Секция малик габдуллин и актуальные вопросы мировой фольклористики и современной филологии



Дата26.06.2018
өлшемі99 Kb.
#44548
«МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ФОЛЬКЛОРТАНУ МЕН ҚАЗІРГІ ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» секциясы

Секция «МАЛИК ГАБДУЛЛИН И АКТУАЛЬНЫЕ ВОПРОСЫ МИРОВОЙ ФОЛЬКЛОРИСТИКИ И СОВРЕМЕННОЙ ФИЛОЛОГИИ»


ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЙТЫС ӨНЕРІ
Абылқасов Ғ.Ж.

Көкшетау қ., Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

abylkasov70@mail.ru
Ғылым мен жазба әдебиеті саласында Көкше перзенттерінің үлесі аса салмақты.

Қазақ халқының рухани қазынасына орасан үлес қосқан көрікті Көкше өңірінің асылдары, дүлдүл ақын, жыршы, әнші, майталман сөз шеберлері қай кезеңде де аз болмаған. Атақты сал-серілер, Біржан сал мен Ақан сері, ақындар Шөже мен Ә.Нұрпейісов көгілдір таулар өлкесіне келген Арал бойының қазақтары «Орынбай, ақиық ақын-композитор Үкілі Ыбырай сол ұлттық мәдениеттің жарқын белестері болып саналады.

Бұрынғы жыраулық, кейінгі ақындық дәстүрдің туы болған Шал Құлеке ұлынан бастап, бүкіл қазақ ауыз әдебиетінің айыр көмей дүлділдері Шөже, Орынбайлар, жыр бұлақтары Арыстанбай, Нұркей, Тоғжан, Сал серілер, Біржан, Ақан, олардың жолын қуған Толыбай, Шәрке, атақты Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, бертінгі Шәкен Отызбаев, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Кәрім Тахауин, бүгіндері бүкіл республикамызға аты мәлім Қазақ ССР-інің халық ақыны Көкен Шәкеевке дейінгі дәстүрлік жол аса бір құнарлы кезең болып, бүкіл қазақ өнері тарихынан орын алады.

Көкшеде әншілік өнері де сұлу табиғатқа сай сәнді де, сүйкімді нәзік сырлы, әуенді келеді. Бүкіл қазақ өнеріне Көкше әншілері қосқан үлес аз емес. Бұл ретте белгілі жазушы түйе қомына теңдеп қап-қап астықпен бірге Біржанның, Ақанның, Балуан Шолақтың, Ыбырайдың әндерін теңіз жағасына ала кететін еді», - деп толғана айтқан.

Ел ақындарының еңбегі еш уақытта да назардан тыс қалмаған. Алайда, халық поэзиясы өкілдерінің ашылмаған қырлары, шешілмеген сырлары да баршылық. Әміре Сұлтанмұрат, Шәкен Отызбаев, Қалия Жұбандықов сияқты халық ақындарының өз заманында тиісті бағаларын ала алмаулары, көпшілікке танымал болмаулары, шығармаларының көпшілігі баспа бетін көре алмаулары сияқты қиындықтар қазіргі кездегі өзекті мәселелердің қатарына жатады деп ойлаймыз.

Мәселен, Шәкен Отызбаевтың шығармалары ақынның көзі тірісінде баспа бетіне жарияланбады. Шығармаларының бәрін ауызша шығарғандықтан, көбі хатқа түспей қалған. Шәкен Отызбаевтың мол мұрасын жазып алып, қазіргі кезге дейін сақтап бізге жеткізуші – ақынның баласы Темірбай Қабділмәжитов. Темірбай ақсақал Шәкен ақынның көп өлеңін жатқа айтып отырады. Ақсақал Шәкеннің мол мұрасының 1164 жолын бүгінгі күнге жеткізуші адам.

Шәкен Отызбаев жайлы алғаш шыққан мақалалар қатарына Ә.Өтеевтің «Шәкен ақын» (Қазақ әдебиеті 1969 ж., 9 маусым) және А.Есмағұловтың «Шәкен ақынның отты жырлары» (Көкшетау правдасы, 1989 ж., 21 маусым) атты мақалаларды жатқызамыз. Бұл мақалалар ақынның өмірбаянына, ақын өмірінде болған елеулі өзгерістерге, шығармашылығына арналған.

Сонымен қатар С.Негимовтың «Шәкен ақын», Ә.Өтеевтің «Халықтың ардақтысы Шәкен ақын», Қ.Жүсіповтің «Ақынға табыну», Н.Нұрмышева, Ж.Есекеевтің «Шағалалыда шырқалған ән мен күй», К.Шәкеевтің «Елу жыл есте қалған ән», Т.Қабділмәжитовтың «Ақын жұлдызы сөнбейді» мақалалары ақынның өмірі мен кейбір шығармаларына байланысты жазылған.

«Көкшетау» газетінің 1990 жылғы 16 қарашасында шыққан санында Қ.Төреғожиннің «Ақын өмірінен бір үзік сыр» атты мақаласы шықты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1969 жылғы 9 маусымында Ә.Өтеевтің «Шәкен ақын» атты мақаласы, сонан соң 1992 жылғы «Жұлдыз» журналының № 2 санында Б.Ерзаковичтің «Қос саңлақ» атты мақалалары республикалық газет-журналдарда жарық көрді.

1988 жылы К.Шәкеевтің «Елу жыл шырқалған ән» атты мақаласы «Көкшетау» газетінің 30 қаңтарында жарық көрді. Ақын ұстазының қысқа өлеңдері, негізінен, аңшылық, тұрмыс-тіршілікке арналып жазылғандарын сөз ете келе, Шәкен Отызбайұлының отызыншы жылы шыққан «Қаршыға» деген әннің туу тарихын айтып өтеді.

Әдебиет зерттеушісі, ғалым С.Негимов өзінің 2005 жылы жарық көрген «Қазақтың сал-серілері» ғылыми эсселерінде кезінде аттары қазаққа мәлім болған, сөздері үш жүзге белгілі болған сал-серілеріміздің, ақындардың өнерпаздық өнерлі өмір жолдары туралы жазылған еңбегі қалың жұртқа белгілі. Осы еңбегінде: «Елдігіміздің, ерлігіміздің, киелі қасиеттеріміздің жыршысы, топырағымыздың, табиғатымыздың дара туған жарық жұлдызы, дәулетті, бейнетті, жарқын күндеріміздің шынайы шежірешісі, тұйыққа тірелгенде көптің көш бастайтын марқасқасы, ай мүйізді айбарлы серкесі – сылдыр көмей ақын-жыраулар ғой. Бұл орайда Біржан сал мектебінен сабақ алған, үлгі алған, көрнекті әнші-ақындармен халық композиторлары Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың сұлу да кербез әндерін нәшіне, кемеліне келтіре шырқаған Һәм «Бөгембай батыр», «Қабанбай батыр», «Ағыбай батыр», «Кенесары - Наурызбай», «Қарға батыр» жырларын жатқа сайратқан ардақты өнерпаздың бірі – Шәкен Отызбайұлы еді» - деп өнерлі ақынның өмірлік жолына тоқталып, күйлері, жыр-толғаулары мен айтыс, дастандары тақырыптарының идеялық мазмұнына сипаттама береді /10, 80/

Алғаш заман талабынан табыла алмаған айтыстың қайта түлеп жаңғыра дамуына себеп болған оқиға Ұлы Отан соғысы кезеңі болды. Партия халық ақындары бойындағы табиғи талантты майданға қажетті зәруліктерді өтеуге бағыттап, үлкен жұмыстың мұрындығы бола білді. Осыған орай белгілі фольклоршы К.Сейдеханов айтыстың жандануына түрткі болған жағдайдың мән-жайын: «Шынында, ақындар айтысының жаппай етек алып жандана түскен кезі де осы 1943 жыл болды. Ақпан айының соңында қазақстан Жазушылар Одағының ІІІ Пленумы шақырылып, оған көрнекті халық ақындарының бір тобы қатысты.»

Халықтың рухани мәдениетінің ірі өкілдері, ХІХ ғасырда ақындық қасиетімен дараланған дарындар - Орынбай, Тоғжан, Тезекбай, Шөже, Біржан, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ, Нүркей. Осы асылдардың игі жолдарын жалғастырған, олардың дәстүрінен тәлім-тәрбие алып өсіп, көпке аты мәлім болған ақын жыршылардың бірі Шәкен Отызбаев еді.

Шәкен Отызбаев – халық әдебиетінің өкілі. Ұлы қазан революциясының шапағатымен қайта туып, қайта жасарған заманымыздың халық поэзиясын жаңа белестерге көтерген дүлдүлдер Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Омар, Маясар, Нартай сияқты ұлттық әдебиетіміздің тарихында қошемет тұтар абзал ақын Шәкен Отызбаев – жарқын түлға.

Шәкен Отызбаевтың термелеп айтатын жыр-толғаулары ежелден Арқа елінің белгілі жырауларының дәстүрінде келіп, ойлы да мәнді жайларға бағышталып жатады. Ақын өмірдегі әр алуан жайларды ең алдымен адамға қатыстыра отырып бағалайды. Яғни философиялық арнада өрілген ақылгөйлік, парасатты, нақыл сөздермен өрнектеледі:

«Ақын болып не керек,

Бақытын жырлап халықтың,

Сөз асылын термесе.

Көп үшін маңдай терлесе,

Құр достықтан не пайда,

Біріне бірі сенбесе.

Шешендіктен не пайда,

Қалдырған сөзі мұра боп,

Тарихқа аты енбесе…» - деген сияқты болып келеді. Адам деген атты ардақтай, қастерлей білуге, адалдыққа, ізгілікке шақырады. Әсіресе ақын деген атақтың киелі де, қасиетті екендігін, оның өсиет-өнегесі кімге де болсын асыл мұра дегенге саяды.

Шәкен Отызбаевтың «Халық ақыны» деген құрметті атаққа ие болып, былай деп жазады:

«Зор атақ, жол бергенде үкіметім,

Аралап жүріп тұру келмейді шамам.

Шыққанда алпыс деген қыр басына

Жүрмедім денім сау боп есен-аман»

Жағдайының осылай ауырлай бастағанын сезген ақын «қолыма домбыра алдым тартайын деп… ертерек бақұлдық сөз айтайын деп», - қамдана сөйлейді. Дегенмен үлкен жүректің отты лебі бірден қайтқан жоқ. Оптимистік сарын соңғы жылдардан да айқын бой ұрады. «Тозған көйлек болсам да, намысты қолдан бермедім», деген ақын өмірден, жақсылық нышанды хабардан күдер үзген жоқ:

…Хабарсыз қос қарғамды,

Нәсіп болса көрмекпін.

Шаттық нүрға бөленіп,

Кейін қарай жасырып,

Жиырма беске келмекпін.

Басы жұмыр пенденің,

Ойлағаны бола ма?

Мұратқа жетіп өлмекпін, - деген сенімді де, биік арманды, жақын тілекті ойлармен ақын жырын аяқтаған.

Шәкен Отызбаев мұрасы ақындық, жыраулық дәстүрдің үлгісінде келеді. Сонау өткен ғасырлардағы Бұқар жырау, Шал ақын, Біржан сал мен Ақан сері, кешегі ақындар алыбы Жамбыл дәстүрін үлгі-өнеге еткен ақын өз заманына сай өрелі жырларын айта білді.

Ақын жырларының дені философиялық ой айту, терең тебірене толғану түрінде келетін өміршең туындылар болы келеді. Өмірінің соңғы кездері көбіне жабырқау, қамығу жағдайында болған Шәкен ақын соғыстан қажыған ел тұрмысын, елге оралмаған қыршын боздақтарды, өзінің қос құлынын жиі-жиі еске алады.

Ақын айнала қоршаған ортамен, табиғатпен, өмірмен мұңдасып, сырласа береді. Оның осындай сәттерін бейнелейтін жырларының бірі «жыл құсы». Бұл шығарма - қазақ әдебиетінде көп кездесетін аңмен, құспен, жалпы табиғатпен тілдесе, сыр шертісетін өлеңдер дәстүріндегі туынды. Әуел баста ақын өзінің аңшылық, саятшылық істерін, әр-құстың мінез-құлқын қызыға сипаттап, еске алады. Одан әрі өз басындағы қайғыны құстарға айтып, тілдеседі. Оларды адам бейнесінде қабылдап, «қайтқан құс, қос құлынымнан хабар білесіңдер ме?» деп әкелік мұңды үмітпен қарайды.

Жаңа дәуірде өнер жарысына түскен екі ақын өз колхозы мен аудан, облысының қол жеткен табыстарын және үлгілі еңбек адамдарын айтыс арқауы ете отырып, қарсылас ақынның жеріндегі олқылықтар мен орындалмаған жоспарлы істерді сын тезіне салады. Мұндағы сын кемшілікті жұрт талқысына салып әйгілеу, мойындату арқылы соны қалай да жою мақсатын көздейді. Бұлардың түгелдей зілді, ащы сынға құрылмай, қамқор, жанашыр сын болу себебі осыдан. Соған орай айтыс бұрын-соңды болып көрмеген қоғамдық дамудың қозғаушы күші – сын мен өзара тезге салар құралы болып қалыптасты. Соның нәтижесінде айтыстың әлеуметтік мәні мен мазмұн-сипаты, тақырып, көлемі де өзгерді, жаңа дәуір, жаңа дүниедегі ел өмірінің көріністерін, қоғам мүддесі мен кеңестік тұрмысты паш етуге тиіс болды. Ақындар айтыс үстінде колхоз бен совхоз аудан мен облыс, республика көлемімен ғана шектеліп қалмай, Одақтық шақыру – ұрандарға үн қосып, партия, Кеңес басшылығын мадақтап көтере жырлауды да қажеттілік санады. Осындай қоғамдық, саяси мүддені жоғары қою талабын ұстанған айтыс ақындары бұрыннан қалыптасқан жеңу, жеңілу дәстүрін де басты шарт деп ұстанбады, көбінесе, социалистік құрылыстағы еңбек табыстарын мақтан тұтып, сол жолдағы кедергі болар кемшіліктерді сын сарабына салуға айрықша күш жұмсады. (Әуезом М. Қазақ әдебиетінің тарихы. І том, екінші кітап. Аламты: Ғылым, 1964. – 694 б.)

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыстарда қарапайым еңбек адамдары мен жатыпішер жалқаулықтың зиянды көріністері, әйел теңдігі мен олардың бас бостандық, азаттық мәселелері келелі сөз болады. Шынын айту керек, билеуші коммунистік партияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған кезеңде, қай ақын болса да, партия мен сол тұстағы қол жеткен табыстарды соның көсем-басшыларына арнауға, мадақтауға мәжбүр болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыстар негізінен неміс басқыншыларына қарсы күресте қанқұйлы жауды талқандауға шақырып, «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген жалпыхалықтық ұранға үн қосып отырды.

Алғашқы айтыстар колхоз, совхоз, аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылып, озып шыққан жүлдегер ақындар ғана республикалық айтыстарға шақырылып отырды.

Соғыстан кейінгі дәуірдегі айтыстар (1947-1957) бүкіл еліміздің ұран-үнімен терең астасып, халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру, соғыс зардабын жою талабынан туындап жатты. Ақындар еліміздегі үлкен өрлеудің барысы мен орын алып келген кемшіліктерді де, етектен тартқан ескінің кейбір көрініс-қалдықтарын да аяусыз сынға алып отырды.

Бұл айтыстарда ежелгі дәстүр мен жаңа мазмұнның жарыса астасып, тың сапаға ауысқанын көреміз. Заманмен қоса ақын да өзгерген, сөз де жаңарған.

50-60 жылдар арасында ақындар айтысы тағы да бел алып, ауыларалық, ауданаралық, облыстық айтыстар жалғаса отырып, 1961 жылғы республикалық айтысқа келіп ұласты. Айтыстық дәстүрімізді жаңғыртып, оның тың тақырып, жаңа мазмұнымен байыту ісіне соңғы кездерде Қазақ ССР Ғылым Академиясы әр алуан юбилей, мерекелерге орайластырып өткізген әдеби конференциялар мен ғылыми сессиялардың мән-маңызы да айрықша болды. Кеңес дәуіріндегі айтыстың мәселелеріне арналған әр алуан мақала, зерттеулердің баспасөз бетінде жүйелі түрде жарық көріп келуі де бұған елеулі үлес болып қосылды.

Кеңес дәуіріндегі айтыстың 50-60 жылдарғы даму жолдарына көз салсақ, бұл тұста да жазып айтысу салтының өріс алғанын көреміз. Екі ауданның не екі облыстың ақындары сол жазып шығарған айтыстарын жергілікті баспа бетінде жариялап қана қоймай, соны бетпе-бет келгенде де қарсыласына жаттап айтып, яки қағазына қарап отырып оқып беретін болды. Бұдан айтыс өзінің баурағыш, тартымдылық, әсерлілік қасиетінен айрылып қалды. Сондықтан әдебиетші-ғалымдарымыз айтыстың қалыпты суырып салма дәстүріне қайта оралуы қажет деп тапты. Сөйтіп, айтыс өзінің табиғи арнасына жол тауып, түрлене, көркейе дамуға бағыт алды. М.Әуезов былай деп жазды: «Айтыс дәстүрі – ақын мектебі, шеберлікті шыңдайтын ең қатал да қатаң сын тезі. Талай тарлан ақындар осы сыннан мүдірмей өткенде ғана шын ақын атағын алатын. Бүгінгі айтыста қолданылып жүрген алдын-ала жазып айтысу тәсілі ақынды қиынды жеңуге бейімдемей, қайта ақын болудың оңай жолын іздеуге бейімдейтін сияқты.» [235] (Қазақ әдебиетінің тарихы. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Совет дәуірі. І том, екінші кітап. Алматы: Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, 1964. – 694 б.)

1960-1970 жылдардағы айтыстар ақындықты өнер жарысына айналдыруда суырып салма дәстүрін жаңа бір белеске көтерді. Мұнда олардың бұрынғы дәстүрде бар кейбір ақындық амал-тәсілдерді қайта жаңғыртуға бой ұрғанын көреміз. Соның бір көрінісі ақындардың ежелден келе жатқан тәсілі: өзін-өзі көтере мақтап шалқи сөйлеуі дер едік.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдерде туған айтыстар, ең алдымен, күйзелген халық халық шаруашылығын қалпына келтірудегі жігерлі еңбек пен халықтардың татулық-бірлігін жырлауға бағытталды.

Өмір мен өлім белдескен қатерлі соғыс жылдары әрбір кеңес азаматының ой-арманы қанқұйлы жауды қалай да тезірек жеңіп, жеңіс күнін жақындата түсу талабына бағытталды. Бұл үшін әр адам өз қолынан келгенше аянбай еңбек етуге тиіс еді. Ал, айтыс ақындары халықтың осы асыл мұратын өз жырларына желілі арқау етіп отырды.

Қарсылас ақындар көне дәстүрге орай айтыста өз ауданының немесе ондағы қала мен кен ошағының атынан сөйлеуге тиісті болды. Рас, белгілі бір ру не аз ғана ауыл атынан айтысқа шығу бұрынғы айтыстарға да тән еді, алайда, олар Кеңес дәуіріндегі айтыстардай жалпыхалықтық, көптік мәнге ие болған емес.

Айтыста ел өкілдігімен лирикалық кейіпкерге айналған ақындар, ең алдымен, сөзді өзара амандасудан бастап, бұрыннан келе жатқан дәстүрге сәйкес қарсыласының шама-шарқын білу үшін қағыта сөйлеп, өз елінің үлес табыстарын көлденең тартып сөйлейді.

Соғыс жылдарында қанқұйлы жауды тезірек жеңу үшін жұртты жігерлі де еселі еңбекке шақыру – сол тұстағы ақындар айтысының басты тақырыбына айналды. Бұл мақсатта ақындар, ең алдымен, ежелгі қырсық – жатыпішер жалқаулықты аяусыз сынап, өз қатарынан оза шауып бәйге алған ардагерлер мен еңбек озаттарын жұртқа үлгі тұтып сөйлейді.

Әр ақынның өз елінің байлығы мен жақсы-жайсаңдарын кезегімен мақтан тұта сөйлеуі бұрыннан келе жатқан көне дәстүр екені мәлім. Дегенмен, Кеңес дәуіріндегі айтыстарда бұл жәйт өзгеріп әлеуметтік тың сипатқа ие болды. Енді аудан мен аудан, колхоз бен совхоз байлығы, оның атақ-даңққа бөленген еңбек ардагерлері сарапқа салынып, әр қайсысының еңбектегі үлесі сол ауыр жылдарғы Отан мүддесі тұрғысынан бағаланады. Бұл тұста атап айтарлық жәйт: осы ақындардың жазба әдебиетке тән кейбір суреттеу тәсілдерін еркін игеріп, соны айтыс үстінде шебер қолдана білуі дер едік.

Дәстүрлі айтыстарда пейзаждық көріністер мен табиғат сипаттамаларына онша мән берілмей келгені мәлім. Оның орнында бұларда байлық пен барлықты, ру мүддесі мен байлық, салтанатты тізбектей айту қажет саналып келген. Ал, кейінгі кеңестік айтыстарда бұған керісінше колхоз, совхоз, аудан мен облыс байлығын, даңқты еңбек озаттарын атаудан тыс, сәулетімен көркейген бүгінгі қала мен дала, тау мен тас, өзен-суды шалқыта жырлауға да мән беріледі.

Бұл топтағы айтыстарда осындай шаруашылық жайы мен еңбектегі сан алуан табыстардан тыс, майдан өмірі мен соғыстағы көзсіз ерлікті, даңққа бөленген батырларды асқақ жырлауға да мән беріледі.
Әдебиеттер тізімі:
1.М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің тарихы» І том

Алматы «Ғылым» баспасы, 1964 ж

2. «Қазақ әдебиетінің тарихы» Қазақ ауыз әдебиеті

Совет дәуірі (екінші кітап) Алматы, Қаз. ССР Ғылым академ. Басп., 1964 ж

3.Ә.Өтеев «Қазақ әдебиеті» газеті, 1969ж. 6 маусым

4.А.Есмағұлов «Көкшетау правдасы» газеті, 1989ж. 21 маусым.






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет