ӘОЖ 82-93:087.5.88
ШӘКӘРІМ МҰРАСЫ – ҰРПАҚТАР МҰРАТЫ
Өтеш Ж.Ә., Рахимкулова Д.Т.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы әдеби, рухани дамуда, прогресшіл ой-пікірлердің қалыптасуында, қазақ мәдениеті мен философиясының тарихында зор үлес қосқан ұлы ойшыл, философ – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Біздің бұлай есептеуімізге басты себеп – ақын шығармаларындағы терең философиялық ой толғаулары.
Шәкәрім! Абайдың ерекше туған інісінің аты Шәкәрім еді. Бұдан елу жыл, сексен жыл бұрынғы қазақ поэзиясында Абайдан соңғы ең танымал есім. Абайдан соңғы ең көрнекті тұлға. Өзі өлсе де аты өшпеген, шығармалары сақталса да, жұрт алдына жарқырап шықпаған, өлең-жырлары, дастан-хикаялары ел аузында жүрсе де, әдебиет тарихына енбеген, баспасөзде мүлде атаусыз қалған, атауға тыйым салынған қайраткер ақынның бірі. Осыған керісінше ел ішіндегі даңқы өсе түскен. Күні кеше ғана өтсе де, көзін көрген талай адам әлі күнге ауыл арасында жүрсе де, өмірі ертегіге, ісі аңызға айнала бастаған адам. Ал шығармалары сансыз қолжазба, сауатты, сауатсыз көшірмелер арқылы бүкіл қазақ даласына тарапты. Ақсақалдар бас қосқан жиынды жерде, ағайындар мейман күткен отырыста дастандары жырланыпты. Сөйтіп, есімі көмескі-ленгенімен, еңбегі күңгірт тартпаған ақын туған елінің рухани өмірінен сырт қалмапты [1. 5-6 б.].
1911 жылы ақынның атақты шежіресімен бірге Орынборда «Мұсылмандық шарты» атты кітабы да жарық көрді. Бұл еңбегінің жазылу себебін Шәкәрім: «Оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан естіп білген шығарсыздар. Олай болса біздің қазақ халқының өз тілімен жазған кітап жоқ болған соң, араб, парсы кітабын білмек түгіл ноғай тілімен жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман-ғибадат турасын шамам келгенше қазақ тілімен жазайын деп ойландым. Бұл кітап әр қазаққа оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп үміт еттім» деп түсіндіреді [2].
Шәкәрім 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырайды. Нақтырақ айтқанда, ол НКВД бастығы Қарасартовтың қолынан отсыз-сотсыз қаза тапты. Солай ол ешбір іздеусіз отыз жыл бойы Шыңғыстау бөктерінде бір құдықта жатты [3].
Бүгін әдебиет дамыды, мәдениет жаңғырды, жаңа ұрпақ өсіп жетті. Соңғы ширек ғасырда Шәкәрім еңбегі тек ортаңғы, ілгері буындағы санаулы адамдардың ғана жадында тұрған еді. Қалың қауымға мүлде бейтаныс қалды және уақыт озған сайын ұмытылып бара жатты. Ақыры «ештен кеш жақсы» дегендей, Шәкәрім есімін қаймықпай айтатын күнге жеттік. Ақын өлеңдерінің біразы революциядан бұрын шағын жинақтар түрінде басылған. Кезінде кеңінен тараса да, Москва, Ленинград, Алматының орталық кітапханаларында бірер даналап қана сақталған, ал көпшілігі қолжазба күйінде қалған мол мұрасын жарыққа шығаруға жағдай туды. Қазақ әдебиетінің өткен тарихындағы, баспасөзде, ауызекі сөзде айтылғандай «ақтаңдақ» емес, ызбарлана үңірейген қара қуыстардың бірін тығындауға мүмкіндік туды. Кәміл танымақ, түбегейлі зерттемек – болашақ үлесі.
Шәкәрім ықшамдаған мұсылмандылық ілім қағидаларында екі нәрсе қатал сақталған:
Қазақы салт-дәстүр мен исламдық нормалардың арасындағы үйлесімділік;
2. Жалпыазаматтық мораль құндылықтарының әмбебаптылығы.
Мысалы, адам еркіндігін алайық. Исламның фундаменталистік түсініктері бәрі алдын ала тағдырға жазылған деп келеді. Ал адам еркіндігіне шек қойылмауы тиіс. Шәкәрім еркіндікті жақсылық пен жамандықтың арасындағы таңдау деп қарастырады. Осы адамның мәнін философиялық сипатта пайымдауы шын мәніндегі кәсіби философтың тұрғысындағы қарастыру болып табылады.
Қабағынан қар жауған Бетіме жылы тиеді
Қараңғы бұлт жоғалды, Күнгейдегі күн шуақ,
Қасқара алмай бет ауған Жан жылыны сүйеді,
Қаһарлы жел де оңалды, Жанға рақат осы уақ.
Көшейін деп қыбырлап, Өлі жердің сүйегін
Ел қыстаудан қозғалды – Тірілтті жайнап жапырақ -
Жаралы жүрек жыбырлап, Жаралы менің жүрегім,
Жазылмай жалғыз сол қалды. Жайнай алмас сол бірақ...
Бұл өлеңде ақынның қасіретті жаны, кеніш көңілі, трагедиялық тағдыры айқын таңбаланған. Сонымен қатар өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Бір пендеге ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сырлы мұң бар. Бір қаламгерге емес, күллі ойшылға тән қамырық-қайғы бар. Бұл Шәкәрімнің өлең өресін, өнер биігін айқындайтын көрсеткіш. Және біздің туған тілімізде, ұлттық әдебиетімізде Абайдан соң ғана мүмкін болған жетістік.
Осы тұңғиық та тұнық, сырлы да сазды өлең жолдарының авторы, шынында да, ұлы Абайдың туған бауыры болатын. Ата-тек жағынан алғанда да, үлгі-өнеге жөнінен, мұрат-мақсат тұрғысынан қарағанда да.
Шәкәрім ислами тәрбиені жетік меңгерген. Ол өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде ислам жайлы кітаптар аз, әрі оның өзі араб тілінде болғандықтан, халыққа аз да болса пайдам тисін деп, өз білгенін парақ беттеріне түсіргендігін айтып еді.
Шәкәрімнің қазақ рухани өміріндегі жаңаша болмысы оның дінге көзқарасынан айқын танылады. Әлбетте, Шәкәрім - өз заманының перзенті. Ұғым, наным, түсінік шектеулі шеңберде.
Алайда ақын бас ұрған ақиқат ождан, шын иман, - « адаспайтын айқын жол» - адамдық, кісілік.
«Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса,
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса».
Дүние қуып, пайда іздеген, алдау-арбаумен күн өткізген молда, «мешітте мың жыл отырса» да, бейіштің есігінен сығалай алмақ емес. Ақын ұғымында бар кінә иманын малға айырбастаған молдада ғана жатқан жоқ. Бұл күнде Алланың аяты да, Пайғамбардың хадисі де бұзылған. Бұзған бірлі-екілі адам емес, бүкіл қауым. Дін бұзған, ізгі уағыз, қасиетті кітап жолынан ауған жалғыз Мұхаммед үмбеті ғана емес. «Таурат» теріс түсіндіріледі, Зәрдөштің өсиеті ұмытылған, Будданың ілімі жаңсақ ұғылып, Айсаның айтқандары бұрмаланған.
Бұл күнде дұрыс иман жоқ,
Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ,
Ақылы саудың ойына
Алдамшы діндер сыйған жоқ.
Сонда қандай жолды таңдауымыз керек? Ақиқат жолы! - дейді ақын. Міне, Шәкәрімнің дүниетанымы осындай. Бұл – бәріміз құмарланып, бәріміз мұрат тұтатын шын асыл жар, айнымас серік, адастырмас жолбасшы дейді ол. Ал ақиқатқа жетудің амалы - осы заманғы оқу өнерді игеру. Жоқтың орнын толтыратын, жеке адамды ғана емес, тұтас халықтарды бақытқа бөлейтін – ғылым-білім ғана. Шәкәрім қазақ қоғамындағы кемшіліктерді, қазақ халқының басындағы ауыр халді, ең алдымен осы Европа өнер-ғылымынан кенде қалу нәтижесі деп есептейді «Жер жүзі жабылғанда білім жаққа, - Қазақ жүр құмарланып құр атаққа...» Осының нәтижесінде алға озу қайда, күн өткен сайын кері кетіп, елдіктен, кісіліктен айырылып барады. «Қайран елім, қазағым, қалың жұртым!...» - дейді ақын ағаға үн қосқан парасатты іні [2].
Шәкәрім ойлары діни кеңістікте өріс алғанымен, оның діншілдерден айырмашылығы – рационализмінде. Жан туралы таза діни түсінікте болғанымен, ол былай дейді:
Ақылдың көзін байлама,
Білгіш деп басшы сайлама.
Оқуым, дінім, наным деп,
Әдетке қарай айдама,
Ақылға сынат әр істі.
Шәкәрім ақылды бәрінен биік санаған. Шәкәрімнің басты ерекшелігі – жалпы жаралыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемнің сипатын жасауында деп білеміз. Ойшыл дүниедегі адамның орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады. Қысқасы, адам туралы ілімнің негізіне Шәкәрім белгілі онтологияны қояды. Ақын шығармашылығына ден қойсақ, оның дамудың көзі қозғалыста екендігін, яки материя құбылыстарына тән қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресінде екендігін түсінгендігіне көз жеткіземіз. Бірақ, Шәкәрім өлеңдерінің негізгі ерекшелігі бұл күресте антогонизм жоқ, жалпы үйлесім, гармония, келісім сипатында жүреді, сондықтан да Шәкәрімше: «Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз, білдім деген білмедім дегенге есеп». Бұл ойын былайша жеткізеді:
…Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгеріп түрленеді ойла шырақ…
…Көктен жаңбыр жауады, жерде бұлақ,
Қанша ақса да, оларда бар таусылмау…
Одан әрі қарай:
Жан деген не?
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Жаның мен деп келе ме?
Табиғат құбылады, жаңбыр жауады, тау басын мұз шалады, көктемде еріп сай-сай, жылға-жылғадан бұлақтар сылдырлай ағады, бұлақтар жиналып, өзенге, өзендер жиналып, теңіз, мұхиттарға құяды. Ондағы су буланып, конденсация құбылысы негізінде қайтадан жауын-шашын, қар болып жерге, тауға түседі. Мұның бәрі – қозғалыс. Дүниедегі құбылыстардың қай-қайсысы да шексіз. Мәңгілік, тіпті бүкіл дамудың кілті болып табылатын қозғалыстың өзі уақыт пен кеңістік аясында болмақ. Бұл жерде Шәкәрім: «Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, болама уақыт деген өлшеу салып», – дейді. Материяның немесе табиғаттың қозғалысы жоқ жерде уақыт, кеңістік ұғымы болмақ емес. Адамның өмірі де солай. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды, өзгереді, дамиды, өледі. Уақыт алға жылжыған сайын жас келіп адам қартаяды, орнына жаңа ұрпақ дүниеге келеді. Осыдан барып ғұлама, дүние құбылыстарының шексіздігі, қозғалыстың қайталанбайтындығы жайында философиялық тұжырымын негіздейді [4].
«Тұрақсыз шыр айналған дүние», «Дүние қу, бір ағын су», «Кетті-келді, толды, семді, өзгеленді бұл ғалам. Туды-өлді, жанды-сөнді, өршіп өнді қайтадан» - деген шумақтарында оның дүниедегі бүкіл жаратылыстың соңы бар, тұрақсыз, уақытша, оның ішінде адамның да бұл дүниеде туылып, өсіп, қартайып, соңында өлетінін аңғаруға болады.
Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы - өмір, жоқтық қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтық арасында,
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық, жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Шәкәрім өлеңдерінде адамгершілік, имандылық, саналылық, адалдық, әділдік, бірлік-береке, еңбек, өнер-ғылым, өмір шындығы жырланды. Оқу, өнер, ғылым, білім адам баласының басты мұраты екендігін жастарға насихат етті.
Адамгершілік – ақынның биік ұстаған басты нысанасы. Ол ар тазалығын қашан да бірінші орынға қояды.
Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбектің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, оларды ізде,
Ғибадат пен адамдық ар үшін жи, -
деп, адам болу үшін арыңды таза ұстап, адал еңбек етіп ерінбеуді қажет деп санайды.
Сонымен бірге Шәкәрім қоғамдық өмірге, айналасында болып жатқан өзгертулер мен жаңғыруларға да үн қосып отырған. Ақынның азаматтық үні, әсіресе Қазан төңкерісі кезінде асқақ естілді. Жақсылық пен үміт күткен жарқын болашақты аңсап ағынан жарыла қуанған ол жаңа заманның келгенін «Бостандық туы жарқырап» өлеңдерінде жеткізе білді. Шәкәрімнің қай өлеңін алсақ та, оның аса сезімтал, лирик ақын екеніне көз жеткіземіз. Өнер адамы, ақын-жазушының шығармашылығындағы биік мұрат пен асыл сезім оның махаббат, сүйіспеншілік, достық тақырыбы жазғандарынан көрінеді.
Романтикалық, асқақ шумақтардан ақындардың өз күшіне кәміл сенгенін көреміз.
Ақынның сөзі ащы шындықтың айнасы болған.
Шәкәрімнің өлеңдер жинағы өзінің сезіміндегі лирикаларымен, қазақ поэзиясындағы жаңа өрнегімен көзге түседі.
Шәкәрім поэзиясында адам құқығы мен бостандығы, ұлттық пен жалпыадамзаттық құндылықтар, поэзия мен философияның арақатынасы, ой еркіндігі, адам болмысы мен имандылығы, әлеуметтік таным мәселелері, Шәкәрімнің ойлау мәдениеті және дүниетанымы қазіргі күні жаһандану тұрғысынан жүйелі және тереңірек философиялық-дүниетанымдық зерттеуді қажет етіп отыр.
Қазіргі таңда Шәкәрімге, оның өмірі мен шығармашылығына көп назар аударылып отыр. Өшкеніміз жанып, еліміз тәуелсіздік алып жатқан тұста Шәкәрім өз елімен қайта сағына қауышты. Ойымызды Т. Молдағалиевтың мына бір өлең шумағымен қорытамыз:
Халқым енді көз жазба сүйікті ұлдан,
Төрімізде тұрады биік тұлғаң.
Жақынырақ келші аға көкірегіңді –
Көкірегіме басайын күйіп тұрған.
Ұлы Абай ақын жырлағандай:
«Өлді деуге сыя ма, ойландаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
Шәкәрім ешқашан өлмейді, өшпейді. Ол халқымен мәңгі жасай бермек! Шәкәрім өлеңдерін насихаттау – бүгінгі ұрпақ парызы. Талантты да өнерпаз жастарға Шәкәрімнің отты өлеңдері әсер етпеуі мүмкін емес. Ендеше, Шәкәрім жырларын аялайық, қастерлейік. Себебі ол махаббат пен адамдық қасиеттердің мәңгілік символы.
Әдебиет
Ғарифолла Есім «Данышпан Шәкәрім» Алматы, Атамұра, 2008 жыл 25-174 бб.
М.Мағауин «Шәкәрім» Алматы, Жалын, 1988 жыл 5-24 бб.
Шәкәрім «Иманым» Алматы, Арыс, 2000 жыл 24б.
Шәкәрім шығармалары Алматы, Жазушы, 1988 жыл 34 б.
Шаһкарим Хұдайбердіоғлы Айқап, 1912 жыл №5, 96 б.
А.Омаров «Шәкәрімнің өмірбаяны»
Ш. Құдайбердиев Кереку-Баян кітапханасы, Рухнама, 7 кітап, Павлодар, 2003. 198-233 б.
Н.Ерназар «Ұлы тұлғалар Ислам жөнінде» Алматы, Шапағат-Нұр 2002 жыл
Ш.Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» Алматы, Қазақстан, 1993 жыл
А.Шаһкәрімұлы «Менің әкем халық ұлы – Шаһкарім», Абай газеті, 2008 жыл №11
Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. А., 1991.
Айтбаева А. «Жаралыс басы қозғалыс», Ақиқат, 1995жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |