ШӘКӘрім –ҚазақТЫҢ ТҰҢҒыш кәсіби философы



Дата15.09.2017
өлшемі370,87 Kb.
#33547
Жақыпбек Алтаев

философия ғылымдарының докторы, профессор
ШӘКӘРІМ –ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ФИЛОСОФЫ
Қазақ халқының ұлы ақыны, философ, керемет білімдар, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келеді. Ұлы ақын Абайдың жеті ағайынды болғаны белгілі. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді сол жетеудің ең үлкені еді. Құдайберді 1886 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады. Бұдан былай Шәкәрім ақын ағасы Абайдың тәрбиесінде болады. Туған әулет дәстүрі, өскен орта ыңғайы, ақын аға тағлымы Шәкәрімнің азамат ретінде қалыптасуына да ерекше әсер етті.

1931 жылы 73 жасында Шәкәрім асыра сілтеудің құрбаны болды.

Шәкәрімнің “Үш анық” атты шығармасы негізгі философиялық шығармалардың бірі болып табылады. Мұнда философия тарихына байланысты көп мағлұматтар аламыз. Оның бұл шығармасындағы сөз болатын басты мәселе ар ілімінің негізі боп табылатын нәрсе “Адамдағы: ынсап, әділет, мейірім - үшеуі қосылып ұждан деген ұғым шығады. Мұны орысша совесть деп атайды. Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды. Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сынап істесе, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды” - деп жазған философиялық толғауы бүгінгі күн талабымен де үндесіп жатқан жоқ па.

Шәкәрім “Үш анық” деп аталатын трактатын жазуға отыз жылдай уақыт сарп етіпті. Бұл ақынның ғылымға деген үлкен жауапкершілігі мен тазалығы болса керек. Ол мұнда Батыс пен Шығыс мәдениетінің рухани қазына көздеріне бас қойып, жаратылыстану ғылымдары салты бойынша да көптеген Еуропа ғалымдарының еңбектерімен таныс болғандығына көз жеткіземіз. Ол көп нәрсенің сырын ұғып, өз дүниетаным корытындысында Шәкәрім, біріншіден, затшылдық ғылым жолындағы таным мен, екіншіден, дін жолындағы теологтардың дүниетанымы бірінші, екінші анық деп көрсетеді де:

Іздедім, таптым анығын

Тастадым ескі танығын, - деп өзі ғұмыр бойы шарқ ұрып ізденіп тапқан жолы үшінші анықты ұсынады. Ол - үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді. Мұнысы Шәкәрімнің ұзақ жылдарға созылған ғылыми - шығармашылық ізденіс үстінде келіп туған ой қорытындысы ретінде берілетін негізгі ой тезисі:

Еңбекпенен, өрнекпенен

Өнер ойға тоқылса,

Жайнар көңіл, қайнар өмір

Ар ілімі оқылса, - деп тұжырымдалған танымында жатыр. Яғни Шәкәрімнің “Үш анықтығы” мақсаты ар түзейтін бір ғылымды табу болғандықтан, өмір бойы осы жолда ізденген”.

Шәкәрімнің ұжданы И. Канттың “категориялық императив” ұғымдарымен астарлас. Ұждан, - ынсап әділет, мейрім дегеніміз.

Шәкәрім айтады: «Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі - дене өлседе жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақырет өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былый қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді”.

Енді осы екі жолдың анық қанығын тану зерделі адамдардың бәріне міндет. Біз ақиқатты танып білуіміз қажет дейді.

Шәкәрім дүниенің түп негізі деп төрт нәрсені: от, су, топырақ, ауа деп айта отырып, грек философтарының бұл жөніндегі пікірлерімен таныс екенін білдіреді. Сондай-ақ дүние бөлінбейтін түпнегіз атомдардан тұратындығын айта отырып, оның арабша аты мадда немесе эсер деп атады. Оның қазақша аты жоқ болған соң оны біздер Европаша атом, мадда деп атаймыз дейді. Атомдар туралы тұңғыш грек философтары айтқанын да философиялық тұрғыдан тұжырымдап береді.

Шәкәрім философиясының негізгі өзегі адам болып табылады. Адамның мәні оның дүниені танып білуінде, ол тек адамға ғана оның табиғатына тән нәрсе дейді.

Ол “Үш анықта” дүниенің жаратылуы барлықтың бәрі өздігінен жаратылып жатыр оны былай қылайын жаратқан ие жоқ деген жол бұрыннан айтылып келе жатса да бұл идея XVII-XIX ғасырларға дейін Еуропада кең таралып келді.

Осыған орай Шәкәрім өз трактатында айтылып жүрген осы бес нақты дәлелдерді келтіреді. Олар мына төмендегідей:

1 - дәлел: қайта айналыс жолы. Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене (сила вещества) атом. Әр нәрсені өсіп-өндіретін сол дүниеде еш нәрсе жоғалмайды, бірақ өзгереді.

2 - дәлел: жаратылыс жолы. Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған жаратылыс жолы. Сондықтан біліп жаратушы ие деген бекер сөз. Бұл дәлел Дарвиннің табиғи эволюциялық сұрыпталу теориясымен тікелей сәйкес келген тұрса да бірақ оны Шәкәрім Литерие деген философтың атымен байланыстырды.

3 - дәлел: тұқымдастықтың жолы. Жоғарыда айтылғандай, бар нәрсе өздігінен жаралып жатқан соң, жаратушы деген жоқ. Құрғақтағы хайуандар, адамдар өсімдіктер, құстар-бәрі теңізден туған;

4 - дәлел: дене сезімі. Біз әр нәрсені денедегі сенімімізбен білеміз. Мұқым барлықтың бәрі жаралыс жолымен еріксіз болып жатқанын көріп біліп тұрмыз.

Егер біліп жаратушы ие бар болса, бұл жаратылыс себептерінің түк керегі жоқ болар еді. Неге десең, бір жаратушы білімді құдірет бар болғаннан соң бұл себептердің керегі не ? Сондықтан біліп жаратушы жоқ дейді. Бұл-Бюнхер сөзі;

5 - дәлел: әр түрлілік. Барлық дүниеге қарасаң тасы, ағашы басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от сияқты, тіпті , біріне-бірі ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл нәрсе қалай болса солай кезі келгендіктен себебіне қарай жаралып жатыр. Оны былай болсын деп жаратушы жоқ екені осыдан мәлім дейді. Бұл Ғайсадан үш жүз жыл бұрынғы Демокрит сөзі”.

Бұл дәлелдердің нақты дәлдігіне қарамай Шәкәрім оны қабылдап, философиялық материализм жағына шығаруға асықпайды. Оған қашанда жаратылыстану ғылымдары адам жанына табиғатына аз мән беретін сияқты болып көрінеді.

Оның пайымдауынша, дене әрқашан өзгеріп тұратын болғандықтан, жылдар уақыттар өту себепті, бір жола өзге дене болып ауысады. Адамның әр түрлі сезімі, әр істі істеуі сол мидың өзіне ғана біткен сезу ескерулер. Ол денеше әрқашан өзгеріп тұрмайды. Адам өлген соң, дененің құралдары шашылып-бытырап басқа бір өсімдік, хайуандарға кіріп араласады. Сөйтіп әркім өзіне арнаулы жаны болмай, біреуден біреуге көшіп жүретін болған соң, не дене, не жан қайта тірілу жоқ”. Онда неге жан біржола жоғалуға тиіс? Міне бұл сұрақтарға Шәкәрім өмір бойы жауап іздеумен болды.

Шәкәрім өмір бойы өзін-өзі жетілдірумен өткен адам. Ол әдебиет, тарих, философия, жаратылыстану ғылымдарымен де өте көп қызыға шұғылданды. Оккультизм, спиртуализм, магия мәселелерімен де қызықты. Ал, оның философиялық дүниетанымында ежелгі антикалық классиктер - Пифагор, Демокрит, Эмпикур, Платон және Аристотель негізгі орын алды. Ол, сондай-ақ, XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы француз философы Огюст Конт, ағылшынның позитивист философы Герберт Спенсер, Нелийдің идеалист пессимист философы А.Шопенгауэрдің т.б. философиялық еңбектерін өте жақсы білді.

Бұдан біздің нақтылы айтарымыз Шәкәрім өзіне дейінгі болған, өзінің рухани ұстаздары Шоқан, Ыбырай, Абайға қарағанда, грек, Еуропа кәсіпқой философиясының тарихымен тікелей шұғылданып, оларды тек танып біліп қана қоймай өз пікірлерін, ойларын ортаға салып, айта отырып, өмірге қазақ кәсіби философиясынын ірге тасын қалап, өзі де нағыз қазақтың алғаш кәсіби философы атанды. Сөйтіп қазақ философиясының деңгейін әлемдік философияның қатарына қосуға жакындата түсті. Біздіңше, ұлттық философиялық тұғырнамамыздың бастауы, қалыптасуы осы кемеңгер ойшыл, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлынан басталады деп батыл айта аламыз.

Егерде біздер Шәкәрімнің “Үш анық” атты философиялық трактатына тереңірек үңіліп, байыптап қарасақ мұнда спиритуализмнің, магнетизмнің, телепатияның кейде тікелей, кейде жанамалай, Шәкәрімнің ұждан туралы ай толғауына игі кызмет етіп отырғанын көруге болады. Дегенмен оның діни мистикалық ағымдарға да аракідік көңіл бөліп, шылышырай танытқанын да байқап қаламыз.

Бұл жөнінде философия ғылымының докторы, профессор О.А. Сегизбаевтың өзінің “Казахская философия XV начала XX века” атты ғылыми монографиясында айтылған пікірлерінде Шәкәрімнің философиялық дүниетанымына, көзқарасына ешқандай да күмән келтіруге болмайтындығын баса айтып көрсетіп өтеді. Сондай-ақ, философия ғылымының докторы Қ.Бейсеновтың “Ол үшін әрине Шәкәрімді айыптаудың еш жөні жоқ өйткені, өз көзқарасында үндес келетін ағымдарға бейтарап қалған ойшыл философия тарихында кездескен емес, мүмкін енді кездеспейтін де шығар. Оны философтың саналы түрде мойындауы шарт емес. Ал, Шәкәрімнің материалистік сарынға істеген сараңдығының көрінісі - оның жаратылыстану ғылымдарының қол жеткен табыстарымен етене таныс бола тұра, олардың диалектикалық материализмді жақтайтыны туралы мүлдем ләм-мим демеуі” - деп жазған пайымдаулары да көңілге қонарлық.

Шәкәрімнің асқан жоғары білімдарлығына, Батыс пен Шығыстың мәдениетін жетік білетіндігіне оның өзінен кейін қалдырған рухани мұралары тікелей соған куә. Шәкәрім тұңғыш қазақтың кәсіби философы ретінде қазақ философиясының да деңгейін өз еңбектері арқылы кәсіби философия деңгейіне көтере білді.

Айталық Шәкәрімнің өлеңдерінде, поэмаларында, тарихи философиялық трактаттарында Шығыс пен Батыс елдерінің талай ойшылдарының, ғалымдарының, ақын-жазушыларының еңбектері мен шығармаларының аты ғана аталып қоймай, сонымен бірге мазмұн-мәні ашылып, кейде бірсыпыра пікір-ой жарыстырылып отырады. Бұл да Шәкәрім мұрасының айтарлықтай мәнді өзгешеліктерінің бір кыры .

Бұған дәлел “Үш анықта” кездесетін XIX ғасырдың екінші жартысындағы көптеген Еуропа және Шығыс спиритуалистерінің есімдерінің аталуы, аталып қана коймай олардың шығармаларынан да үзінділер келтіріп өз пікірлерін де үнемі жалғастырып отырған. Олар: Жанне д Арк, Колен Штобе Аланкар, Море Лошпатый Өзен Носи, Хасан Марзух, американдық спиритуалистер Однос Морфе, Руберт Kсep, Лондондық профессор Корке және т.б.

Шәкәрімнің көп шығармалары терең философиялық тарихи сипатта жазылған. Сол философиялық ғылыми мұраларын зерттеу ісі соңғы жылдары ғана қолға алынып, біраз ғылыми зерттеулер жүргізіліп, зерттеу нысанасына айналып отыр.

Шәкәрім мұрасы ұлан-ғайыр. Оның толғамаған тақырыбы, қалам тартпаған жанры жоқ деуге болады: поэзия, философия, проза, эссе, дастан, аударма, хроникалық шығармалар т.б. Сондай-ақ, Шәкәрім мұрасында эпостық жанрдың бір түрі, белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндайтын, сюжетке құрылатын шығармалар, поэмалар елеулі орын алған.

Шәкәрімнің көзі тірісінде жарияланған шығармалары 1912 жылы Семейде “Ярдам” баспасында жарық көрген “Қазақ айнасы” кітабы, “Қалқаман - Мамыр”, “Еңлік - Кебек” поэмалары. 1911 жылы Орынборда басылып шыққан “Түрік, кырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”.

Шәкәрімнің барлық жазғандарын бұл арада атап айтып жеткізу мүмкін емес. Сөйтсе де негіздерін атап өтелік. Ұсақ өлеңдерінен басқа: “Еңлік - Кебек”, “Қалқаман - Мамыр”, “Қодардың өлімі”, “Нартайлақ - Айсұлу”, “Мұтылғанның өмірі” поэмалары, “қазақтардың кітабы” (этнофилософиялық), “ Мұсылмандық шарты”, “Үш анық”, философиялық трактаттары, “Әділ-Мария” көлемді романы, “Түрік, қырғыз, қазақ ьәм хандар шежіресі” - тарихи шығармасы. Бұдан басқа ақын Пушкиннің, Толстойдың, Шығыс жүлдыздары Физули, Хафиз және Навоидің өзінің сүйікті акындары Лермонтов, Некрасов, Байронның шығармаларын көптеп аударған.

Шәкәрім мұрасының осы күнгі көлемі қандай? Түгел толық деп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда баспасөз бетінде жарық көрген шығармаларынан басқа 1988 жылы екі баспадан “Жалын” және “Жазушы” баспасынан Шәкәрімнің екі кітабын атауға болады. Қазіргі ауыз толтырып айтарымыз осы дүниелер. Қол жазбаларына келетін болсақ, Алматыдағы Ұлттық республикалық кітапхананың арнаулы бөлімінде Шәкәрімұлы Ахаттың жинаған өлеңдер көшірмесі сақтаулы. Ұлттық Ғылым Академиясы кітапханасында Шәкәрімнің біршама еңбектерінің қолжазбалары бар.

“Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірі мен мұрасын ғылыми негізде зерттеуге классик жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың жазғандары бағыт берері хақ”. Соңғы жылдары 1988 жылдан Шәкәрім туралы М.Мағауин, Қ.Мұқамметханов, С.Дәуітов т.б. авторлар көбірек жазып жүр. Бірақ бұл зерттеушілер түгел дерлік әдебиет тіл мамандары болғандықтан, олардың ізденістері де біржақты сипатта болып келеді. Атап өтетін бір еңбек 1961 жылдары Алматыда жарық көрген Қ. Бейсембиевтің екі кітабы “Идейнополитические течения в Казахстане конца XIX начало XX века” (1961ж), “Прогрессивно-демократическая мысль в Казахстане начала XX века“ (1965ж).

Қ.Бейсембиев өз жұмысында XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы прогрессивті демократиялық, саяси идеялық бағыттарды анықтауға олардың даму барысына баға беруге тырысқан. Бірақ Шәкәрім Құдайбердиевтің, Міржақып Дулатовтың т.б. қазақтың алдыңғы қатарлы прогрессшіл ұлдарының ұстаған бағыты, діні туралы ойларын былай қойғанда тарихи көлемде үшқары үстірт айтылған тұжырымдары бар. Шәкәрімнің философиялық ілімі жөнінде профессор О.А. Сегизбаевтың “Казахская философия XV-начала XX века” атты монографиясында (1996ж) өте құнды пікірлер айтылып Шәкәрім философиясы туралы соны ойлар, пайымдаулары ақынның дүниетанымын одан әрі аша түсуге мүмкіндіктер береді. Шәкәрімнің дүниетанымы туралы философиялық тұрғыда жазылған басқа еңбектер жоқтың қасы.

Шәкәрім мұрасын зерттеп, халыққа барлық қырынан ашып беру дегеніміз оған өзінің кемеңгер дарынды ақын ұлын ғана емес, сонымен бірге сәулелі жарқын болашақты армандаған, оған жетуге ұмтылып өткен ұлы ойшыл демократ философ, гуманист, әрі ағартушыны қайтару, яғни халқымыздың тарихындағы тағы бір ақтаңдақты жою деп түсінем.

Шәкәрімнің философиялық көзқарасының қалыптасуы туралы сөз болғанда оның өміріндегі Абай рөлі, Абай ықпалы жайлы арнайы айтпай болмайды.

Шәкәрім әкеден жетім қалды деген аты болмаса, жетімдік көрмеген, Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. Туысының талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі зерек, қабілетті, талапты жанға тән ерекше мінезін Абай Шәкәрімнің бойынан бала көзінде байқаған. Жас шағынан бастап, құштар болған жан-жақты өнерін Шәкәрім өмір бойы тыңдап, өркендетіп, өсіріп отырған. Балалық шағында туған ауылында түрікше сауат ашып, Абай жасаған ортаға таралған шығыс қисса дастандармен көптеген ел аузындағы аңыз-әңгімелермен де хабардар болып өсті.

Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шәкәрім ғылым жолына ойысып, акындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Жиырмадан өткенде,

Аз ғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттен де,

Көңілге біраз тоқыдым

Білмегенді сұрадым.-

деп, Ұлы ұстаз Абай ағасының: “Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта ерінбей оқып көруге”- деген ақылын саналы інісі - Шәкәрім ғылым-білім іздеуге білек сыбанып, құлшына кірісіп, тіпті “шеттен де кітап алғызып”, құныға оқуға салынды. “Білмегенді сұрап” білетін ақылшысы қасында болды.

“Өлеңмен сөзді шеберлеп” айтқанын мақұл болар деп, анық ақындық жолына түскенде, он тоғыз жасында жазған өлеңін, өзі құрбылас талапты жастарға арнап, оларды Абайдан үлгі-өнеге үйреніп, тағлым алуға шақырады.

Шәкәрім ақын ағасы Абаймен туысқандық немесе ұстаздық шәкірттік байланыста ғана емес, бертін келе теңдес-тізелес ақындық дәрежеде сыйлас, мәжілістес болып Абай маңында өтіп жатқан әңгіме дүкеніне қатысып (араласып) оның мәнін, түп төркінін терең түсініп, санаға сіңірген Шәкәрім өз танымын Абай өлеңдерін жаттаумен ашудан бастауы кездейсоқ нәрсе емес.

Мұхтар Әуезов “Абай ақындығының айналасы” атты мақаласында “Абайдың өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен" ақындар туралы айта келіп: “Мұндай ақын - төртеу, - дейді, - оның екеуі Ақылбай, Мағауи - Абайдың өз балалары. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалык, ұстаздық тәрбие алудан басқа оның өлең мен қара сөздерін оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырларда жазған. Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады”.

Ақынның баласы Ахаттың айтуынша Шәкәрімнің өзі “мені Абай тәрбиеледі, ол болмағанда менен кім шығатын неғайбыл еді, барыммен Абайға қарыздармын”- дейді екен. “Абай үлгісі” деп аталатын өлеңінде Шәкәрім ұстазы туралы былай дейді:

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық.

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық

Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,

Жалынамыз Абайға, жүр, баралық.

Рас, Шәкәрім көптеген өлеңдерінде Абайды ұстаз тұтады, бірақ бұған қарап оны Абайды жай қайталаушы ғана десек, мүлде қателескен болар едік. Басында еліктегенімен кейін оны қайталамай, өзіндік дербес ой танымын көрсете білді. Өйткені Шәкәрім шығармаларының ерекшелігі оның көзқарасындағы айырмашылықтар ақынның дүние танымының өзін қоршаған өмірді суреттеуінің өзгеше екенін өзіне тән өрнектері мен бояуларының бар екенін дәлелдейді.

Шәкәрім Құдайбердұлы ұлы Абайдың рухани дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан ірі ақын және ойшыл болды. Ақын есімі халық арасына кеңінен мәлім, оның шығармалары ауыздан-ауызға ауысып, біреуден біреу көшіріп алу арқылы жұрт арасында кеңінен таралып кеткен. Ол өзінің ұстазы Абай секілді ұлы философ ақын. Ол өзінің шығармаларында өмір шындығын, қоғамның әлеуметтік қарама-қайшылығын, халықтың ауыр тірлігін көрсетіп оған жауап беруге тырысты. “Өмір бойы бір рет жалған сөйлей білмеген ақын “не істеуіміз керек?“ - дегенді түсіндіру үшін көбінесе “не істеуім керек?” - деген сұраққа жауап береді.

Әкесінен жастай жетім қалған Шәкәрімнің өзінің ағасы ақын Абай Құнанбаевтың отбасында тәрбиеленуі, оның ұдайы ұстаздық өсиеттері дүниеге көзқарасының қалыптасуына, поэтикалық шеберлігінің шындалуына үлкен әсер етті, жан-жүрегіне білімге деген құштарлық сезімін құйды. Ол орыс, араб, парсы және түрік тілдерін жетік меңгеріп, тақырыбы мен проблемасы жөнінен өз ұстазының ағартушылық идеясына жалғастырған өлеңдер жазды. Философия, дін және мәдениет тарихы жөнінде өзінің үлкен білімдарлығын көрсетті.

XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз - Шәкәрім. Ұлы ақынымыз Абай өмірден қайтқан соң, халық Шәкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген. “Бір ғасырды Абаймен бірге аяқтап, екінші ғасырды Совет ақындарымен бірге бастаған Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі халқымыздың тарихымен біте қайнасып жатыр”.

Шәкәрім ақын өзінің өмірдегі мұрат-мақсатын йқындап ашып айтып, халқының алдында серт беріп былай дейді:

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін

Серт қылған еңбек етем деп,

Алмағы атар таң үшін.

Ақын осы айтқан сертінен өле-өлгенше танған емес. Шәкәрімнің Абайға еліктеп жазғандары шығармашылық өмірінің ақырына дейін созылады. Сонымен бірге ол өз ұстазымен тұстас та ақын. Абайдан он үш жас кіші болғанымен өлең дүниесіне келуі онымен бір мерзім дерлік. Ол Абайдан соң ширек ғасырдан аса жасаған ақын. Шәкәрім жастайынан өз шығармашылығының негізгі арнасын анықтайды, ағартушылық адамгершілік тақырыбын бір өріске өріп, жырлауға ден кояды. Оған дәлел “Жастарға” (1880) атты үндеу-өлеңі. Автор публистикалық шешендік стилін колданып, ойын ұғынықты, қарапайым түрде жеткізем деп кейде жадағайлыққа ұрынса да, шын көңілден үгітшілік сарында азаматтық ой оятатын ұран тастайды, адамгершілік ақ жолға, өнер білімге шақырады, оның өзінше кодекс тұжырымдайды, ендігі жақсылық сөзін ұстайтын Абайдан үлгі алуға үндейді.

1911 жылы шыққан “Қазақ айнасы” жинағында Шәкәрім адамгершілік хақындағы ойларын тиянақтай түседі. Мұнда да Абай мектебінің бұл салада өрбіткен пікірі айқын бейнеленген. Біріншіден, адам жолы дегеніміз адам баласына пайдасын тигізу, жақсылық ету. Екіншіден, тіршілік қамы, өз басына, туысқан аталасына қамқорлық еткенде де адамшылық борышыңды ұмытпау. Адам өмірі оны қалай бағалауына байланысты. Көп нәрсе адамның өзіне қатысты. Не көрсең құдайдың жазуынан деу қате. Дүние ойсыздарға, жетесіздерге сыртын береді. Кейде жақсылықты жаманшылық жаншып кетеді. Бірақ одан шындық табиғаты еш өзгермек емес дейді.

Шәкәрім қазақ поэзиясына оның философиялық саласын дамытқан ақын. Оның қайбір поэзиялық шығармаларын алып қарасаңыз терең философиялық сырға толы болып келеді.

Шәкәрім өзінің өлеңдер топтамасының алғашқы басылымына “Қазақ айнасы” деген образдық бейне қолданғаны тегін емес. Бұл сөз өнері - өмір сәулесі, өмір суреттемесі деген ақынның биікте терең философиялық әрі

эстетикалық түсінік ұғымының көрінісі еді”.

Шәкәрім орыс тілі арқылы сол тілге аударылған Шығыс, Батыс әлеміндегі рухани қазыналар көзін меңгеріп биіктей берді. Ол онымен шектелмей, философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді де қадағалап отырған. Жалпы Шәкәрім Абай ағасы секілді Орта Азия мен Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, екі ағым, екі бұлақ - Шығыс пен Европа мәдениеттерін біріктіру, төл ему, қатар сусындауға ықылас білдіру ғана емес, батыл қадам жасаған ұрпақтың алғашқы өкілдерінің бірі. Шәкәрім орыс және дүниежүзілік классикасымен Абай арқылы танысқаны анық. Ол құрметпен, мақтанышпен көбірек айтатын есімдер ішінде Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой, Некрасов, Салтыков аттарын кездестіреміз.

Шәкәрім осы аталған орыс ақын жазушыларының шығармаларынан жақсы аудармалар жасайды. Ал меңгеріп алғаннан кейін орыс мәдениетін батыстың асыл қазынасына жетер баспалдақ ретінде жоғары өрлейді. Батыс философтары Шопэнгауер, Канттың философиялық ілімдері жайлы толғаулары соған куә.

Шәкәрімнің дүниетанымдық ой жүйесінде философиялық терең бағыт, бағдар байқалады. Оған “Тіршілік, жан туралы” деген философиялық өлеңіндегі жаратылыс тарихи тіршіліктің шығуы туралы өз түсінігін баяндайтын мынадай жолдары куә.

Өсімдік күннен алады ас,

Күн суық болса түпке қаш

Дым тиіп, нұр кеп жылытса,

Өс тағы жайнап көңіл аш,

Дейтұғын жанда мән болар.

Жұмыртқада ұрық жатпай ма ?

Олар да тамақ татпай ма ?

Жылынса, яки егілсе

Оның да тағы таңы атпай ма?

немесе


Жанына қарай тән өскен

Өсімдік жаны нашар боп

Олардан жәндік және өскен

Жәндіктен адам жаралған.

Жадында қанды емізген

Ауызсыз қорек жегізген

Туғызып, түзеп, өсіріп

Өзіңді өзім дегізген

Тіршілік сөйтіп таралған.

Яғни, Шәкәрім органикалық тіршіліктің біртіндеп себеп- салдар принципі бойынша дамитындығын жәндіктің өсімдіктен, адамның жәндіктен таралу идеясын құптап отыр.

Жан беріп жарық жылы нұрдан

Күн атам жерді буаз қылған

Өсімдік туған осыдан

Жетіліп өсіп толғанда дән

Құт болған дәнде неше мың сан

Жарылып шықтық біз сонан

Ұсақ құрт дәннен жарып шыққан

Жасаған құрттар әр түрлі тән

Құс, балық, шаян көп айуан

Айуаннан өсіп болдық адам

Кейіміз өсті, кейіміз надан

Жанымыз күшпен келген нұрдан

Тәніміз топырақ пен судан

Күн атам, анық жер - анам - деп, ғалам болмысын адамзат табиғатын әдеттегі “құдай жараттымен” емес, жаратылыс тұрғысынан түсіндірілуі Шәкәрімнің материалистік бағыттағы алғашқы қадамы еді. Замана тұрпаты туралы көп толғанған Шәкәрім өмірдің мәні дүниенің баянсыздығы жайында да көп жазған:

Қайғы емес, қаза

Болмайды наза

Ноқталы басқа бір өлім. - деп жас кезінде-ақ өмірдің өтпелі кебін мойындаған ақын келесі ой толғауында әлем құбылыстарының таусылмай, тоқтамай, жаңарып отыратынын сөз етеді.

Өмір дүние жер мен көк, еткен заман

Ажал алмай қоймайды, ешкім аман.

Өлмей-өшпей, қартаймай жүргің келсе

Ол болмай ма тағдырды жамандаған ?

Тумақ, өлмек, қартаймақ, болмай қоймас

Қанша қызық көрсе де пенде тоймас.

Дүние қу –

бір ағын су

Түстік онда шөп болып

Күнде ағамыз, сандаламыз

Бейнетіміз көп болып.

Дүние ағып,

Сусыл қағып,

Фәни көлге құйылар

Бірі ерте, бірі кешке

Шөпте келіп жиылар

Бұл жолдардың бәрі –

Дүние үлкен көлі,

Замана соққан – жел

Алдында толқын ағалар

Артқы толқын інілер

Кезекпенен елінер –

Баяғыдай көрінер - деген Абай ойларымен үндесіп жатқандай.

Кетті, келді,

Толды, семді

Өзгеленді бұл ғалам

Туды, өлді

Жанды, сөнді

Өршіп енді қайтадан

деп айнала өмірге, табиғат құбылыстарына қарап, ненің болса да бас-аяғы жалғас жататынын сонымен бірге өзгеріп сонымен бірге жаңарып отыратынын өзінше қорытады.

Осы ойдың өзі тіршілік кездейсоқ жолдан қосылатын, сыртқы күштің әмірімен пайда болатын нәрсе деген діни догмаға берілген үлкен соққы еді.

Шәкәрім дүниетанымындағы алға басылған маңызды да мәнді келесі қадам оның козғалыс туралы түсінігінде еді:

Жаралыс басы – қозғалыс

Қозғауға керек қолғабыс

Жан де мейлің бір мәнде

Сол қуатпен бол таныс

Қозғалмаса көшпейді,

Көшпеген нәрсе өспейді,

Өспеген нәрсе өзгермес

Түрден ол түрге түспейді

Қозғалыс түрлеп таратқан “ -дейді.

Қозғалыс - материяның өмір сүру тәсілі. Осындай құнды жаңалыққа Шәкәрім ғылыми жолмен емес, стихиялы түрде келеді.

“Ойлы адамсың ғой сен де.

Бар ма мақсатсыз тәртібі жоқ нәрсе әлемде?

деп сұрап алып:

Ақылды жанның мүлкі әлем

Тәртіппен өсіп таралды

Осыны неге білмеген!” -деп,

Өзі жауап беруі материалистік бағытқа жасаған үшінші басты да, батыл қозғалысты көрсетеді. Құран сөзі бойынша әлемнің пайда болуы - құдайдың ықылас, еркіне байланысты кенеттен жасалына салған, сондықтан кез келген уақытта өзгеруі немесе жойылуы мүмкін. Ал Шәкәрім ше? Біртіндеп туатын қажеттілігіне қарай белгілі тәртіппен себеп-салдар қатынасы бойынша дамып отыратын мақсатты процесс.

Табиғат неше түрлі жан жаратты.

Не үлкен, не кішкентай тән жаратты

Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ

Есепсіз канша мыңмен сан жаратты.

Осыдан келіп Шәкәрім әлемді хаос, кездейсоқтықтар патшалығы деп түсініп, ақыр заманды күтушілерді батыл санайды. Бұл мақсатта Шәкәрім өзінің жаратылыстану саласындағы терең білім танымына сүйенеді:

Шәкәрімше жер мен аспан, табиғат құбылыстарын бәрін бірдей көзбен өріп, қолмен ұстау мүмкін емес:

Радийді бұрын біліп пе ең?

Электр ұстап көріп пе ең?

Бәрін де тапқан таза ақыл

Аспанда ұшып жүріп пе ең ?

Көрінбес зат бар бірталай.

Оларды танып білетін бір-ақ нәрсе - таза ақыл. Таза ақылдың арқасында адам абстрактылықты меңгереді, жақсыны жаманнан, сұлулықты ұсқынсыздықтан, пайдалыны зияндыдан ажыратады. Өйткені Шәкәрім түсінігінде адамның жануардан айырмашылығы таза ақылы мен жанында. Адамның жаны ол туылғанда егілген дән түрінде болады да қолайлы жағдай жасалынғанда ғана шайқалып өсіп, көркейе түседі.

Ақыл деген - денеге егулі дән

Суарса кіреді оған да жан.

Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі айуанменен анық теңдес.

Бөлектігі - жалғыз-ақ таза ақылда

Әлің келсе, жол тап та осыны емдес.

Акынның айтпағы не ?

Біздіңше, Шәкәрім ұғымында адамның барлық танымдық, психологиялық қабілеті оның жан шарапаты арқасында қалыптасады.

Барлық жан-жануарлардан адам айрықша қасиеттерімен ерекшеленеді, өйткені адамда күш беретін дене мүшелерінің арқасында өмір сүретін жан бар.

Сондай-ақ, Шәкәрім дүниетанымының анықтаушы бағыты оның адамзат қоғамының дамуын жеке адам және қоғам арасындағы қатынас пен байланыстардың қалыптасуын жаратылыстық, табиғи тұрғыдан түсінуге тырысуында деп пайымдаймыз.

Шәкәрім - этик ақын. Бұл саладағы Шәкәрім көзқарастары ұлы ағартушы Абай идеалымен үндес, өзектес, олай болса орыстың ұлы жазушы демократтары Белинский мен Чернышевскийдің пікірлеріне сәйкес. Шәкәрімнің көптеген шығармалары әдептілік, мораль мәселесін сөз етіп, жастарға ақыл-кеңес, өсиет түрінде айтылады да, патриалхалдық, рушылдық салтпен нанымдар сыналады.

Ақын өзінің “Шын бақ қайсы?”, “Күншіл кім? ” деген өлеңінде:

“Бай ұлык, жуандарды бақты көрмек,

Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.

Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:

Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.

Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ

Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ.

Бір адамға мұндай бақ біте қалса,

Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ.

Жарқанат жек көреді күннің нұрын,

Күншілдің ұқсатамын соған түрін.

Өзге жанға біткенін ұнатпайды,

Әлгі айтылған бақтардың бірде-бірін”

деп адам баласының этикалық және эстетикалық қазынасы - кірсіз ақыл, мінсіз сөз, өмірде адал еңбекпен бірлікке, бақытқа жеткізетінін айта келе сол бақытты күндейтін күншілдіктің бар екені өзімшіл, күншілдер өзге адамдардың бақытқа жетуіне күн нұрынан қашып, қуысқа тығылған жарқанатша қызғаныш білдіретініне ашынады.

Оқу, ағарту, білімділік, мәдениеттілік ақыл кабілеттің жетілуі - адамзат тәртібінің тәрбиесінің сипаты мен қимыл әрекеттерінің өлшемі ретінде ұсынылады. Халық ағарту, оқу экономикалық және рухани дамуға қарсы ескілікті салт-дәстүр мен наным-сенімдерді сақтап қалуға тырысқан барлық әрекеттерге ақын аяусыз соққы беріп, халықтың мәдени прогреске, ғылым мен өнердің дамуына сәйкес әрекеттерді үлгі тұтарлық ең асыл моральдық қазына деп қарастырады.

Шәкәрім өлеңдерінің басым көпшілігі қоғамның әдет- ғұрып сипатын сынаудан басталып, сол заман адамдарының бойындағы мінез-құлықтарды талдайды.

Шәкәрім жалқаулық, енжарлық өте зиянды әдет, сипат деп әшкерелеп, жастар бойында ғылымды меңгеру, халык ағарту ісімен туған елдің прогрестік дамуы жолындағы барлық қиындықтарды жеңу үшін күш-жігер, ерік, еңбек сүйгіштік касиеттердің мол болуын уағыздайды. Қай өлеңін алып қарастырмайық, көбінде ақын адам мұраты адамның жақсы қасиетері адал еңбек нәтижесінде қалыптасатынын тұжырымдайды.

Мысалы :

Мейірім, нысап, ақ пейіл, адал еңбек –

Бұл төртеуін кім қылса шын адам сол.

Шәкәрім бір алуан шығармаларын қара сөзбен жазған. Жазушының сөздері - көркем әңгімесі және даналық сөздер, мақала, ғылымдық, философиялық шолулар, афоризм болып келеді. Мұнда Абай үлгісі, Абай өрнегі сайрап түр. Шәкәрім дүииетанымы Абайдың өмір туралы көзқарастарының заңды жалғасы іспетті. Мәселен, Есті адам тілін тия алады. Бірақ ешкім ойын тия алмайды”, немесе “Мені сен, сені мен жаратқам жоқ кой”, болмаса, “Осы өмірден басқа өмір жоқ болатыны болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен араласып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?” деген даналық сөздеріне философиялық ой-толғамдар тұнып тұр.

Шәкәрімнің арнайы саяси мемлекет құрылысы такырыптарына жазған шығармалары жоқ. Әйтсе де, “Бәйшешек бақшасы” деген қара сөзбен жазылған әңгімелерінен саяси ойларының біразын аңғаруға болады. Тамам адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам - сол дененің бір мүшесі. Қоғам мүшесі оған зиян келтіретін болса, не істемек керек? Бір мүше аурулы, зиянды болса тамам денені тынышсыздандырады, сондықтан ол не бұл адамдардың ортасынан кетуі керек, не болмаса барша жанға тынышсыз болатын залымдықты жою керек. Әйтпесе ол мүшені денеден алып тастауға тура келеді.

Бұл күнде дұрыс иман жоқ

Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ

Ақылы саудың ойына

Алдамшы діндер сыйған жоқ.

Сонда қандай жолды таңдауымыз керек? Ақиқат жолын дейді ақын. Бұл бәріміз құнарланып, бәріміз мұрат тұтатын шын асыл жар, айнымас серік, адастырмас жол басшы. Ал ақиқатқа жетудің амалы осы заманғы оқу-өнерді игеру. Жоқтың орнын толтыратын жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды бақытқа бөлейтін ғылым, білім ғана.

Жалпы, Шәкәрім қай салада жазылған кітаптарды оқымасын, ол адам және әлем сырын білмекке ұмтылған. Жан не? Дін не? Барша ғалам қалай жаралған? Міне осы сұрақтарға жауап іздеген. Және соның бәрін ол “ноқтасыз оймен тексердім” дейді. Осы оймен Меккеге барғанын да айтады. Шәкәрімнің дінмен жұлдызы жараса бермегенін дәл осы арада айта кетуіміз керек. Рас, құдайға сенген. Бірақ “талай дінді тексердім, ешбір миға сиған жоқ” дейтін де Шәкәрім. Тегінде тереңірек ой жіберіп қарайтын болсақ, ақынның дүниеге көзқарасы жағынан деизмге ойысатындай. Өйткені, “әлемде жоғалған ешбір зат жоқ, өзгеріп түрленеді ойла, шырақ”, - деп ешбір қосу-алусыз ой қозғайтын да Шәкәрім ғой.

“Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз”- деген Абай қағидасын берік ұстаған Шәкәрім, діннің соқыр сенімін мансұқ етіп, дін иелерінің азғындығын әшкерелейді. Ғалым, ойшылдардың жазғандарына да толғаусыз табына бермейді, өз ақылына жүгініп, сыншыл ой көзімен қарап оқиды.

Философ сөзін оқыдым,

Талайын ойға тоқыдым.

Кітабын да көргемін

Әулие мен сопының,

Бәрінде сынға салғанмын.

Керектісін алғанмын .... - дейді.

Шәкәрім Меккеге барғанда, Шариғаттың мұсылмандарға міндет еткен бес парызының бір - қажылык борышын өтеп және “қажы” деген атақ-дәреже алайын деген оймен бармаған.

Анығы “Шәкәрім тіршілік, тағдыр туралы сауалдарына жауап іздейді. Оқу іздену аймағын кеңейте түседі. Дін тану емес, ел тану, жер көру мақсатында қажыға барып қайтады.

Бұл сапар оның ой өрісін кеңейтеді, ақын қазақ халқы дін қуған мұсылманшылық жолы емес, ғылым-білім куған Еуропа халықтарының жолын таңдауы керек деген ойға беки түседі.

Негізгі көздеп барған жері, үлкен мәдениет орталығы, бай кітапханалары бар - Париж, Стамбул қалалары болған. Әдейілеп іздеп барғанда, ақын өзіне керегін сол қалалардан тапқан.

Шәкәрім дін мәселесіне айтылған, фанатик емес, ол схоластик, дінді тіпті мойындамаған, діни соқыр сезімнен мүлдем аулақ, сыншыл еркін ойдың, өз сөзімен айтқанда “ноқтасыз ойдың”, “сау ақылдың” адамы.

Ақылмен таппай иман жоқ,

Ойлаудан ақыл тиған доқ.

Талайдан дінді тексердім,

Ешбірі ойға сиған жоқ, - дейді ақын.

Шәкәрім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте орыс мәдениетінен шабыт пен күш-қуат алды, өзге халықтардың мәдениеті мен тарихына аса зор құрметпен қараған. Бұл оның өміртанымындығы өзгеше бір сипат еді.

Мен ұлтшыл емеспін,

Жақыным мынау демеспін,-

деп тұжырымдайды ол бұл жөніндегі өз ұғымын. Ол бұл арада адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастан бастау алатын халықтар достығы мен туыстығы идеясы тұрғысынан әбден нақты ой-толғам жасаған. Сондықтан да оның жан-жүрегімен айтқан сөздері біздің бүгінгі күнімізбен толық үндесіп жатқандай.

Ақынның осы ғасырдың басында-ақ бүкіл адамзат қамын ойлап, жер бетінде бейбітшілік сақтау керектігі туралы жыр толғағанын тиісінше бағалаған жөн. Ол өзінің “Адам туралы” деген философиялық өлеңінде адамдар бойында ар-ұят сезімін шақырады.

“Қару-әскер тастаудың жөні келмес,

Неге десең біріне-бірі сенбес,

Тәмәм адам періште болмай тұрып,

“Ал түзелші” дегенге ешкім көнбес”.

Шәкәрімнің “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” поэмалары идеялық-көркемдік мазмұны жағынан XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің үздік шығармалары қатарына жатады. Бұларда ақынның демократиялық, халықтық және гуманистік, философиялық көзқарастары бейнеленген. Ақын жас жүректердің жарқын да қайғылы махаббаты туралы жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартады, оның мұраты үшін күреске шақырады.

Шәкәрімнің өлеңінде кездесетін “Көп білімім жоқ” деген өлең жолдарын, акынның білген білім көлеміне көңілі толмай, қанағаттанбай, місе тұтпаудан барып айтқаны болар деп ойлаймыз. Керісінше өте жоғары білімдар өз бетімен ізденіп, қолы жеткен білімі аз болмағаны біздерге тарихтан белгілі емес пе. Әдебиет, өнер жағын былай қойғанда, дүние жүзіне аты әйгілі философтардың біразын оқып, білгені анық байқалады. Мысалы XIX ғасырдың екінші жартысында пессимистік философиясы бүкіл Европаға кең тарап, етек алған неміс философы Шопенгауэрді Шәкәрімнің оқығанын көреміз. Оқып қана қоймаған, оның пессимистік философиясын сынап, өзінің батыл ой-пікірлерін айтқан. Шопенгауэр: “Дүние тозақ, Дүниеде еш рахат жоқ” - дейді, “Новая философия” деген шығармасында. Оны бүкіл Европа төбесіне көтерген. Оның жаңа философиясына біз таңданбаймыз. Неге десеңіз, дүние тозақ емес, бейіс. Табиғаттың байлығы барша жанға жеткілікті. Бірақ сол есіл бейісті тозақ қылып отырған адам. Оны Шопенгауэр білмей жаратылысқа жала жапқан.

Егер адамдар түгелімен біріне бірі қианатсыз туысқан болып, осы ақылын жұмсап, еңбек қылып, табиғаттың қасиетінен пайдаланып отырса, дүние бейіс болатынына ешкім дау айта алмас еді - дейді. Және мен пәлен пайғамбар, төлен философ, профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды, кім айтса да теріс көрем. Бірақ, ақыл аларлық дәлел айтса, ол кім болсада бас ұрам” - дейді Шәкәрім.

Ендігі біздің пайымдайтынымыз Шәкәрімнің өз басы да, шығармашылығы да қазақ әдебиеті, философиясы тарихындағы терең, жіті зерделеуді керек ететін көрініс. Ақын өзінің өлеңдерінде ойланып, толғануы көп, уайым, қайғы басқан, жалғыздық жапасынан мол тартқан жан ретінде көрінеді. Мұның бәрі, сөз жоқ, заман қайшылығының белгісі. Рас, акынның бұл кезде қартайып, алдындағы сан алуан күрес, уайым, жапа, жалғыздық жылдарынан титықтап қалған шағы еді. Алпыстан асар шағындағы өлеңдерінде ақын көбіне өлім, өмір туралы, жастық кетіп, кәрілік басқаны жайында жазған, мына бір шумақтары дәлел.

“Туған жан өлмек,

Тағдырға көнбек,

Кімді алмайды бұл өлім”.

Ақынның тау арасында жеке, аскеттік өмір құруы да оның дүние дүбірлерінен аулақ болайын дегенін аңғартады. Ақынның елмен, қауыммен арасы суи береді. Өмір, тіршілікпен, халық тұрмысынан қолын үзеді. Осы кезеңі туралы ақын өзі:

Кейбіреу безді дейді елден мені.

Есалаң айтады емен сезіп нені.

Хақиқатты танитын баста ми жоқ,

Ондайлардың сау емес анық дені.

Мен жалғыз сендер елде қалдың қойып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып,

Елу бес жыл жинаған қазынамды,

Оңашада қорытам ойға салып, - дейді.

Бұған қарағанда ақын шынында да өмір алаңына бой алдырмай өзінің философиялық, ақындық ой-армандарын қорытқысы келген. Ағайын араздығы, ру таласы, ауыл ішіндегі партиягершілік сияқты жайлар да оның аулақ кетуіне себеп болған, өзіде солай дейді. Ақын қат-қабат, ой билеп, өмірдегі өзгерістерді бағдарлап байқау үшін және өзінің ынтық ісі - өлеңі үшін тыныштық іздеген. Жалғыздық күйде өзінен өзі кеңескісі келгендей.

Абайды көп толғантқан өсу, өнім, ағарту ісі, болашаққа қарау Шәкәрім поэзиясында түгелдей дерлік өріс табады. Адамның жеке басының жетілуі, ақыл мен парасатқа ұмтылу, адал болу кісі ақысын жемеу, халық қамын ойлау - ақынның жатпай-тұрмай тебірене ойлаған тақырыптары. Көпшілігі насихат, ғибрат түрінде болып келсе де, Абай салған шыншылдық, сыншылдық сарын анық көрініп, дамып отырады.

“Арыңды сатпа, теріңді сат”, адалды ізде егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ” деген жолдары ақын өлеңдерінен жиі ұшыратамыз. Еңбекке, оқу-білімге, өнерге шақырады, жалқаулықты, бейкүйездікті, надандықты сынайды, талапты бол дейді. Адамның қоғамдағы орнын ақын жоғары бағалайды, оған көп жүк артады, міндет қояды. Рас, дидактика, уағыз басым, бірақ адрессіз, атсыз емес, нақты ортаны, нақты адамдарды меңзеп айтқан. Мұндай ғибрат, уағыз сөздер Абайда да бар екенін білеміз. Бұл тектес өлеңдер негізінде, жалаң насихат емес, акынның коғам, адам жайындағы жинақталған ойын білдіретіні ақыл сөздер, фиолософиялық түйін толғаулар.

Адамның адалдығы, әділеттігі, қанағатшылдығы, ары жайында Шәкәрімнің ең мән берген философиялық категориясы ұждан - советь. Ол өзінің Үш анық атты философиялық шығармашылығында “Адам нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар. Бұл не? Істеп тұрған кім? Бұған жауап берушілер “адамшылық ары соны ұнайды” дейді. Меніңше бұл жауап сол ұжданның солай кылғанда ұнайды деген болып шығады” деп Шәкәрім ұждан деген не бұл қайдан шығады десек бұл сұрактарға жауап жок сияқты. Бірақ Шәкәрім дұрыс тұжырым жасайды. “Меніңше совесть - жанның тілегі. Неге десеңіз жан тіпті жоғалмайтын, бүзылмайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек кылады” - дейді.

Өз ойын Шәкәрім одан әрі жалғастыра түсіп, “Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть - ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады”- деп адам ар-ұжданның оның көзінің тірісінде де одан кейін де керек екендігін айтып, егер де тек бұл өмір үшін керек қылса ол тек мақтаныш үшін ғана болған болар еді, “тек атым қалсын, пәленше мені сондай кісі халық мені жаксы көрсін деген болады. Одан басқа жоруы жоқ” - деп өз ойын тұжырымдайды.

Адам жанның өміршеңдігіне сенген адам ғана ұжданға ие бола алады. Адам өлгеннен кейін өмір жоқ дейтін адамдарда ұждан бола алмайды деп, кейінгі өмірде ар-ұжданның тек адал, әділ адамдарға ғана тән қажет екендігін айтып өтеді.

Шәкірімнің ұждан ілімі туралы Қ.Бейсеновтың “Біріншіден, ұждан ұғымы діни, діни болғанда мұсылманшылық сарыны басым этикалық категория. Екіншіден, жан еш уақытта жоғалмайтын, қайта барған сайын жоғарылай беретін нәрсе болғандықтан белгілі бір түрткіге мұқтаж. Сол түрткінің міндетін ұждан атқаратын сияқты. Үшіншіден, ынсапты, әділетті, мейрімді бол деген уағыздардың жиынтық бейнесі іспетті ұждан о дүниеге де бұл дүниеге де қажет нәрсе. Демек, Шәкәрімнің ұждан туралы ілімі мұсылманшылық сарыны үстем этикалық концепция. Ол - адамды рухани тазалыққа, имандылыққа жетелейтін ілім - деп айткан пайымдаулары көңілге қонарлық.

“Мен, - дейді Шәкәрім, - жан да бар, жында бар, адамның өз жанының қуаты да бар деймін.

Дәлелім:

Шақырмаған жан келіп, кейде өзі пәленшенің жаны екеніне нанарлық сөз айтатыны.

Шақырылмаған кісіге бақсылық-дуаналық, фахризм, жындылық кез болатыны.

Ұйқыда кезу, лунатизм, магнетизммен біреудің еркін билеу, түсі дәл келу - бұл үш түрлісі үш бөлек қуаттың иесі болуға лайық. Оның бәрін бір-ақ қуаттап іздеу қате деймін”.

Бұл жерде Шәкәрім Еуропа ғалымдарының магнетизм, спиритизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс көру сияқты ойларымен пікір таластыра отырып, Шәкәрімнің ұждан туралы ілімінің қалыптасуына жоғарыда айтқан құбылыстардың дүниеде бар екендігі себеп болғанын байқаймыз.

“Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен?... Бір адам жанының өлген соң да жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылмен қабылдап нанса, және бір адам жан өлген соң біржола жоғалады деп таныса осы өлерде есі дұрыс болып деп өлерін біліп, өлсе, екеуі не жанынан өледі? Әрине жанның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып, бір жола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жаксылық қылғанына жете қуанса керек” -дейді Шәкәрім. Біздің екі дүниеде де ұжданның бар екендігін, қажет екендігін дәлелсіз сену керек. Сенген адам, о дүниеге қиналмай аттанады бұлар өмір бойы өзін рухани тазалықта ұстаған адам деген мұсылмандықтың жолын ұстаған Шәкәрімді пайымдаймыз.

“Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай кылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты” -деп өз ойын қорытады. Ұждан туралы өз пікірінің соңында Шәкәрім “жан екі өмірде де азығы - ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы“ - деп тұжырымдайды. Бұл такырыптардан Шәкәрім дүниетанымының озық ойлы жақтарымен қатар, діни-этикалық философиясын да байқаймыз. “Оның мұндай дүниетанымға бой ұру себебін біріншіден, жастайынан мұсылманша оқып, сауатын ашқандығынан, Шығыс ақындарынан тағлым алғандығынан, және өз ұстазы Абайдың “Жан қуаты” “Нұрлы ақыл” сияқты ұғымдар төңірегіндегі ой кешулерінің ықпалынан көреміз”.

Шәкәрім адамдардың бойындағы адамгершілік қадір-қасиет, еңбекшілдік, көп ізденіп, адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы тиіс деген қағидаларды ұсынады.

Шәкәрімнің философиялық зерттеулерімен қатар “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі” атты тарихи шығармасының да маңызы үлкен деп санаймыз. Бұл шығарма өз заманының талабына сай жазылған тарихи шежірелік шығарма. Бұл жөнінде белгілі ғалым О.А. Сегізбаев “Они были написаны им в соответствии с требованиями и духом своего времени. Несмотря на это, они не утратили своего значения в наши дни. И сейчас они надежно служат делу глубокого понимания и познания разных периодов истории казахского народа, особенностей его быта в далеком, прошлом, состояния его экономики, политической жизни и культуры. В этом плане особое значение имеет его глубокая и богатая по содержанию работа под названием “Шежіре”, или “Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий- деп Шәкәрімнің бұл тарихи шығармасына үлкен жоғары баға береді.

Бұл шығарма философиялық еңбек болмаса да, қазақ халқының этногенезін философиялық тарихи тұрғыдан тұжырым жасауында үлкен мән бар. Ол бұл еңбегінде қазақ коғамының шығуын, қалыптасуын тарихи деректермен дәлелдейді. Сөйтіп тарих философиясы жағынан да өзінің кең білімдарлығын көрсетеді.

“Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ прозасы дамуында да едәуір үлес қосты. Қазақ әдебиетінде бұрын поэзия, эпос, дастан, поэма, өлең басым болса, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дамығаны аян”. Бұл прозалық шығармалары негізінен ғылыми, философиялық, ғақлиялар, шешендік сөздер тұрғысында болып келеді. Бұл тарихи философиялық шығармаларға жоғарыда айтқан шежіренама, “Бәйшешек бақшасы”, Қайғылы роман”, “Мәнгі сөздер” афористік топтама, “Шын бақыттың айнасы “Мен жетпіс екі жасқа келгенше” т.б.

Қазақ халқын бақытқа жеткізетін ғылым білім ғана деп, қоғамындағы кемшіліктерді қазақ халқының басындағы ауыр халді ең алдымен осы Еуропа өнер-ғылымнан кенде қалу нәтижесі деп есептейді. “Жер жүзі жабылғанда білім жаққа, қазақ жүр құмарланып құр атаққа...” Осының нәтижесінде алға озу қайда, күн өткен сайын кері кетіп, елдіктен, кісіліктен айрылып барады”. Қайран елім, қазағым қалың жүртым!... - дейді ақын ағаға үн қосқан парасатты іні”. Бұл Шәкәрімнің жүрек жаңғырығы еді.

Шәкәрімнің өлеңдерінде “Халқым, қазағым, туған ел жұртым” деген ұғым жиі ұшырайды. Және оны ақын алуан түрлі тақырыптарды қозғай отырып, өлеңнің негізгі кілті, мазмұны есебінде ұсынады. Қай шығармасын алсақ та, шаруасы жағынан артта қалған, оқу, өнерден, озат мәдениеттен тыс қалған халықтың ахуалын, тағдырын көреміз.

Абай поэзиясының таңбаларын Шәкәрімнің табиғат, өмір жайлы лирикаларынан да байқаймыз. Бұрынғы бар ой, идеяларды толықтыра, өзіндік мәнермен жырлай отырып, ақын соны пікірлер айтады. Философиялық ой-қиялға берілуі, өмірдің жеке фактілерін ала отырып түйіндер жасау оның философиялық лирикаларының деніне тән.

Бір ағын су, дүние қу,

Түстік онда шөп болып.

Сандаламыз, күнде ағамыз,

Бейнетіміз көп болып -

деп, өмір, дүние тақырыбын осылай түсіндіргісі келеді.

Ақын көп өлендерінде өмірге материалистік көзқарасын байқатады. Ол пікірін дәлелді суреттемелермен бейнелі ой-жорамалдармен бекітеді. Әсіресе, ғылыми жаңалықтарды көп насихаттайды, өзі соның жұмбағын шешкісі келеді.

Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,

Сегіз минут ширекте жерге барып.

Әншейін құр жарқырап тұрып алып,

Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып,

Барша әлем тапжылмай тұрып қаралса

Бола ма уақыт деген өлшеу салып?

Мақсат па, тәртіп керексіз тозаңы жоқ,

Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?

деген үзінділерден диалектиканың біраз заңдарын көруге болады: жылылық (закон сохранения, энергия), қозғалыс (движение), уақыт, әлем, (время и пространство), тозаң (атом), бөліну (деление атома), жан, мән (сущность), қуат (Энергия), түрден түрге бөліну (изменения видов, состояний) және басқа категорияларға байланысты өзінің түсінігін білдіреді және сонысы дұрыс та. Жаратылыс механикасын ғылыми жолмен ұққан адам өміріне байланысты қорытындылары да сол тұрғыдан тамамдайды.

Құс, балық, шаян, көп алуан,

Айуаннан өсіп болдық адам

Кейіміз есті, кейіміз надан,

Жаралыс салған сондай мән.

Жанымыз күннен келген нұрдан,

Тәніміз топырақ пенен судан

Күн атам, анық жер-анам,

Бірі нұр берік, бірі тамақ,

Бұзады бірақ қайтадан

Ер жетем, толам, қайта солам,

Әрі анам – бұл жер, әлі молам,

Денемді жұтпай тынбаған

– деп адамның дүниедегі орнын, тіршілік күйін ақын өте дұрыс түсініп суреттейді. Айуаннан дегені маймылды меңзегені болуы керек. Бәрі “жаралыс” (жаратылыс) заңына байланысты өтіп жатады дегені де ақылға қонады. Ал, адамдардың кейі есті, кейі надан болуы да осы әуелгі “жаратылыстан” деуі ақындық бейне, түйін жағынан алғанда өте жарасымды езу тартқызатын юмор (әзіл).

Адамның жақсы, жаман болуы ортаға, қоғамға, мақсат, идеалға байланысты екенін ақын білмейді емес, бірақ бұл детальдар социологияның жұмысы, әңгіме бүкіл әлем жайында болып отырғанда ақын о жағын божайлап, жата ма. Жерді “әрі анам, әрі - молам” - деп тауып айтқан.

Ғалым жаратылыс, философия такырыбынан табиғат (жер, ай мен күн, жан-жануар, өсімдік) лирикасына ауысқанда да Шәкәрім ғылымдық негізден аулақ кетпейді, белгілі құбылыстың заңды ерекшеліктеріне мән беріп отырады. Абай сияқты табиғат көріністерін, жыл мезгілдерін адамға немесе оның кылығына ұқсатып жырлау ақынға тән. Жердің сан алуан өсімдіктер мен жан-жануарға толы қалпын: “жөн беріп жарық жылы нұрдан, күн атам жерді буаз қылған” - деген кейіптеумен айтады. “Әбден толып жарық ай” атты өлеңінде Шәкәрім ай мен күнді сүйікті жарға бәсекелескен адам есебінде алып үлкен поэзиялық сурет жасайды.

Көркем шығармаларында, негізінде, дұрыс поэзиядағы ақын, философиялық ой топшалауларында, көбіне түртінектеу караңғыда қарманғандай тұстары жиі. Сөйтседағы оған кертартпа, реакционер деген атақ тағудың орны жоқ. Қ.Бейсенбиев “XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы кезіндегі идеялық-саяси ағымдар” деген еңбегінде “Шәкәрім қазақтың коғамдык ойының діни мистикалык, идеалистік бағытының ең көрнекті өкілі” дейді, зерттеуші көбіне ақынның дінге нанымының ол туралы еңбектерін мысалға алып, “мракобес”, “мистик” деген тұжырымға дейін барады. Бұл тым асыра айтушылық бұл пікірге келісуге болмайды.

Рас, Шәкәрімнің дінге нанымы күшті болған. Дүниедегі кемшіліктің көбі діннің бұзылуынан деп ұққан. Бірақ бұл тарапта белсенді үгіт-насихат жүргізбеген, ол ешқашан дінге берілген фанатик, өмір қуаныш-рахатынан аулақ болуды уағыздаған тақуа, бәрін жоққа шығаратын нигилист, торығатын скептик, көзкарасы мен өмір бағытында реакционер болған емес. Оның көптеген шығармаларының мазмұны айкындағандай, дүниеге көзкарасында Шәкәрім көбіне реакционизмге, деизмге бейімі. Ол өз дәуірін нәзік сезінген, коғамдык санада тынымсыз ізденісте болып, рухани өмірге құлшына араласып, төл философиямызға елеулі із қалдырған Шоқан, Ыбырай сияқты ірі тұлғалардың орнықтырған дәстүрі мен рухани мұраларын, философиялық ойларын әрі қарай өнімді жалғастырушы ірі ақын, философ, әрі өз заманының, қазақ халкының адал перзенті, қазақ кәсіби философиясының негізін қалаушы.

Сонымен тұжырымдап айтарымыз, Шәкәрімнің философиялық, әлеуметтік, этикалык, эстетикалық ойлары XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы осы бір күрделі кезеңнің барлық күшті және нашар жақтарын бейнелеген көрсеткішті және сол кездегі мәдениеттің жалпы дүниежүзілік мәдениеттің синтезі болып табылады.

Шәкәрім шын мәніндедегі өзінің ұстазы Абайдың дүниеге деген көзқарастарын, ойларын, жалпы дүниетанымын алға апарушы болды. Шәкәрім көп мәселелер тұсында теология мен мистика шеңберінен шыға алмағанымен өміршең философиялық ойды ағартушылық бағытты ары қарай дамытқан нағыз қазақ ойшылы болды.

Шәкәрімнің ойлары, ілімі сол кездегі кең таралған діни догмаға карсы күресте үлкен соққы болып тиді.

Шәкәрім өмір бойы ақылдың туын жоғары көтеріп өтті. Рационалды әдісті (адамның танымдық қасиеттеріне негізделген) жақтады. Ғылыми ойды діннің әсерінен босатуға, қорғауға, философиялық мәселелерді теологиядан бөліп алуға, философия мен жаратылыстану арасында тығыз байланыс орнатуға тырысты. Ол бүкіл адамзат қауымы жете алатын бақытқа барар жол мен тәсілдерін іздестірді.

Олай болса, Шәкәрім шығармашылығы әсіресе этикалық, эстетикалық, философиялық ойлары Қазақстандағы қоғамдық, кәсіби философиялық ойдың дамуына оның қалыптасуына зор үлес қосты деп айта аламыз.

Шоқан, Ыбырай, Абай қазақ ағартушылығы ойының классикалық үлгісін жасаған болса олардың ізбасарлары ретінде Шәкәрім, Абай салған жол арқылы әлемдік философия Еуропа мәдениеті нәрінен сусындап қазақ философиясын өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен таза кәсіби философия дәрежесіне көтере білді.

Қазақ кәсіби философиясын одан әрі дамыту, оны Шәкәрім салған көпір арқылы жүріп өтіп, ол жасаған баспалдақтар арқылы жоғары көтеріліп, дами бермек. Сол Шәкәрім қалыптастырған төл кәсіпқой философия дәстүрі Шәкәрімнен кейін де жалғаса түсіп өз үндестігін тауып отыр. Оның ізбасарлары, яғни Қазақстан философтарының биік кәсіби ғылыми дәрежедегі жоғарыдан көрініп, ұлттық философиямыздың дәстүрлі ерекшелігін сактай отырып әрі қарай дамуына үлкен зерделі ізденістер жасау әрекетінде. Бұл бастама өз қолдауын табады деген ойдамыз. Себебі, төл тілімізде ұлттық философия тұғырын биік көтеру, ғылыми философиялық тілімізді қалыптастыру, адамзат құндылықтар мәдениеті қатарына қосу, оны мақұлдату иісі қазақ жұрты философ ғалымдарының аңсары мен арманы, ар-ұжданы, қасиетті қарызы мен парызы әрі намысы емес пе ?

Ал енді Шәкәрімнен кейінгі қазақ философиясын дамытуда үлкен өзіндік орны бар қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай сынды ақын-ойшылдарымыздың философиялық мұраларын, дүниетанымын айқын саяси ұлттық бағыт алған әлеуметтік ізгі ойларын бүгінгі ғылыми зерттеу нысанасына айналдыру кәсіби философ ғалымдарымыздың алдында тұрған келелі де жауапты міндеттерінің бірі деп түсінеміз.


Әдебиеттер:


  1. Құдайберді ұлы Шәкәрім “Үш анық” А., 1991., 7-б.

  2. Сегизбаев О.А. “Казахская философия XV- начало XX века”. Алматы, “Ғылым” 1996 г. с. 374-375.

  3. Бейсенов Қ.Ш. “Философия тарихы” Алматы, “Ғылым” 1992. 326-б. қатарына көтере білді.

  4. Шәкәрім “Жазушы” 1988 ж. 18 б.

  5. Әуезов М.О. “Абай Құнанбаев”. Мақалалар мен зерттеулер. Қазақ ССР-нің “Ғылым” баспасы, 1967. 244-б.

  6. Абай Құнанбаев шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы, 1961. 468-б.

  7. Бейсенов Қ. Философия тарихыА. 1992.331 б.

  8. Сегізбаев О.А. Казахская философия XV-начала XX века А 1996.С 38.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет