жылдан бастап жан-жақты зерттеліп, осы салада көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Қазақ лексикасының диахронды-синхронды жай-күйі қазақ тіл білімінде тілші ғалымдар І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, Ә.Болғанбаев, Р.Сыздық, Т.Жанұзақов, Ғ.Қалиев, Б.Хасанов, Айтбаев, К.Хұсайын, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, Ф.Оразбаева, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың еңбектеріне негіз болғандығы белгілі.
Лексика қаттауына тек жеке сөздер емес, тұрақты сөз тіркестері –фразеологизмдер де жатады. Сондықтан фразеологизмдердің мағыналық өзгерістерін зерттеу де жоғарыда аталған ғылым саласының үлесіне тиеді.